Басты бет Тұңғыш Президент Қазақстан Республикасының Президентінің Жолдауы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» ҚР Президент Жолдауы. Құндызай Ерімбетова — сараптамалық пікір

ҚР Президент Жолдауы. Құндызай Ерімбетова — сараптамалық пікір

11 Желтоқсан 2014
717
0

5d53fc4e19197739707bba5f5c6c92a7.jpg

Құндызай Ерімбетова, тарих ғылымдарының кандидаты

«Мәңгілік ел» идеясы – болашақ қоғам дамуының бағдаршамы. Ел бірлігі – жаһандық дағдарыс аясындағы жаңа сын-қатерлерден алып шығатын адами құндылық көзі. Тәуелсіз елдің іргесін қалауда қазақстандықтар мәдени, әлеуметтік-экономикалық, саяси даму жолының түрлі кедергілерінен сүрінбей өтті. Басты құндылық – дамудың «Қазақстандық жолын» бекітті. 

Түпкілікті әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру жалпыұлттық басымдылықтардың негізі болып табылады [1]. Қазақстан дербес мемлекет ретінде экономикалық даму үрдістерінің мол тәжірибесін жинақтай ХХI ғасырға қадам басты. 

1990 жылдардың басында ел экономикасын реттеуде заманауи уақыт талабына сай жұмыстар қолға алынды және дәл осы жылдар Қазақстан үшін тарихтың жаңа беттерін айқындаған жылдар болды [2]. Ел алдында тәуелсіздік тұғырын қондыру жолы – әкімшілік-әміршілдік жоспарлы экономиканы нарыққа көшіруді жүзеге асыру, заманауи демократиялы және азаматтық қоғамның негізін орнату міндеті тұрды. 

Әлеуметтік-экономикалық қатынастарды қайта құру және жаңаша қоғамдық жүйені қалыптастыру, әлемдік үдерістерге сүйенетін шаруашылықты жүргізудің жаңа сапалық үлгісін жасау қажет болды. Ал 2008-2009 жыдардағы бүкіләлемдік экономикалық дағдарыс Қазақстан экономикасының беріктігін сынаққа салды. Дағдарысты еңсеруге әлемнің жетекші экономикалары 10 триллионнан астам АҚШ долларын, яғни бүкіл әлемдік ІЖӨ-нің іс жүзінде 15 пайызын жұмсады. Мұның да пайдасының тиімсіз болғанын Мемлекет басшысы 2009 жылы «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» Жолдауында атап өтті. 

Жаһандық дағдарыс дауылы алпауыт мемлекеттерді де шайқалта бастады, өз ауқымына Америка континентін, Еуропа мен Азияны тартты. Бұл жағдайға қарағанда оның ұзаққа созылатыны болжамдалып, сарапшылар әлемдік экономика өз құлдырауында әлі шыңырау түбіне жетпегенін дәйектеген-ді. Әлемдегі іскерлік белсенділіктің баяулауымен мұнай мен металға деген сұраныс төмендеді. Ал бұл – Қазақстан экспортының негізі еді. Бір жылда мұнай бағасы 4 еседей, металл бағасы 2 еседей төмендеді. Қазақстанмен негізгі сауда-саттықтағы әріптестер Ресей мен Украина ұлттық валюталарын 40-45 пайызға құнсыздандырды. Тиісінше, тауар өндірушілер мүддесі тұрғысынан Қазақстанда теңгенің де құнсыздануына мәжбүрлік қалыптасты. 

Басқаша жағдайда, қазақстандық өнім өзінің бәсекеге қабілеттілігін жоғалтып, алтын-валюта резервін жұмсау жалғасын тапқан болар еді. Осындай экономикалық ахуалда ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның мұндай сынақтарға дайын ғана емес, дағдарысты еңсере отырып, күшті және өркенді мемлекетті» қалыптастыруға шақырды және «Дағдарыстан шығу кілтін» ұсынды. Оған негіз болған – Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы тұрақты ұстанымының сақталынуы, Ұлттық қор арқылы қорланудың мақсатты саясаттың жүргізілуі, экономикадағы құрылымдық реформалардың жүргізілуі, экспорттық әлеуеттің ұлғайтылуы мен экономиканы әртараптандырудың басталуы еді. Бұл дағдарысқа қарсы ойластырылған әрі тиімді саясат жүргізуге мүмкіндік берді. 

Қазақстанда алдымен қарыздарын өтей алмаған елдегі жетекші банктерді бакроттан сақтандыру жұмыстары жүргізілді. Кейбір банкирлер банк қаржысын иеленген алаяқтар болып шықты. Мұндай істермен заң органдары айналысты. Қазақстан экспортының жартысы қысқарды. Шағын бизнес несиелік қаржысыз қалды. Жүздеген жұмысшылар жұмыс орнынан айырылатын жағдайға жетті. Осындай жағдайда Үкімет нақты және дер кезіндегі шешім қабылданды. Қазақстанда тұрақтандыру шаралары пакеті қабылданды, Ұлттық қордан қосымша 10 млрд. доллар бөлінді. Мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелер сақталынып қана қойған жоқ, ұлғайды, келешектегі инвестициялық жобалар анықталды. «Жол картасы» және «Аймақтық жұмыспен қамту Стратегиясы» қабылданды. 2009 жылдың қазан айындағы мәліметтер бойынша «Жол картасы» мен барлық кешенді дағдарысқа қарсы шаралардың жүзеге асырылуының алғашқы қорытындылары көрініс берді: 400 мың жаңа жұмыс орны құрылды, 200 мыңнан аса адам қайта даярлықтан өтті және қоғамдық жұмысқа қатысты. 

Нәтижесінде, жұмыссыздар деңгейі көптеген елде өсім беріген тұста, Қазақстанда 6%-ға төмендеді. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық нысандарын және инфрақұрылымды жаңғырту бойынша көлемді жұмыстар жүргізілді. 1,5 мың денсаулық сақтау, білім беру және басқа әлеуметтік инфрақұрылым нысандары жөндеуден өтті. Мыңдаған шақырым жол салынды және жөнделді. 2009 жылдың екінші тоқсанында шағын және орта бизнес секторындағы өндіріс көлемі 14 пайызға өсті. Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау арқылы егін жинаудың табыстылығына, ауыл шаруашылық өнімін қайта өңдейтін нысандар санының көбеюіне қол жетті. Жалпы жиналған астықтың бункерлік салмағы 22 млн. тоннаны құрады. Бұл соңғы бес жылдағы 2009 жылы алынған рекордтық астыққа қол жеткізу еді. Қазақстан жалпы қаржы жүйесінің тұрақтылығына қол жеткізді. Банк жүйесін қолдауға 476 млрд. теңге бөлінді. Ал мемлекет елдің жетекші банктерінің ірі акционеріне айналды. Мемлекеттік қолдау арқылы алданған 40 мыңнан аса үлескердің мәселесі шешілді. Жалпы ел экономикасына 2,7 трлн. теңге немесе ІЖӨ-нен 14 пайыз дағдарысқа қарсы мақсатта қаржы бағытталды [3]. 

Дағдарыс жағдайында халықты әлеуметтік қорғау және ұлттық экономиканы дамыту мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының басты басымдылығына айналды. Ұлттық қор құру арқылы жинақтаудың мақсатты бағытталған саясаты жүргізілді. Ұлттық қордан бөлінген ауқымды қаражат отандық экономиканың жұмыс істеуіне қызмет ете бастады. Экономикада экспорттық әлеуетті ұлғайта отырып, әртараптандыру қолға алынды. Өткен дағдарыстармен шыныққан және сабақ алған Қазақстан Ұлттық қордың қорлануы есебінен қаржылық салмағын нығайта алды. Мемлекеттің макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қозғалмайтын мүлік нарқындағы мәселелерді шешу, шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығын қолдау бойынша шараларды қамтитын нақты дағдарысқа қарсы бағдарламаға қол жеткізді. Дағдарысқа қарсы шараның маңызды бөлігі инновациялық, индустриялдық және инфрақұрылымдық жобалар болып табылады. Бұл бағытта 19 млрд. доллар бөлінді, ол ІЖӨ-нің 14% құрады. 

Әлемдік дағдарыстың келеңсіз әсеріне қарсы бағытталған шешімдерді жүзеге асыру арқылы, елді жаңа сапалы деңгейге көтеру мақсаты қойылды. Қазақстан Республикасы дамудың өтпелі кезеңінде экономиканың 60 пайызға күйреп, құнсызданудың жылына мыңдаған пайызға түскен 1990-жылдардың басында терең дағдарысқа тап болған кезеңнен, екінші азиялық қаржы нарқымен байланысты туындаған, республикада мұнайдың құны 1 баррелге 9 долларға дейін төмендеген, халықтың зейнетақысы мен жалақыларымен қамтамасыз ете алмаған 1990-жылдың аяғындағы дүниежүзілік дағдарыс кезеңі сатысының сын сағатынан өтіп, жаңа әлемдік дағдарыс сынынан өту жолы тұрған күрделі кезеңде, 2009 жылдың 11 наурызында «Ғаламдық тәуекел ету жүйесіндегі Еуразияның экономикалық қауіпсіздігі» тақырыбында II-ші Астана экономикалық форумы болып өтті.

Форумда Президент Н.Ә. Назарбаев дүниежүзілік валюталық-қаржы жүйесі заманауи әлемнен және оның сұранысынан артта қалуына байланысты, бүкіл әлем дамуына кедергі болып отырғанын ашық жариялады: «Кез-келген өндірісті дамыту негізі оның технологиясын жаңғыртуда. Технологияны тұтастай жаңарту оның парадигмаларын өзгертуді талап етеді. Ал парадигмаларды тұтастай жаңартудың негізі – бұл тұтастай инновация. 

Ендеше, бұл кез келген экономика мен қоғам саласының кез келгенін жаңарту жүйесінің үш әртүрлі қабаты. Парадигматиканы жаңарту қарқыны Томас Кун бойынша, ғылымның, техниканың және өнеркәсіптің жаңару қарқынымен сәйкес болу қажет. Басқаша жағдайда тоқырауға ұшырайды. Қазіргі кезеңдегі қолданылып жүрген, әлемдік валюта-қаржы жүйесінің барлық қызметі Адам Смиттің «нарықтың жасырын қолы» туралы мифологемімен құрылған экономикалық парадигматика. Ол XVIII ғасырдың 70-ші жылдары құрылған, яғни Джеймс Уайттың бу машинасының құрдасы. Сондықтан да бұл әлемдік валюта-қаржы жүйесінің парадигматикасы заманауи геоқаржылық және ақпараттық технологиядан артта қалуда және қазіргі кезеңгі әлем тәртібіне толыққанды қызметті қамтамасыз ете алмайды. ...

Болашақ үшін жауапкершілікті өз қолымызға алмасақ, базалық экономикалық парадигмаға тұтастай жаңарту жүргізбесек, әлемнің сақталуына қауіп төнетінін» ескертті. Дүниежүзілік валюта-қаржы жүйесінің терең қарама-қайшылығы жаңартуымен қатар оның құрылымын реформалау жолдарын көрсетеді. Осы тұста Мемлекет басшысы Қазақстанның ұсынып отрған нұсқасындағы үш мәселені алға қояды: Бірінші. Жаңа парадигмаларды іздестіру. Негізгі дүниежүзілік экономика парадигматиканы жаңа ғасырдың нақтылығы мен қатерлеріне сәйкестендіру. 

Екінші. XXI ғасыр басындағы деңгейге дейін әлемдік геоқаржылық технологияны жаңарту жолы. Әлемдік валюта-қаржы жүйесінің базалық мүддесін, мақсаттары және оның басты қолданушылар құндылықтарына бағыттау. 

Үшінші. Жаһандық дағдарыстан шығудың тікелей жолы ретінде әлемді, адам мен адамзатты түпкілікті жаңарту міндетін шешуге валюта-қаржы құралдарын қайта қосу [4]. 

Мемлекет басшысы ағымдағы жаһандық дағдарыстың негізі ретінде әлемдік өзгерістер қарқынынан айтарлықтай қалып келе жатқан дүниежүзілік валюта жүйесін атай отырып, көпшілік елдер қол қойған және БҰҰ-мен мақұлданған дүниежүзілік валюта туралы жалпы заң қабылдау, жаһандық дағдарыс шырмауынан шығудың бір бағыты – ортақ дүниежүзілік валюта құру қажеттілігіне байланысты ұсыныс жасады. Мұнда дағдарысқа кінәлілерді іздестіру емес, дүниежүзілік валюта-қаржы жүйесін түпкілікті өзгерту негізінде әлемдік геосаясатты және геоэкономиканы, жаңа жалпы жұрт мойындаған заңнамалық тәртіптерді сол бағытта құру. 2009 жылдың 18 сәуіріндегі Боао азиялық форумы аясында «Дағдарыстан кейінгі басқару» тақырыбында өткізілген конференцияда Президент Н.Ә. Назарбаев саясаттағы, аймақтық қауіпсіздіктегі сенімділік өзара іс-қимылдары және шаралары, қаржы-валюталық салада да сенімділіктің өзара іс-қимылдары және шараларымен қамтамасыз етілуі тиіс. 

Сондықтан да жаһандық дағдарыс жағдайында Азия елдерінің интеллектуалдық әлеуеті ортақ валютаны жасаудың теориялық, ұйымдастырушылық және практикалық негіздерін, заңдылығы мен енгізу жолдарының бірлескен қадамдарын жасау мүмкіндігі туралы ұсынысын білдірді [5]. 2009 жылдың екінші жартысында республикадағы жүргізілген дағдарысқа қарсы шаралардың алғашқы нәтижелері көрініс берді: Біріншіден, еңбекпен қамту мәселесін тұрақтандыруға қол жеткізілді. Инфрақұрылым, көлік, әлеуметтік нысандардаға тартылған бюджеттік инвестиция есебінен республика бойынша 100 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Жұмыссыздық деңгейі 7,2% тұрақталды. 2009 жылдың қыркүйегінде 5 мыңнан аса инвестициялық жобалар іске қосылып, 393 мың жұмысшы орны құрылды. 2009 жылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша тұрғындардың нақты ақшалай табысы өсті. Зейнетақы қорының көлемі 1 трлн. 680 млрд. теңгені құрады. Республика бойынша «100 мектеп, 100 аурухана», «20 интеллектуалды мектеп» жобалары жүзеге асырыла бастады. Әлеуметтік сала нығайтылды. 

Екіншіден, Қазақстанның экспорттық тауарлары бойынша бағаның төмендегеніне қарамастан, республиканың халықаралық резерві 43 млрд. доллар деңгейіне тұрақталды, тіпті өсім байқалды. Экономиканың жеке секторларындағы жағдайларының жақсаруына байланысты экономикалық құлдыраудың келеңсіз үдерістеріне соққы беруге қол жетті. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімі 2009 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда үшінші тоқсанның өзінде 3,1% өсім берді. Мемлекеттік қолдаумен 40 мың үлескердің мәселелері шешілді. 

Үшіншіден, қаржы жүйесінің жалпы тұрақтануына қол жеткізілді. 2009 жылдың 7 айында экономиканы инвестициялау көлемі 2008 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 7%-ға өсті. Республикада 2009 жылы құны 3 млрд. АҚШ доллары тұратын 170 жаңа өнеркәсіп және инфрақұрылымдық нысандар іске қосылды. Бұл кәсіпорындарда тұрақты 9 мың жұмыс орны ашылды. Олардың қатарына ірі нысандар: Астанада «General Electric»-пен бірлескен локомотив құрастыру заводы, Құмкөл кен орнында газ өңдеу заводы, Қазақстанда тұңғыш рет әлемдік деңгейдегі «Астана-Щучинск» автобаны жатады. Бұл ірі жобалар халықаралық қаржы институттары және республиканың шетел серіктестерімен бірлесе жүзеге асырылды. 

Жалпы инвестиция тарту, халықаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша 2009 жылы жоғарғы серпіліс жасалынды. Оңтүстік Корея, Қытай, Италия,Франция, Түркия, Белорусь елдерімен жоғарғы деңгейдегі уағдалас нәтижесінде бірлескен жоба бойынша келісімге қол жетті. 

Төртіншіден, кәсіпкерлер маңызды қолдауға ие болды. Шағын және орта бизнес 134 млрд. теңгені игерді. жалпы 2,5 мың шағын кәсіпкерлік субъектілері Бағдарламаны пайдаланды, олар 4700 жаңа жұмыс орнын ашты [6]. 2010 жылдан бастап республика дамуының үдемелі индустриялды-инновациялық дамуы бойынша екі 5 жылға бөлінген онжылдық жоспар жүзеге асырыла бастады. Бүкіләлемдік банктің бағалауы бойынша Қазақстан әлемнің инвестициялар үшін барынша тартымды жиырмалығына және 2010 жылдың басында дағдарысқа қарсы саясат шараларын барынша табысты жүзеге асырушы елдердің қатарына кірді. Оның үстіне, әлемдік экономиканың жандана бастауы, ішкі сұраныстың өсуі және экспорттық бағыттағы өнімдерге сыртқы баға конъюнктурасының тұрақтануы қазақстандық экономиканың өсуіне септігін тигізді. 2010 жыл бастан-аяқ тұтастай ел экономикасы жағдайының барынша жақсаруымен сипатталып, дағдарыстың бірқатар жағымсыз салдарын жоюмен болды. 

Заманауи кезең дағдарыстан кейінгі тұрақты өсу трендіне көшумен ерекшеленеді. Мемлекет басшысы «Дағдарыстың кілті» және «Бесінші жол» мақалаларында заманауи жаһандық дағдарысты – жүйелі дағдарыс ретінде дүниежүзінің дағдарыстан кейінгі даму үдерістерін былайша тұжырымдайды [7, 322 б.]: дүниежүзілік валюталық жүйенің трансформациясы; жаңа дүниежүзілік күштердің орналасуы; энергияны үнемдеу экономикасына өту; Экономикадағы мемлекеттің рөлі мен мәнінің өсуі; жалпы адам капиталы сапасына қойылатын талаптардың көтерілуі және т.б. Президент Н.Ә. Назарбаев жалпы тәуелсіздік жылдары Қазақстанның жеткен жетістіктерінің басты нәтижелерін айқындады. Ол: тәуелсіз ел мен Астана шахарының гүлденуі, ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім, зайырлы қоғам және жоғары руханият, экономикалық өсім, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы, ұлттық қауіпсіздік пен бүкіләлемдік өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы [8]. 

Осы арқылы Қазақстан тұрғындарының патриотизм рухының негізі – мемлекет құраушы, жалпыұлттық құндылықтар тиянақталды. Бірлік пен мақсаткерлік қана ұрпақтар сабақтастығының кепілі. Ұлттық мүдде жолындағы нәтижелілік елдің әрбір перзентінің ұстанымы болғанда ғана, мемлекеттік гүлденудің жаңаша жолына орын беретіндігі заңдылық. 

Елбасы 2014 жылы халыққа арнаған «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында тәуелсіз рухтың өміршеңдігі өзара татулық пен берекеге тікелей байланыстылығын тұжырымдаған еді. Биылғы тарихи «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты Жолдауы нақты іс-қимыл және ел бірлігіне арналды. Мемлекет басшысының болжамына сәйкес жаһандық сынақтардан туындайтын өзгерістер мен күрделі кезеңдерді қалай қарсы аламыз? Ішкі болмысымыз нақты шаралар нәтижелілігіне даяр ма? деген сан сұрақтар алдымызда тұр. 

Алдағы кезеңде барлық құрылымдардың даму технологиясы позицияларына қатысты жоспарларды жүйелеу жедел қолға алынбақшы. Басқаша айтқанда «ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ». Бұл заманауи шындық. Іргелес мемлекеттер сияқты дамыған экономикалық әлеуетті жасау жаппай еңбекке құлшыныс жағдайында жүзеге аспақшы. «Нұрлы жол» адами құндылықтар әлеуетін ұйыстырудағы басты қадам. 

Басты мәселе, үдемелі индустриалды-инновациялық дамудың екінші бесжылдығында экономиканы дамытуда жаңа сыртқы тәуекелдерді есепке ала отырып, бізге іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін жаңа бастамалар қажеттілігі аталып өтті. Тіршілікке жан бітірер күре жолдар жасампаз елдің жағдайын жақсартары күмән туғызбайды. Қазақстанның ішкі нарығын қыздыратын аймақаралық сауда-саттық, экономикалық өзара байланыстар сыртқы нарықтың сапасына өң беретіні айқын. 

Заманауи жаһандық дағдарыстар мен сын-қатерлер аясындағы Елбасының биылғы Жолдауында қалыптасқан Қазақстанның даму жолындағы жаңа экономикалық саясаттың жеті басымдылығы жарияланды. Олар: Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту; Индустриялық инфрақұрылымдарды дамыту; Энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту; Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту; Тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту; Әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту.

 Бірінші кезекте, бұл – апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу; Шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмыстарын жалғастыру [9]. Бұл мақсаттар қалай іске асырылмақшы? Ұлттық қор жинағы. «Дәл қазір біздің осы қорымызды қажетке жарататын кез келді. Қазақстан өзге елдердің қателіктерін қайталамай, экономикалық өсім үшін ішкі қорын барынша тиімді пайдалануы тиіс». 

Мемлекет басшысы Ұлттық қордан 2015-тен 2017 жылға дейінгі кезеңге жыл сайын қосымша 3 миллиард долларға дейін бөлу жөнінде шешім қабылдағанын, Үкіметке бір апта мерзімде Ұлттық қордан қаржы бөлу үшін тиісті шешім дайындауды және 2015 жылға арналған республикалық бюджет жобасында қажетті қаржыларды ескеру мәселесін алға қойды. Әлбетте, бұл тұста Үкіметтің қажетті шаралар қабылдап, осы қаржылардың тиімді әрі оңтайлы пайдаланылуын қамтамасыз етуі жөніндегі іс-қимылы ерекше аталып өтті. Биылғы Мемлекет басшысының жолдауында әрбір айтылған шараға қатысты жауапкершілік пен ыждағаттылық мәселесі терең қозғалды. Сөз түзелмей іс түзелмесі анық. 

Ұлт көшбасшысының «Мәңгілік ел» – жалпыұлттық идеясы аясындағы «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыратын бірлігі жарасқан қажырлы еңбек иелерінің ортамызда жүргені де айқын. Алдағы жылы өткізілетін тарихи белестер шараларының маңызды бөлшегі – татулық пен тұрақтылық арқылы жалпыға ортақ еңбек ету және оның бәсекеге қабілетті сапалы әлеуетімен өлшенбекші. Ұлыларды ұлықтау, ерлерді ескеру, еңбекшілерді құрметтеу, жастарға дем беру – ата салтымыз. Ендеше «Нұрлы жолдың» бағдар шамы – адами құндылықтар арқылы мемлекеттік әлеуеттің бай-қуаттылығын нығайта түсу. 

Діттеген міндеттерге жету – тұрақты даму бағытымен Жолдаудағы басты басымдылықтардың нақты нәтижелер көрсетуі. Тұрмыс жүйесінің тарихтан басталатыны тәрізді, ел-жұрттың жасампаздық әлеуеті, олардың ынтымақтаса ұйысуында болса керек. Кемеліне келген ұлттың маңызды ерекшелігі – өткенін де, бүгінін де, келешегін де көре білуінде. 


Құндызай Ерімбетова,  

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты 

Пайдаланылған әдебиеттер: /p>

1. Назарбаев Н.А. Идейная консолидация общества – как условие прогресса Казахстана. Алматы, 1993г. 

2. Қасым-Жомарт Тоқаев. Беласу. Алматы. –ЖШС РПБК «Дәуір», 2008.-464-465. 

 3. Назарбаев Н.А. Лекция в Казахском национальном университете имени аль-Фараби «Казахстан в посткризисном мире: интеллектуальный прорыв в будущее». г.Алматы, 13 октября 2009 года. 

4. Назарбаев Н.Ә. Выступление на II Астанинском экономическом форуме «Экономическая безопасность Евразии в системе глобальных рисков». г. Астана, 11 марта 2009 года. 

5. Назарбаев Н.Ә. Выступление на конференции Боаоского азиатского форума. КНР, о.Хайнань, 18 апреля 2009 года. 

6. http://www.kisi.kz/3636 

7. Назарбаев Н.А. Выступление на торжественном собрании по случаю Дня независимости Республики казахстан. г.Астана, 15 декабря 2009 года.// Первый Президент Республики Казахстан Нурсултан Назарбаев. Хроника деятельности. 2009 год.-Астана: Деловой мир Астана.2010.-378с. 

8. http://akorda.kz/kz/14.02.2014 

9. Нұрсұлтан Назарбаев. Нұрлы жол – болашаққа бастар жол:// http://egemen.kz42453[12.11.2014 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Сауалнама

Қазақ-жоңғар шайқасы туралы тарихи драмалық көркемфильмдердің қайсысы көңілінізден шықты?