Басты бет Арнайы жобалар Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру Қазақтың дарабозы - Қабанбай

Қазақтың дарабозы - Қабанбай

01 Қараша 2017
215
0

Қазақ тарихында есімі ерекше, қаһарман батыр, Жоңғарларға қарсы күресте қазақ әскерін басқарған дарабоз тұлғалардың бірі Қаракерей Қабанбай. Оның есімі талай жырға арқау, небір аңызға сүйеу болды. Ел қорғаған батырдың кесенесі бүгінде Астана іргесінде жатыр.

Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына орай «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалыс ұйымдастырған «Менің Елім – Моя страна» мотошеруі аясында Астана іргесіндегі батыр кесенесіне бас сұқты.

Тәуелсіздік жолында жерін жау баспасын деп батыр бабаларымыз ерен ерліктің үлгілерін көрсетті. Сондай батырларымыздың бірі – Қаракерей Қабанбай батыр. Мотожарыс мүшелері мен еріктілер Астана іргесінде орналасқан Қабанбай батырдың кесенесінде баба рухына арнайы тағзым етілді. Баба рухына тағзым етіп, өткенімізді өнеге қылып, келешегімізді кемелдендірілген шара деуге болады.

Мақсат – баба рухына дұға етіп мұсылмандық-азаматтық борышты өтеу. Жаугершілік заманда ұлтарақтай жер үшін ат үстінде бел шешпей, ұзақ жортып көз ілмей, бірнеше ірі шайқастарды басынан өткерген Қабанбай (Ерасыл Қожағұлұлы) бабамыз – қалың қазақты бір тудың астына біріктіріп, жау қаһарына іліктірмеген, жер қайысқан қолдан қаймықпаған қайсар жан. Жиналған қауым алдымен кесене ішіне кіріп құран бағыштап, дұға етті. Содан соң Қабанбай батырдың өмір жолы, данышпандығы, ерлігі жөнінде әңгіме қозғалды.

Кесене шырақшысы Камал Әбдрахман: – Қазақта Қаракерей Қабанбайды білмейтін жан жоқ. Қытайлар бабамызды «қазақтың бас, қалқан батыры – Қаракерей Қабанбай» деп атап көрсеткен. 78 жасында соңғы жекпе-жегіне шығып, жауды жайратты. Өмірінде 103 рет жекпе-жекке шығып, бәрін жеңіспен аяқтаған. Ел сүйген батырына Ерасыл, Нарбала, Ізбасар, Қабанбай, Ханбатыр, Дарабоз, Көкірек әулие деген атақтар берген. Ерасылдың сегіз баласы, немере-шөберелері, әкесі Қожағұл, аталары Байжігіт-Мәмбет Арқада туған. Сондықтан да дарабоз батыр «Арқаға арнап бейіт соғып От орныма қойыңдар» деген.

Одан өзге, ұлтының тарихын, оның «тар жол, тайғақ кешумен» жүріп өткен ерлік жолын білу, жерін жаудан қорғаған батыр бабалардың рухына тағзым ету – бүгінгі және болашақ ұрпақтың алға апарар аманаттық ісі, перзенттік парызы. Елбасының тұрақты назарында тұрған «Мәдени мұра» бағдарламасы да осындай мақсаттарды көздейді. Оның үстіне жақында жарық көрген Елбасы мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсына келе: біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті деген болатын, осы тұрғыда туған жерді қорғаған ата-баба рухына тағзым ету – біздің азаматтық парыз-міндетіміз. Халқымызда «Бір адамның батылдығы мың адамға жол салған, бір адамның батырлығы тұтас халықтың атын шығарған» деген дана сөз бар. Бұл сөзді Қабанбай батыр сынды бабаларымызға арнап айтуға болады. Ал олардың арман мүддесі бүгінгі таңда орындалып отыр деп дәлелдеді.

Соңында жиналған қауым осы секілді бабалар рухын асқақтататын шараларды дәстүрге айналдыруды ұсынды.

фото: «TengriNews» 

Дәулет Ізтілеу

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Сауалнама

Тәуелсіз Қазақстанның тарихына қызығушылық танытасыз ба?