Басты бет Тарихи білім Оқу материалдары Оқушыларға арналған оқу материалдары Мұсылмандық қозғалыс және  ұлттық мемлекеттілік  мәселесі 

Мұсылмандық қозғалыс және  ұлттық мемлекеттілік  мәселесі 

20 Тамыз 2013
408
0

 Бұл қозғалыстың негізі түрікшілдік пен исламшылдық қорғанушылар идеологиясы еді. Мұсылмандық қозғалыстың пайда болуына Ресей империясының қол астында отаршылдардың тепкісін көріп, тауқыметін тартқан түркі тілдес және өзге де мұсылман халықтарының әлеуметтік - саяси жағдайы төзгісіз болуы ықпал етті. Патша өкіметінің отаршылдық саясаты, қоғамдық өмірдің барлық салаларын орыстандыруға бағытталған әрекеті империядағы мұсылман халықтарының тұрмыс - тіршілігін тығырыққа тіреп, дағдарысқа ұшыратты. Мұның өзі Ресей мұсылмандарының наразылығын туғызып, азаттық жолындағы күреске жетеледі. Ресей мұсылмандарының азаттық күресі Ақпан революциясынан кейінгі кезеңде мұсылмандық қозғалысқа ұласып ұлттық автономия құруды мақсат еткен “унитарлық” және “федеративтік” ағымдарды күшейте түсті. Ұлттық автономияға қол жеткізуді мақсат еткен “унитарлық” және  “федеративтік” ағымдардың пайда болуын жалпы ХХ ғасырдың бас кезіндегі  мұсылмандық қозғалыс тарихынан тыс қарастыру мүмкін емес. Себебі біз қарастырып отырған мәселенің түп-тамыры Ресей мұсылмандық қозғалысымен тығыз байланысты. Сондықтанда мәселені жан-жақты дәлелдеу үшін және оның мәнін ашу мақсатында,  ХХ ғасырдың бас кезіндегі мұсылман қозғалысымен байланыстыра талдауды жөн көрдік. Жалпы отаршылдық тауқыметін, ұлттық езгіні бастан кешіріп жатқан мұсылман халықтары қозғалысының өрістеуіне 1905 жылы басталған орыс революциясы ықпал етті. Осы кезеңде Ресей мұсылман халықтарының талап- тілектерін тұжырымдап, олардың саяси әрекеттерін бір ортаға бағыттау үшін жалпыресейлік мұсылман съезін өткізу мәселесі көтеріле бастады. Сөйтіп бірінші орыс революциясы тұсында үш мәрте жалпыресейлік деңгейдегі мұсылман съезі өткізілді. 1905 жылдың соңына қарай мұсылман халықтарының саяси белсенділігін арттыру мақсатында Орынборда, Семейде, Петропавлда, Қызылжарда, Астраханьде мұсылмандық қоғамдар құрылды. 1905 жылғы 17 қазандағы патша өкіметінің манифесінен кейінгі ірі оқиғалардың бірі түз халықтарын азаттық күреске “Автономистер одағының” құрылуы құлшындыра түсті. Автономистер съезі ”Бостандық манифесін” жариялады.  Осы съезде М.Тынышпаев қазақ халқының атынан сөз сөйлеп отаршыл үкіметтің “біріншіден, қазақтардың тілін, салт-дәстүрін, діни сенімін, жалпы ереже болмысын тағылық және айуандықпен жазалау және қуғындау арқылы оны тәуелсіз ұлт ретінде жойып, бүтін өлкені орыстандырып жіберуді; екіншіден, түрлі шаралар, нұсқаулар және ережелер арқылы қырғыздарды (қазақтарды) құқықсыз, заңнан тыс тобырға айналдыруды, үшіншіден, оларды ата-мекен жерінен айырып, нәрсіз шөлге ығыстырып, өлім халіне жеткізуді көздейтінін”-дәлелдеп айта отырып, алдағы уақытта халыққа автономиялық дәрежеде болса да еркіндік беруін талап еткен еді.  Бостандық манифесінен кейінгі мерзімде мұсылман басылымдарын көбейтіп, 1905-1906 жылдары 50-ден астам мерзімді баспасөз құралдары жарияланып тұрды. Олардың арасында әсіресе А.Ибрагимов жетекшілігімен 1905 жылдың желтоқсан айынан бастап шыға бастаған “Үлфат” және Ф.Каримовтың редакторлығымен “Вакыт” газеттері қазақ даласына танымал бола  бастады. “Үлфат” газетінің беттерінде қазақ зиялыларының еңбектері жарияланып тұрды. Мәселен, М.Тынышпаевтың автономистер съезінде сөйлеген сөзі және “Тар заман” атты мақаласы, Ж.Сейдалиннің  қазақтарды  бірлесіп құрылтай шақыруға арналған үндеуі және тағы басқа газет беттерінен көрініс тапты.  Мемлекеттік Думаға сайлау науқаны жақын қалуына байланысы жалпыресейлік мұсылмандық қозғалысында мұсылман халықтарының қозғалыс алдында мұсылман халықтарының сайлау кезіндегі тактикасын, олардың сол кездегі саяси партияларға көзқарасын айқындау, жеке мұсылман партиясын құру үшін дайындық мәселелері осы кезеңде өзекті мәселеге айналды. Осы мақсатқа жету үшін кезекті жалпыресейлік мұсылман съезін шақыру міндеті қойылып, ”Үлфат” газеті дайындық шараларын жүргізді. Съезд 1906 жылы қаңтардың 15-23 аралығында Петербургте өтті. Съезде қаралған басты мәселенің бірі мұсылман партиясын құру болды. Делегаттар А.Ибрагимов пен А.Топчибаев әзірлеген партия бағдарламасы мен жарғысын талқылауға көп уақыт бөлді. Олар мұсылман партиясының қалай аталу қажеттігіне де ерекше мән берді. Көпшіліктің ұсынысымен  мұсылман партиясы “Ресей мұсылмандарының одағы” деп аталатын болды.  Әйтсе де мұндай партия ғылыми әдебиеттерде “Иттифақ” ұйымы деген атаумен көпшілікке танымал. Мұсылмандық қозғалыс өз қызметін бұдан кейінгі кезеңдерде жалғастырды. Әйтсе де оның қоғамдық-саяси әрекеті Ақпан революциясынан кейін айтарлықтай мәнді де қарқынды бола түсті. Күшейе түскен ұлттық езгімен қатар бірінші дүниежүзілік соғыс ауыртпалықтары, сондай-ақ 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс зардаптарын бастан кешіріп жатқан Ресей мұсылмандары Ақпан революциясы жеңісіне үмітпен қарап, қуана қарсы алды.  Ақпан революциясының жеңісі ұлттық езгінің күш - қуатын әлсіретуге және халықтық демократияның қалыптасуына мүмкіндік берді. Халықтық өзін - өзі басқаруына алғшарттар жасады. Алайда Ақпан революциясының жеңісі қоғамдық өмірдің барлық мәселелерін шешіп бере алмады. Уақытша үкімет жер, соғыс, қоныс аудару тәрізді мәселелерге келгенде “ұзын арқан кең тұсауға” салды. Уақытша үкімет соғысты жеңіске жеткенше жалғастыра беру керек деген желеумен оны шешуден  бас  тартты. Өзге де мәселелерді, соның ішінде ұлттардың өзін-өзі басқаруын құрылтай жиналысының еншісіне қалдырды.  Осындай жағдайда ресейлік мұсылмандық қозғалыс өзі көздеген мәселелерді өз мүддесіне сай шешуге ұмтылды. Ресей мұсылмандарының Уақытша орталық бюросы Уақытша үкіметтің азаматтық келісім саясатын және құрылтай жиналысы арқылы саяси-әлеуметтік мәселелерді бейбіт түрде шешуді жақтады. Сондықтан да мәселелердің таптық тұрғыдағы қойылымына қарсы болып, наразылық білдірді. Себебі мұсылман халықтары үшін ең басты мақсат орталық тәуелділіктен құтылып, өзін-өзі басқаруға қол жеткізу болды. Осыған орай таптық бағыт мұсылмандық қозғалыс үшін аса қажет болмады.  Сонымен қатар Ресей мұсылмандарының Уақытша орталық бюросы большевиктер партиясының саясаты мен идеологиясын қолдамады. Жергілікті жерлерде болып жатқан жұмысшы және солдат депутаттары кеңестеріне де оң қабақ таныта алмады. Уақытша үкіметтің Қазақстандағы ұлттық тірегі 1917 жылғы наурыз айынан құрыла бастаған қазақ және мұсылман комитеттері болды. Қазақ комитеттерін құруға қазақ зиялылары белсенді әрекет етті. Облыстық және уездік қазақ комитеттері Уақытша үкіметтің саяси жүйесінде қазақ елінің ұлттық мүддесін көздеу мақсатында құрылды. Ақпан революциясынан кейін 1917 жылы сәуір айында Түркістан өлкесінде ірі қоғамдық-саяси ұйым “Шуро-и-ислам” құрылды. Ұйымға өзбек халқының көрнекті қайраткері М.Қ Абдурашидханов жетекшілік етті.  “Шуро-и-ислам” ұйымы өлке мұсылмандарының мүддесіне орай Уақытша үкіметті қолдап, үкімет орындарына мұылмандардан өкіл енгізуді мақсат етті. Сонымен  қатар аталмыш ұйым мыналарды жүзеге асыруды көздеген еді: Қазіргі кездегі алдыңғы қатарлы қоғамдық-саяси көзқарастардағы  мұсылмандарды насихаттау; Ортақ мақсат үшін мұсылмандарды біріктіру;  Ескі билік өкілдерін жаңа өкілдермен ауыстыруды ұйымдастыруда тұрғындаға көмектесу; Болуы мүмкін ұлтаралық шиеленістің алдын алу және арандатушылыққа қарсы күрес; Өлкедегі барлық ұлттар мен олардың ұйымдарымен байланыс орнату, сондай-ақ мұсылмандардың негізгі мақсатымен оларды таныстыру. 1917 жылдың көктемінен қазақ қоғамында айтарлықтай саяси оқиғалар болып өтті. Қазақ зиялылары бүкілресейлік Құрылтай жиналысына әзірлік жүргізу, шешімін күткен бірқатар мәселелерді жалпыұлттық деңгейге көтеріп, саяси сипат беру міндетін қойды.  Осындай міндеттердің бірі, түрлі деңгейде жиналыстар, съездер өткізу болды. Осы мақсатта облыстық деңгейдегі съездер 1917 жылдың сәуір-мамыр айларында Орынборда, Оралда, Семейде, Жетісуда, Омбыда өткізілді. Облыстық қазақ съездері күн тәртібіне жер, дін соғысқа көзқарас, бұрынғы чиновниктерді орнынан алу, Уақытша үкіметтің жергілікті билік органдарын құру, Ресейдің болашақ мемлекттік құрылысы және тағы басқа мәселелер  қойылып,  бұлар жөнінде қарарлар қабылданды. Мемлекеттік құрылыс мәселесінде қазақ съездері Ресейдің демократиялық федеративтік республика болуын жақтады. Облыстық қазақ съездері 1917 жылы 1 мамырда басталатын жалпыресейлік мұсылман съезіне де назар аударды. Торғай, Орал, Ақмола облыстық съездерінің күн тәртібінде жалпыресейлік мұсылман съезі арнайы мәселе ретінде қаралып, оған делегаттар сайланды. Жалпыресейлік мұсылман съезі 1917 жылы 7-10 сәуір аралығында Орынбор қаласында өткен мұсылмандар мәжілісінде де қаралған еді. Осы мұсылман мәжілісіне қатысқан қазақ өкілдері де Торғай облыстық қазақ съезінің делегаттары болатын. Мәжіліске қатысқан қазақ өкілдерінің ішінде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, У.Таналиев, С.Қадырбаев және тағы басқалар болды. Мәжілісте басты мәселе ретінде мемлекеттік құрылыс мәселесі қаралды. Мәжіліс депутаттары бірауыздан Ресейдің федеративтік демократиялық республика болуын қалайтындықтарын білдірді.  1917 жылдың 16-22 сәуір аралығында Ташкентте Түркістан мұсылмандарының съезі болды. Мемлекеттік мәселе төңірегінде съезд өкілдері Ресейдің федеративтік республика болғандығын қалайтын өлке халықтарының пікірін ерекше атап өтті. Әйтсе де мұсылмандық қозғалыста  мемлекеттік құрылыс мәселесі жөнінде зиялылардың көзқарастары түрліше болды. Мұсылман халықтарының ұлттық қозғалысында дербес саяси дамуда автономияға қол жеткізу мәселесі кең қанат жайды. Осы мәселе төңірегінде екі түрлі ағым бой көрсетті: оның бірі унитарлық, екіншісі федеративтік. Бірінші ағымды қолданушылар орталықтанған біртұтас үкімет билігі бар Ресей республикасының шеңберіндегі мәдени ұлттық автономия құру идеясын ұстанды. Екіншілері федеративтік негіздегі Ресей республикасының құрамындағы территориялық автономияны жақтады. Мәдени-ұлттық автономияны жақтаушылар, яғни унитаристер мұсылмандардың территориялық автономия алу мүмкіндігін жоққа шығарды. Дегенмен шет аймақтарға қарағанда ішкі Ресейдегі мұсылмандардың шашыраңқы және территориялық жағынан қолайсыз орналасуына байланысты оны жүзеге асыру мүмкін емес деген көзқараста болды. Осындай көзқарас танытушылардың бірі Ресей мұсылмандарының Уақытша орталық бюросының төрағасы А.Салихов еді. Оның пікірінше Ресей мұсылмандарының тұтастығын, бірлігін сақтап қалатын бірден-бір құрылым мәдени-ұлттық автономия. Өйткені территориялық автономия мұсылман халықтарын жақындатудан гөрі оларды бір-бірінен алшақтата түседі. Осылайша мұсылмандық қозғалыста автономия алу мәселесінде мұсылман жұртшылығының алдында автономияға байланысты нақты тиімді құрылымды таңдап алу міндетін қойды. Ресей мұсылмандарының Уақытша орталық бюросы және жер-жерлерде ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарының құрылуы, мұсылман халықтары өкілдерінің мемлекеттік құрылысқа қатынасуы, елдің саяси өміріне араласуы тәрізді әрекеттері шет аймақтардағы тұрғындардың сана-сезімінің оянуына қозғау салып, олардың арасында да күрескерлік әрекеттер жандана бастандығы байқалады. Жергілікті жерлерде өткізілген мұсылман халықтарының съездері мен мәжілістері де осының бір көрінісі және дәлелі бола алады. Осындай жаңа серпіліске ие болған мұсылмандық қозғалыс  орталықтанған билік пен орталық езгінің түбірімен жойылуына, Ресейдің демократиялық республика болып құрылуына шеткері аймақтар халықтары да сырт қалмай, атсалысып белсене қатысуға үндейді. Сонымен бірге Ресейде қалыптасқан жаңа саяси жағдайдағы мұсылмандық қозғалыста империя мұсылмандарының талап-тілектерін тұжырымдап, іс-әрекеттерін бір арнаға түсіруге басты назар аударылды. Мұсылмандық қозғалыс Уақытша үкімет шеңберінде мемлекеттік құрылым, оқу-ағарту, мәдениет тағы басқа мәселелерді нақтыландырып, жүйелеу мақсатында Уақытша орталық бюроның ұйымдастыруымен 1917 жылдың 1-11 мамыр аралығында жалпыресейлік мұсылман съезін өткізді. Съезге 800-ден астам делегат қатысты. Олардың арасында Ж.Досмұхамедов, Х.Досмұхамедов, К.Тоғысов, А.Теміров, Ғ.Әлібеков, М.Жұмабаев, У.Танашев сияқты қазақ зиялылары болды. Съезде жер, дін, әйел, оқу-ағарту, жергілікті басқару мәселелерімен қатар Ресейдің мемлекеттік құрылымы туралы мәселе де қаралды. Сонымен қатар съездің сегіз секциясында даулы мәселелер күн тәртібіне қойылды. Әсіресе, мемлекеттік түрі қандай болуы керек жайында үлкен талас-тартыс болып, уақыттың көбін алды. Съезде Уақытша Петроградта болып тұрған Ресей мұсылмандарының бюросының төрағасы Ахметбек Салихов бір баяндама, Кавказ-Әзербайжан өкілімен Бек Расул Зада бір баяндама даярлап алып келіп, талқыға салды салды. А.Салихов ұсынған мемлекеттік түрі- демократиялық, ынталықтанбаған, парламенттік, унитарлық республика, яғни мемлекет билігі халықтың өз қолында болып, бүтін Ресейдегі жұрт бөлінбей тұтас тұру. Бек Расул Зада ұсынған мемлекеттік түрі- демократиялық федеративтік республика, яғни әр жұрт өз тізгінін өзі алып, өз істерін өздері бітіріп, бөлектеніп, жалғыз-ақ мемлекетке ортақ іске қатынасып тұру  болды.  Баяндамашылардың ұсынған идеялары негізінде съездегі өкілдер екіге бөлініп, екі түрлі позиция қалыптасты. Бір жағы-унитаристер, екінші жағы- федералистер. Съезде делегаттар аталған мәселеге орай Ресейдің 30 млн. мұсылмандарының федеративтік негіздегі демократиялық республиканы жақтайтындықтарын білдірді. Алайда делегаттардың басым бөлігі Ресей мұсылмандарының Уақытша орталық бюросының төрағасы А.Салиховтың пікірін бөлісті. А.Салихов мұсылман съезіне дейінгі мемлекеттік құрылыс хақындағы көзқарасынан бұлтартпады. А.Салихов өз пікірін ортаға сала отырып, федералистер көзқарастарының бұрыстығына көз жеткізуге тырысты. Уақытша орталық бюроның төрағасы осы тұрғысындағы пайымдауын былайша көрсетті: “Федерация аламыз деп тұрған халық-қазақ, сарт, кавказ һәм басқалар. Тіпті надан, оларда неше түрлі завод-фабрика жоқ. Оны шығарарлық оқымысты жұрт емес. Ғылым, білім, өнерден бос, құр алақан. Осындай қараңғы халыққа федерация берсек, байлар, хан тұқымы- ақсүйектер, бектер халық билігін қолына алып, баяғы Николайдың заманында істелген істерді өз тұқымына істейді” /1/.  Мұның өзі унитарлық ағымды ұстанушылардың пікірінше Ресей Федеративтік негіздегі мемлекеттік құрылым болса, онда жер мәселесі ұлттық мүдде тұрғысында шешілу мүмкіндігінен айырылады. Сондай-ақ мұсылман жұмысшылары жалпыресейлік игіліктердін пайдалануы тиіс, мұның өзі мемлекет үшін де, оның тұрғандары үшін басты мәселелердің бірінен саналады. Унитаристердің пікірінше территориялық федерализм мұсылмандардың бытырап кетуіне жағдай жасайды. Сонымен қатар саяси күштердің  әлсіреуіне,  әйелдер  және ұлт  мәселелерінің шешілуіне кері  ықпалын тигізеді. 1.  Жалпы қазақ съезін құру туралы//Қазақ. 1917. №232.  Себебі федеративтік құрылым бір мемлекетте бірнеше автономияның пайда болуына негіз қалайды. Ал мұның өзі жүз мыңдаған мұсылмандардың орыс жерінде қалып, ақыры орыстанып кетуіне әкеліп соғады.  Съезде мәселенің осы жағына үлкен мән берген Ғаббас Ысқақов: “Мұсылман жұртында әйел еркекпен тең ұсталмайды. Билікті алған соң, орыс законы арқылы жаңа ғана құқық алып келе жатқан әйелдеріміз бұрынғыдай еріксіз болып қалады қазақ арасында мұсылманшылық аса зорайып кетуге қарсылық қылып, орысша тәрбие алып жүрген қазақтар һәм солар, татар ғылым, білім мәнеріне жақындатпай, орыс ғылым мәнеріне үйір қылуға тырысады. Олар баяғы Ы.Алтынсарин секілді миссионер (елді басқа дінге аударғы) жолын қуаттайды. Әсіресе, қазақ халқын бұл жоғарыда айтылған күйде тасталмай, татар, түрік, мұсылман қылып, бір мұсылман туын жасап, сол тудың астына кіргізу керек, қазақтарға бөлінеміз деу жарамайды”, - деп баса көрсетіп, өз көзқарасын дәлелдеуге тырысады.  Съезде унитаристер өз пікірлерін дәлелдей түсіп, “Ресей мұсылмандарына бірігу керек. Ресей мұсылмандары үшін тарихтың артқан міндетін орындайтын заман жетті. Аяқтарын ислам мәдениетіне тіреп, ислам мәдениетін бұрынғы қалпына түсіріп, өсіріп, бастарына батыс мәдениетін сіңіріп, екеуін бірін-біріне таныстырып қосатын реті келді. Орыстың закон шығаратын орындарына мұсылман болып бірігіп, бір тудың астында іс қылса, бүтін Ресейдің тізгіні мұсылмандардың қолында қалады”/70/- деп өзгелердің көзін федеративтік құрылымның залалдығына жеткізуге бар күш жігерлерін салды.  Съезде федералистердің көзқарастары салмақты, пікірлерінің ұтымды болуына орай оларды жақтаушылардың басым түсіп жатқандығын байқаған унитаристер жеңіліп қалмау әрекетіне көшті. Осы мақсатта  “қазақ, сарт, кавказдарға федерация болуға жібермеу керек. Олар бөлінсе Ресей қолында Еділ бойындағы татарлар қалмақшы және қазақ пен Түркістан жақтарында бос жер көп, олар бөлінсе жерімен бөлінеді. Онда бізге пайда жоқ. Егер де бөлінбей қалса, онда жері жоқ татарлар қазақ жерін Түркістан жеріне көшіп барып, жерін алады”,- деп, мәселенің өзегін жермен, жер үшін күреспен байланыстыра көрсетеді. Сөйтіп, федерация болу жер мәселесінде ұтымды бола алмайды деп санайды. Территориялық федерализм еркіндікті кеңінен пайдалануға әзір емес қалың бұқараны қанайтын үстем тап өкілдеріне ғана қажет дейді. Сондықтан А.Салихов “Ресей мұсылмандарының мәдени- ұлттық автономиясы арқылы құқылы институт деп танылуы керек”-деген ұсыныс жасады. Съезде Ресейдің федеративтік негіздегі демократиялық республика болуын жақтап М.Расул-Заде, Ж.Досмұхамедов, Ғ.Ходжаев сөз алады. Ақыры, мемлекеттік құрылыс мәселесін дауысқа салған А.Салиховтың ұсынысы өтпей қалды. Оны 271 делегат қолдағанымен 490 дауыс қарсы берді. Сөйтіп, съезд тек белгілі территориясы жоқтарға ұлттық-мәдени автономия берілсін, ал негізінен барлық мұсылмандарда ұлттық- территориялық автономия болсын деген шешім қабылдады. Мұсылмандық қозғалыста ұлттық автономияға байланысты унитарлық және федеративтік негіздегі мемелекеттік құрылымдарды құру мәселесімен қатар осы кезеңде қазақ автономиясын жариялау туралы мәселе өзекті болды. Қазақ автономиясы жайында мәселе 1917 жылдың 21-26 шілдесінде Орынборда өткен жалпықазақ съезінде арнайы қаралды. Бірінші жалпықазақ съезі “Ресей федеративтік республика болсын, қазақ облыстары қоныс-ұлт жігіне қарамай облостной автономия алуы тиіс” т.б. деген маңызды қаулылар қабылдап, шешім шығарды. Сонымен бірге 1917 жылдың тамыз айында Киевте өтетін федералистер съезіне Ә.Бөкейханов, Ж.Досмұхамедов, У.Танашев қазақ елі атынан өкіл болып баратын болғандықтан депутаттыққа сайланды. Ұлттық автономия мәселесі 1917 жылы 8-15 қыркүйекте Киев қаласында өткен федералистер съезінде қаралды. Съезд жұмысына Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесінің өкілі ретінде Ж. Досмұхамедов қатысты. Бұл съезде мәселе өз шешімін таба алмады. Осылайша Уақытша үкімет билігі кезінде мұсылмандық қозғалыстағы ұлттық автономияға байланысты мемлекеттілік құрылымдар туралы идеялар орын алғанымен қоғамда ол өз шешімін таба алмады. Уақытша үкімет мұндай мәселені шешуге құлық таныта қоймады әрі орын алған унитарлық және федералистік ағымдардың идеяларын іс-жүзіне асыруға мүдделі болмады. Ұлттық мәселені шиеленістірмеу мақсатында мұндай күрделі саяси істі құрылтай жиналысының құзырлығына қалдырды. Әйтсе де аймақтағы саяси жағдай қазан төңкерісінің жеңісінен соң күрт өзгерді. Большевиктер өкімет басына келгеннен кейін ұлт аймақтарын өз ыңғайына тарту үшін “Ресей халықтары праволарының декларациясы”, “Ресей мен Шығыстың бүкіл мұсылман еңбекшілеріне” деген үндеуін жариялады. Аталған құжаттар негізінде кеңес өкіметі “бұдан былай сіздердің нанымдарыңыз бен әдет ғұрыптарыңыз, сіздердің ұлттық және мәдени мекемелеріңіз ерікті және қол сұғылмайтын болып жарияланады. Өздеріңіздің ұлттық өмірлеріңізді еркін және бөгетсіз құра беріңіздер. Сіздердің бұған құқықтарыңыз бар”,- деп салтанатты түрде бүкіл әлемге паш етіп, уәде етті.  Әйтсе де уақыт өте келе мұндай уәделердің шеті көрініп, “бұлыңғыр сағымдай” алыстай берді. Шет аймақтар халықтары үшін бостандық, теңдік, әрбір халықтың өзін-өзі билеу құқығы кеңес өкіметі тарапынан берілген уәде түрінде қалды. Қағаз жүзінде жазылған үндеу-декларациялар іс-жүзінде асырылмай, сол күйінде қалды. Шет аймақтарды жекелеген ұлттардың өздері емес бірорталықтанған билік басындағылар басқарды. “Кеңес өкіметінің алғашқы айларынан-ақ Қазақстанда да, Түркістанда да билікті европалық нәсілден шыққандар өз қолдарына алды. Бұл жергілікті жерде ел басқаруға қабілетті азаматтар жоқтығынан емес, оларға сенімсіздік көрсетуінен орын алған еді” /1/.

Осылайша ұлт саясатында таптық негізді басшылыққа  алған  кеңес өкіметі мен большевиктер партиясы мұсылман халықтарының қозғалысының ұйымдарының  талап  -  тілектерін  ескерусіз  қалдырды.  1. Бөкейханов Ә. Шығармалары. -Алматы.1994 -270б.  Бүкілресейлік  мұсылмандар кеңесі көп ұзамай өз қызметін тоқтатты. Кеңестің атқару комитеті құрамында болған қазақ өкілі Ж.Досмұхамедов Алашорда үкіметінің құрамына алынды. Оның мұндай өкілеттілігін 1917 жылы желтоқсанда Орынборда өткен екінші қазақ съезі бекітті. Дегенмен де Ресей мұсылман халықтары өзінің  шешілмей келе жатқан мемлекеттік құрылым, жер мәселелерін Құрылтай жиналысында түпкілікті шешуге үміттенді. Әйтсе де мұсылман жұртшылығының Құрылтайдан күткен үміті ақталмады. Себебі кеңес өкіметі 1918 жылы 5 қаңтарда Құрылтай жиналысын күшпен таратып жіберді. Осындай жағдайға байланысты Ә. Бөкейханов былай деп жазды: “Большевик Николай аяғын құшты. Құрылтай өзі Ресей мемлекетіне негізгі закон шығарып, мемлекет көшін түзетіп, жүртқа пайдалы бітім қылып, жақсы сапарға жұрт тілегін тартпақ еді. Бұл мақсаттың бәрі 5 қаңдардағы пулемет оғымен, құйын соққан күлдей ұшты. Ақылды, ұлт пайдасын демагогия, қараңғылық басты” /1/. Кеңес өкіметі өзінің билігі орнаған жерлерде мұсылман жұртшылығының саяси құрылымдарын жоюға кірісті. Түркістан, Башқұрт автономиялары таратылып, жойылды. Мұсылман қозғалысының мемлекеттілік мәселелерге байланысты идеялары  тұншылықтырылды. Ал мұсылман халықтарының азаттығы жолындағы күресте көзге түсіп, танымал болған зиялыларды кеңестік билік құғын-сүргінге түсіріп, жазықсыз жазаның құрбандары етті. З.Валиди, М.Шоқай тәрізді қайраткерлер шет елдерге кетуге мәжбүр болды. Ұлттық автономияға байланысты “унитарлық” және “федералистік” ағымдардың бастамалары өркениетке қол созған ұлттардың идеясы түрінде тарихта ғана қалды. Кеңес өкіметі Ресейдегі барлық ұлттар мен халықтарды өзінің “басты- бітімі” негізінде бір орталықтан ғана басқаратын мемлекет құрамына кіргізді. Әйтсе де ғасыр басындағы Ресейде орын алған мұсылмандық қозғалыс “бұратана” халықтардың қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік із қалдырды. Бұл қозғалысқа ат салысқан қайраткерлер отарлық бұғауға қарамастан ұлттық бостандық үшін күреске жұмыла кірісіп, пәрменді әрекет етуге талпынды. Сөйтіп шеткері аймақтардың саяси күштеріне ұйтқы бола алатындықтарын, осы өлкедегі халықтардың құқығын қорғай алатындықтарын іс-жүзінде дәлелдеуге қабілетті екендіктерін көрсетті. Мәселенің тарихын оқып - үйрену мен ой - зердеде  салмақтауда оның бастауларын патша өкіметінің қазақ даласындағы рухани отарлауымен байланыстыра қарастыру керек. Себебі империяның орыстандыру, шоқындыру әрекетіне қарсы тұрарлық қазақ халқының қолынан келер мүмкіндіктері санаулы ғана еді. Солардың бірі жалпы бұқара халықты ұйысын бұзып,  ұлттық санасын ояту болма екінші мұсылмандық қозғалысты тудырып, халық арасында  мұсылмандық ғибратты  тарату болды. Азаттық үшін күресте халықтың санасын оятып, оны білім, ғылымға шақырым  ұлттық идея  мәселесімен қатар өркениеттік мәдениетке жетелеген қазақ зиялыларының өкілдері болса, мұсылмандық қозғалысты ұйымдастырушылар да  жоғарыда көрсетілген  деңгейдегі ұлт таңдаулылары болатын. 1. Бөкейханов Ә. Шығармалары. -Алматы.1994 -270б. Мұсылмандық қозғалыстың тарихын зерделеуде оның бастаулары 1905 - 1907 жылдардағы бірінші орыс революциясымен қатар келгендігін ескеру қажет. Осы аталған қозғалыстың мақсаты да отарлық тәуелділіктен құтылу, өзін-өзі басқаруға қол жеткізу  болды. Сондықтан да ХХ ғасырдың бас кезіндегі мұсылмандық қозғалысты қазақ  мемлекеттігін жаңғырту үшін  жүргізілген  ұлт-азаттық, идеялық күрестермен байланыстыра қарастырудың маңызы зор. Мұсылмандық қозғалыс деңгейіндегі құрылтайлар жер, дін, әйел, оқу-ағарту, жергілікті басқару, Ресейдің мемлекеттік құрылымы туралы мәселелерді қарап, талқылап отырды. Әсіресе мемлекеттік, оның құрылымы түрі жайында үлкен пікір - таластар болды. Мұның өзі мұсылмандық қозғалыстың іс-әрекетінің бағыт - бағдарын анық көрсетеді. Осыған байланысты мұсылмандық қозғалыс шеңберінде ұлттық мемлекеттік мәселесін нақты тарихи деректер негізінде, оның ішінде мерзімді басылым материалдары көмегімен жекелеген  мәселелерге бөліп қарастырып, оқып- үйрену оның маңызын  айқындауға септігін тигізеді. 

 Сұрақтар. 

1. Түрікшілдік идеясының эволюциясы 

2. Мұсылмандық қозғалыстағы ұлттық автономия мәселесі 

3. Мұсылмандық қозғалыстағы “унитарлық” және “федеративтік” ағымдар 

4. ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалысының жапыресейлік мұсылман қозғалысымен саяси-идеялық байланысы 

5. ХХ ғасыр басындағы  Қазақстанда хандық билікті қалпына келтіру әрекеттері 

6. ХХ ғасыр басындағы  ұлт зиялыларының еңбектеріндегі “Ұлттық идея” мәселесі                 


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз