Басты бет Интерактивті тарау Тарихи сейсенбі Карл БАЙПАҚОВ: ТАЛХИЗДЫҢ ТАҒДЫРЫ – ҚАЗАҚ АРХЕОЛОГИЯСЫНЫҢ ӨЗЕГІНЕ ТҮСКЕН ШОҚ

Карл БАЙПАҚОВ: ТАЛХИЗДЫҢ ТАҒДЫРЫ – ҚАЗАҚ АРХЕОЛОГИЯСЫНЫҢ ӨЗЕГІНЕ ТҮСКЕН ШОҚ

03 Қараша 2016
631
0

– Алматы облысына қарасты мың жылдық тарихы бар Талхизді ЮНЕСКО-ның Мәдени мұра тізіміне енгізуді ұсыну туралы шешім қабылданған күннен бастап бұл көне қаланың тағдыры мені бейжай қалдырған емес. Талғар және басқа да тарихы терең жеті қаланы ЮНЕСКО тізіміне тіркеу жұмыстарының басы-қасында болдым. «Ұлы Жібек жолын» мәдени мұра ретінде тізімге енгізу туралы бастама 2004 жылы ұлттық құндылықтар мен жәдігерлерге арналған Азия елдері арасындағы халықаралық ғылыми конференцияда көтерілген болатын. Қытай, Қазақстан және сол жиынға жиылған бірқатар мемлекеттердің ғалымдары «Ұлы Жібек жолын» құнды жәдіргерлердің халықаралық тізіміне тіркеуді бірауыздан мақұлдаған болатын.

Себебі, «Ұлы Жібек жолы» – әлемдік деңгейдегі тарихи бренд. Бұл көне керуен – мәдениет, тарих, сауда-саттықтың негізі ғана емес, байланыс пен қарым-қатынас құралы болды. Бүгінгі ғаламтор желісінің қызметін атқарды. Кез келген дипломатиялық келіссөздер, бірнеше ел арасындағы ақпарат тасымалы және тағы басқа байланыс құралдарының қарқынды дамуына бұл ұлы жолдың тигізген септігі мол болды. «Ұлы Жібек жолы» ірі қалаларды аралап өткенін тарихтан білеміз.

Сондай тарихи маңызы зор, аса құнды көне қаланың бірі – Талхиз. Халықаралық мәдени мұра тізіміне енгізу үшін ұлы керуен басып өткен көне қалаларды тауып, зерттеп, тарихи маңызын дәлелдеу қажет болды. Археологтар мен тарихшылар мұндай көне қалаларды тапты, мұндай жәдігерлердің «Мәдени мұра» екеніне халықаралық комиссияның көзін жеткізу үшін аянбай еңбек етті. Бұл бағытта қыруар шаралар атқарылды. Мұнда қаншама ғалымның қара еңбегі, ұзақ ізденісі мен маңдай тері бар.

Белсенді топ бұл жолы да, яғни құнды жәдігерді қорғау аймағының шекарасына жол құрылысының басталғанынан хабардар болған сәттен бастап шетте қалуды жөн көрмедік. Кімнің ақ яки қара екені беймәлім. Билік өкілдері зерттеуші ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің жанайқайын естіді, түрлі факторлардың салдарынан болған түсініспеушілікті тоқтатып, қажет шешімді қабылдай білді. Мәдениет және спорт министрілігінің тікелей араласуымен, бұл мәселе оң шешімін тауып, қазіргі таңда, жүргізіліп жатқан жол құрылысының бағыты өзгеретін болды. Бастысы – осы.

– Талхиз ЮНЕСКО-ның қорғауына алынғанын есепке алсақ, тарихи қаланы қорғау аймағының шекарасына құрылыс жүргізбек түгілі, ешкімнің тиісуге құқығы жоқ емес пе?

– 2004 жылы басталып, он жыл бойына ұзақмерзімді зерттеу мен тынымсыз еңбектің нәтижесінде Талхиз 2014 жылы Катар елінің астанасы Доха қаласында өткен ЮНЕСКО-ның №38 сессиясында қаралып, бүкіләлемдік «Мәдени мұра» тізіміне енді. Мұндай қалалардың жаһанның бүгінге дейінгі тарихындағы мәні мен маңызы дәлелденіп, әлемдік археологияда баға жетпес құндылық екеніне көз жетті. Әлбетте, сол сәттен бастап көне қала халықаралық мекеменің ерекше бақылауына өтті. Бұл дегеніміз бұған дейін зерттелген тарихи құндылықтарды әрі қарай қорғауда мемлекетке, билік өкілдеріне, отандық ғылым мен ғалымдарға жүктелетін жауапкершілік екі есе артады. Енді сол мәдени бағалы мұра үшін халықаралық қауым алдында жауапты боламыз деген сөз.

Үкімет басшысының орынбасары Иманғали Тасмағанбетов «Ұлт мақтанышы саналатын тарихи жәдігерлерге қалай атүсті қарамауымыз тиіс. Өткенді мойындамай тұрып, келешекке қадам жасай алмаймыз. Кез келген тарихи құндылық ерекше бақылауға алынуы тиіс» деп атап өтті.

– Жол құрылысы жұмыстарынан көне қала қаншалықты зардап шекті?

– Жол құрылысының бірқатар жұмыстар жүргізілген. Мен үшін, маңыздысы – бүгінге дейін біткен жұмыстар мен оған кеткен қаражат емес, көне қаланы қорғау үшін осы құрылыс шараларының әйтеуір тоқтағаны. Қателіктің болғанын, қандай да бір ағаттықтың кеткенін мойындау керек. Дей тұрғанмен, көне Талхизді түгелімен талқандауға жол берілмеді. Белгілі бір тұсын бұзып алғанымызбен, біршама бөлігін қорғай алдық. Ендігі кезекте, мұндай жәдігерлер ерекше бақылауға алынады деп сенеміз.

ЮНЕСКО-ның арнайы комиссиясы келіп, көне қала аймағын тексеріп жатқанын естідік. Қалай ойлайсыз, Талхиз халықаралық ұйымның тізімінде қала ма, әлде?..

– Халықаралық ұйымның жанынан құрылған комиссия өкілдері елімізге келіп, Талхизді және басқа тарихи жәдіргерлерді зерттеп, зерделеп жатыр. Әлі біраз уақыт бойына жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізеді. Бұл әлемдік ұйым келе салысымен шешімін бере салмайды. Әбден тыңғылықты жүргізілген тексеру жұмыстарынан кейін барып, тоқетерін айтады. Тіпті, ЮНЕСКО-ның бұл мәселеге қатысты есебін келер жылы бірақ білетін шығармыз.

– Батыстағы Сарайшық қаласын жылдан-жылға Жайық өзені шайып бара жатқанын білеміз. Тарихи жәдігер ретінде көне қаланы сақтап қалуға қажет деңгейде көңіл бөлінбей келеді. Не себепті?

– Сарайшық – орта ғасырдағы Алтын Орданың мақтанышы болған ірі қалалардың бірі. Азия мен Еуропа сауда жолдарының қиылысы саналған ежелгі қаланың оң жағын жыл өткен сайын Жайық өзені шайып жатыр. Қаланың біраз бөлігі су астына кетіп үлгерді.

Дегенмен, Сарайшықты сақтап қалудың бірнеше жолы бар. Бұл бағытта бірқатар жобалар дайындалуда. Мәселен, бүгінгі технологияның дамыған заманында қажет құрал-жабдықтарды пайдалана отырып Жайықтың жағалауына, өзен ағысының арнасын бұрып жіберетін бөгет салуға болады. Әрине, бұл мәселеге қатысты шараларды жүзеге асыру үшін қыруар қаражат қажет. Дей тұрғанмен, мемлекет Сарайшықтың тарихи асыл мұра екенін есепке ала отырып, көне қаланы қорғау жұмыстарын қолға алады деп сенеміз.

Бүгінде ЮНЕСКО аталмыш мәселемен айналысуда. Келер жылдың күзінде Сарайшыққа арналған үлкен ғылыми конференция өтеді деп жоспарлануда.

Сұхбаттасқан: Шерхан ТАЛАП

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Сауалнама

Қазақ-жоңғар шайқасы туралы тарихи драмалық көркемфильмдердің қайсысы көңілінізден шықты?