Басты бет Қазақстан тарихы Тәуелсіз Қазақстан Ұлт құрылысы Ортақ тарихи сана – ел бірлігінің кепілі

Ортақ тарихи сана – ел бірлігінің кепілі

25 Ақпан 2014
88
0

Ортақ тарихи сана – ел бірлігінің кепілі

  Әлемдегі мемлекеттердің қай-қайсысын алып қарасаңыз да ол өз болашағының жарқын болғанын және озық елдер арасында жүргенді тілейді.

  Бірақ кез-келген мемлекеттің бұл мақсатқа қол жеткізуге дәрмені жете бермейді. Оның себептері әр алуан. Адамзат дамуының өткеніне зер салып қарасақ, мемлекеттің ілгері дамуы мен өркендеуіне бөгет болатын негізгі кедергілердің бірі ол – ел ішіндегі алауыздық пен берекесіздік екенін тарих көрсетті. Мәселен, қазақ қазақ болғалы талай заманды өткерді, талай зобалаңды бастан кешті. Жаугершілікті де, аштықты да, бодандықты да, қуғын-сүргінді де көрдік. Қайсар қазақ халқының өткерген қиындықтарын, кешкен азаптарын айтып бітудің өзі мүмкін емес шығар. Еуразия құрлығының апайтөс даласы небір ұлы шайқастар мен ұлы жеңістердің де куәсі болды. Байтақ жеріміздің қойнауы сол қиын қыстау кезеңдер мен мерейіміз үстем болған замандардан сыр шертетін шежіреге тұнып тұр. Заманында жарты әлемді бағындырған Ғұндардың, Түркілердің, Моңғолдардың алып империяларының орталық ордасы да осы киелі далада орын тепкені баршаға аян. Ал ХV ғасырдың ортасында «Ұранымыз алаш, керегеміз ағаш» деп, киіз туырлықты көшпенділер құрған Қазақ хандығы бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттігі тарихының бастауы болғандығын зор мақтанышпен айтамыз. Ол заңды да. Себебі біздің тарихымыз ұлы тарих. Сондықтан оның насихатталуы да өзінің ұлылығына сайма-сай болғаны ләзім.

  Ол тарихты ешкім аттап өте алмайды. Алайда Ұлы дала тарихы өкінішке қарай, толық қанды қамтылды деу қиын. Әсіресе, мынау соңғы екі жүз елу жылға созылған бодандық тұсында, қазақ өз тарихын өзі жаза алмады. Кезінде үлкендердің «Қасқыр күшігінің тірсегін кессе, қасқыр болмай қалады» деген сөзін естуші едік. Қызыл империя сөйтті, тірсектен кесті. Ұлы Дала рухын сындыру үшін оның тарихын тартып алды. Шовинистік идеология тарихымызды насихаттамақ түгіл зерттеуге тиым салды. Содан кейін біздің діни болмысымызды бұзды. Мәңгүрттеді. Дінін тартып алды. Тіліне де қиянат жасады. Ал тарихсыз, тілсіз, дінсіз халық та сол. Ұлт болып ұйыспайды. Ұлт ретіндегі табиғи болмысынан ажырайды. Кеңестік идеология ол мақсатына белгілі бір дәрежеде жетті де. Сол тоталитарлық диктатура заманының сарқыншақ көріністері күні бүгінге дейін сақталып келеді. Қысқаша айтқанда қазақ даласына отарлық идеологияның кірген ізі бар да, шыққан ізі жоқ. Ендеше, ел боламыз десек, ұлттық рухты оятамыз десек ең алдымен елдің тарихи санасын оятуға ден қою керек. Сондықтан да халықтың тарихи санасын қалыптастыру жолында алдымызда таудай жұмыстар күтіп тұр.

  Қазақта «Елу жылда ел жаңа» деген сөз бар.  Тұтас бір ұлтың санасын өзгерту оңай шаруа емес. Оған уақыт керек. Қажырлы еңбек керек.  Тарихымызға қатысты екі-үш кино түсірумен, газет-журналдарға мақала жариялаумен ұлттың тарихи санасын қалыптастыра алмаймыз. Ол жүйлі һәм кешенді мемлекеттік саясаты қажетсінетін дүние. Оны қозғасаң ар жағынан ұрпақ тәрбиесі сияқты үлкен мәселенің төбесі көрінеді. Ол отбасындағы, балабақшадағы, орта мектептегі, жоғарғы оқу орнындағы тәрбие мәселелері. Ұлт санасын қалыптастыруда білім беру саласының маңызын Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев та үнемі айтып келеді. Мәселен, Елбасының Қазақстан жастары мен болашақ көшбасшыларына арналған үндеуі түрінде ойластырылған «Қазақстан жолы» деген еңбегінде былай дейді: «Бәсекеге қабілетті ұлт туралы айтқанда ұмытылмайтын бір тиіс нәрсе - бәсекеге қабілеттілік; Бұл - ең алдымен өзіңнің барлық артықшылықтарыңды пайдалана білу деген сөз, бірақ оларды өзіміздің кім екендігімізді үғынғаннан кейін барып қана анықтауға болады.

  Біз - ғасырлар бойы әлемдік өркениеттердің тоғысқан жерінде өмір сүрген әулеттердің ұрпақтарымыз. Ұлы Дала қашан да әр түрлі мәдениеттер, тілдер, әскерлер, діндер, тауарлар және идеялар тоғысқан қиылыста тұрды. Мыңдаған жылдар бойы Дала халықтардың генераторы болды. Ал XXI ғасырда ол ерекше сападағы адамның генераторына, жаңа идеялардың генераторына айналуы тиіс. Біздің табиғатымызға біткен далалық ойлау машықтары, ғаламдық трендттер-икемділік пен жүйелілікті барынша толық бейнелеп көрсетеді. Көшпелілер қашанда икемделгіш болған және, бір қарағанда, ешбір ақылға сыймайтын бір қасиеттері, олардың барлық іс-әрекеттері қашанда табиғаттың белгілі бір қайталанбалы кезеңіне және қоғамдық өзара қатынастардың принциптеріне сәйкес келетін...Сонымен бірге, «ұлттық багаж» жас қазақстандықтардың дүниежүзілік жалпы білім беру кеңістігіне қосылуына кедергі болмауы және олардың бәсекеге қабілеттіліктерін төмендетпеуге тиіс. Бұл қасиеттер әрбір адамның бойына жанұя, мектеп, университет сияқты әлеуметтік институттарда сіңірілуі тиіс». Президенттің бұл ойынан ұғатынымыз ұлт санасын қалыптастыруда мемлекет негізгі күш болуы керек және Қазақстандық идеологиялық саясат ең заманауи үлгіде болуы тиіс. Күні кешегі Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында: «Нағыз ұлттық қадір-қасиет нағыз ұлттық тарихтан басталады» - деген сөзі де тарих сүйер қауымның құлағында. Демек, жастардың «тарихи санасы» қалыптаспайынша Қазақстанның жаңаша ойлайтын буыны қалыптасуы мүмкін емес.

  Аталған бағытта мемлекет тарапынан идеология жүргізіліп те жатыр. «Мәдени мұра», «Ғылыми қазына», «Халық тарих толқынында» тарихи зерттеулер бағдарламаларының қабылдануы соның бірден бір айғағы. Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын осы бағдарламалардың түпкі мақсаты да сол. Ұллтың тарихи санасын қалыптастыру. Сол бағдарламалардың аясында қыруар жұмыстар атқарылды. Отандық және шетелдік тарихшы ғалымдардың тәжірибе алмасуына септігін тигізген талай басқосулар өткізілді. Сол жиындардың бірінде Амангелді Айталы ағамыздың айтқан ойы ерекше есте қалды. «Ұлттық тарихты зерделеудегі жаңа әдістемелік қолданыс және ғылыми көзқарас» тақырыбында өткізілген семинарда сөз алған ғалым: «Мәңгілік ел идеясы айтылды. Жақсы идея – қазақты сақтап қалу болашақта. Бірақ біз капитализмге оралдық. Қандай капитализмге оралдық? Өздерініз білесіндер батыстағы капитализм ол бұрынғы капитализм емес, ол посткапитализм. Ол ақпараттық қоғам, индустриалды қоғам . Ол баяғы маркстін заманындағы капитализмнен кетті. Біз қандай капитализмге оралып жатырмыз. Осы интеллигенция, қазақ интеллигенциясы халықта осы қоғамды талдап мәңгілік ел жолындағы өзіміздің қандай қоғамдағы өмір сүріп жатқанымызды айтты ма? Айтса қай жерде айтты, тындады ма? Бұл үлкен бір мәселе. Сонымен бірге әлеуметтанушы, қоғамтанушы ғалымдар, яғни біздер халық алдындағы парызын қалай өтеп жүрміз? Әлеуметтануда қоғамтануды, тарихтытануды бірнеше деңгейге бөледі. Субкультура деп. Субкультураның тарихқа деген өз пікірі бар олар біздің жазып жатқан еңбектерімізді оқымайды, көбі. Олардың бұрынғы тарихы туралы өзінің пікірі бар. «Народная история». Оны ешкім зерттемейді, оқымайды, шын айтқанда біз оны білмейміз. Екінші субкультура ол мемлекеттік саяси сана. Мемлекеттің тапсырысы. Тарихшыларға, қоғамтанушыларға. Үшінші субкультура: ол академиялық орта, яғни сіздер...» - деп еді. Әрине адам боған соң, пікір алуандығы болады. Ғалымдар арасында жүрсең оны әсіресе қатты сезінесің. Ол заңды да. Бұл сөзді келтірген себебім Амангелді Айталы ағамыз осы екі ауыз сөзімен бүгінгі мемлекетіміздің қоғамдық санасына қатысты негізгі дерттің түсін түтеп берген сияқты. Ол субкультура мәселесі.

  Мәселен, елімізде мемлекет қалыптастырушы ұлт қазақ екенін және оның діні Ислам (Имам Ағзам Абу Ханифа (р.а.) мазһабы) екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл жердің иесі де, киесі де қазақ. Әйтсе де, бүгінгі күні қоғамымызда мемлекеттік тілге қатысты, дінге қатысты, салт-дәстүрге қатысты түрлі ұстанымдардағы топтардың да бар екені ешкімге жасырын емес. Оның үстіне мемлекетіміз түрлі ұлт пен дін өкілдерінен құралған.   Аталған дін мәселесінің алып қарасақ, қазір елімізде түрлі ағымдар мен түрлі сенімдер ашық насихатталуда. Ислам дінінің асыл атын жамылып радикалдық бағыттағы топтардың экстремисттік мазмұндағы идеяларды насихаттап жүргенін де естіп жатамыз. Одан басқа тарихмызда болмаған, ұлтымыздың болмысына «алты аласы бес бересі» жоқ жат діндердің де насихатталып жатқаны өздеріңізге мәлім. Олардың пиғылы да, ниеті де белгілі. Солардың арам әрекеттерінің құрбанына айналып жатқан тағы сол қазақтың қара көз жастары. Оларға қазақтың тарихы мүлде басқа «әдістеме» тұрғысынан баяндалып жатқаны айтпаса да түсінікті. Міне, осы сияқты басқа да идеялардың Қазақстан территориясына дендеп еніп жатқан жағдайында өзіміздің ұлттық имунитетімізді күшейту өте маңызды. Ұлттық имунитеттің тамыры да тарихи сана дегенге тіреледі. 
  Күні кешегі Ирак, Мысыр, Ливия елдері қандай еді ? Халқының әлеуметтік жағдайы қазіргі жағдайларымен тіпті салыстырғанға келмейді. Алысқа бармай-ақ, ағайын Қырғыз елі мен Украйн халқын қараңызшы. Өте ауыр жағдайға душар болып отыр. Оған себеп ел ішіндегі қақтығыстар мен берекесіздік. Әрине ол салдар ғана. Басты себеп әріде жатыр. Ол ұлттың болашағы мен тарихына деген көзқарастың алалығында. Бұл төңкерістерге өз мүддесін көздеген сыртқы күштердің ықпалы зор болғаны екі бастан белгілі ғой. Әйтсе де ұлттың тарихы мен болашағына деген ортақ көзқарас тастай берік қалыптасқан болса бұл халықтардың санасына сыртқы күштердің ықпалы осынша болмас еді деп ойлаймын.
  Қазіргі кезде ғалымдарымыз Қазақстан тарихының негізгі кезеңдері мен оқиғаларын жазып болды. Ұзақ жылдар бойы айтылмай, зерттелмей келген тарихымыздың ақтаңдақ беттері қайта жазылды. Кешегі Бөкейханов, Тынышбаев, Бекмаханов сынды арыстарымыз жазған тарих жеңді. Ақиқаттың тарихы жеңді. Ата бабаларымыз аңсаған асыл арман бүгінгі күннің ақиқатына айналды. Егемендігіміздің арқасында өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз қайта жанды. Осы тарихты ұлттың тарихи санасын қалыптастыру мақсатында жаппай насихаттау бүгінгі буынның асыл парызы. Себебі ортақ тарихи сана ел бірлігінің кепілі.

 

Жақсыкелдинов Жандос Нұрмаметұлы

Мемлекет тарих институты

 Еуразиялық және салыстырмалы саяси зерттеулер

 бөлімінің кіші ғылыми қызметкері

Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз