Басты бет Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Дінтану Экстремизм мен терроризмге қарсы тұрудағы дәстүрлі діндердің мүмкіндіктері

Экстремизм мен терроризмге қарсы тұрудағы дәстүрлі діндердің мүмкіндіктері

21 Тамыз 2013
48
0

Экстремизм мен терроризмге қарсы тұрудағы дәстүрлі діндердің мүмкіндіктері

2011 жылға дейін Қазақстан діни пиғылдағы экстремизм мен терроризмнің шу тудырарлық көріністерінен аулақ болып келді. Бірақ біздің айналамызда мұндай актілер болды және аз болған жоқ. Бұл саладағы сыртқы ықпалдың әлеуеті болып келді және ол жоғары күйінде қалып отыр. Оған қоса, әлеуметтік-саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларда ішкіқазақстандық мәселелер баршылық. Қомақты деңгейде мәдениет, әсіресе дәстүрлі мәдениет бұзылды, руханилық пен адамгершілік деңгейі құлдырады. Осының бәрі жинақтала келе радикалды топтар тарапынан құқық бұзушылық көріністерін Қазақстан Республикасында да мүмкін етті. Бұл әрекеттерге діннің қаншалықты тартылғаны – басы ашық мәселе. Экстремистер өздерін «таза исламның» жақтастары ретінде көрсетеді, бірақ олар оның идеологиясымен, тіпті ханафилік мазхаб пен салафи арасындағы догматтық айырмашылықтармен таныстығы екіталай. «Исламнан шыққан экстремистердің» ең кең таралған дәлелі – Қазақстан мұсылмандарының басым көпшілігінің исламды ұстанудағы жалғандық сипаты – оларға теракт жасауға құқық бермейді. Сондықтан бұл жердегі діни дәлел ойдан шығарылған. Әлеуметтік әділеттік үшін күрес – террорлық актілерді ақтаудың екінші кең таралған дәлелі – бейбіт халықтың арасында құрбандықтар болмауы тиіс және сондықтан терактілер мұндай күрестің құралы емес. Террорлық актілерге ұласқан қарсылықтың интегративті сипаты діни риторикаға жүгінуге мүмкіндік береді, бірақ ол да жасанды. Дін терроризмді тудыра алмайды, қайта керісінше: ол көнбістікке, саяси бағыныштылыққа, мемлекетпен әлеуметтік ынтымақтастыққа үйретеді. Дін төзімсіздіктің және тіпті озбырлықтың жалғыз формасын ғана мойындайды – өз күнәларыңа деген төзімсіздік. Алайда, лаңкестер мен содырлар дінді жамылғы етеді және өз әрекеттерін діни дәлелдермен негіздеуге тырысады. Қазақстандық қоғам діни пиғылдағы экстремизм мен терроризмге мынадай бірқатар бағыттар бойынша қарсы тұруға қабілетті:- бұл қарсы тұруды, ең болмағанда ел дамуының қазіргі кезеңінде, ұлттық қауіпсіздіктің басымдылығы ретінде қарастыру; - күштеу және алдын алу әдістерін қосақтай отырып экстремизм және терроризммен жүйелі түрде күресу; - бұл құбылыстарға қарсы әрекетті ғылыми-сараптамалармен күшейту; - лаңкестер мен содырларды қоғам тарапынан қолдаудан айыру, экстремизм мен терроризм көріністеріне деген төзімсіздік атмосфе- раны қалыптастыру; - терроризмге қарсы әлемдік қауымдастықпен бірігіп күресуде өзіміздің ұлттық мүддемізді ұмытпау; - жастарды гуманизм мен патриотизмнің зайырлы ұстанымдарында тәрбиелеу, ал бұл дін ұстану бостандығына мүлдем балама бола алмайды; - әлеуметтік мемлекет құру, яғни біздің Конституциямыз- да жазылғандай және «Нұр-Отан» партиясының XIV съезінде ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев мейлінше көп айтқан әділетті әлеуметтік құрылым идеясын жүзеге асыру. Экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет етудің тағы да бірқатар формалары бар, бірақ біздің конференциямыздың тақырыбына сәйкес, бұл қарсы әрекеттегі дәстүрлі діндердің (бұл ұғымның шарттылығын еске алмағанда) рөліне көңіл аударамыз. Бұл бағытта діндер тікелей де, жанама да жолмен әрекет ете алады. Тікелей алғанда – діндарлардың және жалпы барлық адамдардың санасына, зердесі мен ар-ожданына әсер етеді. Жанама түрде азаматтарға қамқор болу міндеті, қоғамдағы әділеттіліктің белгілі бір деңгейін сақтау, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру, адамдардың материалдық және рухани дамуына мүмкіндіктер беру туралы билікке ескерту арқылы ықпал етеді. Діни пиғылдағы экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет етудегі дәстүрлі діндердің мүмкіндігі, нақты айтқанда немен сипатталады? Біздің ойымызша мыналармен сипатталады: - діни ағартушылықпен, адамдарды сенімге, жақындарына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеумен, адам өмірінің шартсыз құндылығын түсінумен, қоғамды адамгершілікке тәрбиелеумен; - діндарлардың экстремизмге идеялық қарсы тұруын талап ету- мен; - өз ізбасарларына экстремист болуға тыйым салумен; - содырлықтың Құдайға, Аллаһқа деген сеніммен үйлеспейтіндігін күнделікті сенімді түрде дәлелдеумен; - әділеттілік идеясын діни негіздеумен және бұл идеяны дінде жүзеге асырумен; - мемлекетпен бірлесе отырып әлеуметтік қызметті белсенділендірумен; - кеудесін кек пен өкініш кернеп, теракті жасауға дайын адам- дарды жұмсартумен. Сөйтіп, ақырында, ең маңыздысы, экстремизм мен терроризмге қарсы әрекеттегі дәстүрлі діндердің істей алатыны – бұл бейбітшілік, халық, билік туралы дұға оқу. Экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет етуге тек дәстүрлі діндер ғана қабілетті деу артық, оған «дәстүрлі емес» деп аталатын діндер де көмектесе алады. Бұл қарсы әрекетте, бірақ тоталитарлық және экстремистік діни ұйымдардың (әрине олардың тоталитарлығы мен экстремизмі дәлелденген жағдайда) көмегінен аулақ болу керек. Саяси алаңда діни пиғылдағы экстремизм мен терроризмнің болуымен байланысты бүкіл мәселені терең ұғыну үшін исламның саясилануы үдерісі деген феноменді қарастыру керек. Исламның едәуір саясилануын түсіндіру үшін көбіне ислам тарихының бастапқы кезеңдеріндегі зайырлы және діни биліктердің ең әуелгі бірігуі туралы дәлелге иек артады. Яғни исламның саясатқа практикалық және, тіпті кейде қатаң қағидалық деңгейде принципиалды және концептуалды тартылуын дәлел қылады. Ислам дамуының ертедегі кезеңінде зайырлы билік пен діни биліктің бірігуі шынында орын алды. Ол Мұхаммед пайғамбардың жоғары беделімен және қауымның тайпалық сипатымен ақталды, мұның өзі діни және зайырлы билікті ешқандай қиындықсыз біріктіруге (халифат формасында) мүмкіндік берді. Алайда пайғамбар қайтыс болған соң ислами араб қоғамдарында билік зайырлы (эмират) және діни (имамат) деп бөлінді. Ислам әлемінде биліктің қалаулы формасы саналған кейінгі басқарушы халифтер ислам факторының қатысы көбірек немесе азырақ болған мемлекеттегі зайырлы билеушілер болды. Бүгінгі күні исламның атынан діни және зайырлы биліктерді біріктіруді (оның үстіне кез келген зайырлылық элементін біртіндеп ығыстырумен) талап ету әдепті емес. Оның үстіне зайырлы мемлекетте. Сондықтан қазіргі кезеңде исламның саясилануын ақтау үшін биліктің аталған бұтақтарының әуел бастапқы дәлелін алға тарту ақылға сыймайды. Бүгінгі исламның саясилануы – бұл мүлдем діни емес, саяси жоба. Және оған оған дәл осылай саяси жоба ретінде қарау керек, яғни билікті атқарудың тарихи тұрғыда игерілген формаларын қайта тірілту кімге және қандай мақсатта керек болғанын анықтау қажет. Бүкіләлемдік халифат идеясы бүгін өмір сүруге қабілетсіз, бірақ ол идея жүзеге асырылуды мақсат тұтпайтын да тәрізді. Ол идея барынша кең саяси кеңістікті «жаулап алу» үшін турашыл төрт халифтің дәуіріне қайта оралу талабын мейлінше бұқаралық сипатқа айналдыру мақсатында ұсынылды. Және бұл исламистердің қолынан келеді. Бұл, өз кезегінде, экстремизм мен терроризмге (экстремизмнің шектен шыққан формасы ретінде) деген пиғылды қоздырады. Сондықтан біздің жағдайымыздағы (Орталық Азия елдеріндегі) діни пиғылдағы терроризмге әкелетін бүкіл үдерісті былайша сипаттауға болады: ислам – исламның саясилануы – ислами идеологиялар – экстремизм – терроризм. Терроризмді исламмен байланыстыру мүлдем дұрыс емес, ислам анықтамасы бойынша ол – бейбітшілік діні, бірақ оқиғалар жоғарыда келтірілген кестемен жүргенде біз ең «соңынан» терроризмді көреміз. Алдымызда барынша маңызды міндет тұр – дінді діни пиғылдағы терроризмнен «ажырату». Бұл міндетті шешу үшін терроризмнің діни пиғылының мүмкіншілігі жоқтығын көрсету керек, діни догматтар мен террор идеясының қосылуы мүмкін еместігін дәлелдеу қажет. Діннің бейбіт, гумандық сипатта болатыны және оның терроризммен байланысы жоқтығы туралы тезисті жауыр болғанша қайталай беруге болады, бірақ оның нәтижесі болмайды: содырлар өз әрекеттерін ақтау үшін дінге сілтеме жасап келсе, әлі де сол сілтемесін жалғастыруда. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы жергілікті ха- лыққа түсінікті тілде исламның догматикасы мен практикасынан ешқашан да исламистік топтардың құқық бұзушылық әрекеті туындамайтынын түсіндіруі тиіс. «Хизб-ут-Тахрирға» қарсы фәтуа жариялау мен салафиттерге тыйым салуды талап ету аз, исламның бейбіт мәні туралы уағыз айту да жеткіліксіз. Қазақстанның жетекші ислами дінтаушылары мен ең танымал имамдары лаңкестер мен содырлардың исламға қарсы әрекеті туралы БАҚ-да үлкен таралыммен мақалалар тізбегін жариялауы керек, ал ең жақсысы, осы мәселе бойынша әлемнің ең озық үлемдерінің ұстанымдарын өз мақалаларында көрсетіп, оларды да қазақстандық БАҚ-да шығаруы қажет. Қазақстандағы дәстүрлі діндердің бірі – ханафилік мазхабтағы сунниттік исламның дүр сілкіндірер салмақты дауысы осымен сипатталуы керек. Тағы да қайталаймыз, исламның бейбітшілік сипаты туралы жалпы пайымдаулардың қажеті шамалы, діни пиғылдағы террорға қарсы догматтық деңгейде дәлелді де қарапайым уәждер керек. Мұны істеу мемлекеттің де, Діни істер жөніндегі агенттіктің де, күштеу органдарының да қолынан келмейді. Мұны тек білімді имамдар және, әрине, мүфти істей алады, басқаша айтқанда бұл талап ҚМДБ-на қатысты. Құраннан, сүреден сілтемелер бере отырып, террордың исламмен үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны түгілі, оған исламның тыйым салғанын көрсету керек. Неге радикалды уағызшылар (Құранды бұрмалай отырып) адамның санасын теракт жасауға дайын етіп шығарады да, ал «сабырлы исламның» атынан сөйлейтін имамдар Құранды ашық және дәл тәфсірлей отырып, бұл бұзылған сананы тазарта алмайды? Неге олай? Мәселе сауатсыздықта ма, әлде адамдармен жұмыс істеуді қаламауда ма? Әлде басқа бір нәрсе бар ма? Аймақтағы исламдық радикализмнің таралуымен байланысты ахуалдың соншама қауіпті көлемге ие болуы Орталық Азия елдеріндегі исламдық жетекшіліктің қабілетсіздігінің салдарынан сияқты көрінеді. Аймақтағы ислам үмбетінің ресми көшбасшылары радикалдармен пікірталасқа түсуден, радикализм идеяларын айқын әрі негізді сынайтын күнделікті уағыздан бойын аулақ ұстады. Имамдар әлеуметтік және экономикалық сипаттағы өткір мәселелерді көтеруден қорқады, ал бұл сұрақтарға жауап бере отырып, оны ислам радикалдары белсенді пайдаланады, сөйтіп, өз жақтастарының санын арттырады. Орталық Азияның діни көшбасшылары діни уағыздың бастамасын өз қолдарына алуы керек. Оның ішінде жихад ұғымын, «нәпсінің жихады» мен «қылыштың жихады» айырмашылығын кеңінен әрі жеткілікті түсіндіруі керек, бүгінгі күні радикалдар дәл осы ұғымды белсенді саудаға салып отыр. Содырлар әуел бастан бәріне дайын емес. Ал олар дайын болған кезде, олармен жұмыс істеу, көзқарасын өзгерту қиын болады. Бұл – арнайы қызмет әрекетінің саласы. Бірақ олардың озбырлық  дүнетанымы енді қалыптасып келе жатқан кезең бар. Дәл осы кезеңде дәстүрлі діндердің адам бойында жағымды қасиеттерді тәрбиелеуге, оны рухани орнықтылыққа даярлауға, радикализм уағызшыларының жалғанын тани білуге үйретуге қабілетін барынша көрсетуі тиіс. Дәстүрлі діндердің бұл әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Экстремизм мен терроризмге дәстүрлі діндердің қарсы әрекетіндегі осы және басқа да шаралардың (бұл тұста уақыттың шектеулілігіне байланысты қарастырылмаған) жүзеге асырылуы Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстанда экстремистік әлеуеттің бәсеңдеуіне ықпал етеді. Қорыта келе, біздің тақырыбымызға тікелей қатысы бар бірқатар пайымдарымызды қысқаша түрде баяндаймыз. Діни терроризмге тиімді қарсы тұру үшін діни пиғылдағы терроризмді діни пиғылды терроризмнен, қылмыскерліктен, кәдуілгі қарақшылықтан ажырата білу керек. Бұны істеу қажет, өйткені бұл әртүрлі құқыққа қарсы формалармен әрқилы, әртүрлі құралдармен күресу керек. Бүгінгі күні террористер үшін өздерін әділетсіздік үшін күрескер ретінде көрсету қолайлы әрі сәнге айналып отыр. Және мұның барысында исламдық шешендік пайдаланылады. Исламның әділеттілікті талап ететіні белгілі, оның үстіне христиандықпен салыстырғанда, ислам әділеттілікті «осында және қазір» жүзеге асырылуын талап етеді. Сондықтан радикалдар әділеттілікті жүзеге асыру үшін күресу қажеттілігін «дәлелдей» отырып, Құранды бұрмалап түсіндіруге ұмтылады. Қашанда мұның артында исламнан алшақ, сенімнен аулақ мақсаттар мен міндеттер тұрады. Бұл өзін ақтағанымен, қашанда қарақшылық. Исламдандыру үдерістерінде жаңасаяси ауқым да бар. Орталық Азияның тұрақсыздығына қазіргі геосаясаттың көптеген ірі субъектілері мүдделі. Қарсылық әлеуетінің бар екенін пайдалана және шетелден енген радикализмнің ұшталған формаларын қолдана отырып, бұл «ойыншылар» қақтығыстарды желіктіріп, кейін оларды басқара отырып қарсылық әлеует пен радикализмді бөлшектейді, осылайша жаһандық геосаяси мақсаттарына жетеді. Аймақтағы бар саяси, әлеуметтік, экономикалық мәселелерді шешу қажет. Олардың дәл осы шешілмегендігі діни радикалдарға дәлел болады. Аймақ үшін ең өзекті деген мәселелердің шеңбері баяғыда-ақ сызылған: жемқорлық, әлеуметтік әділеттіліктің жоқтығы, жастар арасындағы жұмыссыздықтың орасан зор көлемі, «әлеуметтік жеделсатысының» жоқтығы, демократиялық институттардың әлсіздігі. Аталған мәселелерді шешу діни пиғылдағы экстремизм мен терроризммен күрестің ең тиімді нысаны болып табылады.

Анатолий Косиченко

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз