Басты бет Тарихи білім Оқу материалдары Оқушыларға арналған оқу материалдары Отарлық билікке оппозицияда болған саяси партиялар мен қозғалыстар және қазақ мемлекеттілігі туралы мәселенің туындауы (ХХ ғасырдың басы) 

Отарлық билікке оппозицияда болған саяси партиялар мен қозғалыстар және қазақ мемлекеттілігі туралы мәселенің туындауы (ХХ ғасырдың басы) 

20 Тамыз 2013
369
0

Европадағы саяси ахуал Ресей империясында либералдық және революциялық қозғалыстардың пайда болуына ықпал етті. Патша өкіметіне қарсы оппозициялық негіздегі саяси күштер бірігіп, ел билігіне идеялық  балама топтар құрыла бастады. Олар негізінен саяси партиялар  түрінде пайда болды.  Осы кезеңде құрылған оппозициялық партиялардың бағдарламаларынан абсолютті монархияның саяси жүйесіне демократиялық институттарды енгізу, самодержавиелік билікті конститутциялық тәсілдермен тежеу, саяси билікті төңкеріс жасау арқылы құлату сияқты көзқарастар көрініс тапты. ХХ ғасырдың басында либерализм мен консерватизм идеяларын ұштастырған ”Бейбіт жолмен жаңару партиясы”, мемлекеттік мәселесінде парламенттік басқару жүйесін енгізуді ұсынды. Оларды қолдаған либералдық негіздегі Конститутциялық демократиялық кадеттер партиясы саяси билікке тіпті төңкеріс жасау арқылы қол жеткізіп, демократиялық жолмен социалистік жүйені орнатуды енгізуді ұсынады бағдарламалық мағынада насихаттады. Большевиктер партиясы, социалистік талаптармен қатар демократиялық институтардың Ресей мемлекетінің ерекшеліктеріне сай болуын жақтаған социалист- революционерлер партиясы (эсерлер) құрылды. Қазақстанның Ресей бодандығына  өтуіне байланысты хандық билік  жойылып, қазақ қоғамының өмірі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге ұшырап, аймақ капиталистік қатынастар ауқымына тартылды. Алайда империя отарындағы Қазақстанның орталықтан шалғай орналасуы, көшпелі өмір салты қазақ халқын Ресейдегі саяси өмірден алыс етіп, саяси белсенділік танытуға кедергі келтірді. Әйтседе Ресей қалаларында білім алып, орыстың алдыңғы қатарлы мәдениеті мен саяси ықпалын сезінген қазақ зиялылары кейбір оппозициялық партиялардың ықпалымен Қазақстанда саяси ой-пікірді дамытып, демократиялық идеяларды насихаттай бастады. Қазақ зиялыларының саяси көзқарастарының қалыптасуына әсіресе кадеттер партиясының  әсері болды.  Кадеттер партиясының өзі қазақ зиялылары тарапынан қолдау тапты. Қазақ зиялылары кадет партиясының құрамына еніп, мүшелікке өтіп, бағдарламасын мойындады. Қазақ зиялыларының рухани жетекшісі Әлихан Бөкейханов 1906 жылы кадеттер партиясының Орталық комитетіне мүше болып сайланды. Осыған қатысты С.Асфендияров былай деп жазды: “Қазақтың буржуазиялық интелигенттері орыстың буржуазиялық интеллигенттерімен кадеттермен одақ болды. Ә.Бөкейханов кадет партиясының кіндік орталық) комитетінің мүшесі болды. I, II Мемлекет Думаларына қазақ атынан депутат болып сайланған Ә.Бөкейханұлы, М.Тынышбайұлы, А.Бірімжанұлы, Б.Қаратайұлы, А.Қалменұлы тағы басқа кадеттер басқарған прогрессивтік блокқа кірді. Партиясыз мұсылман фракциясы деген де болды /1/. Кадет партиясының бағдарламасында парламенттік басқару жүйесінің негізгі  идея ретінде көрініс табуы қазақ зиялыларын өзіне тартты. Қазақ оқығандары парламенттік  басқаруға үміт артып, оның болашағын қазақ мемлекеттігі идеясымен байланыстырды. Осы мақсатта 1905 жылы желтоқсанда Ә.Бөкейханов басшылығымен Орал қаласында кадет партиясының  қазақ қоғамындағы  филиалы құрылды.  Осы тарихи оқиға жайында зерттеуші В.Григорьев мынандай пікір айтады: Баяғы бірінші орыс революциясының қызған шағында-ақ, Оралда бас қосқан Ә.Бөкейханов, Б.Сыртанов, Ж.Сейдалин және басқа да интеллигенция өкілдері өздерінің ресейлік пікірлестерінің көмегімен ұлттық буржуазияны, ауыл-аймақтың игі жақсылары мен зиялы қауымын жедел түрде елдің саяси өміріне араластыруды, қазақ қоғамының капитализмге  қарай шапшаң дамуына бағытталған шараларды жүзеге  асыруды қамтамасыз ететін партия құрып алуды көздеді. Кадеттер партиясының орталық комитеті бірқатар себептерге байланысты Ә.Бөкейханов пен оның төңірегіндегілердің ынтасын қолдай қойған жоқ. Алайда Ә.Бөкейхановтың белсендігіне тәнті болғанғандар оны кадеттер партиясының 1906 жылғы екінші съезіне шақырды/2/.  Кадеттер партиясының идеясын ұстанған қазақ зиялылары Ресейде  парламенттік, коститутциялық жолмен мемлекет арқылы болашақта республикалық мәртебесі бар ұлттық автономияға қол жеткізуді көздеді. Алайда бұл мәселе тек идея түрінде қалып қойды. Себебі 1917  жылдан бастап кадет партиясының басшылары Ресейдің мемлекеттік тұтастығын сақтау мақсатында біртұтас теңдік және мәдени автономия ғана беруді ұсынды. Мұндай ұсыныс кадет партиясының шет аймақтардағы қолдаушыларына ұнамады. Партияның Қазақстандағы филиалының мүшелері мәдени автономияға үзілді - кесілді қарсы шықты. Ә.Бөкейханов кадет партиясының автономия, жер мәселелеріне байланысты бағдарлмалары мен пікірлеріне наразылық білдіріп, оның құрамынан шығып кетті. Өз ойын Ә.Бөкейханов осыған орай  Мен кадет партиясынан неге шықтым? -деген мақаласында мұны былай түсіндірді: Кадет партиясы жер адамға меншікті болып берілсе жөн дейді. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса,  башқұрдша көрші мұжыққа  сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді. Кадет партиясы Ұлт автономиясына қарсы. Біз Алаш ұранды  жұрт жиылып Ұлт автономиясын тікпек болдық /3/. Ресей университеттерінде білім алған қазақ зиялылары қоғамды өркениетті эволюциялық,  демократиялық жолмен дамытуды жақтады. Төңкеріс арқылы саяси билікке жету,  социализм орнату идеясын ұстанған большевиктер партиясының саясатын  қазақ зиялылары қолдамады. Сондықтан да, олар өздерінің ұлттық демократиялық мемлекет құру  идеясын іс-жүзіне асыру мақсатында 1917 жылы Алаш  партиясын құруға белсене кірісті.

1.  Асфендияров С. Қазақстан тарихының очерктері.-Алматы: Қазақ университеті, 1994. 97 б. 2.  Григорьев В. Кадеттер жолын ұстанған партия. // Социалистік Қазақстан. 1990, 13 мамыр. 3. Ғалихан. Мен кадет партиясынан неге шықтым? // Сарыарқа,1918. №29. 

Сонымен дербес қазақ автономиясы туралы идея қай кезде пайда болды деген сұрқтың жауабын қарастырсақ. Автономия құру идеясы қазақ зиялыларының ұзақ жылғы саяси күрестерінің, үздіксіз идеялық ізденістерінің нәтижесінде болды деп айтуға болады. Қазақ зиялыларының ұлт азаттығы жолындағы күресі барысында жаңа құқықтық мағынаға ие болып отырды. Бұл жағдайды Ресейдің отарлау аппаратының шенеуніктері де түсіне білді. Көп жағдайларда қазақ зиялылары өз пікірлерін ашық түрде білдіріп отырды. Мысалы мына құжаттағы дерек осының дәлелі бола алады: Ж.Ақбаев граф Паленге жазған хатында “Сіздің Қарқаралы республикасының Президенті болғаныңыз рас па?…”/1/- деген сұрақтың өзі Ж.Ақбаевтың демократиялық республика құру идеясын насихаттағандығы туралы айтуға болады. Дербес автономия мен демократиялық республика идеясын қалыптастыруда Б.Сыртановтың да қатысы болғандығын оның өміріне қатысты деректерден көруге болады. 1905 жылы Орал қаласында Қазақстанның бес облысының өкілдері қатынасқан съезд болып өтті. Оның делегаттары қатарына Ә.Бөкейханов, Ж.Сейдалин, М.Дулатов. Б.Қаратаев, Б.Сыртановтар болды. Бұл съезде “қазақтың конституциялық демократиялық” партиясын құру мәселесі қаралған. Б.Сыртановтың 1911 жылы “Қазақ елінің уставы” атты еңбегі қазақ елінің болашақ мемлекеттік құрылысы туралы идеясының сол уақыттағы алдыңғы қатарлы идея болғандығын дәлелдейді/86/. Мысал ретінде мына құжатты келтіреуге болады: “Қоғамдық жарғылардың одан әрі қүйреуін- халықтың мәдениет пен өркениет игіліктеріне тарту, 17  қазандағы Манифесті жүзеге асыру заңдылық пен құқылық құрылыс орнату керек”/2/.  Алаш партиясының 1917 жылы 21 қарашада Қазақ газетінің беттерінде жарияланған бағдарламасының жобасында  мемлекеттілікке байланысты, басты мәселе ретінде айтарлықтай орын берді. Бағдарламаның бірінші тарауы Мемлекет қалпы деген атаумен көрсетілді. Тарауда Қазақстандағы мемлекет түрі мына төмендегідей нақты айқын етіп жазылды: Россия демократическая федеративная республика болады. Демократия мағанасы мемлекетті жұрт билеуі; федерация мағанасы-құрдас мемлекеттер бірлесуі. Федеративная республикада әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады, әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүредi /3/. Мұның өзі болашақта қазақ мемлекетінің Ресей құрамында қалып, федеративтік құрылыс санатында тең құқықтық дәрежедегі  қатынастарға ие болуы мүддесі көрсетілді. Шын мәнінде айтатын болсақ мұның өзі бүгінгі таңдағы белгілі тарихшы - ғалым М.Қойгелдиев атап көрсеткендей алаштық интеллигенция ұсынған балама жол қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірбиесін, салт- дәстүрін революциялық әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды  эволюциялық жолмен,  басқа өркениетті  елдердің өмір  тәжірбиесін  ескере  отырып, одан әрі  жетілдіре түсуді көздеді. 1.  ҚР ОММ, 64 қор, 1тізбе, 5832 іс, 24 парақ 2. ҚР ОММ. 64қор, 1тізбе, 5832 іс, 27 парақ. 3. Бөкейханов Ә. Қыр баласы. Алаштың талапты азаматына//Қазақ. 1917, №251.21 қараша.  Ең негізгісі, бұл  жол қазақ  еліне өзін-өзі билеуге, сөйтіп өзінің ішкі қоғамдық мәселелерін  өзі шешуге, өз атамекеніне өзі ие болуға мүмкіндік беретін жол еді /1/. Жоғарыда көрсетілгендей патша өкіметіне оппозицияда тұрған саяси партиялардың бірі большевиктер партиясы болды. 1903 жылы Ресей социал- демократиялық жұмысшы партиясының ІІ съезінде ұйымдастырушаық мәселелерге қатысты тартыста көпшілік дауыс алған, марксизм идеяларымен қаруланған большевиктер партиясы В.И.Лениннің басшылығымен самодержавиенің ХХ ғасырдың басындағы саяси өміріне белсене араласып, тарихта айтарлықтай із қалдырды.  Саяси, мемлекеттік басқару жүйесіндегі билікке қарулы төңкеріс арқылы жетіп, пролетариат диктатурасын орнатуды көздеген большевиктер партиясының идеяларының қазақ зиялы қауымына әсерінің де болғандығын жасыру тарихқа жасалған қиянат болар еді. Өйткені қазақтың кейбір білімді азаматтары марксистк идеологияны мойындап, большевиктер партиясына мүше болды. Алайда олардың нақты санын дәлелдейтін деректер әзірше кездеспей отыр. Дегенмен 1905 жылы большивиктер партиясының мүшелігіне қазақтардың өткені туралы тарихи мағлұматтар зерттеулерден көрініс тапқан. Сондай-ақ С. Шәріпов, Ә.Майкөтов, М.Сералин, С.Көбеев, К.Сүтішев т.б. тәрізді қазақ халқы өкілдерінің социал-демократтар ұйымына кіргенін, сонымен бірге олардың революциялық үгіт-насихат істерін жүргізгендіктерін теріске шығармайтынын пайымдаулар қазақстандақ зерттеушілер еңбектерінен орын алған. Мұның өзі қазақ өкілдерінің азғана тобының большевиктер партиясына мүше болғандар аз болмағандығын көрсетеді. Самодержавиені революциялық жолмен құлатып, жұмысшы-шаруа мемлекеттік орнатуға бағытталған социал-демократияның идеяларын бүкіл қазақ халқының, зиялыларының қолдауы мүмкін емес еді. Себебі зиялы қауым өкілдерінің қоғам алдына қойған мақсаты тәуелсіздікке қол жеткізіп, теңдік пен өзін-өзі билеу сияқты ұлттық мүддені іс-жүзіне асыру болатын. Большевиктер партиясы ұлттық-мемлекеттілік құрылысты жақтап, жалпы ұлт мәселесінде әр ұлтқа өзін-өзі басқару құқығы берілетіндігін туралы айтқанымен, қазан төңкерісінен кейін оны ұлттық мүддеде тек сөз жүзінде ғана болмаса, іс жүзінде шешпеді. Ресейдің оппазициялық партияларының барлығы бірдей қазақ қоғамына ықпал ете алмады, қазақ зиялылары тарапынан қолдау таба қойған жоқ. Социалистік талаптармен қатар демократиялық институттардың Ресей мемлекетінің ерекшеліктеріне сай болуын ұсынған В.И.Чернов бастаған эсерлер партиясының бағдарламасы қазақ зиялылары үшін жат болды. Бұл партия халықтың көпшілігін шаруалар құрайтын Ресейде Европа үлгісіндегі социалистік идеялар қажетсіз, сондықтан орыс топырағында тарихи дамуына сай келетін ұлттық социализм орнатуды ұсынды. Эсерлер партиясы мемлекеттік мәселеде конституциялық республиканы орнатуды жақтайтын көзқарасты ұстанды. Әйтсе де бұл идея қазақ мемлекеттілігі үшін, қазақ халқы үшін қолайсыз деп  қабылданды.  Өйткені  қазақ зиялылары қазақ қоғамында Ресейдегі тәрізді “ұлттық социализм орнатуға қажеттілік” деп ұқты. 1.  Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. -Алматы:Санат,1995 362-363 бб.  Себебі жоғарыда атап көрсеткеніміздей, қазақ халқының егемендікке, тәуелсіздікке, бостандыққа ұмтылысы қазақ зиялыларының ұлттық автономияға қол жеткізуге күресуіне әкеліп соқты. Сонымен көп партиялардың арасынан қазақ зиялылары екі партияның: кадеттер және большевиктер партиясының бағдарламасын таңдады. Сондай- ақ партия болып құрылмағанымен патша өкіметіне оппозицияда тұрған қозғалыстар өз көзқарастармен ерекшелінеді. Бұл ұлттық мүддені, өзін-өзі басқару т.б. мәселелерді шет аймақтардағы халық атынан шешуге  мұсылман фракциясы да ұмтылыс жасаумен болды. Бірінші орыс революциясы кезеңінде Ресей мұсылмандарының қоғамдық-саяси белсенділігіні бірінші Мемлекеттік Думада бүкіл империя мұсылмандарының мүддесін қорғау қажеттілігінен туындаған мұсылмандардың парламенттік фракцияның құрылуы да айқын көрсете алды. Бірінші мемлекеттік Дума жұмысының күн тәртібіне ХХ ғасырдың басында аса өзекті әрі мұсылман елдері үшін маңызды жер болып табылатын, азаматтық теңдік, ар-ождан бостандығы секілді маңызды өзге де мәселелер қойылды. Мұсылман фракциясы мемлекеттік Думадағы басқа да саяси партиялармен қарым-қатынас мәселесінде идеялық жағынана кадеттер фракциясына жақын тұрды. Ресейдегі ресми билікке оппозицияда болған саяси партиялармен, қозғалыстармен мұсылман фракциясы бірге болды. Алайда фракция автономия мен жер мәселесінде ерекшеленіп, солшылдық көзқарас танытты. Олар Думада белсенділік танытып, оның құқықтарын кеңейте түсуді, заң шығару ісімен қатар үкіметті де Думаның құзырлығына тапсыруды талап етті. Өкінішке орай саяси өмірде күштер тең болмады, империяда әлі де болса самодержавиенің билігі күшті болды. Оған дәлел ретінде 1906 жылы 9 шілдеде ІІ Николайдың Дума жұмысын тоқтату туралы жарлыққа қол қоюын айтуға болады. Ақырында небәрі 72 күн қызмет атқарған Ресей парламенті өз жұмысын тоқтатты. Мұсылман фракциясының Мемлекеттік Дума арқылы саяси мәселелерін шешу жөніндегі  үміттері ақталмай қалды. Екінші Мемлекеттік Думада 35 мұсылман депутаттарының барлығы бірінші Думадағыдай бір фракция төңірегіне топтасты. Дегенмен, назар аударарлық жағдай, бұл жолы мұсылман депутаттары ”Ресей мұсылмандары одағы” және “Трудовиктер” бағдарламасын қолдаушылар болып екіге бөлінді. ”Ресей мұсылмандары одағының” бағдарламасын қолдаушы мұсылман депуттаттары мұсылман фракциясына бірікті. Қазақ депутаттары осы фракция құрамына енді.  Қазақ халқының атынан сайланған өкілдердің арасында Ш.Қосшығұлов, Т.Нұрекенов, Б.Қаратаев, А.Бірімжанов, Т.Алдабергенов болды.  Фракция бюросының төрағасы болып Уфа губерниясының өкілі, отставкадағы офицер, әрі земство қызметкері Мұхамедкәрім Биғұлов сайланды. Қазақ депутат Бақытжан Қаратаев бюро мүшесі болды. Мұсылман фракциясының бағдарламасы “Ресей мұсылмандары одағы” бағдарламасының негізінде жасалды. Фракция бағдарламасын дайындауға қазақ депутаттарынан өкіл ретінде А.Бірімжанов қатысты. Бағдарламада фракцияның мақсаты мен міндеттері айқындалды. Онда әсіресе, экономика, дін, мәдениет, сондай-ақ мемлекеттік құрылыс мәселесіне үлкен мән берілді. Ресей мұсылман азаматтарының құқығы мәселесі бойынша бірқатар реформаларды іс-жүзіне асыруда империяның барлық тұрғындары дініне, ұлтына, жынысына қарамай тең құқықта болсын; әрбір азаматқа ар-ождан, дін бостандығы берілсін делінді. Мемлекеттік құрылыс мәселесі жөнінде мұсылман фракциясы өз бағдарламасында конститутциялық парламенттік монархия жақтайтындығын білдірді. Фракция құрамындағы қазақ өкілдері мемлекеттіліктен гөрі сол кез үшін аса өзекті, өткір болып саналған жер мәселесін көтерді. Олар қазақ халқының өз жеріне толық ие болып, оны пайдалану және билеу құқына жетуін көкседі. Олар Ресейдің қол астындағы жер-судың бей-берекет таланып, бөлшектеніп жатуының өзі елдің берекесін қашырып, дағдарысқа тіреп, құрдымға кетіретіндігін түсінді.  Сондықтан да зиялылар, әсіресе Бақытжан Қаратаев қазақ халқының жерін үлкен саяси мәселе ретінде қойды. Бұған Б.Қаратаевтың жер мәселесіне қатысты Екінші Думада сөйлеген сөзі дәлел бола алады. Қазақ халқының қамын ойлаған қазақ азаматы үлкен саяси мінбеде былай деп мәлімдеді: “Жергілікті халықтың мүдделерімен есептеспей келген қоныстандыру қалай дегенмен де әділетсіз болып табылуға тиіс. Ол қашан да күштінің әлсіздігі қанауы деп қабылданбақ. Сөз жоқ қырғыз-қайсақ деп аталатындар, әлі дамудың төменгі сатысында тұрған қауқарсыз халық оларға зорлық көрсетудің ешқандай жөні жоқ қырғыздарды орныққан орындарынан, поселке, деревня құрап отырған үйлерінен жаппай қуып шығарумен айналысып отыр Мемлекеттік Дума өздері ішкі Россиядағы 130000 помещиктің мүддесін қорғау үшін шаруаларды қоныстандыру арқылы қорлап отырған қырғыз-қайсақтардың, әрдайым шаруалардың жерге деген мұқтажын қанағаттандыру мақсатымен жеке иеліктегі жерлерді күштеп тартып алу ниетіндегі барлық оппозициялық фракцияларға аяныштықпен қарайтынын есте ұстайтын болсын” /1/.  Б.Қаратаевтың бұл сөзі біріншіден, мұсылман фракциясының патша өкіметіне қарсы оппозицияда болғандығын дәлелдейді; екіншіден, қазақ зиялыларының жер мәселесін шешуге ұлттық мүдденің үстем болуын талап еткендіктері айқын көрінеді; үшіншіден, қазақ жерінің мемлекет меншігінде болуын қадағалайтын, жерді сатуды ұлтты сатумен бірдей мағынада түсінген қазақ зиялыларының көзқарастары айқын сезіледі.  Мұсылман фракциясы, соның ішіндегі қазақ зиялылары ұлттық мемлекеттілік туралы мәселені арнайы қозғамаса да Ресей империясының әкімшілік басқару жүйесін қатаң сынға алып, билеушілердің жағымсыз жақтарымен заңсыз әрекеттерін нақты көрсете білді.  Мұсылман фракциясының қазақ мүшелері, әсіресе Б.Қаратаев қазақ жерінде ұлттық прогресс пен өркениетті  демократиялық  мемлекетті орнату жолдарын іздестірді. 1.  Бақытжан Қаратаевтың 1907 жылы ІІ Думада сөйлеген сөзі //Қазақстан коммунисі, 1990, №4.  Соған жету жолдарының бірі отырықшы өмір салтына көшу деп түсінді. Сонымен бірге олар адам құқығын қорғау, ұлттық езгіні жою абсолюттік монархияны-самодержавиені құлатып, буржуазиялық - демократиялық мемлекеттілікті орнатқанда ғана мүмкін екендігіне көз жеткізеді. Мұның өзі мұсылмандық фракцияның қазақ өкілдерін ұлттық мемлкеттілік мәселесін терең түсіне білгендігін көрсетті. Қорыта айтқанда, ХХ ғасырдың басында Ресейдегі самодержавиелік шексіз билікті сынға алып, оның келеңсіз жақтары мен жөнсіздіктерін ашық айтатын демократиялық және радикалдық топтар қазақтың озық ойлы зиялылары арасында пайда болды. Олар елдегі 1905-1907 жылдырдағы бірінші орыс революциясының сабақтастығын саяси мақсаттарында сәтті пайдаланды. Ресейде патша өкіметіне оппозициядағы саяси партиялар мен қозғалыстар қалыптасты. Империя отарлаған Қазақстанда да мұндай саяси оқиғалардан шет қалмады.  Қазақ зиялылары Ресейдің кейбір оппозициялық партияларының ықпалымен Қазақстанда саяси ой-пікірлер мен көзқарастарды дамыта отырып, самодержавиеге қарсы әрекеттерге идеялық белсенділік танытып жетекші бола білді. Кадеттер партиясының жолын ұстаған қазақ зиялылары болашақ қазақ мемлекеттілігі туралы мәселені күн тәртібіне шығарды. Болашақ қазақ мемлекеттігі тәуелсіз, демократиялық, федеративтік республика түрінде болуы жөнінде идеялық бастау алды. Мемлекеттік Думадағы мұсылмандық фракция Қазақстанда азат, егемен, азаматтарынының құқығы мен бостандығы бар мемлекет құру идеясын да көтере білді. Әйтсе де өркениетті дамуды, тәуелсіздікті аңсаған қазақ зиялыларының қазақ мемлекеттілігі тұрғысындағы ой-пікірлері идея түрінде ғана тарихта қалды. Солай бола тұрса да  осындай саяси, тәрбиелік мәнге, маңызға ие мәселені оқып-үйрену  өте қажет деп  санаймыз. ХХ ғасырдың басында патша өкіметіне қарсы оппозицияда болған саяси партиялардың бағдарламалары, іс-әрекеттері, тілек-талап қоя білу тәсілдері, жолдары, өздерінің көздеген мүдделерін қорғай білулері, зиялы қауым өкілдеріне тән  өркениеттік деңгейдегі мәдениеттері қазіргі кездегі және болашақтағы ұрпаққа үлгі, сабақ  боларлықтай.  Сондықтанда  мәселенің тарихи тағлымдық тұстарына баса назар аударып, мән беріп, жан-жақты талдауымыз керек. Саяси жүйеде Тәуелсіз Қазақтан  республикасын нығайтуға кадеттер партиясының жолын ұстанған ұлт зиялылырының дербес демократиялық мемлекет үшін күресі саяси партияларға үлгі болуы тиіс. Қазақ зиялыларының тәуелсіз мемлекетті құрудағы  бейбіт, өркениетті  бағыттағы іс-әрекетінің  дүние жүзі  танырлықтай көрсетуіміз қажет. Осыған орай мәселені  толық зер салып, қарастыруымыз қажет. Осы мәселеге байланысты ”Қоғамдағы саяси элитаның орны” деген тақырыпта жазбаша түрде эсселер дайындау, немесе осы тақырып деңгейінде дискуссия ұйымдастыру студенттің ой-өрісі, саяси білімін жетілдірер еді.  Аралық бақылаулардағы тест  сауалдарын қарастыруда да  осы көрсетілген мәселелерге  назар аударылып, 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясы кезіндегі ұлт зиялыларының саяси партия құруға талпынысын,  мемлекеттік құрлыстағы ұсыныстары қамтылса студенттер  өзіндік деңгейде ізденуге дағдыланар еді. 

Сұрақтар. 

1. ХХ ғасыр басындағы Ресей империясындағы саяси партиялар, қозғалыстар және қазақ зиялылары

2. ХХ ғасыр басындағы  Ресейдегі түркі халықтарының ұлт-азаттық идеялары

 3. ХХ ғасыр басындағы ұлттық саяси элита және мемлекеттілік мәселесі

4. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының саяси-құқықтық идеялары

5. ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалысының жапыресейлік мұсылман қозғалысымен саяси-идеялық байланысы                           


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз