Басты бет Сарапшылардың пікірі Алыбай Қосакөзұлының өмірі мен қызметі

Алыбай Қосакөзұлының өмірі мен қызметі

Қазақ тарих ғылымындағы күрделі мәселелердің бірі-тұлғаларымыздың қоғамдық-саяси қызметін саралау екендігі белгілі.

 Қазақ тарих ғылымындағы күрделі мәселелердің бірі-тұлғаларымыздың қоғамдық-саяси қызметін саралау екендігі белгілі. Өйткені кешегі ХХ ғасырды айтпағанның өзінде, оған дейінгі негізгі дерегіміз ата шежіре, атадан балаға жеткен ауыз-екі әңгімелер. Ал олардың көпшілігінің өзгеріске ұшырап, әр түрлі алып-қосулар болғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Міне сондықтан да, тарихшы-ғалымдар мұрағат деректеріне арқа сүйеп, одан табылған әрбір дерекке аса назар аударады. Дегенмен оның да кей жағдайда сан құбылып, асыра мадақталып, не датталып жататыны тағы бар. Біздіңше, бұл арада ғылым үшін де, ғалым үшін де басты ұстаным ақиқаттылық, шынайылық ертеңгі ұрпақ алдындағы жауапкершілік басты қағидаға айналуы тиіс.   Сонымен XVIII ғасырдың алғашқы жартысындағы қиын-қыстау кезеңде Қазақстандағы саяси оқиғаларға белсене қатысқан Алыбай Қосакөзұлы да Ресейдің Сыртқы істер мұрағатында, Орынбор мұрағатында қатталған құжаттардан табылып отыр. Оның туған және өлген жылдарын анықтау мүмкін болмаса да тұлғаның Кіші жүз ханы Әбілқайыр, Нұралы жанынан табылуы көп нәрсеге жауап бергендей. Ата шежіреде оны 1690 жылдары дүниеге келген деп есептейді. Ол кезеңде Алыбай тараған әлімұлының кете рулары, соның ішінде Ақкетелері өзге қазақ руларымен Хиуа, түркімен, Еділ қалмақтары ортасында, Каспий теңізі жағалауларында, Жайық өзені бойларында еркін көшіп қонған. 1790 жылы Кіші жүзге әскери тапсырмамен келген полковник Бентам  Әлімнің Ақкетелерін 1000 түтін деп көрсете отырып, Сырдария бойында, Тереңөзек өзенінде, Звериноголовск қорғанынан 20 күндік жерде мекендейді деген анықтамасын ұсынған. Ал ХIХ ғасырдың I жартысында зерттеуші Л. Мейер кете руын 9 бөлікке бөліп, жазда Ойыл өзені, Каспий теңізі маңында жайлайды деп белгілеген. Орыс мұрағатында Кіші жүз руларының тізбесі алғаш рет аудармашы М. Тевкелев қолымен тапсырылған. Ол әлімұлдарын – шекті, қаракесек, шөмекей, төртқара, қаракете, қарасақал деп жіктеп, Әбілқайыр ханға, 12 ата байұлдарын Нұралы сұлтанға бағындырған.   Сонымен аталған рулар заманында Әбілқайыр ханға негізгі тірек болды. Ол кезеңде кете руларынан XVIII ғасырдың алғашқы жартысын зерттеушілер Әжібай би, Алтай, Арал батырларды атайды. Ал олар Алыбай Қосакөзұлына шежіре бойынша Тойқожаның (Ақкете) Тұрсынбайынан қосылатын аталастар. Әжібай би мен Арал батыр Болпыш биден өрбісе, Алтай батыр Ебескі батырдан тараған.   Орынбор мұрағатындағы деректерге арқа сүйесек алғаш рет Алтай батыр есімі 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға келген Орынбор экспедициясының бұрынғы суретшісі ағылшын Джон Кэстль жазбасында аталады. Жазбаға сенсек Әбілқайыр хан тапсырмасымен Алтай батыр бір топ би, батырлармен бірге Орынборға аттанған елшілер құрамына енгізілген. Міне бұл арада белгілі жазбаға алғы сөз жазған тарихшы К.Л. Есмағамбетов «Бұлардың (елшілердің - Ә.М) ішінде Байбекті қоспағанда, тарихи құжаттарда Алтай батырдың есімі жиірек кездеседі. Ол-Кіші жүздің ақкете руының биі (XVIIғ.). 1742 жылы қазақ және қалмақ арасында бір ұрпаққа дейін, яғни, сол кездегі «еңбектеген баланың еңкиген кәрі болуына дейін» соғыс ашпау туралы бітім жасауға қатысады» деп анықтаған-ды.   Бұл тарихи келісім 1742 жылы көктемде жүзеге асқан. Ол турасында Әбілқайыр хан мен Есет Көкіұлы Орынбор комиссиясына хабарлады. Келіссөзге Кіші, Орта жүздің беделді тұлғаларын Әбілмәмбет хан, Барақ сұлтан, Есет Көкіұлы, Жәнібек Қошқарұлы, Алтай батыр қатысқан. Осындай қазақ үшін шешуші кезеңдерде Алтай жанынан Алыбай көріне білді деуімізге әбден болады.  Оны сол кезеңдегі құжатты қаттағандар Алыбай жасауыл деп анық хатқа түсірген. Әбілқайыр ханның жасауылдарын көріп, оларды ханның  адъютанты деп те атаған Дж. Кэстль Алтаймен бірге болған Қалыбек жасауылға «Сөзі пруссиялықтардың ежелден келе жатқан өлшеміне лайық әскер тәртібіне сай қысқа болса, дене бітімі жағынан сол қайран заманның нағыз үлгісі еді; бүкіл тыртиған бойы сүйек пен тері; тартылған терісі аузын жабуға жетпей, тістері ырсиып тұратын, епті және шапшаң қимылды жасауыл»- деп сипаттама берген-ді. (Джон Кэстль 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапары туралы.- Алматы: Атамұра, 1996. -32 б.) Орыс тілінде Алыбайға тіркелген «есаул» - жасауыл дегеннің өзі түрік тілінен аударғанда - басшы мағынасын береді. Олар әскери басшының көмекшісі дегенді де білдіреді. Бір кезеңде Шыңғыс ханның ұлы Шағатай да «екінші жасауыл» аталған. Яғни, Алыбайдың Әбілқайыр заманында жасауыл лауазымына жетіп, ханның сеніміне ие болуы оның әскери қабілеті мен батырлығын, қайсарлығын дәлелдейді.   Алтай, Алыбай батырлар қазақтың белді батыры Есет Көкіұлымен сенімді қарым-қатынаста болған. Орынбор мұрағаты құжаттарында олардың есімі үнемі қатар аталып, қазақ-орыс қатынастарын реттеуге бірлесе белсене қатысқаны айтылады. Оның бір сыры елінің бірлігі мен тыныштығын өмірлік мұраты деп түсінген тұлғалардың биік парасаттығында жатса, екіншісі өзара сыйласқан «мың жылдық құдандалықта» жатыр. Тағы да ата шежіреге арқа сүйесек Есет батырдың анасы Назым-Болпыш бидің қызы, Әжібай бидің апасы. Яғни, Есет батыр-дәстүр бойынша  Алтайға, Алыбайға да жиен. Кейін Әжібай би өзінің апасынан туған жиені Есет батырдың Ботагоз атты қызын ортаншы баласы Барсайға 1739 жылы айттырып, сүйек жаңғыртады.   Әжібай би де Ресеймен байланысында Алтай, Арал батырларды үнемі еске алып, олардың қазақ-орыс сауда-саттығындағы ролін атап өтетін. Мәселен, 1747 жылы 10 мамырдағы Орынбор губернаторы И. Неплюевке жолданған хаттан, орыс әкімшілігінің Әжібай биге екі жақтан сауда-саттықты дамыту үшін Құттыбай батыр мен Қозыбекті жібергенін байқаймыз. 1747 жылы желтоқсанда Әжібай би, Алтай, Арал батырлармен бірге Алыбай да Жем өзенінен әрі Көктөбе мекенінде, Есет тархан Қаркүн мекенінде қыстаған. Осы кезеңде И. Неплюев Хиуа елшісі Әджи - Мухаммед-молла Тұрсыновты ақкете би, батырлары қолдауымен Хиуаға жіберген.   1748 жыл Орынбор әкімшілігінің құйтыртқы саясатымен ел ішіндегі ішкі қарым-қатынас айтарлықтай шиеленісті. Оған Батыр сұлтанның түрлі әрекеттері, Барақ сұлтанның Әбілқайыр ханға қарсы айла-шарғылары өз әсерін тигізді. Елдегі қалыптасқан жағдайды ханның 1748 жылы маусым айында өткізген кеңесі  ашық көрсетті. 500-ге жуық Кіші, Орта жүздегі сұлтан, би, батырлар жиналған  кеңесте  Әбілқайыр хан  «Ресеймен қарым-қатынастағы басты мақсатым өзім үшін емес, бүкіл қазақ халқының пайдасы мен тыныштығы үшін  жасалды»- деп ағынан жарылды (КРО-I. С 389-391).   Көп ұзамай 1748 жылы 1 тамызда Әбілқайыр хан өлтірілді. Мұндай жағдайда басты мақсат ішкі бірлікті сақтап, ел билеген сұлтан, би батырлардың келісімімен жаңа хан сайлау болатын. Таққа басым көпшілікпен Әбілқайырдың үлкен ұлы Нұралы сұлтан ұсынылды. Осы сәтте, алдымен әркез Әбілқайырды қолдаған әлімұлдары белсенділік танытты. Мәселен, 1748 жылы 5 қазандағы Ресейдің Елизаветта патшайымына жолдаған хатында Нұралыға Орта жүз арғын- шақшақ Жәнібек тархан, Керей, Наурыз, Шақшақ Қойсары билермен бірге әлімұлдарынан – шөмекей, қаракесек, шекті, төртқара, кете руларының беделді тұлғалары қатысты. Соның ішінде кете руынан Алтай би, Жұлдыз батыр т.б. көзге түседі (ОрОММ 3 қ., 1т., 18 іс, 177п.). Көп ұзамай Нұралыда өткен Кеңестерде Жәнібек, Есет тархандар, Кете Алтай билер Әбілқайыр ұлдарына тағы да қолдау көрсетті. 1748-1749 жылы қыста Жем, Қаракөл аралығын қыстаған Әжібай, Алтай, Арал, Алыбай, Есет тархан елінің малын Бұхар беттегі қыстық азықтың жоқтығына байланысты Орынбор әкімшілігінен Жайықтың Самар бетіне жіберуін өтінді. Ал келісім жүзеге аспаған тұста қаңтар айы аяғында қазақтар малдарын күшпен Еділ-Жайық аралығына өткізді.  Кіші жүз ханы Нұралының ұйымдастыруымен үлкен кеңес 1749 жылы 3 тамызда өтті. Оны көзімен көріп, жазбаға түсірген капитан А. Яковлев «Әбілқайыр асына 200-дей атақты би, батыр, тархандар қатысты» - деп анықтап, барлық тұлғалардың тізімін жасады.   Кеңес алдында дәстүр бойынша әр елден келген балуандар күш сынасып, ат жарысын ұйымдастырған. Түскі астан кейін жиынға келген ел игілері жазық далаға шығып, біріншіден, Әбілқайыр ханды өлтірген Барақтың соңына осы айда түсер әскер жинап, сұлтан паналаған Түркістанға Нұралы хан бастауымен  аттану; екіншіден, Жоңғар қонтайшысына Әбілқайырдың қалмақ әйелінен туған қызын, яғни, Нұралы қарындасын беру; үшіншіден, қазақ-орыс арасындағы тұтқындарды алмастыруды іс жүзіне асыруды талқыға салды. Мұндай маңызды мәселелерге әлімұлдарынан шекті, төртқара, қарасақал, шөмекей кете, байұлдарынан – алаша, ысық, адай, жетірудан- тама, табын рулары, Орта жүзден 17 адам, соның ішінде Жәнібек тархан, Қожаназар  батырлар қатысты. А. Яковлев жасаған тізімнен кете руынан Алтай би, Алыбай жасауыл, Арал мырза, Жорас батыр, Тонқашы би, Түнжолы би, Ризап би, Таңқы би, Сарт мырзаны, тама руынан Есет тарханды, адай руынан белгілі Мырзатайды, т.б. кездестіреміз (АВПРИ ф 122, оп 122/1, 1749, д4). А. Яковлев жиналған қазақтар қазақ-жоңғар қарым-қатынасын реттеп, олардың қолындағы тұтқындарды қайтаруды, ол үшін Қарабай сұлтан мен 2-3 атақты старшындарды елші ретінде жіберуді және Жоңғар қонтайшысынан Барақ сұлтанды қолға түсіруге көмектесуін өтінді деп толықтыра түседі.   Ақкете Алыбай Нұралы ханның 1749 жылғы өз жанындағы сенімді азаматтар тізімінен де көрінді. Мәселен, осы жылғы Орынборда өткен қазақ-орыс кездесуінде Кіші, Орта жүзден өз жанына ерген 72 адамды жазып көрсеткен. Есет, Жәнібек тархандар, Шақшақ Бөкенбай, Жағалбайлы Серке батырлар қатарында ақкете Алтай батыр, Бостыбай би, Алыбай жасауыл, Әжібай би баласы Әкім батыр, Ожырай кете Текелі батыр, кете Досқали батырлар аталады (ОрОММ, 3қ. 1 т. 22 іс). Әрине бұл арада басты құрмет Әбілқайыр хан серіктері Есет пен Жәнібек тархандарға жасалды. Ал Әжібай би атауы осы кезеңнен бастап мұрағат құжаттарында кездеспеді. Соған қарағанда би 1749 жылдың алғашқы жартысында қайтыс болған сияқты.   1750 жылдардан кейін кете рулары Нұралы хан інісі Ерәлі сұлтанға бағындырылды. Мұның өзі Әбілқайыр заманындағы әлімұлдарының тікелей ханға бағынғандығын жоя бастады. Нұралы жаңа жағдайда Жайық бойында көшіп-қонған байұлдарына арқа сүйей бастағандығын дәлелдеді. Оған қоса хан ел ішінде беделді би, батырлармен де ақылдасуды екінші қатарға шығарды. Ол турасында 1785 жылы Сырым бастаған ұлт-азаттық күрес жүріп жатқан кезеңде қазақ билері «Нұралы ел билеген алғашқы 8 жылында әке жолымен жүрді. Содан кейінгі 30 жыл бойы атақты старшындармен кездесуді қойып, халық жағдайын ойлауды ұмытты» деп ашық жазды (Вяткин М.П. Батыр Сырым. М.-Л. , 1947, с.165).   Бұл жағдай 1755 жылы Батырша бастаған башқұрт халқының Ресейге қарсы ұлт-азаттық күресі кезеңінде анық көрінді. Жеңіліске ұшырап, жазалаудан қашқан 50 000 башқұрт Кіші, Орта жүздерге ағылды. Мұндай жағдайды аса шебер пайдаланатын И.И. Неплюеев екі халықтың бірігуінен қауіптеніп, қазақ-башқұрт арасына май құйды. Оның арты қазақ руларының өзара талас-тартысына ұласты.  Содан 1756 жылы тамызда Елек қорғанында Кіші жүз ханы Нұралы бастауымен, белгілі би, тархан, батырлар Есет Көкіұлы, Алданазар, Төлебай, Қошқар, Жарқын, т.б. 100-ден аса қазақ қатысқан Кеңес ұйымдастырылды. Кеңес соңында қазақ - орыс қарым - қатынасын шиеленістірмеуді көздеген ел игілері «қазақ даласындағы башқұрттарды Ресейге -  патша үкіметіне қайтаруға шешім қабылдаған» (Чулошников А.П. Восстание 1755 г. в Башкирии. М-Л., 1940. с.90, 102). Нұралы хан башқұрттарды толық шығаруды ұйымдастыруды Ерәлі сұлтанға жүктеді. Бірақ қазақ руларына тарап кеткен башқұрттарды шығару оңай шаруа емес еді. Өйткені бастапқы кезеңде шығарылған башқұрттар И.И. Неплюевтің жасырын нұсқауымен, шекарадағы орыс әскерлерінің қолдауымен қазақ руларына, соның ішінде кете, шекті, қаракесек руларының ауылдарына шабуыл жасауға кірісті. Орынбор губернаторы өз жазбасында «Мен (И.И. Неплюев) екі халықты біржолата араздастыру үшін, өз аудармашыларым арқылы башқұрттарға «генералға бармаңыздар, егер өздерің жиналып қазақтарды тонасаңдар, сіздерден ештеңе артық сұралмайды» деп жеткіздім. Содан башқұрттар қуана жиналып, топ-топ болып Жайықтың дала бетіндегі қазақтарға аттанды. Сол кезде мен әскери шептегі басшыларға башқұрттар әрекеттерін көрмеген болыңдар деген құпия нұсқау бердім» деген ойларын жасырмады. Нұралы ханның өзі осындай талас-тартыс кезеңінде  кете, шөмекей, жағалбайлы руы қазақтары қаза тапқандығын Орынборға хабарлады. Елдегі шиеленісті тоқтатып, бауыр халықтардың ара-қатынасын реттеу үшін Ерәлі сұлтан хан тапсырмасына байланысты қазақ руларының беделді тұлғаларына хабар салды. Содан 1757 жылы 26 шілдеде Ақкете руынан Әжібай би ауылынан 14 башқұрт  Орынборға қайтарылды. Оны ақкете Алыбай, Ертай, Шалдық (Жәдік болуы мүмкін - Ә.М.), ожырай кете Арсыланбек т.б. ұйымдастырды. Кейін Орынборда жүргізілген тергеуде Ноғай жолы Үсерген болысының Мүталипов ауылының башқұрты Елдаш Абдрахманов берген жауабында  «Мен Кувате старшын бастауымен қазақ ордасында ақкете руындағы Алыбайда тұрақтадым, кейін оның рұқсат етуімен Орынборға жіберілдім. Бүгінде оның қолында қызым қалды. Ал әйелім 1755 жылы елге келді» - деп хабарлады (АВПРИ. Ф 122/1. 1757г. д.4).   Дегенмен башқұрттар мәселесінде қазақ рулары Ресеймен байланысты шиеленістіре бермей, өздерінің жайылым мәселелерін шешуге ұмтылғанын да  байқаймыз. Өйткені Еділ-Жайық аралығын қыстау, Жайық бойында еркін көшіп-қону байұлдары, әлімұлдары, жетірудың бірден – басты талабы еді. Мұны Нұралы хан арқылы шеше алмаған тұста, әсіресе, шекті, шөмекей, алаша, қаракесек, төртқара, кете рулары рұқсатты күшпен тартып алуға ұмтылды. Тарихшы Н. Бекмаханова олар хан қолдауын күтті. «Өйтпеген жағдайда аталған рулар өздерін ханға бағынышты адам ретінде емес, Ордалық  деп санайтындықтарын айтып сес көрсетті, ауылдарды тонауға жинала бастады» - деп тарқата түседі (Н. Бекмаханова  Көктемір туралы аңыз. – Алматы, 1983, 32б.). Мұндай ашық қарсылыққа қарамастан өз қаруы мен әскеріне сүйенген, қайтсе де қазақты біржолата мойын ұсындырып, жуасытып, момын елге, өз боданына айналдыруды көздеген Ресей 1756 жылы 2 қыркүйекте «Жайықтың ішкі бетіне өткізбеу» туралы жарлық шығарып, Доннан Орынборға келген 3000 казак-орысты пайдалануға рұқсат етті. Ал 1759 жылы 2000 жуық өзге де әскери күштер тартылды.   Міне осындай кезеңде Алыбай Қосакөзұлы ел алдына шығып, халқы алдындағы абырой беделімен көпшілік құрметіне бөленді. Кіші жүздің ханы Әбілқайыр, Нұралы, Ерәлі сұлтандармен, өзге де би,  батыр, тархандармен қазақ өмірінің күрделі мәселелері – қазақ-орыс, қазақ-жоңғар, қазақ-башқұрт қарым-қатынастарын реттеуде көзге түсіп, Ресей мұрағаттарында хатталуы оның өз заманында елі таныған азамат деңгейіне көтерілгендігін дәлелдейді. Оған жоғарыдағы тарихи құжаттар мен саяси оқиғалар куә. Өкінішке орай мұрағаттық құжаттар тұлғаның 1757 жылдан кейінгі өмірі мен қызметі туралы еш сыр ашпайды. Соған қарағанда ол ақкете руындағы Арал, Алтай, Жұлдыз батырлар сияқты дүниеден өтсе керек.   Одан тараған ұрпақтар ішінен XVIII ғасырдың II жартысында тек қана Елшібек аталады. Ол шежіре бойынша Алыбайға шөбере болып келеді. Яғни Алыбай – Малдыбай-Табылды-Елшібек тараған. Елшібектің көзге түскен кезеңі Сырым бастаған 1783-1797 жылдардағы ұлт-азаттық күрестің екінші жартысы. Мұрағаттық құжат бойынша ол 1794 жылғы 4 қаңтардағы Сырым бастаған 184 би, батыр, өзге  де елге белгілі тұлғалардың II Екатеринаға жазған тізімнен көзге түседі. Хатта орыс-казактарының қазақтарға жасаған озбырлығы ашық жазылған. Соның ішінде атақты ысық Қаратау бидің, ақкете Көккөз бидің, алаша Сопыра тарханның, беріш Бөдене бидің т.б. ауылдарына жасалған орыс-казактар шабуылының қаншалықты озбырлығы анықталады. Хатқа Елшібек ақкете Дербісәлі батырмен бірге қол қойған.   Сырым бастаған азаттық күресте ақкетелерден оның жанында айрықша Көккөз Құндыбаев (деректе солай жазылған - Ә.М.) аталады. Онымен қатар ақкете Наурызәлі батыр, Ожырай кете Өтен батыр, Құтылыбай, кетелер Тілеп батыр, Қараман, Ақжігіт, Козбей мырза, Елекбай Танбайұлы, т.б. есімдері кездеседі. Ал кете Базарби Құдайбергенов 1786 жылы Орынбордағы шекаралық сотқа мүше болып та сайланды. Ақкете Наурызәлі батыр біздіңше, атақты Арал батырдың баласы. Ол 1791 жылдан бастап Жайық бойындағы орыс-казактарына қарсы қарулы әскерді басқарды. Атаман Донсков осы жылы Наурызәлінің жанында Ожырай кете Өтен батыр, Құтылыбай  бар деп көрсетті. Оны маусым айында молда Абдул Фетих Абдул-Салимовта Орынборға хабарлады, «Кете Наурызәлі, Табын Елекбай, Бармақ, Беріш Мамынбай Сары, Есентемір, Мыңбай батыр 500-600 адамды жинап, Сырыммен орыс шептерін шабуға келісті»- деп толықтырады  (Вяткин М.П. С.299).   Сырым бастаған ұлт-азаттық күрес кезеңінде ақкетелер ішінен Көккөз би ерекше беделге ие болды. Мұрағат деректері 1789 жылы-ақ оны ақсақал жаста деп көрсеткенімен, Көккөз би барлық кетелер атынан ортаға шығып, қазақ даласындағы сол кезеңдегі ең беделді би деп Сырым, Қаратау, Бөдене, Қаракөбек, т.б. бірге қазақ-орыс қарым-қатынасындағы барлық мәселелерді шешуге ат салысты. Оның қолтаңбасы Сырым батыр жазған хаттардың астында бүгінге дейін сақталған.   Бұдан шығатын қорытынды Әжібай, Алтай, Арал, Алыбай, Жұлдыз т.б. мұрағат арқылы аттары мәңгіге хатталған тұлғалардың қазақ елінің тәуелсіздігін сақтау жолындағы істерін, кейінгі ұрпақ абыроймен атқарды. Ол бүгінгі ұрпақ үшін, бабалар аманаттаған азаттықты қастерлеп, қадірлеу үшін, оны мәңгілік сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру үшін аса маңызды. Ә.Қ. Мұқтар т.ғ.д., профессор

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Мұқтар Әбілсейіт Қапизұлы
Мұқтар Әбілсейіт Қапизұлы
М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры
Тарих ғылымдарының докторы, профессор