Басты бет Интерактивті тарау Топ-5 Тәуелсіздікті көксеген 5 партия

Тәуелсіздікті көксеген 5 партия

07 Қараша 2016
233
0

АЛАШ 

Партияның құрылуы 1913 жылға қарай ойысады. Партияның бағдарламалық құжаттарының қабылданып, саяси ұйым ретінде қалыптасуы 1917 жылғы желтоқсанда жүзеге асырылды. Бұл партияның бастауы мен басшылығында Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Е. Омар, А. Жаждыбаев, Т. Бірмаханов, А. Тұрмұхаметов сияқты қайраткерлер тұрды.

«Алаш» партиясы бағдарламасының құрастырушылары да солар болып табылады. Партия бағдарламасының жобасы 1917 жылғы «Қазақ» газетінің 251 санында жарияланды. Бағдарлама бойынша Алаш партиясы қазақ облыстарының, қазак халқының бір мемлекетке бірігіп, Ресей Федерациясының құрамына автономиялық негізде енуін қолдады. Алаш партиясы қазақ ұлттық мемлекетін кұру, қазақ қауымынан Құрылтай жиналысына депутаттар сайлау, т.б. істерге белсене атсалысты.

Алаш партиясының көсемдері бірнеше ғасыр Ресей империясының отары (белгілі бір мемлекетке бағынышты, тәуелді елді айтады) болып келген Қазақстанды езгіден құтқару және оның мемлекеттілігіне қол жеткізу мақсатын көздеді.

Қорыта айтқанда, Алаш болу – белгілі шартты жүйе бойынша қадір-қасиетін таптатпай, тіршілік кеңістігін сақтап, қажетті азаматтық және шаруашылық құқықтарға иелік етіп, бағыну. Бүгінгі тілмен айтқанда – автономиялық дербестік. Қазақ болу – басқаның шылауында болмай, тәуелсіздік пен дербестікті толық қамтамасыз ету.

ЕСЕП

Қарағанды өңірінде XX ғ. 40-жылдардың басында Қарағандыдағы екі жылдық мұғалімдер инсититутына түскен студенттердің «ЕСЕП — Елін сүйген ерлер партиясын» құрды.

Мақсаты — тәуелсіз ел болу, міндеті — жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу. Мақсатқа жету үшін, міндетін іске асыру үшін өз бағдарламасы мен заңдарын құрды. Онда «отарлық бұғаудан босану; азаттық алу үшін күресу; саяси жағдайды алдын ала бағамдай білген, коммунизмге зор қауіптің төніп келе жатқанын, КСРО талқандалса қолайлы жағдайды пайдалану; жастардың ұлттық ой-санасын ояту; туған халқының мүддесі мен намысы үшін жан аямай күресу; келешекте көздегендері халықтық мемлекет; Қазақстанда тұратын, туып өскен, туған жерін сүйетін халыққа арқа сүйейді; отарлық бұғаудағы халықтармен одақтасу; түбі бір түркі елімен ынтымақтасу; дін Исламды ұстанған халықтармен бірігуге талпыну; коммунистік жүйе құрсауындағы елдерді қолдауға шақыру т.б.

Қазақ жастарының санасына осы айтылғандарды сіңдіруге, біріншіден, әкімшіл-әміршіл жүйе кедергі жасаса, екіншіден, империалистік мемлекеттердің әлемді бөлісу саясатынан тұтанған Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы «ЕСЕП»-тің кең таралуына мүмкіндік бермеді.

Дегенмен, 1960-1964 жылдары «ЕСЕП» партиясының идеясы жанданып, жоғары оқу орындарында кеңестік үкіметке қарсы үндеулер мен ұран-парақшалар шыға бастады. Ұйымдастырушылар 1961 жылдың қаңтарында өздерінің антикеңестік ойларымен бөліседі, олардың ішінде жүргізіліп отырған саясатты, орыс коммунистерінің бел алуы, қазақ тілі мен мәдениетінің жоғалуы және т.б. 1961 жылдың наурызында өздерінің ойларын жазбаша түрде жоғары оқу орындарындағы жастарға жеткізе білді.

«ЕСЕП» партиясы сол кезде тәуелсіздігімізді алып бермесе де, қауіпсіздік қызметінен басқа ешқай жерде тіркелмесе де, халық жүрегінен орын алды. Ол тәуелсіздікке жетеміз деген қайсар сенімді одан әрі бекітіп, үзілмеген тарихи сабақтастық арқылы Желтоқсан көтерілісімен ұштасты. Ал, Желтоқсан көтерілісі 70 жыл дүркіреген алып Кеңестер Одағын таратуға алғы шарт жасады.

ЖАС ТҰЛПАР

Осыдан жарты ғасыр бұрын нақты айтсақ 1963 жылы Мәскеуде білім алған бір топ жас қазақ ұлтының тамырын іздеп, ертеңіне алаңдаушылық танытып, ұлттық мүдде үшін күресуге бел буған еді. Білімді, ұлтшыл, текті отбасылардан шыққан қазақтың қайсар ұл қыздарының серпілуіне себеп болған сол кездегі жас студенттер Мұрат Әуезов, Алтай Қадыржанов, Болатхан Тайжан сынды біртуар азаматтар болатын. Олар "Жас тұлпар" атты ұйым құрып, ең алдымен Мәскеуде оқитын 1438 қазақ жастарының басын қосты. "Жас тұлпар" өзінің эмблемасын, туын жасады.

Жастұлпарлықтардың үш түстен тұратын (қара, қызыл, көк) туына тұлпардың суреті салынған болатын. Осы туды сол тұста Мәскеуде білім алған белгілі қырғыз суретшісі Асаналы Бейшенов салған екен. Идеясы белгілі суретші Бахтияр Тәбиевтікі. Қара түнектен шығып, қызылды аттап, көкке жетеміз деген көкейдегі арманды ту еткен жастар кейіннен Ресейдің басқа қалаларында оқитын қазақ жастарын да осы ұйымға тарта бастады.

Алғашында әдеби, мәдени үйірме ретінде жұмысын бастаған бұл ұйым туралы сыбыс Қазақстандағы жастардың құлағына да жете бастады. Егемендікті армандауға да батылы бармаған қазақ жастарында үміт пайда болды. Жиындарда жастар қазақ ақындарының өлеңдерін оқып, тарих жайлы ой бөлісіп, ұлт мәселесін талқылайтын. "Жас тұлпардан" кейін еліміздің әр қаласында, айталық, Қарағандыда "Жас қазақ", Қостанайда "Жас түлек", Өскеменде "Ұлттық мамандарға әділеттілік тобы", Семейде "Тайшұбар", Павлодарда "Жас ұлан", Алматыда "Сарыарқа", Шымкентте "Адыр қасқырлары" секілді жасырын ұйымдар құрылып, жұмыс атқара бастады.

ЖАС ҰЛАН

1969 жылдың соңында, Павлодар қаласындағы №3 облыстық қазақ мектеп-интернатының (қазір №3 облыстық гимназия-интернаты) ұлттық мұрат-мүддені көксеген бір топ оқушысы «Жас ұлан» ұйымын құрды.

Ұйым мүшелері өздерімен шамалас жасөспірімдер арасында үгіт жүргізе отырып, сол жылдың желтоқсан айында, облыс орталығындағы және кейбір ауылдардағы көрнекі орындарға жұртшылықты отаршылдыққа қарсы бас көтеруге шақырған үнпарақтар жапсырып кетті. Олар Павлодар қаласының Орталық алаңында өтетін 1 Мамыр мерекесі шеруіне «Қазақ мектептері мен балабақшалары ашылсын!» деген жазулар көтеріп шығуды да жоспарлаған еді.

Бірақ ұйымды 1970 жылдың қаңтар айында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасы әшкереледі. 1960-жылдардың соңында жастар арасында ұлттық сананың ояну үрдісі жүрді десек, қателеспейміз. Сол үрдіс ұлттық саясат мәселесінде түсініксіз жайттардың сырын ашуға ұмтылдырып, ізденіске жетеледі.

Ұйымды МҚК (КГБ) басқармасы әшкерелеген соң, бірнеше серігімен бірге «Ұлттық саясат мәселесіндегі идеялық-саяси қателігі үшін» деген айыппен Арман Қани бастаған үш оқушы комсомол қатарынан шығарылды, оқу-үлгерім табеліне тәртібі «3» деген баға қойылып, «өз еркімен» мектептен қуылды.

Дегенмен, «Жас ұлан» ұйымын жазалаудан кейін өңiрдегi ұлт саясатына аз да болса оң өзгерiстер ене бастады. Біраз дүкендерге, кинотеатрларға қазақша атаулар берілді, бiрер көше қазақшаланды, ең қуаныштысы, «Ақ бұлақ» атты алғашқы қазақ бала бақшасы ашылды. Сондай-ақ жас ұландардың іс-әрекеттері жастар түгіл үлкендерге де ой салған шығар.

АЗАТ

«Азат» азаматтық қозғалысы 1990 жылдың шілде айында Алматы қаласында құрылды, әр түрлі партия, кәсіподақ, әйелдер, ардагерлер, діни, жастар, т.б. ұйымдарды біріктіреді.

Іс-әрекеттің нысаны мен тәсілдерінің негізі: мемлекеттік билік органдарын конституциялық жолмен қалыптастыру; баламалы заң жобаларын жасау; жоғарғы және жергілікті ұйымдардың қабылдайтын саяси шешімдеріне; жиналыс, митингі, шеру тарту ісіне қатынасу.

«Азаттың» бөлімшелері барлық облыстарда бар, жоғарғы органы-съезд, 300-ден астам мүшелері бар. Ең көп мүшелері Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда.Алматы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында. «Азат» басқа елдердегі осындай қозғалым ұйымдары мен тікелей байланысты. «Азат» газетін шығарады, «Қазақ тілі» қоғамымен тікелей байланыста.

«Азат» қозғалысы республика жерінде өз жарғысына, Конституцияға сәйкес жұмыс жүргізеді. Негізгі мақсаты-толық саяси-экономикалық тәуесіздікке қол жеткізу, әлеуметтік әділеттілік және демократия принциптерін іске асыру, барлық азаматтардың материялдық және рухани өмірін қамтамасыз ету. Алашты» ұлттың аттөбеліндей алдыңғы қатарлы тобы құрса, «Азат» қалың бұқараның қолдауымен дүниеге келді. Алғашқысы – ұлттық ақыл-ой мен күш-қайраттың жұмылу көрінісі болса, соңғысы – халықтың ұлт болып қалыптасқан жігерінің көрінісін әйгіледі.

Сондықтан да «Алаш» халық арасында саяси-ағарту қызметі мен мемлекет құру идеясын ту етсе, «Азат» Тәуелсіздікті жүз «Азат» қозғалысы Тәуелсіз Қазақстан рәміздерінің негізін қалады: бүгінгі мемлекеттік Тудың көгілдір бояуы - «Азат» қозғалысының жалауына тән түс болатын; бүгінгі мемлекеттік Әнұран («Менің Қазақстаным») Семей полигонын жабу кезінде де, Орал оқиғасында да, Қозғалыстың барлық шараларында салтанатпен шырқалған болатын; Астананы Ақмолаға көшіру мәселесі де – Орал оқиғасына қатысты сепаратизм қатерінен азаттықтар күн тәртібіне қойған мәселенің өзектісі болатын.

Алаш Орданың рухын еміп, Алаш туын қайта көтерген, Желтоқсанның мұзға жаққан алауынан от алған, аумалы-төкпелі кезеңде ел тәуелсіздігі үшін атылып алға шығып, елге тіреу болған, тәуелсіздік пен ұлттық тұтастық үшін орасан зор еңбек еткен, тәуелсіздігіміздің көк туын өз қолдарымен желбіреткен бұл аталған партия мен ұйымдардың тәуелсіздікке тигізген үлесі сүбелі. 

Дайындаған:  Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111) 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз