Басты бет Е-ресурстар Электронды мұрағат Ежелгі дүние артефактары Ғылыми-іздеу экспедициялары Шірік Рабат археологиялық экспедициясы

Шірік Рабат археологиялық экспедициясы

20 Тамыз 2013
338
0

Осы жылдары үлкен храм, бір шеңбер және тікбұрышты жерлеу құрылыстары зерттелді. Қалашықтың және қорғаныс үйіндісінің әртүрлі бөліктеріне бірнеше шурфтар салынды. 2004-2006 жылдары «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы аясында зерттеу жұмыстарын Шірік Рабат археологиялық экспедициясы жалғастырды (Ж.Құрманқұлов).

Шірік Рабат қалашығы Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 300 км жерде, қазіргі уақытта суы тартылған Жаңадария өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан. Бұл қалашық солтүстіктен оңтүстікке қарай 850х600 м созылған табиғи төбе үстінде орналасқан. Қалашық мықты әскери жүйемен қоршалған. Төбенің төменгі жағында ені 40 м, тереңдігі 4,5 м ор қазылған. Қазіргі уақытта сақталған биіктігі 3 м, табанындағы ені 8-10 м. Ордың ішкі периметрі бойынша да жал орналасқан.

2004-2006 жылдары қалашық территориясында екі жерлеу конструкциясы және диаметрі шамамен 80 м үлкен шеңбер тәріздес құрылыс қазылды.

Зерттелген жерлеу орындары диаметрі 15 м болатын кішігірім ойыс сияқты болып келген. Қазба барысында жер деңгейінен 2,10-2,50 м. тереңдікте пішіні төртбұрышты болып келетін күрделі түрде салынған қабір құрылысы табылды. Бұл бір-біріне ұқсас батыс және шығыс бөліктерден тұратын катакомбалардан тұрады. Қабірхананың салыну барысын сөз етер болсақ, мұнда ең алдымен мәйіттің ішкі үйі болып есептелетін лақат қазылып дайындалған. Мәйіт жерленген соң оның шығар есігі кесек кірпіштермен қалап жабылған. Лақат ішінен бас жағымен оңтүстікке қарай жатқызылған үш ересек адамның мәйіттері аршылып алынды. Қабірді аршу барысында мәйіттермен қоса көмілген жеке бұйымдар да табылды. Батыс беттегі жеке жатқан мәйіттің сол жанынан ұзындығы 1 м асатын семсер мен белінің тұсынан белдіктің қалдықтары табылды. Мұнда айта кетерлік жәйт: шығыс беттегі екі мәйіт бірінің үстіне бірі қабаттастырыла қойылған. Екі мәйіттің астыңғысының белінен белдік былғарысынң қалдықтары мен киімдерге жапсырылып тігілген сары металдан, пастадан жасалған әшекейлік бұйымдары табылды. Сондай-ақ, олардың жанынан Есіктен табылған таңбаларға да ұқсас болып келетін жазуы бар қыш құмыра-көнек пен күміспен құрсауланған ағаш тостағанның қалдығы шықса, ал аяқ жағынан қыштан жасалған шамдал ыдысы табылды. Жерлеу құрылыстары б.д.д. IV-II ғғ. жатады.

Қалашықтың оңтүстік-шығысында орналасқан үй бірнеше бөлмелер мен шаруашылық құрылыстарынан тұрады. Табылған заттар бұл үйдің жерлеу құрылысынан кейінгі кезде, яғни ІХ-ХІІ ғғ. соғылғанын көрсетеді. 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз