Басты бет Қазақстан тарихы Ежелгі Қазақстан Қола ғасыры Беғазы-Дәндібай мәдениеті

Беғазы-Дәндібай мәдениеті

08 Тамыз 2013
1831
0

Беғазы-Дәндібай мәдениеті — қола дәуірінің соңғы кезеңінде (б.з.б. 9 — 8 ғасырлар) Орталық  Қазақстанды қоныстанған тайпалар мәдениеті. Беғазы және Дәндібай ескерткіш кешендерін алғаш зерттеп, мәдениет атауын ғылыми айналымға енгізген академик Ә. Марғұлан. Беғазы-Дәндібай мәдениетін өркендеткен тайпалар батысында Ұлытау, шығысында Абыралы, Шыңғыс таулары, оңт-нде Жетіқоңырдан Ертіс бойына дейінгі Нұра, Сарысу, Кеңгір өзендері бойлары мен Қызылтау, Бұғылы, Қызыларай, Қарқаралы, Баянауыл таулары аралығындағы кең жазықтарды қоныс еткен. Бұл кезде одан бұрынғы андрон мәдениетіне тән үлгілер сақталумен қатар, жаңа жерлеу ғимараттары, тұрғын үйлер пайда болып, жерлеу салты, өзіндік шаруашылық түрлері қалыптасады. Жаңа мәдениет қауымның жоғарғы лауазымды билеушілеріне арнап салынған қақпақ тастардан тұрғызылған зәулім кесенелерімен, мәйітті бір қырынан, аяқ-қолын бауырына жинап, сонымен қатар шалқалатып жерлеу, олардың жандарына қару-жарақ, әшекей бұйымдар қою ғұрыптарымен ерекшеленеді. Қыш көзелердің пішіні, жасалу, өрнектелу өзгешелігімен де айрықшаланады. Б.-Д. м-нің кесенелері күрделі сәулет өнері ескерткіштеріне жатады (Ақсу-Аюлы, Бұғылы, Беғазы, Дәндібай, Ортау, т.б.). Олар көбіне дөңгелек, төртбұрышты болып келеді. Ғимараттардың үсті қақпақ тастармен немесе жуан бөренелермен сатылы (пирамидалы) әдіспен жабылып, мәйіт ортадағы үлкен тас жәшіктерге жерленген. Қоныстар мен тұрақтардан табылған көзе ыдыстардың таяқшамен батыңқы сызылып салынған сыртқы өрнектері қарапайым, қиғаш, көлбей салынған шырша, тырнақ, шекілдеуік, жарты ай бейнелі, мойны мен ернеуіне белдемшелер жапсырылған. Ал қабірлердің ішіне қойылған ыдыстардың пішімдері мен өрнектері мүлде өзгеше. Олар қыл мойын құмыра пішімді, шығыңқы бүйірлі кесе, тостаған тәрізді, сырты сүйек қалыпшалармен әсем етіп өрнектелген. Осы кезеңде бұл өңірде ірі елді мекендер (Кент, Бұғылы, Шортанды-бұлақ, Қарқаралы, Ақкезең, Ұлытау, т.б.) пайда болған. Тұрғын үй құрылыстары әр түрлі. Қабырғасы, іргесі таспен өрілген 4 — 6 бөлмелі үйлермен қатар, бір-екі бөлмелі жер кепе және киіз үй пішіндес құрастырмалы жеңіл үйлер де көп болған. Олардың орта тұсында немесе шетінде биіктеу етіп тастан салынған төртбұрышты ғибадат ету орындары бар. Әрбір үлкен қоныстардың айналасында 3 — 5 шағын мекендер болған. Бұл жерлерді қоныстанған тайпалардың басым көпшілігі мыс балқыту, көзе жасау, егін егумен, мал ш-мен айналысқан. Б.-Д. м. жасаушы тайпалар да андрондықтар сияқты негізінен табиғат күштеріне (күн, от, су, т.б.) табынған. Сонымен қатар басты күнкөріс көзі есептелген жылқы, қой, түйе сияқты жануарлар мен қасқыр, аю, т.б. жыртқыш аңдарды құрметтеп, оларға табыну ғұрыптары пайда болған. Олардың тастан қашалған бейнесін зират, қоныс маңына (Қойшоқы, Ақсу-Аюлы, Қызыларай, т.б.) тұрғызып қойған. Б.-Д. м. тұрғындары — өздерінің әлеум. дамуында беделді рубасылары басқарған, қалыптасқан діни наным-сенімі, саяси әкімш. орталығы бар, өзіндік өндірісі мен өндіргіш күштері дамыған, алғаш мемл. бірлестік құру дәрежесіне жеткен тайпалар. Олар Оңт. Оралдағы (Замарев мәдениеті), Алтай мен Енисейдегі (Қарасуық мәдениеті) өздеріне туыс тайпалармен саяси-экон. тығыз байланыста дамыды.

Ж. Құрманқұлов

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 2-том


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз