Басты бет Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Отандық зерттеулер Психология Ұлттық психология

Ұлттық психология

06 Тамыз 2013
313
0

Ұлттық психология — белгілі бір ұлт өкілдеріне тән, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын мінез-құлық пен психологиялық қарекет ерекшеліктері. Ұлттық психология рухани мәдениетте, сезімдерде, әдет-ғұрыпта, тілде, адамгершілік әдептік салада ұлттық мінездің көптеген психологиялық көріністері мен этностық белгілерін қамтиды. Ұлттық психология — тіпті әр түрлі таптарға жататын адамдардағы мінез-құлықтың орнықты негіздерінің бірі. Алайда қоғамда болып жатқан өзгерістерге тәуелді ол да өзгеріп отырады.

Ұлттық психология — философиялық және социологиялық әдебиетте көп талқыланып, зерттеліп келе жатқан категориялардың бірі. Солай болса да бұл ұғымның айналасында пікірталастар жиі болып тұрады. Біз ұлттық психология ұғымының мәнін түсіну үшін, оны төмендегідей бірнеше қырынан қарастырып көрейік.

Біріншіден, ұлттық психология қоғамдық (немесе әлеуметтік) психологияны құрайтын элементтердің бірі, оның құрамдас бөлігі болып табылады. Мұны түсіну қиын емес: қоғам түрлі әлеуметтік топтардан құралады. Ал әр әлеуметтік топтың өзіндік психологиялық ерекшеліктері болады. Ұлтта — қоғамды құрайтын әлеуметтік топтың бірі. Осыдан ұлттық психологияның қоғамның психологиясын айқындайтын құрауыш екендігі туындайды.

Екіншіден, ұлттың психология ұлтаралық қатынастар идеологиясымен, ұлттың құндылықтарға қатысымен бірге қоғамдық сананың маңызды құрауышы болып табылады. Қоғамдық сана — қоғамның рухани дамуының барлық жақтарын көрсетеді. Зерттеушілердің көпшілігі ұлттық сананы қоғамдық сананың бір элементі ретінде сипаттайды.
Үшіншілен, ұлттық психология — ұлттың негізгі белгілерінің бірі болып табылады.

Ұлттық психология — әлеуметтік психологияның бір бөлігі, оның үрдістері мен заңдылықтарына бағынған құрылымдық элементі. Демек, ұлттың қоғамдық санасы нақты мәнге ие — этнос тарихтың белгілі бір даму кезеңіндегі санасының жеткен деңгейін айқындайды.

Қазіргі Қазақстандағы әлеуметтік психология ғылымының жетістіктеріне сүйене отырып пайымдағанда, ұлттық психологияда қарастырылып отырған ұлт өкілдерінің санасына көбірек құлаған, сонысымен олардың әрекеттерінен үнемі көрініс беріп отыратын, өзгелерге қарағанда көбірек қайталанатын психологиялық ерекиіеліктердің жиынтығы болып шығады.

Ұлттық мінездің нышандары

Сөздің жалпылама мағынасын алып қарағанда, адамның мінезі дегенді — адамның тәртібі мен қылықтарына әсер ететін, оның тек өзіне тән, айқын көрініс беретін психологиялық нышандары деп түсіну керек. Сөздің катаң мәнінде, мінез адамның еркі мен бағыттарында көрініс беретін, оның тұлғасының психикалық құрылымы ретінде айқындалады.

Жеке адамның мінезі ол өмір сүріп отырған әлеуметтік топтың мінезіне ұқсас болады, немесе керісінше, жеке адамның мінездерінен әлеуметтік топтың мінезі көрініс береді.

Өзінің ұзаққа созылған қалыптасу жолында қазақтар да өзге халықтар сияқты қадір тұтуға жарайтын ұлттық психологиялық кешендерді бойына сіңіріп келді.

Қазақтарға тән ұлттық мінездің кейбір нышандары:

•   Жауынгерлік мінез. Тарихтың әр кезеңінде казіргі Қазақстан жерін мекендеген тайпалар мен халықтардың бәрінің де қызуқанды, қырағы жауынгер болғаны белгілі. Сондықтан олар орасан мол аумақты иемденіп, ғасырлар бойы ұстап тұрды. Қазақ халқының арғы тегі — түркі тектес тайпалардың тарихта Еуразияның ұлан-ғайыр даласын бағындырып, мұхиттан мұхитқа дейінгі аралықта азулы мемлекеттер құрғаны белгілі. Қазақ халқы өзгеге бағынбайтын жауынгерлік мінезін Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де көрсетті. Ол жөнінде фашистік идеологтар өздерінің "Шығыс жоспарында" атап көрсетті.
•   Кеңпейілділік (бауырмалдық, мейірбандық) — қазақтарда туған жерінің кеңдігі, оның табиғатының қаталдығы және малшылық кәсіппен айналысу факторларының әсерінен пайда болған мінез. Қазақтың кеңпейілділігін қазақ жеріне келіп коныстанған өзге ұлт өкілдерінің бәрі және көптеген зерттеушілер ризашылықпен атайды.

Бұлардан басқа қазақ халқының ұлттық мінездеріндегі жағымды нышандардың елеулілеріне — мәрттік, жомарттық, конақжайлық, балажандық, аңқаулық жатады.

Ұлттық психологияны қалыптастыратын факторлар

Ұлттық психологияны қалыптастыратын факторларға мыналар жатады:
•   халықтың басынан өткерген тарихы;
•   ұзақ жылдар бойы айналысқан шаруашылық түрі;
•   төлтума мәдениеті;
•   ақпарат алмасу тілі;
•   салттары мен дәстүрлері;
•   түрған жерінің табиғаты және климаттық жағдайлары;
•   діні;
•   әлеуметтік-демографиялық жағдайы.

Бұл аталғандардың соңғысынан басқалары ғасырлар бойы көп өзгеріске ұшырай бермейді, ұзақ уақыт сақталады. Соған сәйкес ұлттық психология да халықтың санасына әбден орныққан құбылыс болып табылады, оны өзгерту өте қиын және ұзаққа созылады.


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз