Басты бет Әдістік жабдықтар Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Дүниетанымдық үлгілер, тұжырымдар Аймақ тарихы Айналдым Алты Алаштың азаматы (ақын Ә. Мұхамеджанов шығармашылығы жайында)

Айналдым Алты Алаштың азаматы (ақын Ә. Мұхамеджанов шығармашылығы жайында)

10 Сәуір 2014
28
0

«Осылай бұл өмірдің өткелегі» атты өлеңінде Ә.Мұхамеджанов қоғамдағы кездесетін кейбір болымсыз жайттарды өлеңмен өрнектеп, олардың қоғам дамуындағы кертартпа әсерін ашып көрсетеді. Шағын отбасын іргелі мемлекеттің негізіне алған ақын Ә. Мұхамеджанов әке мен бала, келін мен ата, ене, ағайындар  араларындағы сыйластыққа  үлкен мән беріп, оны келешектің тұғырлы, тиянақты негізіне теңейді. Ең соңында елді берекелі бірлікке, ауызбіршілікке шақырып,

- Айналдым, Алты алаштың Азаматы!

(Алтаудың біреуінің Қазақ аты)

Жан керек жауыңа да, - жеңе алмайды,

Бір болса исі Қазақ жамағаты.

... Бірлікте мұсылманның Салауаты!

- деген ұлағатты оймен аяқтайды. Бұл Елбасымыздың ешқашан естен шығармайтын қағидасы.

... Ғалымнан амал еткен залым басым,

Дарыннан майға бөккен қарын басым,

Барама, адамзат азып – тозып,

Замана, күннен – күнге тарылғасын.

Ақылдан аярлардың айласы көп,

Нақылдың наданға айтқан пайдасы жоқ,

Ақырған ақ таяқты бақташы артық,

Батырдан, сауыт-сауман найзасы жоқ.

- Қаршыған қашқан ақын іле алмаса,

Балаң сор, басын алып жүре алмаса,

Қайғыңа қайғы қосып қартайтады,

Кер кетіп, келін тағы тіл алмаса.

- Нәті не, наркескеннің шабылмаған,

Тұлпар ма, тұяғынан сабылмаған,

- Досыңнан демеу берген біреу артық,

Қасыңнан, қысылғанда табылмаған.

- Май етер арық малың асыраған,

Жер етер жігеріңді жасық адам, 

- Не пайда туысыңнан тасып-толған,

Жайсызда, жаны саған ашымаған.

- Жастық шақ бекер, ойнап күле алмаса,

Жігіт не, жайнап дәурен сүре алмаса,

- Жарытып жаның сүйген жар болмаса,

Қалпіңді қабағыңнан ұға алмаса.

- Ағама, артық ақыл айта алмаса,

Тағама «қарымыңды» қайтармаса,

Ал іні, ізеті мен ілтипатын,

Мәзір ғып талабыңнан тайсалмаса?

- Құда не, жанын салып жанаспаса

Жиен жат, жыртығыңды жамаспаса,

Әкеңдей жақсы жезде – жан ашырың

Қайрылып қалған жақын қараспаса.

- Қуаныш қуаныш па жүрегіңді,

«Жармаса» құдай беріп тілегіңді.

Бақыттан басың дал боп маңып кетсең

Біле алмай, жыларыңды – күлеріңді.

- Қайғы не қара нардай шөктірмесе?

Көзіңнен көл-көсір жас төккізбесе?

- Дүнияң қараң қалғыр қажеті не,

Қаталап қусаң дағы  жеткізбесе...

... Ұрпақтан-ұрпаққа ауып барады Арман,

Салт-сана қалған бізге бабалардан.

«Ел жаңа, елу жылда – жүзде қазан»,

Қалады бір күн артта мына жалған.

- Жоқ-жұқа, жадаумын деп қайғы қылма,

Байлықтың басы деннің саулығында.

Гауһар тас, алтын, күміс, жиған мүлкің,

Көзіңе көріне ме ауруың да?

- Дәулетің, ризығың, байлық, бағың,

Атағың, абыройың, алтын тағың.

Көрсетер рахатын риясыз,

Бар болса бірлігің мен ынтымағын.

- Осылай бұл өмірдің өткелегі,

Дем бітсе шаруаңда шектеледі.

Тірлікте «сіз-біз» десіп сыйласқанды,

Айтыңдар, қандай Қазақ жек көреді?

- Көтеріп, парасат пен парқымызды,

Ұстасақ, әдет-ғұрып салтымызды,

Сақтасақ дақ түсірмей даңқымызды,

Шығарар шырғалаңнан халқымызды.

- Айналдым, Алты алаштың Азаматы!

(Алтаудың біреуінің Қазақ аты)

Жан керек жауыңа да, - жеңе алмайды,

Бір болса исі Қазақ жамағаты.

... Бірлікте мұсылманның Салауаты!

Ақын Әбиболла Мұхамеджанов әкесі Қарамолданың жазықсыз репрессия құрбаны болып кеткендігінен болар, жалпы саясатқа онша бара бермеген. Дегенмен, қоғамдағы болып жатқан жағымды, жағымсыз өзгерістерге бей-жай қарамаған. Кешегі кеңестік әкімшілдік-әміршілдік жүйенің  Қазақстанның саяси, рухани дамуына тигізген кері әсерін сезінген ол, сол кездегі КСРО басшыларының портреттерін дұрыс бейнелеп, кейбіреулерінің жағымсыз жақтарын уытты өлеңдермен бере де білген. Мына төмендегі өлең М.С. Горбачевтың газетке шығарылған бір суретіне арналған. Кеңестік жүйенің келмеске кеткен кезеңіне дәл келген бұл өлең ақын Ә.Мұхамеджановтың сатира садағының көздеген нысанасына дөп тигенін дәлелдейді.

- Айрылған таңбасынан басы тақыр,

Горбачев, қолда таяқ, бейне пақыр.

«Шашу» деп жаңа жылдың қарсаңында,

«Арқалап СССР- ды» келе жатыр.

- Қабының арқалаған түбі тесік,

Қалғандай шаршағаннан өкпесі өшіп.

Қасыңда қас қылғандай келін де жоқ,

Жүгіне жіберетін жәрдемдесіп.

- Одақтың он екісі қап ішінде,

(өзінің есебі бар тағы ішінде).

Не үшін алты жылдай арбасқанын,

Білмейді: - «іні» үшін бе, «аға» үшін бе?

- Қарасақ күлкің келед бейнесіне,

(Түсіред Мюнхаузенді кейде есіңе).

Он «бала» сенбелісін сатылыпты,

Тағып ап «Тәуелсіздік» жейдесіне.

- Бір қапқа он екісі сыйыса алмай,

Тар жерде бір – біріне тиісе алмай.

Әйтеуір аман – есен бытырапты,

Жүрсе де бірін – бірі қиыса алмай.

- Горбачев аман жүрсін, өлмесін» деп,

«Ол күндер басқа қайтып келмесін» деп.

Қуанып бет-бетіне безіп барад,

Одақты енді желкем көрмесін деп.

- Есептен сүйтіп бала жаңылыпты,

Кімді алдайды? «Балдарының» бәрі мықты.

Жете алмай жаңа жылдың есігіне,

Бағынан, тағынан да қиылыпты.

- Алдаумен алты жылдай «Әкем» бізді,

Жоқшылық, қайыршылық әкелгізді.

Тұрғанда тағын бермей тағы бір жыл,

Жақын ед жеп қоюға жат ел бізді.

  Дегенмен ақын ағаның жалаң сөз, құр қиялға берілмегендігінің де қүнбе-күнгі куәсі болып жүрдік. Оның өз сенімін, дінге сенген дүниесін ешкім тайырған жоқ.   Төмендегі халық емшісі Алмаш қызына арнаған өлеңінде оның дінге, әруақтарға деген берік сенімін байқауға болады.

Мерекең құтты болсын қызым Алмаш,

Әруақ пен жастайыңнан бопсың жолдас.

Құдайдың құйып берген қасиетін,

Көз бенен көріп тұрып, айтпай, болмас.

Аллада білед кімге беретінін

Көлденең көк аттыға әруақ қонбас.

Сақтап ем суретіңді бір жыл бойы,

Білгендей жаңа жылда келдің алғаш.

Қаңтардың 1- күні болды осындай

Оқиға біздің үйде адам нанбас...

- Жайдары жаның таза бала екенсің,

Балам мен заманың бір, жасың жалғас.

Көргендей өз қызымды емірендім,

Иншалла, ықыласым жерде қалмас.

Бізде бір әруақты ердің орынымыз,

Адалмен, жаны жандас, қаны қандас.

Деген ғой, бұрынғы өткен қариялар:

«Аттаған әруақты адам оңбас».

«Орыны дүниенің толғанменен,

«Сәл жерден көңіл қалса, орны толмас».

Қалмасын бізден көңлің, - сенен біздің,

Болып жүр әр кез бізбен дастархандас.

Келінім Сәуле, қызым Сәбира мен

Болыңдар сырлы сыйлас, құрбы құрдас.

Сыйладың ойымдағы құранды әкеп,

Ат мінген, атаң алып мұндай болмас.

Көп жаса, көгер – көкте, бақытты бол,

Алмашты, әруақ, құдай бірге қолдаш!

Қуат бер я жасаған! Алмаш жанға,

Қалмайтын, шапша шарап, ұшша талмас.

- Халқыңа қасиетің мен қызмет қылсаң

Қарағым, атың арып, тоның тозбас.

 

  Әруақты оттың басынан шыққан ақын Ә.Мұхамеджанов өмірінің соңғы жылдарында өзінің наным-сенімін Алланың ақ жолына арнады. Өз бетінше құранды тұп нұсқасынан оқуға дейін жеткен ол сегіз жыл ғұмырын Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикметін» аударуға арнады. Бабасы қажы Мәді қожа қоғамдық қорының белсенді мүшесі болған Ә.Мұхамеджанов баба рухын дәріптеуде, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуде ар тазалығы мен жан тазалығының ауадай қажет екендігін жақсы түсінді. Сондықтан ұлыларды ұлықтауға арналған мешіттер мен ескерткіштер маңында жаны таза, иманы ибалы, діни сауатты жандардың болуы керектігін, бабалар рухын ұлықтауды күнделікті күнкөрістің көзіне айналдырмай, оның маңайында жүрегімен берілген жандардың болғанын қалады. Жоғарыда айтылған ойларын мына төмендегі жыр шумақтары арқылы жеткізеді. 

Қажы Мәдіқожа қоғамдық қорының мүшелеріне

Шырақшың аңқылдақта, адалда екен,

Көр сауат қауқылдаған қараңғы екен.

Өзіне түсіндіріп тілін тапсаң,

Өзіңнің жұмсауыңа жарамды екен.

Жиылған жын-шайтандар маңында екен,

Арамдар азғырудың қамында екен.

Қасында шәйпау қатын, шапшыма қыз,

Бас бұзар бұзық бала жанында екен.

Әлиің сөзге ерме, жалтақ екен,

Мысалы, жел ұшырған қалпақ екен.

Байғұстың бойындағы бар қасиет,

Әйтеуір, арамдықтан алшақ екен.

Сен оған былай деп айт: - «жөнделесің,

Өзіңде, жан ұяңда өзгересің.

Егерде ақылды алып жөнделмесең,

Ақыры бір бәлеге кез келесің».

Келісіп көп алдында жарасқасын,

Сіресіп сеніменен таласпасын.

Жиылған жанындағы жын-перімен,

Азғырғыш әзәзілді аластасын.

Өзеуреп өзінікін «жөн» демесін,

Жиылған жұртты өзінен кем демесін.

Бабалар әруағына азар беріп,

Наркоман, алқаштарды емдемесін.

Екінші енді мұндай дау болмасын,

Себепсіз дау шығарған сау болмасын!

Сияқты сыңар уыс қожекендер,

Бақасып бір-бірімен жау болмасын.

Әрине ондайды Алла кешірмейді,

Бақ-дәулет мал мен басты өсірмейді.

Арнаулы әруақ үшін жаққан отты,

Шын айтам, шәйтан келіп өшірмейді.

Мен өзім әрі жиен, әрі тағаң,

Айдадым әпсанамды арнап саған.

Жантайып, жан күйзеліп жазған мұны,

Өзі ауру, әрі ақсақ Әби ағаң!  

Шырақшы Әли Қожаға

Мынау сұмдық бастама ғой!

Халық алдында масқара ғой!

Бүйтіп елді шулатқанша,

Қара жерді жастана ғой!

Қатын шайпау, қызың бетпақ!

Есіртіп жүр екі жақтап.

Ерсең егер екеуіне,

Ала алмайсың басыңды ақтап.

Өлсең пейіш бармақ үшін,

Сонда мәңгі қалмақ үшін.

Сені әдейі қоймадық па,

Адал жан деп, әруақ үшін?

Жинап-теріп алып берген,

Үйді-жайды салып берген.

Онда сенің үлесің аз,

Барлығында халық берген.

Шәйтан сені азғырады,

Иманыңнан аздырады.

Сол бетіңмен кете берсең,

Алла сені жазғырады.

Қызың менен қатыныңда,

Тума-туыс жақыныңда.

Сені азғырса кетті дей бер,

Әзәзілдің тақымында!

Әйелдерге шәйтан жуық,

Бұзылады ізін қуып.

Ертең баурым жылап жүрме,

Сақалыңды жаспен жуып.

Иманыңа қаскүнемді,

Наркоман мен маскүнемді.

Әруақ жатқан жерге жисаң,

Құдай ұрат тастөбеңді!

Әруақ атар байқа бала,

Кешегіңді қайталама.

Бұйырғанға қанағат қыл,

Деп ақылын айтады аға.

  ... От басы, ошақ қасында, үйелмен болғасын нелер болмайды.... Айында-жылында бір кикілжіңде кемпіріме тілімнің ұшы қаттырақ батып кетсе керек, қашанғы  шыдасын, ол да «әдемілеп» қарым қайтарып еді, бұл өлең соған орай туған болатын», - деп жазыпты ақын Ә. Мұхамеджанов. Жарты ғасырдан аса бірге өмір кешкен жұбайы Балажан жеңгемізбен сыйластықтың үлгісін көрсеткендігі болар қаналарынан өрбіген ұлдары: Әбдібек пен Ақылбек, Нартай мен Талғат, қызы Сәбира да әке мен аналарына қарап өнегелі ұрпақтарын жалғастыруда. Келешегінің әркезде үйлі, ұрпақты болатынын болжаған аға:

 

Барына шүкір бәйбіше

(«Абай бабасына еліктеу»)

... Қасыңда шалың,

Қораңда малың.

Киімің бүтін

Үстіңде тамың.

Не ішем дейсің,

Не жеймін дейсің

Ащылы-тұщы

Алдыңда дәмің.

Жайғасам десең,

Жантаям десең

Үй - ішің жылы

Төсегің қалың.

Немерең келіп,

Аймалап сені

Жатасың бей-жай.

Жай тауып  жаның.

Қоғадай ығып,

Ойыннан шығып.

Әкелсе саған

Керектің бәрін.

Қонағың келсе,

Құшағын жайып,

Бұрқырап қазан,

Отырса мейман.

Көңілі байып,

Тамсана татып.

Бұйырған дәмін.

Немерең қандай

Күн менен айдай.

Жұлдыздай Айман

Шекерің, палың.

Тілдері майдай,

Шөлдесең шайдай.

Жаныңа жәрдем

Ауырсаң дәрің.

Шүлдірлеп күлсе

Шапқылап жүрсе

«Күмбірлі күйің,

Айтатын әнің.

«Әже» деп келсе

Елжіреп жүрек

Уылжыр тәнің.

Отыңды жағып

Күліңді алып.

Шалдықсаң шаршап

Қуатың әлің.

Бұғана қатса

Буыны бекіп

Түздегі гүлің

Үйдегі сәнің.

Сақта деп Алла,

Тіл менен көзден

Беретін өзің

Тәрбие тәлім.

«Ағаштан қисық

Түзуі тезден.

Түсінсең солай

Құрметті «Ханум».

Балдар мен келін,

Шау тартқан шалың.

Шапқылап жүрміз

Бір сенің қамың.

Бәрі де сен деп

Етуде еңбек.

Осыдан артық

Не керек «Жаным».

Осылар Әмән

Болсын деп аман.

Тәубәңә кел де

Тәңірге табын.

Береке бақыт

Бірлікте жатыр.

Сәлекер сөйлеп

Сындырма сағын.

- Отасып бірге,

бөлінбей ірге

Қырық жыл бұрын

Қосылған «жарым».

Көңірсіп күнде,

Керісіп бірде

Өмірдің не бір

Таттық қой «дәмін»...

... Кей кезде түртіп

Әзәзіл залым.

Байқамай басқа,

Шабады қаным.

Шығыңа шектен

Шығындап кетсем,

... Ұмытып бәрін 

Келгенше әлің.

(«қарыздар қалмай»

Қайтарып қарым...)

... Ашынып демде

Аянбай сенде.

Жаясың келіп

Тіліңнің зәрін... 

... Сабына түсіп

Саябыр тауып.

Әріге кетпей 

Алқынған арын.

Толастап тасу,

Азайса ашу.

Баяғы тірлік,

Баяғы сарын...

... Сен деген темір,

Мен деген көмір,

Лапылы барда

Шоғы тоқ жалын.

«Жармай-ақ өтті»

Түсінсең не етті?

Шәркездеу мінез,

Шалыңның халін.

«Дауылы тұрып,

Нөсері құйып,

Күркіреп күнде

Төкпейме кәрін.

Ашылып аспан,

Шұғыла шашқан.

Пұшайма күн көп

Осының бәрін...»

Мен сенің сенсең

Қадірін білсең.

Таянар таяқ

Қарманар талың.

Мен егер өлсем,

Сен терең көмсең.

Бәйбіше маған

Жағдайың мәлім.

Қолдағы алтын,

Білмесең парқын.

Жоғалған сәтте,

Суға ығып салың.

Орныңа келмей

Сұрасаң бермей.

Тартарсың сонда

Зәрулік зарын,

зәрулік зарын,

зәрулік зарын!...

  Ж. Азаматов (1913-1996 жж.) – еңбек және соғыс ардагері. 1955 – 1983 жылдар аралығында Шіркейлі ауылында ұжымшар бастығы, кейін кеңшар директоры болып қызмет етті. Азаматов басқарған кеңшар бірнеше рет ауыспалы Қызыл тумен марапатталып, Алтын кітапқа жазылды. Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің жеңімпазы атанды. Оның кеңшарды көркейтудегі ерең еңбегі осы уақытқа дейін ел есінде. Ж.Азаматов ақын Ә. Мұхамеджановтың жақын апаларынан туатын жиені. Жасы үлкендігіне қарамастан өзінің інілерімен әзілдесіп дастархан басында өте көңілді отыратын -ды. Сондай зілсіз әзілдің бір шарпуы кезінде нағашысы Әбиболла ағаға да тілі тиіп кетсе керек. Төмендегі өлеңді зерделеп оқыған оқырман аға мен іні арасындағы, жиен мен нағашы арасындағы қазақи қалжыңның куәсі болары сөзсіз. Өмірлерінің соңғы сағаттарына дейін бір-біріне деген тірі пенделік риязылықпен өмірден өтті.

Жаңабайға

Болса да бойың қораш шала бақпа,

Басыңды балап жүрміз қазан атқа,

Ер едің елге танық атың мәшһүр,

Уә, Жәке, қалың қалай, саламат па?

Байлықтың баршасынан бәһәмдасақ,

Денсаулық ең қымбаты азаматқа.

Ортада өзің жүрсең қартаймаймыз,

Асықпа әзір шалым ана жаққа.

Ел үшін еңреп жүріп, етек тұрып,

Жеткіздің он баланы кәмелетке.

30 жыл ел биледің егелік қып,

Өзің би, өзің қожа, өзің датқа.

Себеп боп нағашыңның нар келбеті,

Жайылып атың кетті шар тарапқа.

Әліңше аз болса да, адал болдың,

Халық пен партиялық зор мандатқа.

Басшы боп, басын қосып біріктірдің,

Шақ қалған елді жинап тарамаққа.

Қол ұшын жұртпен бірге сенде бердің,

Ағайын суға батып бара жатса.

Қасиет бір басыңда жетіп жатыр,

Қаласаң, мейлің датта, мейлің мақта.

Тәңірім таусылмайтын қуатпенен,

Ептілік берген қоса тіл мен жаққа.

Жүйріктей жүлде егесі, жарысқанда,

Жетіксің саясат пен шариғатқа.

Қызғанда, Қожа Ахмед Яссауиден,

Бәйітті жібересің соғып жатқа.

Ұтқырсың, ұтымтал жер сөзден келсе,

Шүбәсіз чемпиондай шахматқа.

Жайлайсың жалғыз өзің жиылса жұрт,

Батырып барлығын да «рахатқа».

Артында ашуы жоқ әзіліңді,

Түсінер, ақылды да, ақымақ та,

Сексеннің сеңгіріне секірсең де,

Әлің бар ақыл айтар жұрағатқа.

Білінбес қажысаң да қартайғаның,

Жасыңнан кім таласар «қонған баққа».

Әжім жоқ ақ бетіңде айтарлықтай,

Көрікті аз дәл өзіңдей біздің жақта.

( Құдай-ау, бір мүшемді кем қылсаңда,

Жәкеңнің жамалынан өзің сақта).

Атымен әр нәрсені айтқан ләзім,

Жеттік қой жалтағы жоқ жарналыққа.

Кімнен кем, кімнен артық сөз тарады.

Ал Жәке, жүгінелік әділетке:

- Мамырдың 20-да бас қосылып,

Шешіліп шежіре айттың жамағатқа.

Мақтадың біздің шалдың шалымдысын,

Көңілмен көз жіберіп өткен шаққа.

Атадың алымдығын, ақындығын,

Апардың әңгімені бір сағатқа.

Ал мені, әкесіне тартпаған деп,

Мінгіздің айыпкердей ағаш атқа.

Сәлден соң мадақталып шешем кетті:

«Шәрипа шадыман ед шартарапқа».

Қайырымын, есіңе алып, салдың шотқа.

Әсірдің мәрттігі мен сақилығын.

Ерлігін, бейімдігін шапағатқа,

Барлығын, тізіп айттың – Рахмет!

Масайрап мен отырдым марапатқа,

Себепкер, Қалтайға да өзің екен,

Тапсырған Аталықовқа «аманатқа».

Ол оған құдай берген қабілетімен,

Бізсізде әйгіленді жүмилә жұртқа.

 Михматтың пәндеге аян бәрін көріп,

Ақыры қолы жетті Мағрифатқа.

- Бір кезде, шешесіне тарпаған деп,

Мәз болдың өзің айтқан «мағлұматқа».

Жұртты да, ініңді де адастырып,

Итерді қандай жағдай қиянатқа?

Ұқсатпай әкеме де, шешеме де,

Не дейміз, өзің ашқан «кәрәматқа»?

Қарамай жан-жағыңа жұрт алдында,

Мені әкеп тели бердің жаман атқа.

(Қылыштан өздеріңдей нашар шықса,

Жоримыз жабы болса да арғымаққа).

Таба алмай жауап іздеп көп отырдым,

Кетпеген көңліндегі қара даққа.

Баласы өсер елдің мадақталар,

Ал біздер, жүгіртеміз сексен саққа .

Алдағы ағалардан үміт үзсек,

Жаримыз біздер кімнен ілтифатқа?

Ізіңді қартайдың ғой кімдер басар,

Айналса арттағы інің ұлтараққа?

Онсызда «Алла» деген аз әулетті,

Сиғызбай Сайын елге жүрген жоқ па?

Өзіңдей ақылдының түрі мынау,

Болатын топқа тұтқа, елге ноқта.

Бытырап бет-бетіне ел кетпей ме?

Қоғам боп, қол жетпесе ынтымаққа?

Ұрпақтың ұғынысар қамын ойла,

Мәз болмай мағынасыз құр ыржаққа.

Орманда «сыбағасын» алған менен,

Қоймаушы ед көп ішінде түртіп шапқа.

Орекең, есі бар ғой қабыл алды,

Болса да  аты мәлім атырапқа.

    - Деген бар: «қырық кісі» атқа мінер,

  Ақылды ер, еге болса алтын таққа.

  Жеткіздің  жеткіншектен неше ініңді,

  Басыңа бақыт қонып тұрған шақта?

  Әзірше інілерің бірі айтпайды,

  Жеттім деп Жаңабайдан бір мұратқа.

  Күлесің керісінше, кемітесің,

  Дәлелсіз дақ саласың ар-ұятқа.

 

  Мансұқ қып ата-анамның қасиетімен.

Олжа еттің әжуә мен ыржалаққа.

Мендегі ақың болса алмайсың ба,

Ініңмін, кешірем ғой ұрып жаққа.

Амал жоқ көп ішінде көмбейін деп,

Отырдым сабыр әйлап шыдап шаққа.

Атама, анама да ұқсамасам,

Бұрамын бағдарымды мен қай жаққа?

Жаралдым «катримиден гаупарифак»

Мен кіммін? Сізден жауап бұл сұраққа.

Жазушы Әбибулла әпәндәмән,

Сыйғызып сәлем хатын төрт параққа.

  Бұл өлеңнің түп-төркінін еш өзгертпей беріп отырғанымыз қазақтың «тұлпар тепседе тұяғымен» деген ұлы да ұлағатты сөзді жастар біле берсін деген ниет. Әзілің жарасса. ... деген тілек. 

2007 жылы Сейіт Омар Саттарұлының АБД УЛ – ЖАЛИЛ БАБ (Хорасан Ата): Тарихи – құжатты танымдық кітабы жарық көрді. Аталған еңбек Қорасан ата- бабаның мұраларын кейінгі ұрпақтарға жеткізуде үлкен тарихи – танымдық еңбек болып есептеледі. Бұндай шығармаларды зейін қоя оқитын Әбиболла аға онда келтірілген жеке адамдардың, яғни Қорасан ата ұрпақтарының біржақты болғандығына өз өкінішін білдіріп, сол кітаптың жарыққа шығуының басы-қасында жүрген інісі Орынбай Құлымбетовке төмендегі өлең арқылы өзінің ағалық назын жеткізген. Өлеңнің соңына:

- Ортай, бұл әпсана сені кемсіту – мұқату емес, қайта сенің намысыңды қоздырып әрнәрсені ойланып істеуге ұмтылсын, - деген оймен жазылды. Менің сендерге жиен екенімді де есіңе түсіргейсің, - деп қол қойыпты Әбиболла аға.

Абдужалилбап (Хорасан баба) кітабын парақтағандағы ой

    Зер салып шежірелер дерегіне,

    Кітапты жақсы жазған керегіне.

    Сол үшін мың бір алғыс Сейіт Омарға,

   Ал Ортайдың килігу себебі не?

    - Не десеңдер о деңдер қарақтарым,

Осынысын Ортайдың жаратпадым.

Бір кәкір осы қудан келді ма деп,

Кітапты бастан- аяқ парақтадым.

Қарасам, қаптап кеткен «көті мылтық»

Бір жерде біреу емес, «жеті мылтық».

Әр жерден Қожжан, Қылыш қылаң беріп,

Қойыпты Бақпамбетті «жетім ұл» қып.

Оларды қосқан күнде марқаймай ма?

(Ойбай- ау оны ойлайтын Ортай қайда?)

«Мықтысы» мылтықтардың ұмыт қапты:

«Қос сақи»Алтынбек пен Сартай қайда?...

- Қамалған шындық үшін қапас жайға,

Қожаның қаһарманы Мақаш қайда?

Атағы алты алашқа аңыз болған

Ұрпағы Алтайбектің Аташ қайда?

Бекерге Әби қасқа айқайлай ма?

(Айқайдан адам ерте қартаймай ма?)

Дүниені кеше ғана дүрілдеткен,

Ер Көшектен: Әбіраш, Қалтай қайда?

Күдеріден Құдекең, Жақаң қайда?

Ағайынды Әлекең, Ахаң қайда?

Жан –жақтан әруақ қысса, тірі өкпелеп,

Тас жұтып сонда Ортай қақалмай ма?

- Аралбай жоқ, Хамит жоқ, Мәкең қайда?

Бекей қайда, Қазыбай, Тәкең қайда ?

Омар қайда таспаның ең үлкені,

 Ең бастысы Бекқожа әкем қайда?

Аты мәшһүр әулетке Шәһап қайда?

Қайырбекті қоспапсың шатақ қайда?

Сұлтан, Кеңес, Басан жоқ содан кейін,

Тәуір деген  Ортайдың  «атақ» қайда?

Жинарда суреттерді тұз жедің бе?

Қоспапсың Мүслимәні қыз дедің бе?

Шаңырағы ед Бекқожа әкем әруақ қонған,

Әруақтан күдеріңді үзгенің бе?...

Сол үшін кінәлаңдар Орынбайды,

Жасауға мұндай иттік сол ыңғайлы.

Қарамай алды-артына болар істің,

Ойланбай өз дегенін орындайды.

Ортай – ау, ой –санамды ортайттың ғой,

(Осыны ойлансын деп жорта айттым ғой).

Қолымда 5 жыл оқып «Қараң батып»,

Ағаңды ақырында қарттайттың ғой.

Болар деп көпке тұлға тек осылар

Бағланын басқа атаның «шоңқайттың» ғой.

Жұқартып жүйкемді өстіп жүдеттің- ау,

Жасытып жігерімді құм еттің-ау.

Айрылып бір қой қоймай, жетеуінен,

Тағы да «Тәубә» демей күнә еттің- ау.

Жөнделіп жүре-жүре кетер деуші ем,

Өзгертпей өнеріңді үдеттің – ау,

Баршаға ортақ жазылған шежіреге,

Өзіңнің ойдағыңды дүметтің – ау...

  Шынында О.Құлымбетов өзінің біржақтылығын мойындады. Ақын аға атаған талай арысты азаматтарды ел мойындауда. Оларды неге бұл шығармаға кіргізбеске: Ұрпақтар алдындағы өкініш!

  Әбиболла аға өмірінің соңғы жылдары Күдері әулетінің ақсақалы ретінде әулеттің барлық қуаныштары мен қайғыларын бірге көтерісіп, реті келгенде барлығымызды сабырлылыққа, шыдамдылық пен шүкірлікке шақырып отыратын. Мұхамеджан әкемізден қалған үш ұлдың ең үлкені де Әби аға болғанмен, Алла ажал атты құбылысты орындауды үлкеннен емес, ең кішісі Ибрагимнен бастады. Одан кейін көп ұзамай  халықтың Қалтайы атанған Қалтай ағамызда бақилық сапарға аттанып кетті. Өз қайғысына тұмшаланып қалмай Әби аға өзгелердің қайғысын да бірге бөлісіп, бәрімізді де шүкірлік тауына жетеледі. Жоғарыдағы аталған қайғы қасіреттерге қосымша туған келіні мен жұбайы Балажаннан айырылуы ақын жүрегін тоқтатпағанмен, оған қайғы сызын түсіргені анық. Міне осы уақыттағы Әбиболла ағаның сыры мен шынын ақтаратын, мұңын шағатын серігі қалам мен қағаз болды. Оның көптеген жемісті туындыларының өмірге келуі де осы уақытқа дәл келеді. Төмендегі маған жазылған ағалық ақылға толы өлеңі көп солардың бірі:

Қазыбайға!

Шаңырағын Күдерінің шамала да,

Қазыбай, жан жағыңа қара бала!

«Келеді төбедегің түгел болсаң»,

Онсыз да аз әулетті алалама.

«Жақсыны» өзің емес, жұрттан іздеп,

Жүрегін жақыныңның жаралама.

(Қарайып туысыңнан қалған көңіл,

Жуғанмен жыл он екі ай ағара ма?)

Жалғанда жаңылмайтын жақ болмайды,

Сөзінен сүрінгенді табалама. 

    Қақ жарған қалың топты Күдері ақын,

  Қарамай ханыңа да, қараңа да.

  Болмаса таңлай қағар тапқырлығы,

  Атағы алты алашқа тарала ма?

  Ынтыққан ұлы жүздің Ұлбикесі,

  Арудың аңсары ауып Қожаға да.

  Ол бабаң хан Кененің кеңесшісі,

  Екінің бірі ондайға бара ала ма?

  Әйгілі аға сұлтан Құнанбайдай,

  Кезінде ақыл қосқан данаға да.

  Баласы ер Көшектей Бәһәдүрдің,

   Белгілі бесіктегі балаға да.

Тұлпардың сол секілді тұяғысың,

Таяныш ініге де, ағаға да.

Кім қалды бас көтерер басалқа айтып,

Өзге емес, ең болмаса өз араңа,

Асылдың аз болары әммеге аян,

Өзің біл, өз құныңды бағала да.

- Бақиға бала кетті, аға кетті,

Ата – ана кеткен қайтып орала ма?

«Болат бол болған іске», - дейді қазақ,

Жазмыштан жан иесі оза ала ма?

- Шүкір! – де, саған ғибрат менің халім,

Шыдаған азаға да, қазаға да.

Құдайым қалғанына өмір берсін,

Өзіңді, отбасыңды мазалама.

- Жақсанның жазылғаны әулетке той,

Жақсылық бұдан артық бола ала ма?

Жарыңды Жаппар қосқан жаныңдай күт,

Болмысын заманыңның жобала да...

Бауырым, қуаныш пен уайымда,

«Зәһәрға» жақындама, жолама да!

  Әулеттің ақылманы болам десең,

  Ауылын ақ сайтанның аралама.

  «Ащының» алды сайран, арты ойран,

  Осыны айт жолдасыңа, жораңа да,

  («Жадының» жетегінде кете берсең,

Жағдайың  ойдағыңдай оңала ма?...)

Үлкендік үш ақ аттам келіп қалды,

Жүгі ауыр, алды артыңды қадағала!

Өзіңнен өнеге алсын кейінгілер,

Тап келген мынау заңғар заманаға.

Інімсің, «Иншалла» деп үміт артам,

Әулеттен алға шыққан ғұламаға,

Үлкені Күдерінің ағай Әби,

Сиынған жалғыз АЛЛА ТАҒАЛАҒА.

Аяса, адам емес, Алла аясын,

Пендеден пенде рахым таба ала ма?

Санаңа салмақ түссе, сабыр сақта,

«Ем іздеп» жардың басын жағалама».

Саған да, өзіме де осыны айтам,

Бұл тоқтам, ініге де, ағаға да.

  Аға тағылымын зерделі оймен зерделеп, болашағымызға бедер тұттық. Өлеңде айтылған сүйікті келіні – менің жұбайым Жақсан өмірден озса да, өмірден күдерімізді үзбедік. Өмір көшіне ілесіп келеміз. Кеште қалған жоқпыз. Шүкір, Аға аруағы қолдап келеді! 

Әбиболла аға өмірінің соңғы күндеріне дейін өзі туған Шіркейлі ауылынан бір сәтте қолын үзген емес. Соңғы кезде серігіне айналған таяғына сүйеніп, ауылдың құдайы, тойларымен басқа да мүсипаттарынан қалмайтын-ды. Әсіресе туған жерінің рухани деңгейінің өсуі, жастардың ғылым мен білімге ұмтылысы, ауылда бой көтерген мәдени ошақтармен Тапал ахунның мешітінің ашылуы ақын шабытын алға жетелейтін-ді. Жиені Жаңабай Азаматовтың ұлы Серік диссертация қорғағанда оның басы-қасында болған Қалтай Мұхамеджанов пен ағасы Әбиболла Мұхамеджановтардың қуанышында шек болған жоқ. Төмендегі өлең сол бір қуаныш 

сәттерінен туған ақынның ініге деген тілегі, риясыз көңілінің көрінісі.

Профессор Азаматов Серікке

Алынбас асу, шығалмас шырқау шыңдарға,

Тәуекел еткен, тірінің сөзін тыңдар ма?

Тар жолдар өтті тайғағын кешіп қатерлі,

Төзбекке пейіл, кездессе не бір сындарға.

Еңреген ерге ғылымда сондай тас қамал,

Алғысы келген, мүр төсеп қарды жастанар?

Көз майын таусып, күн-түні терін төкпейтін,

Ғылымда оңай барма екен сірә, басқа амал?

Ілімнің қилы, сан-сала түрін тармақты,

Інімде менің ірілеу бірін таңдапты.

- Межеңе жетіп, түсірдің ақыр иықтан,

Сыр бермей сыртқа, зіл батпан ауыр салмақты.

Жігерді жанып, дедің де: мұны игерем!

20 жыл жүдеп қаздың-ау құдық инемен.

Бейнеттің арты зейнетке бүгін ұласып,

Өзіңе қайтты абырой, атақ, сыйменен.

Тірліктің тұщы-ащысын бірге талғамай,

Жан ашыр жарық кандидат келін Алмадай,

Келді де бізге кемелді отау көтерді,

Бақытын берген, тәңірім қайтып алмағай...

Шүкірлік етіп, тәубесін қылған осыған.

Жанашырларға, Әй Жәке! Менде қосылам.

Қадамы құтты, қайырлы болып сол келін,

Сағынта бермей сыйлады сізге қос ұлан...

... Зымыран өмір, ұшқырең уақыт не деген?!

Уақытқа жүрмес жоспарың, жобаң ережең.

Игеріп жатыр ілімнің тыңын бүгінде,

Кешегі келген Жанарбек, Жарқын немерең.

Беймаза ғасыр беріп те жатыр, алыпта

Туылып жатыр, түймедейлерде, алыпта.

Ізетті інім ірінің сенде бірісің,

Жәкеңдей сіңсін, еңбегің сіңсе халыққа.

Шынтақтай шалдан шыр етіп келдің әлемге,

(Шыр ете қалып жүрмесін әкең – сәлемде)

Қуансын саған жарыла жаздап жүрегі

Жәкеңдей шалдар бар шығар шүкір әр елде...

Өзегін жарып өмірге сені әкелген,

Сөйлесе сөзі маңызды мақал-мәтелден.

Қылышқа жиен, тілі де қанжар қылыштай,

Азғантай ақпар, әлқисса енді Жәкеңнен:

Сәкен мен Ільяс, Бейімбеттердің тұстасы,

Өнеге алар өрнекті сөздің ұстасы,

Жәкеңдер ғаззал, Жәкеңдер Бәйіт, Жәкең – дүр!

Жәкеңдер тарих, ұзында сөздің қысқасы!

Атақта жетед, аброй жетед Жәкеңде,

Бабаңда текті, анаң да текті, әкеңде...

Шығарса даңқын еңбекпен Жәкең еліне,

Ол сенің атың жария болды жат елге.

Даңқымен Ахун үш жүздің пірі атанған,

Арқадан келіп Аманкелді ерің бата алған,

Түп тағаң тарихи тұлға танымал

Тамшыдай қаның тамырыңдағы Тапалдан.

Бізге де қиған жаратқан Жаппар данасын,

Данаға ділгір жер менен көктің арасы.

Ілім мен қоса ислам жолын паш еткен,

Сол Тапал сенің, Серікжан арғы нағашың.

Өзің де көрсет, жалындап сәл-пәл ойланып,

Заманмен сөйлеп жігітсің өскен ой бағып.

Тағдырға қосар тобаның көп дүр үлесі,

Тәнештей болса кетер ем баурап қой бағып...

Бағзыдан бері жақсы мен жаман бақталас,

Тәлімсіз тентек тегінің түзін ақтамас.

Осылар азбас, тегі де тозбас жақсының.

Кетпесе лағып барлыққа бөсіп, баққа мас...

Ізіне түспей баюдың, малдың, ақшаның,

Серікжан бүгін атаның тұзын ақтадың.

Баянды болып, бақыттың, Аллам, бұйыртсын.

Мәңгілік күліп арайлап атқан ақ таңын.

Тежеме баурым, тежеме тұлпар қарқынын!

Ізіңде келед ұшыртып жанар жарқының.

Ғұлама болып шетінен барлық жанұяң,

Еліне ерке, қаймағы болсын халқының.

Профессор Азаматов! Апырай, неткен жарағым!

Көзіндей етсе өндірдей екі баласын.

Келіннің доктор болуын тағы тілерім,

Иншалла, болар! Тілекті құдай қаласын!

- Қыймылда Жәке! Жасап бір жібер шылқы той

Құтжалмай шалым қазығы Сере жылқы сой,

Жасқанба жайна, жасқанар заман кетті ғой,

Қорқақтық жалғыз жанымда жүрген Мырқы ғой.

Қорқытсаң шалым, құрықтап алам Мырқыны

Қолымда менің Мырқыдай бөжек, тылсымы».

Жарыққа дейін ораза еді парадан,

Нарықпен бірге ашылған болар құлқыны.

Жасай бер Жәке, Серікке сайлы той қамын

Ағылда-төгіл, құлыпты қират қойманың

Бақытқа бөлеп төрт жағын түгел тең берген,

Өзіңдей шал аз! Оны да Жәке ойлағын!...

  Өлеңді терең тағлыммен түсіне оқыған оқырман үшін өзгелердің бәрін бір-ақ дүниеге меңзейтіндей. Ол: - Өзің болмасаң да атаңда бір арғымақтың болғандығы. Ол қандай арғымақ еді, оны топшылауды Азаматовқа қалдырайық...

Бұл мақалада ақын Әбиболла Мұхамеджановтың бұрын баспа бетінде жарияланбаған қолдағы бар өлеңдерін оқырманға ұсындық. Өлеңдерінің  негізгі кейіпкерлері өзінің қарапайым аға інілері, нағашы жиендеріне болғанымен, зерделеп оқығандар оның ішінен тәрбиелік, танымдық, силастыққа негізделген дүниелерді табары да сөзсіз. Ақындықтың көзжетпес ең биік шыңына шығу да, оның  төменгі етегінен басталатынын ескерсек, Әбиболла ағаның да сол мақсатқа жетуіндегі тынымсыз талантының біразының өзімен кеткендігі де белгілі. Келешекте ағадан қалған асыл дүниелерді қазіргі ұрпаққа жеткізуді мансұқ еткенімізді айтқанның  артығы болмас. Табиғат сыйлаған ақындық өнерден Күдері ақын ұрпақтарының мақұрым қалғандары шамалы. Талапты оқырман ақын талантын қажет етіп жатса, біздер Күдері ұрпақтарының өлеңдерін жариялауды жалғастыруға дайынбыз.

(Жалғасы бар)

Құдайбергенов Қазыбай - ҚМУ-нің профессоры., Құдайбергенова Күнімжан Тыныштықбекқызы  гуманитарлық ғылымдар магистрі, «Қорқыттану және өлке тарихы» ҒЗИ-ның ғылыми қызметкері



Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз