Басты бет Е-ресурстар Е-Кітапхана Ғылыми мақалалар мен жарияланымдар Қазақстандағы ХХ ғасыр басындағы ашаршылықтар жайлы

Қазақстандағы ХХ ғасыр басындағы ашаршылықтар жайлы

09 Тамыз 2013
276
0

Татулық пен еске алу жылы деп аталынған 1997 жылы 31 мамырды «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» деп белгілеу туралы шешім қабылданды. Содан бері, жыл сайын «үлкен террор»  немесе  саяси қуғын-сүргін кезінде жазықсыз атылған азаматтардың аруағына тағзым ету мен ұлттық қайғымызды азалау күнінде ашаршылық нәубетінің құрбандары бірге еске алынып келеді. Соған байланысты мына мәселеге назар аударып кетейік.

Біріншіден, бір атаумен екі нәубеттің құрбандарын еске алу, аза тұту қазақтың басынан өткен қасіретті бағалау үшін жеткіліксіз. Кеңес үкіметінің орнығу кезіндегі саяси науқандар, ұжымдастыру мен тәркілеу халықты ашаршылыққа душар еткізгені белгілі. Ал, саяси қуғын-сүргін елдің ойлы, пікірлі, бетке ұстар бөлігін қырды. Екеуі де қазақтың басына түскен нәубет. Бірақ, қуғын-сүргінге ұшырағандар мен аштықтан өліп, өлгенінен қалғаны сыртқа босқан, өз елі мен өзге елде тепкі көргендер қатар жүрген екі түрлі нәубеттің құрбандары. Солардың ішінде ашаршылық жылдары сыртқа босып, кейіннен елге қайта оралған соң жазаға ұшырағандар бар. Оларды қуғын-сүргін құрбандарының қатарына қосылады деуге болады. Ал, ашаршылық жылдары шекара өңірінен көшкен қазақтардың бір бөлігі Қытай мен Ресейдің мемлекеттік шекарасын, шекара маңын мекендеген қазақтардың қай мемлекетке қатысты болатындығын белгілеген 1864 ж. келісімнің негізінде Қытай аумағында қалған туыстарын жағалап, малын, аулын сақтап қалу үшін рулас-аталас туыстарына тұтас ауылымен, мал-жанымен көшіп барды. Олар аштық пен ұжымдастыру науқанында аман-есен шетел асып кеткен көші-қоншылар, қазiр онда ұрпақтары өсiп-өнiп отыр. Олар қуғын-сүргін құрбандары емес, олар - ашаршылықтың құрбандары. Сондықтан, қазақтың қасіреті мол ащы жылдарында орын алған екі нәубеттің екеуінің құрбандарын нақтылап, әрқайсысын жеке еске алу әділдік болады деп есептейміз. Себебі, қуғын-сүргiн, күштеп ұжымдастыру мен ашаршылық қазақ халқын рухани жағынан азғындатып, материалдық жағынан көп шығынға ұшыратты, қазақ ұлтының басына қауіп төндірді.

Бұл тарихы жазылып бітпеген қасіретті шындықтың анықтайтын мәселелерінің көптігін көрсетеді. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2012 жылы 1929-1933 жылдардағы «Ашаршылық қасіретіне» 80 жыл толуына орай арнайы зерттеу жүргізу туралы ғалымдарға тапсырма берді. Бұл қажетті де орынды тапсырма болып табылады. Қазақтың қаралы тарихы беттерін қайта қарап, болашақ үшін таразылап, ғылыми зерттеулер мен зерделеулер жүргізу қажет. Қазақ «ештен кеш жақсы» демей ма!

Екіншіден, ХХ ғ. басындағы қазақтардың демографиялық құлдырауына себеп болған ашаршылықтар туралы айтқанда, Түркістан Республикасында 1917-1918 жж. болған ашаршылықты ұмытпауымыз керек. Қазақтар 1916 ж. Ұлт-азаттық көтеріліс, көтерілісті жазалау, Қытайға қашу, одан кейін аман қалғандардың бір бөлігінің амнистияланып, қайта оралуы, келгенінде өз жерінен айрылып, қайта орнығуы және т.б. қиын болып, қағажу көрді. 1917 ж. екі төңкеріс пен кеңес билігінің жеңуі мен орнығуы кезінде ашаршылыққа ұрынды. Әсіресе, елдің оңтүстігін аштық жайлады. Осы кездегі халық санының өзгерістерін көрсету үшін мына мәліметтерді салыстырайық:

1897-1920 жж. санақтар аралығында Түркістан Республикасының халқы 13,3%-ға кеміді. Ерекше қатары ойсыраған қазақтар болды: 34,1%-ы қырылды. Мұны сол жылдардағы статистикалық мәліметтер былай деп дәлелдейді: Алматы уезінің халқы 1897-1920 жж. 5,4%-ға өскенде, уездегі қазақтар 1917-1920 жж. 32216 адамға (20,1%-ға) кеміді. Сол жылдары қазақтар Лепсі уезінде 42,1%-нан, Талдықорған уезінде 26,2%-нан, Әулиеата уезінде 43,8%- нан, Шымкент уезінде 55,0%-нан, Қазалы уезі 40,1%- нан және т.б. айрылды [1, 11-б.].  Осы жылдары, ерекше қалаларда, қоныс аударушы орыс, украин, татарлардың саны мен үлесі өсті. Өзбектер, қырғыздар, ұйғырлардың саны мен үлесі кеміп, дүнгендер шығынға онша ұшырай қойған жоқ, саны да үлесі де бір мөлшерде өзгеріссіз қалды [2]. Сонда 1917-1918 жж. ашаршылық жылдарында Түркістан Республикасындағы қазақ үштен бірінен айрылды. Осы жылдардағы аштықтан еңсесін көтермеген халық 1921 ж. ашаршылық қамытын қайта киді.

Үшіншіден, ХХ ғасырдағы ірі ашаршылықтардың мерзімі ретінде 1921-1922 жж., 1929-1933 жж. көрсетіледі. Оған қосарымыз – сол ашаршылықтар болған жылдардың аралығында тұтастай губернияларды аштық жайлағаны туралы мұрағат құжаттары кездеседі. Ашаршылық 1922 жылдан соң саябырсығанымен тоқтаған жоқ. Ол Қазақстанның әр түрлі аймақтарында орын алып, арасы бір сәтке үзілмей, ұжымдастыру науқаны кезінде халықты 1929-1933 жж. ірі демографиялық апатқа әкелді.

Төртіншіден, демографиялық апатқа ұшыратқан ашаршылықтың мерзімі тарихи әдебиетте 1929-1933 жж. деп белгіленеді. Кейбір аймақтарда бұл апат ерте басталды. Мысалы, Маңғыстау жерінде 1927/1928 жж. «Аққоян» жұтынан кейін халық аштыққа ұшырап, жан-жаққа босып, мал қырылды, адамдар жаппай өлді. 1929-1933 жылдары қазақтың саны мен сапасын күрт кеміткен ашаршылық нәубеті бүкіл Қазақстанды жайлады. Сондықтан, ресейлік әріптестердің 1932-1933 жж. деп алып жүрген мерзімі Қазақстанда орын алған ашаршылыққа тар келетініне де көңіл қойған дұрыс.

Сонымен, 1929-1933 жылдары халық аштықтан қынадай қырылып, ажалдан қашқандары шет елдерге ауа көшті. Халық саны күрт кеміді. Патшалы Ресей кезінен қалыптасқан статистикалық есеп алу ісіндегі ықтияттылық бұл кездері әлі де сақталған еді. Жергілікті жерлерде халық пен мал басының шығыны есепке алынып отырды. Сондай есепке жүгінсек, 1930-1933 ж. Оңтүстік Қазақстан облысы Тереңөзек ауданындағы көшпелі 14-ауылда шаруашылық саны 9961-ден 1865-ке,  адам саны  46,4 мыңнан  6,8 мыңға кеміген. Үш жылда 7,8 мың шаруашылық жойылып, 2,2 мыңы ауданнан сыртқа көшті. Аудан адамдары 85%-ға күрт кеміді [3, Б. 241, 242]. Сондай-ақ, көрші елдерге босыған халық туралы тағы да сөз қоссақ, Мемлекеттік саяси басқарма өкілдерінің 1933 ж. есебі бойынша Қарақалпақ жеріне 47578 қазақ босқындары енген. Олардың 2357-сі панасыз балалар. Қиыншылыққа тап болған мұндағы 48 мың қазақ босқындарынан 1934 ж. 1 наурызында 22 мың ғана адам қалады. 25 мыңы жұқпалы ауру, дерттен қаза болады. Бір ғана Ходжелі ауданында бір айда 200 адамның көшеде өлгендігі жайлы дерек бар [4]. Бұндай деректерді елдің барлық аймақтарынан келтіруге болады. Ал, шет елдерге кеткендер, әсіресе, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарынан көп болғаны белгілі [5]. Қазақ АКСР ХК мәліметі бойынша, 1933 ж. ақпанына дейін 71 ауданның (50 көшпелі мен жартылай көшпелі және 21 отырықшы) халқы сыртқа ауа көшті. 1930 ж. басы мен 1931 ж. ортасына дейін Қазақстаннан 281230 шаруа шаруашылықтары сыртқа, негізгі бөлігі Қытайға, Иранға және Ауғаныстанға көшті.

Өз уақытында жүргенде халық санақтары шындықты ашар еді. 1932 жылдан бастап үш рет жүргізілмекші болып, кейінге ығыстырыла берген, 1937 ж. бір күндік болып өткен халық санағы бұл сұмдықты жасыра алмады.  Сол себепті «қуғын-сүргінге» ұшыраған 1937 ж. санақ, әсіресе, ауыл халқының кемуін паш етті. Мәліметтері жойылып жіберілген осы санақтың алғашқы қорытындылары туралы құжат Қазақстан халқы 1926-1937 жж. екі санақ арасында 1144,7 мың адамға, соның ішінде ауыл халқы 1831,6 мың адамға кемігендігі көрсетті. Қала халқы керісінше, 686831 адамға өскен [6]. 1-кестеде Қазақстанның облыстарында халық санының екі санақ аралығында өскені не кеміген айырымы (сальдосы) жайлы мәлімет беріліп отыр:

1-кесте 1926-1937 жж. Қазақстан халқының өсім көрсеткішінің айырымы (–+) [6]

Облыстар

Барлығы

Ауыл

Қала

Қазақ КСР

-1144725

-1831556

686831

Ақтөбе

-76283

-108305

32022

 Алматы

-148081

-140418

-7663

Шығыс Қазақстан

-198349

-285919

87570

Гурьев

-31841

-82601

45760

Батыс Қазақстан

-101883

-111425

9542

Қарағанды

15339

-103280

118619

Қызылорда

-86903

-117555

30652

Қостанай

-172299

-181772

9473

Павлодар

-158551

-166034

7483

Солт. Қазақстан

300073

201357

98716

Оңт. Қазақстан

-171769

-255078

83409

Алматы қ.

175997

20817

145380

1-кестеден көретініміз, облыстар ішінде өндірісін дамытуға бағытталған Қарағанды мен Солтүстік Қазақстан облыстары ғана халық санының өсімінде оң айырым бар. Бұл өсімнің өндіріс орындарын игеруге келген көші-қоншылар есебінен екені анық. Басқа облыстардағы теріс айырым халық санындағы терең шыңырауға дәлел. 1926-1937 жж. санақтар арасында, ерекше, Шығыс Қазақстан (285919 адамға), Оңтүстік Қазақстан (255078 адамға), Алматы  (140418 адамға) облыстарының ауыл халқы күрт кеміген. 

1937 ж. ауыл халқы 1926 ж. мөлшерінің 69,1%-ына ғана жетті, ал қала халқы 246,9%-ға өсті. [7]. Ауылда ер адамдар үштен бірінен (915,5 мыңнан аса адамынан) айрылып, 1926 жылға мөлшерінің 68,0%-на төмендесе, әйелдер 802,9 мың адамға кеміп, 70,3%-ға түскен. Халық санының кемісін КСРО-ның өзге республикаларынан келген көші-қоншылар да толтыра алмады.

Қазақ халқын демографиялық апатқа жеткізген ашаршылық болып жатқан 1929 ж. наурыз айында КСРО Орталық атқару комитеті мен ХКК-нің қаулысы бойынша Қазақ АКСР Егіншілік халық комиссариатының құрамында Қоныс аудару басқармасы құрылады [8]. Басқарма Қазақстандағы одақтық маңызы бар жер қорын анықтау, реттеу және КСРО-ның өзге республикаларынан келген қоныстанушыларды орналастыру жұмысын жүргізді. Егер патша үкіметі құрған Қоныс аудару басқармасы 1916 ж. «Қазақстанда отарлау-қоныс аудару қоры 1913 ж. өзінде-ақ таусылды» деп мәлімдеген болса [9, 96-б], кеңес өкіметі 1929 ж. Қазақстан жерін қоныстануға ашық деп жариялап, жоспарлы қоныстандыруды жүзеге асыра бастайды [8, 131-б.]. КСРО-ның өзге аймақтарынан Қазақстанға қоныс аударғандарға ғана қаржылай көмек берілді. Жергілікті республикалық үкімет осы қаржыдан мәжбүрлі түрде отырықшыланып, аштыққа ұшырап жатқан қазақтарға да бергізбекші болады. Қазақ үкіметі отырықшыландырылудағы шаруашылықтардың Орталық Қазақстандағы бір бөлігін Қоныстандыру басқармасына бөлінетін одақтан қордың көмегімен көшіруді және оларды сырттан көшіп келушілермен бірдей жағдайда орналастыруды сұрайды. Себебі тұрғындардың бұл бөлігі құмдақты, суық жерлерден басқа жерге көшірілетіндіктен, республикалық бюджет есебінен жаппай отырықшыландыруға бөлінген қаржыдан қаржыландырылуға жатпайтын және олардың отырықшылануы кезіндегі көші-қоны үшін басқа қаржы көзі жоқ еді. Бірақ, жергілікті үкіметтің бұл әрекетінен түк шықпайды. Қаржыны жұмсауда тікелей одақтық орталыққа қарайтын Қоныстандыру Басқармасы бұл ұсынысты орындамайды. РКФСР Егіншілік шаруашылығы халық комиссариатының Бүкілодақтық Қоныстандыру комитетінен алынатын несиелер Қазақ АКСР Қоныстандыру басқармасының құзырына тікелей беріледі деген 6 пункт қазақ үкіметінің көшпелі аудандардағы халыққа көмек бермекші болған әрекеттеріне тосқауыл болды. Себебі қоныстандыру ісін басқарушы Қазақ АКСР Қоныстандыру басқармасы бөлінген қаржыны қазақ үкіметімен келіспей тікелей жұмсауға құзырлы еді [8, 136-б.].  Ашаршылыққа ұшыраған жергілікті ұлт өкілдеріне қоныстанушылар үшін бөлінген бұл қаржыдан ешнәрсе тимеді.

Қазақтар Қазақстанмен көршілес аумақтарға, көрші республикалар мен шетелдерге ауа көшіп, 2-3 жылда шетте жүрген қазақтар үлесі 16%-дан 41%-ға көтерілген кезде, керісінше, республикаға КСРО-ның европалық бөлігінен қоныстанушылап көшіп келіп жатты. Мысалы, 1934 ж. Ленинград, Мәскеу, Орал, Солтүстік Кавказ, БКСР, УКСР, Днепропетровск, Донецк, Армян КСР, Грузин КСР-нен, сондай-ақ, Қиыр Шығыстан, Батыс Сібірден, Якутиядан, Башқұрт АКСР-нен, Татар АКСР-нен, Өзбекстаннан Ақмола қаласына 530 адам, Петропавл өлкесіне 986 адам, Атырауға 770 адам, Алматыға 2681 адам, Семейге 1828 адам, Орал, Петропавл, Гурьевке және т.б. 1652 адам, барлығы 10758 адам келіп, 6075-сі кері қайтты, 4683 адам тұрақтап қалды [10].

Жалпы алғанда, 1928-1930-жж. Қазақстанға 65 мың отбасы (260 мың адам), 1931-1937 жж. 642 мың адам көшіп келді. Олардың 35%-ы (224,7 мың адам) кейін қайтты, қалғандары орнығып қалды. 1928-1937 жж. Қазақстанның қалаларын сырттан келген қоныстанушылардан 549 мың адам тұрақтап қалса, 1938-1939 жж. тағы да 402 мың адам тұрақты мекен етті [11, 23-25-пп.]. Соның нәтижесінде екі санақ арасында  қаладағы ерлер 389,6 мыңға (251,5%-ға), әйелдер 370,3 мыңға (242,4%-ға) өскен [12]. Міне, осылайша екі санақ арасында қала халқының саны өсті. Ашыққан қазақ та ауылдан қалаға қашты, бірақ, көбісі қалаға жетіп үлгермеді. Ал, жеткендері мардымсыз болды. Ашаршылық жылдары қазақтар қала халқының 8-9%-ын құрағанын, 1939 ж. 16,1%-ға ғана көтерілгенін ескерсек, онда қала халқының толығу көзі сырттан келген көші-қоншылар есебінен екен анық.

1937 ж. санақ 1926 ж. салыстырғанда Қазақстан халқы 1 миллион 144,7 мың адамға кеміді [13] деп көрсетсе, 1939 ж. 77123 адамға өсті [14] деп берді. Бірақ, екі санақ та қазақтың кемуін жасыра алмады. Республикадағы қазақтар 1937 ж. 5 млн 73,3 мың адам болуы тиіс еді. 1937 ж. санақ қазақтарды 2 млн 181,5 мың деп есептеді [15, Б. 1, 96]. Екі санақ арасында қазақтар 1 млн 393,8 мыңға кеміген.

1926 ж. және 1939 ж. халық арасында қазақ 3575,3 мың адамнан 2327,6 мың адамға немесе 1 млн 247,7 мыңға (35,8%-ға) азайған [14, 131-б.].

1937 ж. санақта ІІХК-ның «Б» және «В»контингенті бөлек есептелінді. КСРО бойынша олардың саны 2389570 адам болды. Соның ішінде Қазақстанда 176430 адам есепте тұрды[15]. Бұл адамдар Қазақстан халқының есебіне кірді, олардан бөлек ІІХК контингентінен 400 мың адамды жасанды түрде Қазақстан халқына қосып есептеп, халықтың санын қолдан өсірді [16]. Бірақ бұл да қазақ санының кемігенін жаба алмады.

КСРО Мемлекеттік Жоспар Халық шаруашылығы Тұрғындар мен денсаулық сақтау бөлімі бастығының орынбасары Курманның Орталық есеп басқармасының бастығы И.А. Кравальға 1937 ж. 14 наурызда берген КСРО халқының табиғи өсімі жайлы есебінде 1926 ж. және 1937 ж. санақтары арасында өлім-жітімнің мөлшерін анықтау және халық санының жоспарлағандай өспегенінің себептерін анықтап, сыртқа кеткен көші-қоншылардың көп болғандығын дәлелдеу үшін дерек ретінде Қазақ ХШЕБ-ның 1927-1933 жж. 1 қаңтарлары арасындағы елдегі халық санын есептеген баяндама хатын келтіреді. Осы баяндама хат бойынша, КСРО-дан тыс шетелдерге Қазақстаннан кеткендер, қайта келгендерді қоспағанда, 1930-1932 жж. 1,3 млн адам болды деп берілген. Бұл құжат – материалдары қате деп табылып, ұйымдастырушылары да құжаттары да репрессияға ұшыраған 1937 ж. халық санағының жазаланбай тұрғанында жазылған құжат болып табылады.

1937 ж. қарай республикадағы қазақтардың саны 5073316 адам болуы тиіс еді. 1937 ж. санақта қазақтар 2181520 адам деп берілген [15, Б. 1, 96]. Екі көрсеткіштердің арасындағы айырмашылық – 2891796 адам. Одан ашаршылық жылдарында өлген 1750 мың адамды алып тастасақ, 1141,8 мыңдай адам босқынға айналған болып табылады. Оған 1930 жж. Қазақстанға келіп, орнықпай, шет елдерге кеткен 165 мың адам санын қоссақ, 1300 мың адамның да орны толады. Сол себепті, осы құжаттағы ашаршылық жылдары Қазақстаннан шетелдерге кеткендер саны 1,3 миллион болды [17, 92-93 п.] дегенді шындыққа жақын деуге болады.

Тарихшы Т. Омарбеков «Аштық апатын анықтай алдық па?» атты мақаласында күштеп ұжымдастырудан бұрын саны 4836 мың адамға жеткен Қазақстандағы қазақтардың алапат ашаршылықта 1933 ж. 1142 мыңдайы босқынға айналған деп жазады [18]. Т. Омарбековтың бұл мәліметті республикаға көрші өлкелерден қайтпай қалған, шетелге өтіп кеткен және 1935 ж. дейін республиканың өз ішінде орналасқан босқындарды жеке-жеке бөліп есептеу жолымен тексеріп шықсақ шындыққа жақындай түсеміз деген пікірімен де, есебімен де келісеміз.

Дегенмен, сол жылдардағы табиғи өсім, өлім-жітім мен келгендер мен кеткендер туралы ағымдық мағлұматтар толық емес. Сондықтан, осы демографиялық күйзелістер мен апаттар кезінде құрбан болған және шетелдерге ауа көшіп кеткен қазақтардың саны мен құрамы, кейінгі жағдайы, орналасқан жердегі хал-ахуалы және басқа мәселелер нақтылауды күтіп тұр.

Қазақстанмен көрші республикалардан қанша қазақ босқыны қайтпай қалды? 1926 ж. Бұкілодақтық санақ бойынша оларда 340289 қазақ өмір сүрсе, ал, 1937 ж. Бүкілодақтық санағының алғашқы мәліметі бойынша 680938 адамға шұғыл өскен. Бұл есептен демография ережесіне байланысты табиғи өсім пайызын (5,6 %) шығарып тастағанның өзінде де біздің көршілерімізден 300 мыңнан астам қазақ қайтпай қалған болып шығады. Қытайға және шетелдерге өтіп кеткендер шамамен 100 мыңдай қазақ [19]. Ал енді осы мәліметтердің бәрін жинақтап, күштеп коллективтендіру жылдарында қанша халықтың қырылып қалғанын есептеп шығарайық. Тірі қалған босқындарды анықтаймыз. Қазақстанға 1935-ж дейін қоныстанған 640 мың босқынға, көрші кеңестік республикаларға бытырап кеткен 300 мыңнан астам босқынды және оларға Қытайға, шетелдерге көшіп кеткен босқындарды қосқанда, өлімнен аман қалған босқындардың жалпы саны 1 миллионнан астам адам деуге болады. Яғни, жоғарыда көрсетілген 1 142 адам саны, 1300 мың адам шетке кетті деген [20] мәліметтен алыс емес.

Ауыл шаруашылығын ұжымдастырудан туындаған ашаршылықтың салдарынан әсіресе қазақ шаруаларының жаппай босқыншылыққа ұшырауы Қазақстан басшылығын босқындарды орналастыру мәселесімен жүйелі түрде айналысуға мәжбүр етті. Шетке кеткен қазақтарды қайтару шаралары 1932 ж бастап жүргізілді. Исаевтың арнайы комиссиясы 1932 ж. 25 сәуірде көшіп кеткендерді қайта қайтарып, орналастыру ісімен айналысты [21]. Ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға көмекке қаражат таппай жатқанда, Ф.И. Голощекин басқарған БКП(б) Қазақ өлкелік бюросы 1932 ж. сәуір-мамыр айларында Қазақстанға келген мамандарды қабылдау, оларға тұрғын үй салып беру мәселелерін қарастырып жатты [22].

1932 ж. 31 наурызда Өлкелік партия комитетінің бюросы өзінің №97 хаттамасымен «Қоныстарынан ауа көшкен кедейлер, орташалар қожалықтарын қайтаруды және Қазақстанның өз ішінде орналастыруды ұйымдастыру туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сол жылдың 27-сәуірінде Қазақ АКСР ХКК көшіп кеткен шаруашылықтарды қайта қайтару және оларды орналастыру жөніндегі жоспарын бекітті. Бекітілген жоспар бойынша шет аймақтарға арнаулы өкілдер жіберіп, босқын қазақтарды қайтару көзделді. Ол бойынша 35 мыңдай шаруашылықты елге қайтарып, Шығыс Қазақстан (11 мың), Қарағанды (6 мың), Батыс Қазақстан (6 мың), Оңтүстік Қазақстан (3 мың), Ақтөбе (7 мың) және Алматы (2 мың) облыстарына орналастыру жоспарланды. 1932 ж. 7 тамыздағы №58 қаулысында ауа көшкендер мәселесін отырықшыландыру ісімен қатар жүргізу керектігіне назар аударылды [23]. 1932 ж. бастап сыртқа кеткен қазақтардың қайтуы басталды. Осы жылы қайтарылған шаруашылықтар саны өз бетімен көшіп келгендерді қоса есептегенде 75670 шаруашылық болды. Олардың 44251-і арнайы әкелінсе, қалғаны өз күшімен арып-ашып жетті [24]. Босқындарға берілетін көмекті ұйымдастыру, оларды орналастыру ісі әр жерде әр түрлі жүрді. Оларға көмекті дұрыс ұйымдастырған облыстармен (Ақтөбе, Алматы) бірге, азық-түлікті бөлу және қажетті заттармен қамтамасыз етуде қиындықтар туғызған, тіпті көрсетуге тиісті көмекті талан-таражға түсірген уақиғалар кездескен облыстар да болды [25, 45-п.]. ХКК-нің 1932 ж. 27 сәуіріндегі қаулысында көрсетілген қайтып келген шаруашылықтарды тұрақты жұмыстарға орналастыру жартылай орындалды.

Қайта оралғандардың нақты санын көрсету де қиын. Бірақ, қайта оралушылар (возвращенцы) санының өсіп отырғаны белгілі. Алматы облыстық атқару комитеті төрағасының 1932 ж. 7 тамызда баяндау хатында Қытайдан  305 шаруашылықтың қайтқаны,  ал, 1933 ж. Қордай бақылау бөлімінің облыстық бақылау органына жіберген хатында елге 2647 шаруашылық - 7925 адам, соның ішінде қордайлық 1562 шаруашылықтың  (4906 адам), басқа аудандардан 1079  шаруашылықтың (3019 адам) қайта оралғандығы айтылады [26].

Батыс Қазақстан облысына 1932 ж. 20 тамызына дейін 9264 (32110 адам) 1933 ж. 34709, 1934 ж. бірінші жартысында 22249 (110 мың адам) шаруашылық қайта оралды [27, 226-б]. Әсіресе, астық пен мал өндіру жоспарларының төмендетілуі сыртқа кеткен шаруашылықтардың қайта оралуына түрткі болды. 1933-1934 жж. 22,7 мың қазақ Ақтөбе облысына қайта көшіп келді [27].

1935 ж. да көрші республикалардағы қазақ шаруашылықтарын қайта көшіріп әкелу шаралары жүргізілді. Мысалы, Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы Жандосовтың 1935 ж. 22 желтоқсанда Қазақ ОАК төрағасы Құлымбетовқа жазған баяндама хаты бойынша облысқа 279 шаруашылық ұйымдасқан түрде және 474 шаруашылық өз бетінше қайта оралған. Одан бөлек, Қырғыздың Ыстықкөл ауданынан 54, Батыс Сібір өлкесінен 70 және Барнаул қаласынан 30, Риддер Рубцовка құрылысынан 50 шаруашылық қайтарылды. Сонымен бірге, 325 шаруашылықтың қайтуға арызы бергендігі мен 1936 ж. Қытайдан 200 шаруашылықтың қайтатындығы айтылған [28, 7-п.].

1933 ж. 17 сәуірде Қазақ АКСР ХКК-нің №320/12 қаулысымен Қазақ АКСР ХКК жанынан ашаршылық кезінде республикадан кеткен көші-қоншылардың (откочевники) кері қайтуын реттеу және ұйымдастыру үшін арнайы комиссия құрылады [29]. 1935 ж. желтоқсан айында 1936 ж. сыртқа кеткен қазақ шаруашылықтарын қайта оралтуды жүзеге асыруға байланысты төмендегі шаралар көзделді: 1. Қоныстанушылар ауыл шаруашылық салықтары мен кез-келген алым түрінен босатылды. Облыстар мен өлкелерде қайта оралатын қазақтардың қоғамдастырылған мүлкін қайтарып беруге міндеттейтін шешімдер қабылдаттыру; 2. Қоныс аударушы шаруашылықтарды орнықтандыру мен малмен қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жүргізу;  3. Қазақстанға қайта оралатын шаруашылық санын шамамен анықтау; 4. Қазақстардың қайта оралуын ұйымдастыратын бригадаларды осы облыстар мен өлкелерге жіберу; 5. Материалдық ресурс мәселесін шешуге байланысты мемлекеттік және жергілікті бюджеттен қаржы бөлдіру; 6. Техникалық мәдени дақылдар егілетін аудан басшыларымен қайта оралушыларды отырықшыландыру мәселесін шешу; 7. Отырықшыландыру жоспарымен байланыстыру [28, 1-п.]. Қайта көшіп келгісі келген шаруашылықтардан арыздар түсіп жатты. Сонымен бірге, Қазақстанға қайтудан бас тартқан шарушылықтар да болды [28, 12-п.].

1935 ж. 14 желтоқсандағы ЖХКК-нің Отырықшыландыру және қоныс аудару бөлімінен Қаратаевтың қол қойған мәлімдемесінде Қазақстаннан сырт жерлерде жүрген және Қазақстанның аудандарына қоныстанғысы келетін 25085 қазақ шаруашылығы есептелінді. Оның ішінде, Қызылорда, Қазалы, Қармақшы, Аулиеата, Түркістан, Жаңақорған, Шымкент, Арыс және т.б. Қазақстанның оңтүстік бөлігінен кеткен 13992 шаруашылық Өзбек КСР-ның Қашқадария, Сурхандария, Наманган, Қоқан, Әндіжан округтарында, Түркменстанның Мукры, Сурча стансаларында және Қырғызстандағы Оштың оңтүстік бөлігі мен Үшқорған жағында; Алматы, Қарағанды, Қарқаралы мен Шығыс Қазақстанның 8050 шаруашылығының Қырғызстанның Қарабалта, Алатоо, Қайыңды стансаларында, Талас өзенінің солтүстік бөлігінде, Батыс Сібір өлкесі мен Тәжік КСР-ның Қорғантөбе, Жылыкөл, Ширабат, Сталинабат, тіпті Шығыс Қазақстаннан Қиыр Шығыста, Владивостокта; Батыс Қазақстаннан кеткен 3000 шаруашылықтың Орта Волга бойында және Шалқардан кеткен 43 шаруашылықтың Қарақалпақстанда жүргені тіркелді [28, 4-п.].

Көрші республикалардағы қазақтарды қайтару үшін жасақталған бригадаларды: Волга бойына – Ғылым комиссариатынан Мендешов, Досқалиев; Өзбекстан мен Тәжікстанға – Бас арбитраж Байдаулетов пен Сатыгулов; Қырғызстанға – Жер Халық комитетінен О. Карибаев пен Х. Қаратаев;  Сібірге – Юстиция Халкомынан К. Юсупбеков пен ХКК-нен П. Биттеев; Қарақалпақстан мен Түркменияға – Әлеуметтік қамсыздандыру Халкомынан Абдрахманов, Бақшашараптрестінен Жанұзақов, Алматы облыстық жер басқармасынан Адамов басқаратын болып шешілді [28, 3-п.].

Осы шаралар 1936 ж. 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырыла бастады. Қайта оралған шаруашылықтар ұжымшарлар мен кеңшарларға, өнеркәсіпке  орналастырылды. Сонымен бірге жаңадан келгендерден ТОЗ-дар құрылды. Орналастырылмай қалып, әуре-сарсаң болған шаруашылықтар да кездесті. Бірақ, қайта келгендер Қазақстанның демографиялық ахуалының түзелуіне әсер етті.

Сонымен, ашаршылық жылдары республикадан 1142 мың адам кетті, олардың 686 мыңы қайтпады, 456 мыңы кейінірек Қазақстанға қайта оралды [30, 14-б..]. Қайта оралған қазақтардан басқа ұйымдастырылған түрде еңбек ресурстарын өнеркәсіпке, көлікке, құрылыс пен халық шаруашылығының басқа салаларына тарту арқылы халық саны, соның ішінде қазақтардың қала халқының құрамындағы үлесі өсе бастады. Шетке кеткен қазақтардың қайта оралу үдерісі Ұлы Отан соғысының алдындағы жылдарға дейін жалғасып, біртіндеп тоқтады. Бұдан кейінгі қазақтардың Отанына қайта оралуы 1954-1962 жж. және Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан соң жүзеге асты.

ХХ ғ. І жартысындағы ашаршылықтар қазақ халқын өркениеттің даңғылымен емес, тар жол, тайғақ соқпағымен жүретіндей етіп есеңгіретті. Созбалақтап, тоқтамай, соңында демографиялық апатқа ұшыратқан катаклизмдер кезінде 5 миллиондайы опат болған қазақ әлем тарихына зардап шеккен ұлт болып жазылды.

Әдебиеттер

1 Классовый и профессиональный состав городского населения ТССР в 1923 г. Приложение к статистическому ежегоднику. – Ташкент: Издание Туркестанского экономического Совета, 1924. – С. ІІ. – 142 с.

2 Құдайбергенова А.И. Түркістан АКСР құрамында болған қазақ жерлері халқының құрамында болған өзгерістер / А.И. Құдайбергенова // Отан тарихы. – 2011. – № 2. – 112-122 бб.

3 Койгелдиев М.К. Сталинизм и репрессии в Казахстане 1920-1940 гг. / М.К Койгелдиев. – Алматы: Искандер, 2009. – 448 с. – ISBN 9965-784-38-8.

4 Жолдасов А.А. Демографические последствия коллективизации в Каракалпакии / А.А. Жолдасов // Вестник КарФАН УзССР. – 1991. – № 3. – С. 84-89.

5 Откочевка коренного населения за границу и его возвращение на родину // Неизвестные страницы истории Семипалатинского Прииртышья (20-30 гг. ХХ в.). – Семипалатинск, 2002. – С. 174-175.

6 Ресей мемлекеттік экономика мұрағаты (бұдан былай РМЭМ), 329-қор, 281-іс, 120,121,126,132-пп.

7 РМЭМ. 1562-қор, 329-тізбе, 151-іс, 175-п.

8 Құдайбергенова А.И. Қазақстандағы көші-қон үдерісінің басқарылуы (1917-1939 жж.) / А.И. Құдайбергенова // Отан тарихы. – 2011. – № 2. – 130-139 бб.

9 Нұрман Ш.Т. Қазақстанда кеңес үкіметінің қоныс аудару қорын құруы / Ш.Т. Нұрман // ҚазҰУ хабаршысы. Тарих сериясы. – Алматы, 2003. – № 4(31). – Б. 94-97.

10 ҚР ОММ. 698-қ., 14-т., 193-іс, 4, 5, 6, 9, 33, 52-пп.

11 РМЭМ. 1562-қ., 336-т., 1287-іс, 4-п.

12 РМЭМ.1562-қор, 329-тізбе, 151-іс, 175-п.

13 РМЭМ. 329-қор, 281-іс, 120-п.

14 Население Казахстана по Всесоюзной переписи населения 1939 года. В 5-ти томах. Т. 1. / отв. ред. М.Х. Асылбеков.  – Алматы: Арыс, 2009. – 400 с. (С. 56). – ISBN 9965-17-640-Х.

15 Всесоюзная перепись населения 1937 года: общие итоги: сб. документов и материалов / отв. ред. Ю.А. Поляков. – М.: Российская политическая энциклопедия (РОССПЭН), 2007. – 320 с. – ISBN 5-8243-0337-1.

16  ҚР ОММ. 40-қ., 1-т.,  640-іс, 1-18-пп.

17 РМЭМ. 1562-қ., 329-т., 107-іс, 92-93-пп.

18 Омарбеков Т. Аштық апатын анықтай алдық па? / Т. Омарбеков // Ақиқат. – 1994. –  №5. – Б. 45-50.

19 Ғабжалилов Х. Аштық ақиқаты: тарихи шындық бұрмаланбауы керек / Х. Ғабжалилов  // Алаш.– 2006. № 1(4). – Б. 82-91.

20 Поляков Ю.А., Жиромская В.Б., Кисилев И.Н. Полвека молчания / Ю.А. Поляков, В.Б. Жиромская, И.Н. Кисилев // Социологическая исследования. – 1990. - №6. – С.6.

21 Омарбеков Т. 20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті / Т. Омарбеков. – Алматы: Санат, 1994. – 310 б. – ISBN 5-7090-0251-8.

22  ҚР ПМ. 141-қ., 1-т., 5149-іс, 82, 103-пп.

23 ҚР ОММ. 1179-қ., 1-т., 58-іс, 27-п.

24 ҚР ОММ. 1179-қ., 1-т., 23-іс, 11-п.

25 ҚР ОММ. 1179-қ., 1-т., 12-іс, 13-п.

26 Гольцев В.А., Абиров Х.И. Откочевники / В.А. Гольцев, Х.И. Абиров // Шекарашы. - 2003. - №6. – С. 67.

27 Сдыков М.Н. История населения Западного Казахстана: ХVІІІ-нач. ХХІвв. / М. Н. Сдыков. – Алматы: Западно-Казахстанский центр истории и археологии, 2004. – 408 с.– ISBN 9965-408-52-1.

28 ҚР ОММ. 5-қ., 16-т., 365-іс.

29 ҚР ОММ. 1179-қ. қ., 5- т., 3-іс, 76-п.

30 Насильственная коллективизация и голод в Казахстане в 1931–1933 гг.: сборник документов и материалов / М-во науки – АН РК, Ин-т истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова; Архив Президента РК; ЦГА РК. – Алматы: Фонд ХХI век, 1998. – 263 с.

Аннотация

Мақалада Қазақстандағы ХХ ғасырдың басындағы ашаршылықтардың халықтың құрамына тигізген әсері сөз болады. Автор 1917-1918, 1921-1922 және 1929-1933 жж. ашаршылықтар аралығында республика халқының ашығуының тоқтамағанына назар аударады.

1926-1937 жж. санақтары арасындағы  Қазақстан халқының санындағы өзгерістер алғаш рет облыстар бойынша көрсетіледі.

Түйін сөздер: қуғын-сүргін, демография, ашаршылық, босқын, көші-қон.

Резюме

В статье рассматривается демографические последствия голода в Казахстане начала ХХ века. Автор отмечает, что в промежутках между голодом 1917-1918, 1921-1922 и 1929-1933 гг.в Казахстане голодали целые губернии. Голод не утихал. А также в статье впервые в областном разрезе анализируется изменения численности населения республики по данным переписей 1926 и 1937 гг.

Summary

In this article the author is considering the demographic consequences of famine in Kazakhstan in the beginning of ХХ century. The author is nothing that in the periods of 1917-1918, 1921-1922, and 1929-1933 the famine in Kazakhstan was not descending.

In this article the author is analyzing numeral changes of the republic`s population in regional profile for the first time.

А.И. ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология

институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., доцент


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз