Басты бет Е-ресурстар Е-Кітапхана Ғылыми мақалалар мен жарияланымдар Тарихи методологиямыз неге ала-құла?

Тарихи методологиямыз неге ала-құла?

19 Тамыз 2013
25
0

Астана қаласында Ұлттық тарихты зерделеу мәселелері жөніндегі мекемеаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы өткені белгілі.   Отырыста Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Ұлттық тарихқа байланысты баяндама жасап, отандық тарих ғылымындағы кемшін тұстарға, тарихи білім беру жүйесіндегі олқылықтар мен қордаланып қалған өзекті мәселелерге назар аударды, оларды шешуге бағытталған тапсырмалар берді.

Осыған байланысты Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан Әділбекұлы Атығаев ой-пікір бөлісті. Біздің мақсатымыз – төл тарихымызды тың деректер, жаңа құжаттар, заманауи теориялық, методологиялық негізде, кешенді және жүйелі түрде, ең бастысы ұлттық тұрғыдан зерттеп, зерделеу. Ол жоқты ойдан құрастырып, тарихты аңыздандыру емес. Отандық тарихымызды қайтадан бір қарап, ұлт мүддесіне, мемлекет мүддесіне қызмет ететін тұстарына басым назар аударып, кең ауқымды баға беріп, насихаттауымыз керек. Шынымен де, бүгінгі күні тарихи методологиямыз ала-құла екенін мойындауымыз керек. Кеңестік тарих мектебінен тәлім алып, кеңес уақытында қалыптасқан тарихшы-ғалымдар отандық тарих ғылымдағы ең әлеуетті топ болып табылады. Ғылым докторлары, ғылым кандидаттарының басым көпшілігі осы топты құрайды. Ғылыми-зерттеулердің өзегінде негізінен осы топ өкілдері тұр. Олардың біраз бөлігі тарихымызды әлі де формациялық теория тұрғысынан қарастыратыны да шындық. Заман үрдісін пайымдап, жаңа теориялық-методологиялық деңгейде ғылыми жұмыстар жүргізетін мамандар бүгінгі күні саусақпен санарлық. Өкінішке қарай, соңғы 15-20 жылдың ішінде тарихшы буындарының сабақтастығы мүлдем үзілмесе де, өте жіңішкеленіп кетті. Заманның ауыр кезінде күнкөріс қамымен 20-30 жастағы мамандар, ғылымнан кетті, олардың орындарына ғылыми қызметкердің жалақысы төмен болғандықтан, жастар аз келді. Заман түзелгенде кеткен мамандар ғылым көшінен қалып қойып, ғылымға қайтып келе алмады. Сонымен қатар диссертациялық кеңестер жабылып қалғандықтан, дайын болған бірталай жұмыстардың өзі қорғалмай қалды. Сол себепті, біраз жастар ғылыми атаққа қосылатын қосымша қаражаттан да қағылып отыр. Әрине, соңғы жылдары PhD докторларын дайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ақиқатын айтсақ, PhD докторларымыз ғылым докторлары түгіл бұрынғының кандидаттары деңгейіне әлі жетпеген және олар өте аз. Бұл мәселе кезінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.Әбжановтың баяндамасында да көтерілді. Сондықтан отандық тарих ғылымының бүгінгі басты міндеттердің бірі – соңғы ғылыми-инновациялық технологияларды, заманауи теориялар мен методологияны игерген тарихшы-ғалымдардың жаңа буынын тез уақытта қалыптастыру. Ол үшін тарих саласы бойынша PhD докторантураға квотаны бірнеше есе көбейту, докторантурада оқып жатқандардың ғылыми-зерттеу институттармен байланыстарын нығайту, жас ғалымдардың дүниежүзінің алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтарына білім арттыруға жіберу тәрізді шараларды қолға алу керек. Сонымен қатар жас ғалымдардың әлеуметтік қорғалу жағын (баспана, жалақы және т.б.) қарастыру қажет. Ертең тарихты жазатын солар. 

  Мемлекеттік хатшының баяндамасынан «өз тарихымызды осы заманғы ғылымның биігінен пайымдауға және ұлттық тарихтың бөлінбейтін бейнесін қалыптастыруға тиіспіз» деген сөзін атап кеткім келеді. Бұл бағытта біз тарихты хронологиялық және кеңістік үрдіс ретінде қарастыруымыз қажет. Тарихи үрдісті қатып қалған бірқалыптың шеңберіне, қытымыр қағидалармен қарастырған кезең өтті, оны да тарих ғылымы бастан өткерген. Тарихты жасайтын халық, халықты бағыттайтын тұлға, тұлғаның іс-әрекетін анықтайтын геосаяси қажеттілік болып табылатынын ұмытпауымыз керек. Сондықтан тарихтың зерттеу объектілері осы болуы шарт. 

Құбылысты, оқиғаны, тарихи тұлғаны заманынан бөліп қарастыруға болмайтынын түсіну керек. Кейбір тарихшылар бір заманның деректерін басқа заманға экстрополяция жасап, бұрыс пайымдар жасайды. Бұл – үлкен методологиялық қателік. Мысалы, XVIII ғасыр деректеріне сүйеніп, Қазақ хандығының XV-XVI ғасырлардағы тарихын жазуға болмайды. Олардың аумақтарында, халық құрамында, көшіп-қону жүйесінде және басқа да маңызды өзгешіліктері болды. Қазақ хандығы сол заманның өркениетіне сай ұлттық мемлекет болғанын түсінуіміз керек. XV-XVI ғасырлар көшпелі өркениеттің шарықтау кезеңі болмаса да, өзіндік даму уақыты, ал XVIII ғасыр көшпелілер өркениетінің дағдарысқа түсу, шаруашылығының құлдырау кезеңі.

Сол кезеңде қалыптасқан геосаяси жағдайды, қоғамның, адамдардың болмыс-бітімін, әлеуметтік-мәдени ахуалын, тұрмыс тіршілігін, дүниетанымын, сана-сезімін анықтап, түсініп қана құбылысқа, оқиғаға, тарихи тұлғаға дұрыс баға бере аламыз. Зерттеліп отырған қоғамның тұрмыс тіршілігін, дүниетанымын түсіну үшін әлеуметтану, құқықтану, экономика және т.с. ғылымдардың мәліметтерін пайдалануымыз керек. 

Бүгінгі тарих ғылымы – пәнаралық ғылым екенін мойындауымыз керек. Мысалы, бір тарихи оқиға жайында нақты мәлімет алу үшін жазба дереккөздерінен басқа археология, нумизматика, эпиграфика және т.б. деректері пайдаланылады. Бұлардың бәрі тарихтың қосымша пәндері. Осылармен бірге біз басқа тарихи мәлімет беретін ғылымдарды пайдалануымыз керек. Қазақ тарихының таусылмас дереккөзі оның ауыз әдебиеті болып табылатыны анық, сондықтан фольклористиканың жетістіктерін пайдалануға міндеттіміз.

Сонымен қатар отандық тарихты дүниежүзі тарихының ажырамас, құрамдас бөлігі ретінде қарастыруымыз керек. Әлемдік тарихтағы үрдістерді білмесең, өзге халықтар мен мемлекеттердің біздің тарихқа, біздің тарихтың оларға әсерін пайымдау қиын. Мысалы, энеолит заманында Солтүстік Қазақстан аумағында болған жылқының қолға үйретуін білмей әлемдік тарихта өз орны бар көшпелілер өркениетінің қалыптасуын түсіну қиын. Немесе Қазақстан жерінде кейінгі орта ғасырларда қалалық мәдениеттің күйзеліске ұшырауын XV-XVI ғасырлардағы ұлы географиялық ашылуларды білмей түсіну қиын. Себебі Ұлы географиялық ашылулар салдары-нан құрлықаралық сауда жолдарының құлдырап, Ұлы Жібек жолының маңызы арта түсті, сауда жолдарының бағыттары өзгергендіктен Қазақстан жеріндегі қалалар маңызын жоғалтты. 

Сонымен қатар шынайы тарихты жазу үшін үлкен теориялық-методологиялық дайындық ғана емес, бай деректер керек. Осы орайда үлкен мәселе – деректерге, құжаттарға қол жеткізу мәселесі. Біздің тарихқа, әсіресе, ерте заманғы тарихымызға қатысты деректер шетел мұрағаттары мен кітап қорларында сақтаулы. Деректермен жұмыс кәсіби біліктілікпен қоса, үлкен қаражатты қажет етеді. Осыған орай Мемлекеттік хатшының тапсырмасымен басталған шетелдерден қазақ тарихына байланысты мұрағат құжаттарын жинақтау жұмысы өте маңызды іс деген ойдамын. Бұл жұмыс тез уақытта біте қалады деп ойлауға да болмайды. Мысалы, ортағасырлар бойынша көп жазба деректер қытай, араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған. Шығыс қолжазбалары негізінен шетелдерде (Египет, Үндістан, Иран, Тәжікстан, Ресей, Өзбекстан және т.б.) сақталған. 

Әр қолжазбасының бірнеше нұсқасы болуы, ал нұсқалардың бір-бірінен айырмашылықтары да болуы мүмкін. Бір нұсқада бар мәліметтер екінші нұсқада кездеспей жатады. Немесе бір нұсқада басқаларында жоқ қызықты миниатюралар беріледі. Демек, нұсқалардың өзін бір-бірімен салыстырып, зерттеу ұзақ уақыт алатын жұмыс. Мысалы, белгілі орыс ғылымы А.Болдырев ортағасырлық «Бадаи ал-уакаи» шығармасының 31 нұсқасын салыстырып, шығарманың толық нұсқасын құрап шықты. Бұл жұмысқа ол ондаған жылдарын сарп етті. Сол себепті, тарихымыз бойынша деректерді жинау және ғылыми айналымға енгізу мәселесін жүйелі түрде шешу керек.

Негізі, тарихты бүгін-ертең зерттеп, жазып, жұмысты бітіреміз деуге болмайды. Жаңа ұрпақ жаңа деректер, жаңа методологиялар негізінде тарихтың мәселелерін қайта қарастырады, бұл – заңды құбылыс. Қорыта айтарымыз, тарихтың ғылым екенін, оның нақты зерттеу объектілері, теориялық негіздері, зерттеу әдістері, терминдік аппараты болатынын түсінетін кез келді.

Жазып алған Жамбыл ҚЫРҒЫЗБАЙ

//Айқын. 2013. №150. 17 тамыз

http://www.aikyn.kz/articles/view/28357

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз