Басты бет Әдістік жабдықтар Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Дүниетанымдық үлгілер, тұжырымдар Іс-шаралар мен конференциялар Өнегелі өмір

Өнегелі өмір

09 Қаңтар 2014
115
0

Іс – шара Қ.И.Сәтбаевтың туылғанына 115 – жыл,  өмірден озғанына 50 жыл толуына байланысты Ғылым ордасымен Қ.И.Сәтбаев мемориалдық музейінің бірігіп ұйымдастыруымен өткізілді. Кешке ұлы тұлғаның туғандары мен жақындары, шәкірттері, көзін көрген замандастары және Ұлттық ғылым академиясының ғалымдары мен академиктері қатысты. Жиналғандар ғалымның өмір жолы мен қызметі жайлы әңгіме шертіп, оның  адами қасиеттерін еске алды.

Сәтбаев Қаныш Имантайұлы (1899-1964) – аса көрнекті қазақ геологы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, қазақстандық металлогения мектебінің негізін қалаушы. Қ.Сәтбаевтың бүкіл өмірі Қазақстанның минералдық ресурстарын және рудалық кендер генеологиясын зерттеуге арналған. Оның геологиядан басқа ғылымдардан да, мәдениет саласында да, тарихта да қалдырған ізі сайрап жатыр. Оның қалдырған ғылыми бай мұраларының ішінде, әсіресе, Жезқазған кені туралы зертеулерінің, Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жөніндегі еңбектерінің мәні ерекше. Жезқазғанның ірі мыс рудалы аудандар қатарына жатуы – кезінде осы кеннің жоспарлы түрде кең масшатбтағы барлау жұмыстарын ұйымдастыруға болатын ірі объекті екенін дәлелдеп берген Қаныш Сәтбаев еңбегінің нәтижесі. Сондай-ақ ол минералдық шикізатқа бай Сарыарқа, кенді Алтай, Қарағанды, Қаратау секілді аймақтарға да ерекше назар аудара зерттеп, олардың кендерінің стратиграфиясы, тектоникасы, құрлысы, металлогениясы, неохимиясы және шығу тегі туралы маңызды ғылыми қорытындылар жасады, ғылымға формациялық металлогендік анализдің кешендік әдісін еңгізді. Көптеген тәжірибелі мамандар қатыстырыла отырып, Қаныш Сәтбаевтың еңбегінің нәтижесінде Сарыарқаның металлогендік және болжам қарталары жасалды. Оны өндіріске ендіру арқылы Сарыарқа аймағында қара, түсті және сирек металдардың біраз жаңа кендері ашылды. Біраз кендерге бүтіндей жаңа өндірістік баға берілді. Ол Қарағандыда металлургиялық завод салуда, Қостанай, Алтай темір және марганец, Қаратаудың фосфорит кендерін және осылар секілді көптеген ірі нысандарды игеруге, Ертіс-Қарағанды каналының қазылуына, біраз ғылыми-зерттеу институттарының ашылуына тікелей араласып, зор еңбек сіңірді, Қазақстан ғалымдарының зор армиясының ақылшысы, тәрбиешісі болды.

Аталмыш шарада  алғашқы болып сөз алған Ұлттық ғылым академиясының академигі Нысанбаев Әбдімәлік Нысанбайұлы: «Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жайлы әңгіме айту әрі қиын, әрі оңай. Қиын болатын себебі бұл «ғұлама тұлға», оңай дейтін себебім ол кісі жайлы талай кітаптар жазылды. Кезінде Қазақ КСР Ғылым академиясының негізін қалаған Қ.И.Сәтбаев болды. Сондықтан біздің ұлттық ғылым академиясын Қ.И.Сәтбаев академиясы деп айтсақ болады. Қазірмен салыстырғанда 60-жылдары кітапханаларда, білімге құштар жастардың көптігінен орын болмайтын. Сондықтан болар, сол кезеңдері көп ғалымдар шықты.  Жас ғалымдар буынының қалыптасуына  Қ.И.Сәтбаевтың  қолдауы тікелей ықпал етті. Ол кісі өз халқының шын жанашыры болатын.  Бір ғана мысал, алғаш Англияға барған сапарында У.Черчилльдің: «Сіздің елде қазақтардың бәрі сіздей биік пе?- деген сауалына, Ол не дегеніңіз, менің халқым менен де биік!», – деп жауап берген екен.  Жалпы ұлы адамдар бір ғана ғылыммен шектеліп қалмай әр саланы зерттейді. Қ.И.Сәтбаев тек геология саласында емес, басқа да ғылымдарда өз ізін қалдырған ғалым болды. Мәселен 1948 жылы  Қазақстанның астанасын Ақмола қаласына көшіру керек деген тұжырым жасап, оның жан жақты тиімділігін дәлелдеді. Қорқыт бабамыз: «Өлмейтін адам, сынбайтын темір болмайды, сондықтан адам артына өшпейтін із қалдыруы керек» деген екен. Сондай- ақ Қаныш ағамыз халқына жасаған қызметі арқылы артына өшпейтін із қалдырды.

Бұдан кейінгі кезекте сөз аллған Ұлттық ғылым академиясының академигі Назарбай Қадірұлы Блиев: «Қ.И.Сәтбаевтың Қазақстанға сіңірген еңбегі зор. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Совет еліндегі завод, фабрикалар немістердің қолында қалды. Жағдайдың аса қиын ауырлығына қарамастан Қ.И.Сәтбаев бастаған қазақ ғалымдары, кен өндіруді бастап кетті. Осы жағдайда ұйымдастыру жұмысына басшы болып, оның ісіне белсене араласуы ұлыларға тән көргендіктің белгісі еді» деді.

Өз кезегінде ҰҒА академигі Оралбаев Жолдымұрат Әлиұлы: «Мен ол кісіні 1957 жылдан бері білемін. Сол жылдары біз физика институтына түстік. Бірақ маған жатақханадан орын тимеді. Содан білетіндер Қаныш ағаға баруға ақыл қосты. Кабинетіне келіп кіргенімде ол кісі менің сәлемімді орнынан тұрып алды. Алдымен  мән жайды сұрап алған соң жатақханаға жауапты А.А.Карпинскийге хабарласып, маған орын алып берді. Ол кісі маған «Москваға барып оқуың керек, оны ойластырамыз» – деді. Көп ұзамай сол жылы Физика математика институтының студенттерін Москвадағы ядролық-физикалық зерттеу институтына  оқуға жіберді. Міне осылай, қаймана қазақ баласы, сол кісінің қамқорлығының арқасында Москваға оқуға аттандым. Жалпы Қ.И.Сәтбаевтың жетістігі сол кездегі жас қазақ ғалымдарына үлгі болды. Себебі, қарапайым қазақ жастары сол кісінің үлгісімен сондай жетістіктерге жете аламыз деген сенімде болды» – деп атап айтты.

Еске алу кешіне Ұлттық өнер академиясының студенттері  қатысып өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, кешке Қ.И.Сәтбаев Университетінің түлектері де қатысты. Олар, оқу орнында «Сәтбаев тану» сабағының жүретіндігін мақтанышпен мәлімдеді. Кештің соңында Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың  немересі Нұрлан Жармағанбетов және Қ.И.Сәтбаев музейінің директоры Бақытжамал Айтмұхамедовалар сөз алып, жиналған қауымға алғысын білдірді.

Мәлімет "Ғылым ордасы" РМК сайтынан берілді


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз