Басты бет Тарихи білім Оқу материалдары Студенттерге арналған оқу материалдары «Қырғыздардың (қазақтардың) жер пайдалану материалы...» - Қазақстан тарихының дерек көзі (ХІХ ғ. соңы-ХХ ғ. басы)

«Қырғыздардың (қазақтардың) жер пайдалану материалы...» - Қазақстан тарихының дерек көзі (ХІХ ғ. соңы-ХХ ғ. басы)

27 Тамыз 2013
45
0

 ӘЛ-ФАРАБИ атындағы ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ТАСИЛОВА Н.А.

                    «ҚЫРҒЫЗДАРДЫҢ (ҚАЗАҚТАРДЫҢ) ЖЕР ПАЙДАЛАНУ МАТЕРИАЛДАРЫ...» 

                              ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНЫҢ ДЕРЕК КӨЗІ (ХІХ Ғ. СОҢЫ-ХХ Ғ. БАСЫ)

                                                                                Оқу құралы

Отанымыздың егеменді ел болып, тәуелсіздігін жариялауы төл тарихымызды ұлттық мүдде тұрғысынан жаңа концептуалдық негізде қайта зерттеуге мүмкіндіктер беріп отыр.

Әрбір өркениетті мемлекет, әрбір халық өзінің өткенін бағамдап, ата тарихын жасайтыны хақ. Сол тарихынан тағылым алып, оның сабақтарын ескеру – мемлекетіміздің дамуының негізгі факторларының бірі. Адам қоғамындағы ілгері дамудың бәрі де өткен өмірдің тәжірибесінің нәтижесі. Сондықтан, тарихқа мойын бұру, ата-бабаның өмір-тіршілігін ұмытпау келешек ұрпақтың адамгершілік міндеті ғана емес, сонымен бірге ілгері дамудың кепілі де. Ал, сол тарихи сананы, тарихи құбылыстарды қалпына келтіру үшін міндетті түрде тарихи деректерге жүгінуіміз керек.

Кез келген халықтың төл тарихының табиғи негізін тарихи деректер құрайды. Бірақта бұл деректің өзін шикі түрінде пайдалану, тарихты бұрмалауға алып келетіні анық. Қазақ халқының толыққанды іргелі тарихын жазу үшін, ең алдымен сол тарихтың негізін құрайтын деректермен жұмыс істей білу қажет.

Үлкен теориялық және методологиялық дайындықты қажет ететін деректану ғылымы – ұлттық тарихты тың, дәйекті мағлұматтармен байытып, толықтыру үстінде. Бүгінгі таңда көптеген деректердің ғылыми айналымға енуі, Қазақстан тарихының деректік базасын кеңейтті. Бұл, деректердің өзіндік ерекшеліктерінен шыға отырып, оларды дұрыс, әрі тиімді пайдаланудың жолдарын, әдіс-тәсілдерін іздеп табуды қажет етіп отыр. Бұл қажеттіліктерді толтыру ұлттық деректану ғылымының үлесінде.

Осындай ұлттық деректанулық сыннан өткізуді қажет ететін жазба деректердің үлкен бір тобын - «Қырғыздардың (Қазақтардың – Т.Н.) жер пайдалану материалдары...» («Материалы по киргизскому землепользованию...») құрайды. Бұл ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. басында патшалы Ресейдің қазақ жерін отарлау мақсатында Қазақстан территориясында жүргізген статистикалық партиялар мен экспедициялық зерттеулердің материалдары. Олар отарлау саясатының дерегі болса да, сол кезеңдегі қазақ қоғамының шаруашылық, экономикалық, рулық-тайпалық құрылымын, әлеуметтік тарихын және т.б. салалары бойынша құнды әрі жан-жақты мәліметтер береді. Әсіресе, қазақ қоғамының рулық-тайпалық құрылымын зерттеуде бұл деректің алатын орны ерекше. ¤йткені, сол кезеңдегі әлі қаймағы бұзыла қоймаған ру-тайпалардың шежіресі, орналасуы мен көшіп-қонуы, шаруашылығы туралы мәселелер бұл деректе нақты әрі шынайы көрініс тапқан.

Еліміздің тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Көшпелі қазақтың өз шыққан тегін және рулық байланыстарын міндетті түрде білуі шарт. Бұл бүкіл ұлттың әрбір мүшесі үшін моральдық-этикалық қағидаға айналған. Мұның бәрі біздің тарихымыздың ежелден бергі қасиеттері. Сондықтан да, жеті аталық ұстаным қазақ халқының этно-биологиялық, этно-мәдени, жалпы рухани тұтастығын табиғи түрде қамтамасыз етіп отырған. Жеті атасын білу арқылы әркім көрші рулармен байланысын тарата отырып, одан әрі исі қазақтың біте қайнасқан туыстастығына көзі жеткен. Көзі жеткен соң ұлт тұтастығының қамқоры болып отырған» - деп атап көрсетті. Сондықтанда қазақты ұзақ тарихи дамуымызда ұлт етіп құраған осы рулар мен тайпалардың нақты тарихын терең және жан-жақты білу ғана ортақ ұлттық мүддені ту етіп көтеретін иманды қазақ азаматын қалыптастыра алады. Яғни ұлтымыздың әлеуметтік рулық құрылымы туралы терең білім ғана ұлтты жаңа сапалы деңгейге көтереді.

Қазақ қоғамының рулық-тайпалық құрылымының өзіндік ерекшеліктері, олардың қазақ халқын қалыптастырудағы орны мен маңызы тарихымыздағы осал тұстар екені баршамызға мәлім. Кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйе бұл мәселені зерттеуге шын мәнінде тыйым салды. Тарихшылар мен этнографтар бұл маңызды мәселені өткеннің кертартпа қалдығы ретінде бағалауға, сипаттауға мәжбүр болды. Рулар тарихын жақсы білу рушылдыққа, жікшілдікке апарады деген сыңаржақ көзқарастар ұзақ уақыт үстемдік алып келді. Мұның өзі тарихшыларды қазақ рулары мен тайпалары тарихын зерттеуден алыстатып жіберді. Бірақта, ата-тегін білушілік адамдарды жікке бөлсе, онда қазақ халқы ұлт болып қалыптасып үлгермей-ақ құрып кеткен болар еді ғой.

Демек, Отан тарихының ХІХ ғ. соңы - ХХ ғ. басы кезеңіндегі құнды мәліметтерді бойына жинақтаған «Қырғыздардың (қазақтардың) жер пайдалану материалдары...» сияқты уникалды еңбекке деректанулық талдау жасауға үйрететін оқу құралы қазіргі таңдағы студенттер үшін қажет. ¤йткені, бұл деректегі мәліметтер дәстүрлі қазақ қоғамының тарихын жаңғыртып, оны қайта тануға қомақты үлес қоса алады.

Толығырақ оқу: 

Қырғыздардың (қазақтардың) жер пайдалану материалы...» - Қазақстан тарихының дерек көзі (ХІХ ғ. соңы-ХХ ғ. басы) PDF 



Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз