Басты бет Тарихи білім Білім беру, ғылым, мәдениет ұйымдары Мұражайлар Халқым менен де биік

Халқым менен де биік

03 Сәуір 2014
44
0

cec82c54a1bc7d0471dcd7ebc335bb1f.png


Деген қазақтың көрнекті ғалымы, Ұлттық Ғылым академиясының негізін қалаған академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына — 115 жыл, өмірден өткеніне — 50 жыл толды.

«Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен Қ.И.Сәтбаев мемориалдық музейі бірігіп, көрнекті қазақ ғалымы,  қоғам қайраткері, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты  еске алу кешін өткізді. Іс-шара Қ.И. Сәтбаевтың туылғанына — 115 жыл, өмірден өткеніне — 50 жыл толуына  байланысты ұйымдастырылды. Кешке  ұлы  тұлғаның  туғандары мен жақындары, шәкірттері, көзін көрген замандастары және Ұлттық Ғылым академиясының ғалымдары  мен академиктері  қатысты. Жиналғандар  ғалымның өмір жолы мен қызметі жайлы әңгіме шертіп, оның  адами қасиеттерін еске алды.

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Алғашқы сөз кезегін алған Ұлттық Ғылым академиясының академигі Әбдімәлік Нысанбаев: «Қаныш Имантайұлы туралы  әңгіме айту әрі  қиын, әрі оңай.  Қиын болатын  себебі — ол ғұлама тұлға.  Оңай дейтін себебім — ол кісі жайлы талай кітаптар жазылды.  Кезінде Қазақ КСР Ғылым академиясының негізін қалаған Қаныш Сәтбаев болды.  Сондықтан біздің Ұлттық Ғылым академиясын  Сәтбаев академиясы деп айтсақ болады.  Қазіргімен салыстырғанда 60-жылдары кітапханаларда білімге құштар жастардың көптігінен орын болмайтын. Сондықтан болар, сол кезеңде көп ғалымдар шықты. Жас ғалымдар буынының қалыптасуына  Қаныш Сәтбаевтың  қолдауы тікелей ықпал етті. Ол кісі халқының шын жанашыры  болды. Англияға  барған сапарында У. Черчилльдің: «Сіздің елде қазақтардың бәрі сіздей биік пе?» деген сауалына: «Ол не дегеніңіз, халқым менен де биік»  деп жауап берген екен. Жалпы, ұлы адамдар бір ғана ғылыммен  шектеліп қалмай, әр саланы зерттеген.  Қаныш Сәтбаев геология саласынан да басқа ғылымдарда өз  ізін қалдырған ғалым болды.  1948 жылы «Қазақстан астанасын  Ақмола қаласына  көшіру керек» деген тұжырым жасап, оның жан-жақты тиімділігін дәлелдеді.  Қорқыт бабамыз: «Өлмейтін адам, сынбайтын темір болмайды, сондықтан адам артына өшпейтін із қалдыруы керек» деген екен. Қаныш ағамыз да  халқына  жасаған  қызметі арқылы артына  өшпейтін із қалдырды.

Ұлттық Ғылым академиясының академигі Назарбай Қадірұлы: «Қаныш Сәтбаевтың Қазақстанға сіңірген еңбегі зор. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде кеңес еліндегі зауыт-фабрикалар немістердің қолында қалды. Жағдайдың аса  ауырлығына қарамастан Қаныш Сәтбаев бастаған қазақ ғалымдары кен өндіру ісін бастап кетті. Осындай қиын жағдайда ұйымдастыру жұмысына басшылық етіп, бел шеше араласуы ұлыларға тән көрегендіктің белгісі еді. Жалпы, Қаныш Сәтбаевтың  үлгісі сол кездегі жас қазақ  ғалымдарына  өшпес өнеге болды» деп атап өтті.

Ұлттық Ғылым академиясының академигі Жолдымұрат Оралбаев: «Ол кісіні 1957 жылдан бері білемін. Сол жылдары физика институтына түскен едік. Жатақханадан орын тимей, Қаныш ағаға бардым. Ол кісі кабинетінде орнынан тұрып амандасып, хал-жағдайымды сұрады. Жатақхана ісімен айналысатын кісіге хабарласып, орын алып берді. Көп ұзамай физика-математика институтының студенттерін Мәскеудегі ядролық физикалық зерттеу институтына жіберді. Осылайша ол кісінің арқасында Мәскеуге оқуға аттандық. Сол кезде қазақтың жас ғалымдары ғалым ағаның үлгісімен үлкен жетістікке жетеміз деген сенімде болды».

Еске алу кешінде Ұлттық өнер академиясының студенттері өнерлерін көрсетті. Қ.И.Сәтбаев атындағы Ұлттық университеттің студенттері өздерінде «Сәтбаев тану» пәні өтетінін мақтанышпен  жеткізді. Ұлттық Ғылым академиясының академигі Назарбай Блиев, Қ.И.Сәтбаевтың немересі, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Жарма­ғанбетов, Қ.И.Сәтбаев мемориалдық музейінің директоры Бақытжамал Айтмұхамбетова естелік айтып, мәдени шараның мазмұнды да, тартымды өтуіне атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.

http://gylymordasy.kz/kaz

http://almaty-akshamy.kz/?p=15929


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз