Басты бет Әдістік жабдықтар Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Бүгінгі тарих-жаңа ғылыми бағыт Салыстырмалы тарихи, өткенді шолатын әдістер Көшпелі қазақ қоғамындағы су көздеріне қатысты мәселенің кейбір теориялық аспектілері (XIX ғ).

Көшпелі қазақ қоғамындағы су көздеріне қатысты мәселенің кейбір теориялық аспектілері (XIX ғ).

10 Тамыз 2013
106
0

Қазақ тарихындағы  күрделі мәселелердің бірі жерге қатысты, яғни көшпелі қазақ қоғамының жерге меншік құқы және осы меншік құқының түрлері. Таза көшпелі мал шаруашылығының негізгі тіршілік көзі жермен бірге қабыса айтылатын су мәселесі және оны тиімді пайдаланудың  жолдары, оған қатысты меншік құқы мен жерді пайдаланудың суды пайдалануға беретін заңдастырылған дәстүрлі құқық жүйесі  сынды мәселелер.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезеңіндегі орыс тарихнамасында жермен бірге қатар су мәселесі де қаралды. Бұл мәселеге арналған жекелеген зерттеулер Түркістан өлкесінде жарияланғанымен, далалық облыстарда жеке зерттеу обьектісі болмады. Мұның дәлелі Түркістан генерал губернаторлығындағы ирригация әкімшілігінде қызмет жасаған  Н. Дингельштед, Г. Гинс, С. Корольковтың еңбектерінен және осы мәселенің кейбір тұстары көрсетілетін Н.М. Гродеков, А. Шахназаровтың жұмыстары. Сонымен бірге жекелеген белгілі, белгісіз авторлардың атымен «Вопросы колонизации», «Туркестанские ведомости», «Туркестанское сельское хозяйство», «Сборник материалов Сырдарьинской области»  сынды  жинақ басылымдарында мақалалар жарияланды.

Далалық және Сырдария облыстарының уездерін зерттеген Ф.Щербин, Н.М. Трегубов, П. Хворастанский, П.А.Скрыплевтің материалдарында да  қазақтардың өзен, көл, бұлақ, арық, құдық, иірім, қара суларды пайдалануына қатысты да құнды мәліметтер беріледі. Кеңестік тариханамада аталмыш мәселеге қатысты жекелеген арнайы зерттеулер, мақалалар болмағанымен, бірақ С.Е.Толыбеков, Н. Масанов, М. Тұрсынова және т.б. авторлардың жұмыстарында талдаулар беріледі.

Кеңестік тариханамаға дейінгі зерттеулерде қазақтардағы су иеленудің құқы, әрбір уез болыстарындағы қазақтарды сумен қанағаттандырған  өзен мен оның сағалары, көл, үлкен каналдар, арықтар, тоғандар, құдықтар, бұлақтар, ирригациялық құрылыстар, қоныстандыруға қатысты туындаған қайшылықты су мәселесі, оған қатысты қабылданған заңдар сынды бірнеше бағыттағы мәселелер қарастырылды. Зерттеушілердің негізгі бөлігі қазақтарда рулардың және жекелеген адамдардың құдықтарға, арықтарға меншік құқы болды деген қағиданы ұстанады және аталмыш еңбектерден қазақтардағы суға иелік етудің аймақтардағы дәстүрлі ерекшеліктері болғандығын да көреміз.

 Сырдария облысының әскери губернаторы қызметін атқарған Н.М. Гродековтың еңбегінде аймақтағы қазақтардың су иелену құқына мынадай анықтама беріледі. «Перовскі уезінің жайлау, қыстауы жекелеген қауым меншігінде. Арықтар егістікпен бірге оны алғаш қазғандардың және олардың ұрпақтарының меншігі құқығында болды. Жаңа арық жүргізу үшін, ауылдағы әрбір түтін жұмыстың көлеміне қарай еңбек күшін шығарады. Егін егетін жер бөлінгенде, әрбір түтіннің арық қазуға бөлген адам күшіне байланысты, жер үлесін алатын.  Арық қазуға қатыспағандар жер үлесін алудан қағылды [1,104-105-б.].

Егер де бұрынғы ескі арықтың орнына жаңа арық қазылып, кейін оның қожайыны табылса, онда, арық қазылғанға дейін қайда болдың, біздер басқа арық қазар едік қой, деген уәжбен оның талабын қанағаттандырмайтын. Ал, белгілі бір ру малды құрбандыққа шалу арқылы арық, құдық қазып, кейін олардың жерлеріне басқа ру қоныстанса, алғашқы рудың кері арық, құдықты қайта талап етуге құқы бар. Мұндай талапты жеті атасына дейін қоя алады. Олар ата-бабаларының құдық, арыққа еңбегі сіңгеніне мәлімдеме жасады. Дауды шешу барысында жауапкерлер бұрынғы қожайындарын білмедік деп айтса,  қуынушылар ата-бабаларының арық қазғандарына ант беруге міндеттелді.  Жауапкерлер арық, құдықты  тазалауға, қазуға күш жұмсадық деген талап қойса, еңбектеріңіз үшін суды пайдаландыңыздар деген жауап қайтарылды. Олар суды пайдаланып үлгермесе, қуынушылармен бірігіп егін егуге және салық төлеуге мүмкіндіктер берілгенімен, бірақ  жазбаша түрде арық, құдыққа таласымыз жоқ деген анықтама берді. Мұндай жағдайда олар пайдаланған жер тек аманат деп  саналды [1,104-105 бб]. Жалпы Н.М.Гродековтың зерттеулері, құрбандыққа мал шалу арқылы қазылған арықтың меншіктік пайдалану құқының анағұрлым заңдастырылған дәстүрлі жүйеге негізделгенін көрсетеді және көшпелі мал шауашылығына қарағанда егістікке қатысты су жүйесі кеңірек көрсетіледі.

Мұндай бағыттағы су иелену, пайдалану мәселесін көтерген зерттеулердің бірі Н.Дингельштедтің еңбегі болды. Н. Дингельштед облыстағы бұлақ, қайнар, құдық көздерін меншіктену құқына қатысты мынадай қорытындыларға келеді; 1) Аңғардағы, игерілмей жатқан жерлердегі бұлақ, қайнарлар қауымдық,  барлық қауымға тиесілі, ешкімнің жеке меншігінде емес. Оны барлығы да өз қажеті үшін пайдалана алады. Таудағы бұлақ, қайнарлар да барлығына тиісті немесе бірнеше қауымға тиісті болғандықтан ешкімнің жеке меншігі бола алмайды; 2) Жеке меншіктердің жерлерінен ағатын бұлақ, қайнарларды жер иелері тек өз бөлігінен тиісті тұсындағы ғана суды пайдалана алады. Су иесі бау-бақшасына, жер теліміне ағынды суды бұрғанымен, өз ауласынан бөлек жатқан суды жалпы ирригациялық қажеттілік үшін ғана пайдаланды; 3) Құдықтар қауымдық және жеке меншікте. Әрбір ауылдың қыстауда өздерінің рулық қауымдық құдықтары бар, оны қорғайды, күтеді, ал жайлаудағы құдықтарды барлығының көш кезінде пайдалану құқы бірдей [2, 263-264 б]. Сырдария облысындағы егіншіліктің басқа аймақтармен салыстыра алғанда, жақсырақ дамығандығын ескерсек, Н. Дингельштедтің арыққа қатысты мәселені көбірек талдауы түсінікті еді.

 Құдықтардың жекелеген руларға, қауымға тиісті болуын мұрағат құжаттары да дәлелдей түседі. Мысалы, Жызақ уезі мен оның шекарасында  қоңыраттардың Қыдырбай, Байтұрсын, Баймұрат, ошақтының Алшынбай, Шынтыбай, төртқараның Аралбек, Алықұл, Бөнген, тобықтылардың Айтубай, жалайырдың Жезбай, Сарқыт және т.б.құдықтары болған. Руға қатысты құдықтар басқа аймақтардың мәліметтерінде де кездеседі.

Ташкент уезіндегі Ақжар болысындағы қоңырат, рамадан, керейіт руларының әрқайсысының көктеуде  жеке құдықтары болған. Құдық мұрагерлік жолмен беріледі деген мәлімет кездеседі [3, 11, 14-б.].

Құдықтардың руға тиісті болуы басқа да аймақтардың мәліметтеріне қатысты деректерінде де кездеседі. Мысалы, Семей облысы Павлодар уезінің Маралды болысы  күздеуде, жайлауда өз руының құдығы маңына ғана қоныстанатын. Су көзін пайдаланудың қатаң заңдастырылмауына байланысты көрші жатқан болыстармен жайылымдық жерді пайдалануда  қатаң заңдылық сақталынбады. Өйткені мал жаю кезінде олар араласып та кететін. Жерді пайдалануда ортақтық болғанымен, бірақ құдық қазуға кеткен еңбек күшіне байланысты белгілі бір аймақты пайдалану құқын заңдастырды. Суға иелену арқылы олар жерге иелену құқын да алды[4,59-б.]. Аталған уездің Баянауыл болысына қатысты деректеріне де сүйенсек, қазақтар арасында жайылымдық жер үшін талас болмағанымен де, бірақ құдық үшін таластар болған. Құдық атадан балаға мұра, сонымен бірге олардың оны айырбастауға да мүмкіндіктері болды [4,98-б.].

Қызылтау болысының да күздеуде рулық құдықтары болған. Құдықтардың ара қашықтығы 5-6 шақырым. Құдықтағы су мол болып және бос жатқан жайылымдық жер болса, осы жерге басқа да ауылдың да тоқтауға құқы болатын. Қыстауда құдықтардың сирек болуына байланысты, көршілес қыстаудағы құдықты алғашқы қар түскенге дейін пайдалану құқы бар. Дабы болысындағы құдықтарға басқа ауылдың тоқтауға құқы болмағанымен, бірақ ру ішінде пайдалануда еркіндік сақталынды [4,124-б.]. Алтыбай болысында жазғы жайылымдар мен су көздері ру меншігінде [4,126-б]. Павлодар уезінде құдық иелену құқы жер иелену құқымен қатар жүрсе, керісінше кейбір аймақтарда қыстауда құдық көздері аса маңызды болмады.

Мысалы, мұндай мәлімет Ақмола облысы Атбасар уезінің Сарысу болысында кездеседі. Қыстаулары құмда болғандықтан мол қар суларын пайдаланады. Құдық қазбауының тағы бір себебі, өйткені Түркістандағы қазақтардың олардың қыстауларына жайлауға келуіне байланысты  қыстаудағы мал жайылымдарын таптап тастайтындықтан құдық қазылмайтын [5,46-б.].

Қазақтар көшпелі мал шаруашылығында құдық, бұлақ көздерінен бөлек өзен, көл, кепкен көл орнын, батпақ, қар суын да пайдаланды. Мұндай табиғи су көздерін пайдалануда  да белгілі дәстүр сақталынды. Көктем басталған тұстан Көкшетау уезіндегі әрбір ауыл тәжірибелі жігіттерін өзен, батпақ, бұлақ және қар суымен толған су көздерін табуға аттандырды. Кейін  ауыл судың кебу уақытын есепке ала отырып көшті. Өзен, көл жағалауларын қыстау үшін сақтады. Қыстаудағы жақсы су көзін иелену үшін олар қыстауларды жоғары бағалайтын [6,46-47-б.]. Көкшетау уезіндегі қазақтардың негізгі су көздері өзен, көл, бұлақ, тау сулары болды. Қазақтардың терең емес етіп қазған құдықтарында су аз болды. Қыста олар қатып қалды, немесе кеуіп кететін. Уездегі жақсы құдықтар Зеренді, Шалқар, Мезгіл болыстарында деп көрсетіледі. Осы болыстардың ішіндегі Мезгіл болысынындағы  пайдалаланған су жүйесіне қатысты берілген мәліметтен, яғни болыстың 20% егіншілікпен айналысатын ескерсек: 61 өзенді -235 ауыл, 102 көлді – 155 ауыл, 719 батпақты- 698 ауыл, 1944 құдықты- 787 ауыл, 59 бұлақты-100 ауыл, 36 сайды- 49 ауыл пайдаланған [6,50-51 б.]. Берілген дерек болыстағы қазақтардың барлық су көздерін пайдаланғанын анықтайды. Сонымен бірге Далалық облыстарды зерттеген экспедиция  облыс аумағына орыс шаруалары, казактардың қоныстауымен  көшпелі қазақтар енді көл, кепкен көл орнын, құдық көздерін көбірек пайдалана бастады деген қорытындыларға келеді.

Жетісу облысына қатысты деректерде қазақтардың құдық көздерін емес, өзен, көл, бұлақ көздерін пайдаланғаны көрсетіледі. Орал облысындағы қазақтар табиғи су көздерінен өзен, көл, бұлақты, ал жасанды су көзінен құдықты пайдаланғаны ерекше аталады. Далалық облыстарды және Жетісу, Сырдария облыстарын Закаспий облысындағы қазақтармен салыстыра талдасақ, мұнда қыстауда көшпелі мал шарауашылығының табиғи су көзінен бөлек, керісінше жасанды  су көзі құдықтарға тәуелділігі көрінеді.  Жеке меншік ұғымының өзі жерге емес, құдыққа қатысты болды. Аридтік Маңғыстауда құдықсыз, бұлақсыз жердің құндылығы болмады. Сонымен бірге  ХІХ соңына қарай Қазақстанның негізгі аймақтарында құдық санының кему үдерісімен бірге аса терең емес құдықтар қазылса, аталмыш аймақта керісінше құдық санының өсуімен бірге С.Толыбеков көрсететін үш түрлі құдықтың; таяз, терең, шыңыраудың барлығы да қатар кездесті. Маңғыстаудағы құдық санының көбейуі аймақтағы көшпелі мал шаруашылығының трансформациялана қоймағандығын да дәлелдей түседі және керісінше басқа аймақтарда дәстүрлі көшпелі мал шаруашылығының құлдырағандығын айқындайды. 1910 жылғы мәліметке сүйенсек, Райымберді болысының - 204, 2 - Маңғыстау болысының - 237, Жеменей болысының - 638, 1- Маңғыстау болысының - 241, 1- Бозашы болысының - 1052 құдык көздері болған.

Уездегі негізгі құдықтар көшу маршруттарының бойында жатты. Құдықтар меншік құқы жағынан үш категорияға бөлінді:

1) Жекелеген адамдардың меншігіндегі, мысалы Тарталы құдығы Бәйімбет бөлімі, Райымберді бөлімшесінің билері Ақжан мен Есенге тиісті, Құтан су құдығы Мамбет Нияз биге, Басқұдық Капарға тиісті болған [7, 35-б.].

2) Әрбір рудың бөлімдеріне ғана тиісті құдықтар. Мысалы, Адай руы Райымберді бөлімінің Төбежік, Құмақ-Қай, Шақмақ –Ата, Жығылған, Бөрлі, Мерет, Түйе-су, Есен-Көкше бөлімшесінің Тас-Ұрпа, Етем, Тартпал, Маулем құдықтары, Жанай бөлімшесінің Хан-Баба, Құнан-су, Атре-Қалшық, Ащы-құдық, Қызыл-үзік, Қалпе, Түрікмен –адай бөлімінің Шынжыр және т.б. құдықтары болған.

3) Барлық қазақтарға  және қазақтар мен түрікмендер қатар пайдалануға құқы бар құдық көздері болды. Үлкен жолдың бойында жатқандықтан Шопан ата, Сенек, Сұмса, Бесақты құдықтары барлық Маңғыстау уезіндегі руларға ортақ болса, ал Күнжек құдығы адайларға және түрікмендерге тиісті болған [7,39-б.].

Маңғыстау уезінде құдықты пайдалануда белгіленген дәстүрлі тәртіп сақталынды. Жеке меншіктегі, немесе белгілі руларға ғана тиісті құдықтарға бөгде біреулер көшіп келсе, құдық иелері отар малдарымен болса, құдықтағы су иесі мен бөгделерге су жететіндей жағдайда, бөгделер оны бір рет пайдаланып, кейін басқа су көздерін іздеуге тиіс болды. Егер құдық иесі көшіп келген сәтке дейін, құдық маңында бөгделер болса, соңғылардың құдықта жеткілікті су болса ғана пайдалануға құқы болды [8, 24-б.].

Құдық маңындағы мазарлар және құдық аттары осы мазарда жатқан әулиенің атымен байланысты болатын [9,185-б.].

Закаспий облысындағы қазақтар мен түрікмендер қатар қоныстанған аймақтардағы құдыққа қатысты жиі таластардың туындауына байланысты, 1902 жылы Асхабадта төтенше халықтық соттың сьезінде жер мен құдыққа меншік құқына қатысты мәселе талқыға салынды. Деректерден қазақтардың, түрікмендердің әрқайсысының құдыққа қатысты өзіндік заң ережелері болғанын және осыған негіздей отырып таластарды шешкендерін көруге болады. Түрікмендердің бір бөлігі шариғат заңына сүйене отырып, жаңа құдық көздері бұрынғы құдық көзінен 40 гез (аршин) жерге, келесі біреулері 1000 қадам жерге қазылуы тиіс деп көрсетсе, қазақтар әдеттік құқыққа сәйкес бұрынғы құдық маңынан кез келген қашықтықта жаңа құдықты әрбір адамның қазуға мүмкіндігі бар деп көрсетті. Тақырда құдық қазуға түрікмендерде құдық иесінің немесе бүтіндей қауымның құқы болса, қазақтарда тақырда құдық қазу құқы алдыңғы тәртіпке сүйенетінін көрсетті. Төтенше сьезд құдық қазуда түрікмендердің шариғатқа, қазақтардың әдеттік құқыққа қатысты ережелерді ұстанатындығы жөнінде шешім қабылдады. Түрікмендер мен қазақтардың құдық қазудағы ұстанған шариғат пен әдеттік құқық заң нормаларын салыстыра қарағанда, қазақтардың құқының анағұрлым еркіндігін, аймақтағы қатал табиғат климатына бейімділігін көреміз.

Қазақтардың басқа аймақтарында бұлақ көздеріне жеке меншік болмаса, Закаспий облысында бұлақ көздерін иеленудің екі түрі болды. Біріншіден, жекелеген билердің жеке меншігінде, екіншіден, жалпы адай руына қатысты болды. Мысалы, Хан Баба бұлағының 15 көзі Тобыш бөліміндегі Жанай билері Өтек, Айт, Ержанға тиісті болған. Сұлтан Епе бұлағының көздері Бәйімбет бөлімі Райымберді бөлімшесінің билері Капар, Шабық, Кіжікке тиісті болса, Құлмаш, Қарасу бұлақтары Тобыш бөлімі Жанай, Тулекбай, Жақыбай бөлімдерінің билеріне, Бесбұлақтың көздері Кердері, Жаппас билеріне, Қауынды көлінің маңындағы бұлақ үлкен жолдың бойында жатқандықтан барлық адайларға тиісті болған [7, 35-б.].

Маңғыстаудағы бұлақ көздері 193 болды, олар Қаратау, Ақтау, Қайдақ бұғазы мен Маңғыстаудың батыс бөлігінде, ең ірі бұлақтар Ақмыс, Күркіреуті, Ұлыбау, Женгелді, Шетпе бұлақтары болды. Уездегі адайлар арасында бұлақ көздері мен оның маңын иемдену рудың меншігіне айналдыру үдерісі жүрді. Кейбір бұлақ көздері жекелеген тұлғаларға тиісті болса, кейбіреулері бір рудағы бірнеше адамға тиісті болды. Осы рудың адамдарының ғана жерге, суға құқы болатын, олардың ешқайсысы да өз үлесіндегі жерді, суды басқа ру адамдарына сатуға, сыйға тартуға, жалға беруге құқы болмады. Жер, су иесі қайтыс болса, оның үлесі үлкен ұлына өтті. Жаңадан бөлініп шыққан отаулар жер үлесін алуға құқы болмады. Негізінен жер, суды рудағы ең кедейлер пайдаланады. Орташа, ауқатты жер су иелері өз руластарындағы ең кедей бөлігіне суды теңдей бөлді. Негізінен су үлестерін отбасылылар, балалары бар жесірлер пайдаланады. Бұлақтың қай жерді суландыратыны белгіленгендіктен, осыған сәйкес теңдей жер телімдеріне бөлінді. Бұлақ көзі бірнеше адамға тиісті жерлерде су көзін артельдік жүйемен пайдаланады.

Егер бұлақ көзі бір адамға тиісті болса, су көзінің барлығын сол адам пайдаланды. Бұлақ көзінің иесі қайтыс болса, жер мен су көзі оның мұрагерінің қолына, егер мұрагері болмаса жақын туыстарына өтті.

Красноводскі уезіндегі қазақтар арасында құдық, бұлақ көздеріне жеке меншік болмағанымен де, аймақта қазақтар қазған құдықтар да болды. Красноводск қаласы, Қарабұғаз, Шарышлы құдығы, Қызыл Арбат және Закаспий темір жолының бойы түрікмендердің жайлаулары болғанымен, аймақтағы қазақтар қазған құдықтардан басқаларының барлығының да иелері түрікмендер деп көрсетіледі [10, 376-б.]. 1892 жылы Красноводск уезінің адайы Тасым Бегей қазған құдық болған. Негізінен Красноводскі уезінің аймағына қазақтардың қоныстауына байланысты олар орыс әкімшілігі бекітіп берген құдық көздерін пайдаланды. 1893 жылы адайларға Белбұлақ тобына қарайтын құдық көздерінің біреуін ғана пайдалануға мүмкіндік берілсе, кейін олардың өтінішіне байланысты 5 құдық көзін пайдалануға мүмкіндік берілді.

Сонымен кеңестік дәуірге дейін жазылған зерттеулерден Сырдария, Жетісу, Далалық және Закаспий облысындағы көшпелі қазақ қоғамындағы құдық көздеріне қатысты меншік құқынан рулық және жеке меншік формалары сақталынды. Қыстау, көктеу, жайлау, күздеудегі құдықтарға қатысты біраз өзгешеліктері болды. Мысалы Сырдария облысында құдықтарға рулық меншік қыстау, көктеуде, Далалық облыстарда күздеу, жайлауда, Закаспий облысында керісінше қыстауда. Мұның өзі де әрбір аймақтың өзіндік ерекшелігін көрсетеді. 

Кеңестік тарихнамада  көшпелі мал шаруашылығына негізделген қазақ қоғамының табиғи және жасанды су көздеріне тәуелділігіне қатысты мәселенің кейбір теориялық аспектілерін қарастырған алғашқы зерттеулердің бірі С.Е. Толыбековтың еңбегі болды. 

Ол көшпелі мал шаруашылығы мен егіншіліктің арасындағы технологиялық айырмашылыққа мынадай анықтама береді. Біріншісінде еңбек күші малға негізделсе, екіншісінде жерге. Жайылымдар су көздерімен, қар жамылғысымен бірге өндірістің табиғи шарты ретінде көрінді деп айқындайды [11,11-б.].

Құдықтар көшпелілер үшін үлкен көшу аймағындағы белгілі зонада және жыл мезгілінің белгілі уақытында  кейде аса  маңызды, кейде маңызды да бола қоймады. Құдықтар көшпелі шаруашылықты жүргізудегі еңбек құралының бір элементі болғанымен, бірақ еңбектің негізгі құралы емес деп көрсетеді.

Жасанды су көздеріне қатысты меншік құқын талдағанда мынадай қорытындыларға келеді: «Қазақстанның көшпелі шаруашылығында далалы аймақтарда құдықтардың жеке меншікте болуы және жеке меншік обьектісі ретінде қызмет жасап, адамды адамның қанауының құралы болмақ емес [11,58-б.]. Автор құдық көзі қанау құралы болды ма, немесе болған жоқ па деген  сауалнама қою арқылы, мәселені таптық идеология тұрғысынан шешуге әрекеттенеді.

Сонымен бірге автор Маңғыстау уезіндегі, біздер жоғарыда тоқталып өткен құдықтардың үш категориясына қатысты мынадай қорытындыларға келеді; Көшпелілердің жартылай көшпелі шаруашылыққа өтуіне байланысты егін екпей, пішен шаппай тұрған кезінде-ақ, көшпелілік сипаты дәстүрінің өзгерістерімен бірге, Маңғыстау уезіндегі көшпелілердің арасында құдықтарға деген жеке меншік шыға бастады». Маңғыстау уезіндегі қазақтардағы құдықтарды пайдаланудағы дәстүрлі заңдылықтарды да талдай отырып, оған мынадай қорытынды жасайды. «Жеке меншіктегі құдықтардың өзі бөгделерден қорғалған жоқ. Құдықтағы су көзі жеткілікті болса, құдық иелерінен бөлек бөгделер де тегін малын суара алатын. Бұдан қорытынды, Маңғыстау қазақтары мен түрікмендерде патриархальдық элементтерге негізделген құдықтарға деген жеке меншік құқы ХІХ ғасырдың соңында ғана пайда болды» [11,60-б.]. Жоғарыда көрсетілген С.Толыбековтың тұжырымдарына сүйенсек, Маңғыстаудағы құдықтарға жеке меншіктің пайда болуы, ХІХ ғасырдың соңындағы көшпелі мал шаруашылығының өзгеріске түсуімен бірге қалыптаса бастаған үдеріс болып шығады. Автордың құдыққа жеке меншік ХІХ ғасырдың соңында  пайда болды деген қағидасымен келіспейміз. Өйткені ХІХ ғ. бас, орта  кезіңіне қатысты деректерде құдыққа жеке меншік болғандығы көрсетіледі және 98% көшпелі дәстүрлі мал шаруашылығы сақталынған жерде көшпелі дәстүр сипатының өзгеріске түсуі  болар-болмас қана болды.

Автор Н.Г. Апполованың малы көп байлар, жеткілікті түйе,  малшылары және терең құдық көздерінің болуына байланысты алыс қашықтыққа көшеді деген пікірін сынай отырып, өзінің мынадай қорытындыларын келтіреді. Біріншіден, түйелер мен құдықтар олармен бірге ұзақ көште бірге көшіп жүргендей түсінік қалыптасады; екіншіден, терең құдықтар ұзақ көшке кепілдік емес; үшіншіден, терең құдықтар көшпелілердің өмірін жеңілдете қойған жоқ және баюға да мүмкіндік бермеді. Көшпелілер терең құдық қазуға құлықты болмады [11,62-б.] Әрине автор қайтадан құдық көздеріне таптық көзқарас тұрғысына баға береді. Өйткені, біріншіден, қазақтар құдықты ешқашан да ұзақ көштің және баюдың кепілдігі ретінде қараған жоқ. Дәстүрлі көшпелі мал шаруашылығын жүргізудегі тіршіліктің мәні, субстанция деп қарады. Екіншіден, табиғи жағдайға, климатқа бейімделудегі негізгі қорғаныс обьектісі ретінде қарады. 

Көшпелі мал шаруашылығының балансында қазақтар үшін құдық сумен қанағаттандыруда 20-25%  құрады деген анықтама береді [11,58-б.]. Бірақ бұл пайыздық көрсеткішті Қазақстанның барлық аймағына ортақ коэффициент ретінде қабылдауға болмайды, өйткені кейбір аймақтарда қар, жаңбыр аз жауады, өзен, көлі көп емес, тіршілігі жасанды суларға тәуелді жерлерге қисынсыз. 

Құдықтан бөлек табиғи су көздерін пайдалануына байланысты мынадай қорытындылар жасайды: «Көш кезінде қазақтар  жергілікті жердің жағдайына қарай өзен, көл, жылға, көктем суы жиналған сайлардан және қазылған құдықтардан малдарын суғарады. Қыс мезгілінде қар жамылғысы болғанда көшпелілер тіпті малын суғарған да жоқ» [11,58-б.].

С.Т. Толыбековтан кейін көшпелі қазақтардың су ресурстарын пайдалануға қатысты мәселенің теориялық тұстары Н. Масановтың еңбегінде талданды.

Ол номадизмнің өмір сүруінің негізгі кепілі су көздері-деген анықтама бере отырып, қазақтардың көшпелі өркениетіндегі судың қандай маңызды роль атқарғанына жан-жақты талдау жасайды. «Су номадты шаруашылықтың материалдық субстанциясы болғандықтан, біздер көшпелі мал шаруашылығының типологиялық сипаттамасының негізіне жалпы универсалды белгі шарт ретінде сумен қанағаттандыру және суды пайдалану жүйесін қоямыз [12,79-б.] деп жазады. Номадтар барлық су көздерін пайдалануға әрекеттенеді, бірақ суды пайдаланудың маусымдық ерекшеліктері болды деген қорытыныдыға келеді 12,79-б.]. Мақаланы жазу барысындағы ізденісімізде жоғарыда айтылған пікірлердің шындығы айқындалды. Өйткені қыстау, көктеу, жайлау, күздеудегі суды пайдаланудың өзіндік ерекшелігі болғандығына, әрбір аймақтың табиғи климаттық ерекшеліктеріне байланысты да айырмашылықтары болғандығына және мұны бір мақала көлемінде көрсетудің мүмкін еместігіне, көп ізденістің қажеттілігіне  көз жеткіздік. 

Автор суды пайдаланудың екі көзін табиғи және жасанды деп бөліп, біріншісіне өзен, көл, бұлақ, батпақ, қарасу деп, екіншіне жер асты сулары мен грунттық суларды құдық арқылы пайдалану болды деп көрсетеді [ 12, 80-б.].

Табиғи су көздерін пайдаланудағы дәстүрлі ерекшеліктерді былай тұжырымдайды: Өзен, көл, қарасу, батпақ, бұлақтарды бірінші қоныстанған қауым пайдаланды, қалған қауым мүшелері басқа су көздерін іздеуге мәжбүр болды. Көшпелі ортадағы өндірістік қатынас құрылымындағы әдеттік құқық жүйесінде  мал, жер, суға  меншіктің түрлі формалары болды [12,167-б.].

Н. Масанов қауымды екі типке, минимальді және үлкейтілген деп бөле отырып екеуінің суды пайдалану құқының ерекшелігіне мынадай анықтама береді; «Үлкейтілген қауымның минимальді қауымнан ерекшелігі, жайылымға меншіктену функциясымен бірге су көзіне де иелік етті. Қауым қауымдық экономикалық институт қана емес, суды бөлуді, оны реттеуші және көшпелі мал шаруашылығының өндіріс үдерісін қанағаттандырушы болды деп көрсетеді [12,143-б.].

Көшпелі қауымдағы меншік мәселелері деген тұжырымдаманы беруде Медисондағы Висконсин университетінің профессоры А.М. Хазанов кейбір көшпелі қауымдарда құдық және басқа да су көздеріне меншік құқы болды деген қағиданы бере отырып, жеке меншік және корпоративтік меншік деп бөледі. Корпоративтік меншік формаларының түрлі болуының факторларына; біріншіден, қоршаған ортамен байланыс; екіншіден, шаруашылық фактор; үшіншіден, тікелей және жанама көшпелі қауымның саны мен оның әлеуметтік құрлыммен байланысы деп көрсетеді [13, 226-б.]. Жалпы Н. Масанов пен А.М. Хазанов пікірлеріндегі суды пайдалану жүйесіндегі пікір ортақтары бар.

Сонымен көшпелі қазақ қоғамының табиғи және жасанды суға меншік құқының әрбір аймақта өзіндік ерекшеліктері болғанын және бұл жүйенін қалыптасуында табиғи климаттық фактор мен маусымдық фактор да ерекше маңызды болғандығын көреміз.

САЙФУЛМАЛИКОВА С.С.,

Абай атындағы ҚазҰПУ, т. ғ. д.


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз