Басты бет Тарихи білім Білім беру, ғылым, мәдениет ұйымдары Талдау мен сараптама Отан тарихы және ғылым тағдыры

Отан тарихы және ғылым тағдыры

08 Тамыз 2013
76
0

Тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің бір де болса бірегей нышаны – төл тарихтың бары мен жоғын бұрмалаусыз, боямасыз, тек ақиқат биігінен зерделеу. Мұндай талаптың тарихты түзуші ғылымға да, сұранысты туындатушы тәуелсіздік пен мемлекеттілікке де бірдей қатысы бар. Өткеннің тәжірибесі мен тағылымы қаншалықты әділ зерттелсе һәм насихатталса, тарихи санасы оң қалыптасқан халық бүгінгі үдерістің соншалықты белсенді әрі өскелең субъектісі бола алады екен. Демек, тарихи сананың кемелдігі болашаққа берілген кепілдік, ал әлжуаздығы ұлттық қауіпсіздікке төнген қатермен пара-пар.

Тәуелсіз Қазақстан ырғақты да тұрақты даму үстіндегі ел. Ал ғылым саласындағы өзгерістер – мемлекеттік саясат пен басқару, адам капиталы, қаржыландыру мен заңнамалық бекемдеу, материалдық-техникалық жабдықтау – эволюциялық сипаттан гөрі революциялық сілкіністерге көп ұқсас. Ғылыми ақыл-ойдың кенішіндей Ұлттық ғылым академиясына қоғамдық бірлестік мәртебесін бергеннің өзі неге тұрады.  Тарих ғылымы үшін де азаттық алғаннан бергі дәуірдің бергені, болмыс-бітімі, орны мен маңызы айрықша әрі бұрынғыдан мүлде бөлек. Жаһанданудың, тәуелсіздіктің, шығармашылық еркіндіктің артықшылықтары мен жасампаз әлеуетіне сүйенген ғалымдар қысқа мерзімде тоталитарлық ойлау және жазу дағдысы аясынан шығып қана қоймай, өткеннің тағылымы мен тәжірибесін ғылыми танудың әлемдік озық үлгілеріне сай еңбек етуге қабілетті екенін дәйектеді. Бұл орайда зерттеушілердің қиялы мен қаламына қанат бітірген бірнеше ішкі және сыртқы факторды баса көрсеткен ләзім.

Сыртқы фактордың маңдайалдысы - Кеңестер Одағының ыдырауымен шекарадағы темір тор ысырылып, Қазақстан - әлемнің, әлем - Қазақстанның интеллектуалдық әлеуетімен кешенді, таптық-идеологиялық жіктелусіз танысу мүмкіндігінің ашылуы. Бұл орайда Қазақстан Республикасының БҰҰ-ға мүшелікке қабылданғанының мәні ерекше. Шешім 1992 жылғы 2 наурызда дауыс берусіз, бірауыздан мақұлдау негізінде қабылданды. Мәжілісте сөз сөйлеген Қазақстанның өкілетті өкілі ұлттар қоғамдастығына мүше барлық мемлекеттерге осы шешім үшін ризашылық білдірді. Республика Ұйым Жарғысы бойынша өзіне қабылдаған міндеттемелерді мүлтіксіз орындайтыны және оның мақсаттары мен принциптеріне сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметіне лайықты үлес қосу үшін бар мүмкіндікті жасайтыны мәлімделді. Мәжілістен кейін БҰҰ штаб пәтерінің алдында Қазақстанның туын көтерудің салтанатты рәсімі болды.

Осы жылғы 25 қарашада беделді халықаралық ұйым ЮНЕСКО-ның бас директоры Федерико Майорға Абайдың туғанына 150 жыл толуын ЮНЕСКО шеңберінде тойлау мәселесіне байланысты Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың жеке хаты табыс етілді. Федерико Майор Абайдың 150 жылдық мерейтойына тікелей қолдау көрсететініне сендірді. Бұл мәселенің Елбасының тікелей араласуымен ғана шешілетін жөні де бар еді: ЮНЕСКО тәртібі бойынша әлемдік ауқымды ұлы тұлғалардың тек ғасырлық мүшел тойлары ғана аталып өтеді. Ереже талаптарының тілімен айтсақ, «датаның кемінде екі нөлмен бітуі», мысалы, 100, 200, 500, 1000 деген сияқты болып келуі шарт. 1993 жылдың мамырында Қазақстан БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ЮНЕСКО құрамына 164-ші мемлекет болып кірді.

Маңызды сыртқы фактор қатарына тарихшы ғалымдарымыздың Еуропа мен Америкадағы, Азия мен Африкадағы конференцияларға, конгрестерге, симпозиумдарға, тағы басқа форумдарға еркін әрі белсенді қатыса бастауын жатқызсақ болады. Шетелдік әріптестер де Қазақстанға көптеп келетін күн туды. Кітаптармен, идеялармен, жұмыс тәжірибелерімен алмасу, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру – бәрі Отандық тарих ғылымын кешенді байытқаны күмәнсіз.

Дегенмен, Қазақстанның тарих ғылымын, халықтың тарихи ой-санасын сапалы жаңа белеске көтерген фактор елдің ішінде пісіп-жетілді. 

  Тарих ғылымындағы ілгерілеу мен ізденістің өрлеуіне президенттік фактор соны серпін берді. Әңгіме Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың ұлт тарихына ерекше ілтипаты туралы болып отыр. Ол қашанда тарих тағылымын алға тарта сөйлеуді дәстүрге айналдырған. Тәуелсіздігіміз жарияланған күннің ертеңінде: «Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін. Сенімнен айырылмайық, бауырларым!» – деген еді. Елбасының Жарлығымен 1997 жыл саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жарияланса, 1998 жыл ұлт тарихы жылы деп жарияланғаны белгілі. Мұның сыртында Президент қаламынан туған «Тарих толқынында», «Ғасырлар тоғысында», «Еуразия жүрегінде», «Қазақстан жолы» кітаптары халықтың тарихи санасын қалыптастыруға игі әсер етті әрі тарихи зерттеулердің заманауи методологиясын түзуге септесті. Бұларда қатпары қалың деректерді талдаудың, пікір алуандағын сыйлаудың, ұлт тарихы мен руханиятын дәуірлеудің, әлем тарихы мен отан тарихындағы ықпалдастықты таразылаудың, астаналар мен идеялардың тарихтағы орнын бағалаудың инновациялық тұжырымдары бар. Тұтастай алғанда, Елбасы еңбектеріне тән дәстүр, жаңашылдық, методология деңгейіне көтерілу – бүгінгі тарихшы ғалымдар алдында тұрған міндеттердің өзекжардысы.

Президенттік фактордың мейлінше жарқырай көрінген саласы – «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы. 2004-2011 жылдар аралығында жүзеге асқан осынау бағдарламаның тарих ғылымына салған олжасы ұлан-ғайыр. Ежелгі дәуірден ХХІ ғасыр басына дейінгі тарихи үдерісті бедерлеген деректер, жәдігерлер, құнды ақпараттар дүниенің төрт бұрышынан ағылды. Зерттеушілердің әлеуметтік-кәсіби есеюі көз алдымызда жүріп жатты. Бес ғасырдан астам тарихы бар Қазақ мемлекетінің шежіресінде бұрын-соңды мұндай ауқымды, нәтижелі, мақсатты рухани-практикалық және ғылыми-танымдық ізденіс орын алмағаны күмәнсіз ақиқат. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуы – тәуелсіз Қазақстанның ұрпақтан ұрпаққа жалғасар мақтанышы. ЮНЕСКО тарапынан да бұл дүниеде сирек кездесетін жоба, басқа елдерге де өнеге болатын құжат деп белгіленді.

Ең бастысы – азаттықтың жасампаз әлеуеті шексіз екені тағы бір қырынан көрінді. «Мәдени мұраның» өзектілігі жайлы Н.Ә. Назарбаев: «Біз келер ұрпақтармыз ұдайы жалғастыруға тиісті ұлы істі бастап бердік. Алыс жол алғашқы адымнан. Ол тоқтамайды да», деді.

Әлемдік және отандық тарихтың сабақтарын тереңнен толғаудың тамаша үлгісі – Елбасымыздың «Қазақстан-2050»  Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауы. Жолдаудағы үш тараудың алғашқы екеуі: «Қалыптасқан Қазақстан» және «ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатері», ондағы пайымдар мен тұжырымдар толығымен тарихқа сүйенгенін көреміз. Соңғы 15, 20, 60, 100, 150, 300 жылда орын алған өзгерістер мен қайшылықтарды алға тарта отырып, Президентіміз Қазақстанда шешілуге тиісті міндеттер парадигмасын талдайды. «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруда қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктелетінін былайша түйіндейді: «Тағылымы мол тарихымызбен, ұлы бабалардың ұлағатты өмірінен алар тәлімімізбен біз алдағы асулардан алқынбай асамыз».

Қазақстан тарихын зерттеуге ықпалдасқан келесі фактор – ұйымдастыру факторы. Оның екі құрамдас бөлігін айрықша атап өтуге болады: бірі – жаңадан ғылыми-зерттеу институттарының (Ә. Марғұлан атындағы Археология институты, Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, Мемлекет тарихы институты), факультеттер мен мамандықтардың ашылуы. Мәселен, 1992 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетіндегі тарих факультетінің құрамында халықаралық қатынастар бөлімшесі ашылғанда «Егеменді Қазақстан»: «Жаңа бөлімшенің беделі жоғары. Мұнда түсуге ниет білдіргендердің көп болуы таңқаларлық емес. Бірақ таңдау қатаң түрде жүргізіледі. Оған түсетіндерге шет тілі мен қоғамдық пәндерді терең білу талабы қойылған. Әзірге қабылдау онша көп емес. Алайда, сірә, белгілі бір уақыттан кейін бөлімше негізінде халықаралық қатынастар институтын құру туралы мәселе де қойылуы мүмкін», деп жазған екен.

Екіншісі – Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты қабырғасында даярланып, 1995 жылы қабылданған халықтың тарихи санасын қалыптастыру тұжырымдамасы, 2000-жылдар басында дүниеге келген Қазақстан тарихшыларының қауымдастығы, 2011 жылы 16 қыркүйекте шақырылған Қазақстан тарихшыларының бірінші Конгресі. ҚР Жоғарғы Кеңесінің 90-шы жылдар басында құрылған арнайы комиссиясы күштеп ұжымдастыру мен ашаршылық жайлы көлемді зерттеу жүргізіп, ұйымдастыру факторына өз үлесін қосқанын бекерлеуге болмайды. Сол тұста мәселенің қаншалықты күрделі болғанын академик М. Қозыбаевтың тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасын талқылаған Президент жанындағы мемлекеттік саясат комиссиясында айтқан мына сөздерінен байқау қиын емес: «Тәуелсіздік алған сәтте халықтың рухы жоғары болуы керек. Халық өзінің әлемдік өркениеттегі орнын білу керек. Бұзылған халық санасына жаңа сипат беру керек. Жаңа буынның санасын, тарихи сапасын қалыптастыру керек. Тәуелсіз елдің мүддесін әлемдік қорғау үшін өткенді біліп, бүгінгіні талдап, болашақты болжау керек. Бір сөзбен айтсам: тарихи сананы қалыптастыру өмір мүддесінен, тәуелсіз мемлекет мүддесінен туындайды». 2011 жылы құрылған «Тарихшылардың ұлттық конгресі» қоғамдық бірлестігі де осынау үдерістен тыс қалмайтынын көрсетіп отыр.

Қазіргі ұйымдастыру факторының, яғни ғылымға мемлекеттік басшылықтың табиғаты кеңестік жылдардағы «дерттен» - саяси-идеологиялық өктемдіктен, ғылыми ұжымның ішкі істеріне өрескел араласудан, әкімшілік ресурстарды жойдасыз қолданудан – ада екенін айтқан жөн.

Отандық тарих ғылымының әлеуетін арттыруда, қоғамға ықпалын еселеуде адам факторының алар орны зор. Азаттықтың 20 жылы ішінде тарихшы ғалымдардың айтулы шоғыры республикамыздың барлық өңірінде қалыптасты. 200-ге жуық ізденуші түрлі мамандық бойынша тарих ғылымдарының докторы, 1000-ға тарта адам тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алуға диссертациялар қорғады. Кезінде ғылым докторын облыс орталықтарындағы ЖОО-дан көру қиын болатын. Бүгінгі ахуал көш ілгері.

Бұған диссертациялық кеңестер жүйесінің кеңейгені де оң ықпал еткені рас. Кеңестік жылдарда мұндай мүмкіншілік Алматы қаласында ғана бар еді. 1992 жылы қазақстандық жоғары аттестациялық комиссия құрылумен диссертациялық кеңестер Астана, Қостанай, Орал, Семей, Өскемен, Қарағанды қалаларында ұйымдастырылып, жыл сайын орта есеппен 50-60 ізденуші тарих салалары бойынша ғылыми атақ ала бастады.

КОКП билеген Қазақстанда тарихи зерттеулердің басым бөлігі (80-90%) партия тарихына, кеңестік дәуір тақырыптарына арналатын. Кадрлық, қаржылық басымдық соларға берілетін. Азаттық арқасында саяси-идеологиялық ахуал да, саясат та түбегейлі өзгеріп, археология мен этнографиядан, тарихнама мен деректанудан, халықаралық қатынастар мен сыртқы саясаттан, шығыстану мен жалпы тарихтан, ғылым мен техника, мәдениет пен өнер, әскери тарихтан жазары да, айтары да мол ғалымдар, жас ізденушілер қатары өсті.

Әрине, отандық тарих ғылымының жаңа мазмұн мен тұрпатта есеюі қиындықсыз, жаңсақ басусыз бола қалған жоқ. Кезінде К.Маркс пен Ф.Энгельс коммунизмді Еуропаны кезіп жүрген елес деп сипаттаған еді. Рас екен. Жаңа дәуірдегі және кеңестік жылдардағы Қазақстан тарихын зерттеген тарихшылардың бірнеше буыны сол «елестің» теориясы мен практикасын дәйектеуге жегіліп, өздерін бекерге әуреге салғанын, қоғамдық сананы аз шатастырмағанын өкінішті болса да мойындауымыз керек. Ақиқаттың бет-пердесін басқаша ашуға жол салған Ә.Марғұлан, Е.Бекмаханов, О. Ысмағұлов, В.П. Юдин сынды ғалымдардың тағдыры қылыштың жүзінде қылпылдады: сотталды, жұмыстан қуылды, кітаптары өртелді, аяусыз сыналды. Оңай көрінгенмен, ондаған жылдар бойы елес қуған ресми тарих ғылымының теориялық-методологиялық ұстанымдары бой бермей, ұлттық бояуы қанық, танымдық қарымы жоғары, әлемдік озық ақыл-ой әрекетімен үйлесімді зерттеу әдіс-тәсілдерімен арпалысуы ұзаққа созылды. Бұл пролетариат көсемдерінің ескерткіштерін тұғырдан тайдырудан, маңдайшадағы жазуларды ауыстырудан, ономастиканы модернизациялаудан әлдеқайда ауыр үдеріс екен. Нарықтық экономикаға көшу, мемлекеттік басқарудың жаңа моделін түзу, әлеуметтік сала мен адам капиталын заманауи талапқа икемдеу – бәрі өтпелі кезең қиыншылықтарымен күрделеніп, тарих ғылымының ілгерілеуіне бөгесін жасады.

Ғылым докторының (кандидатының) дипломын алумен ел таныған ғалымға айналамын деп ұққан адамдар тобы пайда болды. Олар мемлекеттік қызметшілер қатарынан да, ЖОО оқытушылары арасынан да шықты. Бұлар әдетте таптаурын тақырыпқа диссертация жазатын немесе бөтеннің жұмысын көшірумен қорғауға шығатын. Адам қызметінің ерекше саласы – ғылымдағы кереғарлыққа алдымен жауаптылар – атақ-дәрежесі биік ғылыми интеллигенция өкілдері, дәлірек айтсақ, диссертациялық кеңестер төрағалары мен ықпалды мүшелері.

Ғылымның диалектикасы мен автономиясына жат берекесіздік бекер кетпеді. Шығармашылық әлеуеті мардымсыз, кездейсоқ ізденушілердің ғылымға еніп кетуінен нәрсіз, өресіз диссертациялар, кітаптар туындап, қоғамдық пікірде ғалымдардың беделі түсті.

Ғалымдардың бірнеше буыны айналымға енгізген деректерді игерместен, тіпті іргелі зерттеулер мен соңғы жарияланымдарды оқымастан Шыңғыс ханның қазақ болғанын, Абылайдың хан атағына лайық еместігін, Ұлы Отан соғысы Қазақстан тарихына енбеуі керектігін «дәлелдеген зерттеу» жазғандар бар. К. Ақышев, Р. Сүлейменов, Д. Дулатова, М. Мұқанов, Х. Арғынбаев, М. Қозыбаев, К. Нұрпейіс,  Ж. Қасымбаев сынды әйгілі ғалымдар дүниеден озған соң, өздерін «бүгінгі классик» санайтын  тарихшылар шықты.  Біреуі ұлттық деректанудың негізін қалаушы екен, екіншісі Қожаберген жыраудың тарихта болғанын бекерлейді. «Әлем таныған тарихшы-ғалыммын» деген сөздерді айтушыны көзіміз көріп, құлағымыз еститін болды.

Интеллектуалдық құқық пен кәсіби этика сақтала бермеді. Мәселен, «Болатхан Тайжан қоры» М. Әбдіқалықов пен А.М. Панкратованың редакциясымен 1943 жылы жарық көрген «История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней» кітабын басқа атаумен 2011 жылы қайта басып шығарыпты. Кезінде бұл еңбекті КСРО Ғылым академиясы Тарих институтының Алматыға эвакуациямен келген ғалымдары, КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының, Маркс-Энгельс-Ленин институты Қазақ филиалының ғалымдары – ұзын-ырғасы 23 адам жазған еді. Бүгінгі нұсқаны қарап, Е.Бекмаханов қана жазған ба деп қаласыз. «Жаңа» басылымға 1943 жылғы кітапта бар ІІІ-бөлім «Казахстан социалистический» кірмей қалыпты. 230 бет күресінге лақтырылған. ІІІ-бөлімді жазғандар халқымыздың біртуар ұлдары еді ғой. Оларды менсінбейтін «мықтылар» қайдан шықты?

Әр нәрсенің бастауы қиын. Тыңнан түрен салу тіптен қиын. Тәжірибе аз, мүмкіндігі шектеулі уақыт пен кеңістік үшін осылай болуы керек те шығар. Азаттығымыздың 20-шы жылында ахуал күрт өзгерді. 2011 жылы «Ғылым туралы» ҚР Заңы қабылданды, ғылым кадрларын даярлаудың ескі жүйесі тоқтап, ғалымдар қатарына PhD түлектері келе бастады. Доцент, профессор ғылыми дәрежелері импакт-факторға ие мақаласы барларға ғана берілетін болды. Зерттеу жұмыстарына, жобаларға  сұрыптаудың, сараптаудың жаңа нұсқасы енгізіліп, қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғайды. Бұлардың бәрі ұлттық тарих ғылымына тікелей әсер еткені сөзсіз.

Қазақстан тарихын ғылыми танудың өтпелі кезеңі аяқталып, сапалық жаңа сатыға көтерілгенін айшықтаған екі бетбұрысты сәтті ерекше айтатын уақыт келді. Бірі – Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» мақаласы, екіншісі – 2012 жылғы 14 желтоқсанда жариялаған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауы. Бағдарламалық мақалада тарих оқулықтарын ең биік талаптарға лайықтап жазуға тапсырма берілсе, Жолдау инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясатын паш етті, ұлттың тарихи санасын қалыптастыруды, бүкілқазақстандық бірегейлікті халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналдыруды жаңа патриотизмнің алғышарты ретінде айрықша атап өтті. Осылардың әрқайсысында ұлттық интеллигенцияның рөлі жоғары екені қаперге салынды. «Интеллигенция, - деді Елбасымыз, - қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және болашаққа құлшынысты болуға тиіс».

Сонымен, Қазақстанның қалыптасқан мемлекет екені әлемге жарияланды. Демек, тарих ғылымы да өтпелі дәуірді артта қалдырды. Маркстік - лениндік ілімнен біржолата қол үзген оның теориялық-методологиялық басымдықтары мен ұстанымдары бірізділіктен сан-алуандыққа көшті. «Ақтаңдақтарды» жою әлі толық аяқталып бітпесе де, бүркемеленіп келген күрмеуі күрделі тақырыптар игерілді. Бірен-саранын айтсақ, Кенесары қозғалысының, Алаштың, ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннің ақиқаты  жарыққа шықты. Басқа да бағыттар мен тақырыптар бойынша ізденістер ұлттық, мемлекеттік мүддеге бағышталғаны айдай ақиқат. Осының өзі ғылыми танымның сүбелі табысы, кеңестік саяси-идеологиялық өктемдіктен шығармашылық еркіндікке, таптық, партиялық елес қуудан ғылыми ақиқатқа түпкілікті қадам басқанды бейнелейтін құбылыс.

Бірақ табыстан тоқмейілсуге әлі тым ерте. Тарих тағылымы мен тәлімін замана талабына сай кәдеге жаратудың пәрменді үш тетігі бар: біріншісі – үдерісті заң күшімен, материалдық-қаржылай, кадрлық-ұйымдық шешіммен мемлекеттік реттеу; Екіншісі – ғалымдардың қарымымен кәсіби зерттеу; Үшіншісі – білім, өнер, БАҚ жүйесімен еңбектеген  баладан еңкейген кәріге дейін қамтып, санасына, жүрегінесіңіру.

Енді осылардың әрқайсысына кеңірек тоқтала кетелік, айтар ұсыныстарымыз да бар.

Қазақстанда тарихты оқыту, зерттеу, насихаттау мемлекеттік саясат пен практикадан бір сәт тыс қалған емес, жинақталған тәжірибе де баршылық. Сонда бөгесін, осалдық неде?

Кадрлық-ұйымдық мәселеде тарихтан PhD даярлау қарқыны өте төмен. Егер осылай жалғаса берсе, 10-15 жылдан кейін ЖОО-лар мен  Ғылыми-зерттеу институттарында (ҒЗИ) қызмет істейтіндердің негізгі денін магистрлар құрауы әбден мүмкін. Мәселен, соңғы 3 жылда біздің институттың бірде-бір магистрі PhD-ға оқуға түскен жоқ.

Білім және ғылым министрлігінің қаперіне саларымыз: Қазақстанда антрополог мамандарды даярлау тоқтады. Ертең қаңқасы табыла қалған тарихи тұлғаларымыздың бейнесін қалай қалпына келтіреміз? Антрополог мамандығын игеру үшін алдымен биология немесе медицина факультетін бітіру керек. Ал мұндай бакалавр ешқашан тарих факультетіне магистратураға қабылданбайды. Ереже рұқсат етпейді. Қысқасы, тарих ғылымының тұтас саласы жабылу қарсаңында.

Кеңестік жүйемен жоғары білім алған, бірақ кандидаттық диссертация қорғап үлгермегендер ҒЗИ-ларда аз емес.  Жасы ұлғайып кеткендері, отбасына байланғандары енді PhD дәрежесін ала алмайды. Сонда бұлардың маңдайына жазылған тағдыр кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер деңгейінде қалу ғой. Араларында майталман мамандар жүргенін ескеріп,  үздіктеріне аға ғылыми қызметкер дәрежесін беруді заңдастыруды сұраймыз.

Оқытудағы бөгесін - жоғары оқу орындарында (ЖОО) педагогикалық жүктеменің шамадан тыс көптігі. Кредиттік жүйеде ол 350 сағаттан аспайды деген сөзді ғасыр басындағы Білім және ғылым министрінің аузынан естіген едік. Іс-жүзінде 700 сағаттан кем түспей тұр. Нәтижесінде оқытушы 6-7 пәннен дәріс оқуға мәжбүр. Бұған айлығы төмен оқытушының қосымша жұмысқа жегілуін, толтыратын, жазатын қаптаған қағаздарын қосыңыз. Тап қазір  студентке сапалы тарихи білім беру осы себепті қиынға соғуда.

Енді зерттеулер туралы. Тарихтан ҒЗИ-лар екі  қалада ғана – Астана мен Алматыда шоғырланған. Ал облыстардағы ғылыми – интеллектуалдық әлеуетті игі іске жұмылдыру үшін жергілікті билік қолдауы қажет екенін әрі ол тамаша нәтижелермен көмкерілетінін Қарағанды, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан өңірлерінің тәжірибесі көрсетіп отыр. Өлкетануға селт етпейтін әкімдер де бар. Қозғаусыз жатқан осы әлеуетті жер-жерде іске қосу тек орталық биліктің ғана қолынан келеді. Тарихи өлкетану жанданбай, Отан тарихының біртұтас жаңа келбетін түзу бекер әурешілік.

«Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру барысында республикалық және жергілікті қоғамдық кеңестер құрылған еді. Оған билік өкілдері, ғалымдар, мамандар кірді. Сол тәжірибені қайта жандандыру керек сияқты. Мәселен, Мемлекеттік хатшы жанынан, облыстық, қалалық әкімдер жанынан ұлт тарихы бойынша қоғамдық кеңестер құрылып, билік пен ғалымдар қауымының ізденісін үйлестірсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Жалпытарихты зерттейтін қазақстандық ғалымдардың ізденістері үйлестірілмей отыр. Мұнсыз ежелгі және орта ғасырлар, жаңа дәуір мен қазіргі заман бойынша әлем тарихының оқулықтарын жазу қиынға соғады. Бөтеннің оқулықтарымен жастарымызды оқыту жарға соқтыруы бек мүмкін. Мәселені оңтайлы шешудің бірінші қадамы ретінде іргелі оқу орындарының бірінің құрамында жалпытарих бойынша бастамашыл-ұйымдық орталық құрғанды жөн санаймыз. Уақыт өте келе соның негізінде жалпытарих ҒЗИ-ы ашылып қалар. 

Маркстік-лениндік ілім тарихты халық жасайды деп үйретті. Негізінен дұрыс қағида. Бірақ толық емес. Тарихты, біздің ойымызша, халық, тұлға және геосаяси фактор түзеді. Үштағанның шешуші рөлі Қазақстан тарихының ұзына бойынан, әсіресе, тәуелсіздік тұсындағы тарихымыздан тайға таңба басқандай көзге түседі.

Біз тарихқа материалистік, идеалистік, формациялық, өркениеттік, т.б.с.с. көзқарастарды жоққа шығармаймыз. Дегенмен, өткеннің барысын, тағылымы мен тәлімін тұлға, халық, геосаяси фактор аясында, ықпалдастығында зерттесек, Отан тарихының жаңа мазмұны мен келбетін дұрыс әрі тартымды қалыптастырамыз деген ойдамыз. Біздің халықтың болмысы ізгілікке толы, қашанда ертеңнен күткені жақсылық. Жақсы сөзді жарым ырысқа балаған ол бодандықта да, тоталитарлық қыспақта да нағыз тұлғаны құрмет тұтты, төбесіне көтерді. Байлықтың негізі жер деп білгендіктен, Қаздауысты Қазыбек би атқандай, найзаға үккі тақты, досты сақтай білді, табысқанды, танысқанды ұлықтады. Қазір де осы құндылықтар тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді,  президенттік ішкі және сыртқы саясаттың іргесін қалап тұр.

Тарихи білімді насихаттауда  іске қосатын мүмкіншіліктер бар. Нақтырақ айтсақ, кеше ғана ашылған «Білім», «Мәдениет» телеарналары ақпараттық кеңістіктегі лайықты орындарын тауып отыр. Ендеше тарих телеарнасын неге ашпасқа? Ресейде «Бірінші тарих арнасы» жұмыс істеп тұрғанын әріптестерім жақсы біледі. Сол арқылы архивтер мен кітапханалар қойнауындағы, тарих ғылымы саласындағы, жекелеген зерттеушілер зертханасындағы өзекті ақпараттар, жаңалықтар қалың қауымға жол тартып жатыр. Біздің де азаматтар осындай жұмысты атқара алатынына кәміл сенемін.

Тарихи білімді жұртқа жаю ғалымның аты мен хатын ардақтаумен қатар жүргені абзал. Әрине, сапалы зерттеулердің бәріне сыйлық (Мемлекеттік, Күлтегін сыйлығы, Ш.Уәлиханов сыйлығы, т.б. сыйлықтар) беру мүмкін емес. Дегенмен, ресми сыйлық конкурсына қатысса да, бәйге алмағандарды Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің бұйрығымен «Үздік монография», «Үздік жаңалық», «Үздік мақала», «Үздік ғалым», «Жыл ғалымы», «Үздік оқу құралы» авторы деп ұлықтау қажет тәрізді. Бұл да қоғамдық пікірдегі ғалымның беделін көтеруге септеседі.

Тарихшы ғалымдар инновациялық дамуға бет түзеген Қазақстан халқының рухани-интеллектуалдық кемелденуі мен сұранысына жауап беретін биіктен көрінуге міндетті. Ол үшін білімпаздардың басын біріктіретін, ізденістерін ортақ арнаға тоғыстыратын, интеллектуалдық ұлт қалыптастыруға септесетін бірегей ғылыми жоба қажет. Тап бүгін бұл жауапкершілік жүгін пәнаралық бағдарлама «Ғылыми қазына» аясында 10 томнан тұратын «Отан тарихы» академиялық басылымын даярлау арқалап тұр. 

Қазақстан тарихы әр жылдары 1 том, 2 том, 5 том көлемінде жарық көргенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Дайындалу үстіндегі «Отан тарихының» олардан бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден, Қазақстанның, таяу-алыс шетелдердің ғалымдары тартылып отыр. Қазірдің өзінде америкалық қыпшақтанушы Питер Голден, Түркиядан Ахмет Ташағыл, Мәскеуден, Новосибирскіден, Уфадан тарихшы-авторлар шақырылып, біздің тапсырыс бойынша жазғандарын бере бастады. Екіншіден,  бұрынғы басылымдарда ашылмаған тақырыптар зерделенуде. Мәселен,  байырғы түркі өркениеті, қазақ антропологиясы, Абылай ханның миссиясы, қазақ диаспорасы, Қазақ АКСР құрамында болған Қарақалпақстан тарихы, астаналар тарихы үстірті баяндалды немесе мүлде айтылмады. Басқа-басқа, 2010 жылы екінші рет жарияланған  бес томдық «Қазақстан тарихы» академиялық басылымның бірінші томында палеолит дәуірінен соңғы орта ғасырларға дейінгі кезең талданғанмен, Қорқыт Ата мүлде ауызға алынбағанын, әл-Фарабидің бірде-бір еңбегі аталмағанын қалай түсінуге болады. Үшіншіден, ұлт тарихына бүгінгі Қазақстан шекарасы аумағында қарау тоқтатылады. Жаңа басылымда Отан тарихы әлемдік тарихтың ажырағысыз әрі құрамдас бөлігі тұрғысынан зерттелмек. Өйткені, Қазақстан ежелден алыс-жақын аймақтармен, құрлықтармен ықпалдастықта тірлік кешкендіктен бәсекеге қабілеттігін шыңдай алды. Біздің халықтың жасампаз әлеуеті мен интеллектуалдық қарымы отарлаудың да, тоталитаризмнің де қыспағына төтеп берді, тәуелсіздіктің ақ таңын жақындатты, бүгінгі дамудың Қазақстан жолын дүниеге әкелді. Елбасымыз Н.Назарбаевтың: «Біздің ұлы бабаларымыз Алтайдан Ақ теңізге дейінгі Ұлы далада өз билігін жүргізді. Бізге өшпес қаһармандық эпос және мол рухани қазына қалдырды. Тұңғыш рет әлемге өнеге болған ортақ шаңырақ – киіз үйді, темірді, шалбарды, жебені, етікті және өкшені, үзеңгіні ойлап тапты. Осындай батырлық эпосты дүниеге танытудың кезі келді деп ойлаймын», деген пайым- толғанысында бұлтартпас ақиқат жатыр. Төртіншіден, ғылыми танымның өлшемі – ақиқат. Отан тарихының ақиқаты ғылымға салынған карикатурадай теориясымақтарда емес. Оны таптық, партиялық заңдылықтарды ұлықтаумен де таппаймыз. Ақиқаттың кілті, біздің ойымызша, ұлы даладағы этникалық үдерістер қатпарында, мемлекеттер тағдырында, қазақ этногенезін, мемлекетін биік өремен зерттеуде жатыр. Басқаша айтқанда, этнос және мемлекет мүдделерінен тыс ой толғау, мемлекетқұраушы халықтың тарихы, мәдениеті, тілі, еңбекшіл өмір салты алда тұрмаған тұжырым көптомдыққа жарамсыз. Бесіншіден, көптомдық «Отан тарихы» болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылған жұлдызды сәтте жазылмақ. Осынысымен-ақ діттеген межеден шығуға толық мүмкіндік бар.

Қазірдің өзінде кітаптың атауы төңірегінде қызу пікірталас жүріп жатыр. «Қазақия тарихы», «Қазақстан тарихы», «Қазақ елі тарихы», «Қазақтар мен Қазақстан тарихы» атаулары ұсынылды. Әрине, пікірталассыз ғылым тұл. Дегенмен пікірталас соңына түсіп, көздеген нысанадан айрылып қалмаған абзал.

Көптомдық тарихын жазып жатқан ел жалғыз Қазақстан емес. Әзірбайжандар, татарлар 7 томдық төл тарихын жариялады. Ресей тарихшылары 20 томдық тарихты жазуға кірісті. Үкімет оған 250 млн рубль бөліп отыр. Армяндар 8 том тарихының алғашқы кітаптарын алды.

Қысқасы, Отан тарихының көптомдығы әлемдік ғылыми ақыл-ой жетістіктеріне арқа сүйей даярланып, Қазақ даласындағы тарихи үдеріс заңдылықтары мен ерекшеліктерін ұлан-ғайыр деректерді ми қазанында биік методологиямен қорыту арқылы ашқан, Қазақстанның кешегісі мен бүгінін арасынан қол өтпестей сабақтастық пен жалғастықта зерделеген, ұлттық идеясы, мақсаты, міндеттері кемел һәм діттеген нәтижесіне жеткен ұлық зерттеу болғанын қалаймыз.

Жүзеге асырылып жатқан басқа да жобалар баршылық. Шығыстанушылар, археологтар, этнографтар, ұлттық университеттердегі тарихшы профессор-оқытушылар болашағы зор тақырыптарды зерттеуде. Уақыты келгенде, солардың нәтижелерін монография, кітап түрінде жариялауды қамтамасыз етудің маңызы ерекше. Ғылым – ғылым үшін дамитын заман артта қалды. Бүгінгі ғылым прагматизмге толы. Оған мол қаржы жұмсау мәселенің ең оңай жағы ғана. Түптеп келгенде, ғылымды лайықты қаржыландыра отырып, мемлекеттің, халықтың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қол жеткізу, жұмсалған шығынның орнын толтырумен шектелмей, одан кем дегенде 4-5 есе көп қайтарыммен пайда табу әлемдік тәжірибеде әбден дәлелденген факт. Мұнсыз дамудың келесі міндеттері шешілмейді.

Пайда алу мен прагматизмнен қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар, оның белді саласы тарих ғылымдары да тыс қала алмайды. «Абай жайын зерттеушілерге» деген мақаласында ұлы Мұхтар Әуезов былай жазған екен: «Абай сөзі деген сөз бір-ақ сөз болса да, Абайша шықса, жарасады. Абайдың Абайлығы да сонда шығар. Осы Абай өлеңдерінің санын көбейтейік деп өзеурегенше, бар сөзінің кенеуін кетірмейік деп ойланайық. Абай сөзін көбейтеміз деп, көбік етіп алмайық».

Отан тарихын да көбікке айналдырып алмағанымыз абзал. Өткеннің қыры мен сырына үңілген әрбір еңбек бай деректік негізімен, теориялық өресімен, толерантты мазмұнымен оқырманның танымын тереңдетіп, тәрбиесін түзегеніне қоса, қоғамымыздың бірлігі мен татулығын нығайта алады. Осылар берісі – сұранысқа ие болып, әрісі – экономикалық прагматизмге дөп келгенде ғана «жазғандарым көбік те болса, көп болсын» дейтіндердің, рулық-тайпалық санадан аспай қалғандардың сандырақтауы мен далақтауы құр мақтаншақтыққа, бекер мал шашпаққа айналады. Нарық заманында тарихты білмей немесе қасақана тыйым салынған арнаға бұрғысы келетіндерді тезге салудың екі-ақ жолы бар: бірі – Конституция баптарына, тиісті заңдарға сүйену, екіншісі – кінәліні теңгемен жазалау. Қалыптасқан мемлекетіміздің стратегиялық бағытына нұқсан келтіретін тарихи еңбектерге цензура ұйымдастыруды, қуғын-сүргінге салуды аңсап отырған жоқпыз. Алайда «қотыртайдай» шектен шыққан зерттеусымақ авторы мен жариялаушысына қомақты айыппұл салуды өркениеттік негізде реттей алсақ, жауапкершілік деңгейі әлдеқайда өсетініне кәміл сенемін. Демек, «Қазақстан - 2050» стратегиясында Елбасымыз тиянақтаған: «Авторлық құқықтар мен патенттер мәселелерін реттейтін заңнаманы қайта қарау. Үкімет 2014 жылдың соңына дейін бұған дейін берілген барлық патенттер мен тіркелген авторлық құқықтарды олардың коммерциялануының ықтималдығы жөнінен талдаудан өткізуі қажет», деген тапсырма тарихшыларға тікелей қатысты.

Ғалымның моралдық жан-дүниесі кіршіксіз таза болғанда ғана оның қаламынан зияны жоқ, сауабы, «пайдалы әсер коэфициенті» зор еңбек шығады. Ендеше, біздер, аға ұрпақ, ғылымға келген әрбір жастың адами-имандық қасиеттеріне де мән бергеніміз жөн. Қазір мемлекеттік қызметшілер үшін ар-ождан кодексі түзілген жоқ па! Ғалымдарға да ар-ождан кодексі керек-ақ.

Қазақстанда Отан тарихының сан-салалы -  тіл, әдебиет, өнер, экономика, философия, саясаттану, дінтану, археология – мәселелерімен айналысатын қоғамдық-гуманитарлық ғылыми-зерттеу институттары (ҒЗИ) көп емес, онға да жетпейді. Кейбіреулерінде 40-50 ғана зерттеуші жұмыс істеуде. Мұншалықты шағын күшпен іргелі нәтижеге қол жеткізу оңай емес. Жас ғалымдардың еңбекақысы да әлі мардымсыз. Соған қарамастан ғылымдағы зиялы қауымның елге, оқырмандарына бергені де, берері де мол. Міне, осынау құштарлықты ұштай түсу үшін бірқатар ЖОО-ларға берілген «ұлттық» мәртебені қоғамдық-гуманитарлық ҒЗИ-ларға да қолданса артықтық етпес еді.

Ғылыми атақ-дәрежесі бар тарихшылардың басым бөлігі ЖОО-ларда шоғырланған. Алайда облыстардағы профессор-оқытушылардың ғылыми жобаларға араласуы мардымсыз. Жағдайды түзеу үшін ЖОО-лар мен ҒЗИ-лар бірлескен шығармашылық зертханаларды уақытша ашса, білім мен ғылым кіріге түсер еді. Ал тарихтан РһD мамандар даярлайтын университеттер педагогикалық жүктеменің 15-20 пайызын ҒЗИ ғалымдарымен бөліскеннен еш ұтылмайды.

Тарихты оқыту, зерттеу, насихаттау ісіндегі іркілістерді тек сыртқы фактормен түсіндірсек, қатты қателесеміз. Тарихшылар қауымы әлемдегі, елдегі модернизациялау қарқынына ілесе алмай қалатынын мойындауымыз керек. Әлеуметтік-кәсіби тұрғыдан кемелденудің, жетілудің орнына осыдан 15-20 жыл бұрынғы білім қорымен жүрген әріптестеріміз бар. Өкінішке орай, бұларды ҒЗИ-да кездестіруге болады. Ежелгі және ортағасырлық тілдерді білетін тарихшылар жоқтың қасы. Осыдан да шығар кәсіби тарихшы болмай-ақ, тарихи өзекті тақырыптарға том-том кітап жазушылар пайда болды. Ұлттық тарих ғылымының абыройын асқақтатқан Ә.Марғұлан, Е.Бекмаханов, С.Ибрагимов, Г.Дахшлейгер, Б.Сүлейменов, Е.Масанов, Т.Елеуов, Ә.Тұрсынбаев тұсында тарихшылар үйін «қонағы» билемеген еді. Жақсылық көрсек те, жаманшылық көрсек те өзімізден болып тұр.

Тәуелсіздік пен тарих – тамырлас. Тәуелсіздіксіз  тарих оңалмайды,  тарихсыз тәуелсіздіктің қадір-қасиеті ашылмайды. Ендеше біздер, тарихшылар, ұлы міндетке сай еңбек етейік.

Әдебиет – ардың ісі деген сөз бар. Ұлт тарихын жазу – ердің ісі. Уақыт артқан міндет үдесінен шығу баршамыз үшін әрі абырой, әрі жауапкершілігі аса зор тағдыранықтағыш сәт. Отан тарихын елестен арылтып, ақиқат тұжырымдарымен көмкере білген ғалымдарымыздың жүзі қашанда жарқын. Олар «ер» деген атаққа лайық.

ХАНКЕЛДІ ӘБЖАНОВ

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры,

ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз