Басты бет Сарапшылардың пікірі Тарих мылтықсыз майданның құралы ма?

Тарих мылтықсыз майданның құралы ма?

Тәуелсіз ұлттық мем­ле­кеттілік нығайған сайын ұлттық құн­дылықтарға деген көзқарас міндетті түрде өзгеріп тұрады. Тарих ұлттық сананы қалып­тастыратын ең басты сала. Қазіргі жағдайда ұлттық тарихты қайта қарастыруымыз керек деген қағида оны қайта жазуды талап етпейді. Ұлттық тарихты қайта-қайта көшіріп жазғаннан ол ұлттық болудан қалмайды.

Отто фон Бисмарк деген қоғам қайраткерінен «Седан түбіндегі шайқаста немістер қалай жеңіске жетті?» деп сұрақ қойғанда, ол: «Жеңіске жеткен әскер емес, әскерді жеңіске жеткізген қарапайым мектеп тарихшысы» деп жауап берген көрінеді. 1970-80 жылдарда Ілияс Есенберлиннің тарихи шығармалары қоғамдық санаға үлкен қозғау салды. Ол туындылар осыған дейін ескерілмей келген тарихымыздың алтын көмбесін ашып берді. Бүгінде қазақтың ұлттық тарихына көз аларта қарайтындар жеткілікті. Олар тіпті қажет болса, ұлттық та­рихымызды қалай жазуды үйретпекші! Ресейлік Аджар Куртов деген саясаткер «Ала­қаннан қалдықтарды жалап үйренгендер енді сол қолды тіс­тегісі келеді» депті. Сондағы айтпағы «аяқастынан тәуелсіз мемлекетпіз дейсіңдер, ал сен­дерде тарих жоқ». Ал Хидаятов деген «Қазақстан  тарих­шы­ла­рының барлығы жалған айтады, тарихта болмаған оқиғаларды ойлап шығаруда. Мәселен, Астана қаласында Керей мен Жәнібек хандарға ескерткіш орнатылып, оларды қазақ ұлты мемлекетінің негізін қалаушы ретінде дәріп­тейді, шын мәнісінде олай болған жоқ» дейді.  Бұл –  Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин айтқандай, идеологиялық тұрғыда мылтықсыз майданның жүріп жатқанын көрсетеді. Сол майданда  ұлт тарихының орны басым болып тұр.  Идеология саласындағы мылтықсыз майдан тек бізде ғана емес, ТМД елдерінде жүріп жатыр. ТМД тарихшыларын ұлт тарихын қайта зерделеуге кірісті. Тек өткен жылы ғана өзбектер 12 томдық ұлт тарихын, қырғыз ағайындар 6 томдық қырғыз тарихын  жарыққа шығарды. Көп томдықтың жа­рия­­лануына қаржылық демеушілік көрсеткен қырғыз  жоғары  ке­ң­е­с­інің депутаты Алтынбек Сүлейменов  алдағы екі -үш жыл­дың көлемінде тағы да бес том­дықтың жарияланатынын айтқан.  Қырғыз тарихшысы, саясат­та­нушысы Зайнидиин Құрманов алғашқы бестомдықты дайындау кезінде Ресей, Венгрия, Қытай тарихшыларының еңбегі пай­даланғаны туралы бізге былай деді:  – Қырғыз  тарихы – әлем тарихының құрамдас бір бөлігі. Сондықтан бізге жолымыз көбірек түйіскен елдердің тарих­шыла­рының еңбегін пайдалануға тура келді. Бірақ тарих қоржынына келіп түскен деректердің бәрі сараптамадан өтіп, мүддемізге сай келетіндерін ғана пайдаландық,  – дейді қырғыз саясаттанушысы. Жергілікті ұлт мүддесін бірінші кезекке қою тек қырғыз ағайындар ғана емес, орыстар үшін де күн тәртібінде тұрған № 1 мәселе екен.  Себебі солтүстіктегі көрші­леріміз де тарихын қайта зер­делеуді қолға алғанына жылдан асып қалды. 2014-2016 жыл ара­лығында бас-аяғы  25 томнан тұратын Ресей тарихы жарық көрмек.  Қазір орыс ғалымдары бай тарихын сүзгіден өткізіп, қажет деп тапқандарына ғана кәдеге жарататындарын ашық айтып отыр.  Ресей ғылым ака­де­миясындағы тарих мәселесіне арналған басқосуда белгілі та­рихшы Антолий Королев  орыс тарихы Ресей мүддесімен жазы­латынын және өзге елдердің тарихшыларының көмегіне аса мұқтаж емес екенін былайша түйіндейді.  «Мен ресей тарихын өзге ұлттардың қолына сеніп тапсыра алмаймын!»    Демек, ресейліктер Ресейдің бай тарихына орыс мүддесі және «орыс көзімен» қайта зерделеп шығуға тас-түйін болып дайын отыр. Бізде ше? «Қазақ тарихын қазақ мүддесі, қазақ көзімен қарап шығуға дайынбыз ба?» деген сұраққа біздің қоғам толыққанды жауап берген жоқ.  Ел ішінде екіұдай пікір бар. Алғашқысы – «қазақ тарихы әлем тарихының құрамдас бөлігі. Сондықтан біз жан-жақтағы көршілеріміздің де пікірін ескеруіміз қажет» десе, екінші пікір «қазақ тарихы қазақ елі мүддесімен жазылуы керек. Сондықтан онда екінші тарапқа орын жоқ» деген пікірді алға тартады. Біз осы ретте қазақстандық саясаттанушы, тарихшыларды  әңгімеге тарттық.   Саттар МӘЖИТОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Жараты­лыстану ғылымдары ака­де­миясының академигі, Халық­аралық ақпа­рат­тандыру ака­демиясының ака­демигі: –  Тарих ғылым ба, әлде сая­саттанушылардың қолындағы құрал ма?  – Тәуелсіз ұлттық мем­ле­кеттілік нығайған сайын ұлттық құн­дылықтарға деген көзқарас міндетті түрде өзгеріп тұрады. Тарих ұлттық сананы қалып­тастыратын ең басты сала. Қазіргі жағдайда ұлттық тарихты қайта қарастыруымыз керек деген қағида оны қайта жазуды талап етпейді. Ұлттық тарихты қайта-қайта көшіріп жазғаннан ол ұлттық болудан қалмайды. Мәселе бүгінгі таңда жаңа бір белестерге, сатыларға көтерілуде. Әлі де өз орнын ала алмай келе жатқан оқиғаларға мән беріп, олардың тарихи бағасын анықтау қажет. Тарихты ақтара салып бір күнде қайта жазып шыққан оңай. Бірақ оның арты қандай болмақ? Топтап кітап шығару бір мәселе. «Ал оның сапасы, ғылыми құн­дылығы, болашақ ұрпақтарға пайдасы қандай?»  деген мәселе бүгін де, ертең де өзекті. – Ұлт тарихын қайта зер­де­леген кезде өзіміздің тарихшылар ғана жазуы қажет пе, әлде өзге көрші елдердің тарихшыларын да қатыстырған дұрыс па?– «Ұлттық тарих» дегеніміз кең ұғым. Ол бір ғана біздің ұлтпен шектелмейді. Жер бетінде өмір сүріп жатқан соң біздің ұлттық тарихымыз басқа да көршілес, алыста жатқан елдер­мен ұштасып жатқанын естен шығармаған жөн. Тарих – адамзатқа ортақ дүние. Кейде тарихымыздың ақсап жататыны сол басқалардың көзқарастарын мақұлдап немесе жоққа шы­ғаруымыздан туындайды. Әрине, есі бар нағыз маманмын дейтін тарихшы басқа ұлттың тарихын жазуға оңайлықпен кірісе кетпейді. Әлемдік тәжірибеде ондай тарихшы-мамандар көп  емес. Ең алдымен басқа біздің елдің тілін, менталитетін, салт-дәстүрін білу қажет. Керек болса,  елімізде біраз уақыт бойы тұрып, жергілікті деректер мен құ­жат­тарды талдап еліміздің тарихын жазуға кіріскені жөн. Ұлттық тарихты жазуда өзіміздің яки шетелдердің авторлары бол­ған­дағының бастысы –  «Бояушы бояушымын деп сақалын бояпты» дегенге жол бермеу қажет. Бөліп алып «Мынау менікі, не істегім келсе, соны істеймін» немесе «Менікі жөн, сен тыңда» дегеннен ешкім еш нәрсе ұтпайды.– Ресейде немесе Қытайда қазақ тарихын зерттеп жүрген тарихшылардың еңбегі біздің тарихтан орын алуы қажет пе? – Көршілес елдердің зерт­теушілері тәжірибесі мен ақ­параттық қабілеті жетісіп тұрса,  қатысқандары дұрыс. Тарих ең алдымен ғылым екенін ұмытпаған жөн. Кәсіби тарихи еңбек де­ректер негізінде жазылады. Оларды іздеп табу, анықтап са­раптау тек қана маман­дан­ды­рылған тарихшының қолынан келеді. Әуесқойлық тарихты бұрмалауға ұшыратады. Сол себептен тарихтың беттері аңызға айналып, дүмше тарихшылдық етек жаяды. Ал мұның басқа да қыры бар. Біз туралы шеттен жазылған деректердің бетінде жылтырап тұрған мәліметтердің бәрін шындық пен ақиқат деп қабылдау қисынсыз.  Әрине, сыни көзқарас өте қажет. Тарих әділетті және объективті болу үшін бұл ауадай қажет. Дегенмен  әр деректі сырттан жазатындар өз пайдасына немесе өзіндік көз­қарасына айналдыратын болса, бұдан пайда шамалы. Айтайын, 2011 жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арнап мен «Тәуелсіз Қазақстан шетел сарапшы­ларының көзімен» атты кітапты  «Қазақ энциклопедиясы» бас­пасынан шығардым. Сол ба­сылымды дайындау барысында мынадай бір жағдай байқалды. Жан-жақтағы танымал, ірі шетелдік сарапшыларға ақпараттық хаттар жолдадым. Сонда «Иә, қатысамын. Мәтінімді беремін» деп жауап берген адамдардың саны әлгі жіберген хаттарымнан әлдеқайда азайып қалды. Кейбіреулері уақыт тапшылығына сілтеп, басқа да себептерді атап, бас тартқандары да болды. Бұл ненің нышаны? Ең алдымен олардың артын ойлады. Ұзақ уақыттан бері Қазақстан тарихымен айналысып, нағыз бұл істің нәтижесі мен сапасы жоғары болуды ойлайтын адамдар бірден іске кірісіп, біздің тарихымыз туралы құнды мәтіндерін беріп жатады.  Тіпті әлемдік тәжірибеде мынандай да құбылыс  кездеседі. Белгілі  бір елдің немесе халықтың тарихи-мәдени құндылықтарын көп жылдар бойы зерттейтін ғалымдар сол елдердің адамдарына ұқсап кетеді, азаматы болғанын аңсайды. Олар үлкен жауап­кершілікті былай қойғанда, сол елдердің бір ерекше насихат­таушысына айналады. Ал пла­нетааралық азамат болудың, басқа елдің тарихы мен мәдениетін біліп-танудың қандай жамандығы бар?– Халықаралық тәжірибе не дейді?  Мысалы, өзбек немесе қыр­ғыз, ресей тарихы қалай жа­зыл­ғандығынан хабарыңыз бар ма?  – Өз басыма келсем, мені басқа елдердің тарих немесе қоғамтану саласындағы ме­кемелерге шақырып тұрады. Екі-үш жылдың ішінде  Үндістан, Ресей, Түркия, Әзірбайжанға  барып қайттым. Басқа да тарих­шыларымыздың сондай дәрежеде екенін білемін. Мәселе кәсі­билікте, маман болу қажет.  Басқа елдердің тәжірибесінде шетел­дерден мамандарды шақыру кең тараған. Көбінесе оларды өз­дерінің тарихын әлемдік дең­гейдегі орнын анықтау үшін шақырады. Дерек көз: aikyn.kz

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Мәжитов Саттар Фазылұлы
Мәжитов Саттар Фазылұлы
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері
тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик