Басты бет Қазақстан тарихы Кеңестер Одағы құрамындағы Қазақстан Қазақстан соғыстан кейінгі жылдарда (1946-1970 жыл) Тірісінде аты аңызға айналған тұлға

Тірісінде аты аңызға айналған тұлға

21 Тамыз 2013
76
0

  Қазақ халқы жерін,ұлтын қорғаған,елінің ар-намысына айналған азаматтарын   әрқашан ілтипатпен еске алып ұрпағына үлгі етіп отырған. Кеңестік дәуірде ұлтымызға рухани тірек болған осындай тұлғаның бірі – Жұмабек Ахметұлы Тәшенов. Қайраткер туралы тарихта әлі жазылмаса да Қазақстанның өткен ғасырдың 50-60 жылдарынан бастап халық зердесінде орын алған айтулы тұлға. Оның ерліктерін көзімен көріп куә болған ағаұрпақ, Оның тарихтағы еңбегін енді біліп жатқан кейінгі буын өкілдері аңызға айналған қаһарманның рухына бас иеді. Бұл айтулы тұлғаның ерлігін республика халқына насихаттап жүрген Хайдар Арыстанбеков, Сағадат Нұрмағанбетов, Сағындық Кенжебаев, Ғарай Сағымбаев, Керімбек Сыздықов, Кәрішал Асанов, Ұлықпан Бәшенов, Амантай Кәкен, Мейрам Байғазин, Жолдыбай Базаров т.б. ғалымдар мен қаламгерлер Жұмабек Ахметұлының еңбектерін ұлтына танытуға көп еңбек сіңіруде. Ұлтжанды азаматтардың араласуымен Жұмабек Ахметұлы туралы мерзімді баспасөз беттерінде бірқатар естеліктер, зерттеу материалдары жарияланып, Алматыда, Оңтүстік Қазақстан облысында бірнеше кітаптар жарық көріп, «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясына өмірбаяны жазылды. Шымкентте, Астанада көшелерге есімі берілді. Бірақ 80 және 90 жылдық мерей тойларының республикалық деңгейде емес, өзі қызмет еткен Оңтүстік Қазақстан облысында ғана аталып өтілуі көңіл көншітпеді. Бұл барлық қазақтың бағына туған батырға лайықты құрмет көрсете алмағандық деп ойлауға болатын іс. Ж.Тәшеновтің туған жері Ақмола облысының және Астана қаласының осы азаматты білетін, бірге қызмет еткен, шарапатын көрген, араласқан аға буын қазақ азаматтары Ж.А.Тәшеновтың 80 және 90 жылдықтары кезінде үнсіз қалды. Ал, қайраткердің білмейтін жастарға әрине өкпе жоқ.

  Ж.А.Тәшенов туралы деректер жинап, халыққа насихаттап жүрген журналист Жолдыбай Базаров «Қазақ даласы дүрбелеңге толы XX ғасырдың басында өзін қорғау үшін тағы бір ұлын өмірге әкелді де, арынды айбат, абдырауды білмейтін ақыл, зеректік пен зейінділікті, кемеңгерлікті Күн нұрымен, Арқаның керімсал самалымен бойына сіңірді де, күрес алаңына аттандырып салды. Сол бір аумалы-төкпелі кезеңде балалықтың еркелігін, жастықтың желігін жүрегінен ерте ысырып, бесіктен белі шықпай жатып, жасанып жауға аттанған Алпамыс батырдың заңды жалғасындай атқа қонған азаматтардың бірі, әрі бірегейі Жұмабек Ахметұлы Тәшенов еді»,- деп қаһарманның қазақ тарихындағы рөлін әсерлі, бейнелі оймен бедерлейді. 
Енді жас оқырмандар үшін өзіміз әңгіме еткелі отырған Ж.Тәшеновтің ғұмырдерегіне қысқаша тоқтала кеткеніміз жөн болар.
  Ж.Тәшенов – мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының кандидаты, КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. 1934-1939 жылдары Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында шаруашылық, кеңес және жауапты партия жұмыстарында болған. 1952-1955 жылдары Ақтөбе облыстық партия комитетінің 1-ші хатшысы, 1955-1960 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы, 1960-1961 жылдары Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған азамат. 
  Ж.Тәшенов республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақтық тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңіреді. Маңғыстауды Түркіменстанға қосу жөнінде ұсыныстарға тойтарыс берді. «Тың өлкесіне» біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. Шығармашылық одақтар өкілдеріне үй – пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында «қазақ ауылын» құрды деп айыпталды. «Қазақ әдебиеті» газетін жабудан, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетін орыс тілінде жарық көретін «Казахстанская правда» газетінің аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалды. Қайраткер «ұлтшыл» деп айыпталып, Н.С. Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылады. Қызметі төмендетіліп 1961-1975 жылдары Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Өмірінің соңғы кезеңінде «Қаракөл» ғылыми-зерттеу институтында, Оңтүстік Қазақстан облыстық талдау-есептеу орталығында қызмет атқарды. «Ленин», «Еңбек», «Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған», - деп «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының 8-ші томында қысқаша мәліметтер берілген.
Осы мәліметтерді толықтырып, таратып айтсақ, Жұмабек Ахметұлы 1915 жылы 20 наурызда Ақмола облысының Аршалы ауданындағы Ново-Александров селосында (қазақша атауы Танакөл) ауылында дүниеге келген (Ол бұрынғы Целиноград облысы, Вишнев ауданына қарасты елді мекен, ал тәуелсіздік алғаннан кейін бұл елді мекеннің атауы «Жібек жолы» деп өзгертілген-авт.). Осы ауылдағы мектепте білім алған соң оқуын Ақмолада құрылыс техникумында жалғастырады. Зеректігі, еңбекқорлығы, алғырлығы, қазақ және орыс тілдерін еркін білетіндігінің арқасында басшылардың көзіне түсіп ауылдық, кейін Вишнев, Нұра аудандық атқару комитеттерінде жауапты хатшы болып еңбек етеді. ХХ ғ. 40-50 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы аудандарында жер бөлімінің бастығы, облыстық партия комитеті хатшысының орынбасары, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарды.
  Одан кейін жоғарыда айтылғандай Ақтөбе облысында бірінші басшысы болып еңбек етеді. 1955-1960 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы, 1960-1961 жылдары Қазақ КСР Үкіметін басқарады.
  Кейін Мәскеудің шешімімен лауазымды қызметінен алынып Шымкентке облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары етіп жіберілді. 14 жыл осы облыста еңбек етіп, өмірден озғанда осы шаһарда жерленеді. 

  Армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетов: «Ж.Тәшенов қандай қызметте болса да ең алдымен өз елінің мақсат-мүддесінен шығатын, халықтың жағдайын ойлайтын, ұлттық мәселелерді КСРО басшыларының алдында тайсалмай қоятын. Жүрегі қазақ деп соғатын біртуар азамат еді», - деп бағалаған. Ұлы Отан соғысы кезінде тылдағы жұмысты  ұйымдастыру үшін «броньмен» басшылықтағы бірқатар адамдар әскерге алынбаған. Кейін броньмен қалғандардың көпшілігі жоғары орындарда қызмет атқарады. Осындай жолмен Жұмабек Ахметұлы да соғысқа қатыспаған. Ол қарамағындағы қызметкерлеріне үнемі: «Біз броньмен соғысқа бармай қалдық қой. Қабылдауымызға келген соғыс ардагерлерінің өтініш-тілегін жерге тастамайық, олар от пен оқтың астынан келді», - деп ескертіп отырған. Қайраткер Солтүстік Қазақстан облысында басшылық қызметте жүргенде соғыстан оралғандарға және соғыста құрбан болғандардың отбасыларына көрсеткен қамқорлығы жайлы облыста көптеген таң қаларлық әңгімелер айтылатын. 
  Сағадат Нұрмағанбетов Жұмабек Ахметұлының жоғары адамгершілік және ұлтжандылық бір қасиетін ілтипатпен былай деп еске алады. 1945 жылы соғыс аяқталғаннан кейін Берлиннен елге демалысқа келе жатқанда Мәскеу-Петропавл поезында Ж.Тәшеновпен танысады. Жөн сұрасып Кеңес Одағының Батыры екенін білгенде ол қатты қуанады. Петропавл қаласына келген соң үйіне апарып, қонақ етіп сыйлап жолына шығарып салады. 
Олардың екінші кездесуі он жылдан кейін Алматыда болады. С. Нұрмағанбетов ол кезде мотоатқыштар полкінің командирі болатын. 1955 жылы 7 қарашада (7 қараша – Кеңес мемлекетінің құрылған күні мерекесі –авт.) оған Алматы гарнизонының әскери парадын басқару жүктеледі. Республика басшыларының бірі қызметінде жүрген Ж.Тәшенов парадтан кейін қасына келіп, әскери шерудің өте жақсы әсер қалдырғанын айтып, мұндай әскери парадты республика тарихында тұңғыш рет қазақ азаматының басқарғанына ерекше толғанып тұрып баға берген.
Қайраткер жөнінде профессор Мұқаш Елеусізов жас кезінде Ж.Тәшеновтен көрген бір жақсылығын былай еске алады: «Соғыстан кейін Солтүстік Қазақстан облыстық комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқарып жүргенмін. Үйленгенмін, жұбайымыз екеуміз қарт әке-шешемізбен тар үйде тұруға мәжбүр боладық. Бұл жағдайды кездейсоқ білген Ж.Тәшенов оған 4 жыл соғыста болған майдангер ретінде кезексіз үй бергізеді». 
  Халық жадында Ж.Тәшеновтің республика экономикасының барлық саласын жетік білетін, шаруашылықты талантты жүргізетін ұйымдастырушы, іскер басшы екендігінің көптеген мысалдары бар.
Тың игеру кезінде Көкшетау облысында совхоз директоры болған Ф. Моргун 1957 жылы совхоз тұрғындары жер астында тұщы су болса да қажетті құралдың болмағандығынан 20 шақырым жерден суды тасып ішіп қиналып жатқанда Ж.Тәшенов келіп бір аптаның ішінде Армениядан скважина арқылы су тартатын компрессор алғызып беріп су мәселесін шешіп бергенін ризалықпен жазады. 
  Ж.Тәшенов Шымкент облысында атқару комитеті төрағасының орынбасары кезінде, күзде Түркістан аймағының мақташылары мақта тазарту зауытында су мақтаны кептіруге отын таба алмай қиналып жатқанда сол ауданға уәкіл болып барған Ж.Тәшенов Қарағанды облысының басшылығымен хабарласып қажетті 1,5 мың тонна көмірді жеткіздіріп береді. Соның арқасында аудан мақта дайындау жоспарын 102,7 пайыз орындайды. Сонымен қатар Жұмабек Ахметұлы Түркістандағы Қ.А.Яссауи кесенесінің жанында топырақпен көміліп жатқан шығыс моншасын қалпына келтіріп іске жаратуды жүзеге асырады. Кезінде Ж.Тәшеновтің іскерлігін, қабілетін Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы В.А.Ливенцовтың өзі мойындауға мәжбүр болған. Ол 1964 жылы Мәскеудің өкілі қатысып отырған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіндегі мәжілісте: «Н.С.Хрущев Ж.Тәшеновтың намысына тиіп, қызметінен төмендетіп бізге облатком төрағасының орынбасары етіп жіберсе де, ол өзінің таңғажайып қабілетінің арқасында Оңтүстік Қазақстандағы ең құрметті адам болып отыр»,- деп мәлімдеген. 
  Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген экономист, профессор Ғарай Сағымбаев Ж.Тәшенов республика басшылығында болған 6 жылда Қазақстанның экономикасы мен мәдениеті қарыштап алға басқанын төмендегідей деректермен көрсетеді. Осы жылдары электр энергиясы қуатын өндіру – 2 есе, мұнай өндіру – 1,6 есе, көмір өндіру – 2 есе, цемент шығару – 15 есе, мақтадан мата тоқу – 5 есе, тоқыма сырт киім шығару – 3 есе, минералды тыңайтқыш өндіру – 2 есе, аяқ киім тігу – 4 есе, ет өндіру – 2 есе, қант өндіру – 1,5 есе, мал майын шығару – 1,4 есе, өсімдік майын шығару – 2 есе өскен. Егіс көлемі – 6 миллионнан 22 миллион гектарға, ірі қара мал саны – 5,5 миллион, қой мен ешкі – 28,5 миллион басқа дейін өсті. Халық шаруашылығында 125 мың жоғары білімді, 215 мың орта білімді мамандар қызмет етті. Бес жылда 690 мың пәтер салынып, 2,4 мың кәсіпорындар мен мекемелер іске қосылады. 6140 кітапхана, 5140 клуб, 4777 киноқондырғылар, 25 музей, 19 облыстық театрлар жұмыс істеп тұрды. Сөйтіп, халықтың әлеуметтік жағдайы, тұрмыс мәдениеті айтарлықтай жақсарды.   Ж.Тәшенов жоғары қызмет бабына орай бір мезгіл Мәскеуде де басшылық жұмыс атқарып отырған. Сол кездегі тәртіп бойынша КСРО құрамындағы 15 одақтас республика Жоғағы Кеңестерінің төрағалары КСРО Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасарлары болып есептелінетіндіктен «мәскеулік төраға» демалысқа шыққанда 1 ай бойы Мәскеуге барып, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төрағасының қызметін уақытша атқарған. Мәскеуге барар бір сапары қарсаңында С. Мұқанов пен Ғ. Мүсірепов Ж.Тәшеновтен Б. Момышұлының екі рет Батыр атағына ұсынылып өтпей қалғанын, сол атақты алып беруге араласуын өтінеді. Ж.Тәшенов Мәскеуге барысымен мұрағаттан Б. Момышұлының құжаттарын алғызып танысады. Батырлыққа екінші рет ұсынылған құжаттың қорытындысында соғыс кезіндегі кейбір қылықтары кеңес офицерлерінің ар-ожданына қайшы келгендіктен Б. Момышұлына мұндай атақты беруге болмайды деп маршал Конев қолын қойыпты. Ж.Тәшенов Жоғарғы Кеңестің атынан маршалды шақырып алып мәселені түсіндіреді. Маршал Конев «Бұл туралы менің пікірімді білмек болсаңыз, мен өз өмірімде ешқашан бір айтқан пікірімді өзгерткен адам емеспін. Бұл жолы да солай қаламын»,-деп көнбейді. Кеңес Одағында үлкен беделге ие маршал Ж.Тәшеновтің осылай қолын байлайды. 
  Ж.А. Тәшенов ұлтына қарап адамдарды бөлмеген, әрқашан әділдікті жақтаған. Мәскеудегі кезекті қызметін атқару кезінде украиндық бір ғалымның «қылмысты ісі» алдына келеді. Қарт ғалымға бір жауапты қызметкерді өлтірді деген айып тағылып өлім жазасына кесіліпті, кешірім жасау туралы өтініші де қабылданбапты. «Мәскеулік төраға» - К.Е.Ворошилов демалыста болғандықтан орынбасары Ж.Тәшенов қол қоюға тиісті болады. Жоғары Кеңес қызметкерлерінің бұл мәселе К.Е.Ворошиловпен келісілген деген қарсылықтарына қарамастан, адам тағдыры болғандықтан Ж.Тәшенов өлім жазасы туралы үкімге қол қоймай түрмеге өзі барып қарт ғалымға жолығады. Кінәсіз екеніне көзі жеткен соң қайта тергеуге жіберіп ақтап қалады. Кейін кісі өлтірген қылмыскер де анықталып жазасын тартады. 
  Жұмабек Ахметұлы қандай қызмет атқарса да Қазақ елінің, ұлтының мұң-мұқтажын, абыройын, мүддесін әсте есінен шығарған емес. Осы ұлы мақсатта қара басының қамын күйттемей жоғары лауазымын да қияды. 
Ұлтжанды азаматтың ерліктерінің ішінде Қазақстанның солтүстіктегі облыстарын аман алып қалғаны ерекше тоқталуға тұратын оқиға. Кеңес елінің басшысы Н.Хрущев еліміздің солтүстіктегі 5 облысын (Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан) біріктіріп «Тың өлкесі» деген аймақ құрып оны Ресейге қосуды жоспарлайды. Өлкенің басшылығына Мәскеуден Т.И.Соколов деген өз адамын жібереді. Ол «Тың өлкесін» Ресейге өткізуге бейімдеп, Қазақстан басшылығына бағынудан бас тарта бастайды. Бұл әрекетті білген Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Ж.Тәшенов 1960 жылы күзде «Тың өлкесінің» орталығы болған Целиноград қаласына шұғыл түрде ұшып келіп, республикалық Жоспарлау комитетіне келесі жылдың бюджетіне қажет мәліметтерді әдейі бермей бассыздық жасағаны үшін Т.Соколовты қызметінен алып 24 сағаттың ішінде Қазақстаннан қуып жіберетінін және «Тың өлкесі» ешқашан Ресейге берілмейтінін қадап тұрып айтады. 
  Одан кейін Алматыда Үкімет мәжілісінде келесі жылдың халық шаруашылық жоспары қаралып жатқанда мінбеге көтерілген Тың өлкелік атқару комитетінің төрағасының бірінші орынбасары А.И.Козлов: «Жұмабек Ахметұлы! Біз сіздерден ештеңе сұрамаймыз, тек Мәскеудің бергеніне тимесеңіздер болғаны»,- деп қыр көрсетеді. Мұндай жүгенсіздікке төзбеген Ж.Тәшенов оны тоқтатып қойып: «Тың өлкесі Қазақстанның құрамында, ал Қазақстанды оның Орталық партия комитеті мен Үкіметі басқарады. Сіз сол партияның мүшесісіз. Мынадай қыңыр мінез бен істі қоймайтын болсаңыз партиядан шығарып орныңыздан аламыз. Сонан кейін баратын жеріңізге барып арызыңызды айта беріңіз»,- деп қадап айтады. Н.Хрущевтің қырына ілігіп қызметінен төмендетіліп Мәскеуден Қазақстанға жіберілген А.Козлов зәресі ұшып сол жерде кешірім сұрайды. Осылай Ж.Тәшенов Мәскеудің жіберген кеудемсоқ адамдарын тәубесіне келтіріп Қазақстаннның бес облысының берілмейтінін ашық мәлімдейді. 
  Ерлік, батырлық тек соғыста ғана жасалмайды. Өмірде ерлік жасаудың түрлері көп. Ж.Тәшенов ел тұтастығына қауіп төнгенде, бейбіт күнде ақыл-парсатымен, қайсарлығымен, ұлтжандылығымен ерліктің өнегесін көрсетіп, қазақ ұлтының намысын кеңестік жүйеге таптатпаған батырлығымено сылай халық құрметіне бөленді. 
  Жұмабек Тәшеновтің өзі Мәсекуде Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу туралы Н.С. Хрущевтың әрекетіне қалай тойтарыс бергенін былай деп еске алады: «Кешкі сағат он кезінде менің бөлмеме Д.А. Қонаев (сол кездегі Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы) телефон шалып, Н.С. Хрущевтің екеумізді шақырып жатқанын айтты. Бұрын кездескенімізде жылы шырай көрсететін мәскеулік бастық жүзінен бұл жолы қатаңдық байқалды. Сөзін бастағаннан-ақ: «Кеңес Одағындағы ұлт республикаларының жан-жақты дәрежеге жетуінің негізгі себебі ол Кеңес үкіметі мен Ұлы партиямыздың көрегендік саясатының арқасында екендігін көпшілік білсе де, әлі күнге дейін соған дұрыс мән бермейтіндер жоқ емес. Соңғы кезде Саяси Бюро мәжілісінде Қазақстанның саяси-экономикалық мәселелері сөз болғанда, бұл республиканың алға дамуына кедергі келтіріп отырған түрлі себептер бар екендігі айтылып отырады. Солардың ең бастысы – республиканы басқарып отырған кадрлардың қазіргі талапқа сай келмей отырғандығы және өзге республикаларға қарағанда жер аумағының өте кеңдігі, ал өндіріс салаларының өте көптігі. Ал енді осы жағдайларды ескере келіп Саяси Бюродағы келісім бойынша осы кедергіні тез арада шешпейінше республика алға жылжи алмайды. Кадр мәселесін кейінірек қарауға тиіспіз, қазір кезектегі және жедел шешетін мәселе – ол республиканың жер көлемі жайында болып отыр. Жолдас Қонаевпен және облыс басшыларымен пікір алысқанбыз. Бұл пікірімізді олар негізінен қолдады. Жұмабек Ахметович, енді сіздің пікіріңізді білгім келіп шақырып отырмын» - деді. Мәймөңкені білмейтін басым: «Никита Сергеевич, мен бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне қарсымын» - дедім. Менің сөзімді естісімен-ақ бастықтың беті қызарып, көзі аларып, тұтығып, маған жалтақ-жалтақ қарап тұрып қалды. Сәлден кейін: «Саяси Бюроның келісіміне қарсы шығатын сен өзің кімсің, біз саған сенім білдіріп, республиканың үкімет басшысына дейін көтердік, ал сенің айтып отырғаның мынау. Бұл мәселені сендерсіз–ақ шешеміз. Кеңес елі бір мемлекет, қай жерді қай республиканың меншігіне беру КСРО Жоғарғы Кеңесінің еркі. Бұл жай пікір алысу еді», - деп реңінен ашуының қайтқаны білінді. Сонысын пайдаланып мен халқымыздың «шешінген судан тайынбас» дегені есіме түсіп, пікірімді жалғастырдым. «Никита Сергеевич, - дедім, - егер Жоғарғы Кеңес әр республиканың жерлерін жергілікті органдарынсыз шеше беретін болса КСРО-ның және ұлт республикаларының Конституциясын жою керек қой. Ал ол Конституциялардың баптарында әр ұлт республикасы өзінің тарихи жеріне, ондағы байлығына өз меншігім деп пайдалануға құқы бар. Оны өзгертуге ешкімнің, ешбір органның құқы жоқ», - деп ойымда жүрген Ата Заңымызда жазылған баптардағы тұжырымды айттым. Сөзімді жалғастырып: «Егер бұл заңдармен санаспайтын жағдай туса, онда біз халықаралық заңды мекемелерге дейін шағым беруден тайынбаймыз, ондай құқығымыз бар»,-деп айттым. Далаға шыққан соң Д.А. Қонаев: «Әй, Жұмеке-ай, жүрек жұтқан көзсіз батырсың-ау»,-деді. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан басшылығы мен оның халқының пікірімен Н.С.Хрущев та санасуға мәжбүр болып алғашқы ойынан қайтады. Бұл сталиндік зұлматтан кейін еңсесі түскен қазақтың ұлттық рухын оятқан ерлік оқиға болды. 
   Ж.А.Тәшенов КСРО-ның басқа да басшыларымен қаймықпай, тең дәрежеде сөйлесіп, оларды мойындатып отырған. Мәселен, КСРО Қаржы министрі Б.Ф.Гарбузов мінезі жеңіл, аумалы-төкпелі, айтқан сөзінің бәтуәсі аз адам болыпты. Бірде Жұмабек Ахметұлы келесі жылдың бюджеті туралы сөйлесуге барса, министр шалқая жатып: «үнемі сұрайсыңдар, ақша жоқ» деп жөнімен сөйлеспейді. Сонда Жұмекең: «Албанияның Премьер-министрі Мехмет Шеку келсе, далаға жүгіріп шығып, есік алдында қарсы алар едің, ал Албаниядан 10 есе үлкен Қазақстанның Премьер-министрімен неге дұрыс сөйлеспейсің», -деп дүрсе қоя береді. Сөзден ұтылған Мәскеу министрі кешірім сұрап, қойған мәселесін нақтылы шешіп береді. 
  Ж.Тәшенов КСРО басшылығы қатарында шетелдерге шыққанда немесе шетелдік делегацияларды қабылауда өзінің биік ой-өрісінің деңгейін көрсете білген. Соның бір мысалын қаламгерлер Еркінбек Тұрысов пен Жолдыбай Базаров былай деп жазады:  1959 жылы 1 қазанда Қытай Халық Республикасының 10 жылдық мерекесіне орай КСРО басшысы Н.С.Хрущев бастаған делегация барады. Делегацияны ҚХР басшысы Мао Цзедун өзі қарсы алады. Әңгіме үстінде Мао Цзедун: «Кеңес Одағы сөз жоқ ұлы ел, ал біз Ұлы Қытаймыз»,- депті. Н.С.Хрущев: «Солайы солай ғой, бірақ КОКП – дүнежүзіліккоммунистік қозғалыстың авангардында келеді», - дейді. Мао Цзедун: «Бірақ Қытайда коммунистер КСРО-ға қарағанда көп қой» - дегенде Н.С.Хрущев сөзден тосылып қалады. Сонда Ж.Тәшенов «Революцияны Кеңес коммунистері жасады емес пе? Олар кейін қытай коммунистеріне көмектесті ғой», - деп тығырықтан жол табады. Бұл уәжге қытай жағы жауап бере алмай қалады. Н.С.Хрущев әңгіме біткен соң риза болып Тәшеновке: «Сен өзің марксист екенсің ғой», - депті. Келесі күні Кеңес делегациясының құрметіне қонақасы беріледі. Қонақасы кезінде араққа қызып алған Н.С.Хрущев бәрінен өзін жоғары санап орынсыз лепіреді. Бірге барған Ж.Тәшенов ыңғайсызданып Н.С.Хрущевті шынтағынан түртеді. Ол ызғарланып «тише» деп алып лепіруін жалғастыра береді. Мұны байқап қалған Мао Цзедун аудармашыға әлдене деп ақырын тіл қатады. Аудармашы Ж.Тәшеновке сыбырлап: «Сіз ұялмай-ақ қойыңыз», - депті. Осы жәйіттен кейін Мао Цзедун кеңес делегациясын шығарып салуға келмейді. Қайтар жолда Н.С.Хрущев: «Саған әлгі Мао Цзедун кеше не деді?», - деп сұрайды. Сол оқиғаға зығырданы қайнап келе жатқан Ж.Тәшенов: «Мынауыңа айт, көп ойлап, аз сөйлесін деді», - деп жауап береді. Н.С.Хрущев қызараңдап Тәшеновке сұқ саусағын безейді. 
  Садықбек Адамбеков пен Жолдыбай Базаров сияқты қаламгерлер Жұмабек Ахметұлының қазақ баспасөзінің мүддесін қорғап рухани майданда көрсеткен бір ерлігін жазады. 1958 жылы 28 шілдеде ҚКП Орталық Комитетінің бюросында «Қазақ әдебиеті» газетінің саяси бағыт-бағдарының коммунистік идеологияға сай келмейтіндігі, «озық ойлылардың» ойлап тапқан пролетариат мәдениетіне, талабына жат дүниелерді аңсап «ауруы», қазақ ұлтшылдарын төңірегіне топтастыру, «адам айтқысыз қателікке ұрындырғандығы» газеттің жабылып-жабылмауы талқыға түседі. Мінбеге сөйлеуге шығып бара жатқан газеттің бас редакторы Сырбай Мәуленов Қазақстанның бірінші басшысы И.Д. Яковлев бастаған топтың мысынан аяғын сылбыр басып, түсі қашып бара жатқанда, ешкімді көзге ілмей орынсыз ілік тауып «Қазақ әдебиетін» тұқыртып немесе жауып тастағалы келіп отырғандарға ызаланған Жұмабек Ахметұлы: «Тайсақтамай батыл сөйле!» деп жігер береді. Жұмабек Ахметұлының әлгі сөзі С. Мәуленовты сескенбей сөйлеуге итермелеп, қорытынды сөзінде былай дейді: «Қазақ халқының басынан шойындай қара бұлт кетпей-ақ қойды. Арал маңында, Бетпақдалада оба ауруына қарсы бекет бар. Ал, Алматыда ұлтшылдарды қолдан жасайтын «фабрика» жұмыс істейді», - дейді.
Ж.Тәшеновтің бір ауыз сөзі «Қазақ әдебиеті» газетін жақтаушыларды бір көтеріп тастап, мәжіліс залындағы қарсылас топты жеңіп шығуына жол ашып бергендей болады.
  Жұмабек Ахметұлы бірінші басшыға: «Иван Дмитриевич, қазақ тілінде шығатын «Қазақ әдебиеті» газеті туралы мәселе қаралып жатқанда, осы бөлімде жұмыс істейтін қазақ жолдастар неге бюроға қатыспайды?», - дейді. Оның сұрағына жауап беруді И.Д.Яковлев Қ.Оспановқа ысырады. Қ.Оспановтың орнына жауап берген Н.Иванов: «Жандосов демалыста, Ысмағұлов іссапарда, А... Шалабаев...», - дейді.
И.Д. Яковлев: «Сіз бен біз қазақша білмейміз, сонда бұл мәселені бюроға кім әзірлеген?» деп сұрайды. Н.Иванов: «Басқа сектордағы жолдастарды пайдаландық», - дейді.
  Сәбит Мұқанов: «Сонда Қазақстан Орталық Комитетінде қазақ жігіттеріне сенім жоқ деп түсінеміз бе? Осы жаңа ғана Ысмағұловты да, Шалабаевты да көрдім ғой», - дейді. И.Д. Яковлев ойланып қалады. 
Өз кезегінде Сақтаған Бәйішев газеттің ұлтшылдығын 1913 жылы шыққан «Қазақ» газетімен салыстырып, «А.Байтұрсыновтың «Қазақ» газетінің лебі аңқып тұр» - деп сөгеді.
Осы мәселеге байланысты «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан» - С.Д) газетінің редакторы Қасым Шәріпов: «Қазақ әдебиеті» газетін жабу керек, ал басқа қазақ тілді газеттерді аудармаға айналдырмаса болмайды. Егер «Социалистік Қазақстан» газетін «Казахстанская правдадан» аударып, мен редактордың орынбасары болып қол қойсам, өзіме үлкен бақыт санар едім», - дейді.   Сонда Ж.Тәшенов: «Социалистік Қазақстан» газетін ашқан да сен емес, жабатын да сен емессің, не деп отырсың өзің!», - деп басып тастайды. 
  Сөйтіп ҚКП Орталық Комитетінің бюросындағы талқылауда «Қазақ әдебиеті» газеті жабылудан аман қалып, газетті жақтаушылардың пайдасына шешіледі. Сол Ж.Тәшенов бастаған топ қызғыштай қорып, қамқор болған «Қазақ әдебиеті» газеті әлі күнге дейін ұлт тағдырын сөз етіп, елдікке шақырып жүрген газеттердің ең алдыңғы сапында келеді. Міне, осылайша Ж.Тәшенов өнер, мәдениет, ғылым саласындағы адамдарға қамқоршы болған.
  Академик Шапық Шөкиннің айтуынша Ж.Тәшенов Үкімет басшысы болған кезінде бірінші қазақ-орыс сөздігін құрастырған филолог-ғалым Хайрулла Махмудов қабылдауына кіріп, өзінің жай-күйін айтып, пәтер алуына көмек сұрайды. Сонда Ж.Тәшенов: «Мұндай адам қалай үйсіз жүр, қаладағы салынып жатқан үйлерден қалаған пәтеріңізді алыңыз, сол сіздікі болады»,-дейді. Х.Махмудов қаланың у-шуы аз бұрышынан пәтер алады. Бірақ ол жердегі салынған үйлер екі бөлмелі екен. Екі пәтерді қосуға рұқсат етілмейтін. Ал, Ж.Тәшенов: «Қабырғаны бұзып, біріктіріңдер, өзім жауап беремін», - деп бұйрық береді.
  Ақындар Хамит Ерғалиев пен Сырбай Мәуленов Кавказдағы курорта «Узбекистон» деген санаторийді көріп. «Мәскеуде де осылардың дүкендері мен ресторандары мен мұндалайды да тұрады. Бізде соның бірі жоқ», - деп налып Ж.Тәшеновке айтады. Ол «Бізде де болады», - деп ренішін басады. Кейін Есентуки деген жерде «Қазақстан» деп аталған санаторий жұмыс істейді. Көзі көргендер айтуынша, Жұмабек Ахметұлы қызметі төмендегеніне мойымай, ғылыми жұмысын жалғастырып, Мәскеуде 1962 жылы экономика ғылымы саласы бойынша кандидаттық диссертация қорғайды. Сол қорғау кезінде Н.С.Хрущевке қарсы шыққан Қазақстанның «асау премьер-министрін» көруге бірқатар шетелдіктер арнайы келіпті.
Ж.Тәшенов еліне, ұлтына сіңірген ерен еңбегінің, қалтқысыз қызметінің арқасында көзі тірісінде-ақ ел аузында аңызға айналды, қарапайым халықтан жоғары баға алды. Ж.Тәшеновтің жоғары адамгершілік қасиеттеріне, еліне сіңірген еңбегіне риза болып ел арасында айтылған сөздер жетерлік.      Ғ.Мүсірепов іссапармен Шымкентке келгенде профессор Керімбек Сыздықов серік болып, ол кісіні ертіп жүреді. Сол кезде Ғ.Мүсіреповтың Ж.Тәшеновке қарап айтқан мына бір сөзіне куә болыпты. Ғ.Мүсірепов: «Біз ЦК емеспіз, біреуді бір орыннан алып, бір орынға қоя алмаймыз. Жазушы деген халық адамға өз жүрегінен орын береді. Әр уақытта менің жүрегімнің төрінен орын алатын менің ер інім, Жұмабектің мынау елге келген қадамы сіздерге құтты болсын деп тілек айтпақпын», - деген екен. Мақтау сөзге сараң халық жазушысының бұл бағасы сан мыңдаған қазақтың пікірі деуге болады.
  Керімбек Сыздықовтың жазуына қарағанда Ж.Тәшеновтың атына сырттай қанық болып жүрген ауыл ақсақалдарының бірі жолы түсіп қалаға келгенінде әдейі өзін көрейін деп іздеп барып, келісті келбетіне қарап тұрып: «Құдайға шүкір, мың қайтара шүкір! Айтса айтқандай-ақ екенсің-ау, байлаулы арыстаным-ай! Елің үшін айдауға түскен, байлауға түскен арыстанның өзі екенсің-ау»,-деп сүйсінген екен.
Бір кезде Жолдыбай Базаров мынадай оқиғағаның куәсі болыпты. Журналистің ауылында бір ақсақал соңғы демі бітуге аз ғана уақыт қалғанда көңілін сұрап келуші адамдардың біріне: «Өлсек, өлерміз. Тәшеновтен жанымыз артық па?», - деп айтыпты.
Тарихта мемлекеттер арасындағы жер дауы талай ауыр зардаптарға соқтырғаны мәлім. Алысқа бармай-ақ, кезінде Ресейден Украинаға берілген Қырым облысы екі елдің арасында шешімі табылмаған дауға айналғаны белгілі жәйіт.
  Осы айтылғандарды түйіндей айтсақ, Ж.Тәшеновтің КСРО басшылығымен тайталаса жүріп қазақ жері мен халқы үшін жасаған еңбегіне қазақ халқы оған мәңгілік қарыздар. Басқа ерліктерін былай қойғанда егер 5 облыс Ресей Федерациясына өтіп кеткенде Қазақстан кемінде өз жерінің үштен бірінен айрылар еді. Болашақта тәуелсіз еліміздің бас қаласы болатын Целиноград қаласы жат қолында қалар еді. Міне, сондықтан халық жүрегінде сақталған абзал жанның жарқын бейнесін, есімін, ерлігін жаңғыртып отыру бүгінгі ұрпақтың парызы. 

Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз