Басты бет Арнайы жобалар Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫ ЖӘНЕ САЯСИ ҚУҒЫН СҮРГІНГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ҒЫЛЫМИ ЖОБАНЫҢ ОРЫНДАЛУ БАРЫСЫ

АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫ ЖӘНЕ САЯСИ ҚУҒЫН СҮРГІНГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ҒЫЛЫМИ ЖОБАНЫҢ ОРЫНДАЛУ БАРЫСЫ

31 Тамыз 2017
221
0

Биыл Алаш жалпыұлттық партиясы мен Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл, сонымен қатар республикамыздағы әр түрлі ұлт өкілдерінен құралған 100 мыңдаған азаматтарымыздың өмірін қиған саяси қуғын-сүргінге 80 жыл толып отыр. Бұл орайда Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕ АҚ қолдауымен «Согласие народов» ҚҚ «Алаш» жалпы ұлттық қозғалысының 100 жылдығы мен саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алуға байланысты ақпараттық, танымдық қызметті ұйымдастыру жұмыстары» бойынша жобаны іске асыруда.

Жобаны іске асырудың бастапқы кезеңінде «Согласие народов» ҚҚ, Алаш мәдениет және рухани даму институты және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығымен бірлесе отырып, «Алаш» қозғалысы мен саяси қуғын-сүргінге байланысты мәселелерді зерттеуші мамандар мен әйгілі ғалымдар: ф.ғ.д., профессор Т. Жұртбай, т.ғ.д., профессор З.Е. Кабульдинов, философия ғылымдарының докторы С-Х. Аққұлы, ф.ғ.д., профессор С. Жұмағұлов, ф.ғ.к., доцент Қ. Кемеңгер, белгілі қоғам қайраткері Б. Әбдіғали және Алаш қозғалысының қуғын-сүргінге ұшыраған тікелей ұрпақтарының қатысуымен баспасөз-конференциясын өткізді.

Сәуір айында Павлодар қаласында «Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргін ерекшелігі: алғышарты, барысы және салдары» атты көшпелі дөңгелек үстел өтті. Аталмыш шара С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті және оның құрылымдық бөлімшесі – Қазақстан тарихы мен мәдениеті Институты және Қазақстан тарихы кафедрасының қолдау білдіруімен ұйымдастырылды. Шараға ғалымдар мен Алаш қозғалысы және саяси қуғын сүргін мәселесін зерттеуші арнайы мамандар: С. Торайғыров атындағы ПМУ проректоры, саяси ғылымдар докторы, профессор А.А. Ақышев, т.ғ.д., профессор З.Е. Кабульдинов, т.ғ.д., профессор С.Н. Мамытова, т.ғ.д., профессор Л.К. Жүсіпова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» «Павлодар облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының» Мұғалімнің кәсіби дамуын психологиялық-педагогикалық қолдау кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Б. Құдайбергенұлы, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының доценті, з.ғ.к., В.Н. Жамулдинов, С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор З.Ж. Марданова, С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің Қазақстан тарихы және мәдениеті Институтының директоры, т.ғ.к., К. Батталов, з.ғ.к., қауымдастырылған профессор С.К. Бастемиев, С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, т.ғ.к., З.Ш. Айткенов және Алаш қозғалысының қуғын-сүргінге ұшыраған ұрпақтары, Павлодар қаласының студент және магистрант жастары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы мен шешендер мен корейлердің ұлттық-мәдени орталығының өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел барысында тақырыптық кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Шара барысында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көтерілген міндеттерді шешу жолдары қарастырылды. Мақалада көрсетілген халық санасының рухани жаңғыруы және бұрын зерттелмеген өңірлер мен тарихи тұлғаларды зерттеу мәселесін қолға алуға баса көңіл аудартылды. Өткен ғасырдың 30-жылдарындағы зобалаң тарихы да парақталды: «ХХ ғасырдың сабақтары халқымыз үшін өте қайғылы... Ұлттық дамуымыздың табиғи жолына шек қойылды және қоғамдық құрылыстың бөгде формасы таңылды ... ұлтымызға өте ауыр демографиялық соққы жасалды. Ол соққы – халқымызға жүз жылға дейін жарасы жазылмас ауыр дерт болып тиді».

Қазақстандағы саяси қуғын сүргін мәселесін назарға ала отырып, сталиндік саясаттың қоғам дамуына кері әсерін есепке ала отырып, бұл мәселені зерттеуге үлес қосқан Отандық ғалымдардың өлшеусіз еңбегіне баға бере отырып, дөңгелек үстелге қатысушылар қарар қабылдауда бірқатар ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, еліміздің ғылыми және шығармашылық қауымына: Қазақстандағы саяси қуғын-сүргінді зерттеуге және кеңірек насихаттауға; ғалымдар мен ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің бастамаларына қолдау білдіруге; ұйымдастыру комитетіне: дөңгелек үстел барысында жасалған өзекті баяндамаларды өңірлік және орталық БАҚ және сайттарға беруге ұсыныс жасауға, жоғары оқу орындарының ректорларына: саяси қуғын-сүргін тарихы туралы жаңа материалдар жинақтау мақсатында тарихи-этнологиялық экспедициялар ұйымдастыруға және ол акцияларға студенттер мен жалпы білім беретін мектептердегі жоғары сынып оқушыларын тартуға әрі қоғамдық ұйымдарды, ұлттық-мәдени орталықтардың әлеуетін жұмылдыруға; «Оқулық» орталығына: мектеп және жоғары оқу орындарының бағдарламасына осы тақырыпқа байланысты параграфтарды қосуға ұсыныс білдіруге, аудан, қала, облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қала әкімдіктеріне: саяси қуғын сүргінге ұшыраған жеке тұлғалардың өмірі мен қызметіне байланысты мәліметтер жинауға, талқылауға, кішігірім оқу құралдарын шығаруға ұсыныс білдіру, Республикалық ономастикалық комиссияға: жазықсыз қуғын сүргінге ұшыраған белгілі алаш қайраткерлерінің есімдерін мәңгілік есте сақтау мақсатында шаралар ұйымдастыруға ұсыныс білдіру, жоғары оқу орындарының ректорларына: ХХ ғасырда саяси қуғын сүргінге ұшыраған белгілі қоғам қайраткерлерінің өмірі мен қызметі, ғылыми мұрасын жарыққа шығару мақсатында көбірек магистрлік және докторлық диссертация тақырыптарын бекітіуге ұсыныс білдіру және т.б.

Аталмыш жобаны іске асыру барысында белгілі ғалымдар З.Е.Кабульдинов, С.Жұмағұлов, К.Кемеңгер және тағы басқалар атсалысты. 2017 жылдың мамыр айында Алматы қаласындағы білім-ғылым ұйымдарында (№ 160 мектеп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану және философия факультеті және Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжі) «Алаш қозғалысы және Қазақстандыға саяси қуғын-сүргін» тақырыбында көшпелі дәріс өтті.

Дәрістің негізгі міндеті – өскелең ұрпақ арасында «Алаш» қозғалысы мен республикамызда Сталиндік террор жылдарында орын алған саяси қуғын сүргіннің негізгі кезеңдері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу болатын. Ең қызықты дәрісті № 160 мектепте «Согласие народов» ҚҚ директоры, Тарихшылар ұлттық конгресінің ғылыми хатшысы, 8-сыныптарға арналған Қазақстан тарихы оқулығының авторы, «2007 жылғы ҚР ЖОО ең үздік оқытушысы», т.ғ.д., профессор З.Е. Кабульдинов өткізді. Ол Алаш қозғалысының алғышартына, «Алаш» партиясы мен Алаш Орда үкіметінің құрылуы туралы жан-жақты мәліметтер келтірді. Оқушылар «Кіші қазан саясаты», республика халқының 70 % мен басқа ұлт өкілдерінің 200 мыңға жуық өміріне балта шапқан жаппай ашаршылық, сонымен қатар саяси қуғын-сүргіннің зардаптары туралы мағлұматтарды үлкен қызығушылықпен тыңдады. Аталмыш тақырыпқа байланысты мектептегі ғылыми жобаларға жетекшілік жасау туралы ұсыныс жасалды. Дәріс барысында баяндамашы 8-сыныптарға арналған «Қазақстан тарихы» жаңа оқулығының тұсаукесерін жасады. Автор оқулық парақтарындағы алаш қозғалысы мен ұлт-азаттық қозғалыс көшбасшысы Әлихан Бөкейханұлы жайлы параграфтарды таныстыра отырып, ЭКСПО-2017 қарсаңында және астананы Алматыдан Ақмолаға көшірілгеніне 20 жыл толуына орай жарық көрген «Астана: прошлое и настоящее» кітабындағы республикамызда саяси қуғын сүргінге ұшыраған қайраткерлер (Ә. Бөкейхан, А. Сейітов, Т.Б. Тельжанов, С. Сейфуллин, С. Сәдуақасұлы, Қ. Болғанбаев, І. Есенберлин және т.б.) өмір жолдарынан тың деректерді келтіре отырып, кітапты қалың оқырман қауымға ұсынды.

Жуырда ғана ҚР ЖОО мен колледждеріне, жалпы білім беретін мектептерге Алаш партиясының тарихы мен қызметі және «Алаш Орда» үкіметі,1937 жылы республикамызда бастау алған саяси қуғын сүргін туралы туралы қысқаша мәлімет жіберілді. Ол мәлімет оқу процесінде, сыныптан тыс, аудиториядан тыс шараларда, қоғамдық шараларда қолдануға арналған. Сонымен қатар ғылыми-танымдық бағыттағы кітапша (брошюра) шығарылып, көпшілікке таратылды. Студент жастар арасында Алаш қозғалысы мен Қазақстандағы саяси қуғын сүргін мәселесіне ең үздік мақалаға конкурс жариялау туралы ақпарат жіберілді. Осы тақырып бойынша ағымдағы жылдың қыркүйек айында конференция ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Осылайша, ғылыми қауымдастық және еліміздегі мемлекеттік органдар аталмыш оқиғаны ескерусіз қалдырмаудың барлық жағдайын ойластырып отыр. Қоғамдық сананы жаңғырту және рухани жаңғыру ол – ұлттық тарихымыздың ұмытылмай, салт-дәстүрлеріміздің ғасырдан-ғасырға салтанат құра беруін талап етеді. Аталмыш жобаны іске асырушылардың да мақсаты пен міндеті осы мүддеге жұмылдырылған.

Х.Маслов

«Согласие народов» ҚҚ атқарушы директоры, Phd докторы 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз