Басты бет Арнайы жобалар Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру Ақтолағай үстірті

Ақтолағай үстірті

05 Қыркүйек 2017
154
0

Осы күнге дейін еліміздің табиғатына таң қалып қалам тартып, тарихына таратып еңбек жазған, деректі фильмдер де түсірілген. 14 облыс болса әр облыстың өзіндік айрықша тарихы мен аңызымен ерекшеленеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай «Қазақстан -2050» жалпыұлттық қозғалысының ұйымдастыруымен өткен «Менің елім – Моя страна» мотожарыстың Сарайшықтан кейінгі бағыты Ақтолағай үстірті болды.

Ақтолағай үстірті – тарихи және геологиялық маңызы бар республикалық табиғи қорық. Үстірт сонымен қатар өзінің сұлулығымен зерттеушілерді таң қалдырған, шетел ғалымдары қызуғушылық танытып, зерттегендер де бар. Қаз-қатар созылып жатқан жоталардың ұзындығынан көз талады.

Осында орналасқан әр таудың өзіне атауы бар, соның ішіндегі ең биігі – Құлшардың шоқысы. Тарихына тоқталып өтсек, аңыз бойынша патша әділетсіздігіне қарсы күреске шыққан Құлшар есімді жігіт болған. Әрине, патшаға қарсы шыққан соң ол қамауға алынады да, кейін қашып құтылады, сол қашқан кезде осы борлы тауларды паналайды. Құлшардың патша әскерлері борлы таудан тапқан кезінде, ол таудың ең биік шыңына шығып артынан келген қуғыншыларды атып өлтіріп отырған, сол жерде ұзақ тұрақтап біраз өмір сүрген соң сол жігіттің құрметіне Құлшар аталып кеткен деседі. Қызығы сол, тауға шығатын бір ғана жол бар және шығу оңай емес.

Үстірттегі әр таудың өзіндік ерекшелігі мен атаулары бар, соның тағы бірі Алатау. Және көлемі мен пішіндері жағынан да әртүрлі болып келеді.

Таулардың сұлулығы дәл бір ертегідегідей әсем, ал кіршіксіз әппақтығы еріксіз көз тартады, күн батуға таяған уақытта таудың ақ тастары кемпірқосақ секілді күннің сәулесімен түрлі-түсті түске боялады. Ақ тау мен жиегі көмкерілген көк шалғай шалғын шөптермен, құлпырған гүлдер табиғаттың бір сыйы дерсің. Ертегідей әдемілеп сипаттап қана қойғанымыз емес, шынында да тау етегінде емдік қасиеті бар түрлі өсімдіктер өседі, атап айтқанда итмұрын, долана, жалбыз т.б.

Екі облыстың (Атырау, Ақтөбе) шекарасында орналасқан Ақтолағай үстірті кезінде теңіздің түбі болған. Оған дәлел дәл осы жерлерден тас мүсіндерге айналған теңіз ұлуларының, кірпілерінің, кораллдардың және басқа да теңіз фауналарының көптеген түрлерін кездестіруге болады. Одан бөлек динозаврлардың сүйектері мен тістері, бізге беймәлім өсімдіктердің қалдықтарын көптеп кездестіруге болады.

Бұдан түйетін ой – кезінде Ақтолағай үстірті қайнаған тіршіліктің орталығы болғанын, табиғаттың ерекше бір сыйы екенін аңғарамыз. Шөлді және ұйытқыған топырақты жел мен күннен қорғайтын көлеңкелі орын болатын бұл аққарлы жартастар – қызықты оқиға іздеушілерге таптырмас орын деп айтуға болады. Ендігі тілек аталған өңірде туризмді дамыту тізгінін қолға алса (әсіресе жол жағы), елімізден ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен туристердің ағылып келетін орталығы болатынына кәміл сенеміз.

Фотолар: nextzone @ mail.ru алынды

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз