Басты бет Интерактивті тарау Тарихи сейсенбі Өмірбай Бекмағанбетов: Кейкінің басын арулап жерлеуде асығыстық болмауы керек

Өмірбай Бекмағанбетов: Кейкінің басын арулап жерлеуде асығыстық болмауы керек

14 Ақпан 2017
882
0

Өмірбай мырза, жаңа ашылған студиямыздың алғашқы қонағы болып отырсыз. 1916 жылғы қазақ ұлт-азаттық көтерілісін, сол заман тарихи оқиғаларының басты жетекші тұлғаларынының тағдырлары туралы зерттеп жүрген  ғалымсыз. Кейкі батыр тақырыбына қалай келдіңіз?

Менің зерттеу обьектім 1916 жылғы қазақ даласындағы көтерілістердің тарихы, оның ішінде аймақтық деп айтамыз, қазіргі Жезқазған, Ұлытау өңірі бойынша көтерілістер тарихы болатын. Бұл өлкенің жері мен халқы ХХ ғасырдың басында Атбасар уезіне қарағаны белгілі. Осы өңірдегі көтеріліс жетекшілерінің тағдырларын қараған кезде Советтік тарихнамада көтеріліс басталып, аяқталған деген қасаң түсінікке келіспейтінімді білдіріп, біріншіден, 1916 жылғы көтерілістер аяқталмай қалды деген  ойға келдім. Екіншіден, патша өкіметінің тақтан құлауы, яғни Ақпан революциясының орын алуы көтеріліс жетекшілерін абыржытып тастады. Көтерілістің кейінгі тағдыры не болады, ар қарай не істеу керек деген сауалдар туындады. Себебі, сол кезде Орталық Ресейде, сол уақыттағы метрополия орталығы Петербургте азамат соғысы басталып кетті. Ақ пен қызылдың соғысы, негізгі майдандары қазақ даласына өтті. Содан жапа шеккен, барлық ауыртпалықты көрген, әбден тоналған – қазақтың қарапайым халқы. Осы халықты қорғау үшін, халық арасын торуылдап жүрген орыс-казак әскерінен сақтау үшін, Кейкі батыр айтатындай, «сары орыстың бәрі орыс», атты әскермен күресу үшін дала батырлары атқа қонды. Осы кезеңде атойлап атқа қонған қазақтың мен деген жігіттері қаруларын тастаған жоқ. Осындай оқиғалар қарсаңында елге Совет билігі орнаған соң, көтерілісшілердің барлығының тағдыры аянышты аяқталды. Ұлт-азаттық көтерілістердің барлығының тарихын қарап отырсаңыз, олардың жетекшілерінің түгелі дерлік аяусыз жазаланған. Оларға өмірінің  соңында мұратына жетіп, бақытты ғұмыр кешуді жазбапты.

Бұл уақыттарда аймақтарда кішігірім хандықтар құрылған. Бір ғана Бағаналы хандығының басшысы болған адам – Хасен Қасқабайұлы. Оның тағдырын зерттеу барысында архив құжаттарын тексеріп қарағанымда ол кісінің Голощекинге жазған хаттары табылды. Отбасында тоғыз адам, бар малының саны (ірі қараға шаққанда) жетеу. 1927 жылғы байларды кәмпескелеу науқанында 696 ірі байдың тізіміне еніп, жазықсыз қудаланған. Бұдан бұрын Торғай өңіріндегі Оспан Шолақов, Қасымхан Алтынсары деген кісілер 1921 жылдары-ақ қудаланып, жер аударылып кетті. Осындай ел ағаларының пешенесіне бұйырған тағдыр Кейкі Көкембайұлын да айналып өтпеді.

Ұлытау өңірінің тумасы болғандықтан, бала жастан сол өңірдегі тарихи тұлғалар жайлы әр түрлі аңыздар мен ел аузында сақталған әңгімелерді естіп, құлан руының ұрпақтары мен Кейкінің түп нағашы жұрты найман руының адамдарымен жақын араласып өскендіктен, өлке аумағында батырға қатысты жер атаулары көзбен көргендіктен, кейін білім алып, архив материалдарымен жұмыс істегенімде бұл деректердің барлығы да алдымнан шығып отырды.

Кейкі батырдың есіміне қатысты екі нұсқа айтылады. Жапан далада кейкиіп жеке жүреді деген пікір шындыққа жақын ба?

Қазақта «неменеге кейкиіп тұрсың?» деген сөз бар. Ондай адамдарға ешкімді менсінбей, жоғарыдан қарап тұрған жандарды жатқызады. Тәкаппар, суық. Кейкінің негізі азан шақырып қойған аты – Нұрмағамбет. Ел аузындағы бұған дейінгі әңгімелерде, ҚР Президенті мұрағатының сирек қолжазбалар қорында 1916 жылғы көтерілісті басып-жаныштауға қатысқан, көтеріліс басшыларын ұстап, қамап, тіпті ату жазасын орындаған адамдардың іс-әрекеттері сол уақыттың бағасы бойынша ерлік деп саналған. Сол кезең куәгерлерінің айтуындағы ауызекі әңгімелерде Кейкі есіміне қатысты екі нұсқа да айтылады: бірі кейкиіп жүретіндіктен, қайнысының есімін атамайтын қазақы дәстүрмен жеңгелері «Кейкі» атандырды десе, екінші нұсқада мұрны таңқылау келгендіктен, «Кейкі» атап кетті делінеді. Осы екі нұсқаның ішінде ел арасында көп тарағаны – ешкіммен араласпай, жеке жортып, бөлек жүретін саяқтығы.

Кейкінің жас кезіндегі барымташылығы туралы аңыздар ел арасында сақталған. Барымта мен барымташылық өнерді қалай түсінесіз?

Барымта туралы көзқарастың өзгеруі 1867-1868 жылдардағы патша әкімшілігінің сот реформасына байланысты туындады. Онда қазақтың байырғы кезеңінен келе жатқан өнер түрі – барымташылықты қылмыс қатарына жатқызады. Ал ұлтымыздың ұлы тұлғасы Шоқан Уәлихановтың «Сот реформасы» атты шығармасында барымта мен барымташылықты қылмыс есебінде танымайды. Өйткені мен деген қазақтың мықты жігіттері барымташы болуды мақтан тұтқан. Барымташы кім? Оның қандай қасиеттері бар? Ол ең алдымен аттың құлағында ойнайтын шабандоз, шоқпар, найза, сабақ, қыл аяғы сойылға дейін қаруларды еркін меңгерген батыр, сол кезеңнің көзқарасы тұрғысынан бұл әбден жетілген, кәсіби жауынгер дегенді білдіреді. Бір рудың намысын қорғайтын адам. Барымташылар – қазақтың далалық заңында бұзылмас механизмдерді реттеуші. Ру мен ру арасында келіспеушілік пайда болса, бір ру екінші жақтың малын айдатып алады. Бұл барымташылар арқылы ғана жүзеге асады. Тек бастан ұруғы тыйым салынып, қара саннан, тізеден, иықтан соғып, құлатып, аттан аударып тастайтын барымташы жігіттердің өз тәсілдері ХХ ғасыр басында да болды. Кейкі осы дала заңын жетік меңгерген, сол арқылы аты шыққан дала батыры.

1916 жылғы көтерілістің жалпы халықтық сипат алмауының себептері қандай? Осы мәселеге қатысты тарихшы ғалымдардың пікірі әрт түрлі. Сіздің ойыңыз қандай?

Бұл жерде мына нәрсені ескеруіміз керек: патша әкімшілігі қазақ даласын отарлаған кезде әлемдік отарлаушы державалар саясаты тұрғысынан қарағанда Ресейдің отарлау саясатының ерекшелігі олардың адамдар арқылы отарлау бағытын. Уақытша үкімет құрылып, билік шатқаяқтап тұрған шақтың өзінде де Еділдің шығыс жағына елді қоныстандыру саясаты күн тәртібінен түсірмеген. ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатында сақталған Уақытша үкімет отырыстарының хаттамаларының көшірмелерінде жазылулы тұр. Қоныстандыру саясатының арқасында крестьяндарды көптеп көшірді, оларға 15 десятинадан жер бөлді, әр түрлі салықтардан босатты, сол көшіп келуші крестьяндан патша өкіметінің саясатын ары қарай жүргізушілер болып қалды. Патшалық Ресей болсын, аралықта орнаған Уақытша үкімет болсын, қазақтардың көтерілісін басыңдар деп жергілікті басқар орындарына тапсырма бергенде оны іске асырушылар әлгі көшіп келуші крестьяндар болды. Оларға қажетті қару-жарақтар берілді, қазақтың қолындағы заттар қазақтың өзіне орыстың қолымен сатылып отырды.

«Көтеріліс неге жалпы халықтық сипат ала алмай қалды?» деген сауалға халықтың арман-тілегіне орай туындады. Сол кезең тұрғындарының ойынша көтеріліс тек қаруға ие болғанда жеңіске жетеміз деп сенді. Қарапайым халық Алаш зиялыларының айтқан ақылын түсінген жоқ, олар тек қаруға сүйеніп қалды. Екіншіден, көтерілістің аймақтық деңгейде ғана қалуына сол кезеңдегі патша өкіметінің әскери шептері мүмкіндік берген жоқ. Патшаның «Июнь жарлығы» жоғарыдан басталып, орындалуы тиіс соңғы нүктесі – қазақтың болыстары. Паспорттық жүйе болмаған кезеңде ауылдан солдатқа жарайтын еркек кіндікті азаматтарды жинап, пойызға салып жіберу сол болыстардың міндеті еді. Тізім болыс секілді патша билігінің өкілдерінің қолында болғандықтан, халық наразылығына алғаш ұшыраған олардың кейбірін өлтіріп тынды. ХХ ғасырдың басындағы қазақтар хандық билікті ғана көрген, басқа билік жүйесін тану оларда жоқ болатын. Ел арасында аты шыққан, белгілі тұлғалар маңына топтасып жинала бастауы сондықтан. Кейін күз келді, қар түскен соң, көтеріліс саябырсып, соңы аптшаның тақтан түсу оқиғасына ұласты. Көтерілістің жалпы халықтық сипатқа ие бола алмауына уақыт тарлығы мен геосаясаи жағдайдағы тарихи оқиғалар да әсер етті.

Біз сөзіңізде болыстар деп қалдыңыз. Болыстар бейнесі біздің әдебиеттерімізде жағымсыз образ ретінде сипатталады. Олардың бейнесінің бұрмалануы орай көркем әдебиеттердегі болыстар образына жаңаша көзқарастар қажет пе?

Біздің тарихымыз кеңестік дәуірде жазылды, оны мойындауымыз керек. 1943 жылы «Қазақ ССР тарихы» үш томдығы шықты. 1950 жылдары 5 томдық болып қайта жарық көрді. Бұл ресми әдебиеттер таптық көзқарастар тұрғысынан жазылып, ұлттық таным-білігімізді мүлде өзгертіп жіберді. Сондықтан тарих оқулықтарында болыс деген жергілікті билік жүйесінде ең қанаушы таптың басты өкілі ретінде сипатталады. Әрине, патша әкімшілігі болыстарды сайланбалы жолмен қойды, болыстыққа кез келген адам түсе алған жоқ. Олар бай болуымен қатар, шебер ұйымдастырушы болуы керек, білгір дипломат болуы керек, рулық шежірені, ескі салт-сананы жетік білетін жұлымыр болуы керек, одан бөлек елге өте беделді, күрмеуі қиын мәселенің жымын білдірмей шеше алатын, сөздің құнын түсінген әділ адам болуы керек. Болыстықты биліктің ең төменгі сатысы деп түсінсек, ауылды басқарушы болыстардың қолында ешқандай билік болған жоқ. Сондықтан олар жоғарыдан түскен жарлықты орындаушылар ғана болып қалды.

Енді әуелгі әңгімемізге қайта оралсақ. Кейкі батырдың бассүйегінің оралуы сізге қалай әсер етті?

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді қазақ. Қазақ аруақты сыйлаған халық. Ол шариғатта да жазылған. Бассыз денені қара жер де қабылдамайды. Кейкі бабамыздың бассүйегінің оралуына менің өзіме жағымды әсер етті, халықтың өзі дүр сілкінді. Бұл бір жағынан қуанышты жайт, екіншіден, жетістігіміз. Кейкі мен Кенесарының әзиз бастарын сұрау біздің Тәуелсіздік алғалы бері айтып тұрген мәселеміз. 1993 жылдары академик Манаш Қозыбаев ағамыз Ресейдің жауапты орындарына хат жолдап, арнайы мәлімдеме арқылы сұратқан болатын. Алайда Ресей басшыларының, билік жүйесіндегі басты тұлғалардың өзгеруі батыр аталарымыздың басын алдыру мәселесін ұзақ жылдарға шегіндіріп келді. Қалай болғанда да соңғы жарты жылдың шегінде біз Кейкі батыр Көкембайұлының бассүйегін туған отанына алдырып, зерттеу үшін Еуропаға, генетика саласы бойынша, қыпшақтану мәселесінде озық шыққан Мажарстанға жіберіп, қалпына келтіруіміз – мұның бәрі тәуелсіздігіміздің, тарих ғылымының, руханиятымыздың жетістігі деп бағалануға лайық. Енді бас пен денені қосу мәселесінде де асығыстық болмауы керек. Қазіргі ҚР Премьер-министрдің орынбасары И. Тасмағамбетов бастаған жоғары лауазымды тұлғалар батыр бабамыздың басын жерлеуде асығыс қадамға барған жоқ. Ендігі мәселе – жер аяғы кеңіп, күн жылынған шақта Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің археологиялық құрамы (Ұлан Үмітқалиев бастаған) Кейкі батыр денесі жатыр деген үш жерді зерттеп, қазып, қорытындысын жасау. Сол арқылы елі үшін оққа ұшқан азат ердің әзиз басын денесіне қосып арулап жерлеп, ас беріп, басына әсем күмбез орнатсақ, елдігіміздің мерейін тасытқанымыз. Ұрпақтың дәстүрді жаңғыртқаны, аруақты сыйлағаны деп білеміз.

Әңгімеңізге рақмет.

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Сауалнама

Тәуелсіз Қазақстанның тарихына қызығушылық танытасыз ба?