Басты бет Пәнаралық зерттеулер Этнография Сәукеле

Сәукеле

08 Тамыз 2013
324
1

С.Ж. Асанова, Алматы, «Сымбат» сән акдемиясы

«Халық костюмінің тарихын зерделеу» мақаласынан.

Қазақтардың әйел бас киімдерінің ішіндегі өзіндік ерекшелігі бар, тойда киетін «сәукеле» деп аталатын бас киім.

Сәукеле – сонау 19 ғасырға дейін жеткен, қазақ халқының көне бас киімдерінің бірі. Ол туралы И.Георги, Ш.Ш. Уәлиханов, И.И.Ибрагимов және т.б. жазған. И.И.Ибрагимовтың сипаттауы бойынша, «сәукеле – конус тәріздес, күміс және алтын тиындармен, меруерт, маржандармен әшекейленген биік бас киім. Ұзындығы – 1,5 аршын... Тойға арналған бас киімді тұрмысқа шыққаннан кейін алғашқы кезде, бір жылға жуық уақыт киеді, содан соң оны шешіп, тек үлкен тойларда ғана киеді, оның өзі төрт немесе бес жыл аралығында ғана. 19 ғасырда қымбат сәукелелер мың рубль  немесе 100 іріктеп алынған жылқыға тең болған. Олардың үстіңгі жағында металлдан жасалған жұқа селдір, диадема (кейде оны алтыннан жасап, асыл тастар немесе меруерт, маржан және т.б. кестелеп тіккен), самай алқа және иек әшекейі болған. Сәукеленің қаңқасын матамен жапсырып, оған түрлі пішінді металлдан жасалған қаңылтыр белгілерді тіккен, олардың ішіне асыл тастар және жартылай асыл тастар жапсырылған. Қаңылтыр белгілер ірі де, майда да болған. Майдалары ірілердің арасына бекіткен. Сәукеленің үсті жібек немесе барқыт орамалмен жамылған.

Сәукелені жасауда ең бір шебер ұсталар, атап айтсақ, киім пішушілер, кесте тігушілер, жібек белбеу мен орамалдарды дайындау бойынша шеберлер қатысқан. Орамалдар мен баулардағы ою-өрнектер қалың иірілген түрлі түсті жіппен, яғни ириспен кестелеп тігілген. Орамалдың ортасы мен шеті «ширатылған кестемен» және тор ғып тігіліп жасалған. Сәукеле үшін алтын, күміс және қола алқалар мен қапталған қаңылтыр белгілерді зергерлер жасаған, олар өз жұмысында балқыту, шекімені, қалыптауды, түрлі жіңішке сымнан тоқылған нәрселерді және т.б. қолданған. Әдетте шебер бір сәукелені жасау үшін бір жыл уақытын кетірген. Асыл тастармен, меруертпен, маржандармен, алтынмен әшекейленген сәукеле өте әдемі болып келеді, Ақмола, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облыстарынан және Атбасардан келген, алтын шашақтары бар, жібекпен жамылған сәукелелер Петербургте өткен Шығыстанушылардың үшінші конгрессінде көрсетілген. Оларды Шыңғыс Уәлихановпен, Мейрам Жанайдаровпен және Сандыбай Шапановпен ұсынылған. С.Шапановтың сәукелесі 600 рубльге бағаланды. Ол маржаннан жасалған отыз жіппен, он бес меруерт жібімен әшекейленіп, қызыл жібекпен кестеленіп, алтын жіпті шашақтармен тігілген. Оның асыл металлдан жасалған қаңылтыр белгілерінде гауһар тастар болған. Сонымен қатар қымбат сәукелелер 1893 жылы Нижнегородск көрмесінде ұсынылған. Оның ішіндегі ең құндылары – Атбасар даласынан болды.

Тұрмысқа шыққан соң, бір жылдан кейін әйелдер анағұрлым қарапайым және де ыңғайлы «желек» деп аталатын бас киімді киеді. Бұл жеңілдетілген сәукеле, оның кескі шошақ пішінінде қатты қаңқасы бар, ол оқалы паршамен тігіледі немесе жұқалтырмен қапталады, сонымен қатар асыл тастармен әшекейленген, алтын және күміс шашақтармен безендіріледі. Бала туғаннан кейін, жас келіншек бас киімнің үшінші түрі – «кимешекке» келеді. Оны әдетте 25-45 жаста киеді. Ол ақ матадан тігіліп, әдетте тығыз кестеленеді...  

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

env_travel27.01.2015, 18:56

Are Saukele still made anywhere in Kazakhstan or Russia today?