Басты бет Сарапшылардың пікірі Орта мектептерге және жоғары оқу орындарына арналған тарих оқулықтары туралы пікірлер.

Орта мектептерге және жоғары оқу орындарына арналған тарих оқулықтары туралы пікірлер.

Тарихи сана ең алдымен тарихи оқулықтар арқылы қалыптасады. Сондықтан да оқулықтардың сапасына көңіл бөлу ерекше маңызды. Тарих оқулықтарында кемшіліктердің бары рас, бірақ ол кемшіліктердің түзетіліп жатқанын да ескеруіміз керек.

Орта және жоғарғы оқу орындарындағы тарих оқулықтарындағы алшақтық оқу орындары қандай оқулықтарды пайдаланады деген сұрақтың жауабына байланысты анықталады деп ойлаймын. Бұл әсіресе жоғарғы оқу орындарына байланысты. Тәуелсіздік жылдарындағы нарықтық қатынас оқулық жазу ісінде де өріс алып, кез келген адамның тарихты және тарих оқулықтарын жазуына мүмкіндік берді. Деректермен дәйектелетін таза тарихи ғылым еңсесін көтерем дегенше, балама тарих қаптап кетті. Тәуелсіздік алғаннан соң бұрынғы тарих оқулықтарында «ақтаңдақ» беттер жазылмағандықтан, сол олқылықтардың орнын толтырамын деген «патриоттар» мен білім беру саласына қатысты бизнестің оқулықтарға да ауыз салғаны рас. Қаншама балама оқулықтар да шықты. Нәтижесінде оқулықтар көбейді де, мұғалімдер мен оқытушылардың қолына оқиғаларды, оның мерзімін әр түрлі белгілеген оқулықтар түсті. Әсіресе, ол жоғарғы оқу орындарына қатысты. Себебі, мектеп оқулықтарында қалай дегенмен де бекітілген оқулықтар бойынша тарих сабағы оқытылды. Бірақ, оқулық жазу ісіндегі бірізділік пен жүйелілік сақталынбағандықтан, кемшіліктер орта мектеп оқулықтарында да орын алды. Мысалы, мектеп оқулықтарындағы кейбір деректер сайкес келе бермейді, 2006 ж., 2009 жылы шыққан оқулықтарда тас ғасырының ескерткіші 500, кейін 800-ге жуық делінген. Аңырақай шайқасы 1729 ж., екіншісінде 1730 жылы деп беріледі. 10-11 сыныптарда статистикалық деректер өте көп, тілі ауыр, түсініксіздеу (ғылыми тілде). Мұндай мысалдарды жалғастыра беруге болады. Оқулықтың сапасына оны даярлауға байланысты бөлінген уақыт пен оқулықты жазушылардың оқулықты жазу кезіндегі субьективті көзқарасы да өз әсерін тигізді. Күнтабыс үшін бірнеше жерде жұмыс істеуге мәжбүр болған тарихшылардың оқулықтардың ішкі мазмұнына кішкене жаңалықтарды қоса отырып, негізгі бөлігін бұрынғыша қалдыра салуы да тарихтағы қойыртпаққа әкелді. Осы жерде айта кететін жайт, тарих пәнінен алынатын тест сұрақтарында «тістер» мен «түймелерді» түгендеген сұрақтардың кетіп қалуы сол тесті даярлаушының ұлттық тарих пен тарих оқулығына деген көзқарасын көрсетері сөзсіз. Ал, жоғарғы оқу орындарында кім қай оқулықты пайдаланғысы келсе, сол оқулықпен дәріс берді, ал студенттер балама оқулықтармен сусындай бастады. Сол балама оқулықтардың барлығы дерлік оқулықтарына негіз етіп  1993 ж. Тарих және этнология институты шығарған «Қазақстан тарихы (ерте заманнан бүгінге дейін). Очерктер» оқулығын алды. ЖОО-нда оқулықтардың ғылыми негізделген түрін оқытам деген оқытушылар осы очерктерді студенттерге ұсынды. Нәтижесінде бұл оқулық балама тарихтардың арасындағы ұлттық шынайы тарихты баяндайтын, тарихтан хабардар болам деген қауымға бағыт-бағдар беретін оқулық болды. Кітапқа деген сұраныстың көптілігінен ол белгісіз бастамашылардың ұйымдастыруымен бірнеше рет қайта басылып шықты. Бірақ, бұл очерктер мағлұматы 1989 ж. оқиғаларымен шектелінген болатын. Тәуелсіздік алғаннан бері мектеп оқулықтарындағы кемшіліктерді түзеу жолында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Ең алдымен, Қазақстанның шынайы тарихының өзекті мәселелерін жас ұрпаққа жеткізу жолында еліміздің белгілі тарихшы, әдіскер ғалымдары, сонымен қатар тәжірибелі, шығармашылықпен жұмыс істейтін мектеп мұғалімдері қатысты. Мысалы, академиктер М.Қозыбаевтың авторлығымен 10-класқа арналған Қазақстан тарихы, К.Нұрпейісов бастаған бір топ ғалымдардың 11-класқа арнаған оқулығы бірнеше рет басылды. «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер», тарих пәнінің мұғалімі Д.Бабаев жазған, 8-класқа арналған Қазақстан тарихы оқулығы, осы класқа арналған академиктер К.М.Байпақов, Б.М.Көмеков және К.А.Пищулина жазған балама оқулықтар да, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.Қасымбаевтың да 9-класс үшін жазған оқулығы К.Байпақовтың 6-класқа, Т.Тұрлығұловтың 5-класқа арналған тарих оқулықтары да бірнеше рет басылды. Бірақ, тарих оқулығы оқиғалар тізбегін тіркеуші ретінде ғана оқыла бастады. Әрине бұл қызықсыздыққа әкелді. Содан бері тарихшы қауым қол қусырып отырған жоқ, кемшіліктер жөнделіп жатыр. Мектеп оқулығын жазу барысында ғалымдар мен әдіскерлер 22 жылдағы тарихи зерттеулер негізіндегі тұжырымдарды, жаңа көзқарастар арқылы жазуда. Бірақ әлі ретке келе қойған жоқ.  Ол кемшіліктер қалайша жойылуы мүмкін? Ол ғалымдардың, тәжірибелі оқытушылар мен әдіскерлердің өзара байланысы тығыз орнап, ғылыми, әдістемелік жетістіктерге негізделген тарих оқулығы жазылғанда ғана мүмкін деп ойлаймын. Себебі қандай ысылған ғалым жазғанымен, мағлұматтың мектеп оқушысының жастық, соған сәйкес психологиялық ерекшеліктеріне орай берілуі әрі әдіскердің және тарихшы оқытушының бірлескен еңбегі арқастында ғана мүмкін болады. Қазақстан тарихы бойынша белгілі бір тарау немесе кезеңге байланысты талдау, немесе тексеру комиссияларын құрған жөн болар еді. Сонымен бірге, көптеген зерттеулер жеке дара жарық көргенімен, оқулыққа енбеген. Сондықтар ғалым тарихшылар мен педагогикалық қызметтегі тарихшылар арасында өзара байланыс болуы керек. Аймақтағы тарихи, археологиялық зерттеулерді де оқулыққа енгізуге болады. Мысалы, 1989 жылғы Жаңа Өзен оқиғасына және т.т. жаңаша көзқарастармен қарау. Себебі туған жердің тарихы анағұрлым тартымды болар еді.   Осы орайда тарихқа қызығушылықтың төмендеу себебінің бірі тарихты саяси, экономикалық, мәдени тарих тұрғысынан қарастырылуында ма деген ойды айтамыз. Ұлттық тарихты қазақ этногенезі, этностардың қалыптасуы, дамуы және халықтану саласындағы жетістіктермен толықтыру тұрғысынан зерделесек, нәтижелірек болар ма еді деген ой бар. Сонымен бірге институт директоры Х.М. Әбжанов тарихтағы формациялық ұстаным негізінде тарихты зерделеудің өткеннің еншісіне қалдырып, Қазақстан тарихының үш ұстанымы: халық, тұлға, геосаяси фактор деген ұстаным негізінде дамытуға назар аудару қажет деген пікірді айтты. Тарихты жасайтын халық, халықты басқаратын тұлға, ал олардың арнасы геосаяси жағдай екендігіне байланысты, тарихты зерделеуде осы тұжырымды дамыту тиімді болар ма еді деген оймен мен де келісемін.   Белгілі бір кезеңде ха­лық пен мемлекет дамуында өзін­дік рөл атқарған немесе әлеумет­тік-экономикалық дамуға қол жеткізе алған, саяси, әкімшіліктік реформаларымен белгілі болған, басқыншылықтан ел мен жерді табандылықпен қорғауды ұйым­дастырған, жаңа өлкені қосқан және игерген билеушілерге, олар­дың қол жеткізген нәтижелері ту­ралы мәселелерге баса көңіл бөл­інсе. Сол арқылы еліміздің саяси та­ри­хына жақындап, содан соң, хронологиялық негізде, еліміздің әлеуметтік тарихы, экономикалық тарихы және мәдениеті тарихы оқытылса, пәннің маз­мұ­нын байып, оған деген қызы­ғушылықты арттырар еді. Оқытудың мазмұны мен пішіні өзгеріп, тарихи білім берудің жаңа жүйесі қалыптасар еді.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Құдайбергенова Айжамал Ибрагимқызы
Құдайбергенова Айжамал Ибрагимқызы
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының халықтану және тарихи тұлғатану мәселелері бөлім меңгерушісі
тарих ғылымдарының докторы, доцент