Басты бет Тарихи білім Оқу материалдары Студенттерге арналған оқу материалдары XVI-XVIII ғғ. қазақ-орыс қарым-қатынастарының тарихы

XVI-XVIII ғғ. қазақ-орыс қарым-қатынастарының тарихы

20 Тамыз 2013
67
0

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

Ж.Е. ЖАППАСОВ

XVI-XVIII ҒҒ. ҚАЗАҚ-ОРЫС ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ ТАРИХЫ

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы бірнеше ғасырларға созылған отаршылдық бұғауынан арылып, өз тәуелсіздігіне қол жеткізіп, егеменді ел ретінде дүниежүзіне танымал болды. Осыдан бастап дербес мемлекет ретінде қазақ халқы өзінің төл тарихына үңіліп, ата-бабаларының сан ғасырлар бойы жүріп өткен жолын зерттеуге деген құштарлығы артып, қызығушылығы мен сұранысы өсті. Сондықтан да Отандық тарихты обьективті тұрғыдан қайта қарап, зерттелмеген беттерін қайта жазу, ашылмай келген көмескі тұстарын тереңірек зерттеу – бүгінгі таңда тарихшылардың алдында тұрған кезек күттірмес өзекті мәселелердің бірі.

Қазақстан тарихында ең бір өзекті де күрделі, қарама-қайшылықтарға толы мәселе - XVI-XVIII ғғ. қазақ-орыс қарым-қатынастары. Өйткені, XVI-XVIII ғғ. қазақ елі мен орыстар арасындағы байланыстардың тарихын жан-жақты, бүгінгі күнгі талаптарға сай зерттеп, оның зерделенуіндегі жетістіктер мен кемшіліктерін анықтауға мүмкіндіктер туғызатын тарихнамалық ізденістердің қажеттілігі туындап отыр. Сондай-ақ, өзінің дамуында ұзақ әрі ауыр, күрделі де өзіндік ерекшеліктерге толы болған қазақ-орыс қарым-қатынастары төл тарихнамамызда обьективті тұрғыдан зерделеніп, тиісті бағасын ала алған жоқ. Дегенмен, біздің зерттеу обьектіміз болып отырған Қазақ хандығының орыс елімен байланыстарын бүгінгі жаңарған тарих ғылымының сұранысына орай терең зерттеудің қажеттілігін академик М.Қ. Қозыбаев: «...бізде зерттелмей келе жатқан мәселе – ұлтаралық, мемлекетаралық қатынас, өркениеттер ықпалы, мәмлегерлік тарихы», - деп, атап көрсеткен еді.

Әртүрлі саяси оқиғаларды басынан кешірген қазақ халқының тарихында XVI-XVIII ғасырлар аралығы ерекше кезеңдердің бірі болып табылады. Өйткені, осы кезеңде қазіргі Тәуелсіз Қазақстан Республикасының іргетасы – Қазақ хандығы тарих сахнасына шығып, қазақ елі халық болып қалыптасып, ішкі және сыртқы саясатын белсенділікпен жүргізе бастады.

XVI-XVIII ғғ. аралығындағы Қазақ хандығының көрші мемлекеттермен, соның ішінде іргелес орыс елімен жасаған қарым-қатынасын зерттеудің бүгінгі таңда маңызы зор. Әрине, осы уақытқа дейін Қазақ хандығының көрші орыс елімен қарым-қатынас тарихы көптеген ғылыми зерттеулерде қарастырылған мәселелердің бірі болғанымен, төл тарихнамамызда обьективті зерттелініп, бір арнаға түсе алмай немесе Кеңес дәуірі тұсындағы зерттеушілердің еңбектерінде маркстік-лениндік идеологияның үстемдік етуімен бір жақты, үстірт қарастырылып келген тақырыптардың бірі болғанына көзіміз жетіп отыр.

Бүгінде XVI-XVIII ғғ. қазақ-орыс байланыстары мәселесін ашып көрсететін тарихи еңбектерді терең зерттеу Қазақстанның тарихнама ғылымының дамуында ерекше маңызға ие. Қазіргі таңда тарих ғылымындағы жаңа теориялық-концептуалдық тұрғының қалыптасуы және оны зерттеулерде пайдалану, біз қарастырып отырған XVI-XVIII ғғ. қазақ-орыс қарым-қатынастарының маңызды мәселелерін анықтауға және оның жаңа қырларын айқындап, ашуға көмектеседі. Бұл мәселеге қатысты зерттеушілердің ғылыми-тарихи көзқарастарына баса назар аударып, ондағы ғылыми пікірлер мен дәйекті тұжырымдарды қайта ой елегінен өткізіп, жаңа концептуалдық тұрғыда қарастыру, Отандық тарих ғылымында дер кезінде орын алған құбылыс. Кешенді дерек көздерін талдау, оларды пайдалану арқылы өткеннің шынайы көрінісін қалпына келтіріп көрсету тарих ғылымының дамуындағы ең бір қажетті шарттардың бірі.

Қазірде өзекті міндеттерді шешуде өткенді қайта қарап, одан тарихи сабақ пен тәжірибе алудың маңызы аса зор, ал онымен тарих ғылымы ғана емес, тарих ғылымының тарихы да айналысады.

XVI-XVIII ғғ. Қазақ хандығы мен көршілес орыс елі арасындағы қарым-қатынастар мәселесі төңкеріске дейін де, Кеңес өкіметі тұсында да, тәуелсіздігімізді алғаннан кейін де тарихшылар мен зерттеушілердің назарынан тыс қалмаған күрделі тақырыптардың бірі екендігі айқындалды. 

Қазақстанның геосаяси жағдайы, халықтың көп ұлтты болуы, ұлттық идеяның дамуы қазақ мемлекеттілігінің тарихын қарастырғанда абстрактілі және жеңіл-желпі тұрғыда қараудан бас тартуды, керісінше терең де жан-жақты зерттеуді қажет етуде. XVI-XVIII ғғ. қазақ-орыс байланыстарының сипаты мен барысын, тарихын зерттеген зерттеушілердің пікірлерін талдау Қазақ мемлекетінің Ресей елінің отарына айналу мәселесінің алғышарттарын айқындап беруімен де құнды.

Толығырақ мына файлдан оқи аласыз: 

XVI-XVIII ғғ. қазақ-орыс қарым-қатынастарының тарихы PDF 




Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз