Басты бет Интерактивті тарау Тарихи сейсенбі АЛДАР КӨСЕНІҢ ПОШТА БАСТЫҒЫ БОЛҒАНЫН БІЛЕСІЗ БЕ?

АЛДАР КӨСЕНІҢ ПОШТА БАСТЫҒЫ БОЛҒАНЫН БІЛЕСІЗ БЕ?

11 Қазан 2016
793
0

Редакцияға «Редакторым, барсың ба?» деп өлеңдетіп енетін Табыл аға бізге жиі соғады. Бұрын баспада істеген уақытта та хабарласып, өзінің білгенін айтып, білмегенін сұрап әңгімеге тартатын елгезек жанның айтары ішінде. Сырқаттанып қалды дегенді естіп қоңырау шалып мазасын алуға тура келді. «Сексеннің сеңгіріне келгеніңізде ауырдым деп алғаш рет айттыңыз» дегенде балаша мәз болған көкірегі тарих қариямен әңгімені бастадық. 

«Үш күн, үш түн, суық қабір» 

«Үш күн, үш түн, суық қабір» атты деректі автобиографиялық әңгімесін оқығанбыз. Осы жайттың ақ-қарасын жазушының өз аузынан естиік деген мақсатпен алғашқы сауалымызды қойдық. «Менің балалық шағым соғыс уақытында өтті. 1945 жылдың қысы. Қар қалың, кигіз үйдің мұржасына дейін қар басып қалған. Сол уақытта елу үйлі Қаракөз деген колхозда бастауыш мектепте оқитын кезім, қора құлап қалды да, Қосай деген мешітке 20 шақты өгізді қамап ұстады. Өзімнен жасы үлкендеу бір жігіт жанымда болды, мен 10 жастамын. Түстен кейін мен шанаға шөпті айырмен тиеп тұрамын, күндегі жұмысым осы. Содан колхоздың басшысы әлгі он шақты өгізді үй-үйге бөліп берді, бір өгіз біздің үйге тиді. 

099b7e17410995bcfd16cc5162765006.jpg

Өз әкем Тұрсынғали репрессияға ұшырап сотталып кетті де, мен оның ағасы Бекқазының қолында болдым. Соның алдында ғана Науша есімді шешеміз қайтыс болды. Сол кезде ауызымды аққа тигізіп отырған жалғыз ақ сиырымыз бар еді, шарбаққа әкеп қамаған кезде жаңағы өгіз ақ сиырдың ішін жарып өлтірді. 

Көктем шықты, әкеміз содан оралмады, Бекқазы көкем мен жеңгемізге күнім қарап қалды. Бір үйдің балаларының үлкені боп сопайып жалғыз қалдым, жас баламын. Жейтін тамақ жоқ, үйдегі дүние-мүлік, киім-кешек, артық-ауыс заттарды ағайын-туыс талап алды. Ештеңе қалдырмады. Баратын жер жоқ, еріксіз молаға түнеп жүрдім. Бір күні ұйықтап кетіппін, жақыннан аттың дүбірі естілді. Ақыл-есімді білмеймін, көзімді аштым ба, ашпадым ба – алдымда әскери киім киген бір салт атты тұр. 

– Әй, балақай, неге жатырсың? Тұр! Сені оқытамыз, алып кетем, – деді. 

Бұл кісі алдымен өзін таныстырды. «Мен Аманғали Сыздықов деген ағаң боламын, мынау көрші Қараой колхозында басшы болып істеймін» деді де, мені атқа мінгізіп алды. «Оқытамыз» дегеніне қуана қоймадым ба, басқа жаққа барғым келмеді ме, «мұндай жақсылық жасауыңыз қалай?» деппін. 

Сонда ол айтты: «Мен 1932 жылы қақпаныма аң да түспейді, тышқан да түспейді – аштан өлейін деп жатқанда, сенің әкең кездесіп, үйіне апарып ас-тамақ беріп, жанымды сақтап қалып еді. Сол үшін саған жақсылық жасап жатырмын» деп. 

«Әкемнің құжаттарын іздеймін деп қалың мұрағатқа тап болдым»

Содан мені сол жерде бесінші класты бітіртіп, келешекте Оралда колхоз бастықтарын даярлайтын курсқа жібермек болды. Сонда жаяу-жалпылап Сапақкөл деген жерде оқуды жалғастырдым. Жеңгеміз қарайласа қойған жоқ, жетімдігімді сездіртіп тұратын. Енді мені құтқаратын – тек оқу ғана ғой. 

Балалармен күндіз ойнап, құрт-ірімшік жеп, кейбір жылы шырайлы үйлерден талқан ішіп, күнімді өткізіп жүрдім. Ал кешкісін мектепке келіп түнеп шығам. Сабақ болардың алдында мектептен шығып кетемін, баламын ғой, бірде ұйықтап қалыппын, таңертең ерте келген мектептің еденін сыпырушысы Айзада Нұрымгереева тұрғызып тергемей ме. «Әй, бала, сен мектепте түнеп жүрмісің? Мұныңды қой, біздің үйге барасың! Күйеуім әскерде, түйе сауып отырмыз», – деді. Кейін интернат салынды, балалар үйі тұрғызылды. Сөйтіп ара-арасында колхоз жұмыстарына көмектесемін деп жүріп, біраз уақытымды кетіріп, мектепті 20 жасымда бітірдім ғой. 

Әкем менің екі жасымда айдалды. Ауылды басқарған адам еді. «Табалдырықтан асқан тау жоқ, ағайыннан асқан дау жоқ» деген қазақтың мақалы бар, әкемді ұстап берген – туыстар арасындағы күншілдік, көреалмаушылық. Әйтпесе әкемді Сталин кеп ұстап алып кеткен жоқ. Әкемнің деректерін іздестіріп жүріп, оның Қазан қаласында қайтыс болғанын білдім. Ал ағасы Бекқазы да ауылды басқарған, ол кісі де атышулы 58-баппен сотталған. Құжаттарын таптым. Бірақ қалай түрмеден шығып кетті, қалай елдің арасында аман жүрді – соны мен түсінбедім. 58-бап деген – адамның оңай құтыла салатын заңы емес. Өлді дегеннің өзінде кесімді 10 жыл мерзімде темір тор.

fdca927d4b7da487930ce446141570ec.jpg

Ол кісінің маған жасаған шарапаты: менің тегімді өзінің әкесіне «Құлыяс» деп жаздыртуы. «Халық жауының» баласы», «ананың тұқымы», «мынаның ұрпағы» деген еліміздегі бірталай азаматтар ешқандай жақсылық көрген жоқ. Әйтпегенде мен «Тұрсынғали» болсам, көрешектің бәрін көрер ме едім... 

Ресейдің Орынбор, Омбы, Барнауыл, Новосібір қалаларындағы мұрағаттарын түгелдей сүзіп шықтым. Осындай істерді атқарғаныма еш өкінбеймін. «Адамның аты аталған сайын о дүниедегі адамның аруағы риза болады» дейді ғой, ҚР Ұлттық мұрағатына бес мыңға жуық адамның дерегін өз қолыммен тапсырдым. Ол құжаттардың барлығын «олар көрген қиындық пен азапты кейінгі ұрпағы көрмесін, оқысын, білсін» деген ниетпен бердім». 

Табыл ағадан әңгіме барысында мұрағат туралы сұрадық: қалай кіріп-шығудың тәртібі мен шетелдік мекемелердің қазақтарға көзқарасын және тосын деректерге тап болғандағы сезім қандай болатынын – бәрін-бәрін. «Мұрағатқа кіргенде жылап шығатынмын. Әкемнің деректерін іздеймін деп жүріп қалың қазақтың тарихының, мұрағатқа түскен деректерінің үстінен түстім ғой. Репрессия жылдары ұсталған адамдардың құжаттарында бітірген класы екі жылдық қана, алайда мен олардың сауаттылығына әлі де қайран қаламын. Өз қолымен жазған қағаздары машинкамен басқандай. Сол уақыттың адамдары, әкелеріміз бен ағаларымыз даланың данышпандары болып елестейді», – деді Табыл аға. 

«Шона – қазақ тілі үшін күресіп, қазақ тілі үшін құрбан болған жан»

Ағайынның жетім деген ызғар шашқан сөзін елемей жетіле түскен Табыл Құлыястың сатираға қалай тап болғанын, совет кезеңінде күлкінің күші қандай болғанын сұрағанымызда ағамыз көп ойланып жатпады. Табыл Бекқазыұлы айтады: 

«Совет үкіметі түгел әділетті болды деп ешкім айта алмайды. Халықты үреймен бағындыру, жергілікті биліктің әкіреңі, Мәскеуден басталған озбыр саясат. Халық үрейленген сайын не істеп, не қойғанын білмейді. Совет кезеңінде қылмыс болмады деп және ешкім айта алмайды. Ел ішіндегі қолдан жасалған қиындықтарды, теңсіздікті көргеннен кейін бейнет шегіп, азап арқалаған ағайынға сөзбен болса да қорған болсақ деп ойладық. Дзержинский совхозында комсомол комитетін басқардым. Тың игеру жылдары бригадир болдым. Жылқы бағып, ұста да болып көрдім. Арасында «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» басылымдарына аз-маз жазып тұрдық. Негізінде қай қоғамда да әлсіздердің, қорғансыздардың қорғаны, қоршауы – ол сатира, фельетон. Осылай мен сатира жанрына келдім». 

Шона Смаханұлының туған күні таяп қалғанын білетін біз осы орайда сатирик әріптесіне арнайы сауалды тосыннан қойдық. 

f73390dff87ca27221678eac6277a89e.jpg

«Ол уақытта Шона Смаханұлы «Ара» журналында қызметте болды. Шөкеңмен жақсы араластым, ағамдай көрдім. Редакцияға барғанда материалдарымызды бастырып береді, ара-тұра журналға жариялап жіберетін. Ғұлама адам еді ғой марқұм.

Менің қайран қалатыным, халыққа жағымды тірлік істеген адам тірлігінде соның рахатын, жақсылығын көре алмай кетеді. Шона – қазақ тілі үшін күресіп, қазақ тілі үшін құрбан болған жан. Алматыда жалғыз қазақ мектебін үй-үйді аралап жүріп аштырған, үкіметтің зор бастықтарын соған иліктіріп әкеп мақұлдатқан ер Шөкең тағы бір мектеп аштыруға Орталық комитетке қоңырау шалған ғой. Сонда телефонның ар жағындағы дөкейлердің бірі: «Сен шектен шықтың! Ұлтшылсың! Тоқтатпаса болмайды – тәртіпке шақырамыз» деп айқайлаған екен. Сонда Шонаның жүрегі аяқ астынан ұстап ана дүниеге жүріп кеткен. ОК-ның ашықтан-ашық «ұлтшылсың» деп айып тағуы Сібірге айдаймын, түрмеге тоғытамын деген ызғарлы үкіммен бірдей. 

Шона Смаханұлы – совет уақытында тегін «ұлы» деп жаздырған санаулы қазақтың бірі. Құжаттардағы ұлты деген бағанды жойып, орнына бірыңғай «совет адамы»» деп советтендіруді жаппай жүргізген уақытта бұлай істеу ерлікпен парапар».

«Алдар көсе Бөкей ордасында пошта бастығы болған» 

Сатирик жазушының шығармашылығымен жақсы таныс басымызға оның кейіпкерлер әлемі көз алдымызда тізбектеліп тұрды. Алдар көсе мен Қожанасыр, айтқыш Айса, тапқыр Тымыр мен қырсық Қымыр, майда мінез Майлепес секілді жазушы қаламынан туған образдар желісі жайында сұрамай кете алмадық. Тіпті Алдардың тарихта болған адам екенін де бұрынырақта оқығанымызға қарамастан, автордың аузынан естудің жөні бөлек қой дедік. 

«Алдар Алданұлы – тарихта болған адам. Бөкей ордасында 1750 жылдары байланыс бөлімшесін басқарған. 

Батыс Қазақстан облысын Қырымбек Көшербев басқарған кезеңде облысқа қатысты Ресей мұрағаттарындағы құжаттардың денін көшіртіп алды. Оған университеттің оқытушылар мен жас ғалымдарын, аспирант, докторанттарын жұмылдырып, игі қадам жасаған болатын. Сонда кездескен деректерді Алдардың өмірде болғаны, байланыс қызметін жолға салғаны, қарапайым халыққа изгілікті қызмет еткені жазылыпты. Халық та жақсы көрген адамын құшағына басады ғой, дүние есігін ашқан балаларына Алдар есімін қойған кісілер көп болған. 

Алдарды аңызға айналдырған – халық. Ел-жұрт Алдардың әділдігін, шыншылдығын және кем-кетік пен әлсізге жақ қамқорлығын көп көрген. Жақсы көрген адамды халық төбесіне көтеріп қояды. Алдардың мифтік кейіпкерге айналуы осындайдан шығады. Қазандағы мұрағатта Байбарыс туралы сақталған деректе ел басқару тәсілі аңыз болғаны ғой. Билік жүргізудің тиімді жолы ретінде алдымен байланыс жолын, пошта, хат-хабарлама тасымалдау жүйесін жүзеге асырған», – деді Табыл Бекқазыұлы. 

«Ғасыр басындағы қазақтардың саны қанша?»

Ғалымдар мен зерттеушілер ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының жан санын әр түрлі айтады. Тіпті тарих пәніне қатысты мектеп оқулықтары мен студенттерге арналған оқу әдебиеттерінде де бірізділік жоқ. Осының жайында белгілі профессор Тұрсын Жұртбай «Жанкешті мұрағатшы» деп ат қойған Табыл Құлыс бүй деді: 

«Менің дерегімше, «Первая всеобщая перепись населения Российской империи 1897 г. 1904-1905 гг. Вып. 81-87» кітабы бойынша қазақтардың жалпы саны 10 миллион. «К середине 90-х ХІХ века общее число казаков составляло около 10 миллионов человек» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Шекараның іші мен сыртын түгел есептегенде осылай шығады, енді нақтырақ айтайық: қазақтардың 6,8 миллионы қазақ жерінде, 1,7 миллионы Совет елінің құрамында, ал 1,5 миллионы шетелдерде өмір сүрген екен. Өзімнің деректі-танымдық кітаптарымда 1918-1922 және 1930-1932 жылдардағы ашаршылық салдарынан қазақ халқының 80 пайызы жойылып кеткенін, зардабы геноцидтен де ауыр болғанын жазып келемін». 

ef95b9aea722be1c85be9d91073b2f14.jpg

Мұрағат ісінің майталманы бұдан өзге мынадай сұмдық фактіге көз жеткізіпті: башқұрттар мен татарлар аштыққа ұшыраған жерлерге Жерорта теңізі арқылы Америка Құрама Штаттары, Финляндия секілді мемлекеттер азық-түлік, көмектер жеткізіп тұрған. Ал қазақ даласына ешкім көмектеспеген. Себебі, Екатерина патшаның «Қазақстанды қазақтарсыз игеру» туралы құпия жарлығы болған. Қазақты жерінен айыруды, халықтың тілі мен дінін ұмытуға байланысты жүргізген саясаты осы аталған жарлықтың негізінде жүзеге асырылғаны айқын. 

«Жиенғали ашаршылықта қайтыс болған жазушылардың алды» 

Әңгіменің басында зерттеуші Табыл Құлыяс ұлттық мұрағатқа 5 мыңнан аса адамның дерек-құжаттарын өткізгенін айтқан еді. Біз осылардың ішінде тарихи тұлғалар, өнер адамдары, әсіресе қалам қайраткерлерінің тағдыры жайынан сөз суыртпақтаттық. 

«Ашаршылық кезінде үйінде жейтін бір түйір дәні қалмай, әбден титықтап өлген жазушылардың басында атақты сатирик, фельетоншы Жиенғали Тілепбергенов тұр. Отбасы, шиеттей балалары аштық құрсауында қалғанда үйіне аудандық хатшы бас сұғыпты. Сонда Жиенғали: «Ал кеп қалған екенсің. Мен ана дүниеге кетіп барамын. Мынау партиялық билетімді өзіңе тапсырайын. Мұның еш жақсылығын көрмедім» дейді де, әйеліне қып-қызыл билетті әкеп беруді бұйырады. Хатшы: «Оу, Жиенғали, сен қатты қателестің! Совет үкіметіне сен олай деуге болмайды. Партияға неге сөз айтасың?» деп қатты шошынып, шығып кетеді. 

f6faa4f86354bc0717ba93410f84cf71.jpg

Жиенғали – Ақтөбенің Темір ауданының азаматы ғой. Аудандық газетте қызмет істеп жүргенде отбасына талонмен тамақ береді екен, онысын отбасына жетпейді, одан басқа ағайын-туысы, айналасы бар бәрі жазушыға телміреді. Жазушының қолынан келер қайраны жоқ. Сондай ауыр заман өткен ғой. Құдай басқа салмасын, жазушының жанары жерге қарағаннан ауыр нәрсе жоқ-ау дүниеде. 

Ол қазақтың ақтаңгер ақыны Ілияс Жансүгіровпен қатты дос болған. Менің де алашшыл жазушылардың ішінде ең керемет санайтын жазушым – осы Ілияс. Досына жазған соңғы хаттарында Жиенғали «мен аштықтан өлейін деп жатырмын. Жағдайың, мүмкіндігің бар болса, маған ақша жібер» деп шындығын айтып қалдырған екен. Мен мұндай оқиғаларды «Аңыз ізімен» атты романымда жазып келтірдім», – деді Т. Құлыяс. 

«Аққаланы» жазған Ілиястың атылмауы мүмкін емес» 

«Қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгіровтің «Аққала» атты поэмасы Голощекиннің озбыр саясатына қарсы жазылған. Жезқазған өңірінде 1929 жылғы байларды конфикациялау науқанымен тәукіленіп жиналып алынған қыруар мал пойызбен жібере алмай жоюға тура келген. Мал еті иістеніп, шіріп ақырында керосин шашып, өртеуге бұйрық шығарады да, сондағысы бір жылға өртеніп жатқан. Осыны білетін болуы керек, Ілияс «Аққала» дастанын жазып шығады. Мазмұнын қысқаша айтар болсақ, белсенділер айдалада қар мен мұздан жаңа қала салады. Мына көшесін ленин, анау көшесін Сталин, шеткі көшесін Берия деп атапты. Жазда күн ысыған кезде мұз еріп, адамдардың қаңқасы шығады. Сондай сұмдық сюжет».

«Осындай қанқұйлы әрекеттерді әшкерелеп поэма жазған Ілиястың оққа байланбауы мүмкін емес» деп есептейді жазушы. Ол кездегі қазақ жазушылары ұлттың жан жарасын жазуға тырысты, халықтың қорғаны болуа ұмтылғаны белгілі. 

b4bc4072dc47fd3126f3895625353f58.jpg

«Ілиястың бұл шығармасы Голощекиннің қолына түсті ме, басқа НКВД жендеттерінің уысында ма, оны білмеймін, тек аталған поэма жоғалып кеткен. Қазір табылмай жатыр. Келешекте зерттеушілер тауып, ғылыми айналымға қосатын болса, бұлі біздің әдебиеттануымызға қосылған ерекше дүние болар еді», – деді Табыл Құлыяс. 

Әңгімеміз тәмамдалар шағында Табыл аға адам аурасының ғажайыптары туралы өз білгенімен бөлісті. Өзінің түйсігімен сезіп білетін айрықша қасиеті арқасында кімнің нашар адам екенін, залым мен пасықтың иісі көш жерден сезілетінін айтады. Сондай-ақ «түсі игіден түңілме» дегендей, жақсы тәрбие көрген, мінезі ұстамды, кісіге жұғымды жандармен тез арада тіл табысып кетуінің сыры сол адамның жан дүниесінің айқыштығында жатыр деп есептейді екен. Бұл белгілі бір мөлшерде текке де қатысты дүние болып тұр ғой. Қазақ «текті атаның ұлы», «текті адам» деп сипаттайтыны содан болса керек. 

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Сауалнама

Тәуелсіз Қазақстанның тарихына қызығушылық танытасыз ба?