Басты бет Сарапшылардың пікірі Астананың тарихын жазғанда қарапайым халықтың да еңбегін ұмытпау қажет

Астананың тарихын жазғанда қарапайым халықтың да еңбегін ұмытпау қажет

Бүгінде «Жаңа Астана қалай салынды?» деген жүйелі зерттеу жүргізудің маңызы зор. Әсіресе саяси шешімнен бөлек, қарапайым халықтың осы іске қатысуы, оның осы жолда сан алуан қиыншылықтарға тап болуы – соның бәрі тұнып тұрған тарих қой. Әрине, ол туралы жазу керек. Оны кез келген жанрда жазуға болады. Кино түсіріп, халық арасында жаңа Астананы салған қаһармандарды кеңінен насихаттау қажет.

Бүркітбай АЯҒАН, ҚР Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор:– Бүркітбай Ғелманұлы, бүгін барша қазақстандықтар үшін үлкен мейрам, елордамыз Астана қаласының құрылғанына 14 жыл толып отыр. Бұл да бір тарихи кезең емес пе?– Әрине, тарихи кезең. Астана қаласының даму тарихын шартты түрде төрт кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең – ортағасырлық Бозоқ қаласының тарихымен байланысты. Осы жерде бір мәселені атап өткім келеді. Бізде кеңестік идеологиямен шырмалған «Қазақстандағы қалалар орыстардың келуімен салынды» деген қате пікір қалыптасқан. Бұл олай емес. Бозоқ қаласы – соның айқын дәлелі. Екінші кезең – 1830 жылы Ақмола бекінісі іргетасының қалануы. Оның сол кездегі тұрғындарының саны небәрі 313 адам болған екен. Үшінші кезең – Кеңес дәуірі. Соғыстан кейінгі тың игеру жылдарында қала «Целиноград» атауымен белгілі болды, тың өлкесінің орталығына айналды. Төртінші кезең – Тәуелсіздік кезеңі. Қазақстан Республикасының елордасы – жаңа Астананың құрылуы. Дәл осы жылдары еліміз егемендігін алумен қатар, астанамыз Алматыдан Ақмолаға ауысты. Бұл бүгінгі Қазақстанның дамуына орасан зор ықпалын тигізді. Бірінші кезекте, жасыратыны жоқ, Ақмола ғана емес, солтүстікте қоныстанған қазақтардың саны артты. Тұтастай аймақ қазақыланды. Өз жерінде азшылықта қалып, бұйығып қалған жергілікті қазақтардың рухы оянды. Екіншіден, Астана қаласының құрылысының басталуымен инвестиция ағылып, жаңа жұмыс орындары ашыла бастады. Сөйтіп, экономикада қозғалыс пайда болды. Ал құрылыс саласы біртіндеп бүтіндей ел эконо­микасының локомотивіне айналды. Қала мүлде жаңа, түрленген, жаңарған, жасампаз кейіпке енді. Жұрт бұрындары бұл жаққа жұмыс іздеп келетін болса, бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінен ағылған халық жас қала, жаңа қала Астананы көру үшін келетін болды. Өйткені, шын мәнінде, Астана көріп, көзайым болуға тұрарлық елордаға айналды. Ол көркімен ғана емес, заманауи білім ордаларымен, медициналық орталықтарымен де тартымды. Жастар Астанаға келіп білім алғысы келетін күнге жеттік. Өзге мемлекеттер астаналарын ғасырлап қалыптастырса, біз небәрі 10-14 жыл аралығында барлық талапқа сай келетін толыққанды Астана тұрғыздық. Осының бәрі аз уақыт ішінде мүмкін болды. Әрине, Елбасының асқан қажыр-қайраты мен бірлікке жұмыла білген халқымыздың ынтымағы арқасында осындай табысқа қол жеткіздік.– Сөз жоқ, біз Елорданы дер кезінде ауыстырдық. Ол туралы бүгінде барлық тарихшы айтады. Ал Қазақстанның жаңа Астананы құруы бұдан да ерте болуы мүмкін бе еді? – Енді Елорда-Астана мәселесін бізге дейін Алаш арыстары да көтерген ғой. Мәселен, Әлихан Бөкейханов өзінің «Григорий Потанин» деген мақаласында былай деп жазған: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау!».Қараөткел – қазіргі Астана. Осы жерді Алаштың ордасына айналдыру Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да көкейінде жүрген арман еді. «Қазақстан үшін Ақмоланың орны ерекше. Маған салса, шіркін, астана болар жер – Қазақстанның кіндік орталығы, батысқа да, шығысқа да, солтүстікке де, оңтүстікке де қашықтығы бірдей, жетпіс жеті жолдың торабында тұрған Ақмола емес пе?» – деген Президенттің бір сөзі бар. Ал Тәуелсіздік алған бойда бірден жаңа Астананы жариялау мәселесіне келер болсақ, оны сол кезде экономикалық жағынан да, психологиялық жағынан да жасау мүмкін емес еді. Оған еліміз дайын болмады. Кеңестік дәуірде Қазақстанның астанасын Орынбор, Қызылорда, Верный қалаларына ауыстыру жұмысы Мәскеудің ықпалымен жүргізілді. Ал жаңа Астана – Тәуелсіз Қазақстанның өз таңдауы. Бұл идея пісіп-жетілуі тиіс еді. Әрине, оған да уақыт қажет болды.– Иә, бастапқы кезде көбі оған дайын болмады. Әсіресе біздің сол кездегі халық қалаулыларымыздың бұл бастамаға сенімсіздікпен қарауы тарихтан белгілі. Сіз өзіңіз елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімді қалай қабылдадыңыз?– Әлі есімде, бұл идея 1994 жылы болған бір жиында айтылды. Ол кезде мен Президент аппаратында жұмыс істедім. Мемлекет басшысы қазақтың көрнекті қоғам қайраткерлері оның ішінде Манаш Қозыбаев, Кенжеғали Сағадиев, Салық Зиманов бар – барлығы он-он бес шақты адамды жинап, арнайы кеңес өткізді. Сонда алғаш рет елдің астанасын осы жерге ауыстыру туралы айтылды. Бірақ бұл әңгіме жабық форматта өтті. Мен бұл бас­тамаға оң көзқараспен қарап, іштей қолдаған едім.– Өзіңіз Астанаға қашан көшіп келдіңіз?– Шынымды айтсам, ол жылдары Алматыда қалдым. Бірақ түбінде осы жаққа ауысу ойымда болды, әрине. Алматыда басталған біраз жұмысым болғандықтан, бәрін тастап бірден көшіп келе алмадым. 10 томдық Қазақстан ұлттық энциклопедиясын баспадан шығару жұмыстарын аяқтау қажет болды. Содан кейін ғана осы жаққа ауыстырамыз деген соң, 2008 жылы Астанаға көшіп келдік.– «Астананың гүлденуі – Қазақстанның дамуы!» сияқты ұрандарды жиі айтамыз ғой. Сіз тарихшы ретінде Қазақстанның дамуындағы Астананың рөлін қалай бағалайсыз?– Экономикалық тұрғыдан алғанда, «Астана отандық экономиканың «локомотивіне» айналды. Себебі еліміздің құрылыс саласы күшейіп, оған жаңа технологиялар көптеп тартыла бастады. Бүгінде еліміздің экономикасында үлкен серпілістер байқалады. Индустрияландыру картасы аясындағы жобаларды іске асыруда Астана қаласы көш басында тұр. Ал елорданың саяси рөліне келсек, қаламыз Қазақстанның нақ ортасында орналасқан, сондықтан елдің ішкі жұмыстарымен қатар, алыс-жақын шетелдермен сыртқы дипломатиялық байланыстарды жүргізуге өте тиімді. Бұл жерге келген мәртебелі меймандар Қазақстанның даму деңгейін көріп, инвестиция салуға ниет білдіріп жатады. Осының арқасында көптеген қосымша кәсіпорын мен өндіріс ошақтары ашылады. Міне, осының бәрі – шежіре, Астана қаласының тарихи рөлін айғақтайды.– Астананың ішкі өміріне көз жүгіртсек, мұнда жаңа мәдениет қалыптасып келеді. Алматыдағы сияқты бұл жерде рушылдық бөліну үрдісі байқалмайды. Сондықтан Астанада барлығына бірдей мүмкіндік бар дегенге қалай қарайсыз?– Жалпы, қай елді алсаңыз да, олардың барлығында, өзіңіз айтпақшы, белгілі бір топтарға бөліну бар. Бізде ру болып бөлінеді. Оның аса қаупі жоқ деп ойлаймын. Себебі қазақта өзінің арғы тегін айту жеті атаны білу салтынан бастау алған. Меніңше, қазіргі кезде экономикалық басымдықтар бойынша бөлінген олигарх топтары қазаққа үлкен қауіп төндіріп отыр. Себебі олар халықтың мүддесінен алшақ, экономикалық саясатты өздігінше жүргізеді. Ал оның ақыры елдің әл-ауқатына кері әсер етуі әбден мүмкін.– Демек, рулық бөлініс Астананың дамуына кері әсер етпейді ғой?– Ондай үрдіс Алматыға да қауіп төндірген жоқ. Астанаға да зиянын тигізбейді деп ойлаймын. Мұндай пиғылдағылар көбінесе елге пайдасы шамалы, өмірде жолы болмаған адамдар. Оларды тыңдай қалсаңыз, үнемі біреуді кінәлау: руым келмей қалыпты, шыққан жерім сәйкес болмады және тағысын тағылар. Мен өзім ондайды ұнатпаймын. Бұл – адамның жеке басының кемшілігінен туындайтын жағдай.– Астананың бүгінгі жетістіктері аз емес. Дегенмен шешілмей жатқан мәселелер де баршылық. Қала тұрғыны ретінде қандай проблемаларды ерекше атап өтер едіңіз?– Меніңше, Астанада тым биік үйлерді көбейтудің қажеті жоқ. Қазір қарасаңыз, ондай зәулім ғимараттардың алды толған машина, балалар ойнайтын жер қалмады. Қалада демалатын саябақтар аз. Мәселен, Америкада Лос-Анжелес деген қаланың ұзындығы 130 шақырымға дейін жетеді. Ресейде Волгоград қаласы бар. Оның аумағы 100 шақы­рымдай болады. Сол сияқты Астананың жер аумағын созып, негізгі жолдарды кеңейтсек дұрыс болар еді. Ал тұрғын үйлерді көтергенде, төрт-бес қабаттан асырмау қажет сияқты. Сонда тұруға да, көлік қоюға да ыңғайлы болады. Бұдан басқа, көптен бері айтылып жүрген мәселе – ұлттық нақыштың, ұлттық бояудың кемдігі. Біз Парижге не болмаса Токиоға ұқсамауымыз керек. Астана – қазақ елінің ордасы, сондықтан ұлттық сәулет өнерін барынша дамытып, көрсету қажет. «Хан шатыр», «Әзірет сұлтан», «Нұр-Астана» сияқты құрылыс нысандары көбейсе екен дейміз.Ендігі бір мәселе, ол – жастарды баспанамен қамтамасыз ету. Астана жастарды әлеуметтік қолдау жағынан басқаларға үлгі болуы қажет. Бұл жерде жастар алдымен баспана мәселесіне тап болады. Бір-екі ай жүріп, тапқан барлық пайдасын жалдамалы пәтерге төлейді, қиналғаннан кейін ауылға қайтудан басқа амалдары қалмайды. Меніңше, осы мәселені шешудің бір жолы – Астанада жастарға арналған жатақханаларды көптеп салу қажет.– Ендігі сөзді жаңа Астананың тарихына қарай бұрсақ. Астанамыздың тарихы қалай жазылып жатыр? Осы біз ресми тарихтан шыға алмай, қарапайым құрылысшылар туралы ұмытып кетіп жатқан жоқпыз ба?– Әрине, бүгінде «Жаңа Астана қалай салынды?» деген жүйелі зерттеу жүргізудің маңызы зор. Әсіресе саяси шешімнен бөлек, қарапайым халықтың осы іске қатысуы, оның осы жолда сан алуан қиыншылықтарға тап болуы – соның бәрі тұнып тұрған тарих қой. Әрине, ол туралы жазу керек. Оны кез келген жанрда жазуға болады. Кино түсіріп, халық арасында жаңа Астананы салған қаһармандарды кеңінен насихаттау қажет. Газет беттерінде арнайы айдар ашып, елорданың негізін қалауға атсалысқан құрылысшылар туралы жазайық, мұғалім мен дәрігер туралы айтайық. Міне, осы жұмыс халықтың еңсесін көтеріп, ұлттық рухты асқақтата түседі.Негізі, Астананың құрылысы кез келген адамды бейжай қалдырмайды. Бұрын көшпелі қазақ халқы қалаға көп шоғырланбаған. Ал ел Астанасын өз қолымызбен салғаннан кейін біздің болашаққа деген сеніміміз күшейді. Бұл бастама халқымыздың рухын көтеру үшін аса қажет болды. Бүгінде бізді өз астанасын салған ұлт ретінде өзге елдердің бәрі мойындайды. Қазақ елі әлемге жаңа Астанамен танылды. Шетелдердің өзінде ондай тәжірибе жоқ.– Қазір Астана күні – мемлекеттік мереке қатарында. Бұл дұрыс та. Өйткені Астана Алаштың рухын көтеріп, қазақты әлемге танытты. Осы орайда Астана күнін біз қаншалықты мәнді, мағыналы тойлап жүрміз? Кейінгі жылдары ұйымдастырылып жүрген мерекелік шаралардың барысына, сипатына көңіліңіз тола ма?– Сұрағыңыз өте ұзақ екен. Бірақ жауабым қысқа. Иә, көңілім толады. Бірақ әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстары бар. Астанаға келген қонақтар ең алдымен жергілікті халықтың өнері мен мәдениетін, тарихын білгісі келеді. Сондықтан тарихи ескерткіштерге үлкен мән беруіміз керек. Осы Астана төрінен Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш көсемдеріне ескерткіш. Жақында ғана ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш монументі ашылды. Бұл – тұнып тұрған тарих. Осындай ескерткіштер көбейтілсе жақсы болар еді. Ол үшін жалпыұлттық жобаларға конкурстар жариялануы керек. Жалпы, Астана қаласын жан-жақты насихаттау жұмыстарын жетілдірген дұрыс.– Астана күні қарсаңында өз тілегіңізді білдірсеңіз?– Мен өзім тарихшы ретінде өткен заманды ой елегінен жиі өткізіп отырамын. Керей мен Жәнібек тұсында Қазақ хандығы құрылған кезде, Қасым мен Тәукенің тұсында Қазақ хандығы күшейген кезде, Қазақ елі Орталық Азияның мықты мемлекеттерінің бірі еді. Бүгінде Қазақстан Тәуелсіздік алып, әлемде ықпалды елдердің бірі болып қалыптасып жатыр. Осы жолдан таймасақ, басқа бір мемлекетке бодан болып кетпесек екен деп тілейміз ғой. Жас мемлекет болғаннан кейін біздің алдымызда әлі талай белес бар. Бізге қызығушылық танытып жатқандар көп. Шіркін, осы тосқауылдардың бәрінен аман-есен өтсек екен деген тілек бар. Ал біздің жаңа Астанамыз көптеген Алаш арысының арманы еді. Біз сол арманға қол жеткіздік. Астанамыз гүлденіп, көркейе берсін дегім келеді.– Мерекеміз құтты болсын!

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз