Басты бет Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Шетел Қазақстан туралы Қазақстандағы  аштық туралы Батыс ғалымдарының тұжырымы

Қазақстандағы  аштық туралы Батыс ғалымдарының тұжырымы

23 Тамыз 2013
66
0

  Елбасы қазақ халқының 40%-ын жалмаған ашаршылық зұлматының 80 жылдығын атап өту қажеттігін еске салып, арнайы тапсырмалар берген. Осы шара шеңберінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мемлекет тарихы институты «1930 жылдары КСРО-дағы ашаршылық пен террордың ауқымдылығы мен ықпалын түсіндірудегі жаңа көзқарастар» атты жиын өткізді. Басқосудың ерекшелігі, бұған Еуропа мен АҚШ-тың беделді төрт бірдей ғалымы қатысып, қазақстандық тарихшылармен диалогқа түсті.

Расында, Тәуелсіздіктен бері қайта қаралып, қайта түзіліп жатқан ұлт тарихының әр кезеңіндегі ақтаңдақтарды аршуы үлкен, ауқымды шаруа. Оның үстіне бұл бағыттағы жұмыстың шеңбері халықаралық деңгейде талқылауды да талап ететіндігі айқын. Ал сондай әлі де айқындай түсетін ақтаңдақтардың біріне 1928-1933 жылдары орын алған аштықты жатқызуға болады. Тарихшылар осынау ұлт басындағы ұлы зұлматтың ең шарықтау шегі 1932 жылы болғанын айтады. Сондықтан да Елбасы ашаршылықтың 80 жылдығын биыл атап өту керектігін еске салғанды.

Зерттеу демекші, Батыс тарихшылары КСРО мен Қазақстандағы ашаршылық туралы ертерек әрі тереңірек зерттеген. Тіпті Батыс ғалымдары бұл туралы том-том кітап жазып, сталиндік басқару тұсындағы түйткілдерге көп шүйліккен екен. Цензураның салдарынан Қазақстан тарихшыларының бұл мәселеге тек 80-жылдардан бері қарай ғана мойын бұра алғаны белгілі. Сондықтан да Мемлекет тарихы институты Еуропаның белгілі ғалымдарымен пікір алмасуды жөн санапты. Ал ашаршылыққа қатысты пікір алуандығына келсек, мұнда да, расымен, проблемалар жеткілікті. Мәселен,  Ресей ғалымдарының Қазақстандағы ашаршылықты мойындағанымен, оны көбінесе сол кездегі саясатшылардың қателіктеріне орайластырып, солай болуы керек секілді қабылдайтыны белгілі. Қырғынға ұшыраған халықтың санына қатысты да ортақ көрсеткішті  айта алмайды ешкім.  Ал одан да маңызды сұрақтардың бірі  ашаршылық әдейі ұйымдастырылған саясат па, әлде бұған басқа себептер бар ма дегенге саяды. «Қазақстандық тарих­шылардың көзқарасына салсақ, аштық қолдан жасалып, әдейі ұйымдастырылды. Әрине, оған табиғи факторлардың да себебі болды. Бірақ негізінен қырғынға ұшыратудың биліктің әрекетінен болғаны айқын», – дейді Мемлекет тарихы институтының басшысы Бүркітбай Аяған. 

Ал ұзақ жылдар бойы Ресейдің өңірлеріндегі, Украинадағы ашаршылықты тиянақты зерттеген австралиялық профессор Стивен Уиткрофт негізінен Қазақстандағы ашаршылыққа қатысты пікірді сол кездің статистикасымен саралап, биліктегілер ұстанған саясаттың ұстанымымен байланыстырады. Яғни, оның айтуынша, Қазақстанда аштықтың орын алуына себепші негізгі екі факторды алға тартуға болады. Оның біріншісі – сол кездегі КСРО билігіне келген большевиктердің топастық саясаты. Екінші маңызды фактор – қуаңшылық. «Расында да, негізгі мамандығы экономист болып табылатын Стивен Уиткрофт Қазақстандағы ашаршылықтың мән-жайын зерттеп келеді. Сосын профессордың бір басымдығы: ол тарихи зерттеулерін негізінен сол кездің статистикасымен үйлестіріп қарайды. Сондықтан да оның тұжырымы шындыққа жақындау саналады. Дегенмен Батыс ғалымдарының арасында да тарихтың осы мәселесіне қатысты алауыздық баршылық. Біреуі аштық әдейі ұйымдастырылған десе, енді бірі қуаңшылықты меңзейді, үшіншісі алдыңғы екеуінен гөрі, сауатсыз саясаттың салдарынан халықтың жапа шеккенін  растайды», – дейді тарихшы Бүркітбай Аяған.  Айтпақшы, жиын барысында ашаршылықтың 80 жылдығына орай Астанада ұжымдастыру құрбандарына арналған ескерткіш ашылғанын,   Мемлекет тарихы институты ғалымдары жазған «Ашаршылық ақиқаты» атты кітаптың жарыққа шықанын айта кету керек.

Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз