Басты бет Қазақстан тарихы Кеңестер Одағы құрамындағы Қазақстан Қазақстан азаматтық қарсыластық кезеңінде 1917 ж. Қазан төңкерісі және оның Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірге әсері.

1917 ж. Қазан төңкерісі және оның Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірге әсері.

21 Тамыз 2013
1737
0

Уақытша үкіметтің  халық күткен аграрлық мәселені шеше алмауы, езілген халықтарға өзін-өзі билеуі немесе автономия алу мәселесін күн тәртібіне қоюға тырыспауы, жұмысшыларға 8 сағаттық жұмыс күнін енгізу сияқты көкейкесті мәселелерді шешпеуі халық наразылығын одан әрі күшейтті. 1917 ж. жазының соңы мен күзінің бас кезінде бүкіл Ресейдің жер-жерінде бұқараның Уақытша үкіметке деген қарсылығы өсе түсті. Бұл Кеңестердегі большевиктердің ықпалының артуына жағдай жасады. Ал Корнилов бүлігінің талқандалуы большевиктер беделін біржола көтерді. Осындай жағдайда большевиктер партиясы 1917 жылғы шілде оқиғасынан кейін алынып тасталған “Барлық билік Кеңестерге берілсін”  деген ұранды қайта көтерді. Енді бұл ұран қарулы көтеріліске, Уақытша үкіметті құлатуға, пролетариат диктатурасын орнатуға бағытталды.

1917 ж. 24 қазанда (6 қарашада) Петроградта қарулы көтеріліс басталды. Келесі күні көтерілісшілер қаланың ең маңызды объектілерін басып алды. 1917 ж. 25 қазанда (7 қарашада) Әскери-революциялық комитет Уақытша үкіметтің билігінің жойылғандығын жариялады. Осылайша Қазан төңкерісі жеңіске жетті.

Қазан қарулы көтерілісінің Петроградта жеңіске жетуі, сондай-ақ Қазақстанмен іргелес Ташкент, Омбы,Орынбор, Астрахань тәрізді ірі қалаларда Кеңес өкіметінің орнауы Қазақстанда да биліктің  Кеңестердің қолына өтуіне ықпал етті. Алайда Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату төрт айға, 1917 ж. соңынан 1918 ж. наурызына дейін созылды. Бұл процесс аймақтың әлеуметтік–экономикалық және мәдени баяу дамуымен, ұлтаралық қатынастардың күрделілігімен, жұмысшылар мен большевиктік ұйымдардың аздығымен шиеленісе түсті. Кеңес өкіметінің Қазақстанда орнауына Ленин бастаған большевиктердің халыққа бейбітшілік, жұмысшыларға зауыт пен фабрика, шаруаларға жер, ұлттар мен ұлыстарға теңдік пен бостандық  беру жөніндегі уәдесі өз септігін тигізді. Кеңес үкіметін орнатуға Орал, Жетісу, Сібір, Орынбор казак әскерлері мен құлаған Уақытша үкіметтің жақтастарының табанды қарсылық көрсетуі жағдайды одан әрі шиеленістіре түсті.

Кеңес өкіметі Уақытша үкіметтің жақтастары қарулы қарсылық көрсете алмаған  Сырдария, Ақмола облыстары және Бөкей Ордасында бейбіт жолмен орнады. Ал, Торғай, Орал, Орынбор, Семей және Жетісу облыстарында Кеңес өкіметін орнату үшін қиян-кескі күрес болды. Облыстық орталықтар мен уездік қалаларда кеңес өкіметі қызыл гвардиялық отрядтардың және жергілікті горнизондар солдаттарының қарулы көтерілісі арқылы орнады. Перовск (Қызылорда)  жұмысшылары мен солдаттары  өкімет билігін 1917 ж.  30 қазанда  (12 қараша)  өз қолына алды. Ташкентте  Кеңес үкіметі 1917 жылы 1 қарашада кескілескен ұрыс нәтижесінде орнады.  Ал 1917 жылдың  қараша айының орта кезінде  Кеңес өкіметі Черняев  (Шымкент) қаласында  жеңді.  Қараша-желтоқсан айларында  Кеңес өкіметі Әулиетада,  Түркістанда, Қазалыда,  Арал поселкісінде және  облыстың басқа да ірі елді мекендерінде  бейбіт  жолмен орнады.  Көкшетау, Павлодар, Атбасар, Өскемен  уездерінде  казак-орыс әскерлерінің  басым болуынан  Кеңес өкіметі  үшін күрес  біраз қиындыққа кездесті. Кеңес өкіметі 1918 ж. наурыз айында  Жаркентте, Сергиопольде (Аягөзде), Талдықорғанда, сәуірдің бас кезінде Лепсіде орнады.

1917 ж. соңы мен 1918 ж. наурызы аралығында Кеңес өкіметі Қазақстанда негізінен қалалар мен басқа да ірі халық тығыз орналасқан жерлерде орнады.  Кеңес өкіметін орнатумен бірге өлкенің шаруашылығы мен мәдениетін қайта құру шаралары қатар жүргізілді. Өнеркәсіп орындарында, мәселен Спасск заводында, Қарағанды шахтасында, Успен кенішінде, Ембі мұнай кәсіпорындарында бақылау қойылып,  сондай-ақ банктер мемлекет меншігіне көшірілді. Кеңестердің 2-ші Бүкілресейлік съезінде қабылданған Жер туралы декрет  бойынша алғашқы шаралар  жүргізіле бастады.

Қазан төңкерісінің алғашқы күндерінен бастап-ақ облыстық және уездік орталықтарда  да жұмысшылар мен шаруалардың  өкіметін нығайту  ісі, ауылдық  және селолық  Кеңестерді құру  ісімен  бірге жүргізілді. Алайда ауылдың экономикалық және мәдени жағынан артта қалуынан туындаған  қиыншылықтар, әлі де күшті рулық байланыстар қазақ ауылдары мен болыстарында Кеңес өкіметінің органдарын ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарын қиындатты. 1918 жылдың күзінен бастап басқарудағы ала-құлалық жойылып, билік Кеңес атқару комитеттері қолына алына бастады. Сонда да болса, ауыл-селоларда  әлі Кеңестер күш ала алмай жатты. Кеңес өкіметінің нұсқау, жарлықтарын іске асыруға қарсылық күшті болды. Халық азық-түлік тапшылығынан зардап шекті. Кеңес өкіметіне қарсы күштер бас көтерді. Кеңеске қарсы күштердің қарсылығын басу үшін, жергілікті жерлерде өкімет билігін нығайту қажет болды. Кеңес өкіметін нығайту жолындағы күресте облыстық және уездік кеңестер съездері көп роль атқарды. Облыстық, уездік, болыстық  кеңестерде  жер, азық-түлік,  шаруашылық, сот, бақылау, қаржы бөлімдерінің жұмысын жолға қоюға бағытталған шаралар іске асырылды. Кеңестердің жанынан еңбек, ағарту, денсаулық сақтау т.б. бөлімдері ашылды. Кеңес қызметкерлерін даярлайтын курстар жұмыс істей бастады. Осындай төңкерістік шараларды іске асыру барысында, асыра сілтеушілік, солақайлық, теріс әрекеттер орын алып, Кеңес өкіметіне деген сенімсіздік күшейді.

Әсіресе, Қазан төңкерісінің жеңісінен кейін ұлттық, ең алдымен ұлттық-мемлекеттік құрылыс мәселелері өткір сипат алып, талқылана бастады. Кеңес өкіметінің ұлттық саясатының негізгі принциптері маңызды екі құжатта - 1917 ж. 2 қарашада қабылданған “Ресей халықтары құқықтарының Декларациясында” және 1917 ж. 20 қарашада жарияланған Кеңес өкіметінің “Барлық Ресей және Шығыс мұсылман еңбекшілеріне” үндеуінде көрініс тапты. 1918 ж. қаңтарда кеңестердің Бүкілресейлік 3-съезінде В.И.Лениннің дайындаған “Еңбекшілер мен қаналған халықтардың құқықтары Декларациясы” қабылданды. Бұл құжатта Коммунистік партияның кеңес республикасының мемлекеттік құрылымы түріндегі кеңестік федерацияны ымырасыз жақтайтыны айқын көрсетілді. Декларацияда “Кеңестік Ресей Республикасы еркін ұлттар одағының негізіндегі кеңестік ұлттық республикалардың федерациясы түрінде құрылады” делінген.

РКФСР құрылғаннан кейін елдің Шығысында жаңа автономиялық республикаларды құруға дайындық жұмыстары басталды. Большевиктік ұйымдар, Қазақстан және Түркістанның Кеңестері кеңестік бүкілқазақ, бүкілтүркістандық съездерін шақыруға дайындала бастады. 1918 ж. көктемінде еліміздің шығысында Түркістан автономиялық Кеңестік социалистік республикасы құрылды. Оның құрылуы 1918 ж. сәуірдің 20-нан 1 мамырға дейін Ташкент қаласында өткен Түркістан өлкесі Кеңестерінің Ү съезінде іске асты. Қазіргі Қазақстанның  оңтүстік аймағы (бұрынғы Сырдария және Жетісу облыстары) Түркістан автономиясының құрамына кірді. Бірақта 1918 ж. қаңтарда кеңестердің 3 - Бүкілресейлік съезі Ленин дайындаған “Еңбекшілер мен қаналушы халықтар құқықтарының Декларациясында” өзге ұлттардың өзін-өзі билеу құқы жоққа шығарылды. Осылайша, әуелі 1918 ж. 5 қаңтарында Бүкілресейлік құрылтай жиналысы, одан кейін 5 ақпанда Ташкент кеңесі шешімімен Қоқанд қаласы шабуылмен алынып, Түркістан автономиясы күшпен таратылды.  Қазақстанның қалған жерінде – Торғай, Орал, Ақмола, Семей облыстарында  және Маңғыстауда  қазақ кеңестік мемлекеттілігін құруға  дайындық жөніндегі күрделі жұмыс одан әрі жалғастырылды. Қазан төңкерісінен бұрын-ақ қазақ либералдық-демократиялық  қозғалысының жетекшілері Қазақстанда кеңестердің бүкілқазақ съезін шақыруға дайындық жұмыстары кеңес өкіметін нығайту процесімен қатар жүргізілді. Мұның өзі шын мәнінде кеңестік мемлекеттікті құру және оны бекіту үшін күрес екендігін көрсетті. Қазақ зиялылары мемлекет құру процесінің кеңестік жолмен шешілуімен  келісе алмады. Мұндай қарсылықтың себептері мынада еді: бірінші - қазақ зиялылары әуел бастан тәуелсіз ұлттық автономия құруды жоспарласа, екінші - олар Қазан төңкерісін қабылдамады, сөйтіп Кеңес үкіметін мойындамады, оны заңсыз орнаған үкімет деп есептеді.  Сондықтан да „Алаш” зиялылары ұлттық мемлекет құру үшін күрес жүргізді.  Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Е.Ғұмаров, Е.Тұрмухамедов, Ғ.Жүндібаев, Ғ.Бірімжанов құрастырған  бағдарламаның жобасы “Қазақ” газетінің 1917 ж. 21 қарашадағы санында жарияланды. Бағдарламаның жобасы он пункттен тұрды. Осы бағдарлама Құрылтай жиналысына сайлауда  “Алаш” партиясының  ірі табысқа  жетуін қамтамасыз етті және  1917 ж. 5-12  желтоқсанда  Орынборда өткен  Екінші жалпықазақтық  съезде  қазақ халқының  әр түрлі  топтарының  өкілдерін  біріктірді. Төралқа төрағасы  Бақтыгерей Құлманов және орынбасарлары  Әлихан Бөкейханов, Әзімхан Кенесарин, Халел Досмұхамедов және Омар Қарашев  басқарған съезд Қазан төңкерісіне  байланысты тез өзгеріп жатқан саяси  жағдайдағы “Алаш” партиясының  міндеттерін, қазақ автономиясын  құру және  оның үкіметін  қалыптастыру мәселелеріне бірінші кезекте  көңіл бөле отырып, қарастырды.

Съезде  қазақ автономиясы  құрамына Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу облыстары және Закаспий облысымен Алтай губерниясының  қазақтар мекендеген  аудандары енуге тиіс деп шешті. Съезд Уақытша  үкімет  құлатылғаннан кейін қалалар  мен селоларда, далада қазақтардың өмір сүруіне қауіп-қатер туғызған бей-берекеттік күннен-күнге күшейіп бара жатқандығын атап көрсетті. Сондықтан съезд қазақ халқын “аман алып қалу мақсатымен” “Уақытша Халық Кеңесі” түріндегі билік құру, оған Алаш-Орда (алаш автономиясының үкіметі) деген ат беру жөнінде шешім қабылдап және бүкіл қазақ халқына “бағынатын үкіметіміз осы деп сеніп… басқа үкіметті мойындамай, өз үкіметінің әмірін екі қылмай орындау керектігі” баса ескертілді. Съезд қазақ милициясын құру жоспарын жасады. Оның әрбір облыс бойынша белгілі бір сандық құрамы, уездер бойынша үйрету мен жабдықтау шаралары белгіленді. Милицияны қару-жарақпен қамтамасыз етуді орталық әкімшілік салық салу арқылы алынатын қаржы есебінен жүзеге асыруға тиіс болды.

Ұлттардың өзін-өзі билеу құқығын талап етуін заңды процесс ретінде түсінген “Алаш” азаматтары Кеңес өкіметімен келіссөздер жүргізіп, ұлттық автономия мәселесін шешуді қолға алды. Осы мақсатта 1918 ж. наурызында Алашорда үкіметінің тапсыруымен Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер Оралдан Мәскеуге барып,  Халық Комиссары Кеңесінің төрағасы В.И. Ленинмен және Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен кездесіп, оларға 1917 ж. желтоқсанда өткен екінші қазақ-қырғыз съезінің қаулысын табыс етті. И.В. Сталин қаулымен танысқаннан кейін 19-20 наурызда Семейдегі Ә.Бөкейханов және Х. Ғаббасовпен телефон арқылы сөйлесті. Сөз Алашорда автономиясының мәртебесі туралы болды. Телефон арқылы сұхбаттасудағы И.Сталиннің сөзі “Сарыарқа” газетінің беттерінде қазақ тіліне аударылып жарияланды. Газетте: “Ресейдегі халықтардың құқықтары туралы халық комиссарлары шығарған белгілі ережесі бұл күнге ұлт мәселесі тақырыбын кеңес өкіметінің негізгі қызмет жобасы етіп келеді. Үшінші советтер съезі осы ережені жалғастыруға қаулы қылды. Өзінің бізге тапсырып отырған жалпықазақ съезінің қаулысы түгелімен жоғарғы жобаға сай келеді. Бірақ жалғыз-ақ шарт қоямыз: егер сіздің съездің қаулысы өкілдеріңіздің совет өкіметін тануға қарсы болмаса болғаны. Үшінші советтер съезі советтік федерация жобасын жасап, бұл жоба Советтер съезінің бекітуіне салынсын деп қаулы қылынды. Бұған қарағанда енді сөзді қойып, іске кірісу керек, яғни тұрмысы бір, салты басқа халықтар жергілікті советтермен қосылып, автономия, федерациялау, тегінде басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығаруға съезд шақыратын комиссия құруға тырысу керек. Біз ойлаймыз, жалпы қазақ-қырғыздың өкілдері тез қамданып, ыңғайлы уақытты өткізбей, жергілікті Советтермен бірігіп, әлгідей комиссияны құрар. Сізден өтінетініміз, біздің осы жобамызды  Алашорданың Кеңесіне салып жауап қайтарсаңыздар екен”,- деген мазмұнда болды.

Бұл берілген Сталин сөзіндегі ең елеулі нәрсе оның жалпы қазақ-қырғыз съезі қаулысы мен Ресей халықтарының құқығы туралы декларацияның өзара үндес екендігін мойындауы еді. Міне, осы үндестік Кеңес өкіметіне Алашорданы мойындауға негіз болатындығын білдіріп, Сталин тек жалғыз ғана шарт қояды. Ол өз ретінде Алашорданың Кеңес өкіметін мойындайтындығын мәлімдеуі болатын. И.Сталиннің сөзінен тағы бір жағдайды анық аңғаруға болады. Кеңес өкіметі “басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығару” үшін ең алдымен оны мойындау қажеттілігін талап етті. Сонымен бірге автономия алу мәселесі орталықта шешілетіндігін ескертті. Алашордашылар үшін мұндай жағдай қиындық тудырғанымен олар И.Сталиннің ұсынысын талқылап, автономияға қатысты өз шешімдерін мәлімдеді. Ол қаулы төмендегідей еді: 1918 жылы наурыздың 21-інде Алашорданың мүшелері ұлт жұмысын басқарушы халық комиссары Сталиннің Алаш автономиясы туралы айтқан сөзінен кейін Кеңес өкіметін Ресейдегі барлық автономиялы халықтардың кіндік өкіметі деуге қаулы қылып, төмендегі  өз шарттарын білдіріп: “Желтоқсанның  5-нен 13-іне шейін Орынборда болған жалпықазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойынша тоқтаусыз Алаш автономиясын жариялайтындықтарын, Алаш автономиясының құрамына: Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Ферғана, Жетісу, Бөкей ордасы, Закаспий облысының Маңғышлақ уезі, Самарқанд облысының Жизақ уезі, Әмудария әнделі (бөлімі), Алтай губерниясына қараған Бийскі, Барнауыл, Змеиногор уездеріндегі қазақтар мекендеген аудандар енуге тиістігін, Алаш автономиясында заң шығаратын, ел билейтін үкімет Алашорда болатындығын, Қазақ-қырғыз істері туралы елші ретінде совет өкіметінің қасында болуға Алашорда мүшелері Халел һәм Жаһанша Досмұхамедовтар жіберілетіндігін ескертіп, жергілікті Советтердің бұйрығы бойынша ұсталып, абақтыда жатқан Алашорданың мүшелерін тоқтаусыз босатып, мұнан былай оларды өтірік шағым, жаламен қуғын-сүргінге ұшыратуды тоқтатуды” талап етті.

Өкінішке орай Ұлт істері  жөніндегі халық комиссары Алашорданың қойған талап-шарттарына тікелей ресми түрде жауап бермеді. Себебі алашордалықтардың автономия құру жөніндегі талаптары кеңес өкіметінің мүддесіне қайшы келетін еді. Ұлт мәселесін пролетарлық диктатураның құрамдас бөлігі ретінде қарастыратын кеңес өкіметіне алаштықтардың ұсынысы керағар болғандығын аңғару қиын емес. Сондықтан да 1918 жылдың 28-наурызында Мәскеуден Семейдегі Қазақ комитетіне И.Сталин және мұсылмандар ісі бойынша комиссар Вахитов қол қойған жеделхат келді. Жеделхатта “қырғыз істері бойынша Комиссариат құру үшін тез арада өкілдер жіберу” жөнінде айтылды. Мұның өзі кеңес өкіметінің өлкедегі барлық істі өз қолдарына алғандығын көрсетті.

Осы жылдың 29-наурызында Семейге Х.Ғаббасовтың атына Мәскеудегі Алашорда үкіметінің өкілдері Халел және Жаһанша Досмұхамедовтерден жеделхат келді. Онда Кеңес өкіметінің тұтқынға алынған қазақ қайраткерлерін тегіс босату туралы облыстық кеңестерге әмір бергендігі және Алашорда өкіметінің қойған талаптарына таяу арада жауап беруге уәде еткендігі айтылды. Жеделхатта Ұлт істері  жөніндегі халық комиссариаты жанынан қазақ бөлімі ашылып, оның құрамына қазақ халқының өкілдерін сайлау құқығы Алашордаға берілетіндігі де айтылған. “Сырдария” газетінде жарияланған осындай мәліметтер шындыққа жанасады. Оған дәлел ретінде Алашорда атынан РКФСР-дің Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И. Сталинмен Семейден тура телеграф сымы арқылы келіссөз жүргізген Халел Ғаббасовтың 1929 жылғы қарашаның 10-ында ОГПУ-дің тергеушісіне берген жауабын келтіруге болады. Онда былай делінген: “Келіссөздерде мен Совет өкіметінің декларациясының идеяларына сәйкес қазақ халқының өзін-өзі билеу құқығының кедергісіз жүзеге асырылуын талап еттім. Барлығы есімде жоқ, дегенмен де мен он төрт тармақтан тұратын талаптар қойдым. Олардың жадымда қалған негізгілері: таратылған қазақ мекемелерін қалпына келтіру, Совет өкіметі жағдайындағы ұлттық автономияны құру, қазақ халқының тұтқынға алынған қайраткерлерін босату. Сталиннің жауабының мазмұны Алашорда Совет өкіметін мойындағанда ғана Қазақстанның Құрылтай съезін шақыруға әрекеттер жасалады дегенге сайды… Біз Сталинге телеграф арқылы Совет өкіметін мойындайтынымызды мәлімдеп, сол кезде Москвада жүрген Досмұхамедовтерге Орталық үкімет алдында біздің мүдделерімізді қорғауды тапсырдық… Осылайша Халел және Жаһанша Досмұхамедовтердің Мәскеуге Кеңес үкіметі басшыларымен кездесулері мен телеграф арқылы  Сталинмен жүргізген келіссөздерінде  кеңес үкіметінің ұлттық тұтастық негіздегі қазақ мемлекеттігін мойындамайтындығын, тек кеңестік негіздегі  автономия беруге даяр екендігін көрсетіп берді. Қысқасы Кеңес үкіметінің бұл мәселе жөніндегі ұстанымы: “Өзін-өзі билеу принципі социализм үшін күрес құралы болу керек және социализм мүдделеріне бағындырылуы тиіс”,- дегенге сайды. Кеңес өкіметінің мұндай ұстанымы Семей облысынан өзге де кеңестерге В.И. Ленин мен И. Сталиннің атынан жолданған жеделхаттардан айқын көрінді. Мәселен, Ақмола Кеңесі Мәскеуден келіссөздер жүргізу нәтижесінде орталықтан мынадай мазмұндағы жеделхат алған, онда: “Кеңес билігі большевиктердің қабылданған бағдарламасына сәйкес патша өкіметі кезінде қаналған барлық халықтарға автономия береді. Қазақ халқы өз территориясына лайық автономия құруға дайындала берсін”,- делінген.

Әйтсе де іс жүзінде Кеңес өкіметі Алашорда үкіметінің өзін де талаптарын да мойындағысы келмеді. Сондықтан да Х.Ғаббасов 1918 жылдың 1 сәуірінде РКФСР Халық Комиссарлары мен Ұлт істері жөніндегі комиссариатқа жеделхат жолдап,  қазақ халқының ұлттық  тұтастық мүддесін көздейтін Алашорда өкіметін тез арада ресми түрде мойындауын тағы да талап етті. Кеңес өкіметі мұндай талаптарды жауапсыз қалдырды. Осылайша алаштықтардың  кеңес үкіметі шеңберінде біртұтас ұлттық мемлекет құруға талпынысы нәтижесіз аяқталды. Большевиктер  Алаш партиясына  ұлттық буржуазия мен  феодалдық  топтардың таптық мүддесін қорғайтын, пролетарлық революция  жолындағы  кедергі есебінде қарады.

Алаш басшыларының Кеңес үкіметімен жүргізілген келіссөздердің нәтижесіз аяқталуына 1917 ж. күзінде құрылған, жетекшісі Көлбай Тоғысов болған, өздерін “Қырғыз (қазақ) социалистік партиясы” деп атаған “Үш жүз” партиясы да ықпал жасады. Бұл негізінен ұсақ-буржуазиялық социалистік партия еді. Партияның саяси көзқарасы мен практикалық іс-әрекеті 1917 жылдың күзінен 1918 жылдың басына дейін елеулі түрде өзгерді. Әуелгі кезде «үшжүзшілер» социалист-революционерлер партиясымен одақтасу бағытын ұстанса, 1918 жылдың қаңтарынан бастап Кеңес үкіметін жер-жерде ұйымдастырып, нығайту ісіне белсенді түрде араласып кетеді. 1918 жылдың  бас кезінен-ақ «үшжүзшілер» большевиктермен одақтасып, Алашордаға қарсы күресті. 


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз