Басты бет Тарихи білім Білім беру, ғылым, мәдениет ұйымдары Сарапшы пікірі Махамбет Өтемісұлының туған жылы мен туған жері туралы

Махамбет Өтемісұлының туған жылы мен туған жері туралы

07 Сәуір 2014
806
0

Биылғы жылы 1836-1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырушы және оның рухани көсемі, қазақ поэзиясындағы ерекше тұлға, ақын Махамбет Өтемісұлының туғанына 210 жыл толды. Махамбет Өтемісұлы – қазақ халқының азаттығы, теңдігі жолында ақ найзасымен, азаткер асқақ жырымен, қасық қаны қалғанша күрескен, тіпті сол жолда құрбан болған әрі батыр, әрі ақын.

М. Өтемісұлы туралы баспасөз бетінде аз жазылған жоқ.Дауылпаз ақын туралы тарихи, әдеби зерттеулер том-том болып жарық көрді,деректі фильмдер де түсірілді. Мерзімді баспасөз беттерінде қаншама мақалалар жарияланды? Дейтұрғанмен ақиық ақын, ақберен батыр, күйші – сазгер Махамбет Өтемісұлы туралы ғылыми зерттеулер әлі де жалғаса беретіндігінде күмән жоқ. Ендігі зерттеулер жаңа методологиялық тұрғыда -қазіргі тәуелсіз Қазақстан тұрғысында зерделенеді деп ойлаймыз. 

Соңғы жарты ғасырға жуық уақытта көптеген ғылыми әдебиеттерде, оқулықтарда дауылпаз ақынның туған жылы әр түрлі көрсетілген. Кейбір ғылыми зерттеулерде М. Өтемісұлы 1803 жылы туған делінсе, енді бір кітаптарда ол 1804 жылы туған деп жазылған. Кезінде Қажым Жұмалиев, Берқайыр Аманшиндер М. Өтемісұлын 1804 жылы туған деп жазды. Өкінішке орай, Махамбеттің туған жылы туралы әртүрлі деректер былтыр, яғни, 2012 жылы шыққан оқулықтарда да кездеседі. Мысалы, 2012 жылы Алматы қаласындағы «Мектеп» баспасынан жарық көрген 8 сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында М. Өтемісұлының туған жылы 1803 деп көрсетілсе, сол 2012 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан «Қазақстан тарихы» оқулығында ұлы ақын 1804 жылы туған деп жазылған. Ал «Шың» баспасынан 2012 жылы  шыққан «Қазақстан тарихы» оқулығында М. Өтемісұлы 1803/1804 жылы (?) туған деп көрсетілген.

Егер 11 сынып оқушылары мектеп бітірерде тарих пәнінен ҰБТ тапсыратынын ескерсек,оқулық авторлары Махамбеттің туған жылын әртүрлі көрсету арқылы оқушылардың да, тарихшы мұғалімдердің де басын қатырып отыр десек,артық айтқандық болмайтын сияқты.

Шыңдығында, Махамбет Өтемісұлы қай жылы туған? Осы мәселе төңірегінде әңгіме қозғап көрейік.

  Бірінші әңгіме М. Өтемісұлы 1803 жылы туды деген пікір туралы. Осыған байланысты тарихи әдебиеттерге көз жүгіртсек: қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымдарының докторы, профессор Е. Бекмаханов өзінің 1966 жылы басылған «Очерки истории Казахстана ХІХ века» деген монографиясында ақынды 1803 жылы туған деп жазады.

“Қазақ ССР” тарихының 1979 жылы жарық көрген ІІ-томында да  М. Өтемісұлы 1803 жылы туған деп көрсетілген. 1984 жылы басылып шыққан Қазақ ССР-ның қысқаша энциклопедиясында тарих ғылымдарының докторы, профессор М. Қозыбаев «Азаттық күрестің жалынды жаршысы ақын Махамбет Өтемісов 1803 жылы туған» деп жазады. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы өмірбаяндарын терең зерттеуші тарихшы-ғалым Исатай Кенжалиев 1991 жылы жарық көрген «Исатай-Махамбет» атты кітабында Махамбеттің 1803 жылы туғандығын дәлелдейді. Белгілі қаламгер, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ә.Сарай да «Исатай мен Махамбет тарихы» атты зерттеу кітабында Исатай Кенжалиевтің пікірін қолдайды. 2000 жылы баспадан  шыққан «Атырау» энциклопедиясында да ақынның туған жылы 1803 жыл делінген. Сондай-ақ С. Мұқанов, Б. Қорқытов, Қ. Сыдиқов сияқты әдебиетшілер де Махамбет 1803 жылы туған деген пікірге тоқталады.

Сонда бұл авторлар қандай деректерге сүйенген?

Зерттеушілердің негізгі тірегі мұрағат материалдары болып табылады. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивтің 4-қорында Махамбетке байланысты біраз деректер бар. Соның ішінде Махамбеттің туған жылын дәл көрсететін құжат та бар. Бұл деректің дүниеге келу себебі мынадай: Бөкей Ордасының ханы Жәңгір 1836 жылы 7 мамырда Күшік Жапаров деген қойшыны Махамбет өлтірді деген хабар таратып, Орынбор шекара комиссиясына рапорт жолдаған. Бұл рапорт одан әрі генерал-губернатор В.А.Перовскийдің қолына тиеді. Осы оқиғаға байланысты тергеу комиссиясы құрылып, ол Гурьев қаласына жақын жердегі Новопороховинск батағасына орналасады. Осы жерде 1836 жылы 8 қарашада және 10 желтоқсанда Махамбет тергеушілерге былай деп жауап береді: «Менің атым Мұхамет (Махамбет – А.Ш.) Өтемісұлы, жасым 33-те, дінім-мұсылман, татарша сауаттымын, орысшада аздап оқып, жаза аламын». Жауаптың соңына Махамбет арабша қол қойып, мөрін басқан [1].

Осылайша, егер Махамбет 1836 жылы желтоқсан айында 33 жаста болса, онда ол 1803 жылы туған болады. Жоғарыдағы авторлардың Махамбет Өтемісұлы 1803 жылы туды деуінің дәлелі осы. Сол кездегі Вице-премьер Иманғали Тасмағамбетовтың ЮНЕСКО-ға Махамбет Өтемісұлы 1803 жылы туған деген дәлелмен оның 200 жылдығын 2003 жылы атап өту туралы  ұсынысы да жоғарыда келтірілген мұрағаттық дерекке негізделген. Сондықтан қанатты жырды қару қылып, хан ордасын бұзған семсер-ақын Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойын 2003 жылы өткізу туралы ЮНЕСКО шешімінің  негізі осында.

Келесі әңгіме, Махамбет 1804 ж. туған деген пікір туралы. Алдымен айтарымыз бұл пікірді жақтаушылардың да архивтік дерекке сүйенетіндігі.

Мәселенің мәнісі төмендегідей: 1841 жылы 7 наурыз күні Жайық бойындағы Дуанбасы деген жерде Махамбет қапылыста тұтқындалып, Гурьев  қаласына әкелінеді. Гурьевтен оны арбаға шынжырлап, әуелі Оралға, одан әрі Орынборға апарып 17 наурыз күні Ордонанс-гауз түрмесіне қамайды. Түрмеде Махамбеттің бойын өлшеп, түр-түсін, жасын, ерекше белгілерін қағазға түсіреді. Сол құжатта былай деп жазылған: “37 жаста, бойы 2 аршын 5,4/3 вершок (168,7 см), шашы, қасы, мұрты, сақалы қара, беті таза, түсі қараторы, қой көзді...” [2].

Махамбет 1803 жылы туғанмен 1841 наурыз айында 38-ге әлі толмауы себепті, 37 жастамын деген. Осы деректерге сүйеніп, кейбір әдебиетші зерттеушілер 1841 ден 37-ні  шегеріп, Махамбет 1804 жылы туған деген қорытындыға келген. Кейін осы 1804 жыл тарих, әдебиет зерттеушілерінің кітаптарына еніп, ғылыми дерекке айналған. Бұл жерде қазақтың жаңа жылы 21 наурыздан басталатындығы мүлде ескерілмеген. Егер кезінде Махамбеттің 1803 жылдың наурыз айынан кейінгі айларда дүниеге келгені ескерілген болса, онда бұл жансақтық мүлде болмаған да болар еді. Яғни, бұдан шығатын қорытынды: М. Өтемісұлы 1804 жылы туды деген пікір шындыққа сәйкес келмейді.

Сондықтан да бұдан былай кейбір ғылыми әдебиеттердегі,мектеп оқулықтарындағы Махамбет Өтемісұлы 1804 жылы туды деген жаңсақ пікірді доғарған жөн. Біздің елімізде ұлы ақынның 200 жылдығы 2003 жылы халықаралық дәрежеде мерекеленген болса,биылғы жылы М.Өтемісұлының туғанына 210 жыл толуы Қазақстанның батыс өңірінде кең түрде аталып өтуде. Олай болса, қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы қайсар күрескер ұлы Махамбет Өтемісұлы 1803 жылы туған.

Ендігі әңгіме Махамбеттің туған жері туралы. Ұлы ақынның туған жеріне байланысты зерттеушілер әртүрлі пікірлер айтады. Солардың кейбіреулеріне қысқаша тоқталсақ: «Атырау» энциклопедиясында Махамбет «Нарын құмында Жасқұс деген жерде дүниеге келген» делінген. Одан басқа, Махамбет қазіргі Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзеніне жақын жерде тууы мүмкін деген пікірдің бар екендігін де айтуымыз керек. Тіпті, 1997 жылы баспадан шыққан «Радуга Ақ Жайық» деген кітабында  Ж.Ақбай: «Өтеміс Құлманиязов пен Жүзбатыр  Жайықтың шығыс бетіне өтіп Өлеңті өзенінің төменгі құйылысына Азынабай-Тайпақ» деген жерге келіп қоныстанады. Осы жерде 1804 жылы күзінде Махамбет дүниеге келген», - деп жазады. Біздіңше, жоғарыда келтірілген пікірлердің ешқайсысы да Махамбет Өтемісұлының туған жерін дәл көрсетпейді.Үйткені,сол авторлардың біразы Өтемістің 1808 жылдың желтоқсан айына дейін Ішкі ордада  болғанына күмән келтіреді. Олар мұрағат  деректеріндегі “1808 жылдың 22 қараша- 7 желтоқсан аралығында Беріш руының Жайық бөлімінің  старшинасы Өтеміс Құлмәлімұлының Гребенщик форпосты тұсынан қарауындағы қазақтарымен Жайық өзенінен Ішкі ордаға өткендігі” туралы құжатқа сүйенеді. Алайда, олар 1808 жылдың қараша- желтоқсан айларында Өтеміс  Құлмәліұлы Жайықтан Ішкі ордаға 2- рет өткенін қаперге алмайды. Шындығында, 1801 жылы күзде Бөкей сұлтан көп қазақпен Жайықтан өтіп,Ішкі ордаға қоныс аударғанда Өтеміс отбасы да  Калмыков тұсынан Жайық өзенінен өтіп Самар көлі маңына қоныстанған.Сол жерден  оңтүстікке  қарай 80-100 шақырым жерде Бекетай құмында 1803 жылы Махамбет дүниеге келген.

Мұрағат деректеріне көз салсақ,1804 жылдың 26 наурызында Беріш руының старшинасы Жүзбатыр мен Өтеміс Құлманиязов бастаған қазақтардың Жайық өзенінен Азия бетке өтуге әрекеттенгендігін байқауға болады. Алайда, олардың бұл әрекеті сәтсіз аяқталған,себебі өзен жағалауындағы күшті әскери күзет Беріш руының қазақтарын кейін қайтарған. Осыдан кейін олар Қамыс-Самар көлдеріне қарай кейін қайтуға мәжбүр болған [3]. Ал, старшина Бекмәмбет бастаған шеркеш руының қазақтары Жайықтың шығыс жағасына қарай өтіп кеткен. Дейтұрғанмен, старшина Жүзбатыр мен Өтеміс Құлманиязов бастаған бір топ Беріш руы қазақтарының сол жылдың сәуір айында болса да Жайық өзенінен  Кіші жүзге өтіп кетуі әбден мүмкін деп есептеу керек.Оған дәлел ретінде Астрахань казак полкінің командирі П.С.Поповтың Ішкі  істер министрі граф В.П.Кочубейге 1804 жылдың 12 мамырында жазған хатын келтіруге болады.Онда  П.С.Попов Бөкей сұлтанның қарамағында 1000 нан  аспайтын үй ғана қалды,қалғандары Жайықтан Кіші  жүзге өтіп кетті деп жазады [4]. Мінеки сол “өтіп кеткендердің” ішінде Өтемістің үлкен отбасы да болған сияқты.Одан әрі  Ж. Ақбай жазғандай Өтеміс отбасы Өлеңті өзенінің төменгі құйылысындағы “Азынабай-Тайпақ” деген жерге келіп қоныстанған болуы мүмкін.Жоғарыда көрсетілгендей 1808 жылдың қараша-желтоқсан айларында Өтеміс отбасы қайтадан Ішкі ордаға өткен [5].

Осы жерде Ішкі орда қазақтарының 1804 жылдың басында Жайықтың шығыс  бетіне неге дүрліге көшті?деген сұрақ туады .Біздіңше ,оның  басты 2 себебі болған.

Жоғарыда көрсетілген Астрахань казак полкінің командирі П.С.Поповтың Ішкі істер министрі В.П.Кочубейге жазған хатында Ішкі орда қазақтарының Кіші жүзге көшуінің басты себебі- генерал – майор Завалишиннің Ішкі орда қазақтарына жасаған қысымына шыдай алмауынан деп көрсетіледі.Бұл жерде П.С. Попов пен Завалишиннің бір-біріне “жаулық” қарым-қатынаста болғанын да естен шығаруға болмайды. Дейтұрғанмен, П.С. Поповтың бұл хаты министрге жолданған. Сондықтан оның “салмағы” ауыр.Оның үстіне біраз қазақтардың Ішкі орданы тастап кеткендері де шындық. Олай болса,бұл жерде П.С.Поповтың бұл хаты Бөкейлік қазақтардың Кіші жүзге қайтадан өтуінің себебін анықтауға негіз бола алады деп есептейміз.

Екінші себеп,сол жылы Ішкі ордадағы халық пен мал санағын алуға Астраханьнан офицерлерден тұратын комиссия шыққан.Ә.Сарайдың пікірінше, осы Комиссиядан үріккен халық Жайық өзенінің шығыс бетіне өтуге тырысқан. Алайда,олардың бәрінің  өзеннен өтіп кетуге мүмкіндігі болған жоқ. Үйткені, патша үкіметі  қазақтарды Кіші жүзге өткізбеу үшін өзеннің батыс жағалауына күшейтілген әскери күзет қойған.Тек Жүзбатыр,Өтеміс сияқты ержүрек қазақтар ғана Жайықтың шығыс бетіне өте алған.Біздің бұл жерде айтпағымыз Махамбет  Өтеміс ауылы Ішкі ордадан Жайықтың шығыс бетіне көшпестен бұрын 1803 жылы Бекетай құмында туған деген пікірді қуаттау.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Е.Бекмаханов жоғарыда аталған кітабында Махамбет Бөкей хандығында туған, - деп жазады. Махамбеттің бас сүйегін зерттеген антрополог ғалым Шаяхметов «Из тьмы веков» деп аталатын еңбегінде Е.Бекмахановтың осы пікірін қолдайды. Дейтұрғанмен, Бөкей хандығы немесе Ішкі орда шығыстан батысқа 350, ал оңтүстіктен солтүстікке 200 километрге созылған үлкен аумақты алып жатырған мемлекет болғандықтан, бұл жерде Махамбеттің туған жерін дәл көрсетудің қажет екендігі даусыз.

Олай болса, жыр семсері Махамбет Өтемісұлының туған жері – қай жер? Бұл сұраққа жауап беру үшін тағы да 3 зерттеушінің пікірлерін келтірейік. Бірінші, филолог- ғалым Қ.Сыдиқовтың пікірі: Ол 1989 жылы Алматы қаласында басылған «Ереуіл атқа ер салмай» атты Махамбеттің өлеңдер жинағына жазған алғысөзінде: Махамбет Нарын құмында Бекетай деген жерде дүниеге келген» - дейді. Біздіңше, бұл өте дәл және анық айтылған тұжырым. Осы пікірге төмендегі 2 автор да қосылады.

Белгілі тарихшы- ғалым И.Кенжалиев «Исатай-Махамбет» атты кітабында «Махамбеттің туған жері Нарынның шығысындағы Бекетай құмы» деп көрсетеді. «Мұндағы 24 ауыл орнында , - деп жазады автор- Совет үкіметі тұсында Бекетай ауыл советі құрылған.Бұл өңірде ақынның жастық шағы өткен.”

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Ә.Сарай “Исатай – Махамбет тарихы” деген кітабында.И.Кенжалиевтің пікіріне қосыла отырып, былай деп жазады: «1803 жылы Өтеміс ауылы Самар маңындағы қыс қыстаудан жаз жайлауға көшіп шығып, Бекетайға келіп қонғанда (сәуір-мамыр айлары) Махамбет дүниеге келген.” Біздіңше осы зерттеушілердің пікірлері тарихи шындыққа саяды. Сол жылдарда Өтемістің қысқы қыстауы – Самар көлдерінің шығыс жағы да, жазғы жайлауы Нарын құмының шығысындағы Бекетай құмы болған. Ақынның туған жері де осы – Бекетай құмы.

Олай болса, жоғарыда келтірілген деректерге сүйене отырып Махамбет Өтемісұлының туған жері мен туған жылы туралы нақты түрде былай деп айтқанымыз дұрыс болады: Дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлы бұрынғы Бөкей хандығы аумағындағы Нарын құмының шығыс бөлігі  - Бекетай құмында 1803 жылы дүниеге келген. Біз ұлы ақынның туған жері мен туған жылына байланысты осы  тұжырымның барлық оқулықтарға енгенін, оқу орындарында  оқушылар мен студенттердің осындай түсінік алғанын және мерзімді баспа беттерінде де осы деректің көрсетілгенін қалар едік.

А. Шамғонов,

Х. Досмұхамедов атындағы

Атырау мемлекеттік университетінің профессоры

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.  4 қор, 1- тізім, 4197-іс, 138-парақ. Түпнұсқа немесе Академия наук Республики Казахстан. Институт истории и этнографии имени Ч.Ч. Валиханова. Центральный Государственный архив Республики Казахстан. Национально-освободительное движение казахов в 1836-1838 годов (документы, материалы, статьи  А, 1992 ,стр.80.

2.  6 қор 10 тізім, 137 іс, 18 парақ немесе Әнес Сарай «Исатай, Махамбет тарихы»  “Өлке баспасы”А 2003, 250 б.

3.  История Букеевского ханства 1801-1852,А.,2002,стр 50,док№17.

4.  История Букеевского ханства 1801-1852,А.,2002,стр 51,док№18.

5.  ҚРОММ 4-қор,1-тізімдеме,214-іс 74-82п.

6. 


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз