Басты бет Е-ресурстар Халық тарих толқынында «Тарих толқынындағы халық» бағдарламасы Абылай хан – көрнекті мемлекет қайраткері және дара тұлға

Абылай хан – көрнекті мемлекет қайраткері және дара тұлға

21 Наурыз 2014
461
0

Құрметті жиналған қауым!

Қадірлі қонақтар!

Бүгінде Тәуелсіз Қазақстан үшін Отан тарихы мен айбар­лы азаттығымыздың шежіресі айрықша маңызды, мейлінше ділгір, өте жауапты тақырыпқа айналып отыр.

Биыл аса көрнекті қайраткер, дара тұлға Абылай ханның туғанына 300 жыл толды. Бұл мерейлі меже – ел мәртебесін танытатын өре мен өлшем өнегесі, ұлтымызға ұйытқы бола­тын таным мен тағылым тұғыры, қоғамымыздың қат-қабат ағымындағы орасан серпінді оқиға. Абылай сайын сахарамыз үшін алды-арты алмағайып, шешімсіз түйіндері шиеленіскен дәуірде өмір сүрді. Сол қиын тұстың қалың тұманында адаспай жол тапқан, жайнаған туы жығылмаған қарымды қолбасшы, зәрезап заманның данагөй дипломаты бола білді.

Хан Абылай – Қазақстан тарихындағы тағдырлы бір кезеңнің күллі тауқыметін бойына жүктеген тұтас бітімді тұлға. Қазақ елінің айбынын асыру мен ордасын орнықтыру маңызды міндет еді. Бұл ретте Абылайдың мемлекетшіл пара­саты, жаужүрек батырлығы, кемел қолбасшылығы, көреген қайраткерлігі, сұңғыла бітімгерлігі айқын көрінді. Осындай ерекше қасиеттерінің арқасында сайыпқыран сұлтан хандық дәрежеге көтеріліп, өз төңірегіндегі жақсылар мен жайсаңдардың, сондай-ақ түрлі әлеуметтік топтардың қолдауына ие болды. Абылай ел билеген кезеңінде жойқын өзгерістер жасап, Қазақ Ордасының іргесін одан әрі нығайтуды көздеді.

ХVІІІ ғасырдың қазақ тарихында алатын орны өзгеше. Бұл жүзжылдық Ұлы Дала көшпелілері өркениетіндегі бетбұрысты кезеңдердің бастауы болатын. Моңғол империясының мұрагерлері – қазақтар мен қалмақтар өзара өшпенділіктің отын өшірмеді. «Ежелгі дұшпан ел болмас» деген тәмсіл сөздер, бәлкім сол заматта айтылса керек. Тарихи текетірес. Сын сағаты. Әйгілі пәлсафалық түйінге жүгінсек: барсың не жоқсың... Нәтижесінде қалмақ қырылды, елдігінің еңсесі езілді. Ал «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» есеңгіреген қазақ дер кезінде есін жиып, жұрттығын сақтап қалды. Қаратаудың басынан құлаған қайғылы көш тарихтың жаңа асуларына қарай жанкештілікпен сапар шекті.

Қазақтың тарихи жырларында Абылай ханның даңқты бейнесі осы кезеңнің оқиғаларымен байланыстырылады.

«Сабалақ» есімді жас жігіт алғаш рет 1729 жылғы Аңырақай шайқасында ерен ерлігімен таңдай қақтырды. Жауға қарсы аруақ шақыра атойлаған жұмбақ жанның семсер сілтесі, найза салысы, садақ тартысы қарсыласының мысын баса берді. Әрбір қарулы қимылы тегін емес тектіліктің төркінін меңзеп тұрды. Оның кеудесінде соққан арыстан жүрегі, аспанға шырқаған асқақ тілегі халқының мұңымен, мұратымен, мүддесімен үйлесіп жатты. Жас сұлтанның жасындай жалт еткен осы бір серпілісті сәті оның жұлдызы жоғары жазмышының кіріспесіндей көрінді. Кейінірек, Абылайдың қолына биліктің тізгіні шым-шытырық саяси жағдайда тиді. Қазақ даласын шығыстағы көршілерден ғана емес, солтүстік-батыстағы азуын айға білеген жұрттардан оқшау ұстаудың айла-амалы өте қажет еді. Мұндай саясатты жүзеге асыру үшін уақыт шарттарын уыстан шығармайтын және ойы озық, қайраты қарымды тұлғаға деген табиғи әрі та­рихи зәрулік туды.

Ел бастаған Абылайдың алдынан қиямет-қиын міндеттер кесе көлденеңдеп шықты. Бұлардың ең әуелгісі – көшпелі қазақтың рулық-тайпалық құрылымын сақтай отырып, бір орталыққа бағындыру. Одан соңғысы – Ресей және Цин империяларының арасынан «аюдың апанын, айдаһардың ара­нын» мазаламас ынтымақты жол табу. Бұған қоса, «жанға – жан, қанға – қан» деген жаулығынан жаңылмайтын Жоңғариядан біржолата құтылмақ ләзім. Ең ақырында, қазақ сұлтандарының, билерінің, батырларының арасындағы алтыбақан алауыздықтың түп-тамырына балта шапқан жөн.

ХVІІІ ғасырдың ортасына дейін Кіндік Азиядағы халықаралық қатынастарда Жоңғарияның ықпалды күш болғандығы белгілі. Қоғамдық-саяси тұрғыда 1717-1718 және 1723-1725 жылдардағы жоңғар шапқыншылығы қазақ мемлекеттігіне зардабы шексіз залал әкелді. Көптеген қазақ тайпалары жоңғар қыспағына шыдай алмай, бейберекет босқыншылыққа ұшырады. Соның салдарынан, ХІХ ғасыр тарихшысы Алексей Левшин жазғандай, «жұт пен жаппай өлім келді... арып-ашу мен қасірет жалпыхалықтық сипат алды, біреулер аштан өлсе, басқалары бала-шағасын тастап кетіп жатты».

Жоңғарлар Қазақ хандығының түстіктегі шаһарлы да шоғырлы қоныстарына баса-көктеп кірді. Бұл ілкі шаруашылықтың іргесін шайқалтты; мемлекеттік құрылымдардың тұрақтылығына қатер төндірді; қазақ қоғамының саяси эли­тасы сапындағы қайшылықтар мен қақтығыстардың өршуіне әкеп соқтырды. Сол себепті XVIII ғасырдың орта шеніне дейін Абылай бүкіл қажыр-қуатын Жоңғар басқыншылығына тойтарыс беруге жұмсады. Ресей тарапынан әскери көмек алу үміті ақталмады. Өз билігін нығайту және көрші елдер­мен тату қарым-қатынас орнату мақсатында Абылай бірқатар қадамдарға барды. Бір жағынан, іргелес халықтардың ықпалды династияларымен құда-құдандалықты қолға алды. Сонымен қатар қазақ сұлтандарының арасында әулетаралық некені қолдауға ден қойды. Қонтайшы Қалдан Сереннің өлімінен кейін Жоңғарияда мұрагерлердің таққа таласы бастал­ды. Жат жұрт ішіндегі бұл кикілжіңге қазақ сұлтандары да бір бүйірден килігіп, отқа май құя түсті. Сол арқылы қарсыласты әлсірету ойластырылды. Сөйтіп Севан Рабдан мен Қалдан Сереннің кезінде қазақтың жаулап алынған оңтүстік және оңтүстік-шығыс өлкелерін азат ету майданына жол ашылды.

Абылай таққа таласушы тараптарды кезегімен қолдай отырып, жоңғарлардан айтарлықтай жерді қайтарып алды.

ХVІІІ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қатыгез уақыт Абылайдың мінезін шар болаттай шыңдады. Оны қайсар да қайратты саясаткер етіп шығарды. Жоңғар мемлекеті жермен-жексен жойылар алдында қазақ пен қытай арасындағы жер дауы біршама ушықты. 1755 жылдың жазында Қытай тарапы Абылайға шекара мәселесіне қатысты елші жіберді. Алай­да Абылай Қытайдың Жоңғарияға байланысты құйтырқы пиғылын құптамады. Жоңғарлардың Цин империясына қарсы көтерілісіне ұйытқы болған Әмірсанаға белсенді түрде көмек көрсете бастады. Қазақтар жаугершілік уақытында Жоңғария қолында қалып қойған жерлерін қайтарып алуға мүдделі болды.

1756 жылдың көктемінде қазақ жасақтары Жоңғарияның ішкі аймағына жорық жасап, қытай әскерімен бетпе-бет келді. Бұған ызаланған Цин императоры қазақтарға қарсы жауапты жортуыл жасау жөнінде бұйрық берді. Орта жүздің қоныстарына екі жақтан – оңтүстіктен және шығыстан кіру көзделді. Сонымен қатар қытай әскерлері Абылайдың маңайында жасырынып жүрген Әмірсананы қолға түсіруді қалады. Бірақ қазақ жасақтары тұтқиылдан шабуылдай отырып, Қытайдың екі армиясының қосылуына мүмкіндік бермеді. Қытай әскерлері кері қайтуға мәжбүр болды.

Осы оқиғалардың барысында абыройы асқан Абылайдың билеушілік болмысына Алексей Левшин былай деп сипатта­ма береді: «Көпті көргендігімен, айлакерлігімен, әккілігімен, парасатымен, қол астындағы халық санының басымдығымен, Ресей патшайымымен, Қытай боғдыханымен тікелей орнатқан қарым-қатынасымен үзеңгілес қазақ билеушілері арасын­да даңқы үстем болған Абылай Орта жүз билеушісі мәртебесіне лайықты қасиеттерді бойына жинақтай білді. Қабілетіне сенімді болған ол жақтастарын салмақты қалпымен, мұқият іс-қимылымен тарта білді; қабілет-күшімен жауының мысын басты және қажет кезде бірде орыстың, енді бірде қытайдың құзырында екенін мойындағанымен, шын мәнінде тәуелсіз билеуші бола алды».

Абылай көшбасшылық кемеңгерлігімен ғана емес, қолбасшылық қабілетімен де үзеңгілестерінен оқ бойы озық еді. Бөгенбай мен Қабанбай бастаған атақты батырлар керек кезінде оның ақылына жүгініп, беделіне арқа сүйеді. Абылай Ресей мен Қытайдың бейтараптығын оңтайлы пайдаланып, Ташкент пен Ходжент жорығына аттанды. Сөйтіп Жизаққа дейінгі қазақтың жеті қаласын азат етті. Хандықтың шекара­сын шығыста Алтайға жеткенше, солтүстікте Тобылдан әрі, ал оңтүстікте Ташкентке дейін кеңейтті. Жеңісті де жемісті әскери жорықтары оның даңқын жайып, атын аңызға айналдырды.

Абылайдың салиқалы да сауатты саясатының нәтижесінде ішкі саяси ахуал тұрақтанып, Шыңғыс әулеті мен ақсүйектердің өзара тартысы тыйылдды, қазақтың барша этникалық территориясы азат етілді.

Абылай ел ісімен енді шұғылдана бастаған шақта Қазақ хандығы сиырдың бүйрегіндей бөлшектенген бытыраңқы халге жуық тұрған болатын.  Тек XVIII ғасырдың 60-жылда­рына қарай билеушінің төңірегіне саяси элита біршама тығыз топтасты. Аумағы азат, көлемі кең мәртебелі мемлекет шын қуатына мінді. Қалмақтан тазартылған Тарбағатай, Жетісу өлкелерін өркендетуге басым көңіл бөлінді. Ұлттың тұрмыс-тіршілігінде қордаланған мәселелер де Абылайдың басты назарында болды. Ол бірде күшпен, келесі бірде келісіммен қазақ қоныстарында тәртіп пен тыныштық орната білді. Уақыт өте келе, ақсақалдар билігін әлсіретіп, басқарудың дәстүрлі институттарын қайта жандандыруға күш салды. Сот жүйесін нығайтты. Өзінің құзыретін хан болып сайланған кезде белгіленген шектерден асыра кеңейтті. Ол хан билігін түрлі кеңеспен шектеген сепаратистік көңіл-күйдегі қуатты рубасылар (билер) мен сұлтандардың бассыздығын тыйды. Шариғат жолымен төрелік айтатын билер сотының құқын шектеп, өлім жазасын тек ханның өзі шығаратын қылды.

Абылай хандардың бұрын алынып тасталған айрықша құқықтарын қайта қалпына келтірді. Орта жүз бен Ұлы жүзге тиесілі жерлер Абылайдың балаларына бөліп берілді. Шоқан Уәлихановтың көрсетуінше, «Абылайдан басқа бірде-бір қазақ ханы мұндай шексіз билікке қол жеткізген емес». Осының арқасында Абылай хан шаруашылық пен сауда ісінің дамуына септігін тигізген белсенді экономикалық саясатты жүзеге асыра бастады. Ол халыққа салынатын салықтардың жаңа түрлері мен өлшемдерін енгізді. Алғашқылардың бірі болып көшпелілердің отырықшы өмір салтына бейімделуінің, тұрақты баспана құрылысының, шабындық мен егіншіліктің қажеттілігін терең түсінді. Абылай Қазақ хандығының солтүстік аудандарында егіншілікті дамытудың бастамашы­сы болып, көрші Ресейден осы кәсіптің білгірлерін арнайы алдыртқан.

Шоқан Уәлихановтың: «Қазақтардың аңыз-әңгімелерінде Абылай айрықша қасиеті бар киелі, керемет құдірет иесі болып саналады. Абылай дәуірі – қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры. Оның жорықтары және батырларының көзсіз ерлігі мен қаһармандығы жыр-дастандардың арқауына айналған», – деп жазғаны белгілі. Ханның ішкі және сыртқы билігінің бар мазмұны халықтың тұтастығына бағытталған еді. Сөйтіп ол жасампаз әрі стратег, дана билеуші және сая­си көшбасшы ретінде танылды. Оның шебер саяси амалда­ры күштеп отарлауға, мемлекеттің бүтіндігін бұзуға қарсы тұрды. Ел ханына сенді, хан елдің үмітін ақтай алды. Қазақ халқының жадында ол осындай сипаттарымен сақталып қалды.

«ХVІІІ ғасырдан бастап, – деп жазады Елбасы «Тарих толқынында» атты еңбегінде, – Орталық Азияның түркі тектес халықтары ұдайы жалғасып, тереңдей түскен экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени дағдарыстар кезеңіне душар болған әрі өз аумақтарын отаршылдық саясат есебінен кеңейте түсуді көздеген мемлекеттердің оңай олжасына айналған». Осы кезеңде Қазақ хандығы солтүстікте Ресей патшалығының, шығыста Қытай империясының, оңтүстікте Қоқан, Бұқара, Хиуа билеушілерінің, ал батыста қалмақтардың қыспағын көрді. Ел басына күн туған сын сағатта тарих сахнасына шыққан Абылай елдік жауапкершілікті өзі де алды, би-батырларға да лайықты жүктей білді. Сол замандағы халық ерік-жігерінің тастүйін бірлігі Абылай ханның жеке тұлғасынан, ұстаным-қасиетінен көрінді. Батырларымен тізе қосып, қаһармандықтың ерен үлгісін көрсетіп, халықтың ұйытқысы болған Абылай ханның ерліктері тар заманда ел рухын қайта түлетудің алтын арқауын құрады. Бұдан басқа елдік қыруар жұмысты хан әміріне сай жүйелей білген ұлттың рухани көсемдері – Төле, Қазыбек, Әйтеке билер сыртқы және ішкі алауыздықтарға төтеп беріп, Абылай ханмен бірлесіп, ұлтты ұйыстырып, бір мұратқа топтастыру жолында қызмет етті.

ХVІІІ ғасырдың 40-жылдарының орта шенінен бері қарай Орталық және Орта Азиядағы саяси жағдай Қазақ хандығының пайдасына шешіле бастады. Қазақтың этникалық құрамында оң өзгерістер байқалды. Халық саны қалмақ, қырғыз, қарақалпақ, ноғай және басқа да Орталық Азия халықтарының табиғи қосылуы мен ұйысуы есебінен де молая түсті. Елдің берекесі кіріп, ұлт саны 3 миллионға жетті.

Абылай хан секілді елдікті ойлаған тұлғалардың арқасында қазақ мемлекетінің негізі нығайып, елдік тұтастық пен бірлік ұрпаққа мұра етілді.

Сарабдал ханы бар Қазақ елі қалыптасу мен нығаюдың қиын сыны мен жолынан өтіп, далалық мемлекеттің ерекше моделін өмірге әкелді. Далалық мемлекетті құрудың өзгешелігі шартты сипаттағы «жер», «халық», «билік» секілді ұғымдардың бірлігіне байланысты еді. Бұл халық сөзіне айналғанда, «туған жер», «қазақ жұрты», «хан билігі» ұғымын қамтыды. Ал жыраулардың алдаспан толғауына айналғанда «Кір жуып, кіндік кескен жер үшін; Қара қазан, сары бала қамы үшін» күрестің негізі болып шықты. Дала мемлекетінің айрықша ерекшелігі ретінде территориялық фактордың басым ықпалын атап өтуге болады. Расында, дәл осы территориялық фактор, табиғи-климаттық жағдайлар өмір салтын шаруашылық тұрғыда ұйымдастырудың тұрақты анықтауышы болып, саяси және рухани құндылықтар жүйесіне ықпал етті. Уақыт тезінен өткен және қазіргі кезде мемлекеттігін қайта жандандырып жатқан қазақ халқының көршілес елдер мен халықтар арасындағы қарым-қатынас пен өзара әрекеттестік тәжірибесі бай әрі күрделі. Кең сахараны мекен еткен, солтүстігінде Ресеймен, шығысында Қытаймен, оңтүстігінде Орта Азия мемлекеттерімен шектесіп жатқан Қазақстан тағдырдың жазуымен осындай ерекше геосаяси өңірде орналасқандықтан, көп полюсті, көп векторлы саяси бағыт ұстанады. Бұл – Қазақ елінің ғана таңдауы мен мүддесі ғана емес, әлемдік үйлесімділік пен мемлекеттік дербестікті тең ұстаған тарих пен демократияның таңдауы мен мүддесі. Осы тұрғыдан алғанда, Абылай заманының бай әрі күрделі тарихын зерттеудің және талдап қорытудың танымдық, сын­дарлы мәні арта түседі. Ресеймен достық қатынастардың негізін қалаған да, Қытай және Орта Азия мемлекеттерімен дипломатиялық қарым-қатынастардың негізгі қағидатын бекіткен де Абылай хан. Саяси-құқықтық құрылым тұрғысында, далалық мемлекет тарихын ру-тайпалық құрылым мен жұрт қоныстануының территориялық-кеңістіктік шекаралары ерекшеліктерінен тыс зерттеу қисынсыз. Егер ерекшеліксіз зерттелсе, «қазақтардың дәстүрлі мемлекет моделі болмаған» деген жаңсақ пікір өрістеуі мүмкін. Далалық мемлекеттің табиғатын жете түсіну үшін «мемлекет» және «мемлекеттілік» ұғымдарының арақатынасын саралау ке­рек. Себебі мемлекеттілік туралы мәселе – бұл бір аймақты екіншісінен бөліп тұратын әлеуметтік кеңістіктің әуелгі шекарасы туралы мәселе. Демек, қазақ мемлекеттілігі Қазақ хандығы аясында шектеліп қалмайды. Өйткені біздің мемлекеттілік ұғымымыз қазақ мемлекетінің пайда болуы мен дамуын ғана емес, түркі этносының ғұмырында ұзақ жылдар бойы жүріп келген мемлекеттік-құқықтық үдерістерді де меңзейді. Ендеше, қазақ мемлекеттілігін теория жүзінде ұғыну үшін мемлекеттік билікті генезисінен, ертедегі дала мемлекеттерінен бастап, қазақ хандарының жаңғыртуларына дейін зерттеу қажет. Қазақ хандығы өн бойына дала мемлекеттілігінің барлық салттарын жинақтаған иерархияланған әлеуметтік-саяси құрылым болды. Жыл сайын құрылтайлар шақырылатын. Беделді рубасылары хан алдын­да заң жөнінде кеңес беретін орган – билер кеңесін құрды.

Мемлекеттік-саяси жоралғының негізі хан сайлау жүйесі еді. Ақ киізге көтеру салты – халық пен ел билеуші ынтымағының белгісі, мемлекеттің тұтастығы мен беріктігі үшін қажетті этногенетикалық интеграцияның дәлелі іспетті. Қазақ хандығы ішкі саяси ахуалдағы көрнекі өзгерістерді қиындатқан жаңа тарихи талаптардың бар ауыртпалығын өз мойнына алды. Сол ауыртпалықтың бірегейі жоңғар шапқыншылығы болды. Оның зардабынан қазақтар Ұлы жүз бен Орта жүздің айтарлықтай жерінен, сондай-ақ қазақ хандарының резиденциясы – Түркістан қаласынан айрылып қалды. Бір жарым ғасырға созылған жоңғар соғысы қанша азапты, қырғынды болса да, қазақ жасақтарының зор жеңісімен аяқталды. Соңғы екі ғасырда патшалық Ресей және кеңес тарихшылары жазған Абылайдың тарихи рөліне қатысты зерттеулерде біржақтылық, әділетсіздік, үстірт қарау жиі байқалды. Революцияға дейінгі еңбектерде, сондай-ақ кеңестік тарих әдебиеттерінде Абылай тұлғасына «қатыгез», «екіжүзді», «жауыз», «дүниеқоңыз», «ру арасы­на өрт салушы», т.б. баға беріліп, осы анықтамаларды жинақтаған стереотип қалыптасты. Қазақстан тарихшылары тәуелсіздіктен бері халқымыздың өткен тарихына қатысты кереғар түсініктерді қайта қарай бастағаны мәлім. Аталған сала ғылымының заманауи жетістіктері негізінде күрделі, шетін мәселелерді жаңаша тәсілдермен зерттеу қолға алынды.

Мемлекеттілік пен тәуелсіздіктің қайта жаңғыруы аясын­да тарихта саяси себеппен бұрын жіберілген бұрмалаушылық пен қателікті түзету – ғалымдардың басты міндеті. Өйткені халықтың тарихи жадын қалпына келтіру, қилы тағдырын ой елегінен өткізу мемлекеттің шын мәнінде тәуелсіз болуының, қазақстандық отаншылдықты қалыптастырудың басты шарты дей аламыз. Алайда мемлекеттік тәуелсіздік және ғылыми плюрализмді бекіту жағдайында, яғни кез келген пікірдің жариялануына мүмкіндік берілген кезде, бұқаралық тарихи санаға ықпал ете алатын мәселенің негізгі аспектілері қаншалықты шынайы және бүкпесіз мазмұндалатыны өте маңызды.

«Жаңа заманға бейімдеу» деген жадағай түсінікпен тарих ерікті ревизияға ұшыраған жағдайда, әуесқой авторлар тара­пынан жіберілетін үлкен ауытқулар тарихи санаға зор зарда­бын тигізеді. Тарихтағы жаңылысу дәйексіздікке, қарапайым адамның болып жатқан оқиғаларды дұрыс түсінбеуіне әкеп соқтырады. Зерттелетін тақырыпқа бейкәсіби тұрғыда келу, тарихи дереккөздерді ғылым қағидатынан сәйкес пайдаланбау көп жағдайда ғылымға еш қатысы жоқ, қиял құшағындағы қиғаш түсініктерді қалыптастырады. Бірегейлік, әлемдік тарихта өзіндік орынды еншілеу, мемлекеттілікті қалыптастыру мәселелері Абылай хан билігі тұсында да қандай маңызға ие болса, егемен Қазақстан Республикасының қалыптасу кезеңінде де сондай шешуші сипатқа ие.

Қазақстанда мемлекеттік тәуелсіздіктің орнығуы қазақ халқының тарихына, атап айтқанда: этникалық территориясының қалыптасуына, ұлттың байырғы мекенінде мемлекеттіліктің пайда болуы мен қайта жаңғыруы кезеңдеріне қатысты көптеген өзекті мәселелерді күн тәртібіне шығарды. Қазіргі заманның жаңа талғам-талабына сай өткенге де­ген қызығушылық артып келеді. Қоғам елдегі өзгерістерді жіті сезініп, әлеуметтік дамудың мәнін, қайнар көзін, бағытын және негізгі үрдістерін түсінуге талпыныс жасауда. Сондықтан Отан тарихын зерделеу, тәуелсіздік пен егемендік жолындағы күрестің шешуші кезеңдерін пайымдау ерекше мән-мағынаға ие. Осы орайда халықтың тарихи сана-сезімі жаңа деңгейге көтерілгенін, жұртшылықтың Отан тарихын білсем деген шынайы көңілін, тәуелсіздік жолында шейіт болған қаһармандар ерлігі мен айрықша рухты оқиғаларды парықтауға деген ынтасын ерекше айтқымыз келеді.

Бүгінге дейін, өкінішке қарай, Абылай ханның мемлекеттілікті жаңғырту, нығайту, ұлттың басын қосып, тұтас мемлекетке ұйыстыру жолындағы қайраткерлік еңбегін кешенді зерттеу тарихшылар назарынан тыс қалып келді. Ал осы жолда мемлекетшіл тұлға мен оның қаһарман би-батырлары қаншама қажыр-қайратын, ақыл-парасатын сарп етті. Мұны тарих та, тарих арқылы танымы қалыптасатын халық та ұмытпауы керек!

Ұлт тарихын зерттеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында айтылғанындай, отандық тарихнама өз әдіснамалық және тілдік құралын айтарлықтай өзгертуі қажет. Отандық тарих ғылымының алдына жауапты да маңызды міндеттер қойылды. Біле-білсек, бұл – тарихшы ағайынның алдындағы зор кәсіби жауапкершілікті аңғартатын мәселе. Мәселенің оңтайлы шешілуіне Елбасымыздың идеясы арқасында дүниеге келген «Тарих толқынындағы халық» атты арнайы тарихи зерттеулер бағдарламасы ықпал етеді деп санаймыз.

Тарихтың мәні – өткенді қайта пайымдау мен бағалауда. Әр ұрпақ оны өзінше қабылдайды. Кез келген бағалау адамның санасы мен дүниетанымына байланысты. Ұлттық тарих ұлттық мемлекетті қалыптастырудың үдерісі дей аламыз. Ұлттық сана-сезім қалыптасу үдерісіндегі мемлекеттілікпен тығыз қарым-қатынаста, сан түрлі ерекшеліктерді ескеріпдамиды. Қазақ мемлекеттілігінің дамуы, дана Абай айтқандай, «соқтықпалы, соқпақсыз». Дегенмен тағылымды, жарқын тұстары ұрпақты рухтандырады, мақтаныш сезімін оятып, құйқасын шымырлатады. Сын-сынақ кезеңдері аз болған жоқ. Мұндай күрделі де жауапты дәуір XVІІI-XIX ғасырларға тән. ХІХ ғасырдың алғашқы жартысынан бастап мемлекеттік сана-сезім идеясын аңсау күн тәртібіне шықты. Осы үдерістің нәтижесінде XVІІI ғасыр оқиғалары мен атақты тұлғалардың тарихи қызметі замандастарын да, кейінгілерді де елең еткізді.

Абылай хан – аса ірі қайраткер, ұранға айналған тұлға мағынасында жан-жақтағы көршіміздің назарына іліккен есімдердің алғашқысы еді. Дос та, дұшпан да оған қызыға, кейде сұқтана қарады. Себебі оның тұлғасы уақыт алға жылжыған сайын асқарлана, биіктей түсті.

ХІХ ғасырда өмір сүргендердің пікірінше, Абылай зама­ны еркіндіктің, ерліктің, бірліктің заманы болды. Бәлкім содан да шығар, Абылай ханның тұлғасы, ерлігі мен елдігі жоғары бағаланды. Халық бұл бейнеге жанын салды, арман-тілектерін, үміті мен сенімін артты. Жазу салтынан гөрі ауыз әдебиеті елге өтімді, маңызды заманда Абылай хан халық мұратының рәмізіне айналды. Барды хатқа түсіру белсенділігі ХІХ ғасырдың екінші жартысында арта түссе, оның негізгі платформасы, өзегі халық ауыз әдебиеті еді. Бүгінде ел тари­хын зерделейтіндер дәйекке алатын шығармалар сол кезеңде туған болатын. Бірақ олар нағыз ғылымның тезінен өтті дей алмаймыз. Мұны бір жағынан таптық идеологиямен, екінші жағынан тарих мектебінің жетілмегендігімен түсіндіруге бо­лады.

Бүгінгі таңдағы ғылымның міндеті – нағыз тарихты мифологиялық тарихтан ажырата білу. Бұл міндеттің қазіргі Қазақстанда демократиялық қоғам құру мақсаттарына қатысы бар. Себебі тарихтан білетініміздей, демократия бол­маса, халықтың мүддесін жеткізетін нағыз мемлекеттілік болмақ емес.

Атақты неміс философы Карл Ясперс тарихтың мағынасы мен мақсаты туралы мәселелерді көтере келе, оның рөлін төмендетуден сақтандырып: «Тарихты айналып өтетін жол жоқ, себебі барлық жолдар тарих арқылы өтеді», – деген еді. Мұрагерлік және салт-дәстүр мәселелерін қозғаған осы ойшыл: «Егер біз қол жеткізген табыстарымызды ұмытсақ және олар өмірімізден із-түзсіз жоғалса, тарихи үдеріс тоқтап қалуы мүмкін», – деп, өзекті міндетті де көрсетіп берді.

ХХ ғасырдың ірі оқиғалар мен жаһандық өзгерістерге толы соңғы он жылы көптеген елдер мен халықтардың тағдырында бетбұрысты кезең болды. Өткен ғасырдың дәл осы кезеңінде Кеңес империясы құлап, оның орнына тәуелсіз мемлекеттер өмірге келді.

Мемлекеттіліктің өркендеуі, экономикалық және саяси модернизация, қазіргі заман деңгейінде халықаралық мойындауға қол жеткізу – тәуелсіз Қазақстанның жеңісі болса, осы жеңістер бедерінде тарихты қайта зерделеу мен пайымдау ерекше мағынаға, прагматикалық маңызға ие. Толғамалы тарих бедерінде Абылайдың жауынгерлік ерліктері, қан майдандағы жеңістері, Ресей, Қытай және басқа да көршілес елдермен белсенді дипломатиялық, сауда-саттық байланыстары Қазақ хандығы мен әйгілі ханның Орталық Азия халықтарының саяси өміріндегі халықаралық беделін арттырды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Егемен Қазақстан» газетінің 2013 жылы 2 қазанда жарық көрген «Абылай аңсаған азаттық» атты мақаласында: «Алмағайып сұрапыл заманда есеңгіреген елге ес кіргізіп, бір тудың астына біріктіре білген Абылай ерлігі мен ақыл-парасатын қатар жұмсаған сарабдал саясаткерлігінің арқасында қазақ халқын жойылып кетуден сақтап қалды. Осылайша, туған халқының кемел болашағын аңсаған ол өз дәуірі артқан ұлы жүкті қайыспай көтеріп, ел алдындағы перзенттік парызын атқарып кетті», – деп жа­зады.

Ендеше, бүгін біз тәуелсіз ел, байрақты жұрт ретінде бар­ша қазақтың ұранына айналған арыстандай айбатты Абылай бабамызға құрмет көрсетіп, аруағы алдында бас иеміз.

Тыңдағандарыңызға рақмет!

Ерлан СЫДЫҚОВ

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, т.ғ.д., профессор

Мақала "Халық тарих толқынында" мақалалар жинағының І томынан алынды

Б. 22-33.


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз