Басты бет Пәнаралық зерттеулер Этнография Ашамай

Ашамай

09 Тамыз 2013
123
0

Көшпенділердің діни-мифологиялық дүниетанымында Жылқы малының алатын орны ерекше, және де осы тақырып көптеген ғалымдар зерттеуінің заты болып келеді.

Көшпенділердің тұрмыс-тіршілігінде төрт түлік малдың ішінде Жылқы малы әрқашанда қалғандарынан жоғары бағаланған және де ерекше, басты орын алған. «Арыстан – аңдардың патшасы, жылқы – үй малының патшасы», «Ер қанаты – ат», «Қырсық жігітті жолы болғыш ат құтқарады», - деп халық мақал-мәтелдерінде жазылған.

«Өмірдің әр түрлі нәрселері бар, алайда сенімді атың болмаса, өліммен бірдей» - деп айтылған халық өлеңінде.

Қазақтар жылқы малын бағалап, күткен, оларды «дана жануар», «тілсіз адам», «адам тәріздес аң» деп сүйіспеншілікпен атаған. Дала көшпенділерінің жылқыға деген махаббаты соншалықты, тіпті өздерінің балаларын жылқы малының атауларымен атаған: «құлыным менің», «құлыншағым менің», ал адал да әділ адамды «арғымақ» деп атаған. Бұл ретте жылқының өзін де адам аттарымен атап, адамның жылы лақабы бойынша атаған «қарағым» - көзімнің қарасы», «шырағым» - жарқын шырағым және т.б.

Жылқы малына деген осындай қатынас, жылқыны дәріптеу, құрметтеу осы асыл жануардың қазақтардың көшпелі өмір салты мен тұрмысында алатын ерекше орнымен байланысты.

Жылқымен байланысты әдет-ғұрып пен ырымдар тобы бар, олар адам өмірінің кезеңдерімен тығыз үйлеседі: (туу, балалық, ересектік, жастық, есею, үйлену, өлім мен жерлеу).

Ер бала үш жасқа толғанда, атты ерттеп, баланы салт жүріске үйретеді. Ашамай – баланы салт жүріске үйрету үшін арнайы жасалған ер-тоқымның түрі. Ашамайда жай ер-тоқымдағыдай екі жағы (алдыңғы және артқы), екі бүйірі, оқпан бар. Үзеңгінің орнына тепкішекті пайдаланады. Тепкішек – бұл киізден тігілген шағын ғана қоржын. Тепкішек әдемі болуы үшін оның екі жағын матамен қаптап тігеді. Ашамайдың тағы бір құрамдас бөлігі – қолтырмаш. Қолтырмаш – бұл ашамайдың алдыңғы және артқы жағын байланыстыратын жіңішке, тіреуіш таяқ.

Бала атқа отырған күні ауылдың барша халқы жиналады. Аттың жалы мен құйрығына, басынан аяғына дейін жаңа киім киген ер баланының бас киіміне үкінің қауырсынын тіккен. Қазақтар үкіні бағалап: «Үкі – жын-шайтаннан сақтайтын құс», - деп айтқан.  

Бала ерттейтін атты қолға үйретуге көп көңіл бөлінген. Ол жуас және әдемі ат болуы тиіс. Ат баламен жасты болуын есте сақтаған, үш жастағы немесе төрт жастағы ат. Баланы ер-тоқымға отырғызу құрметі ең үздік шабандоздың еншісіне түскен. Баланы атқа отырғызады, оның аяғын тепкішекке салады, белін жұқа көрпешемен буады да, содан соң денесі ауырмас үшін қолтырмашқа тартып таңады. Осы тұста тойға жиналғандардың ішінен адам шығады да:

Мықтап тарт ашамайдың қолтырмайын,

Жас бала жол үстінде болдырмасын,

- деген өлең түрінде ескертпе бата айтылады. Ат үстіндегі бала алақанын жайып, ауылдың ақсақалдарынан бата сұрайды. Ондайда ауыл ақсақалдары төмендегідей бата береді:

Асқар-асқар таудан өт,

Ағыны қатты судан өт.

Ит тұмсығы батпайтын,

Іргесі биік нудан өт.

Айдын-шалқар көлден өтіп,

Жеті қылым елден өт.

Құс қанатын талдырған,

Қу мекиен шөлден өт!

Жолсыз жерде жол баста,

Жаугерлік болса қол баста.

Сәйгүлігің сай болсын,

Тілегім осы әу баста Әмин, аллаху әкпар!

Бата берілген соң, баланың сол қолына аттың тізгінін, оң қолына қамшы ұстатады. Шашу (әдетте тәтті тағамдар және т.б.) шашылып, тілектер айтылады. Баланы атқа мінгізген жігіт атты ерттеп, ауылды аралатады. Есігінің алдына  бала келсе, үйдің бәрі шашу шашып, баланың киіміне үкі, шашақ, теңге, моншақ қадайды. Бала шаршады-ау деген кезде үсті-басы әлем-жәлемге, әшекейге толып ауылға қайтып оралады. Сол күні мал сойылып, ат шаптырылып, той жасалады. Ашамайға баланы мінгізіп, аттың басын жетектеген жігітке, бата берген ақсақалға әке-шешесі сыйлық береді. Осы қуанышты оқиғаға арналған той адам баласының өмірінде ең құрметті мереке болып саналады. Байлар ашамайға мінген балаларын көштің алдынан салтанатпен жүргізген.

Ашамайға мінгізіп,

Көш алдына жүргізіп,

Әжептәуір құрбының,

Алдына алып, сүйгізіп,

Алашқа атын білгізіп,

Ұл қызығын көрмедім.

"Ер-Сайын" жырында осылай делінген.

Осы оқиға (ашамайға мінгізу)– бала өміріндегі алғаш маңызды қадам. Көшпенділер осыған ерекше көңіл бөлген. К. Л. Задыхинаның айтуынша, балаға ат атау және оны ашамайға мінгізу – бастамалаудың көшпелі нысаны. 


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз