Басты бет Е-ресурстар Е-Кітапхана Ғылыми мақалалар мен жарияланымдар Жошы ханның өлімі және оның тарихтан алатын орны

Жошы ханның өлімі және оның тарихтан алатын орны

09 Тамыз 2013
590
0

Жошы ханның өлімі төңірегінде алып қашпа әңгіме көп. Олай болуы Жошы өлімінің кездейсоқтығында ма деп ойлаймын. Оқиға былай болған. Шыңғысхан 1225 жылдың күзінде Хорезм жорығынан атамекеніне қайтып оралып, Туланың қара орманында хан ордасын тігеді [1]. Келе сала алда тұрған Тангут (Си Ся) жорығына қамдана бастайды. Жорыққа байланысты ол өз ұлдары және қолбасшы, кеңесшілерін қара шаңырақта бас қосуға шақырады. Жошы «Денсаулығының ақаулығына» байланысты бұл жолы да келе алмады. Бірақ Хорезмнен келген Шағатай «Жошы қыпшақтарды жақын тартып алғаны соншалық ол ата жұртынан іргесін алысқа салып қана қоймай тіптен қара шаңыраққа қарсы бағытталған әрекет жасауы ықтимал» [1], - деген хабар жеткізеді. Оның үстіне дәл осы кезде Маңғыттық біреудің: «Жошы хан есен-аман Қыпшақ даласында бөкен аулап жүр [2], - делінетін хабары Шыңғысханды шынымен қаһарына міңгізеді. «Жошы бізге жау болды, ол жынданған екен» [2], - деп қаһарланған Шыңғысхан Өгөдэй, Шағатай қолын Жошыға қарсы аттандырып, өзі ұлдарының соңынан атқа қонбақшы болып жинала бастайды. Дәл осы сәтте «Жошы дүниеден өтті» деген оқыс хабар келіп жетеді. Шыңғысхан басында бұл хабарлардың қайсысына сенерін білмей дал болды. Ақыры Жошы туралы жағымсыз хабар шындыққа айналғанда, Қаған жалған хабар таратқан маңғытты ұстап басын алуды бұйырады, бірақ ол із түзсыз жоғалып кетеді.

Мұндай суық хабарды Шыңғысханға жеткізу де оңайға түспесе керек. Түрік шежіресінде (Родословия Тюрков) айтылуы бойынша қайғылы оқиғаны Қағанға естіртуге ешкімнің батылы бармай қағанның әмірлері бұл міндетті ұлы жыршыға жүктейді. Шыңғысхан жыр жырла деп әмір берген сәтін пайдаланған ұлы жыршы:

- Тенгиз баштын булғанды, ким тондурур, а ханым?

Терек тубтын жығылды, ким тургузур, а ханым?,- дегенде,Шыңғысхан оған жауап ретінде:

- Тенгиз баштын булғанса, тондурур (тундырар) олум Жучи дүр,

Терек тубтын жығылса, тургузур олум Жучи дүр.

Жыршы жоғарыдағы сөзін қайта қайталағанда көзі жасқа толы екенін аңғарған Шыңғысхан:

- Кöзунг йашын чöкӱртӱр конглӱнг толды болғаймы?

Жиринг кöнгуль öкӱртӱр Жучи öльди болғаймы?, -

деп, бұдан былай Жошының өлімі жайлы ауыз ашқан жанның көмекейіне құм құйылсын деген билік айтады. Сонда ұлы жыршы:

- Сöйлемеске эрким йок сен сöйлединг, а ханым!

Ӧз йарлығынг öзге жаб айу öйлединг, а ханым! - деп жауап қайырады.

Сонда қасіретті мойындамасқа шарасы қалмаған ұлы қаған: - Кулун алған куландай кулунумдин айрылдым

Айрылышкан анкаудай эр олумдин айрылдым, - делінетін түрік жырынан үзінді айтқан сәтті пайдаланып, әмірлері түгелімен орындарынан тұрып ұлы қағанға көңіл айтқан екен деседі [2]. Мұнда, біріншіден, Жошының өлімін қаған әкесіне естірту оңайға түспегенін аңғартады. Екіншіден, мұнда Шыңғысхан әулетінің үрдіс, салтының түркілік салт дәстүрге өте-мөте жақындығын көрсетеді. Қазақтың «Ақсақ құлан» күйін тудырған аңыздың сарыны да тура осы оқиғаны меңзейді. Ақселеу Сейдімбек «Күй шежіре» атты еңбегінде жоғарыдағы жыр және күйдің авторы найман жыршысы Кетбұға еді деп жазады [3]. Иә, қазақ арасында Шыңғыс ханның кезінде найманнан шыққан Кетбұға деген жыршы болған деген аңыз бары рас. Бірақ аталмыш жыр мен күйдің ақы иесі (авторы) Кетбұға еді дегенді растайтын нақтылы тарихи дерек жоқ. Моңғолдың қаған ордасында ол кезде белгілі жыршы, күйші, жұлдызшы, бітікшілер өте көп болған. Тарихшылар үшін қызықтысы жырдың авторы кім екенінде емес, жыр Жошының әкесінен бұрын өлгендігі және әкесі ол өлімді қандай күйде қабылдағаны жайлы дерек болып отыр.

Шыңғысхан үшін өз басы әзер көндіккен үлкен қайғыны Жошының анасы Бөртеге естірту тіптен оңайға түспесе керек. Жошының өлімі жайлы қайғылы хабарды оның анасы Бөрте эжеге тура естіртуге жүрегі дауаламаған Шыңғысхан кеңесшісі Елюй Чу Цайға әдейі жарлық жаздырады. Онда «Хан ұлым Жошы Қыпшақ даласының бір үстіртінде дүниеден өтіпті. Ол мекен бұрын біздің ата бабамыз Бөрте бөрі, сұлу Марал мекен еткен Марал (Арал?) теңізінің жағалауы екен. Жошы аты затына сай алланың әмірімен біздің боржығындарға жіберген қонағы екен, міне ол тәңіріне қайтып аттанып кетті…» делінген [4]. Міне, Жошының өлімі жайлы хабар Моңғол қаған ордасына осылайша келіп жетті. Бірақ бұл төңірегінде әлі де ақиқаттан гөрі аңызға жақын әңгіме көп. Мысалы, ғылымда Жошы ханның дүниеден қайтқан уақыт мерзімі туралы екі түрлі пікір бар. Шыңғыс Қаған әулетінің тарихын жазған Рашид ад-дин Жошының өлген жылы туралы кесіп ештеңе айтпаған, бір сөзбен айтқанда, оның еңбегінде Жошы ханның өлген жылының орны бос тұр [5]. Моңғолдың әйгілі «Нууц товчоо», «Алтан товч» шежіресінде де бұл туралы ешбір мәлімет жоқ. Жошының қайтыс болған жылын айқындау үшін әуелі оның өлім себебін айқындай түскен жөн сияқты. Бұл туралы да әзірге үш түрлі болжам бар.

1. Рашид ад-дин, Юань Ши авторлары және А. Амар, Ш. Нацагдорж, Б. Сайшаал қатарлы ғалымдар Жошы Үргенші шайқасынан бастап (1223) сырқаттанып, сол науқасының салдарынан қайтыс болды деп жазады [5].

2. Орыс тарихшылары Н. Аристов, Л. Гумилев, Иакинф (Бичурин), тарихи романшы В. Ян, Абу-Омар ал-Джузджани және басқалар Жошы Шыңғыс орда жансыздарының қолынан қаза тапты деген пікірде [6].

3. Өтеміс Қажының «Шыңғыснамасында» Жошы Ұлытаудың бойында аң аулап жүріп, қоралы киіктің соңына түсіп жебе тартқан сәтте аттан құлап жарақаттанып, алған жарақаты салдарынан қайтыс болды деп көрсетеді [2].

Бірінші болжам дұрыс-ақ делік. Сонда қоян-қолтық жатқан Шыңғысхан ордасына Жошының сырқаты туралы нақты хабар естілмей, тексерілмей жатуы мүмкін бе еді?. Жоқ, мүмкін емес. Шыңғыс империясының «ұзын құлағы» қол созымда жатқан Қыпшақ даласын былай қойып, Шығыс Европа, Қытайдағы жағдайды араға апта салып еститін мүмкіндігі болған. Жошы хан егер шынымен науқас болса, Шыңғысхан басқадай шаралар қолданған болар еді, көңілін сұратар еді, өйтпеді. Осыған қарағанда, ұлы Шыңғысханның өзі «Жай түсіп өлді» делінетіні сияқты Жошыхан да кенет жағдайда қаза болды деп қарауға жетелейтін қисын бар. Өйткені Орыс, Парсы, Моңғол жазбаларында оны «қайтыс болды» демей «өлді» (погиб) деп жазады. Бұл ой бізді жоғарыда айтылған екінші болжамға қарай жетелейді. Ол – «Жошыхан әкесінің әдейі жіберген жансыздарының қолынан қаза тапты» делінетін болжам. Жошыхан егер «жансыздардың қолынан қаза болды» деп қарайтын болсақ, онда Жошыхан және әкесі арасындағы қайшылықтан (ұлы қағанның көзінің тірісінде әке мен балалары арасында ашық қайшылық байқалмайды) емес, хан әулетінің мүдде қайшылығы немесе Жошы мен інісі Шағатай аралық қайшылықтан туындауы мүмкін. Абу-Омар Минхадж-ад-дин Осман ибн Сирадж-ад-дин ал-Джузджанилердің қабарлауынша: «Жошы тым айбынды, қаһарман, жаужүрек, оның күш қуатынан әкесінің өзі жүрексінетін» [7], - деп жазғаны сияқты Лев Гумилев бастаған орыс зерттеушілері Жошының өлімін тура әкесі Шыңғысханнан көреді.

«Шыңғысхан қайтыс болар қарсаңында туған негізгі проблема жеңілгендерге көзқарас мәселесі еді, – деп жазады Лев Гумилев,- бұл арада бірінші пікір оларды тек күшпен бағыныштылыққа ұстауға, екінші бір пікір еппен қайрымдылықпен ұстауды көздеді. Жошы екінші бағытты жүргізуге тырысып, ол үшін тіршілігінен айрылды» [7]. Ол ары қарай: «Жошы әкесімен тату тұрмады, жеңілгендерге қайрымдылық көрсетуге әрекеттенді, сондықтан 1227 жылдың бас кезінде астыртын жіберілген кісі өлтірушінің қолынан қаза тапты» [8], – деп жазады. Бұл тек болжам ғана.

Ал Шыңғысхан мемлекетінің ішкі қауіпсіздігін басқарған інісі Отчигинді жіберіп өлтіртіпті [9] делінетін жазушы В. Янның болжамы шындыққа еш жанаспайды. Шыңғысхан Отчигинді Жошыны өлтірту үшін емес, Жошы өлгесін елдің ішкі жағдайын орнықтыруға Батыға көмектесу үшін жібергені мәлім [2].

Жошы мен Шағатай арасында бала жастан бері келе жатқан түпкілікті қайшылық болғаны рас. Екеуі де ес жиып, ат жалын тартып мініп, еншілері әйгіленіп, келешек саяси тағдыры шешілер тұста бұл қайшылық тіптен асқына түсті. Шыңғысхан Хорезм жорығына аттанар алдында болған от-басылық кеңес кезінде Шағатай және Жошы арасында болған теке-тірес осының куәсі [10]. Мұндай ара қайшылықтың тууына әр қашан Шағатай түрткі болып отырғанын көреміз. Шыңғысханның өлер алдындағы аманатында: «Менің орнымды Өгөдэй бассын деген шешімді еш өзгертуші болмаңдар! Бұл шешімді іске асыруына Шағатайдың бөгет болу әрекетінен сақтаныңдар» [2], – деп ескерткеніне қарағанда, Шағатай қатыгез де қызғаншақ адам болса керек. Шағатайдың мұндай мінезі ағасы мен екеуаралық қатынастарды әрдайым құйтырқыландырып отырды. Хорезм жорығының жеңісі нәтижесінде ағайынды екеуіне тиесілі ел, жерлер көрші, қанаттас келуі ара қайшылықты одан ары асқындыра түсті.

Шығыс Қыпшақ даласы Жошының көңілінен шыққаны байқалады. Бірақ қырында үйір-үйірімен құланы жортып, даласында бөкені жыртылып айрылған көз жеткісіз кең өлкенің Жошыға берілуі, Жошы бұл даланы құлай сүюі және мұнда «Дербес мемлекет құруға ұмтылуы» інілері Шағатай мен Өгөдейге соншалықты ұнамаса керек [2]. Өйткені Қыпшақ даласындағы Жошының жасаған әрбір қадамдары, іс-әрекеті туралы жағымсыз хабарлар қаған ордасына тым жиі келе берген. Осындай хабардың көпшілігі қоныс жайы көршілес інісі Шағатай арқылы жететін болғанын көре аламыз. Жошы жайлы ең соңғы жағымсыз хабар белгісіз бір «Маңғыт арқылы» осылайша жеткен еді [11]. Аталған деректерге қарап, Жошының өліміне Шағатайды кінәлауға болар еді. Бірақ осылай да осылай деп кесіп айтуға тұрарлық тыянақты дерек кездеспейді. Егер Жошының көз жұму оқиғасы әке өлімінен соң болған болса, бұлайша күдіктенуге болар еді. Оқиға әкенің көзі тірісінде болған. Ал әулеттің бас төрешісі ұлы қағанның көзінің тірісінде мұндай әйгілі қадам қағанның рұхсатынсыз жасалуы мүмкін емес. Шыңғысханға келешек Батыс жорығы міндетін мойнына жүктеген тұңғыш ұлы Жошының есен саулығы қажет болатын. Ұлы қағанның көзі тірісінде Шыңғысханның тікелей өз отбасында опасыздық болған емес, ұлы отбасының береке бірлігі арқасында жарты әлемнің билігіне қол жеткізе алды. Мұндай ішкі бірлік Ұлы Қаған өлгеннен кейін де көп уақыт бойы сақталды. Біз осы жайларды сараптай келіп, Өтеміс Қажының болжамы төңірегіне ерекше тоқталғымыз келеді. Ол «Шыңғыс Наменің» Шыңғысхан туралы дастанының алғы сөзінде былай деп жазады. «Жошы хан Дешті-қыпшақ еліне аттанып, Ұлы тауға жетеді. Сонда аң аулап жүргенінде бірде оның алдынан қоралы марал-киік шыға келеді. Киік маралдың соңына түсіп қуа жүріп ат үсті садақ тартқан кезінде арғымағынан құлап, мойнының буыны шығып, содан өлді» [12]. Осыған ұқсас хабарды біз басқадай авторлардың еңбектерінен де кездестіре аламыз. Әйтеуір, Жошы Қыпшақ даласында есен-сау бөкен аулап жүргені туралы қауесет және оның өлімі туралы қайғылы хабар ұлы хаған ордасына біркезде келіп жеткеніне қарағанда, Жошы хан кенеттен, оқыс жағдайда қайтыс болды ма деген қортындыға келесің. Тіптен Жошы қанды әдейі өлтірді дегеннің өзінде өлім аң аулау науқаны үстінде жасалған болуы мүмкін. Бұл туралы Құрбанғали Халид «Тауарих хамса» (Бес тарих) атты еңбегінде былай деп жазады: «Жошы аңға шығып, бір жабайы құланды атып аяғынан ақсатып, оны ұстаймын деп қуып достарынан озып ғайып болған (қабарсыз кеткен - Қ.З.). Ақсақ құлан-Жошы хан, жоқтау айттым осыған деген тақпақ қазақта мәшһүр (әйгілі)» [2]. Автор бұл ойын қазақтың әйгілі «Ақсақ құлан» күйі аңызынан түйсе керек.

Ал моңғол жазылымдары Жошы ханның «құпия жағдайда» қайтыс болғандығын мойындамағанымен, «Аң аулау науқаны кезінде алған жарақаты салдарынан дүниеден өтті» дегенді жоққа шығармайды.

Жошы хан сырқаттығын алға тартып 1224 жылы Құлан басында, 1225 жылы көктемде Ертістің Бұқа шошығанындағы ұлы жиынға қатыса алмауы, сол жылдың күзінде Туланың қара орманындағы жиынға қатыса алмайтындығын алдын ала қабарлауына қарағанда, «жарақат» жайлы деректер Жошының әкесі және інілеріне деген өкпе назынан болып әдейі ойлап тапқан сылтауы болуы ықтимал.

Әйтеуір, Жошы кенеттен өлсін немесе алған жарадан өлсін, бәрібір бұл өлім құлан, марал, киік аулау науқанымен тікелей байланысты екеніне күмән келтіруге болмайтындай. Қалай дегенмен Жошы хан әкесінен бұрын дүниеден өткені шындық. Бірақ қай жылы, неше жасында өлгені туралы болжамдар әрқилы пікір, талас тудырып отырған мәселелердің бірі. Бұл мәселе төңірегіндегі көп пікірді негізінен екі топқа бөліп қараса болғандай.

Біріншісі, Жошы кейбір хабарлар бойынша 20, ал сәл соңырақ әйгілі болған деректер бойынша 30, 40 жас шамасында өлді делінетін Рашид ад-дин, Д. Оссон, Бичурин (Иакинф) және басқалардың пікірі [2]. Бірақ аталмыш ғалымдар Жошының өлген жыл, айы жайлы кесіп пікір айтпаған. Жошыханның өлген ай, жылы жайлы кесімді хабар қалдырған адам ол Парсы тарихшысы Казвини. Ол өзінің «Тарих-и-Гузиде» (Таңдамалы тарих) атты еңбегінде: «Туши (Жошы) әкесінен алты ай бұрын өлді», – деп хабарлайды [13]. Егер Шыңғысхан шығыстық жыл қайыруы бойынша қызғылт доңыз жылы күздің жетінші айының 16-шы жаңасы, ал жаңаша жыл санау бойынша 1227 жылы 16 тамызда 66 жасқа қараған шағында дүниеден өтті деп көрсек [14], онда Жошы «1227 жылы ақпанның ортасында өлді» деген қорытынды жасауға тура келеді. Бірақ аталған деректердің қай-қайсысы шындыққа сай емес. Егер олай болғанда, В. Бартольд айтқандайын, Шыңғысхан ұлының өлімі жайлы хабарды Си Ся жорығында жүргенде естіген болып шығады [15]. Бірақ Рашид ад-диннің хабарлауы бойынша Шыңғысханның Си Ся еліне қарсы жорығы 1225 жылдың күзінде, Қытай және Моңғол жазылымдары бойынша 1226 жылдың көктем айларында басталғаны белгілі [16]. Сондықтан бұл мәселеге оның басқадай бір қырынан қараған жөн сияқты. Осыдан барып екінші пікір туындайды. Джамал ал-Карий өзінің «ал – Мулхакат би-с-сурах» атты еңбегінде «Шыңғыс хан Харасаннан оралғасын қыжыраның 624 жылы 10 рамадан күні европалық жыл қайыру бойынша 1227 жылы 24 тамыз күні дүниеден өтті. Оның ұлы Жошы (Туши) әкесінен бұрын 622/1225 жылы өлді деп жазды.

Қытай тарихшысы Б. Сайшаал да осындай пікірде [17]. Ол қытай және моңғолдың көне жазылымдарына сүйене отырып, Жошы хан 1225 жылы 47 жасында аурудан қайтыс болды деп жазды. Моңғол тарихи деректері осы болжамды растай түседі. Жошының өлімі туралы хабар моңғолдың ата жұртындағыларға қаған ордасы Туланың қара орманында күзеп отырғанда, Тангутқа қарсы жорыққа дайындық мәселесін талқылаған ұлы жиын кезінде жеткені белгілі. Шыңғыс ордасы Ертісті жайлап, сол жылы күзде осы мекенге шаңырақ көтерген болатын. Бұл 1225 жылдың күзі еді. Шыңғысхан Батыға көмектесу үшін Отчигинді осы жерден аттандырды. Ал Шыңғыс Қаған Тангут жорығының алғашқы тобын осы жылы аттандырып, өзі 1226 жылы күзде Гурван сайхан тауын асып, Ежен өзенін бойлай Тангутқа қарсы шабуылын бастағаны белгілі [18]. Ал Жошы өлімі аталмыш жорық басталудан бұрын болып өтті. Міне, осы деректердің барлығын ескере отырып, біз Жошы хан 1225 жылдың күзінде дүниеден өтті деген пікірмен келісеміз. Сөйтіп әйгілі Жошы хан 1179 жылы қараша айында туылып, 1225 жылы күздің соңғы айында Европа жыл саналуы бойынша 46 жасында өмірден өткеніне көз жеткізе аламыз.

Жошы өмірбаянының және бір күңгірт те жұмбақ тұсы оның жерленген орны төңірегіндегі мәселелер. Моңғол тарихшылары Жошының ордасы Ертісте болған, ал өзі Каспий мен Арал аралығында өлді деп жазады [19]. Бұл оның өлімі туралы. Ал Жошы қайда, қалай жерленгені жайлы еш мәлімет кездеспейді. Тек жапондық тарихи романшы Ино Юувэй Эсэси өзінің «Бөрте Чинө» романында «Хан ұлы Жошы үш жыл бойы науқастанып үстіміздегі жылы (қай жыл екені белгісіз - Қ.З.) тамыз айында ауруы асқынып, Қыпшақ даласында Каспий теңізінің батысындағы елді мекенде дүниеден өтті. Аманат бойынша келесі жылы ақпанда барлық нояндары мен сарбаздары оның табытын ата жұртына жеткізу үшін жолға шықпақ», – деп хабарлайды [20]. Бірақ Жошы табытының Моңғол жеріне жеткізгені жайлы моңғол жазылымдарында қандай да бір дерек кездеспейді. Ұлы қаған Шыңғысхан өзі жерленді делінетін Их-Өтөгте (Ұлы қорық) тек Өгөдэй, Тулуй және оның немерелері Мөңке қаған, Қубылай қаған, Арықбұқа, шөберелері Батмөнх Даян цэцэн хан жерленген.

Ал Қазақ тарихында Жошы орталық Қазақстанның Сарысу бойында Теріс Кендірлі өзенінің батысындағы Сарайлы бұлақ маңында жерленген деп жазып келді [2]. Қазақ халқы «Жошы мазары» деп қастерлеп келген мазар кәзір осында тұр.

Жошы шығыс мұсылман жазылымдары бойынша (Өтеміс Қажы) Ұлы тауда, ал моңғол және басқадай көптеген жазылымдар бойынша Каспий мен Арал маңында өлді делінеді. Мұндай жағдайда Жошының мәйітін Арқа даласы, Сарысуға әкеліп жерлеу мүмкін бе? Және не үшін әкелді? - деген сауал туады. Екіншіден, Шыңғысханның ұрпақтары ұлы әміршінің өзінің көзі тірісінде әке жарлығын бұзып, оның тұңғыш ұлына бөгде жұртта мазар тұрғызу мүмкін бе еді?. Тарихшы біздерді, міне, осы сауалдар мазалайды. Ол кезде моңғолдар пұтқа табынатындықтан моңғолдар бұл кезде марқұмға мазар тұрғызбайтын. Шыңғысхан бұл мәселеге заң бойынша тиым салған. Шыңғысхан әулетінің жерлеу рәсім салты жайлы Джузджани, Қытай тарихшысы То Жи, 1236 жылы Моңғолға келіп қайтқан Сун әулетінің елшісі Пэн Да Яа, Рашид ад-дин, А. Жувейни, Марко Поло, Д. Оссон қатарлы көптеген ғалымдар жазды. Барлығының да қалдырған деректері, жасаған түйіні бірдей. Ол аталған кезеңде моңғолдар өлгендерінің әсіресе қаған әулетінің белгілі адамдарының басына мола, мазар тұрғызуға тиым салынғандығы. Мысалы, Джузджани Баты ханды жерлеген рәсімі жайлы (1256) былай деп жазады. «Оны Моңғол рәсім салты бойынша жерлепті. Оларда егер біреуі қайтыс бола қалса, жер астынан үй-жай орнатып оны кілем және басқадай құнды заттармен орап, марқұмның көзі тірісінде қолданған барлық заттарын сонда қоятын болған. Оның көп зайыбының ішіндегі ең сүйіктісін бірге жерлеген. Сосын жерді топырақпен жауып ешбір белгі қалдырмайтындай етіп ат тұяғымен таптатқан» [21]. Біз мұнда Моңғол дәуірінде Джузджани айтқандайын хан өлсе хатундарын бірге жерлейтін көне дәстүр қолданылудан қалғандығын ескергеніміз жөн. Ал 1236 жылы Сун әулеті атынан Өгөдэй қаған ордасына елшілікке келіп, моңғол салтын көзімен көрген Пэң Да Яа «Қара татарлар жайлы қысқаша мәліметтер» атты еңбегінде моңғолдардың жерлеу рәсімі жайлы келтірген деректері шындыққа жақынырақ. Онда ол былай дейді: «Екі ағаштың ортасын үңгіп кісі бойы қуыс шығарады да, оның үңгіген бетін қиыстырып абдыра жасайды. Табытты абдыраға салып сыртын бояп, абдыраны таза алтыннан жасалған белдеумен үш мәрте орайды. Сосын басын құбылаға қаратып табытты көмеді. Мемлекет заңы бойынша басына мола, мазар тұрғызылмайды. Жерлеу рәсімі аяқталғасын, үстінен мың жылқы айдап, жерін таптатады. Сосын бір жас ботаны енесінің көзінше құрбандыққа шалады. Өлік жерленген жерге мың салт аттыдан қарауыл қойып, топырағына өсімдіктер өсіп, жер қалпына келгенше күзеттіреді. Бейіт жерден айнымастай болғасын күзет түсіріледі. Ол жерді адам пенде табуы мүмкін емес, тек ботасы өлген іңгеннің боздауымен ғана пайымдауға болатын еді» [2]. Моңғолдардың жерлеу рәсіміне байланысты құнды хабар қалдырғандардың бірі - Плано Карпини. Оның берген хабарының құндылығы соншалық, ол – Жошы өлгесін 20 жылдан соң (1245) шығыс Қыпшақ даласын басып өткен адам. «Егер белгілі адам өлсе, - дейді ол, – ол адамды далаға жасырын түрде жерлейді. Алдына тостаған толы қымызымен дастархан жаяды. Өлген адамның о дүниедегі тірлігі үшін құлынды бие және ер тұрманымен бірге жерлейді… Алтын, күмісін де бірге қойған. … Үш ұрпаққа дейін өлген адамның атын атамайды» [22]. Тотемдік осынау салт-дәстүрдің қайсы бірі моңғолдар арасында бүгінгі күнге дейін сақталған. Мысалы моңғолдар кәзірге дейін өлген адамның атын атамайды, «талийгаач» (марқұм) дейді.

Жошы хан Қыпшақ даласында, Моңғол ошағынан тысқары бес-алты-ақ жыл (1219-1225) өмір сүрді. Бұл Дешті - Қыпшақ даласына мұсылман діні дендеп ене қоймаған тұс. Жошыхан қайсыбір дінге табынғаны туралы мәлімет жоқ. Тіптен олай болуға мұршасы да болмады. Және ол «Көк дәптер» заңын құрандай қастерлеп қолына ұстап отырған қаған әкесінің көзінің тірісінде дүниеден өтті. Мұндай жағдайда сол кезде Жошы ханға Қыпшақ даласында мазар тұрғызылу мүмкін бе еді? Енді осы мәселелерге тоқталып көрелік.

Ұлытау маңындағы «Жошыханның мазары» жайлы алғашқы хабар Бұхар билеушісі Абдаллахтың 1582 жылы Ұлытауға барған сапарына байланысты пайда болды. Онда «Осы айдың 6 жаңасы сенбі күні хан Жошы ханның мазары алдындағы сарайға тоқтады» [23] делінген. Жошы мазары жайлы Ю. Шмидт [24], В. Бартольд [25], және Ш. Уәлихановтар жазды [25].

Археологиялық қазба жұмысы Ә.Х. Марғұланның басшылығында 1946 жылы жүргізілді. Екі бейітке жүргізілген қазба жұмысының нәтижесінде табылған сүйек сұлбалары және материалдық заттарға сүйеніп, алғашқы қорытындылар жасалды. Ә.Х. Марғұлан бірінші бейіттен табылған адам қаңқа сүйегінің бір қолы жоқ болғанына байланысты, оны «Жошы хан», ал екінші бейіттен табылған әйел адамның сүйегін оның бәйбішесі Керейт Тогорил Уан ханның қызы Бектұтмыштың табыты деп пайымдапты. Әрине, Жошы ханның Ұлытау қойнауы, Арқа даласында жерлену мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Өйткені Жошы хан Ұлытауда орда тікпегенімен, Ұлытау, Арқа даласы Жошы хан ордасының аң аулайтын (ав талбих) қорығы болғаны белгілі. «Жошыханның өлімі осынау Ұлытауда аң аулау кезінде болды»,– делінетіні де сондықтан. Ш. Уәлиханов «Арқаның құланы кері жосып кетпеу үшін, олар далада ор қаздырған. Бұл орларды Тэмучин (Моңғол) ұлыстарының шекарасы деп қарауға мүмкіндік бар», - деп жазады [25]. Ш. Уәлихановтың аталған ұсынысына тарихшылардың берген ғылыми анықтамасында «Ордың ұзындығы 900 шақырымға дейін жететін… Қазақ даласындағы Тарбағатай тауынан Ілеге дейінгі жасанды жылғаны халықтың ауыз әңгімесінде өткеннің аңшылық үрдісімен байланыстыратын» көрінеді [24].

Аталғандарға сендіретін және бір қисын – моңғолдар өлгенін далаға жерлейтіндігі. В. Бартольдтың моңғолдар әйгілі адамдарын адам пенденің аяғы жетпейтін тау қияларына жерлейтіні жайлы пікірі моңғолдардың бүгінге дейін жалғасып келе жатқан этнографиялық салт дәстүріне сай емес [25]. Одан гөрі, қанша дегенмен, даланың өз тумасы болғандығынан болар Ш. Уәлихановтың пікірі ұтымдырақ. Ол былай деп жазады: «Бұл ордалардың (Қыпшақ даласындағы Моңғол ордалары - Қ.З.) хандарының әрқайсысы өздерін дала бойында жерлеуін аманат еткен (Мысалы, Маңғыт ордасының іргетасын қалаушы Едігені Ұлытаудың қырқасына жерлегені сияқты) [26]. Сондығынан болар Ұлытау бойындағы кең дала әйгілі қорыққа айналғаны белгілі. Мұнда әрқайсысы өзіндік бет-бейне, сыр-сыйпатымен ерекшелінетін Қамыр хан, Алаша хан, Домбауыл әулие, Бұлғын ана, тағы басқа бейіт-мазарлар жатыр. Осылардың барлығын әдейі зерттеп мақала жазған Ш. Уәлиханов «Жошыхан мазары» жайлы ештеңе айтпаған. Бірақ, біз жоғарыда айтқанымыздай, Жошы ханның Ұлытау даласында жерлену мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ: «Бірінші бейіттен табылған сүйек - Жошынікі, екінші бей іттен табылған әйел затының сүйегі –Бектұтмыштыкі», - деп кесіп пікір айту мүмкін емес. Біздіңше, бұл тарихи және лабораториялық зерттеудің қортындысы дегеннен гөрі, ел аузындағы аңыз әңгімелерге сүйенген қияли пікір сияқты. Неге?

1 Жошы хан дәл осында жерленді деп кесіп айтарлықтай дерек жоқ.

2 Табылған адамның сүйегі орта жастан жоғары (кейде 70-72 жастағы адамның сүйегі делініп те жүр) адамдікі. Ал Жошы болса 1179 жылы туып, қайсыбір ғалымдардың пікірінше, 1227 жылы, біздің пікірімізше 1225 жылы 46-48 жасында дүниеден өткен адам.

3 Шыңғысхан өзі және хан, қаған ұлдарын «О дүниеде көлденеңнің көзіне түсуінен» мұқият сақтандырып, мола, мазар тұрғызуға тыйым салғаны белгілі. Сондықтан қағанның көзі тірісінде Жошыға мазар тұрғыздыруы мүмкін емес.

4 Жошы 1225-1227 жылдары өлсе, «Жошы мазарының» жер асты және жер беті архитектуралық конструкциясы және қолданылған құрылыс материалдары ХҮІ ғасырға жатады.

5 Жошы - моңғолдар пұтқа табынған дәуірдің туындысы. Ал «Мазары» таза мұсылмандық үлгіде. Мұсылман діні Шығыс Қыпшақ даласына ХІҮ ғасырда келе бастағаны белгілі. Қ. Сәтбаев өзінің «Жезқазған өлкесіндегі көне ескерткіштер» атты еңбегінде Жошы хан мазарын Алтын орда дәуіріне жатқызуы тегіннен тегін емес. Бұл пікір де мазардың жұмбақты сырын меңзейді.

Моңғолдың «Их Өтөгінде» (қорық) Жошы ұрпағының бірде бірі жерленбеген. Олардың о дүниеден сая тапқан жері Қыпшақ-Қазақ даласы екенінде дау жоқ. Бірақ қалай дегенмен бұл мазар, әсіресе мазардағы табыт тікелей Жошы ханның өзінікі болуы мүмкін емес сияқты. Жошыхан мазары жайлы әдейі зерттеп мақала жазған Ж. Егінбайұлы «Алайда, мазар Жошы ханға арналып салынғанымен, жерлеу ғұрпын саралай зерттеудің нәтижесінде, біз бұл мазар ішінде Жошы хан жерленген деп кесіп айта алмаймыз» [24], – деген қорытындыға келген. Біздіңше, мазар не Жошының мұсылман дінін қабылдаған дәуірінде өмір сүрген белгілі бір ұрпағынікі немесе В. Бартольд айтқандайын, «Жошының мұсылманданған хан ұрпағының бірі пұтқа табынып бейітсіз қалған ұлы ата бабасына (Жошыға - Қ.З.) арнап кейін тұрғызылған» [14] болуы әбден мүмкін. Өйткені мұндай үрдіс Орталық Азиялық мұсылмандар арасында ертеден-ақ жалғасып келеді. В. Бартольд «Сейіт-Мұхаммед Баһадур хан ата бабасы Нугдай бидің басына үй тұрғызғаны және Аббас шейхтің басына мешіт, күмбез орнатып, құран оқып тұратын молдалар тағайындағаны туралы хабарлайды [2]. Бұл үрдістен Жошының әйгілі ұрпақтары да шет қалуы мүмкін емес. Жошы мазарында оның өзінің сүйегі болмағанымен, мазардың Жошы аруағына арналып орнатылуы мүмкін деп ойлаймыз. Бірақ мазарды тарихи-географиялық, антропологиялық және архитектуралық тұрғысынан әлі де жан-жақты зерттей түсу қажет сияқты.

Ендігі мәселе, Жошы ханның тарихи рөлі жайлы. Жошы хан - әуелі артына текті де, өскелең ұрпақ қалдырған адам. Ол алғаш 1197 жылы 17-18 жас шамасында Керейт Жақамбының қызы Никтимиш-фуджинмен (моңғол жазбаларында - Бедешөміш) бас қосып, өз шаңырағын көтереді. Араға екі жыл салып Орда еженнің анасы, Қоңырат қызы Сартақты, және екі жылдан соң нағашысы Алшы ноянның қызы Үкі-фуджинді айттырады. Тарихшы шежірешілер Баты хан осы Үкі-фуджиннен туды деп жазады [27]. Қадырғали Жалайыр Сартақ-хатунды бас бәйбіше деп көрсеткен [28]. Менімше, соңғы екі деректің қай-қайсысы да сенімсіздеу. Юань әулетінің алғашқы қағаны әйгілі Қубылай қаған ата - бабасының атақ даңқын мәңгіге қалдыру үшін, Бэйжиңдегі (Пекин) қаған ордасы жанынан сегіз Үй-Музей тұрғызып, оның төртіншісін ағасы Жошы, оның бәйбішесі Бедешөміштің ескерткішіне арнаған [2]. Егер Үкі-фуджин Жошының бас бәйбішесі, Баты ханның анасы екені рас болса, әуелі сол аталуы тиіс еді. Өйтпеді.

Тулуйдың бәйбішесі Соркуктан-хатун және Жошының бас бәйбішесі Бедешөміш-хатун бір туысады, Керейт Жақамбының қыздары. Баты хан Тулуйдың бәйбішесі Соркуктан-хатунды ерекше сыйлап, одан туған Мөңке қағанмен етене жақын болғанына қарағанда, Баты хан Үкі-фуджиннен емес, Бедешөміштен туылуы мүмкін бе деп ойлаймыз. Өйткені Шыңғысхан әулетінде қаған, хан ұл туған бәйбішелердің ықпалы күшті болған. Ал Баты хан туылды делінетін Үкі-фуджиннің ықпалын еш жерден көре алмаймыз. Қалай дегенмен Жошының хан, бек, ноян ұлдары Сартақ және Бедешөміш хатуннан тарайды. Рашид ад-дин Жошыда 40 ұл болғанын айта келіп, олардың ішінен аты әйгілі он төртін ат-атауы, ұрық ұрпағымен саралап таратып жазған [15]. Олар: 1) Орда (монғ. Ордана), 2) Баты (монғ. Бат), 3) Береке (монғ. Бэрх), 4) Беркечар (монғ. Бэрхшар), 5) Шибан (Монғ. Сыбан), 6) Тангкут (монғ.Тангад), 7) Бувал, 8) Чилаукун (монғ. Чулуун), 9) Шингкур (монғ. Шонхор), 10) Чимпай, 11) Мухаммед, 12) Удур, 13) Тука-Тимур (монғ. Тогоон-Төмөр), 14) Сингкум (монғ. Сэнгум).

Жошы ұлдарының әрқайсысының тарихтан алатын өзіндік орны бар. Олардың атқарған ісі әкесінің тарихи рөлін толықтыра түседі.

Жошы ханның өмірбаяны мен Жошы ұлысы тарихында Орда Ежен, Баты хан, Берке ханның алатын орны бөлек. Баты хан, Берке хан туралы Орыс тарихшылары көп жазды.

Баты хан - Жошы ханның өзінен кейінгі әйгілі тұлға. Ол ұлы қағанның тікелей өз ұсынысымен әке орнын басып, 1237-1256 жыл аралығында 19 жыл хандық құрды. Батыс жорығы кезінде (1235-1241) Орыстың орталық және шығыс бөлігі, Булгар, Черкес, Польша, Мажар қатарлы шығыс европа жұртын бағындырып, «Батыста моңғол жабысының тұяғы жеткен барлық өлкені алыңдар» деген ұлы қаған атасының аманатын орындады. Ол ұлы жорық кезіндегі қаталдығына қарамай «Сайн хан» немесе «Қайырымды хан» атанды. Баты хан әкесі құрған ұлыстың өрісін кеңейтіп, державаның орталығы Сарай қаласының ірге тасын қалады.

Бэрх (Береке) хан 1257-1266 жылдары Жошы ұлысында тоғыз жыл хандық құрды. Жошы ұлысы тарихындағы аса белгілі тұлғалардың бірі. 1) Мұсылман елдерімен жан жақты қарым-қатынас жасау арқылы Қыпшақ даласына мұсылман діні дендеп кіруіне мұрындық болды. 2) Алғаш рет салық реформасын жүргізді. 3) Ел астанасын Еділді бойлай көшіру арқылы Евроазия мәдениетінің ара жібін жалғады, шығыс пен батысты араластыруға мүмкіндік тудырды. Береке ханның атқарған және бір елеулі рөлі ағасы Батының тікелей тапсырмасымен 60 мың қолмен Қарақорымға аттанып, 1251 жылы 1 шілдеде басталған Шыңғысхан әулетінің ұлы құрылтайын басқарып, Тулуй ұлы Мөңкені ұлы қаған тағына отырғызуы [29]. Бұл Шыңғысхан әулеті үшін ірі оқиғалардың қатарына жатады. Осы кезеңнен бастап Империя тізгіні Өгөдей әулеті билігінен Жошы ұрпақтарымен етене жақын болған Тулуй әулетіне өтіп, империяның соңына дейін жалғасты.

Орыс тарихшылары Б.Д. Греков және А.Ю. Якубовский өздерінің көпке белгілі «Алтын орда және оның күйреуі» атты еңбегінде «Алтын орда қаншама Жошы ұлысы деп атанғанымен, Жошы Алтын орда мемлекетінің тағдырында шын мәнінде ешқандай рөл атқарған жоқ... Дешт-қыпшақ даласын толығымен жаулап алу процесі Баты хан билік құрған 1237-1256 жылдары аяқталды» [12] деп жазады. Біз бұл пікірмен келісе алмаймыз. 1) Жошы ұлысының құрылу тарихы бұл елді орыс жұрты «Алтын орда» деп атаған кезден емес, одан әріректен, 1224 жылы Ертіс, Алакөл аралығында болған ұлы жиын тұсынан басталады. 2) «Алтын орданы» «Жошы ұлысынан», Баты ханды әкесі Жошыдан бөліп қарау мүмкін емес. Өйткені Жошы ұлысының іргетасын көзі тірісінде Жошы ханның өзі қалады. Ал Баты хан ұлы қаған атасы және өз әкесінің орындалмаған арманын орындаушы. 3) Баты ханның Батыс жорығы стратегиясы Шыңғысхан кезінде жасалып, 1229 жылғы ұлы құрылтайда шешімін тапқан мәселе.

Жошы хан құрған мемлекеттің аты «Жошы Ұлысы» тіптен «Қыпшақ хандығы» десе де жарасады. Ресей зерттеушілері мемлекеттің атын 1564 жылы шыққан «Қазан хандығының тарихында» «Алтын Орда» деп атап жібергендіктен зерттеушілерді көп адастырды, мемлекет алғаш Қыпшақ даласында бой көтерді. Әскери оң, сол екі қанаттан құралды. Баты хан Батысқа көшпенде мемлекеттің қара шаңырағы – Ақ Орда Жошының тұңғыш ұлы Орда Еженнің билігінде қалды. Сондықтан ол ежелгі түркі – моңғол салты бойынша Ақ Орда (қара шаңырақ) немесе «үлкен үй» («Ulug UB») деп аталады.

Ордана (Орда ежен) Жошы ұлысының әскери сол қанаты Ақ Орданың әскери қолбасшысы, жеке дара билеуші «Хан-оғлы» (моңғ.Khan huu) еді. Ежелгі Түркі және Моңғолдық мемлекеттік үрдіс-салты бойынша «хан оғлы» немесе «хан хүү» жеке дара билік иесі болып табылады. «Ежен» (Эзэн) моңғол-тунгусша хан лауазымымен парапар [30]. Қытай тарихшысы Су Би Хай «Ақ Орданың бірінші ханы Орда ежен еді» деп жазды [31].

Қазақ хандары осы Орда еженнен тарайды. Ақ Орданы шынға шығарып, Жошы Ұлысы державасын билеген Шымтайұлы Орыс хан Орда Еженнің VIII ұрпағы әрі «Қазақ хандарының атасы» саналады. Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек Орыс ханның шөберелері. Сондықтан қазақ мемлекеті үшін Жошы хан Орда ежен, оның ұрпақтарының алатын орыны ала бөтен [19].

Жошы хан оның ұлдары мен кейінгі ұрпақтары Жошы ұлысы державасын құрып, оның ұзақ өмір сүруіне елеулі ықпал етті. Моңғол Империясының Батыс шебін қалыптастырып, онда билік жүргізу, батыс пен шығыстың ара жібін жалғау тек Жошы ұрпақтарының тікелей ықпалымен жүргізілді. Жошы аса дарынды әскери қолбасшы. Ол алғаш 22 жасында бес қаруын асынып, атқа қонады.

Алғашқы шығыс жорығында қол бастады. Орман жұртын бағындырды. Елінің Батыс шекара шебін басқарды. Батыс Хорезм жорығы тұсында Сыр бойы қалаларын бағындырып, Үргенішті қолға түсірді. Ол жорық жолында әлемнің 90 қамалын бұзып, 200 қаланы қолға түсірген [32] әскери стратег, ірі әскери қолбасшылардың бірі.

Әрине Жошы ұлысы Шыңғысхан және оның ұрпақтары Шығыс- Қыпшақ даласын жаулап алуының жемісі екені рас. Сондығынан болар, Орыс және Орталық Азия тарихшыларының арасында Жошының тарихи рөліне оны тек жаулап алушы, нәсілдік қарсыласы тұрғысынан бір жақты баға берушілік орын алып келді. Жошының жаулаушы рөлі Жошы ұлысы тарихының бастапқы кезеңіне жатады.

Шапқыншылық талай қиямет әкелді, мәдениет ошақтары жойылып, талай жанның басы жұтылды.

Бірақ Жошы ұрпақтарының Қыпшақ даласында билік құрған соңғы кезеңін (әсіресе ХІІІ ғасыр соңынан ХVІІІ ғасырға дейін) алғашқы жаулап алған кезеңімен салыстыруға болмайды. Моңғол империясының орталығы Қарақорымнан Бэйжиңге аударылған 1264 жылдан бастап Жошы ұлысы империалдық билікке бағынбайтын дербес мемлекетке айналды.

Жошы ұрпақтары Қыпшақ даласына Орта ғасырлық мемлекеттік басқару жүйесін әкелді. Мемлекеттіліктің басты нышандарын қалыптастырды. Алып далада ара қақтығыстан арып шаршаған дүйім жұрттың басын біріктіріп, әрқайсысы ел болып қалыптасуына өктемдік ықпал етті. Жошы ұлысы державасы ыдырағанда, оның шекпенінен Ұлттық бірнеше жаңа мемлекеттер туып шықты. Мысалы, солардың бірі Ресей. Тарихшы С.М. Соловьев, М.Н. Покровский, В.Г. Вернадский, Лев Гумилевтер бұл шындықты мойындайды. С.М. Соловьев «Моңғол билігі тұсында Орыстың күш-қуаты нығайды» [33], – деп жазса, М.Н.Покровский Татарлар орыстың әлеуметтік өміріне «терең өзгерістер әкелді» [34] деп ой түйеді. В. Вернадский және Лев Гумилевтің қисыны одан гөрі тереңірек. «1480 жылғы оқиға төңірегінде сөз болғанда, - деп жазды Лев Гумилев, - «басқыншылықтың күйреуі» туралы емес, керісінше Алтын орданың жұртында ұлы Москва княздігі, Қырым және Қазан хандығы, Ноғай ордасы сияқты бір-біріне қарама-қарсы мемлекеттік жаңа одақтардың пайда болу жайы сөз болғаны дұрыс»[35]. «Шығыс Русь Алтын Орда хандары билігінен басы босағанда сонау Монғол шабуылы кезеңіндегісінен әлдеқайда қуатты, қабырғасы қатайған мемлекет болып шықты» деп жазды В.Г. Вернадский [36].

Жошы ұлысы жүйесінің Орыс жұртына тигізген саяси ықпалы жайлы ағылшын тарихшысы Чарльз Гальперинның «Орыс және Алтын Орда: Орта ғасырлық орыс тарихындағы моңғолдардың үлесі» атты еңбегінде біршама толық талданған [61]. Ал Астархан, Қырым, Қасым, Ноғай ордасы, Өзбек және Қазақ мемлекеті осынау Жошы ұлысының туындысы. Өздерін әлдеқашан Моңғол деп атаудан қалған Жошы ұрпақтары аталған мемлекеттердің қалыптасуы, ел болып шыңдалуы, тәуелсіздігі, ұлтының бірлігі үшін қажымай талмай күресті. Әрине, тарихта бұл деректер ұлы Шыңғысханның саяси ұпайына жазылғаны болмаса, Евроазия даласында 250 жылға жуық сұлтанат құрған Жошы ұлысының шаңырағын көтерген Жошы және оның ұрпақтары, болды.

Бірақ Жошы, оның әйгілі хан ұлдарының өмірбаяны, атқарған ісі әйгілі әкенің (Шыңғысханның) көлеңкесінде қалып келді. Жошы ұрпағынан ұлы қаған шықпады демесек, ол құрған Қыпшақ хандығы өз алдына әйгілі держава болатын. Сондықтан Жошы ханның атқарған ісін оның әйгілі әкесінің рөлінен, Жошы құрған Қыпшақ хандығының тарихын Моңғол империясының тарихынан бөліп қарауға болмайды.

Жошы хан оның ұрпақтары Қазақ мемлекетін құрып, қазақты ұлт ретінде, Қазақ елін ел ретінде қалыптастырып қабырғасын қатайтуға ерекше үлес қосты. Қазақтың хан ұрпақтарының барлығы да Жошы әулетінен тарайды. Қазақ мемлекетінің бір қайнар көзі Жошының тұңғыш ұлы Орда (Орда ежен) және оның ұрпақтары басқарған Ақ орда болды.

Әдебиеттер

1 Рашид ад-дин. Сборник летописей. – М-Л.: изд. АН СССР, 1960. – Т.ІІ. – С. 79.

2 Тизенгаузен В.Г. Бөрте қасқыр. Тарихи роман / Ино Юувэ Эсэси. – Бейжиң: Хөх хот. 1979. – 373 б. СМИЗО. – М.: изд. АН СССР, 1941. – Т.ІІ. – С. 64-65 .

3 Тарақты Ақселеу. Күй шежіре. – Алматы: КРАМДС-Яссауи, 1992. – 142-143 бб.

4 Ино Юувэ Эсэси. Бөрте қасқыр. Тарихи роман. – Бейжиң: Хөх хот. – 373 б.

5 Рашид ад-дин. Сборник летописей. – М-Л.: изд. АН СССР, 1960. – Т.ІІ. – 79 с.

6 Утемиш-Хаджи. Чингиз-наме. – Алма-Ата: Ғылым,1992. – С. 91.

7 Гумилев Л. // Қиял патшалығын іздеу. «Пірәдір Ионның мемлекеті»№ – Алматы: Балауса,1991. – 203 б.

8 Ян В. Чингисхан. Исторический роман. – Челябинск: Южно-Уральское Книжное изд-во, 1983. – С. 283-284.

9 Әбілғазы. Түрік шежіресі. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 113-114 бб.

10 Нацагдорж Ш. Чингисийн Цадиг. – УБ: 1991. – С.164.

11 Утемиш-Хаджи. Чингис-Наме. – Алма-Ата: Ғылым, 1992. – 91 б.

12 Құрбанғали Халид. Тауарих хамса (Бес тарих). – Алматы: Қазақстан, 1992. – С. 97.

94

13 Лувсанданзан. Алтан товч. УБ: 1990. -144 б. / Нацагдорж Ш. Чингис хааны Цадиг. – УБ: 1991. – С.160.

14 Бартольд В.В. Сочинения. – М.: 1973. – Т. VІІІ. – С. 525-526.

15 БНМАУ-ын түүх. Гурван ботийн І боть. – УБ: 1966. – С. 239.

16 Джамал ал-Карший. Ал- Мулхакат би – с – сурах / отв.ред. А.К. Муминов. Введение, перевод с арабского-персидского, комментарии, текст факсимиле Ш.Х. Воходова, Б.Б., Аминова. – Алматы: Дайк-пресс, 2005. – С.123.

17 БНМАУ-ын түүх. Гурван ботийн дэд боть. – УБ: 1966. – С. 239.

18 Амар А. Монголын товч түүх. – УБ: 1989. – С.158.

19 Ино Юувэй Эсэси. Бөрте Чинө. - Хөх хот. 1979. – С. 371.

20 Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан летопись трех тысячилетии. – Алма-Ата: Рауан, 1992. – С.185.

21 Пэң Да Яа. Хар Татарын тухай хэргийн товч. – Бейжиң - Хөх хот, 1989. – С. 48.

22 Материалы по истории Казахских ханств ХV-ХVІІІ вв. – Алма-Ата: Наука, 1969. – С. 227.

23 Шмидт Ю.А. Очерк Киргизской степи к югу от Арало-Иртышского Водораздела (Записки Западно-Сибирского отделения РГО). – 1894. – Т. 17. – Вып. 1-2. – С. 12-13.

24 Бартольд В.В. К вопросу о погребальных обрядах Тюрков и Монголов. - М.: Наука, 1968.

– С. 388.

25 Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. – Алма-Ата: главная ред. казах.сов. энциклопедии, 1984. – Т. 1. – С. 190-197.

26 Егінбайұлы Ж. Археологические исследование комплекса Жошы-хана // Отан тарихы. – 2001. – №1. – С. 105.

27 Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы. – Алматы: Қазақстан, 1997. – С. 87.

28 Сайшаал Б. Чингис товчоон. Доод дэвтэр. - Хөх хот. – С. 919.

29 Греков Б.Д., Якубовский А.Ю. Золотая Орда и ее падение. – М-Л: 1950. – С. 70.

30 Су Би Хай. Қазақ мәдениетінің тарихы. – Алматы: ДЖҚҚ, 2001. – С.142.

31 Орда Еженнің өмірбаяны туралы мына еңбектерден қараңыз: Түркі әлемнің көшбасшылары: Өткені мен бүгіні. І кітап. Ұжымдық монография. – Астана: Сарыарқа баспасы. 2011. – С. 103.

32 Соловьев С.М. История России. – Т.1. – С. 1345.

33 Греков Б.Д., Якубовский А.Ю. Золотая Орда и ее падение. – М-Л: 1950. – С. 250.

34 Гумилев Л. От Руси до России. – М: Аирис Пресс, 2000. – С. 187.

35 Вернадский В.Г. Монголы и Русь. пер. с англ. Е.П. Беренштейна, Б.Л. Губмана, О.В. Строгановой. – М.: Аграф, 1999. – С. 391.

36 Halperin Ch.J. Russia and the Golden Horde. The Monqol impact in medieval Russian history.

- London. Ib. Tauris and Co LTD. 1987.

Аннотация

Мақалада автор Жошы ханның туған, қайтыс болған жылы, жерленген жері туралы жаңа қорытындыға келіп, өзіндік пікір ұсынды.

Автордың анықтауы бойынша Жошы хан 1179 жылы қараша айында туылып 1225 жылы күздің соңғы айы, Григориан жыл санауы бойынша 46, шығыстық жыл санауы (Шығыс күнтізбесі) бойынша 47 жасында өмірден өтіп құпия жағдайда жерленген деген қорытындыға келген. Автор Ұлытаудағы «Жошы мазары» оның алғаш жерленген жері емес, ұрпақтары хан атасына арнап ХVІ ғ. соңы ХVІІ ғ. басында тұрғызған болуы мүмкін, сондықтан бұл мәселені әлі де зерттей түсу қажет деп есептейді.

Түйін сөздер: орта ғасыр, Жошы хан, Хорезм, Шыңғысхан, Қыпшақ даласы, Шығыс империясы, Моңғол империясы.

Резюме

Автор пришел к заключению, которое ранее не озвучивалось, относительно времени рождения и смерти Жошы хана, а также места его захоронения, выразив тем самым особое мнение по данному вопросу.

На основании результатов своих исследований автор пришел к заключению, что Жошы хан родился в ноябре 1179 года и умер в последний месяц осени 1225 года в возрасте 46 лет согласно христианской системе летоисчисления (по Григорианскому календарю) и в 47 лет - по Лунному календарю, кроме того, хан был захоронен тайно. Автор считает, что «Жошы мазары» (Могила Жошы) на горе Улытау не является местом его первоначального погребения; существует вероятность, что потомки установили его в честь хана-отца в конце XVI - начале XVII века, поэтому, по мнению автора, вопрос требует дальнейших исследований.

Summary

Based on the research the author summarized that Jochi Khan was born in November 1179 and died in the last month of autumn 1225 at the age of 46 year old according to Gregorian calendar and 47 – as per lunar calendar; besides, Khan was buried secretly. The author considers that “Jochi mazar” (Jochi’s burial place) on Ulytau Mountain is a not a place where Khan has been initially buried; there is probability that descendants raised it in honor of their Khan Father end of XVI – beginning of XVII centuries, so this issue still demands further detailed study.95

З. ҚИНАЯТҰЛЫ

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және

этнология институтының Бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д.


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз