Басты бет Тарихи білім Білім беру, ғылым, мәдениет ұйымдары Мұражайлар "Ғылым ордасы" РМК Сирек кездесетін кітаптар муражайы Қорындағы қолжазбалар мен сирек кітаптар: зерттелу және аударылу мәселесі

"Ғылым ордасы" РМК Сирек кездесетін кітаптар муражайы Қорындағы қолжазбалар мен сирек кітаптар: зерттелу және аударылу мәселесі

23 Желтоқсан 2013
97
0

Сөз – тұлғаның бойында түрлі дағдылар мен құзіреттіліктерді қалыптастыратын белгілеу жүйесі болып табылады. Адамзат ауыз екі сөйлеу және жазба мәдениетін игере бастаған сәттен бастап айтылатын, жазылатын әрбір сөзге, дыбыс пен буынға белгілі бір мән-мағына тасушы қызметін жүктеді. Белгілі бір тәртіпте түзілген сөздер ақпарат алмасудың ең кішігірім өлшем бірлігіне айнала түсті. Адамзаттың тарихы бойы өткерген оқиға-сәттері, білім мен ғылымның археология, этнография, тарих, әлеумет, саясат, халық ауыз әдебиеті және жазба мәдениеті, сенім-наным мен тыйым-ырымдары сияқты салалардан жинақталған түрлі бағыттағы рухани құндылықтары алғашқы тарихи кезеңде тас, ағаш бетіне, кейінгі уақытта қолжазба ретінде қағаз, қамыс бетіне, ал өнеркәсіп пен шаруашылықтың даму алып, жетіле түскен заманынан бастап кітап бетіне басыла бастады.

Атадан балаға ауызша мұра ретінде қалып отырған халық ауыз әдебиеті қолжазбалар мен кітап бетіне фольклор жинақтаушы, әдебиеттанушы, тіл білімі қызметкерлері, тарихшы-этнографтар тарапынан түсіріліп халқымыздың көздің қарашығындай асыл мұрасы қатарына қосылды. Осы орайда, ата-бабаларымыздан қалған сөзді ұрпақ жалғастығын бұзбай ұрпақтарына тапсыру түпнұсқалық және аудармалық материалдардың көмегімен іске асырылды.

Адамзат тарихында әрбір ұлт, қоғам алмасу, ауысу, араласу нәтижесніде өмір ағымымен алға жылжиды, өседі, өркендейді. Яғни өзінде жоқты өзгеден алады, білмейтінін үйренеді, білгенін басқаға үйретеді. Осындай мәдени алмасу үдерісініңтиянақты тірегі – аударма [1, 3 б.].

Тақырыпқа тікелей көшпестен бұрын алдымен аударма жайын, оның зерттеу нысаны мен қолданылатын әдіс-тәсілдерді ашып кеткен дұрыс. Отандық ғалым Ж. Сәмитұлы «Аударма дегеніміз – бір тілде бейнеленген мазмұнды екінші бір тілге әрі дәл, әрі толық қайталай бейнелейтін тілдік қимыл немесе бір ұлт тіліндегі сөзді екінші бір ұлттың тіліне көшіріп шығатын қарым-қатынас құралы болып табылады» және сол жерде «Тіл ғалымдардың деректерін негізге ала отырып, қазіргі таңда дүниеде 2796 тіл бар деп есептейтін болсақ, аударма қызметінің қаншалықты маңызды екенін ешбір дау-дамайсыз-ақ мойындауымызға тура келеді. Міне, дәл осы себептен де ғалымдар аударма жұмысын үлкен бір ғылыми процесс деп қарап келді» деп, атап көрсетеді [2, 3 б.].

Ал аударма барысында аудармашы қатарынан бірқатар әдістер қолданылады. Олар:

1. Сөзбе сөз аударма: а) Транслитерациялау; ә) Транскрипция; б) Калькалау; в) Семантикалық неологизм.

2. Функционалды аударма: а) Эквивалент; ә) Функционалды аналог;

б) Сипаттамалық аударма;

3. Лексикалық трансформация:  а) Мәндердің дифференциациясы; ә) Мәннің нақтылануы; б) Мәннің жалпылануы; в) Контекстуалды аударма;

г) Антонимді аударма; ғ) Толықтай өткізе аудару; д) Алмастыру (Компенсация).

Дегенмен, әрбір аударма мектебінің қолданатын өзіндік стилі ерекше. Аталған әдістер [3], [4], [5, 24 б.] қайнар көздерде өз алдына бөлек сипатталып, толық қамтылған.

Аудармашының бойындағы тиянақтылық, өзінің және өзге мәдениетті білуі, жанжақтылығы, шетел мәдениетіне, оның рухани, мәдени, тарихи құндылықтарына немқұрайлы қарамау, ісіне адалдықпен күшін салу сияқты жеке қасиеттер мен көптеген жағдайлардағы ұстанымдарын қамтитын кәсіби біліктілігі аударманың сәтті болмаса сәтсіз боларына едәуір әсер етеді. Бұл айтылғандарды ескере келе аудармашылық кәсіптің, шеберліктің қандай болуы тиіс деген сұрақ ойға келеді.

Әдеби аударма маманы Қазыбек Г.Қ. бұл түсініктерге келесідей анықтама береді:

Аудармашылық шеберлік – шығармашылық шеберліктің күрделі де қиын бір қыры. Аудармашы, ең алдымен, әдеби жазу шеберлігін және әдебиет теориясын жақсы білу керек және филологиялық-лингвистикалық және көркем талдау ұстанымдарын дұрыс меңгеруі шарт.

Автор сомдаған (аударған) образдар, кейіпкерлер мінездемелері қандай әдеби әдіс-тәсілдермен бейнеленгенін, сюжеттік желі мен композициялық құрылымдағы ерекшеліктер сырын анық танитын аудармашы ғана көркемдік дәлдікке, бірлікке, тілдес стильдік оралымдарға қол жеткізе алады.

Көркемдік суреттеу өрнектерін барынша дәл және айшықты етіп тәржімелеу – түпнұсқа стилінің қайта тууына апаратын басты жол [1, 4 б.].

Қайтсе де, жоғарыда бірнеше рет атап көрсетілгендей, әрбір аударма мектебі өзіндік ерекшеліктерге тән әдістер мен тәсілдерді қолданады. Алайда бұл негізге аларлық бір анықтама болуға жарарлық дәйек. Осыған қоса айта кетерлік, белгілі бір мәндерге өзара қатынас орнату мақсатында жасалған сапасыз және біліксіз маманның аудармасы, әдеби шығарманың, тіпті ұлттық әдебиеттің барынша жақсы тұстан қабылдалуына шек қойып, оған қатысты қисық пікірдің туындауы қауіпімен ерекшеленеді.

Бұл сөз отандық ғалым филол. ғ. д., профессор Н. Сагандыкованың іргелі еңбегінде де негізгі де маңызды ұстаным мәніне ие [6, 14 б.].

Алынған түсініктерді жинақтап, саралай келе, солардың негізінде ой жинақтайтын болсақ, аударма мен аудармашыға қойылатын талаптар негізі мынадай шарттардан тұрады дегенді  Л.Ж. Мұсалы орынды түрде келесідей көрсетеді:

1)  Өзі аударатын мәтіннің мазмұнын жете түсініп, түпнұсқа авторының ойын терең ұғына білуі қажет;

2)  Аударатын да, аударылатын да тілді жетік меңгеруге міндетті;

3)  Сөздерді жолма-жол мағынасын беруден аулақ болуы керек, себебі кейбір жағдайда ондай сөздер форманы бұзып тұруы мүмкін;

4)  Аударма кезінде жалпыхалыққа түсінікті сөздерді қолдану қажет;

5)  Сөздердің баламаларын дұрыс тауып, өз орнында қолдана отырып, түпнұсқадағы мағынасын аша білуі керек;

6)  Аударма түпнұсқаның толық мағынасы мен ойын, идеясын беруі қажет;

7)   Аудармада түпнұсқаның стилі мен мәтінді жеткізу шеберлігі сол қалпында сақталуы қажет және т.б. шарттар [7, 54 б.].

Осыдан бөлек, ғалым Н. Сагандыкова еңбегінде А.Лейтестің айтқанын атап және сол ойды жетілдіріп «жақсы аудармашы осы құзіреттіліктер мен дағдыларды игеріп білместен бұрын, бойында үш дарынды қамтуы тиіс, олар: ақындық дарын, прозаиктік дарын және аудармашы дарыны»… «шетел тіліндегі шығарманы тікелей айтса «демонтаждаған» аудармашы, оны өзінің ұлттық тілінің, өзінің «атрибутикасымен» қамтылған негізде түпнұсқадағы рөлінен ауытқусыз орнына қойып қайтадан қалпына келтіруі тиіс», – дейді [6, 24-25 б.].

Нағыз сәтті аударма мен аудармашының белгісі де осылай ашылады. Ал енді осыдан туындайтын тағы бір сұрақ – көркем аударма деген не және ол қалай сипатталады?

Бұл сұраққа жауап ретінде – көркем аударманың қазіргі заманғы әдеби үдерістің бөлінбес бөлшегі, түрлі (мәдени/ұлттық) әдебиеттердің өзара баюуы мен өзара қатынаста болуының кепілі дегенді дәлелдеудің қажеті жоқ деп қысқаша анықтама берілген [6, 9 б.].

Осылардан жауап алынбаған сұрақтарға әдеби компаративистика саласы және [8] еңбек жауап алуға өз септігін тигізе алады.

Өз еңбегінде ғалым Н. Сагандыкова «Қазақстан Республикасының егемендігін алуы кезеңінен бастап көркем әдеби шығармалардың аударылуы күрт төмендеді десе болады. Бұл егеменді елдің жаңа әлеуметтік-экономикалық мәселелерінің пайда болуымен түсіндіріледі. Мәселелер қандай күрделі болса да, рухани мәдениет туралы ұмытудың қажеті жоқ.», – деп атап көрсетсе, ендігі жолы Г.Ж. Болатова бұл жағдайлардың барлығын да тағы бір қамтып қоймай, көркем әдеби шығармалардың жақындастырушы рөлін баяндап береді [6, 193 б.],[5, 8 б.].

Негізіне келгенде, бұл әлеуметтік-саяси жағдайлардың барлығы елдегі көркем әдебиеттің аударылуы үдерісін тек уақытша тежеді және Қазақстанның қазіргі уақыттағы көпбағытты саясатының, қазақ тілінің Қазақстан халқын жақындастырушы, топтастырушы рөлінің қайта қаралып, сол ырғақпен қалпына келтірілуімен көкейкесті мәселелер қатарына қайтып оралуда. Бұл, әрине, аударматану, тіл білімі саласындағы іргелі зерттеулер санын арттыру қажеттілігін айрықшалайды.

Жалпы қазақ аударматану мектебінің қалыптасуы өте күрделі де ұзақ даму жолын өткерген болатын. Шетелдегі қандасымыз Ғ. Османның айтуы бойынша «Аударма елімізде сонау Шығыс Хан хандығынан басталып, қазірге дейін он сегіз-он тоғыз ғасырды бастан кешіріп отыр. Аударманың

І ғасырдан ІХ ғасырға дейіңгі дәуірі буддизм кітаптарын аудару дәуірі болады», – деп көрсетілген [9, 1 б.].

Қайткенмен, еңбек өткен ғасырдың 1979 жылы және ҚХР-да басылғанын, Хан патшалығы Ғұн ұғымын білдіріп, осы ғұн тайпаларының түркі этносын құраудағы рөлінің болғанын ескере кетсек те қазақ аударматануының тарихы ресми деректерге қарағанда Ресей империясының қазақтарды отарлау кезеңіндегі тілмаштардың аударған хан, елші хаттарынан бастау алады.

Н. Сагандыкова осы мәселеге толығырақ тоқтала кете, бұл үдерісті іске асыруда «Дала уәллаяты газеті» мен «Түркістан уәллаяты газетінің» айтарлықтай рөлінің болғанымен сипаттайды [6, 4-5 б.].

Осыған қоса кетері, аталған газеттерге қосымша ретінде Ы.Гаспринскийдің түркішілік сипаттағы «Тәржіман» газеті аудармашылардың кәсіби деңгейін арттырып, қазақ даласынан алғашқы аудармашылардың қалыптасуына орасан зор үлесін тигізді. Ал хан хаттарын сипаттайтын деректердің мұражай қызметкерлері тарапынан ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында талдауы, тарихшы Фетисов М. мен ҚазССР Ғылым академиясы ұжымымен жарияланған «ХІХ ғ. орыс-қазақ қарым-қатынастары» еңбегінің шынайылығын тағы бір рет дәлелдеп берді.

Өзінің негізгі міндеті Қазақстанның жазба мәдениет тарихы мұраларын жинақтау, сақтау, зерттеумен айналысатын «Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар мұражайының тағы бір ғылыми-зерттеу саласы баспагерлік, аудармалық және ғылыми-зерттеу жобалары бойынша жұмыс. Осы күні Қазақстан Республикасының Ғылым Академиясы, Ғалымдар үйі, Орталық Ғылыми Кітапхананың (осы күні «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасы) бірігуі жолымен құрылып, Қазақстан ғылыми орталығының мұрагеріне айналған және аса сирек деген 500 астам қолжазба мен сирек кітаптарды қорына жинақтаған «Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар мұражайы сирек басылымдардың қайта аударылып, қайта жарық көруінде өз үлесін қосуда.

Мұражай қорындағы аударылуды қажет ететін сирек басылымдарды саласы бойынша топтастыратын болсақ:

Қолжазбалар: Ауыз екі тілдің грамматикалық амалдары. XIX ғ.; Саиф Сараи. Баян Гүлістан. ХІХ ғ.; Кәнз аш-Шариф тәпсір кітабы. XIX ғ.; Мағдәм әл-ғилм. XIX ғ.; «Мухтасар» дін негіздері туралы кітап. XIX ғ.;. Мәсләк әл-Муттаққин. XIX ғ.; Науаи Әлішер. Ілкі Диуан. Қолжазба факсимилиесі. (Ташкент, 1968); Молда Ақын баба. Қожа Хафиз (1325-1390) диуандары. XIX ғ.; Шәмси әд-Дин Ширази Диуандары. XIX ғ.; А. Қайнарбаев. Төрелер шежіресі. XX ғ.; А.Қайнарбаев. Қожалар шежіресі. XX ғ.; Шады торе ибн Жиһангер. Қожа Ахмет Яссауи хикметтері мен ақын әрі ойшыл Бабрахим Машрабтың диуандары. XIX ғ.; «Жүсіп-Зылиха» лирикалық жырының қолжазбасы. XIX ғ.; Құлжықов Өмірқұл. Әмір Темір туралы. 1952 ж.; Байұлы Масқар Уәли деген ғалымның философиялық-теологиялық трактаттары. XX ғ.; Қазақ шежіресі. XІX ғ.; Шығыс тілінен бірнеше шығармалар аударған халық ақыны Айманкүлдің Нартай ақынға жазған хаты. XX ғ.; Сырлдасқан үш әйелдің әңгімесі. Өлең жолмен жазылған хикаялар жинағы. XX ғ.; Қуаныш қожаның өлеңдері. XX ғ.; Қолжазба: Сәлиқожа мен қыпшақ Ғайнижамал қыздың айтысы. XX ғ.; Қолжазба: Айыш қыз бен Төлеу ақынның жұмбақ айтысы. XX ғ.; «Сумұрын жаппас» есімімен танымал Ораз ақынның найман Баққожаға өлең сөзбен жазған шағын хаты. XX ғ.; С.Ы. Бегалиннің 1946 жылғы жеке қолжазба дәптері; Афақ Қожа манақибы. Көне түркі тілінде жазылған қолжазба факсимилиесі. XX ғ.; Зия әл-Қулуб. Жүрек нұры. Қолжазба көшірмесі. XVI ғ.; Түркі ақындарының шығармалары; XIX ғ.

Шығыс ақын-жазушыларының еңбектері: Меғраж наме. ХІХ ғ.; Алты бармақ кітабы. (Қазан, 1899); Арабша жазба түрлері кітабы.  (Бейрут, 1885); Арабша-татарша мукаммал сөздік. (Қазан, 1912); Тарихе қауме түрки.  (Уфа, 1909); Мұса Жәлил. Гүлістан. (Петроград, 1915); Сағди Ғ. Татар әдебиеті мен тілдер тарихы. (Қазан, 1925); Тоқай Ғ. Шайырлар. (Қазан, 1909); Бақырған кітабы. (Қазан, 1901); Әбілғазы Бахадүр хан. Тарихи шежіре түрк. (Қазан, 1891); Ақылбек Сабал. Ғибрат наме. (Қазан, 1911); Бурнаш Ф. Адашқан қиз. (Мәскеу, 1928); Тарих қаум түрки. 1 бөлім. (Қазан, 1900); Хикмат ал-айм. Ғылым көзінің негізі. Наджми ад-дин Алиб Умарал-катиби. (ХІХ ғ.); Тибби Юсуфи. Жүсіп медицинасы. Юсуф ибн Мухаммад ибн Юсуфи Ат-Табиб. (ХІХ ғ.); Минхадж әл-абидин. Тақуалар жолы.  Иман Ғазали. (Қазан, 1287 һ.ж.); Иршад ал-алзин шарх сабат ал-аджизин. (Қазан, 1902); Раудат аш-Шухада. Шейіттер бағы. Хусайн Ваиз Кошири. Т. Ізтілеуовтың аудармасы. (ХІХ ғ.); Маснауи уә мағнауи Маулауи. Жасырын мағына туралы жыр. Жәлел әд-Дин Руми. (ХІХ ғ.); Зарқұм. (Ташкент, 1899); Ғилм Табақат ал-ард. Жер қабаттары туралы ғылым. (Ыстамбул, 1269); Тарихи Рақим. Мухаммед Уафа. (ХІХ ғ.); Тарихи Қифчақи.  Ходжамкули Балхи. (ХІХ ғ.); Әлішер Науаи. Хамсе. (Ташкент, 1889).

Қазақтың алғашқы баспа кітаптары: Алтынсарин Ы. Мәктубат. (Санкт-Петербург, 1896); Жихангер ұлы Шәді төре. Хейбір қиссасы. (Қазан, 1910); Қисса Сал-сал. (Қазан, 1917); Қисса Жұм-жұма. (Қазан, 1917); Хикайе Көруғлы сұлтан.  (Қазан, 1915); Байтұрсынұлы А. Ер Сайын. (Мәскеу, 1923); Мәлике кітабы. (Қазан, 1868); Ушбу китаб хазірет Зұлқарнайын қиссасы. (Қазан, 1901); Қисса Жүсіп Зылиха. (Қазан, 1918); Қисса Сейфулмәлик. (Қазан, 1894); Қисса Қаһарман. (Қазан, 1892).

1917 ж. Қазан төңкерісіне дейінгі сирек кітаптар: Азиатская Россия Т.1-3. (Санкт-Петербург, 1914); Живописная Россия. Отечество наше. Т.1, 4. (Санкт-Петербург, 1879-1900); W. Radlov. Proben der Volksliteratur der türkischen Stämme. Theil I-VII. (St-Petersburg, 1837-1918);Веселовский Н.И. История Востока. Қолжазба факсимилиесі. (Санкт-Петербург, 1903-1904); Харузин А. Киргизы Букеевской орды. Вып.1-2. (Москва, 1889-1891); Бартольд В. Туркестан в эпоху монгольского нашествия. Ч.1. (Санкт-Петербург, 1898); В. Радлов и П. Мелиоранский.  Сборник трудов Орхонской экспедиции. Древне-тюркские памятники в Кошо-Цайдам.  (Санкт-Петербург, 1897); Елец Ю. Император Менелик и война его с Италией. (Санкт-Петербург, 1898); Рагозин З. История Индии. (Санкт-Петербург, 1905); Рагозин З. История Мидии. (Санкт-Петербург, 1903); Рагозин З. История Халдеи. (Санкт-Петербург, 1902); Учебные записки императорского Казанского университета по историко-филологическому факультету. (Қазан, 1886); А.В. Васильев. Исторический  очерк русского образования, в Тургайской области и современное его состояние. (Оренбург, 1896); Сибирь. Природа. Люди. Жизнь. (Москва, 1902); Путеводитель по Великой Сибирской железной дороге 1901-1902. (Москва, 1902); Купреянова Е.А. Поэма Зейнеб (из мусульманской жизни). (Симферополь, 1913); Н.А. Рубакин. Среди книг. Том 2-3. (Москва, 1913-1915); Каталог Русского музея императора Александра ІІІ. (Санкт-Петербург, 1899); Псалтырь. (ХІХ ғ.).

Қазақ ақын-жазушыларының кеңес дәуірінің алғашқы кезеңінде жарық көрген еңбектері: М. Әуезов. Абай жолы. (Қызылорда, 1923); Майлин Б. Күлпаш. (Қызылорда, 1926); Төреқұлұлы Н. Ұлт мәселесі мен мектеп. (Мәскеу, 1926); Баржақсыұлы А. Мың бір мақал. (Мәскеу, 1923); Досмұхамедов Х. Жануарлар. 2 Бөлім. (Ташкент, 1922); Жұмабаев М. Бастауыш мектепте ана тілі. (Ташкент, 1923); Иванов Г. Бастауыш жағрапия 2-ші бөлім. Азия, Африка, Америка, Австралия. (Мәскеу, 1928); Бірінші бастауыш бірлескен іс мектептерінің 1,2,3,4-ші класстар үшін жаңа программа. (Мәскеу, 1924); Қазақстанның 6 кеңестер съезі мен 1-ші сессия. (Қызылорда, 1927); 1927-ж Кеңестер мен кеңес комитетінің сайлауы қалай өтті.  (Қызылорда, 1927); Қазақстанның 5 жылдығына (1920-1925) кітап. (Қызылорда, 1925); Ақы заңы (Азаматтық кодекс). (Қызылорда, 1926); Қазақ әдебиеті. (Қызылорда, 1927).

КСРО ғалымдары мен жазушыларының Екінші Дүниежүзілік соғысқа дейін жарияланған еңбектері: Затаевич А. 1000 песен Киргизского народа. (Оренбург, 1925); Зеленин Д. Табу слов у народов Восточной Европы и Северной Азии. (Ленинград, 1929); Тизенгаузен В. Сборник материалов относящихся к истории Золотой орды. (Москва-Ленинград, 1941); Яговкин И.С. Успенское медное месторожден. Акмолинск губ. в Каз АССР. (Ленинград, 1928); Диваев А.А. Казакские пословицы. (Ташкент, 1927); Брайнин С., Тимофеев Н. А. Иманов вождь восст. 1916 г. в Казахстане. (Алма-Ата, 1939); Казахстан. Книга составлена Андронниковым, Павловым,Асфендияровым, Барановым. (Москва, 1936); Мельников Г.Н., Октябрь в Казахстане. Очерки и рассказы  участников гражданской войны. (Алма-Ата, 1930); Академия наук СССР республикам Средней Азии 1924-1934. (Москва-Ленинград, 1934); Вся Средняя Азия. Справочная книга. (Ташкент, 1926); Страны Востока. Экономический справочник. (Москва, 1929).

Қазақ ақын-жазушыларының жаңа латын әліпбиіндегі шығармалары, шетел классиктерінен аудармалары: Қазақ совет фольклоры. Жинақ 1. (Алма-Ата, 1935); Қазақстан. Көркем очерктер жинағы. (Алма-Ата, 1940); Қазақтың мақалдары мен мәтелдері. (Алма-Ата, 1935); Батырлар жыры. Т.1. (Алма-Ата, 1939); 1916 жыл. 1916 жылғы көтеріліс туралы өлең, поэма және әңгімелер жинағы. (Алма-Ата, 1940); Тарту. Бірінші бөлім. Өлеңдер, поэмалар. Құрастырғандар: А.Тоқмағанбетов, Ә. Әбішев, Д. Әбілев. (Алма-Ата, 1940); Түрксіб. Түркістан-Сібір темір жолының 10 жылдығына арналған жинақ. (Алма-Ата, 1940); Алдар көсе.  (Алма-Ата, 1936); Жұмбақтар. Құрастырған: С.Аманжолов. (Алма-Ата, 1940); Есеп құралы. (Алма-Ата, 1932); ҚазақССР Конституциясы (Негізгі заңы). (Алма-Ата, 1937); Шәріпұлы С. Непті. (Қызылорда, 1931); Жәңгр. Қалмақ халқының эпосы.  (Алма-Ата, 1940); Гоголь Н.В. Өлі жандар. Бөлім 1. (Қызылорда, 1932); Достоевский Ф.М. Бейшаралар. (Алма-Ата, 1935).

Шетелде жарық көрген сирек басылымдар: М. Шоқай. 1917 ж. туралы естеліктерінен паршалар. (Анкара, 1988).

1. Мерзімдік басылымдар: «Оқу істері» журналы. (Қырым, 1926); «Жаңа қышлақ» журналы. Ташкент, 1923; «Милли әдәбиат» журналы. Бас редакторы – Уәли Қайым хан. Берлин, 1943. – №1, №2, №3, №5; «Милли  Түркістан» Түркістан ұлттық тәуелсіздігі үшін күресушілердің журналы. Бас редакторы – Уәли Қайым хан. Дюссельдорф, 1963.– 10(21) қараша-желтоқсан, 1972.– 19(30) декабрь.

Осы тоғыз бағытта жіктелген қолжазбалар мен сирек басылымдар Қазақстан мен Орта Азия, Еуразия кеңестігін мекендеген халықтардың тұрмыс-тіршілігі, этнографиясы, салт-дәстүрі, діні, әдет-ғұрыптары, тілі мен әдебиеті, фольклор мен ауыз әдебиеті, тарихы, шежіресі мен таралу тарихы, мәдениеті мен өнері салаларынан әлі күнге дейін зерттелмеген тың материалдарға аса бай. Олардың көпшілігі көне түркі, оғыз-қыпшақ, араб, парсы, шағатай, моңғол, өзбек, қырғыз, османлы, түрік, татар, қырымтатар, башқұрт, қазақ, шіркеу славян, патшалық орыс, неміс тілдерінде.

Кітаптардың кейбірі әдебиеттер тізімінде келтірілген еңбектердің негізіне алынған. Солардың ішінде қазақ қиссалары, М. Әуезов, Абайдың еңбектері. Тілден тілге аудару мәселесіне келер болсақ, аудармалар ыңғайына қарай алдымен шетел тілінен жоласты аудармасы арқылы қазақ, одан кейін орыс немесе керісінше орысшадан қазақшаға дайындалуда.

Заманның өзгеруіне байланысты кейбір терминдер қолданыстан шығып, историзмдер, архаизмдер қатарын толықтырып, ғылыми айналымға жаңа неологизмдер, сөз тіркестері, фразеологиялық түсініктер енгізілуде. Дегенмен, заман өзгере адамның санасы да баяндалған оқиғалардың жаңаша көзқарас тұрғысынан  қарастырылуын қажет етеді. Егер де аударма алғашында қос тілді жетік меңгермеген, қалам ақысы мүддесін ғана ойлаған жартылай сауатты мамандардың тарапынан аударылса, ендігәрі бұл мәтіндер оқытылып жатқан аймақ, ел бойынша жас буын кәсіби мамандардың еңбектерін күтуде. Себебі, Н. Сагандыкова атап өткендей аударма аудармашыдан тек қана калькалау әдісін қолдануды қажетсінбейді, аудармашы маман аударманың бар мәнін жанымен, тән-түйсігімен түсініп, өзінің ана тіліне әлдеқайда жақын лексикалық бірліктерді қолдана отырып тәржімалаған абзал.

Аударма әдістеріне келер болсақ, араб графикасы мен латын графикасында жарық көрген басылымдар көркем әдеби аудармаларына мұқтаждық етпейді. Жетпіс жыл бойы темір бұғау құрсауында жатқан арнайы қордың сирек басылымдары қазақ оқырманына, ізденісте жүрген ғалымдар мен көпшілік қауымға транслитерациялық және репринттік басылымдар арқылы әлі де болса түсінікті болар. Әрине, бұл ғасырлар бойы жоғалып кеткен ұрпақ жалғастығы, әліпбилердің түрлілігі (араб-парсы, қадим жазуы, жәдид жазуы немесе Ахмет Байтұрсынұлының төте жазу емлесі, 1929-1940 жж. Жаңаәліп жазуы, 1940-1950 жж. алғашқы кирилл жазуы) мәселелерін шешуде кітапхана, мұражай, мұрағат, әдебиетші, тарихшы, аудармашы мамандардың бірлескен қызметін талап етеді.

Көрсетілген бірқатар басылымдар отандық библиограф және кітап тарихын зерттеуші мамандар  Ү.Х. Субханбердина, Ә.М. Жиреншин, Н. Сабитов, С. Рахимжанова, Л.Д. Абуова, Н.М. Асқарбекова, Т.А. Замзаева [10], [11], және т.с.с. іргелі зерттеу еңбектері мен М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұжымының басылымдарында [12], 24.04.2013 ж. «Сирек кітаптар мен қолжазбалардың ғылымдағы орны мен маңызы» атты дөңгелек үстел материалдарында [13] әлдеқайда толық және жан-жақты қарастырылған. Бүгінгі таңда, сирек кітаптар мен қолжазбаларды аудару мәселесі аса кең, іргелі зерттеулерді қажет етуде, әрі өз зерттеушілерін зарығып күтуде.

Сондықтан көптеген жылдар бойы үнсіз жатқан өте құнды еңбектерді орыс тіліне және басқа тілдерге аударып, халықтарға жеткізу, біздің егемендік алған ұлтымыздың ерекше міндеті.

 Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.  Қазыбек Г.Қ. Әдеби аударма көркі: оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2010. – 60 бет.

2.  Сәмитұлы Ж. Аударма теориясы және практикасы: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2005. – 272 бет.

3.  Мемлекеттік тілді дамыту институты ғаламдық торабы – http://www.mtdi.kz/audarmashyga-komek/makalalar/1485-audarmanyn-turleri

4.  LingoPlus Аударма бюросының ресми уеб-сайты – http://www.lingvo-plus.ru/sposoby-perevoda

5.  Болатова Г.Ж. Теория и практика перевода «Слов назиданий» Абая на русский язык: Учебное пособие. – Алматы: Қазақ университеті, 2008. – 108 стр.

6.  Сагандыкова Н. Основы художественного перевода. Учебное пособие. – Алматы, «Санат», 1996. – 208 стр.

7.  Мұсалы Л.Ж. Аударманы оқыту әдістемесінің кейбір мәселелері. «Аударма теориясы мен тәжірибесінің және салыстырмалы әдебиеттанудың өзекті мәселелері» атты Республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Редакторы: Мұсалы Л.Ж. – Алматы: Қазақ университеті, 2007. – 200 бет.

8.  Дәдебаев Ж. Әдеби компаративистика және көркем аударма: оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2011. – 182 бет.

9.  Ғылайден Осман. Аударма. Негізгі білімдері. – Үрімжі: Шыңжаң халық баспасы, 1979. – 324 бет.

10.  Араб графикасымен басылған қазақ кітаптарының каталогы (1841-1932) / Құраст.: Н.М. Асқарбекова, Т.А. Замзаева. – Алматы: «Казахстаника» баспа үйі, 2006. – 176 бет.

11.  Латын графикасымен басылған қазақ кітаптарының каталогы (1928-1941). 1-бөлім. Құраст.: Н.М. Асқарбекова, Т.А. Замзаева. – Алматы: «Казахстаника» баспа үйі, 2007. – 192 бет.

12.  Тәуелсіздік кезеңінде жарияланған көркем шығармалардың текстологиясы. – Алматы: «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының баспасы, 2012. – 184 бет.

13.  «Сирек кітаптар мен қолжазбалардың ғылымдағы орны мен маңызы» атты Ғылым күніне арналған дөңгелек үстел материалдары / жауапты редактор: Қ.Қаймақбаева. – Алматы: «Ғылым ордасы», 2013. – 260 бет.

"Ғылым Ордасы"

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз