Басты бет Сарапшылардың пікірі Кеңес өкіметіне дейін Алаш қайраткерлеріне уәде берілген, алайда керісінше, өздерін қудалауға ұшыратты.

Кеңес өкіметіне дейін Алаш қайраткерлеріне уәде берілген, алайда керісінше, өздерін қудалауға ұшыратты.

Кеңес үкіметі толықтай орнағаннан кейін басқару органдары алашордашылардың талап-тілектеріне құлақ асқан жоқ.

Керісінше оларды биліктен шеттетуге тырысты. Қызыл биліктің әккі саясатын әшкерелемек болған Алаш мүшесінің бірі Отыншы Әлжанов боль­шевиктердің қолынан мерт болды. Алайда ұлт зиялыларының сағын бірден сындыру мүмкін емес еді. Сондықтан оларға кешірім бере, ақырындап биліктен аластату арқылы күрес тактикасын күшейтті.  Жалпы, қазақ зиялылары мен оларға ниеттес болған азаматтарды қуғындау 20-жылдың басында өріс алды. Жасырын түрде ақпараттар жинап, мемлекеттік және басқару органдарында қызмет еткен алашордашылардың кейбірі «кеңес өкіметіне қарсы» деген желеумен жұмыстан қуылды, Қазақстаннан тыс жерлерге жіберілді.  Негізінде, бұрынғы Алаш қайраткерлерін қудалау барысы 20-жылдары Коммунистік партия қатарын жат элементтерден тазарту барысында да байқалды. 1921 жылы Қазақ халық ағарту комиссариатының партия ұясы Ахмет Байтұрсыновты партия қатарынан шығарды. Оның себебіне әр партия жиналысына қатыспауын, мүшелік жарнаны уақтылы төлемеуін келтіргенімен де, іс жүзінде қайраткер 1920 жылдың басында В.И. Ленинге кеңес үкіметінің қазақ интеллигенция өкілдеріне әлі сенімсіздікпен қарап отырғандығын айтқан болатын.  Большевиктік биліктің бұрынғы Алаш қозғалысының өкілдеріне осылайша шүйлігуінің өзіндік себебі бар. Ол – алашордашылардың ықпалының коммунистер арасында жайылып кетуі мүмкін деген қорқыныш. Бастапқы кездерде бұл мәселе ашық түрде айтылмаса да, бірте-бірте жаймен өлкелік партия конференциялары мен жиналыстарын­да қозғала бастады. Мемлекет қызметіне тартылған Алаш қайраткерлеріне сенімсіздік күшейді. Оларға «ұлтшыл» ретінде күдікпен қарау орын алды.  1922 жылдан бастап алашордашыларды үкімет пен партия тарапынан қудалау саясаты ашық түрде жүргізілген. Бір сөзбен айтқанда, кеңес өкіметі білімді, елінің қамын ойлаған, талантты азаматтардан құтылуды көздеді. «Ұлтшыл», «жікшіл» деп қаралау белең алды. Сол кездерде М.Дулатов «Ақ жол» газетіне жариялаған «Қазақ зиялылары» деген мақа­ласында қазақ зиялыларын «ұлтшыл» қылып отырған үкіметтің әккі саясаты екендігін айта келе, «Біздің қазақтың ұлтшылдары өзге жуан елдердің ұлтшылдарындай емес екені бәрімізге белгілі. Бізді ұлтшыл қылған нәрсе біздің кемдікте, қорлықта жүргендігіміз, көрінгеннен соққы жегеніміз еді. Егер төңкеруші табылады екен, ұлтшылдықты ортақшыл­дыққа айырбастауымыз қиын емес» деген еді.  Алашордашыл ұлтшылдармен күрес жүргізуде ел ішінде қандай топтар мен жіктердің барлығын анықтау мемлекеттік саяси басқарманың қолына берілді. Олар кеңестік жүйеге қарсы астыртын бірнеше топтың барлығын, олардың қандай іспен айналысып, әрекет жасап отырғандығын құпия түрде анықтап, тиісті орынға хабарлап отырды.  Алаш мүшелерін қудалау барысында кеңестік билік баспасөз беттерін де шебер пайдаланған. Алашты сынауда «Қызыл Қазақстан» журналы мен «Еңбекші қазақ» газеті белсенділік танытты. Бұл басылымдарда Алаш партиясының өткен жолы, жүргізген қызметінде жаңылыс басты, адасты деген мазмұнда мақалалар жарияланған.  Алаш қайраткерлерін саяси тұрғыда қудалауға Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы болған Ф.И. Голощекиннің тікелей қатысы бар. Ол Қазақстанға келгеннен кейін «алашордашылардың бағытына тікелей қолдау көрсетті, кеңестік ұлт саясатын бұрма­лауға тырысты» деген желеумен мемлекеттік қызметте отырған Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов сияқты азаматтарды айыптап, іздеріне шам ала түсті. «Троцкийшілдерге», «жаңа оппозицияға» және басқа да антилениндік ағымдар мен топтарға қарсы күресуді мақұлдап, елдегі алауыздықтар мен жікшілдерге қарсы науқанды қолға алуды күшейтуді тікелей өзі қолға алған. Соның нәтижесінде Ә.Бөкейханов бастаған алашшыл бір топ баспа орындарындағы қызметкерлер жұмысынан босатылды, қазақ тілінде шығатын бірнеше мерзімді басылым жабылды.  1921-1922 жылдардағы ашаршылық тұсында Семей зиялыларының бастамасымен Қазақстанның ашаршылыққа ұшыраған аудандарына көмек ретінде облыстан мал жиналды. Бұл малды Торғай өңіріне айдап апарған Ж. Аймауытов бастаған бір топ азаматтардың үстінен «малды талан-таражға түсірді» деген желеумен іс қозғалған еді. «Торғай ісі» деп аталған сот үрдісі төрт жылдан артық созылып, Алашорда зиялыла­рының ақ-қарасын анықтауға «Еңбекші қазақ» газеті тартылған. Ж.Аймауытовқа тағылған айыптың негізсіздігі анықталғанымен де, істі болған қалған алашордашылар бірнеше жылға бас бостандығынан айырылған.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз