Басты бет Е-ресурстар Халық тарих толқынында «Тарих толқынындағы халық» – ұлы мақсат жолындағы ұйытқы

«Тарих толқынындағы халық» – ұлы мақсат жолындағы ұйытқы

21 Шілде 2013
230
0

Енді Президент тапсырмасы бойынша тарихи зерттеулердің арнайы бағдарламасы жасалады. Міне, осыған орай редакциямызға оқырмандардан, ғалым маман, тарихшылардан ұсыныс пікірлер мен қолдау білдірген хаттар келіп түсуде. Бүгін солардың бірқатарын жариялап отырмыз. 


Құндызай ЕРIМБЕТОВА, Мемлекет тарихы институты, тарих ғылымдарының кандидаты:
Өмірлік мәні бар тапсырма 
Ұлт тарихы – ұлт мүддесі. Ендеше Ел­басы ұсынып отырған – «Тарих тол­қы­нындағы халық» бағдарламасы халық санасын жаһандық ауқымдағы мәселелерді екшейтіндей дәрежеге жеткізу ғана емес, жеке адамның біліктілік бәсекесіне шыдас беретін өзіндік даму зердесі деңгейін қа­лыптастыру арманынан туындайды. 1995 жылы Президенттің тапсырмасымен жасалып, Президент жанындағы мем­лекеттік саясат жөніндегі Ұлттық Кеңестің мақұлдаған «Қазақстанда тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы» өз қызметін атқарды. Бұл тұжырымдаманың басты міндеті – тарих ғылымының басты мәселелерін және оны шешудің мүмкін бағыттарын белгілеу, тарихи білім мен ағартушылыққа реформа жасау жолдарын қарастыру еді. Осы уақыт аралығында гуманитарлық сала ғалымдары аз жұмыс атқарған жоқ. Әсіресе, жаңа ғылыми-зерттеу тақырыптарына байланысты жобалар, «қазақ» этнониміне, қазақ халқы этногенезіне, қазақ мемлекеттілігінің қа­лыптасуына, көшпелі қоғам эволюциясына қатысты зерттеулер жүргізілді. 
Ежелгі және орта ғасырлар тарихына мамандардың жеткіліксіздігіне қарамастан көңіл бөлінді. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша араб, парсы, қытай, орыс және т.б. тілдеріндегі деректер жинақталды. Бірақ табылған деректер негізінде кешенді саралау мен зерделеу жұмыстары жүргізіл­ген жоқ. Қазақ тарихының тарихи кезең­де­рінің тұтастай объективті көрінісін ай­шықтау мен жұртшылыққа түсінікті қа­лыпқа түсіру жұмысы өз авторларын кү­туде.Уақыт талабы – заманауи тарихи са­наны жаңғыртуға қалың көпшіліктен бастап ғалымдарға дейінгі жұртшылық ат­салысуы қажет екендігін ескертуде. Сон­дықтан да бұл өмірлік мәні бар тапсырманы әрбір отаншыл қазақ пен қазақстандық менің болашағым үшін қажет дегенде ғана жүзеге асыра алады. Бұл мәселеде кәсіби тарихшыларға жауапты жүк артылып отыр. 
XX ғасырдың басында зиялылар тағдыр сынын қалай көтерсе, XXI ғасыр басында да жаһандық мәселелер ортасында қиын­дықты жеңіп шығатын, әлемдік тарихтағы Қазақ елінің орнын ойып көрсете алатын ойшыл ғалымдар ғана жаңа тарих сахнасынан көрінері хақ. Ал халық талай рет тарихтың толқынды дауылына шыдас беріп келеді. Үкімет басшысының атап өткен ұлттық тарихтағы шешілмей келген ауқымды міндеттерін шешуде ғылыми талдауларды жаңаша көзқараспен дүниеге әкелу үлкен жауапкершлікті талап етуде. Болашақта жүзеге асырылатын «Тарих толқынындағы халық» бағдарламасын – Ұлы мақсат жолындағы ұйытқы деп қа­былдауға болады. Ендеше, тарихтың шынайы бетін айқындауда дәйекті ой жинақтап, өзекті мәселелер түйінін түюде кәсіби ғалымдар қауымына нәтижелі шабыт тілейік.

Жамиға ТАҢАТАРОВА, Досмұхаметов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы:

Өткенді зерделемей, мықты мемлекет бола алмаймыз. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің Қазақстанның ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы­ның кеңейтілген отырысында жасаған баяндамасында Елбасының тапсырмасы бойынша «Тарих толқынындағы халық» деген атпен тарихи зерттеулердің арнаулы бағдарламасы жасалатынын атап өтті. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – Қазақ­станның тарих ғылымын алдыңғы қатарлы әдіснама және әдістеме арқылы сапалы жүзеге асыруға жағдай жасау, қазақтың ұлт­тық тарихының көкжиегін кеңейту, ұлт­тық жаңа тарихи дүниетанымын қа­лып­тастыру. «Тарихқа арқа сүйемегеннің болашағы бұлыңғыр. Жер шарында мән-мағына мен құндылықтардың мылтықсыз майданы күн сайын жүріп жатқан қазіргі кезде тарихи жадыны сақтап қалу – жалпы өзіңді-өзің сақтап қалудың жалғыз жолы», – деді Марат Тәжин.
Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы өз сөзінде мынадай мәселелерді көтерді. Бі­ріншіден, Ұлттық тарих қоғамдық ғы­лымдардың арасында орталық буынға айналуға тиістігін. Екіншіден, біз сапалық жаңа деңгейде Қазақстан тарихының ортақ тұжырымдамасын жасап шығуға тиіспіз. Ол тұжырымдама бүкіл әлемдік тарихпен тығыз байланыста болуға, Қа­зақстанның аса ауқымды тарихи үдеріс­тердегі, олардың өзара байланысы мен ғы­лыми кезеңдену жүйесіндегі орнын анық көрсетуге тиістігін. Үшіншіден, Қазақстан туралы біздегі және шетелдердегі тарихи материалдардың барлығын жинауға, жүйелеуге және жіктеуге баса көңіл бөлу қажеттілігін. Сондықтанда біз тарихи артефактілердің (бұл қазіргі заман тарихына да қатысты) барлық негізгі шетелдік қоймаларын ұқыпты зерттеуге, сон­дай-ақ ол тарихи материалдарды Қа­зақстанға қайтару мүмкіндігі жөніндегі мәселені қарауға, егер ондай мүмкіндік болмаса – олардың көшірмесін жасатып, болашақта зерттеушілер мен жалпы жұртшылық үшін қолжетімді етуге баса назар аударды. Төртіншіден, сіздердің на­зарларыңызды орталықазиялық номадтық өркениетті зерттеудің маңыздылығына ерекше аударғым келеді, қазіргі таңда ол өркениеттің сақтаушысы қазақ этносы болып отыр. Қазақ этносының археоло­гиясын, антропологиясын, этногра­фия­сын, фольклорын, мәдениеті мен дәс­түрлерін зерттеуге күш сала отырып, қазақтардың номадтық өркениетін зерттеу саласында ғылыми және ғылыми-қолданбалы зерттеулер бағдарламасын дайындауды тапсырды. 
Бізге Орталық Азия өңірінің тарихы мен тұтастай алғанда жалпы тарих туралы өзіміздің, ұлттық пайым-түсінігімізді қалыптастыра бастау мәселесін қарастыру керектігін. Бесіншіден, тарих бойынша сапалы оқулықтар даярлау мәселесі күн тәртібінен түспей тұрғандығын атап көрсетті.
Соңғы екі жыл бойы жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихын оқыту бағдарламасын қысқарту немесе тіптен алып тастау туралы қозғалып жүрген пікірлер көпшілікті алаңдатқаны белгілі. Кеңейтілген отырыста Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруға байланысты шараларды айқындаған маңыз­ды баяндамасы тарихшылар қауы­мын ғана емес, барша жұртшылықты алаң­датқан күдіктерді сейілтіп, оқы­тушылар мен ғалымдарға, жалпы қо­ғамтанушыларға жаңа серпін беріп отыр.
Қазақстан тарихын оқу жүйесінен қыс­қартуға болмайды. Біз мемлекеттіміз­дің одан әрі дамуы үшін ұлттық тарихымыз бен өткенімізді зерделемей оны жоғары оқу орындарында оқытпай, мықты мем­лекетке айнала алмаймыз. Қазақ халқының кеңестік дәуірде тарихи танымы өзгеріске, тіпті дағдарысқа ұшырады. Ұлттық тарихты жасауды, ұлттық санамызды қалып­тас­тыруды енді ғана қолға алдық. Ал осындай кезде білім жүйесінде Отан тарихын қысқарту – мемлекеттігімізге сын. Елі мен жерін сүйетін қазақстандық жастарды даярлаймыз десек, онда оқытуды жаңа сапалық дәрежеге көтеруіміз керек. Ол үшін ғалым мен оқытушы әдіскер бірлесе отырып әр жас деңгейіндегі балалардың ерекшеліктеріне сай оқулықтар жазуы қажет.
Қазіргі ЖОО оқытушыларының ал­дында тұрған басты міндет – егеменді еліміздің тірегі – білімді ұрпақ тәрбиелеу. Үшінші мыңжылдықтың басында ақпараттық кезеңге қадам бастық. Білім беру мемлекеттік стандартының тұ­жы­рымдамасында айқын көрсетілгендей, қоғамымыздың жаңа әлеуметтік тап­сырысы, өз кезегінде оқу бағдарламаларын өзгертуді, оқытудың жаңа технологияла­рын енгізуді көздейді.
Ұлттық тарихты халық игілігіне ай­налдыруымыз қажет. Ол үшін жаңа әдістерді қолдану керек. Әсіресе, тарихтың ақтаңдақтарын терең зерттеу қажеттігі байқалып отыр. Кез келген мемлекеттің негізгі тірегі және басты байлығы сол елді құраған халқы болып табылады. Ал сол халықтың алға қарай адымдап дамуында тарих ғылымының алар орны ерекше. Себебі тарих халықтың өзін-өзі тануына жәрдемдесіп, ұлттық намыс, ел бірлігі және мемлекеттік мүдде деген ұғымдарды қастерлеуге, ұлттық құндылықтарды сақтауға үйретеді. Ұлттың шынайы тарихы ұлттық идеологияның қалыптасуының да негізгі қайнар көзін құрайды. Сондықтан тарихи білім беруге үздіксіз көңіл бөлінуі қажет.
Қазақ халқының ғасырлар бойы аң­саған тәуелсіздікке жеткеніне жиырма екі жылға жуықтады. Осы мерзім ішінде саяси, экономикалық, қоғамдық өмірде және әлеуметтік салада күрделі өзгерістер орын алуда, қазақстандықтардың өмірінде алға басушылықтар байқалып, өтпелі кезеңнің көптеген келеңсіз құбылыстары артта қалуда. Халқымыздың осы бостан­дығының беріктігі, еліміздің саяси дер­бестігі, оның экономикалық дамуы және әлеуметтік өркендеуімен тікелей байла­нысты. 

Алмас ӘБСАДЫҚОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы:


АЛҚАЛЫ ЖИЫННАН КЕЙІН ТУЫНДАҒАН САУАЛ
– Бұл елдік мәселені көтерген алқалы отырыс болды. Бас баяндамашы мемле­кеттік хатшы Марат Тәжин қазақ тарихы ғы­лымының келелі мәселелерін көтерді. Қауіпті тенденцияға айналып бара жатқан көріністер айтылды. Сондай-ақ дерексіз (первоисточник), құжатсыз, тарих жазу­шы­лардың қатары көбейгендігі де аталып өтті. 
Биыл атақты хан Абылайдың 300 жыл­дық мерейтойы аталып өтпек. Дайындық жұмыстары басталып, түрлі іс-шаралар, ғылыми конференциялар өткізіліп жатыр. Абылайтану қайта бір жандана түскендей. Дегенмен де әлі де айқындала түсетін тұстар баршылық. Осы орайда, «Айқын» газеті арқылы Абылай тарихындағы кейбір мәселелерді жұртшылыққа нақты сауал қою арқылы айқындап алғанды жөн санап отырмыз. Мұндай бастаманың түренін алғаш салғандар – ХХ ғасырдың бас кезін­дегі Алаш зиялылары еді. Мысалы, Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетінің бетінде Шәкә­рімнің «Қырғыз-қазақ һәм хандар ше­жі­ресі» туралы мақала жазып, оқырмандар­дан «Алашы» деген сөздің қалмақ тіліндегі мағынасын сұрастырады. Оған сол газеттің бетінде Халел Досмұхамедұлы жауап ре­тінде «Алашы» сөзінің қалмақ ара­сын­дағы мағынасы туралы мақала жазады.
Осы дәстүрге және мемлекеттік хатшы Марат Тәжин қатысқан алқалы жиында қазақ тарихына қатысты көтерілген мәсе­лелерге сүйене отырып, тарихшы ғалым­дарға, сондай-ақ қазақ тарихының біл­гір­леріне, оқымыстыларға мынадай нақты сауалды тастағым келеді: «Абылайдың шын есімі Әбілмансұр деп айтылып та, жазылып та жүр. Осы есім ХVІІІ ғасырдағы Ресей, Қытай, Орта Азия хандықтарының жазба деректерінде кездесе ме? Кездессе, қандай құжат, кім жазып алған, қай жерде сақталған?»
Кісі сауалды нақтылау, шындыққа көз жеткізу, күмәннан арылу мақсатында қояды. Жасыратыны жоқ, өз басым атақты ханның есімі «Әбілмансұр» деп көрсетілген Абылай заманындағы құжатты кездес­тір­медім. Сондықтан күмәнданамын. Ал кө­кейімдегі сұрақтар мыналар: 
1. ХVІІІ ғасырдағы Ресей және Қытай, Орта Азия хандықтарының деректері (Абылай хан бұл елдермен тығыз қарым-қатынас орнатқан еді) қазақ тарихшылары тарапынан біршама сүзілді, бірақ Абылайдың «Әбілмансұр» есімі неге осы уақытқа дейін кездеспей жатыр? 
2. Абылайдың тікелей ұрпағы Шоқан Уәлиханов зерттеулерінде неге «Әбіл­мансұр» есімі аталмайды?
3. Абылайдың хандық мөріне неге «Әбілмансұр» деп таңбаланбаған?
4. Қожа Ахмет Йассауи кесенесіне (мұ­сыл­мандық тәртіп қатаң орныққан жер) жерленген Абылай хан құлпытасында Әбілмансұр есімі неге жазылмаған? (Жал­пақ жұрт Абай деп таныған ұлы ақынның көктасына Ибраһим деген шын есімі, қазақ-орыс Шоқан деп таныған атақты ғалымның көктасына Мұхаммед-Қанапия есімінің жазылғандығын еске түсіріңіз).
Күмәнды тарқатар құжат болса, қазақ тарихы тағы бір құнды жазба дерек көзімен толықтырылар еді. Ендеше, орта кеңейсін, тарих толсын!


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз