Басты бет Тұңғыш Президент Қазақстан Республикасының Президентінің Жолдауы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» ҚР Президент Жолдауы. А. Оразбаева — сараптамалық пікір

ҚР Президент Жолдауы. А. Оразбаева — сараптамалық пікір

11 Желтоқсан 2014
517
0

0a28f658db0f0e5fe26dd34b56731975.jpg

Алтайы Оразбаева, тарих ғылымдарының докторы

Түп шежiресi сонау ежелгі ел — Мәңгілік Ел түркiден бас алатын қазақ халқының шерлі шежіресіндегі күрмеуі көп күрделі сұрақтардың ең өзектісі — этногенез, этникалық тарих, оның ішінде ұлттық мемлекеттілік мәселесі.

Отандық тарихнамада бұл сонау Шоқан, Абай, Шәкәрімдерден бастап талай талқыға түсіп, зерделеніп келеді. Десек те, кеше ғана Елбасы Жолдауында жарияланғандай, келесі жылы Қазақ хандығының, ендеше қазақ мемлекетінің, түптеп келгенде Ұлттық мемлекеттілігіміздің іргесі қаланғанынына 550 жыл болатыны тайға таңба басқандай айқындалды.

Еуразия атты қарт материк талай аласапыран оқиғаларды басынан өткізсе де, осы апайтөс құрлықтың дәл кіндік ортасындағы ұшы-қиыры жоқ Ұлы даланы «үстінде көк аспан, астында қара жер жаралғаннан бері» мекен етіп келе жатқан халқымыз әр кезде де Бостандық, Еркіндік, Азаттық ұғымдарымен ұлықтанып келеді.

Десек те, бас-аяғы бес жарым ғасыр ішінде қазақ халық ретінде, Қазақстан мемлекет ретінде небір тар жол, тайғақ кешуден өттi. Керей мен Жәнібек, Хақназар мен Тәуке хандар тұсында азуы алты қарыс көршілерінен еш қаймықпай, қалыспай, терезесін тең ұстап, ел мен жұрт үшін қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнатты.

XVIII–XIX ғғ. ағайын арасы алшақтап, көз ала болса да, көңіл құла болмаған алмағайып кезеңдердің өзінде жер бетiнен жойылған жоқ. Бостандығы босқындыққа айналса да, бодандығы қыл бұғаудай қылдырса да, көкейін қара бұлт басып, қасiретi шаш етектен асып, жатса түсiнен, тұрса есiнен еркiндiк пен егемендік идеясы кеткен жоқ.

Іргесе отырып, сіресе жүріп iргелi елдігі мен ерлігін, жоралы жұрттығын, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалды.

Ол да болса қазаққа ілкіден тән сол баяғы Ұлттық мемлекеттілікке деген ұлы махаббаттың, еркіндік сүйгіш ерік-жігердің, тәуелсіздікке деген арманын дүниедегі бар асылына балаған асқақ рухтың арқасы.

Бүгін міне, Қазақстан әлемнің төрт бұрышына түгел мәшһүр, ұлттық мемлекеттiлiкке тән барлық қадір-қасиеті мен рәміздерін қамтамасыз еткен мемлекет.

Саяси егемендігіміздің іргетасы экономикалық жетістіктермен бекітілуде. Әлеумет әлденуде. Керуен жүріп, көш түзелуде. Ұлтаралық татулық пен халықтар достығы саяси тұрақтылығымыздың мәуелі мәйегiне айналып отыр. Тіліміз бен діліміз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз жанданып, жаңарып жатыр.

Егемендігіміз баянды, Тәуелсіздігіміз табанды болған, сөйтіп алдымызға ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламалар қойып, жүзеге асыру жолында күні-түні еңбектеніп жатқан, ұлтымыздың рухани қуатын, қайыспайтын қара нардай қайратын, арыс алдаспандай сенім мен жігерін желдің жүзіне суарып, шыңдап жатқан осынау кезеңі — сол Ұлттық мемлекеттілік идеясының ғасырлар бойғы рухани күресінің заңды жемісі де, тарих алдындағы жеңісі де!

Осы тұрғыдан келгенде Елбасы Жолдауының күн тәртібіне дер кезінде әрі өте орынды шығарылғаны еш күмән туғызбайды.

Жаһандық күрделі үдерістер, әлемдік геосаяси және геоэкономикалық дағдарыстар, дүниежүзілік беймаза әлеуметтік, мәдени жәни діни ахуал — осының барлығы адамзат алдына шырмауы шым-шытырық мәселелер тудыруда.

Қазіргідей көзді ашып-жұмғанша ертеңің кешегіге айналатын заманда жайбасарлық жақсы нышан емес. Сондықтан да болар, Жолдаудың мұнша жылдам боларын ешкім деболжап-білмей қалғаны.

Оның үстіне әңгіме ел мен жер үшін, Ұлттық мемлекеттілік пен ұлт үшін аса өзекті міндет пен мақсаттар төңірегінде қозғалып отыр.

Бұл ретте Халықтар достығы Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тәрізді саяси, әлеуметтік, мәдени және рухани маңызы айрақшы мерейтойларға да өз бағасы беріліп отырғаны қуантады.

Тамақ және химия өнеркәсібіне, машина жасау, қызмет көрсетулер салаларына қатысы бар шағын және орта бизнеске, әрі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллиард бөлініп отыр.

Халықтың көпшілігі үшін аса маңызды банк секторын сауықтыруға келер жылы қосымша 250 миллиард жұмсалмақ.

Ұлттық мемлекеттігіміздің халықаралық абыройын әспеттейтін ЭКСПО-2017 кешеніне, көліктік-логистикалық, индустриялық энергетикалық және тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайтып, одан әрі дамытуға бөлінген қаржы көлемі қыруар.

Білім, тәлім мен тәрбие саласына байланысты, әсіресе балалар бақшасы жүйесінің дамуына 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге, мектептерді жөндеуге және жаңалауға 20 млрд. теңге бөлінбек.

Тек жол құрылысы арқылы ғана жаңадан 200 мың жұмыс орны құрылып, жол құрылысына 70 млрд. теңге жұмсалмақшы. Батыс пен Шығысты жалғап, екі дүниенің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және рухани байланыстарының күрематыры болған Ұлы Жібек жолы өтетін Қазақстан үшін жол, транспорттық логистика мәселелері ерекше маңызға ие екендігі әбден түсінікті.

Айналып келгенде, аталмыш әлеуметтік-экономикалық салалардың баршасы — мемлекеттің, Ұлттық мемлекеттігіміздің тұғырлы тіректері. Олардың әрбірі — Қазақ мемлекеттігінің әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру жолындағы ауқымды да абыройлы қадамдары.

Жетістік — кеңесе білген жерде, бірлік пен тірлік бар жерде. Солай болғанда ғана Елбасы өз Жолдауында атап көрсеткендей Жалпыұлттық идея — қазақтың Ұлттық Шаңырағы — Қазақстан құт пен берекенің, ынтымақ пен ырыстың ошағына айналмақ!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз