Басты бет Интерактивті тарау Топ-5 Қазақ-жоңғар шайқасы туралы 5 тарихи фильм

Қазақ-жоңғар шайқасы туралы 5 тарихи фильм

23 Қаңтар 2017
881
0

Қазақ хандығы құрылған кезден бастап XVIII ғасырдың екінші жартысына дейін қазақ даласында ойраттар бірде жеңіске жетіп, бірде беті кері қайтып жеңіліске ұшырап жүрді. Қазақ халқы ойраттарды алғашқыда қалмақтар, кейін жоңғарлар деп атаған.

XV ғасырдың екінші жарытысында ойраттардың қалмақ тайпасының билеушісі Үз-Темір тайшы өздерімен іргелес жатқан қазақ даласына шабуыл ұйымдастырады. Дешті Қыпшаққа баса көктеп кіріп, Ақ Орданы  ойрандады. Осы уақыт аралығында сыр бойына жетіп, қазақ ұлыстарын оңтүстік-шығысқа қарай ығыстырып,  Түркістанды,  Ташкентті басып алды. Осылайша жоңғарларды (ойрат) Цинь империясы жаулап алмайынша іргедегі қазақ пен жоңғардың шапқыншылығы аяқталмады.

Ұлан байтақ жерімізді жоңғарлардан қорғап қалған қазақ батырлары, қазақ мемлекеттілігі, қазақ хандығы туралы тарихи шыңдық деректер көркем шығармалар мен зерттеу еңбектер де зерттеліп келеді. Соңғы уақытта қазақ-жоңғар шапқыншылығын қазақ режиссерлері ұлттық киноларда көрсетіп, батыр елдің ұрпағы екендігмізді жастарға үйретуде. Ұлттық рухын, тарихын санада жаңғыртатын басты құрал - кино. Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ мұрындық болып түсірген тарихи драмалық көркемтуындылар көрерменін жинап, ұлттық идеологияға тамызық болып отыр.  Осы орайда, National Digital History порталы қазақ-жоңғар шайқасы туралы түсірілген қазақ фильмдерінің бестігін назарларыңызға ұсынады. 

 

 «Батыр Баян» фильмі (1993 жыл). Жанры: тарихи драма

 

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қазақ-жоңғар шапқыншылығы туралы жарық көрген кинотуынды – «Батыр Баян». Әйгілі уақтан шыққан Баян батыр туралы деректерді Мағжан Жұмабаевтың "Батыр Баян" поэмасынан, жыраулар шығармаларынан, Шоқан Уәлихановтың еңбектерінен кездестіруғе болады.  «Батыр Баян» киносы Мағжан Жұмабаев поэмасының негізінде түсірілді.

Тарихи деректерде Баян жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен қазақ батырларының ішіндегі шоқтығы биік болып көрсетіледі. Қазақ-жоңғар соғысында Батыр баян жеңіліп көрмеген. Әр жорығында отарлап мал, қалмақ қыздарын олжалап қайтатын. Солардың арасындағы қоңтайшы қызы мен батырдың жалғыз інісі Ноян арасында махаббат өрбиді. Фильм осы арқылы жастардың албырт махаббаты пен балалығын, әрі батырдың аңғалдығы мен намысын суреттеген. Фильмдегі басты рөлді  (Батыр Баян) сомдаған Жұмахан Әбдіқадір. 1993 жылы жарық көрген фильмнің режиссер Сламбек Тәуекел. Бір қызығы «Батыр Баян»  киносындағы батырдың рөлін  «Алмас Қылыш» кинодастанында басты рөлдердің біріне түскен Қайрат Кемалов (Керей хан) ойнап шыққан.

 

«Сардар» көркем фильмі (2003 жыл). Жанры: тарихи драма 

 

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ шығарған танымал режиссер Болат Қалымбетовтың «Сардар» атты тарихи драмасы XVIII ғасырдағы қазақ-жоңғар шапқыншылығы кезеңі сипатталады.

Құлжа мен Ақберді есімді екі дос бір ауылда туып, өседі. Қазақ жеріне аты тараған айбынды қазақ батыры Құлжаның әкесі Кангерей жоңғарлардың тұтқынына түседі. Ер жетіп, бойларына күш-қуат жинаған екі дос Қангерейді тұтқыннан босатып, жоңғарлардың қол астындағы жаһан даланың тәуелсіздігі үшін күресуге бел буады.  Сондай-ақ көркем фильмде Құлжа мен Ақбердінің Қангерей батырды тұтқыннан босату жолында жоңғар қоңтайшысы Шонайдың қолына тұтқынға түседі, осы жерде екеуі қалмақтың ханшайымы Сарымтанаға ғашық болады. Бірақ, бұл махаббат араларына қылау түспейтін екі достың жігін ашады.

 

«Көшпенділер» көркем фильмі (2006). Жанры: тарихи драма 

 

Кинотуынды ХХІ ғасырдағы қазақ киносының озық жетістігін әлемге паш етті. Заманауи технологиямен түсірілген көркем фильм қазақ хандығының тарихи кезеңдерін, қазақтардың XVIIІ ғасырдағы мемлекеттік санасының қалыптасуы туралы жағдаяттарды көрсете білді. 

«Көшпенділер» фильмінің негізіне 18 ғасырда қазақ жерінде болған нақтылы тарихи оқиғалар-жоңғар жаулаушыларына қарсы қазақтардың азаттық соғысы алынған. Фильмнің негізгі тұлғалары – бізге тарихтан белгілі тұлғалар Әбілқайыр хан Абылай хан, Төле би, жоңғардың қолбасшысы Қалдан Серен.

«Көшпенділер» кинотуындысы қазақтардың азаттық соғысындағы  «тар жол, тайғақ кешу» кезеңін Голливуд киногерлерімен бірлесе отырып, көркем түйіндеген тұңғыш жоба болып табылады.  Тарихи эпикалық лентаның  режиссерлері Сергей Бодров, Талғат Теменов, Иван Пассер.

 

«Жау жүрек мың бала» көркем драмалық фильмі (2012). Жанры: тарихи драма

 

Қазақ жастарының ұлттық рухын оятуға, батыр бабаларды құрметтеуге шақырған тарихи көркем фильм – «Жау жүрек мың бала» кино картинасы. 2012 жылы тұсауы кесіліп, кино әлеміне жарқ еткен туындының ұраны:  «Туған ел, сүйген жар, намыс үшін от кешкендер» деп сипатталды.

Фильм қазақ халқы жоңғар шапқыншылығына қарсы ерлікпен күрескен XVIII ғасырдың бірінші жартысын қамтиды. Сол кезде қазақ жасақтары бірігіп, басқыншыларға тойтарыс беріп, майданда шешуші жеңістерге жеткен еді.

Кино желісі бойынша, осы соғыста ел үшін күрескен жауынгер ер-азаматтар қатарында, жаужүрек Сартай батыр да өзіндей өрімдей жас, жеткіншек сарбаздарды ту көтеріп, жорыққа бастап шығады. Мың бала атанған Сартай жасағы қарасы әлдеқайда көп жауға азғана қол қарсы шауып, арасалмақты қазақ әскері пайдасына өзгертеді.

 

«Алмас қылыш» кинодастаны (2016). Жанры: тарихи драма

 

«Қазақ елі» жобасының «Алмас қылыш» кинодастаны Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында бастау алған ұлттық жоба. Бұл ауқымды тарихи жобаның авторы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Тарихи туындының сценариі атақты жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының «Алмас қылыш» романының негізінде жазылды.

Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ студиясында «Centaurus Rustem Abdrashev production» ЖШС-нің қатысуымен түсірілген. Тарихи кинодастанның қоюшы режиссері Рүстем Әбдіраш.

«Алмас қылыш» кинодастаны ХV ғасырдың орта тұсындағы кезеңді суреттейді. Сол уақыттағы қазақ даласындағы Шыңғыс ұрпағының Алтын Ордасы құлағаннан кейінгі құрылған бірнеше жеке хандықтар кезеңі сипатталады.  Қазақ-қалмақ арасындағы жаугершілік заманды кинодастанда сәтті көрсетеді. Шайбаниттердің кіші тармағынан шығатын Әбілқайыр өз билігін күшейтіп, жеке хандық құрды. Ол көшпенділерге қатыгез, аяусыз саясат ұстанған болатын. Бірақ бұл Орда Еженнің ұрпақтары – Керей мен Жәнібек сұлтандарға ұнамады. Олар айналасына біріккен ондаған мың көшпенді халықты, ақсақалдар кеңесінде шешім қабылдап, Әбілқайырдан бөлініп шығады. Сұлтандар Моғолстанның шекарасына дейін жеткенде, жергілікті билеуші Есенбұға оларға қоныс беруге келіседі. Осылайша қазақ даласында сауын айтылып, Қазақ хандығының құрылғанын паш етеді. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз