Басты бет Қазақстан тарихы Ортағасырлық Қазақстан Ежелгі және дамыған орта ғасырдағы мемлекеттер (VI ғ. басы-XIIIғ ) Қимақ мемлекетінің ыдырауы

Қимақ мемлекетінің ыдырауы

28 Қазан 2014
1505
0

Оның бір себебі қимақ қағандарының қол астындағы қыпшақ тайпаларымен арадағы алауыздық еді. Қыпшақтар орталық билікке қарсы шығып, Ертістен Еділге дейінгі аумақта өз үстемдігін орнатты. Қимақ мемлекетінің құлауына септігін тигізген екінші себеп қағанат ішінде өзара тартыстың күшеюі болды. 916 жылы Солтүстік Қытайда қидандар мемлекетінің құрылуынан туындаған көші-қон ағымы да Қимақ қағанатының құлауында маңызды фактор болды. Осы держава жерінің батысқа қарай ұлғаюы көшпелі тайпалардың әрі қарай ығыса түсуіне алып келді. 

Тайпалардың ұлы көшінің жаңғырығы көптеген орта ғасырлық дереккөздерде: араб-парсы, орыс, армян, венгр, византия, сирия деректерінде көрініс тапты. Араб ғалымы әл-Марвазиде (XII ғасыр) осы көшке қатысты ақпарат сақталған. «Олардың (түріктердің) арасында кұндар деп аталатын бір топ адам бар, олар кытай қағанынан қорқып, Қытай жерінен келді. 

Олар — несториан сарынындағы христиандар. Өздерінің аймақтарынан олар жайылымның жеткіліксіздігінен кетті. Икинджи ибн Қошқар Хорезмшах солардың (арасынан) шыққан. Олар (құндар) қайлар деп аталатын халықтан теперіш көрді. Бұлар олардан да көп әрі күшті болатын. Бұлар оларды жайылымнан қуды. Сонда құндар шарлар жеріне келіп қоныстанды да, шарлар түрікмендер жеріне көшті. Түрікмендер оғыздардың шығыс жерлеріне көшті, ал оғыздар Армян теңізіне жақын маңайдағы печенеттер жеріне көшіп барды» . Бұл жерде Армян теңізі деп Қара теңіз айтылады. Демек, бұл көшу Қытайдан Қара теңізге дейінгі халықтарды қамтыды. 

Өз жерін тастап шыққан кұндар мен қайлар Солтүстік-Шығыс Жетісу мен Ертіс бойындағы әлсіреу сатысында тұрған қимақтарға соққы берді. Сол арқылы қайлар қыпшақтарды өз жерінен қозғаса, өз кезегінде қыпшақтар оғыздарды Сырдария өзенінің бассейнінен, Аралдың батыс өңірі мен Каспийдің солтүстік өңірінен ығыстырып шығарды. Сөйтіп оларды оңтүстік орыс далалары мен Қара теңіз өңіріндегі далаларға қоныс аударуға мәжбүр етті. Оғыздардың жерін басып алғаннан кейін қыпшақ хандары едәуір күшейіп, қимақ-қыпшақ және құман тайпаларының бұрынғы қоныстанған негізгі жерінде күш-қуаты жағынан басым болды. Қимақтар осы оқиғалар барысында өзінің саяси үстемдігінен айырылып қана қоймай, оған қоса қыпшақтарға тәуелді болып қалды. Қимақтардың бір бөлігі Ертісте қалып, екінші бөлігі Түркістан және Орта Азия аймағына қоныс аударды, ал үшінші бөлігі қыпшақ тайпаларының құрамында батысқа, оңтүстік орыс далаларына қарай қозғалды. Қимақтардың орнын қыпшақтар басты .


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Сауалнама

Қазақ-жоңғар шайқасы туралы тарихи драмалық көркемфильмдердің қайсысы көңілінізден шықты?