Басты бет Е-ресурстар Халық тарих толқынында «Тарих толқынындағы халық» бағдарламасы Ұлттық тарихи жадыны сақтап қалу – өз-өзіңді сақтап қалудың жалғыз жолы

Ұлттық тарихи жадыны сақтап қалу – өз-өзіңді сақтап қалудың жалғыз жолы

20 Наурыз 2014
82
0

Мемлекет басшысы ұсынған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қоғам дамуының жаңа белесіндегі басты сұрақтарға, атап айтқанда, «Біз қайда барамыз?» және «2050 жылы қайда болғымыз келеді?» деген cауалдарға жауап береді. Кеңінен қамтып айтсақ, мәселе ел болашағының дүниетанымдық жаңа моделін жобалау, басты құндылықтар мен бағдарларды айқындау туралы болып отыр. Сөз жоқ, бұл құндылықтар осы заманғы, болашаққа ұмтылған құндылықтар болуға тиіс. Олар мынау жаһанданып, ашығын айтқанда, ұлттық өзгешелігімізді шайып бара жатқан әлемдегі біздің ұлттық бірегейлігімізді нығайтуы тиіс. Олар ұлттың мәдени кодын: тілін, руханиятын, дәстүрлерін, мәдениетін сақтауды қамтамасыз етуі тиіс.

Сондықтан да Мемлекет басшысы: «Бүкілқазақстандық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуы тиіс», – деп баса көрсетіп отыр. Мәселенің бұлайша қойылуы біздің назарымызды ұлттық тарихты зерттеу мәселелеріне объективті түрде шоғырландырады. Сонымен бірге, біз уақыттың тарих ғылымының алдына мүлдем жаңа талаптар қойып отырғанын айқын көріп, ұғынуға тиістіміз.

Әлемдік тарихнамада орын алған таным тәсілдерді сыни тұрғыдан қайта қарау біздің назарымыздан тыс қалып қойды. Әңгіме, кем дегенде, ХХ ғасырдың екі әдіснамалық революциясы жайында болып отыр, тарих ғылымындағы қағидатты өзгерістер солармен байланысты.

Біріншіден, мен ең алдымен ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы француз тарихи мектебінің қуатты зияткерлік қозғалысын атап айтқым келеді, ол қозғалыс ең алдымен Люсьен Февр мен Марк Блоктың есімдерімен байланысты. Бүгінгі тарих өзінің тар пәндік шеңберінен шығып, пәнаралық ғылымға айналғаны анық. Тарихи зерттеулер өз бойына көптеген шектес пәндердің – социология мен әлеуметтік психологияның, макроэкономикалық теорияның, әлеуметтік географияның, этнографияның, антропологияның, мәдениеттанудың, құқық тарихының және басқаларының әдістерін кіріктірді.

Екіншіден, әлемдік тарих ғылымында ауқымы алғашқыдан кем түспейтін тағы бір сапалық секіріс ХХ ғасырдың екінші жартысының өзінде орын алды. Ғалымның рөлі өзгерді. Тарих ғылымына феноменология мен герменевтика әдістерінің енуі тарихи зерттеулердің сипатының өзін едәуір өзгертіп жіберді.Ендігі жерде тарихшы фактілерді тізбелеп, суреттеп отырушы, оқиғаларды тек «тіркеуші» емес, тарихшы «пайымдаушыға» – зерттелетін уақыттың ішкі мағынасына ой жіберетін ғалымға, фактілерді жай зерттеп қана қоймайтын, нақты қоғамның құндылықтарын, жөн-жосықтарын, моралін «түсінуге» қол жеткізетін ғалымға айналуы тиіс. Осылай қараған кезде әрбір ұлттық тарих формациялар мен өркениеттердің абстрактілі хронологиялық жылнамасы ретінде емес, халықтың бүкіл күрделілігі мен бөлек бітімін бойына сыйғызған жанды тарих ретінде бой көрсетеді. Тарихшының міндеті – ұлттық тарихты қайдағы бір әмбебап заңдылықтардың қасаң қалыптарына салып жібермей, ұлттық тарихтың жанды, бөлекше ағзасының қалай дамитынын түсіну.

Еуропацентризммен әбден уланған шетелдік көпестердің, барлаушылардың, әскери адамдардың немесе географтардың қазақ тарихы туралы куәгерліктерін сыни талдаусыз сөзсіз ақиқат деп қарауға бола ма? Біз ол дереккөздердің бәрін байыпты түрде қайта пайымдауға, бүгінгі ғылымның биігінен қарағанда олардың көбіне-көп қазіргі үлгі-қалыптар бойынша ешқандай сын көтермейтінін түсінуге тиіспіз. Сөйтіп, ойымызды жинақтайтын болсақ, тарих ғылымында әмбебап өркениеттік және формациялық теорияларынан, ескі тәсілдемелер мен міндеттерден мүлдем жаңа талап қою және соған көшу орын алды. Егер біз ұлттық тарихты формациялық көзқарас түсініктерімен қарап, түркі қағанаттарының бірегей өркениетін, мысалы, ерте феодализм терминдерімен пайым­дайтын болсақ, онда біз ештеңені де түсіне алмаймыз және қарадүрсін сұлбаны қайталаймыз. Егер қазақтар этногенезін марксистік структурализм терминдерімен қарастырсақ, онда біз кезекті бір тығырыққа тірелеміз. Өйткені ескірген ғылыми тілдің көмегімен болмысты бүгінгі ғылым биігінен көруге болмайды.

Осы заманғы бір философтың бейнелі түрде айтқанындай, «сөздердің әлеуметтік болмысты құрылымдауы олардың сол болмысты бейнелеуімен бірдей». Әрине, біз тарихты Людвиг Витгенштейннің әуелгі беттегі немесе «тарихи факт лингвистикада ғана өмір сүре алады» дейтін Ролан Бардтың кейінгі кезеңдегі пікірлерінің рухында ұғындырудан аулақпыз. Мұның өзі асыра сілтеу және қазірдің өзінде архаизм, рас, архаизмге айналғанына көп бола қойған жоқ. Сондықтан постмодернистік сөз саптау немесе лингвистикалық философияның концептілері қатты кешіксе де, қазақ тіліне енгізіліп жатқанын тек қолдау керек. Дегенмен бір жайдың басы ашық: біздің тарихнамамыз өзінің әдістемелік және тілдік құралын қатты өзгертуі тиіс. Қазақстанның тарих ғылымының алдында нақты сынақ тұр, ол сынақтың жауабын табуға әбден болады.

Ұлттық тарих мәселелерімен көптен бері және нақтылы айналысып жүрген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тарих толқынындағы халық» деген атпен тарихи зерттеулердің арнаулы бағдарламасын жасауды ұсынды.

Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты мынау:

– Қазақстанның тарих ғылымының алдыңғы қатарлы әдіснама мен әдістеме арқауында сапалық секірісті жүзеге асыруына жағдай жасау;

– қазақтардың ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту, ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру;

– Қазақстанның жаңа тарихының жиырма жылының мәнін пайымдау.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл бастамасы аяқ асты­нан шыққан жоқ. Тарихқа арқа сүйемесе, болашақ бұлдыр. Планетада мән-мағына мен құндылықтардың мылтықсыз майданы күн сайын жүріп жатқан қазіргі күнде тарихи жа­дыны сақтап қалу – жалпы өзіңді-өзің сақтап қалудың жалғыз жолы. Тәуелсіздігіміздің бесінші жылында-ақ Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекетіміздің тарихына қатысты өзінің көзқарасын айтып: «Біздің халқымыз тарихтың қатпар-қатпар қыртыстарына тамырын терең жіберген қиын да қызықты, талайлы тағдыр кешті. Ол, негізінен, тәуелсіздік жолындағы күреспен өтті», – деп атап көрсетті.

Ұлттық тарихқа стратегиялық тұрғыдағы өзінің көзқарасын Мемлекет басшысы 1999 жылы шыққан «Тарих толқынында» кітабында баян етіп берді. 2003 жылы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Н.Ә. Назарбаев бұрын-соңды болып көрмеген «Мәдени мұра» бағдарламасын бастайтынын жариялады. Бағдарлама жүзеге асырылған жеті жылда – 2004-2011 жылдар аралығында Қазақстанның тарихы, археологиясы мен этнографиясы бойынша 26 арнаулы зерттеу жүргізілді. Дегенмен мұның бәрі – тарихи жады мен тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы ауқымды жұмыстың басы ғана.

Қазір мемлекетіміздің қалыптасқан белесінде біз өз тарихымызды осы заманғы ғылымның биігінен пайымдауға және ұлттық тарихтың бөлінбейтін бейнесін қалыптастыруға тиіспіз. Қазақстанның қазіргі аумағы негізінен қазақ этносын қалыптастырған тайпалардың таралу аумағына сәйкес келеді. Ол тайпалардың XV ғасырда аяқ астынан қалыптаса қалмағаны айдан анық. Қазақ этносының қалыптасуы – талай мыңжылдықтарға созылған үдеріс, өкінішке қарай, ол жеткілікті деңгейде зерттелмеген. Өкінішке қарай, ғалымдарымыз әлі күнге дейін көнетүркілік Дешті Қыпшақ даласындағы ертедегі мемлекеттік құрылымдардың құрылуы мен ыдырауы, түркі-қыпшақ жұртының таралу аймағы, Еуразия топономикасының тарихы сияқты тағы басқа да аса күрделі әрі ауқымды тақырыптарды жаңа әдіснамалық тұрғыдан қарастырған жоқ. Біз сақ мәдениетін, әсіресе массагеттерді (Арал бойын мекендеген), тиграхауда сақтарын (Жетісу жерінде) және аримпастарды (Шығыс Қазақстан мен Алтайда) тереңінен зерттеуге тиіспіз. Бұл арада классикалық кезеңдегі еуропалық авторларды оқып, пайымдап қана қою жеткіліксіз. Қаңлы мен Ғұн дәуірінің тарихи фактілері мен мәдени артефактілері (қолмұралары) дербес қарастыруды және пайымдауды қажет етеді. Ежелгі Түркі мемлекеті, Түргеш және Қарлұқ қағанаттары да бөлекше назарымызда болуы тиіс, өйткені біздің арқаулық этномәдени және өркениеттік сәйкестігіміз – түркілігіміздің тамыры дәл соларға барып тіреледі. Еліміздің аумағындағы барлық ежелгі мемлекеттер мен қоғамдастықтар егжей-тегжейлі зерттелуі тиіс, себебі олар біздің этносымыздың қағазға түскен, дерек қалған тарихының маңызды буыны болып табылады. VI ғасырда тарих аренасына жаңа тарихи тұлға – Түркі қағанаты – көптеген халықтардың этногенезіне, күрделі де санқилы мәдени кешендердің орнығуына аса үлкен ықпал жасаған Далалық түркі империясы шықты. Бұл – біздің ұлтымыздың этногенезі тарихындағы аса маңызды белес. Біз Шыңғыс хан империясы дәуірінің нақты көрінісін қайта жаңғыртуға, осы тақырыпты саудаға салушылықтан да, оған дәстүрлі түрде оңайлатып қараудан да бас тарта отырып, сол кезеңнің этностық болмыс-бітімін де түсінуге тиістіміз.

«Тарих толқынында» еңбегінде Мемлекет басшысының жазғанындай, «Біздің арғы ата-бабаларымыз Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға дейінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі аумақты алып жатқан мемлекеттердің дамуында екі мың жыл бойы елеулі рөл атқарып келді. Орасан зор кең-байтақ аумақта қоныс аударумен болған көшпелілер Еуразияның этностық және мемлекеттік бет-бейнесін бір емес, бірнеше рет өзгертті». Бұл құрылымдардың қазіргі Қазақстан мен Орталық Азия аумағында тұрып жатқан жалпы (арғы түркілік) антропологиялық тип пен арғытүркілік тілдік топты қалыптастырудағы рөлі қандай? Олардың Қытай, Рим, Кушан империяларымен, Парфиямен және басқалармен өзара қатынасының (саяси, экономикалық және мәдени байла ныстарының) жүйесі қандай болған? Ұлы Жібек жолының, әсіресе оның біздің ел аумағы арқылы өтетін бөлігінің – Дала жолының дипломатиялық және сауда-экономикалық рөлі қандай еді? Ол жол мәдениеттердің өзара кірігуі мен бірін-бірі байытуына, Орталық Азия мен Еуразияның басқа да мемлекеттерінің, әсіресе Шығыс елдерінің мәдени-өркениеттік қарым-қатынасына қалайша септескен? Қазақ даласының Шыңғыс хан мен оның ізбасарлары империясының жүйесіндегі XII-XIV ғасырларды қамтитын тарихы барынша қадала назар аударуды талап етеді.

Алтын Орданың, орда хандарының тарихы – Қазақ даласының қалыптасу сатысында тұрған жаңа орыс мемлекетімен белсенді қарым-қатынасы басталған кезең де өте маңызды. Өкінішке орай, қазіргі тарихнамада еуропацентризмнің ықпалымен бір-бірімен кереғар күштер – көшпелілер («варварлар») мен отырықшы халықтар («өркениеттілер») күресумен өткен деген түсінік басым. Алайда уақыт өте келе зерттеушілер мұндай түсініктің дұрыстығына барған сайын көбірек күдік келтіре бастауда. Түркі-славян өзара байланыстарының тарихы тек қана соғыстардан, әскери жеңістер мен жеңілістерден тұрмайды. Бұл ең алдымен сан қырлы сауда, саяси, әскери, мәдени өзара байланыстардың тарихы екендігі естен шығарыла береді. Неге екені белгісіз, өкінішке орай, біз өздеріміздің мәдениеттеріміз бен өркениеттеріміздің тіл табысқан тұстарын аттап өтіп, назардан тыс қалдырамыз. Біз тек қақтығыстарды зерттейміз, сөйтеміз де бүгінгі заманның сүйініші мен күйінішін өткен күнге көшіре саламыз,бұлай ету жөнсіз және бұл кәсібилікке де жатпайды.

Қазақтар Еуразияның ең байырғы автохтонды халықтарының бірі екені сөзсіз. Сонымен бірге Қазақстанның тарихы – осы жерді кейінірек мекендеген, бірқатары еркінен тыс қоныстанған басқа да этностық топтардың да тарихы. Еліміздің полиэтникалығын қалыптастыруда бұл үдерістерді біз объективті түрде зерделеуіміз қажет. Қазақстанның тарихы – бұл біздің ортақ тарихымыз. Қазақстанның жиырмасыншы ғасырдағы тарихы – көп жағдайларда ұлттық пен тоталитарлық қақтығысының тарихы. Бұл – ұлттық сана-сезімді аяусыз саяси машинаның езіп-жаншу тарихы, ол үшін алдында кім тұрғаны – қазақ па, орыс па, украиндық па, өзбек пе – бәрібір. Біз тарихтың нақты тетіктерін дәлме-дәл әрі айдан анық түсінуге тиіспіз. Сонымен бірге басқа бір қағидатты сұрақ туындайды: тұтас ұрпақтардың тарихы, біздің аталарымыз бен бабаларымыздың тарихы қандай да бір сындарлы мағынадан жұрдай болғаны ма? Әрине, олай емес, өткен ұрпақтардың өмірі мағынадан жұрдай емес. Бұл арада мәселенің тарихи және этикалық қырлары бар.

Кез келген тарихи дәуірде адамдардың өмірі мен саяси жүйенің өмірі үйлесе бермейді. Қазақстандықтардың ХХ ғасырдағы ұрпағының өмірі өзінше жоғары дербес мағынаға ие. Олардың өздерінің қуанышы, өздерінің жеңістері мен жетістіктері болды. Тұтас ұрпақтар өмір сүрген тарихтың осынау үлкен қатпарын сызып тастау, оны бір ғана қара бояумен бояй салу таза тарихи тұрғыдан қарағанда да әділетсіздік болар еді. Түптеп келгенде, бүгінгі күннің биігінен өткен дәуірді дұрыс бағалау – біздің өз ата-бабаларымыздың алдындағы перзенттік парызымыз. Мұндайда бір қиырдан бір қиырға шығып кетудің қаупі бірдей.

Біріншіден, өткен дәуренді дәріптеудің қажеті жоқ. Баяғы бір тәртіпті аңсай бермей, жиырмасыншы ғасырдағы қиыншылыққа толы тарих туралы ашық айту керек. Сол тәртіптің тұсында миллиондаған ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргенін біз жақсы білеміз. Сондықтан тоталитарлық мемлекетте «ұлт мәселесін шешудің» барша ғажаптарын аш ашып көрсету – біздің тарихшыларымыздың тікелей парызы.

Екіншіден, өткен күнге объективті қарауымыз қажет, аға буынның наным-сенімдеріне құрметпен қарап қана қоймай, тарихта тек қара мен ақ түстің ғана болмайтынын ұғынуымыз керек.

Жиырмасыншы ғасырдың ұлы тарихшыларының бірі Бродель «ұзаққа созылған баяулық» деп атаған кезең келмеске кетті. Тарихтың асықпай-саспай, айдан анық етіп айтатын кезеңдері енді оралмайды. Бүгінгі заманның тарихы басқаша болатындығы біздің өткен күн туралы көбірек білетінімізге ғана байланысты емес. Оның басқаша болатындығы тарихи уақыттың құрылымының өзі өзгергендігінде. Адам дардың бірде бір буыны ешқашанда адамзаттың соңғы жиырма жылдың ішіндегі өміріндей соншалықты қарқынды және соншалықты буырқанған өмір сүріп көрген емес. Бұл айтқанымыз қазақстандықтарға да қатысты. Соңғы ширек ғасырдың ішінде біздің елімізде болған оқиғалардың ауқымдылығы мен тарихи маңыздылығы оларды тарих ғылымының жүйе тұрғысынан ой елегінен өткізуін талап етеді.

Қазақстанның қазіргі заман тарихы – тарих ғылымында салыстырмалы түрде алғанда жаңа бағыт. Осыған байланысты ол әлі қоғамдық институт ретінде басы ашылған сипатқа ие емес, яғни өзінің әдіснамасы және оқу-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етілуі бар толық дербес ғылыми пәнге бөлініп шыға қойған жоқ. Біз үшін бұл олқылықты тез арада жою маңызды.

Қазақстанның қазіргі заман тарихының ерекшелігі неде?

Бір жағынан қарағанда, ол тәуелсіздікке қол жеткізу және жаңа мемлекет құру тарихы болып табылады. Сондықтан да жаңа тарихтың басталар тұсы – кеңестік жүйенің ыдырауы және соған байланысты елеулі геосаяси дағдарыс кезеңі.

Екінші жағынан қарағанда, Қазақстанның қазіргі заман тарихы бүкіл адамзаттың дамуындағы жаңа белеспен сәйкес келіп отыр. Біздің көз алдымызда қағидатты түрде жаңа әлемдік тәртіп қалыптасып жатыр.

Сол кезеңде Қазақстан тарихында орын алған оқиғалардың тарихи мәнділігі мен мәнісі неде? Ол оқиғалардың даму сценарийлері қандай болуы мүмкін еді? Ол оқиғалар қандай жағдайда бүгінгі үдерістердің алдын орап, сипатын айқындап кетті?

Таяу болашақтағы біздің жұмысымыздың басымдықтары қандай? – Жаңа тарих мәселелері бойынша зерттеулердің тақырыптық аясын кеңейту керек. Олардың арасында біздің мемлекетіміз бен қоғамымыздың өтпелі кезеңінің көзге түсер ерекшелігі ретіндегі үш еселенген транзит; мемлекеттік менеджмент пен стратегиялық басқару жүйесі; мемлекеттік құрылыстың жүріп өткен әр белесіндегі әлеуметтік-саяси үдерістер; қоғамның жаңа әлеуметтік құрылымы; жаһанданудың ұлттық мәдениетке ықпалы және басқа да көкейкесті тақырыптарды бөле айтуға болады. Біз пысықтауға тиісті қыруар тақырыптардың арасынан аз ғана бөлігін еске салып тұрғанымды өздеріңіз түсініп отырсыздар.

– Мемлекеттік құрылыстың өзіміздің қазақстандық моделі, Мемлекет басшысы тұлғасының ұлттық тарихтың жаңа белесіндегі рөлі ғылыми тұрғыдан байсалды пайымдауды қажет етеді.

– Біз пәнаралық зерттеулерді жүзеге асыруда сілкініс жасауға тиіспіз. Біз зерттеушілік құралдары мен жұмыс тәсілдерін түбегейлі жаңартуға: болашаққа байланысты үрдістерді айқындау үшін тарихи модельдеу мен болжамдау аспаптарын батыл қолдануға тиіспіз. Сонымен, біздің алдымызда бұған дейін ұлттық тарихта шешілмей келген ауқымы жағынан аса үлкен міндет тұр.

Біріншіден, жинақталған тарихи фактілер мен куәгерліктер, материалдық мәдениеттің жәдігерліктері, нышандық мәні бар пішіндер мен әдет-ғұрыптарды зерттеу, филология мен лингвистиканың мәліметтері, тарихи география мен демография, тарихи зерттеудің жаңа тәсілдері, пәнаралық көзқарастар бізге қазақтардың этногенезі бұған дейін тарих ғылымы дәйім пайымдап келген кезден анағұрлым ерте қалыптасқан деп болжам жасауға мүмкіндік береді. Этнос көкжиегін біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылдығына дейін кеңейту және оны ғылыми тұрғыдан орнықтыру бүкіл ұлттық тарихқа жаңаша қарауға, біздің халқымыздың планетаның осы алып өңіріндегі алатын нақты орны туралы түсінігімізді өзгертуге мүмкіндік береді. Мұның өзі ұлттық сәйкестіктің маңызды факторына айналып, ұлттық сана-сезімімізді қағидатты түрде өзгертеді.

Екіншіден, біз өзіміздің қазіргі тарихымыздың басты мән-мағынасын жүйелі, ғылыми негізде түсініп алуға тиіспіз. Тәуелсіз егемен мемлекеттің өмірінде үшінші онжылдық басталды. Осы жылдар ішінде расында да ғасырларға тең жолдан өттік. Ойымызды жинақтайтын кез жетті.

Қазақстандық мемлекеттік басқару моделінің маңызды негіз қалаушысы – Көшбасшының рөлін айрықша атап көрсеткім келеді. Бұл жерде Қазақстан басшысы қызметінің бірқатар қырларына ғылыми тұрғыда талдау жасау қажет етіледі.

Біріншіден, 20 жылдан астам уақытта біз стратегиялық пайымымыз туралы ашық айта аламыз. Осы жылдар ішінде біз әлемнің түрлі өңірлерінде метеор тәрізді жылт ете қалған көптеген жарқын саясаткерлерді көрдік. Алайда елдің даму стратегиясын ондаған жылдарға алдын ала айқындап және оған болжам жасап қана қоймай, сол жоспарды іске асы­ра білу – бұл стратегиялық пайымдай алатын саясаткерге тән қасиет. Бұған қоса, Көшбасшы өзімен барлық жағдайда келісе бермейтінін ұғына отырып, оның табысты болашағына деген жауапкершілік жүгін өзіне артып, кей жағдайларда қоғамдық пікірге қарсы жүре алатын күш-жігері жеткілікті болуы тиіс.

Екіншіден, айқындылық. Көшбасшылардың барлығы дерлік мұндай қасиетке ие емес. Олардың көпшілігі оны сайлауалды науқан кезінде берілетін жалаң уәделермен шатастырады. Біздің Елбасы ешқашан әлеуметтік қиял-ғажайыптарды уәде еткен емес, ал уәде берген жағдайда дәл есептей біледі және оны әрдайым іске асырады.

Үшіншіден, басқарудың инновациялық стилі. Көмірсутегіне бай көптеген елдер мұнай қайнарының айналасында дағдарып қалды. Қазақстан Президенті күш-жігерді инновациялық дамуға, технологиялық үдеріске бағыттап келеді. Елдің бәсекеге қабілеттілігі тек қана жедел технологиялық дамуында.

Төртіншіден, интеллектуалдық ауқым. АӨСШК-тен Әлемдік діндер форумына дейінгі, ЕҚЫҰ саммитінен ЭКСПО-2017-ге дейінгі, елорданы көшіруден «2030» және «2050» стратегияларына дейінгі ішкі және сыртқы сипаттағы барлық ірі жобалардың негізінде нақ Елбасының интеллектуалдық күш-қуаты жатыр. Ал осы жобаралардың әрқайсысы қазіргі заманғы кез келген ірі саясаткерді құрметке бөлей алар еді.Барлық осы деректер, идеялар, оқиғалар жүйелі әрі объективті бағаға ие болуы тиіс. Бірақ бұл әдеттегі кезекті ба­яндауды емес, байыпты ғылыми талдауды қажет етеді. Менің ойымша, бұл біздің тарихшыларымыздың алдында тұрған міндеттің маңызды бөлігі.

Бұл міндеттердің бәрін шешу үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы тарихты оқытудың осы заманғы және шын мәніндегі ғылыми біртұтас мемлекеттік стандар­тын жасау керек. Ол стандарт осы заманғы зерттеу тәсілдері мен оқыту әдістеріне негізделуі тиіс.

Тұтастай алғанда біздің жұмысымызды бірнеше бөлікке бөлуге болады.

Бірінші. Ұлттық тарих қоғамдық ғылымдардың арасында орталық буынға айналуы тиіс.

Екінші. Біз сапалық жаңа деңгейде Қазақстан тарихының ортақ тұжырымдамасын жасап шығуға тиіспіз. Ол тұжырымдама бүкіл әлемдік тарихпен тығыз байланыста болуға, Қазақстанның аса ауқымды тарихи үдерістердегі, олардың өзара байланысы мен ғылыми кезеңдену жүйесіндегі орнын анық көрсетуге тиіс.

Үшінші. Қазақстан туралы біздегі және шетелдердегі та­рихи материалдардың барлығын жинауға, жүйелеуге және жіктеуге баса көңіл бөлуге тиіспіз. Сондықтан да біз тарихи артефактілердің (бұл қазіргі заман тарихына да қатысты) барлық негізгі шетелдік қоймаларын ұқыпты зерттеуге, сондай-ақ ол тарихи материалдарды Қазақстанға қайтару мүмкіндігі жөніндегі мәселені қарауға, егер ондай мүмкіндік бол­маса олардың көшірмесін жасатып, болашақта зерттеушілер мен жалпы жұртшылық үшін қолжетімді етуге тиіспіз.

Төртінші. Сіздердің назарларыңызды орталықазиялық номадтық өркениетті зерттеудің маңыздылығына ерекше аударғым келеді, қазіргі таңда ол өркениеттің сақтаушысы қазақ этносы болып отыр. Қазақ этносының археологиясын, антропологиясын, этнографиясын, фольклорын, мәдениеті мен дәстүрлерін зерттеуге күш сала отырып, қазақтардың номадтық өркениетін зерттеу саласында ғылыми және ғылыми-қолданбалы зерттеулер бағдарламасын дайындауды тапсырамын. Бізге Орталық Азия өңірінің тарихы мен тұтастай алғанда жалпы тарих туралы өзіміздің, ұлттық пайым-түсінігімізді қалыптастыра бастау мәселесін қарастыру керек.

Бесінші. Тарих бойынша сапалы оқулықтар даярлау мәселесі күн тәртібінен түспей тұр.

Марат ТӘЖИН

Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы

Төтенше және Өкілетті Елшісі

Мақала "Халық тарих толқынында" мақалалар жинағының І томынан алынды

Б. 11-21.


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз