Басты бет Интерактивті тарау Топ-5 Он сегізінде от кешкен 5 батыр

Он сегізінде от кешкен 5 батыр

06 Мамыр 2018
428
0

Олардың ішінен «Совет Одағы Батыры» атағын иеленген 18 жастағы Жәнібек Елеуісовті (Елеусізов) ғана білсек, нағыз батырлық көрсететін албырт шақта қан майданда ерлікпен көзге түскен басқа да қазақтар аз болмаған. Жас ерекшелігі бойынша, 1925 жылы дүниеге келгендер ең жас қатысушылар болып есептеледі. Және ең  кереметі, бұл жас қазақтар «Совет Одағының Батыры» атағына ұсынылған. Сонымен назарларыңызға жасы 18-ге толғанда Отан қорғау үшін қолына қару алған жас батырлардың бестігін ұсынамыз.

 

1. Қатардағы жауынгер Са­дық Әбдіжаппаров 1925 жылы Шымкент об­лысының Шаян ауданында туған. 1944 жылғы 22 шілде күні Батыс Двинадан жалғыз өзі өтіп, жау пулеметін және 30-дай неміс солдатын жойған ерлігі үшін «Совет Одағының Батыры» атағына ұсынылған.

Соғыстан кейін әнші Роза Бағлановамен некелесіп, Бәйдібек ауданының Жүзімдік ауылында үйленген, кейін ажырасқан. 

 1954 жылы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. 1961 жылдан бастап мемлекеттік қауіпсіздік органдарына шақырылып, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (МҚК) Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Тергеу тобының тергеушісі, одан кейін жедел уәкіл, аға уәкіл, бөлімше бастығының орынбасары, бөлімше бастығы қызметтерін атқарған.

 

2. Сержант Иман­­­ғали Балтабанов 1925 жылы Ақ­төбе облысының Қобда ауданында туған. 1943 жылы ол Қобда ауданы әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылды. Пулеметшілер курсын бітіргеннен кейін Ленинград түбіне жіберілді.

Пулемет расчетінің командирі болған Балтабанов 1945 жылы 25 қаңтарда Польшаның Оппельн қаласы тұсында Одер өзенінен өтіп, арғы жағалаудағы Одерфельддер үшін аптаға созылған шайқаста  пулеметімен 120 жаудың көзін жойды. Қаһармандық ерлігі үшін Совет Одағының Батыры атағы берілді.

 

 

3. Қатардағы жауынгер Серікқазы Бекбосынов бұрынғы Семей облысы Абай ау­данында 1925 жылы дүниеге келген. Әскер қатарына 1943 жылдың қаңтарында шақырылып, 7-армияға қарасты 99-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында соғысқа қатысты.

1944 жылғы 21 маусымда Ленинград облысы Лодеймое Поле қаласы маңындағы Свирь өзенінен өтіп, жауынгерлерге оң жағалаудағы күшті бекініс позициясынан дұшпанды қуып шығу міндеті жүктелді у кезінде жанқиярлық ерліктің үлгісін көрсеткен. Бекбосынов алғашқылардың бірі болып арғы жағаға жетіп, қойын-қолтық айқасқа кіріседі. Ержүрек жауынгерлер жаудың 7 қарсы шабуылын тойтара отырып, өздері басып алған жерді қорғап қалды. Осы ұрыстарда көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін Бекбосыновқа Совет Одағының Батыры атағы берілді.

Соғыстан кейін Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының Шалабай ауылында тұрып, сонда еңбек етті.

 

4. Аға лейтенант Махмет Қайырбаев 1925 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облы­сының Бесқарағай ауданын­да туған.

Әскер қатарына 1942 жылы тамызда шақырылып, артиллерия училищесіне жіберілді. Соғысқа 1943 жылдан бастап қатысты. 17-танкіге қарсы ататын артиллериялық жеке бригаданың құрамында болған  Қайырбаев 18 жасында Александр Невский орденінің иегері атанды. 1944 жылдың 19 тамызында Литвадағы Шяуляй қаласының батыс жағынан жау әскері танкімен шабуылға шығып, совет әскері қорғанысын бұзып отырып, Шяуляй қаласына кіруге ұмтылды. Батарея командирі Қайырбаев өзінің 15 жауынгерімен қоршауда қалған полк батареяларының біріне көмекке келді. Жауынгерлер жау  шабуылдарын тойтарып, бір батальон әскерін жойды. Кескілескен осы шайқаста ержүрек Қайырбаевтың соғыс тактикасы жоғары бағаланды.

 

5. Қа­тар­дағы жауынгер Ережепбай Молдабаев 1925 жылы Шым­кент облысының Қатынкөпір елді мекенінде туған.

1943 жылы өз еркімен майданға аттанып, 389-Бердичев атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты. Ал 1944 жылғы 7 тамыз күні Висла өзе­ні­нен өту кезінде ерлікпен қаза тапқаннан кейін 23 қыркүйекте Совет Одағының Батыры атағы берілді.

 

 

 

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Сауалнама

Тәуелсіз Қазақстанның тарихына қызығушылық танытасыз ба?