Басты бет Қазақстан тарихы Ортағасырлық Қазақстан Ұлы Жібек жолы Қазақстан аумағында. Қала мен дала Мәдениеттердің өзара қарым қатынасы

Мәдениеттердің өзара қарым қатынасы

02 Тамыз 2013
808
0

Көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара байланысы
Шаруашылық, мәдени және саяси байланыс

Көшпелілер мен отырықшылар арасындағы байланыс мәселесі тарих ғылымында әр түрлі пікірлер туғызып отыр. Біраз зерттеушілер көшпелілер мен отырықшылар қарым-қатынасын олардың арасындағы қырғи қабақ қақтығыстар, соғыстар, жаулап алу әрекеттерімен байланыстырады. Бұл ретте көшпелілер белсенді рөл атқарды деп есептейді. Енді бір топ зерттеушілер бұл қарым-қатынастағы көшпелілердің орнын төмендетіп көрсетуге тарысады. «Көшпелілер отырықшылардың мәдени жетістіктерін қиратушылар, не болмаса өздеріне қабылдап алушылар болды» деген пікірлер де жиі кездеседі.

Көшпелі және отырықшы жұрттардың арасындағы қатынас әр заманда, әр түрлі аймақта әрқалай болды. Олардың карым-қатынасында қақтығыс, соғыстармен қатар бейбіт сабақтастық, шаруашылық, сауда, мәдени өзара әсерлер аз болған жоқ. Мал өнімдеріне мамандандырылған көшпелі экономика егіншілік өнімдерін, қолөнер бұйымдарын отырықшылардан алса, отырықшылар мал өнімдерін, кейбір қолөнер заттарын, қолөнерге қажетті шикізаттарды көшпелілерден алып отырды. Мұндай сауда, айырбас қатынастары, әсіресе отырықшы халықтар мен көшпелі елдер көршілес орналасқан шекаралық, аймақтарда пәрменді түрде іске асып отырды.

Отырықшы елдерге жылқы малы, оны мініске, жегуге үйрету көшпелі малшы тайпалардан келді. Атты әскер дәстүрі, садақтың түрлері, қылыш, ат әбзелдері де көшпелілерден келген. Мысалы, VI ғасырда түркі тайпалары пайдаланған темір үзеңгілі ертоқым келесі ғасырларда бүкіл Еуропаға таралды. Отырықшы елдер көшпелілердің қару-жарағына, киіміне еліктеді. Мысалы, VII—VIII ғасырлардағы түркілердің кісе белдіктері Қытайдан Иракқа дейінгі аралықта пайдаланылған. Таң әулеті кезіндегі Қытайда көшпелілердің киімі кең таралды, Еуропада орыс, поляк, венгр ақсүйектері киім киісінде, шаш қоюында көшпелілер үлгісіне еліктеді. Көшпелілерде б.з.д. 1-мыңжылдықта пайда болған өнердегі «аң стилі» Қытайдан Дунайға дейінгі аралықтағы отырықшы елдерге де кең таралды.

Көшпелілердің өзіндік саяси мәдениеті болды. Олар ел басқарушыларын ерекше қасиетті адам, Тәңірдің жердегі өкілі деп түсінді, ерекше басқару жүйесі, империялық қызмет шендері, рәміздері, ел басқарудағы ерекше мұрагерлік дәстүрі болды. Осы мемлекеттік басқару тәртібін көшпелілер кейбір жаулап алған отырықшы елдердің саяси жүйесіне орнықтырып та отырды.

Көшпелілер отырықшы халықтардың бір-бірімен мәдениет алмасуына, олардың бірінен екіншісіне мәдени үдерістердің ауысуына себепші болды. Көшпелілер миграциясы, олардың бір отырықшы елдерден кейін келесі бір отырықшы халықтарды жаулап алуы арқылы мәдени диффузия іске асып отырды.

Ерте орта ғасырлар заманында көшпелілер отырықшылармен тек қана соғысып қойған жоқ, сонымен қатар өзара тығыз бейбіт байланыста болды. Көшпелілер отырықшы елдер шеберлеріне өздеріне қажетті құрал-сайман, жабдықтарға тапсырыс жасаумен қатар оларды кажетті шикізатпен қамтамасыз етіп отырды. Сонымен бірге көшпелілер отырықшылардан түрлі қолөнер түрін үйренді.
Қала-дала байланыстары.

IX—XII ғасырларда қалыптасқан қала мәдениеті жағдайында қолөнер мен сауда дамыған кезде отырықшы өркениет көшпелілердің экономикалық қарым-қатынастарының қажетті құрамды бөлігіне айналды. Бұл кездегі көшпелілер мен отырықшылардың қарым-қатынасы қалаларды жаулап алудан бастап, қарапайым айырбасқа дейін түрлі сипатта болды. Бұл кездегі қала мәдениетінің өсуі, мүлік теңсіздігінің күшеюі көшпелілерді қызықтыра түсті.

Қалалар көшпелілердің сауда-саттық жасайтын орталықтарына айналды. Қарлұқтардың, тоғыз-оғыздардың жартылай отырықшылыққа айналуы жөнінде ортағасырлық авторлар жазған.

Көшпелілердің Азия мен Еуропада қағанаттар түріндегі ерте мемлекеттіліктерінің пайда болуы 1-мыңжылдықтың екінші жартысындағы аймақтық әлеуметтік-саяси, экономикалық ерекшеліктерін анықтаушы фактор болды.

Қыпшақтардың оңтүстік Ресей даласында пайда болуы Киев Русін өзінің оңтүстік-шығыс шекараларын қорғауды ұйымдастыруға, бекіністер салуға мәжбүр етті.

Көшпелілер мен отырықшылардың шекаралық аймағының материалдық мәдениеті аралас болды.

Аралдың шығыс маңы, Сырдың төменгі ағысы, Шу, Талас өңірі, Жетісу көшпелілер мен отырықшылардың ежелден және ұзақ уақыт тоғысқан аймағы болды.

VII ғасырларда салынған Жетісу қалаларының көбі түрік қағандарының ордасы ретінде пайда болып қалыптасты. Жетісуда отырықшы мәдениет VI—XIII ғасырлар бойында көбейіп, қанат жая бастады. Түркеш, Қарлұқ, Қарахандар қағанаттарының халқы көшпелілер мен отырықшылардан тұрды. Қарлұқ, әсіресе Қарахандар дәуірінде көпшілік көшпелілер отырықшылыққа өтті. Осы кезеңде көп пайда болған қоныстар мен қалалардың ерекше түрі — төрткүлдер. Осы I кезеңдегі қала жұртының материалдық мәдениетінде қалалық жөне көшпелілік сипат араласты. Мысалы, ауланың ішінде киіз үй тігіп отыру салты, ауладағы кең мал қоралар, т. б.

Жетісуда ортағасырлық қалалардың қирауының, қала мәдениетінің құлдырауының басты себебі — әскери саясат тәртібіне байланысты болды. Алдымен хорезмшахтың қидандарымен, одан соң наймандармен соғысы. Содан соң Жетісуды монғолдардың жаулап алуы. Соғыстардан, шапқыншылықтардан, ең алдымен, қалалар мен қоныстар қатты зардап шекті. Өндіріс, мәдениет ошақтары қиратылды, қала халқы жаппай Сырдария мен Ферғанаға қоныс аударды.

Қалалардың қирауына ішкі, отырықшы иеліктердің өзара қақтығыстары да себеп болды. Іле даласында қала мәдениеті XIII ғасырда, Шу аңғарында — XIV ғасырда, Талас өңірінде XV ғасырда құлдырап, тоқырай бастады. Жетісуда кала мәдениетінің мүлде кұруы Ақсақ Темірдің Моғолстанмен соғыстарының салдарынан болды.

Қазақстан аумағында исламды таратушылар арабтар емес, Орталық Азияның қалалық мәдениет орталықтарынан шыққан саманидтер болды. Араб мәдениетімен бірге араб жазуы, араб сәулет өнері, қыштан жасалған бұйымдары, эпиграфикасы келді. Мұсылмандық түркі қоғамының интеллектуалдық өміріне біршама өзгеріс әкелді. Арабтық, мұсылмандық мәдениетті меңгерген ғалымдар тобы қалыптасты: әл-Фараби (X ғ.), Жүсіп Баласағұни (XI ғ.), Махмуд Қашқари (XI ғ.), әл-Хорезми (XIV ғ.), т.б. Қазақстанда мұсылман дінін таратушы топтар пайда болды. Олар: хатибтар, мутаввалдар, молдалар, имамдар, т.б.

Орта ғасырларда Месопотамия жерінен шыққан манихей діні қазақ жеріне Мәуереннахр отырықшылары арқылы келді. VIII ғасырда Батыс Түрік қағандары шығыстан келген манихей дініне колдау жасады. Манихей дінінің Қазақстандағы орталығы Тараз қаласы болды. Осы қалада жазылған манихейліктердің «Екі негіз жөніндегі қасиетті кітабы» (VIII ғ.) «он оқ бұдұн елін» (түркілерді) дінге қарату мақсатын көздеген еді. Манихей дінінің негізгі қағидасы бойынша, өмір жағымды, таза күштер мен зиянды, кара ниетті күштердің күресінен тұрады. Олар ілгерілеушілікке, дамуға қарсы болды, отбасын, өмірдің қызығын тәрк етті. Мал етін жеуге қарсы болды, тек өсімдік тағамдарын пайдалануды уағыздады.

Б.З. V ғасырында Қазақстан жеріне несториандық сарындағы христиан діні ене бастады. Несториандар қасиетті Мария Құдайды емес, адам бейнесіндегі Христосты туды деп мәлімдеді. Сол үшін қуғындалған Нестордың ізін куушылар өз дінін шығыс елдеріне таратуға бет алды. Осы дінді әрі қарай таратушы Сириядан шыққан несториан-христиандар біртіндеп оны Бактрия, Парфия, Мәуереннахрға, Қазақ жеріне, одан Қытай мен Монғолияға таратты. Несториандың христиандардың V—VIII ғасырларға жататын шіркеулері, ескерткіштері Тараздан, Меркеден, т.б. оңтүстік және Жетісудың ортағасырлық қалаларынан табылды. Орта ғасырларда бұл өңір халқы көне шамандық-тәңірлік дінмен қатар әр жерде буддизм, манихейлік, христиандық діндерді ұстанды. Бұл өңірде IX—X ғасырлардан бастап мұсылман діні кең таралып, негізгі дінге айнала бастады. Орта ғасырларда оңтүстік өңірде осындай діни синкретизмнің (күрделі араластықтың) пайда болуы да көшпелілер мен отырықшылардың мәдени қарым-қатынасының нәтижесі еді.

Сонымен, көшпелілер мен отырықшы халықтардың арасында тығыз байланыс болған. Бұл байланыс бірде жаугершілік, бірде арагүдік қақтығыстар, алым-салық түрінде болса, ал көпшілік жағдайда бейбіт қарым-катынас, сауда, айырбас түрінде іске асты. Көшпелі мәдениет пен отырықшы өркениеттердің жиі, тығыз араласуына Ұлы Жібек сауда жолындағы калалар үлкен өсер етті. Көшпелі және отырықшы шаруашылық-мәдени тұрпаттың өзара әсері, әсіресе олардың шекаралық аймақтарында күшті жүрді. Көшпелілер мен отырықшылар шаруашылық-экономикалық, мәдени байланыстары арқылы бір-бірінің мәдениетін байытты. 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз