Басты бет Е-ресурстар Е-Кітапхана Ғылыми мақалалар мен жарияланымдар Қазақ баспасөзіндегі Энвер паша және түрікшілдік қозғалыс барысы

Қазақ баспасөзіндегі Энвер паша және түрікшілдік қозғалыс барысы

20 Тамыз 2013
74
0

Қазақ баспасөзіндегі Энвер паша және түрікшілдік қозғалыс барысы

Аннотация

  Мақалада Орынбор қаласында А. Байтұрсыновтың басшылығымен 1913-1918 жж. аралығында шығып тұрған «Қазақ» газетіне жарияланған мақала, ақпарлар және ғылыми әдебиеттердің негізінде Түркияның қоғам қайраткері Энвер (Әнуар) пашаның қоғамдық-саяси қызметі, Балқан соғысы барысындағы рөлі айқындалады. Автор қазақ даласындағы түрікшілдік қозғалысы мен оған қарсы патша үкіметінің қолданған саясатын мұрағат материалдарымен саралайды.

  Түйін сөздер: баспасөз, газет, түрікшілдік, қозғалыс, ақпарат, Түркия, Балқан соғысы, Қара теңіз, паша.

ХІХ ғасырдың соңында шет мемлекеттерде қарқын алған түрікшілдік (пантүрікшілдік) қозғалысы XX ғ. басында Ресей қол астындағы отарлық езгінің тауқыметін тартқан мұсылман халықтарының азаттық қозғалысының өрбуіне елеулі дәрежеде ықпал етіп, кең түрде жайыла бастады. Бұл қозғалыстың басында болған Ю.Акчурин, Ә.Топчибашев, А.Ибрагимов, С.Мақсұдов секілді қайраткерлер түркі халықтарының мүддесін қорғау жолында әрекет етіп, бүкілресейлік мұсылман съездерінде  бұл мәселелерді  талдауға алып, іске кірісіп, тегі мен тілі, діні мен мәдениетін бір түркі-мұсылман туының астына біріктіруге тырысты.

Ресей империясы құрамындағы мұсылман халқына түркі жұртында болып жатқан оқиғалар қатты әсер етті. Сол елдегі өзгерістерді бақылай отырып, олардың жеткен жетістіктерін зор қуанышпен қабылдады. Түркияда басылып шыққан газеттер мен кітаптар қазақ даласына кең тарады.

Қазақ зиялылары да отарлық езгіге қарсы ұлт-азаттық күрестің басты қадамдарын ХХ ғасырдың басында бастап баспасөз арқылы білдірген еді. «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы шықпай тұрып, қазақтың алдыңғы қатарлы азаматтары «Семипалатинский листок», «Уақыт» (Вакт) және тағы басқа басылымдар арқылы қоғам өміріндегі саяси ахуал, елдің тыныс-тіршілігі, рухани сала жайынан жазылған мақалаларын жарияласа, қазақ баспасөзі қалыптасуымен үкіметтің қатаң бақылауына қарамастан шешімін таппай келе жатқан әлеуметтік мәселелерге қатысты ой-тұжырымдарын  батыл түрде білдіріп, осы басылым төңірегінде пікірталастар тудырып, халықты патша үкіметінің отарлық саясатына қарсы саяси күреске жұмылдыра білді.

«Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан ұлт зиялылары ұлттық ерекшеліктерді сақтай отырып, батыстық өркениет даму жолының бағытын ұстанса да, түркі жұртындағы өзгерістерді осы баспасөз арқылы насихаттап отырды. 

Қазақ баспасөзінде көтерілген мәселелердің бірі – бұл Балқан соғысы. Балқан елдері мен Түркия арасында соғыс қимылы, әсіресе Түркия үкіметінің ішкі және сыртқы жағдайы, билік басындағы жас түріктер үкіметі мен оның басшыларының қызметі басылымның негізгі тақырыбына айналды. 

ХХ ғасыр басында Түркияның қоғамдық-саяси өміріне етене араласқан қайраткерлердің бірі – Энвер (Әнуар) паша. 1903 жылы Стамбұлдағы генералдар штабы Академиясын аяқтаған, 1914-1915  жж. аралығында Осман империясы қарулы күштерінің министрі қызметін атқарған, 1921-1922 жылдары Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысқа қатысқан қайраткердің саяси қызметі Түркия ғалымдарының ғана емес, Орта Азия мемлекеттерінің атап айтқанда, Қазақстан, Өзбекстан, Ресей ғалымдарының зерттеу нысанына айналып, әскери басшы ретіндегі рөлі түрлі тұрғыда бағаланып келді.

Энвер пашаның І дүниежүзілік соғыс жылдарындағы саяси күрес барысы жайында жазылған ғылыми еңбектер де баршылық. Оның тұлғалық қасиетіне қазақ ұлт зиялылары да өзіндік баға берген. ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық қызметі арқылы Қазақстанның еркіндігі жолында күрескен, бірақ Кеңес үкіметідегі қызыл террордың нәтижесінде шетелге кеткен ұлт зиялысы Мұстафа Шоқай «Марқұм Энвер паша һақында есте қалғандардан үзінділер» деген естелік мақаласын Энвер пашаның қаза болғанының он жылдығына орай жазды. Энвер паша есімі тек түркі жерінде ғана емес, қазақ жұрты арасында кең таралғандығын: «Түркістандағы халық бұқарасының басым көпшілігі Әнуарға сенетін, оны өзінің ең жақын адамы санайтын. ... Ал Әнуар пашаны білмейтіндер жоқ десе де болатын», - деп жаза отырып, оның есімі Түркістан өлкесінде аңыз ретінде айтылатындығын келтірген [1,  288-289 б.]. 

Энвер пашаның Түркістан ұлт-азаттық қозғалысындағы қызметі мен саяси көзқарастары сол кездің өзінде зерттеушілер тарапынан түрлі бағаға ие болып, көпшілік ғылыми әдебиеттерде «басмашылар көсемі», «пантүрікшіл» ретінде  қарастырылып келді. Қазіргі кезде де Энвер паша туралы зерттеушілер арасында түрлі пікірлер туындап отырғаны рас.

Энвер патша қызметінің астары туралы соңғы кездер жарияланып жатқан еңбектердің көпшілігінде мұсылман ұлтының тәуелсіздігі жолындағы  күрескер, Түркияның патриот азаматының бірі ретінде қарастырылуда. Қазақстандық зерттеушілер арасында Б. Баймаханов Түркістан ұлт-азаттық қозғалысындағы Энвер пашаның күрескерлік рөлін, оның саяси ой-пікірлері және әскери стратегиясын кеңестік жүйе тұсындағы мен соңғы кездерде жарық көрген әдебиеттерді салыстыра қарастыру негізінде айқындауға тырысты [2].

Әскери орта мектепті, лицейді, әскери жоғары оқу орнын аяқтаған Энвер паша Осман армиясындағы қызметінде генерал-майор дәрежесіне дейін өсіп, 1914 жылы қаңтарынан 1918 жылға дейін, яғни Бірінші дүниежүзілік соғыс тұсында қарулы күштер министрі болды. Әскери қайраткердің Балқан соғысы кезіндегі басшылық тұлғасын саралауда 1913-1918 жылдар аралығында ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсыновтың басшылығымен шығып тұрған «Қазақ» газетінің рөлі зор деуге болады.

«Қазақ» газеті «Сыртқы хабарлар» деп аталған арнайы бөлімінде оқырмандарын түрікшілер қозғалысымен, Балқан елдері мен Түркия арасындағы ұрыс қимылдарымен күнделікті таныстыруға тырысты.

Газет қазақ оқырмандарын бірінші санынан бастап сыртқы жағдайлармен хабардар етуді жоспарлағандықтан, Түркиямен соғысушы елдердің арасындағы хал-ахуалды сол қалпында жеткізіп отырды. «Түркия мен төре патшаның соғысқанын қазақтар да естіп жатқан шығар. Бірақ газета алып оқып отырғандарына болмаса, біреуден біреуге ауызбен айтқан хабарлардың ішіне айтушылардың сөзі қосылып, дұрыс-бұрысы араласып, әлгі хабар қазақ ішіне бара қоймайды. Сондықтан бұл соғысты басынан аяғына шейін баяндап айтып өткеніміз теріс болмас», - деп келтірілді. Түрікпен соғысып жатқан ұсақ патшалар дей отырып, түріктер өз күштеріне сеніп, еш дайындықсыз, ескі түрік, жас түрік болып өзара ұстасып, оның арты ескі түріктердің жеңіп, үкімет басындағы жас түріктерді ығыстырып, әскери уақыты бітті деп оларды таратқан кезде болғар елдері бас салғанын сезбей қалғандығын саралап көрсетті. Бұл жерде Түрік елінің қамсыз отыруы ішкі таластардың салдарынан екенін айқын келтірілді.

Түркияға Болғария, Сербия және Греция мемлекеттері соғыс ашатындықтарын 4 қазанда ескерткен. Бірақ жаудың күшін есепке алмаған түріктер 10 мен 11 қазанда шығыстағы Қырықкелисе, батыстағы Құманвадеден айырылды, 13 қазанда Сербия әскері Скопье қаласын алды,  ал 16-19 қазанда Ергене суы бойындағы ұрыс барысында  түріктер тағы да жеңіліске ұшырап, Шаталжа қорғанына тығылуға мәжбүр болған. Газет түріктердің әскер ісіне салғырттығы қазанның 26-да Салониктен айырылуынан, гректердің басып алуынан көрінгендігін жазды.

Түріктердің Шкодер деген қаласы қаратаулықтардың, Андрианопольды болғарлардың, Баниды гректердің қоршауында қалуы ішкі жағдайды ушықтырып, халықтың наразылығын тудырып, Кәміл пашаны уәзірліктен түсіріп, ал әскер басы Назым пашаны өлтіріп, билік басына жастүрікшілерді алып келді [3].

Жастүрікшілер 1908 жылы болған төңкеріс барысында сұлтан билігіне соққы беріп, үкімет басына келген болатын. Дегенмен олар Түркияны шетел тәуелділігінен құтқара алған жоқ, сонымен қатар елді демократиялау міндетін де жүзеге асыра алмады.

Ескі билік пен жастүрікшілер арасындағы тартыс ел арасында түрлі қауесеттерді таратты. Мерзімді баспасөз беттерінде жұртты жаңылыстыратын ақпарлардың жариялануы қайсысының шын немесе жалған екендігін ажыратуға қиындықтар туғызды. Мұндай жағдайдың Түркияда кең түрде қанат жайып отырғандығын «Қазақ» газеті баса жазып, халық арасына тарап кеткен қарт түріктерді үкімет басынан тайдырған Энверді Назым пашаның адамдары атып өлтірді деген  қауесеттің жалғандығын айтып, мұндай ақпардың тарауының бірден-бір себебі түрік әскерлерінің арасында абыржулық туғызу арқылы реті келсе бүлік шығару екендігін оқырмандарына түсіндірген. Газетке жарияланған бұл хабар Стамбұлдағы Фатих Кәрімовтың хаты негізінде жарияланды [4].

1913 ж. 23 қаңтарындағы Энвер пашаның төңкерісінен кейін жастүрікшілер елдегі оппозицияға қарсы шығып, «Еркіндік пен келісім» (Хүррийет ве тииляф) ұйымының жақтаушысы Кәміл пашаны  қызметтен өз еркімен кетуге көндірді. Бас уәзірлікке Махмұт Шевкет паша тағайындалып, министрлер кабинетін иттихадшылар иемденді. Бірақ оның қызметі ұзаққа бармады. 29 мамырда Стамбұлда екі жас жігіт он оқ шығарып, оны атып өлтіреді. Осыған орай «Қазақтың» 9 маусымдағы санында «Махмұт Шевкет» деген көлемді мақала жарияланып, онда Түркиядағы «Жас түрік» партиясы мен оған қарсы партия арасындағы күрес барысында Стамбұлда уәзір Махмұт Шевкеттің қазақ табуы, Энвердің Балқан соғысына дейін әскери министр болып, 10 қаңтарда жас түріктер Кәмілді қуып, Назым пашаны өлтіріп, орнына оны ұлық уәзір қылып қойғандығын жаза келе, Энверді «аса өнерлі білгіш, ұлт үшін болған істерге жанын салған» адам ретінде көрсетті. Газет «Жас түрік» партиясының ең таңдаулы төрт басшысының барлығын айтып, оның қатарынан Ниязи бей, Ғали Қабыл бей, Махмұт Шевкетті және Энвер пашаны атаған. Алайда бұл төрт басшының алдынғы үшеуі тартыс барысында қаза тауып, тек Энвер бей ғана қалып, жас түрікшілердің арасында беделінің жоғары болып отырғандығын келтірді [5].

Жалпы жастүрікшілердің саясатында бас назар ұлт мәселесі болған. Түркия тарихын жазған А.Ф. Миллер жастүрікшілер өздерінің революциясы алдында және революция кезіндегі доктринасы османшылық, бір сөзбен айтқанда Осман империясында бодандықта болғандарды бірыңғай осман ұлтына айналдыру деп көрсеткен. Бұл жерде ол жастүріктердің белгілі кайраткерлерінің бірі Жемалдың «Біз түрік саясаты емес, османдық бірлік саясатын жүргіземіз» деген сөзін негізге алған болатын. Ғалым жастүріктерді «пантүрікшілдік» жолына түсіп, Босфордан Алтайға дейінгі түркі халықтары арасында «түрікшілдік» идеясын насихаттаумен болғандығын да, тіпті Еуропа елдерінің арасында бұл идеяның тарауын қолға алғандығын да атап өткен [6, 20-21 б.].

Жас түрікшілердің үкімет басына келуіне Кәміл паша барынша кедергі жасап бақты. Ол опат болғаннан кейін газетте: «Кәміл пашаның үні өшіп, көзі жоғалғанына қуанғаны көп, жылағаны аз. Кәміл паша түріктің бас істерін басқарып тұрған кезінде түріктің ісін өткізумен болады. Түріктің мұнша әлсіреп, мұқалуына  көп себеп болған адам еді. «Жас түріктер» ұлт ісін қолына түзетуге  кіріскенде алалық шығарып, жұрттың шырқын бұзып, берекетін кетірген адам еді» деген хабарлама басты [7].

Махмұт Шевкетті өлтіруге қатысы бар деген 12 адам қолға түсіп, Баязид маңында дарға асылды. «Қазақ» газеті хабарлағандай, бұлардың арасында сұлтан Ғабдулхамиттің күйеу баласы Салих паша, үш офицер, бір жасауыл, қалғандары қара халық арасынан шыққандар еді. Стамбұлда да оның өліміне қатысты деген он адам ұсталып, өлім жазасына үкім етілген. Бұлардың арасында түркілерге есімдері мәшһүр Шариф паша, ханзада Сабахуддин, Рашид бейлер болған [8].

Газетке осындай хабардың басылуы қазақ жұртын бей-жай қалдырған жоқ. Оның үстіне патша үкіметі Түркия мен болғар, сербиялықтардың арасындағы соғыс барысында мұсылман халықтардың түріктерге қолдау көрсетуін қаламады.

Ресейдің жоғары оқу орындарында оқитын жастар арасында да түркі-мұсылман қозғалысы өрістеді. Түркі-мұсылман студент жастардың қозғалысы бұл кезде Петербургте ғана емес, империяның өзге де қалаларында қарқын алды. Мәселен, Киев қаласындағы түркі-мұсылмандардың студенттер белсенділік танытып, 1913 жылы Киевте мәжіліс өткеру мәселесін көтерген [9, 181-182 б.].

Ішкі Істер министрлігіне қарасты Полиция департаментінің Құпия  бөлімі барлық губерния басшыларына, губерниялық жандарм басқармасына, Күзет бөлімдеріне жіберген құпия хатында Түркістан өлкесіндегі мұсылмандар арасында жаралы түрік әскерлеріне көмек ретінде ақша жинау, көмек көрсеткендердің аты-жөндерін «Түс» газеті жариялауды көздеп отырғандығы жайында хабар жіберген [10, 5 арт. п.].

1913 жылдың сәуірінде Жетісу әскери губернаторы облыстың барлық уезд басшылары мен Верныйдағы полиция басшына, облыстық іздестіру пунктінің меңгерушісіне жіберген бұйрығында да осы соғысқа байланысты мұсылман халықтары арасында орыс үкіметіне деген жаулық пиғылда болып отырғандығын айта келе, қырағы болып, тексеру жұмыстарын жүргізіп, мұны бастап отырғандарды анықтауды бұйырған [11, 1-3 п.].

Қазақ облыстарының әскери губернаторлары өз облыстарына қарасты уезд басшыларына Түркия мен Балқан соғысына байланысты елдің көзқарасын жіті бақылауды тапсырған. Осыған орай 29 сәуірінде Ақмола губернаторына Петропавл уезд басшысы подполковник Оссовскийден уезд қазақтарының арасында түріктерге деген  ықыласының барлығы, оларға пантүрікшілдік идеяны Меккеге барып келген молдалар таратып жүргендігін  айтқан, тыңшы агенттер ұстауға рұқсат сұраған  мәлімдеме түскен [10, 49 арт. п.].

1913 ж.  28 қыркүйегіндегі «Әдемі» деген құпия агенттің мұсылман қозғалымына байланысты Стамбұлда құрылған «Таракион-Ислам» қоғамының Сібірдегі бөлімшесі Том қаласында екендігі және Уфа, Кунгур, Нижный Тагиль, Красноуфимск, Тобыл, Нуха, Ставрополь, Омбы, Гурьин, Горинде (Орал облысы) бөлімшелерінің барлығы, олардың басшылары Исмаил Ғаспринский (Бақшасарайда тұрады), Ибрагим Әбдірашидов (Константинопольде тұрады), көпес Кұсайын Байбеков (Мәскеуде), Риза қазы Фахретдинов (Орынборда), Ғалымжан қазірет Ғалиев (қазақ), Жүсіп Дадашев (Баку) екендігін,  «Таракион-Ислам» қоғамына Садық Оразбаев (Ташкент), Зәкір Вағапов (Пішпек), Закірия Садретдинов және Зиядин Камалов (Қазан), Хатаолла Хазратов (Петербург) сияқты мүшелерінің барлығы, мектеп, баспахана  ашу арқылы түрікшілдік идеясын таратып отырғандығы мәлімдеген [10, 33 арт. п.].

 Осы жылдың 15 қарашадағы мұсылман қозғалысына қатысты құпия агенттің Түркістан аудандық күзет бөліміне жіберген жазбасында «Таракион-Ислам» қоғамы өлкедегі мұсылмандардың түрлі қайырымдылық және ағартушылық қоғамдардың мүшелерін тартып жатқандығы, бұл қоғамның басында жастүрік қозғалысының басшыларының бірі шейх-ул-ислам Махмұт Асхадттың барлығы келтіріледі. Махмұт Асхадтың Ресейге келуінің себебі қоғамның бөлімдерін құру деп көрсетілді.

Осы мәселені талқылауға байланысты Әбдурашид Ибрагимовтың бірнеше рет Түркияға барып келгендігін, оны «Түрік жұрты» газетінің басшылығына қою мәселесі қарастырылып отырғандығын да айтқан. Бұл газетті жабық пакетпен Верныйда молла Жүсіп Ғабдолуәлиев алдырып, мұсылмандарды таныстырып отырғандығы хабардар етілді [10, 44 арт. п.].

Түрікшілдік идеясының қазақ даласына енуінен қорыққан патша үкіметі осылайша тыңшы агенттер ұстап, барлық жағдайды құпия түрде бақылауға алуға тырысты.

Патша үкіметінің жіті тексерісіне қарамастан «Қазақ» Балқан соғысының қимылы. Түркияның ішкі және сыртқы жағдайы туралы ақпарларды үзген жоқ. Мәселен, газеттің екінші санындағы Түркия мен Балқан соғысына байланысты жарияланған хабарда түріктердің 4 ірі қаласы: 1) Едірне  (Адрианополь) қаласын болғарлар 60  мың әскермен қоршауға алып, қамалдағы 30 мың түріктер қарсы шығып, күштерінің әлсірегеніне қарамастан шайқасып жатқандығын айтқан. Бұл жердегі соғыс қимылы жайында мынадай ақпар берді: «Едірне шаһары төрт жақтан дұшпан әскеріменен қамаулы болып, Түркия үкіметі әскер үшін азық, соғыс құралы, қару-жарақ кіргізе алмай тұр. Сөйтсе де Түркиядағы азық һәм құрал және екі айға жетерлік бар». 

2) Стамбұлдан түстік жердегі Шаталжа мен Гелибелу маңайы. Шаталжада түріктердің 160 мың, ал Гелибуда 50 мыңдай әскери болып жаудың сондай шамадағы әскерине қарсы шыққан. «Бұл соғыс басталғаннан бері Шаталжада түріктер жеңілген жоқ және бір адым  шегінген жоқ. Әр күн болғарларды қамалдардан қуып шығып, аз да болса ілгері аттап бара жатыр.

Түріктер Гелибелу жағынан ілгері жүре беріп, болғар әскерінің артын орап алуға ойы бар»,  - делінді басылымда.

3) Соғыстың үшінші орны Шкодер шаһарының маңында өткен. Бұл жерде түріктер қаратаулықтармен ұрысқа түскен. Дегенмен күштің тең еместігі, 60 мың қаратаулықтарға қарсы 12 мың ғана түріктер төтеп беріп тұрғандығы айтылды.

4) Янина қаласын гректер қамауға алып, қаланы тас-талқан етуге әрекеттенген.

Жан жақтан қысқан соғыс қимылы жас түріктерді тұғырыққа тіреді. Бұл біріншіден, әскерлерге азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз ету болса, екіншіден, қазынадағы ақшаның таусылуы мұсылман елдерінен қарызға ақша сұрауға еріксіз мәжбүрледі.

«Қазақ» газеті түріктердің соғыс барысындағы жеңісі мен жеңілісін, адам, қаражат шығынын да келтірген хабарлармен оқырмандарын хабардар ете, мұсылмандардың жәрдем қолын созып, ақшалай көмек беруге жұмылдырды.

Газетте басылғандай, соғыс басталған кезде түріктерге сыртқы мұсылман халықтары қол созып, жәрдем беруге талпынған. Мысыр мұсылмандары бір жұманың ішінде 160 мың теңге ақша жинап берген. Жастүршілер үкіметі өз ішінен 10 млн сом ақша қарыз алмаққа бекінген [12].

Ауған мұслымандары Пешавар қаласында соғыс жәрдеміне 120  мың сом ақша жинап, ақшаны Түркиядағы «Қызыл Ай» пайдасына жіберді [13].

Оқырмандарға түсінікті болу үшін газет Балқанда соғысып жатқан Түркия Болғария, Сербия, Греция елдері туралы толымды мәліметтер беруге тырысты. Түріктер жайында: «Түріктер осы уақыттан алты жүз жыл бұрын, XIII ғасырда Түркістанда болып, жауыңгер, мықты болған. Бұлардың әскері Қытай, Моғолстанда болып, неше рет оларды жеңіп, бірсыпырасын өзіне бағындырған», - дей келе, Қара теңіз бойын бағындырып, Чех, Моравия патшалығын алып, Болғар мен Сербияны, Албания халықтарын өзіне қаратып алғандығын, ұсақ патшалықтар түріктерге тәуелді болып келгендігін жазып,  ХІХ ғасырға дейінгі аралықтағы тарихымен таныстырады [12].

Энвер бейдің Балқан соғысындағы ұрыс қимылына кірісу барысы газеттің 16 шілдедегі хабарында айқын жазылды. «Балқан жайынан сөз көбейіп тұр. Көбінің рас-өтірігі жетіп боларлық емес. Қазіргі хабардың анығы түріктер Адрианаполь мен Қырықкелисені алыпты.   Түрік әскерін Әнуар бек бастап, бір күнде 80 шақырым жер жүріп келіп кідірместен Адрианопольды, Қырықкелисені де алған», - деп келтірді хабарда [14].

Энвер пашаның түркі халықына даңқы Едірнені жаудан азат еткеннен кейін арта түсті. Ол әскери министр болып тұрған кезінде армияға қатарын қалпына келтіруге тырысты.  

Балқан соғысына қатысушы елдер бір-бірімен бітім жасауға тырысты. Дегемен бұл бітімге түріктердің қатыстырылмауы олардың ашу-ызасын туғызды. Бітімде көрсетілген қалалардың жау қолында кетпеуін  көздеген түріктер барлық күшті сол қалаларға қарай шоғырландыруға тырысты. Адрианопольге Энвер бей, Қырықкелисеге Фатхи бей комендат сайланып, Энвер паша 15 мың әскермен Адрианопольда мықты бекініс орнатты. Осыған орай газетке Энвер бейдің италян газетіне берген «Газетаңызға жазғыңыз келсе, біз Адрианопольден шықпаймыз, соны жазыңыз. Біз мұндамыз һәм осы қалыпта орнығып қаламыз. Керек болса құр сүлдеріміз қалғанға шейін өлімге даярмыз. Шеруіміздің ойлаған ойы, топшысы осы. Еуропа мұны біліп тұрсын», - деп берген сұхбаты да басылды. Энвер паша Адрианопольды алған кезде Стамбұлдағы шейх әл-Ислам Асғад әпендіге жеделхат (телеграмма) жіберіп, мешіттегі кресті түсіріп, оның орнына ай орнатылып, әскерлері алғаш рет намаз оқығанда қуанғандықтарынан еңіреп жылағандығын қуана хабардар еткен [15].

Түріктер туралы жалған хабар жариялап дүние жүзіндегі дүйім жұрттышатастырып отырған француз, ағылшын газеті тілшілерінің Стамбұлдан қуылғаны да «Қазаққа» басылды [16].

Түркиядағы кейбір соғыс хабарларын «Қазақ»  газеті Түркияда шығып тұрған «Тәржіман» газетінен алып басып отырды. Олардың тілшілерімен тығыз байланыс жасап, ұрыс барысы, ондағы халықтың ішкі жағдайы туралы мәліметтерді сол қалпында беруге тырысты.

1914 жылы наурызда Ресей мемлекеттік Думасы түркі-мұсылмандық саяси күштердің арасына іріткі салуға әрекеттенген болатын. Адрианопольді болғарлардың алынуы туралы хабарға Мемлекеттік Думадағы Болғарияға жақтас болғандар қуаныштарын жасыра алмай, 13 наурызда болған мәжіліс барысында Дума төрағасына «Адрианополь алынды» деген жеделхат тапсырылып, болғарларға құтты болсын деген желедхат жолдау қажеттігі көтерген болатын. Бұған мұсылман депутаттары бірден қарсы шықты. Социал-демократ Шахейдзе мінбеге көтеріліп: «Сіздер славяндарға Адрианопольді алуына қуаныш көрсетеміз деп ең әуелі Думаның тіртібін бұздыңыздар. Дума бұл секілді көлденең даң-дұңның орны емес еді. Екінші, біздің партиямыз болғарларға қуаныш құттықтап телеграм беруге қосылмайды, оның үшін қан төгушілерді қуаттамаймыз. Біз үшін түрік жеңсін, болғар жеңсін бәрібір, тек кімде-кім қан төккен екен, біз оған қуанбаймыз», - деген еді. Мұсылман фракциясының төрағасы Құтлұғ Мұхамед Тевкелев те «біз олардың жауына жасалған қуанышты қошеметтей алмаймыз» деп ашық білдірді [13].

Қазақтың алдыңғы қатарлы ұлт зиялылары да түріктердің бас қалаларының болғар, серб, гректердің қол астына көшуіне наразы болды. М. Дулатов «Қазаққа»  жариялаған «Адрианополь» деген мақаласында Адрианопольдың Стамбұлдан 90 жыл бұрын пайда болып, төрт патшалықты басынан кешірген, дамыған қалалардың бірі болғандығын айта келе, түріктер славян халықтарынан сабағын ұмытпай, қателерін түзеп, қатарға қосылудың қамын ойлар деп ой түзген [13].

Балқан соғысы түріктерге оңай түскен жоқ. Олар халық жағынан  да, қаражат жағынан да үлкен шығынға батты. Бұл соғысқа алғашқы кездің өзінде «Қазақ» газетінде жазылғандай, Түркия  450  мың солдат  шығарып, оның 100  мыңы өлген [17].

1914 жылдың басында Түркияның барлық билігі Энвер, Талаат және Жемалдың қолына көшті. Энвер бей әскери министрлікпен қоса Бас штабты да басқарса, ал Талаат ішкі істер министрі және онымен бір уақытта «Бірлік және прогресс» партиясының орталық комитетінің төрағасы, Жемал паша теңіз министрі және Стамбұл қаласының әскери губернаторы қызметтерін атқарды. Халықтың ғана емес, ұлттық буржуазияның негізгі тобының қолдауынан айырылған олар Германияның жағында Түркияны Бірінші дүниежүзлік соғысқа тартты. Сөйтіп, Түркия толықтай әскери жағдайға көшірілді. Энвер пашаның әскери министр болып келу көпшілік әдебиеттерде 1914 жылдың басы деп көрсетіледі. Дегенмен «Қазақ» газеті 1913 жылдың 31 желтоқсанындағы 44 нөмірінде оның соғыс министрі болғандығы жөнінде хабар жариялады. «Әнуар бек түріктің жер жүзіне белгілі адамдарының бірі. «Жас түрік» партиясының көсемі, білгіші, естісі, қуаты. 1908-нші жылы Әбдулхамиттан жұртқа құрдастық алғанда жанын пида қылып, іске кіріскен Ниязбек, Әли Қабылбек һәм осы Әнуар бек. 1909-ншы жылы Әбдулхамитті тағынан тайғызып, абақтыға көшірген тағы Әнуар бек. 1911-1912 жылы Тарабулус деген түріктің күтінбеген, әскерін қоймаған жерін Италия оңай ала қоямыз деп соғыс бастағанда арабтарды жиып соғыс қылып, қару көрсетіп, Италия әскерінің талай мазасын кетіріп, түріктің абыройын көтерген Әнуар бек еді. Балқан соғысы басталған хабар ести сала Әнуар бек Түркияға қайтып келіп, түріктер жеңіліп, Кәміл паша Адрианопольды бермекші болып бітім жасайын деп тұрғанда, жанына біраз ғана содат пен офицерлер ертіп барып Назым пашаны өлтіріп, Садыр Ағзамды тұтқын қылып, хүкімет ісін махмұт Шавкат қолына алып берген тағы Әнуар бек.  Онан кейін Балқан патшаларының екінші соғысында бір күнде барып Адрианопольды алған тағы Әнуар бек. Әнуар бектің тірі жүргенін жаратпайтын дұшпан газеталары талай өлтіріп жазды. «Қай ауылға барсам да тамам ит өре тұра келеді, мен бір итті танымаймын» деген қасқыр сөзді осы Әнуар бектей адам туралы айтылған. Әнуар бек Берлинде көп тұрған. Германияда жақын адамдары көп. Генерал Сандерс Түркияға келуі де Әнуарсыз болмаса керек», - делінді газетте [18].

Ол әскери министр болғаннан кейін теңіз жағасында соғысқа қолайлы жерлердің бәріне қорған тұрғыза бастады. Қорған туғызуға қазынадан бір жарым миллион жұмсалынған [19].

Энвер Түркия әскерінің қызметін екі жылға қалдырды. Бұлай істеуінің мәнісін «мемлекетте әскерлік ісін білген кісілерді көбейту» деп түсіндірген. Егер әскери қызмет үш жылға созылса, олардың шарушылығына зиян келтірілер деп, жаңа заң бойынша екі жылға қызметке алынғандарды жылына екі айға шаруасына көмекке жіберу мәселесін де қолға алмақшы болды. Әскери тәртіпті күшейтуде біріншіден, сауатсыз солдаттарды жазу-сызуға үйрету, екіншіден, сапасыз солдаттардың санын азайту, үшіншіден, бұрынғы орынсыз жұмсалған қаражатты казармаларды таза ұстауға, солдаттарды оқытуға, әскери іске машықтауға жұмсау қажеттігін көтерді [20].

Энвер паша «Арнайы ұйым» атты құпия барлау ұйымын құрып, сол арқылы түрікшілдік идеясын тарату арқылы ел бірлігін сақтап қалуға тырысты. Түркі зиялыларымен тығыз араласып, түркі-мұсылман халықтарының бір тудың астына  біріктіруді көздеді. 

1914 ж. 27 шілдесінде Осман империясы Германиямен келіссөз жүргізіп, нәтижесінде 2 тамызында екі ел арасында келісімге қол қойылды. Онда Осман империясына қауіп төнген шақта Германия оған еркін түрде қарулы күштерін көмекке жіберетіндігін, екі мемлекет Австрия мен Сербия арасындағы келіспеушілікті шешуге араласпай, толық тарапсыздық танытатындығы, Австрия мен Ресей соғысқан жағдайда, Германия Австрияға көмек беруге мәжбүр болса, Осман империясы соғысқа араласатындығы туралы келісілді.

Осман империясы І дүниежүзілік соғыстың бас кезінде өзінің тарапсыздығын танытатынын жария етсе де, тамыз айының алғашқы апталарынан басталған оқиғалар мен Германияның іс-әрекеті оны соғысқа араласуға мәжбүрледі. Себебі, Герман теңіз күштеріне тиесілі екі кеме – «Гебен» және «Бреслау» Антанта блогының теңіз күштері тарапынан қоршауға алынған соң, бұлар бұғаз арқылы Түркияны паналаған еді [21, 49-б.].

Антанта мемлекеті Түркияға осы екі кемені қайтару мәселесін қойды. Алайда түрік үкіметі бұл кемелерді өздері сатып алғандығын мәлімдеген болатын. Ал шындығында түрік жалауы желбіреген бұл екі кеменің әскери басшылары да әскерлері де түркі киімін киген немістер еді. Екі кеме түрікше «Явуз» және «Мидилли» деп аталып, Энвер пашаның бұйрығымен адмирал Сушонның басшылығына көшіп, Қара теңізге шығып, 29-30 қазанда орыстың Одесса мен Севастополь қалаларын атқылауға қатысады. Бұл жағдай Ресей мен Антанта елдерінің  Түркияға соғыс ашуына себепші болды [21, 50-б.].  Сөйтіп, Түркия 1918 жылға дейін жалғасқан І дүниежүзілік соғысқа араласып, жеті майданда соғысты.  

 «Қазақ» газетінде жазылғандай, Түркияда соғысқа алынбай қалған еркектердің іске шамасы келетіндердің барлығын еріксіз әскерге керек-жарақ даярлауға алған. «Стамбұлда ашылған Круп заводына кісі керек болса, ешкімді талғамай, кім болса соны апарып жұмысқа қосады, ерініп керенаулық көрсеткендерге дүре соғып, желкелеп апарған уақыттары болған. Завод ісіне олақ болғандарын қара жұмысқа жегеді. Мұныменен ғана қалмады: неміс инженелері барлық өнер үйлерін өз қолдарына алып, соғыс керегі даярлауға қосты. Етікші, киім тігушілердің барлығы күні-түні әскерге етік, киім тігіп жатыр.

Көйлек-дамбал, басқа сол сол секілді нәрселерді тігуді қатындарға міндетті қылып берілді. Неміс офицерлері Стамбұлда бар үйдің есебін алды, әр үй бір шамада жара байлайтын шүберек даярлауға міндетті қылынды. Міне, сол ретпен еркектердің соғысқа жарағаны соғысқа алынды. Соғысқа жарамағаны ия бір өнер үйіне алынды яки қара жұмысқа жегілді. Үйінде қалдырылғаны да Голц пашаның планы бойынша соғысқа керекті бір затты істеп беруге міндетті қылынды», - делінді газетте.

Голц пашаның бұйрығы бойынша барлық түрік ері соғыс ісіне тартылуға тиісті болды. Ал жарамсыз деп саналғандары завод, өнеркәсіптерде жұмыс күші ретінде есептеліп, іскер бөлімдерін құрады. Бұл іскер бөлімдері ор қазу, аран істеу секілді жұмыстарды атқару үшін оқтын-оқтын соғыс майданына жіберіліп тұрды [22].

Түркия халқының жаппай соғысқа тартылуы ел ішінде абыржулықтарды туғызды. Оның үстіне армия қатарында ірі өндіріс орындарына герман империалистерінің қожайындарының шексіз қысымшылық көрсетуі жергілікті халықты әбден титықтатып жебірді. Әр жерлерде гермен капиталистеріне қарсы бой көтерулері белең беріп, бірте-бірте де күшейе түсті. Бұл үкімет басында отырған жастүрікшілердің билігіне үлкен кедергі келтірді. Сондықтан жастүрікшілер үкіметі қатаң террор қолдануға  жүгінді. Нәтижесінде ел ішінде үкіметке қарсы бой көтерілуілер басталды.  

1918-1922 жж. Осман империясындағы ішкі тартыс барысында жастүрікшілдер биліктен кетіп, оның лидерлері Орта Азияға кетті. Солардың бірі Энвер паша Орта Азиядағы басмашылық қозғалысқа қатысып, бір ұрыста қаза тапты.

«Қазақ» газетіндегі түрікшілдік қозғалыс барысы мен оның лидерлері жайында жазылған әрбір ақпарлар аса құнды деуге болады. Осы мәліметтер ХХ ғасыр басындағы түркі халықтарының тәуелсіздік жолындағы ұлт-азаттық қозғалысқа қатысуын саралайтын дерек болғандықтан ғылыми зерттеулерге тартылуы абзал.

1Шоқай М. Таңдамалы. – Алматы: Қайнар, 1998. – Т.1.

2 Баймаханов Б. Энвер паша және Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалыс. – Алматы, 2010. т.ғ.к. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған дисс. авторефреаты. – 26 б.

3 Сыртқы хабарлар //  Қазақ. – 1913. – 2 февраль. – №1.

4 // Қазақ. – 1913. – 17 февраль. – №3.

5 Махмұт Шевкет // Қазақ. – 1913. – 9 июнь. – №17.

6 Миллер А.Ф. Очерки новейшей истории Турции.  – М.,Л: 1948.

7 Камил паша // Қазақ. – 1913. – 16 ноябрь. – №38.

8 Сыртқы хабарлар //  Қазақ. – 1913. – 9 июнь. – №17.

9 Рүстемов С. Ресей империясындағы азаттық қозғалыс және түркі-мұсылман студент жастар // Отан тарихы.  – 2005. – №3. 

10 Омбы облыстық мұрағаты. 270-қ., 1-т. 393-іс.

11 ҚРОММ. 73-қ., 2-т. 2-іс.

12 // Қазақ. – 1913. – 10 февраль. – №2.

13 // Қазақ. – 1913. – 22 март. – №7.

14 // Қазақ. – 1913. – 16 июль.  – №22.

15 // Қазақ.  – 1913. – 31 июль.  – №24.

16 Түркия хабарлары // Қазақ. – 1913. – 17 февраль. – №3.

17 Қыр баласы. Балқан соғысы // Қазақ. 1913. №26. 15 август.

18 Сыртқы хабарлар // Қазақ. – 1913. – 31 желтоқсан. – №44.

19 // Қазақ. – 1914. – 9 ғинуар. – №45.

20 Ануар паша һәм Түркия ғаскері // Қазақ. – 1914. – 24 май. – №63. 

21 Мехмет Дервиш Кылынчкая. Түркия республикасының тарихы. – Алматы, 2012. – 200 б.

22Стамбұлда //Қазақ. 1915. № 142.  22 июль

В данной статье исследуются некоторые проблемы тюркского движения начала ХХ века и общественная деятельность Энвер паши. Во многих трудах, опубликованных в последние годы, Энвер паша рассматривается как один из патриотов Турции и борец за независимость мусульман. На основе данных газеты «Казах» и других научных материалов автор раскрывает различные взгляды и мнения казахстанских деятелей на Балканскую войну, политическое положение Турции и Энвер пашу.

// Отан тарихы. №2013, № 1. С.87-86.

C.О. СМАҒҰЛОВА

   Ш.Ш. Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институты

директорының орынбасары,

тарих ғылымдарының докторы


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз