Басты бет Әдістік жабдықтар Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Бүгінгі тарих-жаңа ғылыми бағыт Мәдениеттану Е.Үсеновтің дәстүрлі аспаптық музыкасы

Е.Үсеновтің дәстүрлі аспаптық музыкасы

31 Наурыз 2014
174
0
Өнертану ғылымдарының магистрі,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті,

«Қорқыттану және өлке тарихы» ҒЗИ-ның ғылыми қызметкері Жансая Сұрағанқызы

Көптеген ғасырлардан бастау алып, біздің дәуірімізге дейін жеткен кең қолданыстағы аспаптар – қара қобызымыз бен домбыра екендігі қай қазаққа болса да мәлім. Сонау ерте замандардан жоғалып кетуге дейін барған көне аспаптарды дүниеге қайта келтіріп, жаңғыртқан музыка зерттеушісі, ғалым     Б. Сарыбаевтың (1927-1984) бұл салада сіңірген еңбегі біз үшін баға жетпес бай мұра болып саналады. 

Ал қазақтың ұлттық кәсіби музыкасының жазба дәстүрінің гүлденіп, қалыптасуындағы ғалым, музыкатанушы А.Қ.Жұбановтың (1906-1968) еңбегін ерекше атап өтуге болады.  Ол музыка мәдениеті тарихына тұңғыш ұлттық композитор ретінде еніп, қазақ халқының қазіргі заманғы кәсіби музыкасының негізін қалаған аға буын өкілдерінің бірі, ұлт аспаптар оркестрінің алғашқы ұйымдастырушысы, көркемдік жетекшісі және тұңғыш дирижеры болды. Оның ұйымдастыруымен құрылған оркестрдің өмірге келуі қазақ аспаптық музыка өнеріне өлшеусіз өзгерістер енгізіп, кәсіби биік деңгейге көтерілуіне аса зор ықпалын тигізді.

Қазақ ұлт аспаптар оркестрі дүниеге келгеннен көптеген аспаптар өзгеріске түсті, соның бір мысалы дәстүрлі қыл қобыз аспабы. Өзгеріске түскеннен кейін оның дыбыстық, техникалық және орындаушылық мүмкіншілігі көбейді. Сол өзгеріске түскен жаңа сым қобыз аспабына алғашқы болып академик А.Жұбановтың өзі арнайы туындылар жазды. Тұңғыш рет композитор қобызға арнап «Жез киік», «Романс», «Көктем», «Ария», «Вальс» пьесаларын жазып, «Бес пьеса» атты шығармалар жинағын шығарды. Бұл пьесалар сол кезден бастап қазіргі уақытқа дейін көпшілікке белгілі, қобызшылар репертуарына міндетті түрде енгізілген кең қолданыстағы шығармалар болып табылады. Бұл салада еңбек еткен А.Жұбанов бастаған композиторлар: Е.Брусиловский, М.Төлебаев, А.Шабельский, Қ.Мусин, В.Великанов, Л.Хамиди және екінші буын композиторлары: Е.Рахмадиев, М.Қойшыбаев, С.Мұхамеджанов, К.Күмісбеков, Х.Тастанов, М.Әубәкіров, Д.Жұманиязов, Н.Меңдіғалиев, Ғ.Жұбанова, Н.Тілендиев және т.б. салған сара жолын жалғастырып келе жатқан қазіргі буын композиторлары Қ.Шілдебаев, С.Әбдінұров, С.Еркімбеков, А.Жұмаділдина, А.Тоқсанбаев, Б.Дәлдінбаев, Б.Қадырбек, Е.Үсеновтер де қобыз репертуарын көбейту мақсатында осы аспапқа арнап толымды туындылар жазуда.

Қазіргі заманғы, яғни, заманауи композиторлар Қазақстан кәсіби музыкасына жаңаша бағыттағы шығармалар енгізгені байқалады. Олардың ұлттық шығармашылығына еуропалық музыка әуендері араласып, жаңа синтезді музыка туындауда. Б.Аманжолов, Қ.Шілдебаев, С.Әбдінұров, Ә.Бестібаев, С.Еркімбеков, Б.Қадырбек, А.Тоқсанбаев, Е.Үсенов және т.б. композиторлар қазіргі қоғам талабына сай дәстүрлі стильде жаңа туындыларды жазуда ерекшеленіп, қазақ музыкасына айтарлықтай үлес қосып жүр.

Халықаралық және Республикалық композиторлар конкурстарының лауреаты Ермұрат Үсеновтің шығармашылығы заманауи сазгерлердің арасында айқын әуендік қабілетімен, саз-сарындарының жүрекке жағымдылығымен ерекшеленеді. Ол өзінің лирикалық әуенділігімен және өңдеушілік талантымен көзге түседі. Оның аспаптық музыкасында ескі ұлттық қазақ музыкасының әндері, өзінің дәстүрлі үлгідегі болмысы мен жаңа әуендік ойлау ойы, құлаққа жағымды сарыны мен көркемдік қабылдау қасиеті, жалпы музыка фактурасының жазу стилін жақсы меңгергені көрініс табады және сонысымен оның күйлері мен шығармалары жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын шығармаларына айналған. 

Тәуелсіз еліміздің музыкалық мәдениетіне еркін қадам басып, өзіндік үні, өзіндік тілімен танылып, әртүрлі жанрларда өзіндік қолтаңбасын қалдырып жүрген Ермұрат Үсенов фольклорлық ансамбльдер, халық аспаптар оркестрі және симфониялық оркестрлерге арнап туындылар өңдеп, хор, капелла, жеке ән, аспаптық музыка, марш, поэма сияқты шығармалармен қатар жеке ұлттық аспаптарға тартымды туындылар жазып жүрген талантты сазгер.

Қазақтың ұлттық аспаптарының бірі қобызға арнап жазған төл туындылары, халық композиторларының әндері мен күйлерін түсірген өңдеулері, Фантазиялары мазмұны толық, әуендік байланыстары мығым, бояуы анық көркем шығармалар. Атап айтар болсақ «Күзгі әуен» шығармасы - аты айтып тұрғандай, нағыз күз мезгілінің табиғатын, оның құбылыстарын музыка тілімен дәл бейнеледі. Бұл шығарма алғашқыда виолончель мен оркестрге арналып жазылған. Осы аспаптың орындауындағы шығарма қобызшылардың назарын аударып, қызығушылығын оятты. Қобызшы-орындаушылар авторға өтініш білдіріп, қобыз бен фортепианоға арнап өңдеп түсіруін сұрады. Олардың өтінішін мақұл көрген автор қобыздың техникалық мүмкіншілігін ескере отырып, каденция қосып, күрделі үш бөлімді шығарма етіп қайта өңдеді. Пьеса жәй екпінде сүйемелдеуші фортепиано партиясымен басталады, ол құстардың тыраулаған дауыстарын елестетеді, әрі қарай қобыздың лирикалық ойлы әуені адам бойындағы сезімдері мен табиғаттың бір-бірімен байланысын суреттейді.  Шығармадағы аса бай лирикалық әуен тыңдаушысын еріксіз иіріп әкетеді.

Е.Үсенов кәсіби музыкалық білімді Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында екі мамандық бойынша алған, бұл жөнінде Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті, күйші-ұстаз, композитор – Қ.Сайжановтың1 сөзімен айтсақ:

«Қазақстанда консерваторияны екі мамандық: домбыра мен композиция бойынша бітірген музыканттар саусақпен санарлық. Олар К.Күмісбеков, Д.Ботбаев, М.Қойшыбаев болды, солардың ізімен Е.Үсенов те консерваторияны алдымен домбырашы, кейіннен музыка теориясы мамандығы бойынша тәмамдады. Оның домбыра сыныбын бітіргені аспаптық музыканы жете түсінуіне, ал музыка теориясы мамандығында оқып алған білімі композиторлық шығармашылығына көп көмегін тигізді. Ол – домбыра мен фортепианоға арнайы шығарма жазатын аздаған композиторлардың ішіндегі орны ерек сазгер. Сонымен қатар «Фантазиялар» жазудағы өзіндік ерекшеліктері тағы бар.

Консерваторияның дайындық курсында оқып жүрген кезінде-ақ Тәттімбеттің күйлерін алғашқы боп зерттеген және өзі де Тәттімбеттің орындаушылық-күйшілік мектебін өте жақсы меңгерген дәулескер күйші. Кейін 1988 жылы осы зерттеп жинаған материалдарын, Тәттімбеттің күйлерін «Саржайлау» деген атпен жинақтап, құрастырып, осы  жинақтың редакциясын басқарды».

Консерватория қабырғасында оқып жүріп Қазақстанның халық әртістері, өнер қайраткерлері, профессорлар - Қ.Жантілеуов, Х.Тастанов, Л.Хамиди, К.Күмісбеков, Е.Рахмадиев, Н.Тілендиев, М.Әубәкіров, Қ.Мұхитов сияқты дәулескер домбырашылар мен әйгілі композиторлардың алдын көріп, батасын алған Е.Үсенов өзінің де ұстаздық қызметін оқуын аяқтап, еңбек жолын бастағаннан бері әлі күнге үздіксіз жалғастыруда. Оның шәкірттері бүгінгі таңда Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде, «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінде, облыстық филармонияларда, музыкалық колледждер мен мектептерде еңбек етуде.

Е.Үсенов жаңадан құрылған «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық  ансамблінде домбырашылар тобының концертмейстері болып жұмыс істеді және осы ансамбльдің  сүйемелдеуімен көне, ұмытылып бара жатқан қазақтың ұлттық аспаптарының бірі сазсырнайға арнап «Көңілді арбакеш» атты сүйкімді шығарманы жазды. Бұл шығармасы мазмұны толық, музыкалық ішкі байланысы бекем, дыбыс бояулары айшықты көркем шығарма, тарихи-мәдени мұра болып табылады. Сондай-ақ, ол «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестріне «Арнау» поэмасын, Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестріне арнап «Мерекелік күйін» жазды. Бұл екі шығарма да музыка мамандары тарапынан жоғары баға алып, тыңдаушылар ықыласына бөленген.

Арнайы шақыртумен күйші-композитор С.Тұрысбековтың «Ақ жауын» ансамблінің жеке концерттік бағдарламасына жетекшілік етті және осы ансамбльге лайықтап С.Тұрысбековтың көптеген күйлерін өңдеп түсірді.

Ұлттық музыка мәдениетіміздің ел іші шеңберінде ғана шектелмей әлемдік өнер мәдениетінің биігінде шарықтауына үлесін қосып жүр. Бұған көптеген мысалдар келтіруге болады, соның бірі жүрегі елім, қазағым деп соққан әрбір азаматты толғандырар, патриоттық сезімін оятар 1986 жылғы 16-желтоқсан оқиғасының құрбандарына арнап жазған «Желтоқсан» поэмасы. Бұл шығарма 1992 жылы Мәскеу қаласындағы П.Чайковский атындағы орталық концерттік залында орындалды. Поэманы Қазақстаннан барған Қарағанды обылысының «Тәттімбет» атындағы ұлт аспаптар оркестрі Қ.Сайжановтың жетекшілігімен өте жоғары деңгейде орындап шықты.

Ал, арнайы тапсырыспен жазылған «Өмір-дастан» атты шығармасы АҚШ-тың Сан-Фрациско және басқа да қалаларының сахнасында орындалды, оны Қазақстанның Халық әртісі А.Қ.Мұсақожаева басқаратын «Солистер академиясы» камералық оркестрінің сүйемелдеуімен жеке қыл қобызда – профессор Р.Қ.Мұсақожаева орындады. Бұл жаңалық туралы еліміздің ақпарат көздерінде көптеген жақсы пікірлер жарияланды.

1995 жылы Ұлы жеңістің 50 жылдығына орай ұйымдастырылған Қазақстан композиторларының жабық конкурсында «Қазақстан сарбаздары» атты маршы жүлделі үшінші орынның тұғырына көтерілді. Бұл жұмыстарында оның үлкен жетістіктерге қол жеткізгендігін көруге болады.

  Қазақстан композиторлары С.Әбдінұров пен Е.Үсеновтің жаңа шығармаларының тұсаукесері К.Бәйсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында өткізілді. Мұнда қазақ музыкасының үлкен концерті болды, екі сазгердің де күрделі шығармалары халық назарына ұсынылды. Е.Үсеновтің «Ғасырлар толғауы» поэмасын –симфониялық оркестр, хор және қыл қобызшылар дуэті орындады. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры А.Мұхиддинов. Оның бұл шығармасы 2005 жылдың 26 мамырында орындалған болатын, бірақ кейін композитор партитураға өзгертулер енгізіп, қайта жазды. Енгізілген өзгертулер өте сәтті жасалып, «Ғасырлар толғауы» енді композитордың өз ойлағанындай болып шықты. Оның бұл туындысы әуен-сазының біртұтастығымен, құрылысының күрделілігімен, өмір құбылыстарын дәл бейнелей білуімен айрықша назар аудартады.

Е.Үсеновтің симфониялық оркестр, үрмелі аспаптар оркестріне және халық аспаптар оркестріне, хор мен капеллаға, жеке ұлт аспаптарына арнап жазған музыкалық шығармалары республика жұртшылығына, сондай-ақ шет елдерге де кеңінен танымал. Сонымен қатар ол қазақ халқының музыкалық мәдениетін насихаттауда, өңдеп, нотаға түсіруде, жинақтар шығаруда, сондай-ақ, үнтаспаға, күйтабаққа, теле-радио қорына жаздыртуға сіңірген еңбегі зор.

Атап айтар болсақ 1991 жылы «Бозінген» атты халық композиторларының күйлерінен тұратын партитуралар жинағын жарыққа шығарды, 1998 жылы шыққан «Жетісу күйлері» атты жинақтың басылып шығуына да мұрындық болды. Жоғарыда аталып кеткен еңбектермен қатар 1988 жылы Тәттімбеттің «Саржайлау» атты күйлер жинағының редакциясын басқарды Аталмыш еңбектер қазақ халқының музыкалық мұрасының қорына енгізілген шынайы сыр шертер, ұлттық мазмұны жоғары асыл да құнды мұраларымыз.

Е.Үсеновтен2 алынған сұхбат:

  «Еліміздегі музыкалық жоғары және арнайы орта білім беретін оқу орындарында, мектептерде халық аспаптарын үйрету жарты ғасырдан аса уақыт өз жалғасын тауып, жұмыс істеп келеді.

Дәстүрлі күй мұрасын үйренумен қатар шығармаларды фортепианомен қосылып ойнау да оқу талабына сай бағдарламасына енгізілген. Фортепианомен қосылып шығарма ойнау оқушының ырғақтық, әуездік, ансамбльді сезіну сияқты т.б. аса қажетті жақтарын қамтуда үлкен рөл атқарады.

Музыкалық мектептердегі балауса жас шәкірттер балалайка мен үш ішекті домбыра немесе скрипкаға арналған орыс халық әндері мен батыс еуропа композиторларының жеңіл-желпі шығармаларын фортепианомен домбыраға қосып орындап жүргендері бәрімізге мәлім. Сол жеткіншектер керісінше, өз халқымыздың әуезді әндерінен бастау алып, соларды орындап бойларына сіңіріп өскенге не жетсін».

Кез келген ұлттың өзіндік кескін-келбеті мен болмыс-бітімін айқындайтын ұғым оның өзіне тән ұлттық мәдениеті мен өнері.

Күй өнері– қазақ жанының ғасырлар көшінде шаң баспаған сырлы айнасы, халық рухының бағзы заманнан тіл қатқан тірі куәгері. Өнердің қай саласы болмасын, өзіне жан-тәнімен, ынта-шынтасымен, бар болмысымен берілген талантты жанды ұнатады. Сондай дарын иесі ғана өнердің өзіне деген сенімін, махаббатын жаулап алады.

Қазіргі таңда еліміздегі заманауи сазгерлердің ішінде өнерге шынайы болмысымен берілген Е.Үсенов – шебер оркестратор. Музыкалық шығарманы оркестрге түсіру – әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Бұл салада Е.Үсенов ойы ұшқыр, қиялы күшті, ансамбль мен оркестрге түсіру өнерін жетік меңгерген білікті маман. Домбырашы, дәулескер күйші Е.Үсенов табиғатынан мелодиялық дарынымен жаратылған және ол қазақтың бай музыкалық фольклорын бойына сіңірген. Ол өз шығармашылығында белгілі халық композиторларының және қазақтың халық әндерінің әрін тайдырмай, нәрін жоғалтпай фантазиялар жазуда ерекшеленеді. 

Сонымен қатар ол, сауатты да білімді композитор. Қазақ күйлерінің гармониялық және полифониялық құрылысы, орыс және еуропа классикалық шығармаларының құрылымы – Е.Үсеновтің төл туындылары мен оркестрге түсірген шығармаларында кездеседі. Оның музыкасы еліміздің сахналарында ғана емес, әлемдік, дүниежүзілік сахналарда да орындалып, өзінің әділ бағасын алып жүр.

  Халқымыздың аспаптық музыка өнерінің ел ішіндегі дәстүрлі сабақтастығын ұштап жүрген өнерпаздардың бірі де бірегейі  Е.Үсенов – қазақ музыка мәдениетінің қорына асыл қазыналар, мол мұралар, алтын құндылықтар қалдыруда үлкен еңбек етіп жүрген азамат.

Е.Үсеновтің өрениетінің келешек жас өнерпаздарға дәріптеліп, насихатталуы Қазақстан музыка мәдениетін, оның ішінде дәстүрлі аспаптық музыка саласын,  өз өнерімізді бағалау болып табылады.  

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Б.Кадыров / Казахстанская правда. 21 март. 2006. 

2. А.Сейдімбек. Қазақтың күй өнері. Астана. Күлтегін. 2002

3. Е.Үсенов. Домбыра мен фортепианоға арналған шығармалар.

  Алматы. 1999.



1 Қ.Сайжановтан алынған сұхбат

2 Е.Үсеновтен алынған сұхбат


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз