Басты бет Арнайы жобалар Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру Киелі жер: Оқшы ата мазараты

Киелі жер: Оқшы ата мазараты

21 Тамыз 2017
738
0

Елбасы «Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі», – деген болатын. Осы бір тұщымды ойды негізге алған National Digital History порталы алаштың төрт астанасы болған Сыр өңіріне 10 күндік тарихи-мәдени экспедициясын ұйымдастырды. Қызылорда облысындағы әрбір жер атаулары мен ауылдардың тарихын, өңірдің ұлт тарихында есімдері алтын әріппен жазылған тарихи тұлғаларын, қазақтың көне тарихынан сыр шертететін орта ғасыр қалаларын, Сауысқанды шатқалындағы таңбалытас сырларын жинақтап, зерттеп, фотосуреттерге түсірді. Порталдың алдыңғы сандарында экспедицияның Қызылорда облысындағы 3 ауданын қамтығаны (Сырдария, Жалағаш, Қармақшы елді мекендері) туралы жазылған болатын. Ендігі мақсат Шиелі, Жаңақорған аудандарына жасаған экспедиция барысын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен National Digital History порталы ұйымдастырған экспедициясы Шиелі топырағына аялдап, аудандық ішкі саясат басқармасының басшысы Бағдат Әбдіқадыровтың қабылдауында болды. Басқарма басшысы Шиелі ауданының негізгі тарихи-мәдени орындары туралы, ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы экспедиция мүшелеріне баяндап берді.

«Құрметті экспедиция мүшелері тарихи құтты мекен Шиелі ауданына қош келдіңіздер! Біздің өлке Қызылорда облысындағы аграрлы аудандардың бірі. Өлкенің өзіндік тарихи-мәдени ерекшеліктері де бар. Мұстафа Шоқай, Ыбырай Жақаев сынды тарихи тұлғаларымызды тудырған топырақтан талай ұлт қайраткерлері түлеп ұшты. Ауданның Қаратау жоталарындағы Сауысқанды таңбалытастары талай тарихтың шежіресі. Түркістандағы пантеоннан ерте құрылған пантеонда біздің ауданда. Оқшы ата мазаратындағы жеті әулие кесенесі ұлы тұлғаларымыздың жатқан жері. Ауыл-аймақ тарихы да шежірелі. Ол туралы да сіздерге мол тағылымды ақпараттар жеткілікті деп ойлаймын. National Digital History порталына үлкен рақметімізді айтамыз. Осындай экспедиция бағытын арнайы біздің ауданымызға бұрғаны үшін. Сондықтан бұл өңірден сайттарыңызға көп тағылымды деректер мен құнды материалдарды ала аласыздар деген ойдамыз. Істеріңізге сәттілік тілеймін», – деді Б. Әбдіқадыров.

Сондай-ақ экспедициясы мүшелері Шиелінің әлеуметтік, тарихи-мәдени құндылықтарымен және ескерткіштерімен танысты. Аудан әкімдігінің алдындағы «Ауданның құрметті азаматтары» аллеясын, Алаш арысы осы өңірдің тумасы Мұстафа Шоқайдың ескерткіштерін тамашалады. Шиелі ауданына жасаған екі күндік сапар аясында топ мүшелері ауданның Жөлек, Ыбырай Жақаев, Бәйгеқұм ауылдарында болып, ауыл тұрғындарымен Елбасы мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы туралы ойларын ортаға бөлісті.

Оқшы ата мазаратындағы жеті әулие

Сыр өңірінде үш үлкен зиярат кешендері болған. Бүгінше айтар болсақ, пантеондар. Солардың бірі – Шиелі ауданындағы Оқшы ата мазараты. Мұнда қазақтың жеті әулиесі, сөзге шешен датқалары, батырлары жатыр. Экспедиция барысында осы әулиелер мекеніне де бас сұғып, бабалар рухына тағзым еттік. Алдымен қыпшақтан шыққан  Бала би бабамызға аялдап, артынша Есабыз, Ғайып ата, Қыш ата, Асан Қайғы, Оқшы ата кесенелерін тамашалап, абыздардың өмір сүрген кезеңдері туралы тағылымды деректерді мазарат шырақшысынан естідік. Әрбірінің өмір сүру кезеңдері әр қилы. IX ғасырда өмір сүрген Ғайып атадан  XIX ғасырдағы Есабыз арасында бұл мазаратта қазақтың игі жақсылары жерленіпті. Бұл мазаратта алаш ардақтысы Мұстафа Шоқайдың атасы Торғай датқа жатыр. Қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанованың үлкен бабасы да осы өлілер мекенінде екен. Оқшы ата мазараты Шиелі ауданы Бәйгеқұм елді мекенінің жанында орналасқан. Х ғасырға жататын бұл мазарат – Шиелі аймағындағы ерекше маңызға ие жерлердің бірі.

Ал енді Оқшы атаның өзіне келетін болсақ, ол кісі өз заманында қару-жарақ дайындайтын ұста болған екен. Ерекше дарынға ие кісі деп дәріптеледі. Бабамыз Қожа Ахмет Иассаудың заманында өмір сүрген деген деректер де бар. Ал ол кісі туралы халық аңыздарын алдағы уақытта портал бетінде толымды ақпараттар беретін боламыз. Абыз атаның азан шақырып қойған есімі Ибраһим, кей деректерде Көгентүп делінеді.

Балаби Шыныбекұлы, Оқшы ата мазаратынының наиб имамы, шырақшысы: «Осы Оқшы ата мазаратында 2010 жылдан бері наиб имам әрі шырақшысы қызметін атқарып келемін. Бұл жерге тағзым етіп келетін жұрттың қарасы көп. Қоғам қайраткерлері мен ҚР Парламент мәжілісінің депутаттары да келіп, жеті әулие тағзым етіп кетеді. Бұл жерде Есабыз ата мешіті және қонақ үй кешендері салынған. Әулиелер басына келген адамдар қонып, мешітінде намазын оқуға да жағдайлар жасалған».

Сауысқанды шатқалындағы таңбалытастар

Экспедиция мүшелері қарт Қаратау жоталарын бетке алып, Шиелі ауданы мен Созақ ауданының (Оңтүстік Қазақстан облысы) шекараласқан аймағына келді. Бұл жерде әйгілі Қаратау сілемдерін жағалай 10 шақырымға созылып жатқан Сауысқанды шатқалындағы таңбалытастарды көрді. Петроглифтерді фотоға түсіріп, елді-мекеннің тарихы туралы аз-кем ақпараттарды жинадық.

Шиелі ауданы Еңбекші ауылынан 60 шақырым солтүстік-шығысқа қарай Қаратау жоталарын жағалай Сауысқандық өзенінің оң жағында, Сүлеймен жайлауының іргесіндегі Үлкеншоқы, Кішішоқы аталатын тау жоталарының жартастарындағы суреттер қола дәуірінен қалған құнды дүниелер. Б.з.д. II мыңжылдықтардағы тас қашау мәдениетінің жартастағы суреттері сол дәуірдің әдет-ғұрпындағы наным-сенімдерінен көрініс береді. Суреттердің негізі мал шаруашылығын айғақтайтын жазулар. Олардың арасында аң терісін жабылған ер адам, тауешкі, өркешті түйелер, арқарлар, арбалар бар. Бүгінде осы құнды мұра ЮНЕСКО-ның ескерткіштер тізіміне ұсынылған. Жәдігерлер мемлекет қорғауына алынған. Экспедиция мүшесі, Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің ғылыми қызметкері Еркебұлан Елеуов Сауысқанды шатқалындағы жартастағы суреттердің сыры туралы да өз ойын білдірді.

«Біздің экспедиция мүшелері Шиелі ауданындағы Сауысқанды шатқалындағы жартас суреттеріне келіп тұрмыз. Бұл жердегі таулар негізінен 5 бөлікке бөлінген. Жағалай екі үлкен Бала Сауысқанды және Үлкен Сауысқанды болып, олардың арасын Сауысқанды бұлағы бөліп жатыр. Бұл петроглифтер қола дәуірінің алғашқы кезеңінен мәліметтер береді. Яғни кезең-кезеңімен орта ғасыр бейнелері және кейінгі салынған суреттермен де бейнеленіп келеді. Ал енді қола дәуіріндегі жартас суреттеріне тоқталатын болсақ, мұнда қабан бейнесі, аң терісін жабылған адамдар бейнесі, арбалар, тауешкі, арқар, түйе, жылқы сияқты жануарлар мен аңдар жайлы сюжеттік көріністер бейнеленген. Бес тауды қоршап жатқан жартас суреттері 10 шақырымға созылып жатқан 10-12 мың сюжеттік жиынтық суреттерден құралған», – дейді Е. Елеуов.

Сунақ ата қай абыз?

«Сунақтың жері жұмақ, дала бағы,

Перзенті періштедей дара бәрі.

Жаны мен тәні таза мұндай ұрпақ,

Тек қана құштарлықтан жаралады»

деп жырлаған халық ақыны Фариза Оңғарсынова. Сунақ дегеніміз – этникалық топтың бірі. Қазақтың жүзге жатпайтын руларының бірі. Бүгіндері Жаңақорған ауданында Сунақ аталатын ауылдық округі бар. Біздің экспедициямызда осы ауылдың іргесіне тұрақтап, Сунақ ата ескеркішіне тағзым етіп, құран бағыштады.

Ұлттық мәдениетіміздің бір тармағы ата-баба мұраларынан сыр шертетін, олардың қалдырған өнегесін кейінгі ұрпаққа танытар тарихи-мәдени ескерткіштер екені анық. Осы орай да Сығанақ қаласының ежелгі тұрғындарын құраған сунақтардың негізгі абызы – Сунақ ата.  Қазақтың шежіресінде Сунақты Орта жүз бен Кіші жүздің бірлесітігінде тайпаларға да жатқызады. Тіпті кейбір шежіре деректер де Сығнақи атты Сығанақ билеушісімен де байланыстырады. Сунақтар – Қызылорда облысы мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында көп таралған рулардың бірі. Олардың шежіресі Мұхаммед пайғамбардың қайын атасы Әбу Бәкір Сыдықтан таралады. Сунақ ата шамамен 1080-1160 жылдардың арасында өмір сүрген. Қожа Ахмет Иассауидің қарамағында бас имам болған, әулие, «Нихая» кітабының авторы. Сунақтардың ұраны қожалармен ортақ «Қожа Ахмет Иассауи». Қожалар мен Сунақтар бір топқа жатады.

Сауран мен Сығанақтың шежірелі тарихы

Әрбір өлкенің өзіндік тарихи-мәдени ерекшелігі болады. Жаңақорған ауданындағы тарихи негізгі ерекшеліктер – сунақтар тарихы мен көне қалалар Сығанақ пен Сауранның орны. Ұлы Жібек жолының бойындағы Сығанақ қаласы мен бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысына кірген Сауран қаласы – алтынға бергісіз тарихи сырларды бүгіп тұрған көне қалалар. Олардың жаугершілік заманда белгі беру мақсатында тұрғызылған тарихи мұнаралары мен бірнеше қабатты дуалдары кімді де болсын қызықтырмайтыны анық.

Зұлман замандарды, жойқын соғыстарды басынан кешіріп, бүгінгі күнге қабырғаларынын біразы жеткен Сауранға экспедиция мүшелері тоқтап, аспан астындағы мұражай кешенін тамашалады. Бұл қаланы туристерге қолайлы аймақ ретінде дамытып, жол, жарықтандыру мәселелерін толықтай шешіпті. Туристер келіп көретіндей көне қаланың жәдігерлері де толықтай реставрациядан өткізілген. 

Тарихи-мәдени экспедиция тоқтаған екінші бір қала – Сығанақ қаласы. Сыр өңіріндегі мәдени-тарихи ескерткіштердің бірегейі – Қыпшақ хандығының, Ақ Орданың, Әбілхайыр хандығының, кейін Қазақ хандығының астанасы болған, екі мың жылдық тарихы бар Сығанақ (VІ-ХVІІІ ғғ.) қаласына біз барған археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Қазба жұмыстарын Қ.А. Иассауи атындағы Қазақ-Түрік Халықаралық университетінің археология институты атқарып отыр.

«Әйгілі ортағасырлық Сығанақ қаласының зерттелуі Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халық­аралық қазақ-түрік университеті жанынан құрылған Сығанақ археологиялық экспедициясы негізінде басталды. 2003-2008 жылдар аралығында Қ.А. Иассауи атындағы Қазақ-Түрік Халықаралық университетінің археология институты арқасында біраз археологиялық нысандар ашылды. Қалада жүргізіп жатқан ғылыми жұмыстарының материалдары қаланың экономикалық жағынан дамуы ХIV ғасырдың екінші жартысында айтарлықтай дамығандығын дәлелдеп отыр. Оның бас­ты дәлелі – екі мешіт пен сағананың ашылуы 2012 жылдан бастап біздің университет тағы да қазба жұмыстарын жүргізу барысында қаланың шығыс қақпасын тапты. Оны «Қазқайтажаңғырту» мекемесі арқылы реставрациялық жұмыстар жүргізілді», – дейді Қ.А. Иассауи атындағы Қазақ-Түрік Халықаралық университетінің археологі Амантуров Маралбек.

Сығанақ қаласының орны біз барған «Сунақата» елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 2 шақырымдай бес бұрышты төбеде орналасқан. Аумағы 20 гектардай жерді алып жатыр. Тіпті, кейінгі зерттеу мәліметтерінде Хан сарайының маңының өзі 30 гектардан астам екендігі, ал Сығанақ қаласының аумағы 309 га екендігі анықталып отыр. Қала өмірі VІ ғасырдан ХVІІІ ғасырға дейін созылған.

«Сығанақ қаласына алғаш рет археологиялық қазба жұмыстары ХХ ғасырдың 70 жылдары жүргізілді. Отырар археологиялық экспедициясының меңгерушісі Кемал Ақышев пен Карл Байпаковтар Сығанақ қаласының топографиялық тарихына да назар аударып, бұл қала ортағасырлық қалалардың ішінде Отырар қаласынан кейінгі атақты екінші қала деген қорытынды жасайды.  Ел аузындағы аңыздар бойынша мешіт қабырғасына балта шапқан адамдар сол жерден құлап өлген. Ал кейбірі ауруға шалдыққан. Қаланың қазіргі орны – 20 га жерді алып жатқан үлкен бес бұрышты төбе. Бұл жер Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Төменарық темір жол станциясынан 8 шақырым жерде орналасқан. Қаратау жотасының оңтүстік батыс етегінде жатқан Белқар үстіртінде жатыр. Қалада бір кездері «Сунақ ата» ауылының мазарлары орналасқан. Қазба жұмыстары жүргізілгендіктен кейін, олардың барлығы туысқандарына айтылып, басқа жерге көшірілді. Қазірдің өзінде қаланың бірнеше жерінде ауыл зираттарының қалдықтары кездеседі. Қазіргі таңда қалашықтың аумағы толықтай мемлекет қорғауына алынған», – дейді облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесінің маманы Еркебұлан Елеуов.   

Сығанақ өз тарихында талай қияметті басынан кешірді. Ақ Орда хандары мен Темір ұлысы арасында, кейінірек қазақ хандары мен (Бұрындық, Қасым хан) Мұхаммед Шайбани, оның ұрпақтары арасында Сығанақ үшін талай кескілескен ұрыстар болды. Сығанақты 1446 жылы шайбанилік Әбілқайыр басып алса да, Орыс ханның ұрпақтары Әбілқайыр билігін мойындамады. 1456 жылы Әбілқайыр мен қалмақ Енге төре арасында Сығанақ үшін болған ұлы шайқаста Әбілқайыр жеңілді. Орыс ханның шөбелері Жәнібек пен Керей бастаған Ақ Орда хан ұрпақтары Әбілқайырдың әлсірегенін пайдаланып стратегиялық шегініс жасап, ел ордасын Шу бойындағы Қозыбасына әкеліп тігуі Сығанақтың саяси маңызын әлсіретті. Бірақ, Сығанақ өлкесі территориялық тұрғысынан қазақ мемлекетінің қарамағында қала берді. 

XVII-XVIII ғасырларда жоңғар шапқыншылығына бірнеше рет ұшырады. Осы шапқыншылықтар және басқа да әр түрлі себептерден қала бірте-бірте өзінің өмір сүруін тоқтатты. 

Алаштың төрт астанасы болған Сыр жерінің алты алаштың анасы деп аталуының мағынасын енді түсіндім. Ұлы Жібек жолының бойындағы бұл өңір әлімсақтан түркі жұртының алтын бесігі. Сақтар мемлекет құрып, Шірік-рабадтай астанасын соқты, Оғыздар елдік мәртебеге көтеріліп, Жанкенттей көне қаланы жайқалтты. Қыпшақтардың сол қанатындағы ордасы сыр бойындағы Көне Сығанақ қаласы ұлы бабаларымыздың мұрасы болды. Алтын ордалықтар мен Қазақ xандығы (Қасым xан тұсында) тұсында Сауран мен Сығанақтың үлкен орталықтардың бірі һәм бірегейі болғанын тариx та, арxеология да дәлел деп тұр.

Б.з.д ІІ мыңжылдықтардан бастау алатын жетіасар мәдениетін және айтыңыз. Оған Қаратау жоталарындағы Сауысқанды петроглифтерін қосыңыз. Тариxи тұлғаларға еңселей салынған ескерткіштер мен әулие-әмбиелердің менмұндалаған ескерткіштері бар. Осының бәрі Сырдың шежірелі тариxынан сыр шертіп тұр емес пе? Ендеше алты алаштың анасы атанған Сыр елі – өткеннің ізі, көненің тариxи шежіресі. Бүгінгі қазақтың тариxи-мәдени орталығы. Осындай тариxи шежірелі өңір Сыр еліне ұлт тариxын жаңғыртып отырған National Digital History тариxи-мәдени экспедиция ұйымдастырмаса ең үлкен қателіктің бірі болар еді.

Әрине Сыр елі жайлы басқа да ақпараттар мен тариxына қатысты деректер, мақалалар біздің сайтта жазылып та келеді. Бірақ көзбен көріп, көңілмен тұшынып, бабалар ізінен жүріп өтіп, ақпарат берсең тариxи шыңдыққа біржола жақындай түсетіні және бар. Сондықтан Қазконтент АҚ Басқарма төрағасы Евгений Кочетов мырза Сыр еліне 10 күндік тариxи-мәдени экспедиция жасауыма барынша мүмкіндік жасап, қолдау білдірді. Облыстың 5 ауданы мен Қызылорда қаласына жасаған экспедициямыздың тағы бір қолдаушысы Қызылорда облысының әкімдігі мен Қызылорда облыстық тариxи мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесіне алғысымызды білдіреміз. 2000-ға жуық шақырымды жол жүріп, Сырдың тариxын алты алашқа айшықтауда, көзі қарақты оқырманға дәріптеуде мүмкіндік қарастырды.

Түйін:  Сыр елі ұлттық тариxты жаңғыртуда аз жұмыс атқармапты. Қаншама тариxтың жәдігерлерін қалпына келтіріп, көне қалаларды реставрациядан өткізіп, 1000-нан астам тариxи ескерткішті тізімдепті. Ұлттық тариxты бүтіндеудің ісін Сыр елінен үйренсек артық айтқандығымыз емес. 

Алты Алаштың анасы атанған Сыр топырағында тарихтың құнды жәдігерлері жетерлік. Енді мақсат осы жауһарлардың біразын ЮНЕСКО тізіміне енгізіп, халықаралық дәреже де қорғауға алынса да деген ойымыз бар. Мұндағы ежелгі құрылыс нысандары мен көне қалалардың орындары Рим, Мысыр, Қытай өркениеттерімен иық тіресіп, шежірелі тарихтан сыр шерте алатыны анық. Бабалар жүріп өткен жердің мұралары құм мен сазды топырақтың үгілуінен, одан қалса жауын-шашынның кеселінен өзіндік тарихи сырлары жойылу қаупінде. Сондықтан бабалар мұрасына адалдық танытып, ұлттық тарихымызды жаңғыртуда кезек келді деп ойлаймыз.

Қызылорда-Шиелі-Бәйгеқұм-Жаңақорған-Сунақата-Сауран-Қызылорда

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Сауалнама

Тәуелсіз Қазақстанның тарихына қызығушылық танытасыз ба?