Басты бет Е-ресурстар Халық тарих толқынында Отан тарихын оқытудың өзекті мәселелері

Отан тарихын оқытудың өзекті мәселелері

29 Маусым 2013
88
0

Ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ тарихы кеңестік заманда әбден бұрмаланып, кешегі күнге дейін оқушыларға сол қате үлгісінде оқытылып келгені белгілі. Егемендігімізді алғаннан кейін де әкесін сатқан Павлик Морозовты жағымды кейіпкер деп танып, «Батыр бала Болатбек» деген әнді жаттап өстік. Тіпті, адам маймылдан жаралып, ал, қазақ тарихы КСРО құрылғаннан басталады деген ұстанымдағы тарихшылар 2000 жылдардың басына дейін біздің оқу орындарында бала тәрбиелеп келді. Тек соңғы бірнеше жыл ішінде Қазақстан тарихына деген көзқарас өзгеріп, оны оқытудың әдістемесі де бірізділікке түсті. Дегенмен, бұл салада әлі де болса шешімін күттірмейтін мәселелер жетерлік дейді отандық тарихшылар. 

Мемлекет тарихы институтында өткен дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты да осы мәселелердің шешімін табу болатын. Жиынға аталған мекеме ғалымдарымен бірге мектеп және жоғарғы оқу орындарының тарихшы педагогтары қатысты. Олар Қазақстан тарихын оқытудағы кемшіліктерді тізбектеп, өздерінің ұсыныстарын айтты. Ал, осы ұсыныстардың ең өзектілерін аталмыш институт директоры Бүркітбай Аяған Ғелманұлы ҚР Білім және ғылым министріне жеткізіп, алдағы уақытта қорытынды шығаратынын мәлімдеді.

Қырғыз оқулықтарындағы Абылай мен Кенесарының кейпі

Тарихтан белгілі, Абылай хан да, Кенесары хан да қырғыз халқына қарсы бірнеше жорық жасаған. Кейбір зерттеушілердің айтуынша, хан Абылай қырғыз елін шапқанда мыңдаған адамды тұтқынға алып, қазақ даласына қоныстандырған екен. Орыстың отарлау саясатына қарсы күрескен Кенесары да айыр қалпақты ағайынмен тіл табыса алмай, олармен бірнеше рет қанды қақтығыстар жүргізген. Бүркітбай Ғелманұлының сөзіне сенсек, бүгінгі қырғыз тарихында қазақтың осы екі ханы жағымсыз кейіпкер етіп көрсетілгенге ұқсайды.
- Зерттеулер барысында көріп қалдым, Абылайға арналған бір параграф бар, қырғыз тарихы оқулығында. Онда Абылайды агрессивті, безбүйрек ретінде жазған. Кенесарыны да дәл солай. Мұның соңы неге алып баруы мүмкін? Дәл осы тарихты оқыған қырғыз баласы ертең қазаққа кектенеді, қазақты жау санайтын болады. Ағайынды екі ұлт арасында осылайша араздық тууы мүмкін. Мен мұны қырғыз тарихшыларына айтқанмын, ал олардың қаншалықты нәтиже шығаратынын уақыт көрсетер, - дейді Б.Аяған.Институт директорының айтуынша, Ресейде де тарихты бұрмалап жазатындар көп. Әсіресе, сталиндік үкіметті жақтайтындардың қатары тым артып кеткен көрінеді. Тіпті, ғұндар мен Шыңғыс ханды да орыстардың туысы, ал қазақтардың түп атасы башқұрттар дейтін ғалымдар Ресей Федерциясында бүгінде жетіп артылады.

«ЖОО-ның алғашқы курсынан Қазақстан тарихын алып тастау керек»

Жиынға келген тарихшылардың пікірінше, жоғарғы оқу орындарының алғашқы курстарында балаға Қазақстан тарихын оқытудың қажеттілігі шамалы. «Еуразия» Ұлттық университетінің профессоры Күлзира Ысқақова осылай дейді. Айтуынша, ЖОО-дағы тарих пәні негізінен талдау мен сараптауды қажет етеді. Ал, өзі бір жыл бойы тест жаттап, мектептен кеше ғана келген оқушы үшін талдау мен сараптаудың үлкен қиындық туғызатыны белгілі дейді профессор.
- Бірінші курста тарих факультетінен өзге факультеттерге түскен студенттер үшін негізінен философия мен саясаттану пәндерін оқытқан дұрыс. Осы екеуін меңгеріп болғаннан кейін ғана отан тарихына көшсек болады. Ақыл-ойы әбден тест жаттауға дағдыланған бала тарихты зерттеп-зерделей алмайды, - дейді Күлзира Ысқақова.Маманның айтуынша, ЖОО-дағы емтихандарды тест күйінде емес, ауызша және жазбаша үлгіде алған жөн. Өйткені, студент тарихи даталар мен оқиғаларды жатқа білгенімен, оның мән-мағынасын айшықтап ешқашан айтып бере алмайды екен. Сонымен қатар, тест баланың еркін сөйлеу, ойын ашық жеткізу сияқты қасиеттеріне де кері әсерін тигізіп жатады дейді «Еуразия» Ұлттық университетінің профессоры.
Басқосуға келген мектеп пен университет оқытушылары да оқу орындарында Қазақстан тарихы пәніне бөлінген сағаттың тым аз екендігін айтып отыр. Жоғарғы оқу орындарында бұрындары 120 сағат болған осынау пән бүгінде 30-ға қысқарыпты. Мектепте де осы жағдай.
Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Ғелманұлының айтуынша, оқу орындары пәндеріне сағат бөлу мемлекеттік стандарттармен бекітіледі екен. Дегенмен, Б.Аяған мырза аталған мәселені жоғарыдағылардың құлағына жеткізуге уәде берді.

Қазақстан тарихын қазақ тілді мұғалімдер өткізуі тиіс

Қазақстан тарихы пәнін қазақша сөйлей алмайтын мұғалімдердің өтуіне құқы жоқ! Дөңгелек үстел басына жиналған ғалымдар осындай байламға келіп отыр. Ана тіліміз бен әдебиетімізді білмейтін қазақтың бойында ұлтжандылық, отансүйгіштік қасиеттердің болмайтыны әу бастан-ақ белгілі. Өкінішке қарай, дәл осындай педагогтар бүгінгі оқу орындарымызда жетіп артылатын екен.
- Бойында отансүйгіштік қасиеті болмаған мұғалім парақор болады. Мұндайларды ұстап алмағанымызбен, талай естиміз. Өзі парақор болса, өзі қазақша сөйлей алмаса, оны кім тыңдайды? – деді Күлзира Ысқақова.Университет ұстазының айтуынша, Қазақстан ЖОО-лары кредиттік оқу жүйесінің тек атын ғана алып, затын алмаған. Аталған жүйеде демократия болу керек. Студенттер тақырыпты да, оқытушыны да өздері таңдауы тиіс. Алайда, елдегі оқу орындарында мұның барлығы тек ұстаздардың айтуымен ғана орындалады дейді тарихшы маман.
Жиынға қатысқан ғалымдар атап өткендей, бүгінгі таңда тарихты бұрмалап жазатын әуесқойлар тым көбейіп кеткен. Өкінішке қарай, мұндайларға тиымды ешкім сала алмайды. Соның салдарынан тарихымызда түрлі бұрмалаушылықтар көбейіп кеткен.
Ал, ҚР Ұлттық мұрағатының қызметкері Бәтес Имансерікованың айтуынша, ғылымда жүрген кәсіби тарихшыларымыздың өзі мұрағатқа сирек барады екен. Оның берген мәліметіне сүйенсек, соңғы оқу жылында «Еуразия» Ұлттық университетінің небәрі екі студенті, үш магистрі, бір докторанты және екі мұғалімі ғана мұрағатқа келіп, қор құжаттарымен жұмыс істеген.
Астанадағы №59 орта мектептің мұғалімі Өтелбек Шнанов болса оқулықтарда әлі де болса кемшіліктердің барын айтып отыр. Мәселен, осынау кітптардың бірінде Әбілқайырдың Ресейге қосылуын оның жеке басының мүддесі үшін барған әрекеті ретінде жазылса, тағы бірінде Кенесарының суретін қарапайым шаруаға ұқсатып қойған дейді педагог.
Бұл кемшіліктердің барлығы түзеледі, бірақ, бір күнде емес әрине, уақыт өте дейді Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған. Оның айтуынша, мектеп оқулықтары бүгінде бірізділікке түскен. Азды-кем қателіктер бар болғанымен бала оқытуға кері әсерін тигізіп жатқан жоқ. Ал, кешегі ҰБТ кезінде Роза Рымбаеваның түймелері мен Шыңғыс ханның жылқылары жайында мүлдем сұрақ болмаған, мұны тестілеуден өте алмай қалған түлектердің ата-аналары ойлап туып жүр деді Бүркітбай Ғелманұлы.
Жиында жағымды жаңалалықтар да айтылды. Аталмыш институт ғалымдары қазақтың тарихи тұлғаларына байланысты бірқатар кітаптар шығарып жатыр екен. Сондай-ақ, 2014 жылға дейін елдегі төрт тарихи институт екі тілде Отан тарихына арналған он томдықты дүниеге алып келеді.

Серғали Балажан


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз