Басты бет Әдістік жабдықтар Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Дүниетанымдық үлгілер, тұжырымдар Аймақ тарихы Өлке тарихын зерттеудегі мұрағат деректерінің маңызы

Өлке тарихын зерттеудегі мұрағат деректерінің маңызы

10 Ақпан 2014
175
0

     Өлкетану - Қазақстан қоғамына үлкен қоғамдық-саяси, мәдени-ағартушылық ықпал жасап отырған бұқаралық қозғалыс деп айтуға болады. Өлкетанушылардың зерттеу нысаны есебінде белгілі бір территориялық шеңбердегі ауылдардың, аудандардың, қалалардың әлеуметтік-экономикалық, саяси, тарихи, мәдени дамуы, олардың табиғи жағдайы, сол қоғамдағы бір елеулі оқиғалар мен тұлғалар алынады.

 Қазақстанда өлкетанушылар қозғалысы XX ғасырда кең етек жайды. Ол бұған дейін өлкетанушылық жұмыстар Қазақстанда болған жоқ деген сөз емес. Көптеген қазақ жазушылары өз өлкесінің тарихы баяндалған  жазбаларды бұдан бұрын да тарих беттерінде қалдырған. Өлкетануды дәріптеудің, оқытудың, үйретудің классикалық формасын ондаған жылдар бойы Сыр елінің Геродоты атанған, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Мәди Құрманұлы Кереев пайдаланды. Ол 1-ші курсқа түскен студенттерге бірінші сабағында өз ауылының тарихын жазып, ондағы азаматтардың қызметін, ауыл экономикасының ерекшелігін, тарихын көрсетуді тапсыратын.

  Өз өлкесінің тарихын жан-жақты зерттеу, өз өлкесінің тарихында мемлекет тарихы мен тағдырының ортақ элементтерін көру өлкетанушылар бойында патриоттық көзқарасты, туған жерге деген ыстық сезімді тәрбиелейді, зерттеушіні жан-жақты дамыған тұлға ретінде көрсетеді.

  Қазіргі заманда азаматтардың бойында туып-өскен өлкесінің тарихын, қайдан шыққандығын білуге деген қызығушылық өсуде. Осы орайда олардың қызығушылығын қанағаттандыруда мұрағат құжаттары орны мен мұрағат мекемелерінің қызметі ерекше рөл атқарады.

   Мұрағат құжаттарымен жұмыс жасай алмайтын өлкетанушы белгілі бір мәселені ғылыми тұрғыдан зерттеп беруде дәрменсіздік көрсетеді. Сол себепті, өлкетанушы мұрағаттың оқу залында жұмысқа кірісер алдында өзінің зерттеу бағыты бойынша көпшілікке арналған зерттеулер мен анықтамалық әдебиеттермен танысу керек. Зерттеу тақырыбы бойынша  бастапқы мәліметтер алған соң  мұрағаттағы жұмыстарын бастай беруге болады. Керекті мұрағат құжаттарын іздеп табу- өлкетанушыдан шыдамдылықты, бір орында көп уақыт отыру және бірінші кезекте бақылау инстинктінің жоғары деңгейде болуын талап етеді. Мұрағат құжаттарын іздеуде сол мұрағатта бар анықтамалардың, каталогтардың, тізбелердің, жарияланған құжат жинақтарының және мұрағат қызметкерлерінің ақыл-кеңесінің көмегі зор.

   Өлкетанушы зерттеу тақырыбына қатысты материалдар бар қорларды анықтағаннан кейін тізбелерге назар аударады. Тізбелер - бір жүйеге келтірілген істердің тізбесі, атауларында әр істегі құжаттардың мазмұны туралы мәліметтер беріледі.

  Кеңес дәуіріне дейінгі құжаттармен жұмыс істегенде зерттеушінің белгілі бір білімі және икемділігі болу керек. Бірінші кезекте қазіргі және бұрынғы кезеңдегі терминологиялық өзгешеліктер назар аудартады. Бұрынғы кездегі географиялық атаулар мен өндіріс салаларының атаулары қазіргіден өзгеше болуы мүмкін. Мысалы, бұрынғы қазақ жеріндегі жергілікті өзін-өзі билеу ұйымдары – управа, правление деп қазіргіден өзгеше аталған.

  Қызылорда облысының мұрағат қоры облыс пайда болған кездегі және одан бұрынғы құжаттарды ғана қамтып қоймай, он тоғызыншы ғасырдан бергі бірнеше графикада жинақталған құжаттарды қамтиды. Мұнда ауылдардың, аудандардың пайда болуы мен өркендеуін, мекемелер мен кәсіпорындардың пайда болуы мен дамуын зерттеуге зор мүмкіншілік бар.

  Қызылорда облыстық және аудандық мұрағаттарының құжаттары негізінде Сыр еліндегі құрылыстардың, қалалар мен ауылдық елді-мекендердің, өнеркәсіп орындары мен мектеп-балабақшалардың, ауруханалардың, мәдениет орындарының, онда қызмет атқарған мыңдаған адамдардың, жүздеген ұжымдардың жұмысын, жетістігін көруге болады.

  Қазір үкімет тарапынан Қазақстан тарихына және оның негізін қалайтын өлке тарихына көп назар аударылып, жаңа мүмкіншіліктер беріліп жатқан кезде, осы бағытта жұмыс істейтін ғалымдар, өз елінің тарихын жақсы сезініп, паш еткісі келетін өлкетанушылардың жаңа жас буыны, әсіресе мектеп тарихшылары көбейеді деген ойдамыз. Осы ретте мұрағат құжаттары мектеп мұғалімдеріне:

  -оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыруға;

  -олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, ойлау дағдыларын қалыптастыруға,

  - оқушылардың өз бетімен білім алуына көмектесуге мүмкіндік береді.

  Біздің мұрағаттарда көптеген ашылмаған қазыналар – еліміздің ақтаңдақ беттері жатыр. Бір ғана мысал, Ұлы Отан соғысындағы жеңісті жақындатуға атсалысқан тыл еңбеккерлерінің – әйелдер мен жасөспірімдерінің, балалар мен қариялардың, облысқа күштеп қоныс аударылған басқа ұлт өкілдерінің күндіз-түні атқарған еңбегі әлі де өзінің лайықты бағасын алып үлгірген жоқ.

  Мұрағаттың есігін ашып, құжаттарымен танысқанда еріксіз тізе бүгіп, қазақ айтқандай, "көп екен білгенімнен білмегенім" дерсіз. Мен өз тәжірибемде студенттеріммен бірігіп мұрағат сөрелеріндегі көптеген ашылмаған тарих беттерімен жұмыс жасадым. Олар:

-  Қызылорда облысына қоныс аударылған халықтар тағдыры;

-  Ашаршылық жылдарындағы Сыр елі;

-  XX ғасырдың 30-40 жылдары репрессияланған Сыр азаматтары;

-  Хрущев кезеңіндегі дәнді дақылдар саясаты;

-  Брежнев заманында облыстың отанға ағыл-тегіл ет пен сүт беріп, өздерінің оған қолдары жете алмағаны;

-  Байқоңырдан жалға жер беріп, ол жерді қайтарып алу үшін етіміз бен астығымызды бергеніміз және т.б.

  Бүгінгі конференция тақырыбы да Арал теңізі байлығын игерудегі кеткен олқылықтарды анықтап, алдағы күндерге сабақ ету жұмыстарының шетін көрсеткендей.

  Өткен жылы мұрағат қызметкерлерінің бір жиынына қатысып мұрағаттың миллиондаған құжаттарының электронды нұсқаға түсіріліп жатқанын білдім. Бұл бағдарлама енді мұрағат құжаттарын іздеуді бірнеше есе тездетеді деген сөз. Интернетті қалай пайдалансақ, сондай жүйеге мұрағат материалдары да келтірілсе, ал бұл менің ойымша уақыт өте түбегейлі шешілетін іс. Сонда біз мұрағаттан керек құжаттарымызды үйде отырып-ақ интернет арқылы алып отырамыз.


Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы,

тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, 

«Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз